«Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына конституциялық мерзімдерді есептеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының жобасы туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 2 сәуірдегі № 317 қаулысы

 

Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
«Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына конституциялық мерзімдерді есептеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

 

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                С.Ахметов

 

Жоба

 

 ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ЗАҢЫ Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына конституциялық мерзімдерді есептеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

 

1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
1. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1995 ж., № 17-18, 114-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж,, № 12, 192-құжат; 1998 ж., № 7-8, 71-құжат; № 22, 290-құжат; 1999 ж., № 10, 340-құжат; № 15, 593-құжат; 2004 ж., № 7, 45-құжат; 2005 ж., № 7-8, 17-құжат; 2006 ж., № 23, 138-құжат; 2007 ж., № 12, 85-құжат; 2009 ж., № 2-3, 5-құжат; 2010 ж., № 11, 55-құжат; 2011 ж., № 3, 30-құжат):
1) 69-баптың 3-тармағы мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
«Республика Президентінің Парламентті тарату туралы актісі қолданысқа енгізілген күн депутаттардың кезектен тыс сайлауы өткізілуге тиіс мерзімнің басталу кезі болып табылады. Бұл мерзім екі ай өткен соң аяқталады. Егер мерзімнің аяқталуы тиісті күні жоқ айға тура келетін болса, онда мерзім осы айдың соңғы күнінде аяқталады.»;
2) 85-баптың 3-тармағы мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
«Республика Президентінің Парламентті немесе Парламент Мәжілісін тарату туралы актісі қолданысқа енгізілген күн депутаттардың  кезектен тыс сайлауы өткізілуге тиіс мерзімнің басталу кезі болып табылады. Бұл мерзім екі ай өткен соң аяқталады. Егер мерзімнің аяқталуы тиісті күні жоқ айға тура келетін болса, онда мерзім осы айдың соңғы күнінде аяқталады.».
2. «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» 1995 жылғы 16 қазандағы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1995 ж., № 21, 124-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 7, 78-құжат; 1999 ж., № 4, 100-құжат; № 10, 342-құжат; 2006 ж., № 23, 137-құжат; 2007 ж., № 12, 83-құжат):
1) 6-баптың 4-тармағы мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
«Демалыс немесе мереке (ұлттық және мемлекеттік мерекелер) күндері болып табылмайтын күндерді жұмыс күндері деп түсінген жөн.»;
2) 19-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Парламент қабылдаған заңдар қабылданған күнінен бастап он күннің ішінде Парламент Палаталарының әрқайсысының төрағаларының қолдарымен, сондай-ақ егер заң жобасын Үкімет енгізсе, Премьер-Министрдің қолымен алдын ала бекітіліп, Республика Президентінің қол қоюына ұсынылады, ол бір ай ішінде Парламент Сенаты ұсынған заңға қол қояды, оны жариялайды не заңды немесе оның жекелеген баптарын қайта талқылап, дауысқа салу үшін Парламентке қайтарады. Қазақстан Республикасы Президентінің заңдарға қол қоюы үшін бір айлық мерзім Қазақстан Республикасының Президенті заңды алған күннен бастап есептеледі және келесі айдың тиісті күнінде (нақты күнінде) аяқталады. Егер мерзімнің аяқталуы тиісті нақты күні жоқ айға тура келетін болса, онда мерзім осы айдың соңғы күнінде аяқталады.»;
3) 20-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Республика Президентінің қарсылығын туғызған заңдар немесе заңның баптары бойынша қайта талқылау және дауысқа салу бір ай мерзім ішінде өткізіледі, бұл мерзім қарсылықтар жіберілген күннен басталады және келесі айдың тиісті күнінде (нақты күнінде) аяқталады. Егер мерзімнің аяқталуы тиісті нақты күні жоқ айға тура келетін болса, онда мерзім осы айдың соңғы күнінде аяқталады. Қазақстан Республикасының Конституциясы 59-бабының 4-тармағында және 61-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, бір айлық мерзім, егер ол уақыты бойынша Қазақстан Республикасының Конституциясы 59-бабының 3-тармағында белгіленген Парламент жұмысының сессия өтетін кезеңімен сәйкес келмейтін болса, үзіледі.
Бұл мерзімнің сақталмауы Президент қарсылықтарының қабылданғанын білдіреді.»;
4) 36-баптың 2-тармағы мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
«Республика Президентінің Парламентті немесе Парламент Мәжілісін тарату туралы актісі қолданысқа енгізілген күн көрсетілген бір жылдық мерзімнің басталуы болып табылады. Бұл мерзім келесі жылдың тиісті айы мен нақты күнінде аяқталады. Егер мерзімнің аяқталуы тиісті нақты күні жоқ айға тура келетін болса, онда мерзім осы айдың соңғы күнінде аяқталады.».
3. «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы» 1995 жылғы 29 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1995 ж., № 24, 173-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2004 ж., № 22, 129-құжат; 2008 ж., № 10-11, 34-құжат):
24-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«24-бап. Конституциялық Кеңестің өтініштерді қарау мерзімдері Конституциялық Кеңес іс жүргізуге қабылданған өтінішті келіп түскен күнінен бастап келесі айдың тиісті күнінде (нақты күнінде) аяқталатын бір ай ішінде қарайды және ол бойынша қорытынды шешім шығарады. Егер мерзімнің аяқталуы тиісті нақты күні жоқ айға тура келетін болса, онда мерзім осы айдың соңғы күнінде аяқталады.
Егер мәселені кейінге қалдыруға болмаса, Республика Президентінің жазбаша нысанда жасаған талабы бойынша қорытынды шешім қабылдау үшін бір айлық мерзім күнтізбелік он күнге дейін қысқартылуы мүмкін.
Конституциялық Кеңес бір-бірімен өзара байланысты өтініштерді бір іс жүргізуге біріктірген жағдайда, қорытынды шешім шығару үшін Конституцияда көзделген бір айлық мерзім соңғы өтініш түскен күннен бастап есептеледі.».
2-бап. Осы Конституциялық заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн еткен соң қолданысқа енгізіледі.

 

      Қазақстан Республикасының
             Президенті