«Қазақстан Республикасында ақпараттық қауіпсiздiкті қамтамасыз ету жөнiндегi кейбiр шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 14 қыркүйектегі № 965 қаулысына толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 14 наурыздағы № 244 қаулысы

 

Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. «Қазақстан Республикасында ақпараттық қауіпсiздiкті қамтамасыз ету жөнiндегi кейбiр шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 14 қыркүйектегі № 965 қаулысына мынадай толықтырулар енгізілсін:
1-тармақтың 4) тармақшасындағы «деп белгілесін.» деген сөздер «;» белгісімен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 5) және 6) тармақшалармен толықтырылсын:
«5) мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстардың, ақпараттық жүйелердің қорғалуын қолдау мақсатында:
арнаулы мемлекеттік органдардың желілерін, арнайы мақсаттағы телекоммуникация және/немесе қорғаулы байланыс желілерін, қорғаулы орындаудағы ақпараттық жүйелерді және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің желілерін қоспағанда, мемлекеттік органдардың және олардың аумақтық бөлімшелерінің ақпараттық-коммуникациялық және жергілікті желілерін өзара қосу Мемлекеттік органдардың бірыңғай көлік ортасы (бұдан әрі – МО БКО) арқылы жүзеге асырылады;
мемлекеттік органдардың және олардың аумақтық бөлімшелерінің ақпараттық-коммуникациялық және жергілікті желілерін Интернет желісіне қосылған басқа техникалық құралдарға қосуға жол берілмейді;
мемлекеттік органдарды және олардың аумақтық бөлімшелерін Интернет желісіне қосуды мемлекеттік органдарға арналған Интернет желісіне қолжетімділіктің бірыңғай шлюзі арқылы байланыс операторлары жүзеге асырады;
мемлекеттік органдарды және олардың аумақтық бөлімшелерін Интернет желісіне қосу МО БКО-ға қосылған ақпараттық-коммуникациялық және жергілікті желілермен түйістірілмей жүзеге асырылады;
Интернет желісі арқылы мемлекеттік қызметтерді ұсынуды қамтамасыз ететін мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстардың, ақпараттық жүйелердің жұмыс істеуі мемлекеттік органдарға арналған Интернет желісіне қолжетімділіктің бірыңғай шлюзі арқылы жүзеге асырылады;
арнаулы және құқық қорғау мемлекеттік органдары жедел мақсатта, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі мемлекеттік органдарға арналған Интернет желісіне қолжетімділіктің бірыңғай шлюзін пайдаланбай, Интернет желісіне қосылуды ұйымдастыруы мүмкін;
6) мемлекеттік органдарға арналған Интернет желісіне қолжетімділіктің бірыңғай шлюзінің құралдарымен қолжетімділігі шектелген интернет-ресурстар санаттарының тізбесін мемлекеттік органның өзі айқындайды деп белгіленсін.
Көрсетілген тізбе мен Интернет желісіне қолжетімділік алатын мемлекеттік органдар мен олардың аумақтық бөлімшелерінің ақпараттық-коммуникациялық желілерінің желілік мекенжайларының тізімі осы қаулыға қосымшаға сәйкес мемлекеттік техникалық қызметке орындау үшін жіберіледі.»;
мынадай мазмұндағы 2-1 және 2-2-тармақтармен толықтырылсын:
«2-1. Орталық және жергілікті атқарушы, өзге де мемлекеттік органдар мен олардың аумақтық бөлімшелері 1-тармақтың 5) тармақшасында жазылған шарттарды ескере отырып:
1) өздерінің ақпараттық-коммуникациялық және жергілікті желілерін өзара МО БКО арқылы ғана қосуды;
2) Интернет қызметтерін мемлекеттік органдарға арналған Интернет желісіне қолжетімділіктің бірыңғай шлюзі және МО БКО-ға қосылған ақпараттық-коммуникациялық және жергілікті желілермен түйіспей алуды қамтамасыз етсін.
2-2. Осы қаулының 1-тармағының 5) тармақшасының және 2-1-тармағының 1) тармақшасының талаптары құпия ақпарат өңделетін, сақталатын, берілетін немесе айналымда жүретін ақпараттық-коммуникациялық және жергілікті желілерге және басқа да ақпараттық жүйелерге және/немесе есептеу техникасы құралдарының объектілеріне қолданылмайды.».
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

 

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     С. Ахметов

 

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2013 жылғы 14 наурыздағы
№ 244 қаулысына
қосымша

 

   Қолжетімділігіне тыйым салынған Интернет желісінің
интернет-ресурстары санаттарының тізбесі

 

 

Санат атауы

Орыс тіліне аударма

Блокталатын

       
       

 

Министр

 

* мемлекеттік органдарға арналған Интернет желісіне қолжетімділіктің бірыңғай шлюзінің құралдарымен қолжетімділігі шектелген интернет-ресурстар санаттарының тізбесін мемлекеттік органның өзі айқындайды.