Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2003 жылғы 5 желтоқсандағы
N 1238 қаулысымен
бекiтiлген

Телерадио хабарларын таратуды дамыту

мәселелерi жөнiндегi комиссия туралы ереже

 

Осы Телерадио хабарларын таратуды дамыту мәселелерi жөнiндегi комиссия туралы ереже (бұдан әрi — Ереже) Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 2002 жылғы 11 ақпандағы № 203 қаулысымен құрылған Телерадио хабарларын таратуды дамыту мәселелерi жөнiндегi комиссияның қызметiн регламенттейдi.

1. Жалпы ережелер

1. Телерадио хабарларын таратуды дамыту мәселелері жөнiндегi комиссия (бұдан әрi — Комиссия) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң жанындағы консультативтiк-кеңесшi орган болып табылады.

2. Комиссия телерадио хабарларын тарату саласындағы қоғамдық мүддені есепке алу және қорғау, сондай-ақ халықтың теле-, радиоарналарға қажеттілігін қанағаттандыру мақсатында құрылды.

 

3. Комиссияның қызметі өзінің құзыретіне кіретін мәселелерді талқылау және шешу кезінде айқындылық және ашықтық негізінде жүзеге асырылады.

 

3-1. Комиссияның құрамы Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары (келісім бойынша), Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік органдары, телерадио хабарларын тарату саласы мен үкiметтiк емес ұйымдар (келісім бойынша) өкілдерінің арасынан қалыптастырылады.

4. Комиссия өз қызметiнде Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кесiмдерiн, өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдердi, сондай-ақ осы Ереженi басшылыққа алады.

2. Комиссияның мiндеттерi,
функциялары және құқықтары

5. Комиссияның негізгі мiндеттерi мен функциялары:
1) Қазақстан Республикасында бiртұтас ақпараттық кеңiстiктi қалыптастыру және телерадио хабарларын таратуды дамыту саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асыру жөнінде ұсынымдар әзірлеу;
2) телерадио хабарларын тарату жұмысы үшiн бөлiнетiн радиожиiлiк спектрiн пайдалану тиiмдiлiгiн арттыруға бағытталған ұсынымдар әзірлеу;
3) телерадио хабарларын тарату саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөнінде ұсынымдар мен ұсыныстар әзірлеу;
4) көпарналы хабар таратуда еркін қолжетімді теле-, радиоарналардың тізбесін қалыптастыру бойынша конкурсқа қатысуға үміткерлердің өтінімдерін қарау және жеңімпаздарды айқындау жөнінде ұсынымдар әзірлеу;
5) көпарналы хабар таратуда міндетті теле-, радиоарналардың тізбесін қалыптастыру бойынша конкурсқа қатысуға үміткерлердің өтінімдерін қарау және жеңімпаздарды айқындау жөнінде ұсынымдар әзірлеу;
6) телерадио хабарларын тарату мақсаты үшін жиілік жолақтарын, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) бөлу жөніндегі конкурсқа қатысуға үміткерлердің өтінімдерін қарау және олардың техникалық және қаржылық ұсыныстарын ескере отырып, жеңімпаздарды айқындау жөнінде ұсынымдар әзірлеу;
7) ұлттық операторды тыңдау қорытындылары жөнінде ұсынымдар әзірлеу;
8) телерадио хабарларын тарату саласындағы заңнаманы сақтау мәселелерi жөнінде ұсынымдар әзiрлеу болып табылады.

6. Негiзгi мiндеттер мен функцияларды iске асыру үшiн Комиссия заңнамада белгiленген тәртiппен:
1) мемлекеттiк органдардан, өзге де ұйымдардан Комиссияның құзыретiне жататын мәселелер бойынша ақпаратты сұратуға;
2) Қазақстан Республикасының Yкiметiне Комиссияның қызметiн жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар енгiзуге;
3) қажет болған жағдайда, өз жұмысына мемлекеттiк органдардың мамандарын тартуға;
4) заңнамаға сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.

3. Комиссияның жұмысын ұйымдастыру

7. Комиссияның төрағасы және дербес құрамы Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулысымен бекiтiледi.
Комиссияның мүшелерi отырыстарға ауыстыру құқығынсыз қатысады.

8. Комиссияның төрағасы немесе оның орынбасары төрағалық етушi болып табылады.

9. Комиссияның отырыстары қажеттiлiгiне қарай, бiрақ кем дегенде жарты жылда бiр рет өткiзiледi.
Комиссияның отырыстары оның мүшелерiнiң кем дегенде үштен екi бөлiгi қатысқан жағдайда болып өттi деп саналады.

10. Комиссияның мүшелерi:
1) Комиссия отырыстарының күн тәртiбiне ұсыныстар енгiзуге;
2) отырыстарда сөз сөйлеуге және енгiзiлген ұсыныстар бойынша дауыс берудiң өткiзiлуiн талап етуге;
3) Комиссияның материалдарымен танысуға және олардың көшiрмелерiн алуға құқылы.

11. Комиссияның жұмысы ағымдағы және перспективалық жоспарлар негiзiнде жүзеге асырылады.

12. Күн тәртiбiнiң әрбiр мәселесi бойынша шешiмдер ашық дауыс беру арқылы қабылданады және оларға қатысып отырған Комиссия мүшелерi жалпы санының көпшiлiгi дауыс берген болса, қабылданды деп саналады. Дауыстар тең болған жағдайда, төрағалық етушiнiң даусы шешушi болып саналады.

13. Қажет болған жағдайда, Комиссияның шешiмдерi Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң, Қазақстан Республикасы орталық атқарушы органдарының нормативтiк құқықтық кесiмдерiн қабылдау үшiн ұсынылуы мүмкін.

14. Комиссия отырыстарының хаттамаларын оның жұмыс органы ресiмдейдi және қол қойылғаннан кейiн Комиссия мүшелерiне таратылады. Қажет болған жағдайда Комиссия шешiмдерiнен үзiндi көшiрмелер мүдделi мемлекеттiк және өзге де органдарға жiберiледi.

15. Комиссияның жұмыс органы Комиссия отырыстарының күн тәртiбi бойынша ұсыныстар мен қажет материалдарды дайындауды жүзеге асырады және олардың iске асырылуын қамтамасыз етеді.

16. Комиссияның жұмыс органы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлiгiнiң Ақпарат және мұрағат комитетi болып табылады.