IX БӨЛIМ ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛI ЕРЕЖЕЛЕР


IX БӨЛIМ ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛI ЕРЕЖЕЛЕР
90-бап

1. Республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы референдум нәтижелерi ресми түрде жарияланған күннен бастап күшiне енедi, сол мезгiлден бастап бұрынғы қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясының күшi жойылады.
2. Республикалық референдумда Конституция қабылданған күн мемлекеттiк мереке - Қазақстан Республикасының Конституциясы Күнi деп жарияланады.
ҚР 07.10.98 ж. N 284-1 Заңымен 91-бап өзгертілді
91-бап
2007.21.05. № 254-III ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред . қара)
1. Қазақстан Республикасының Конституциясына Республика Президентiнiң өз бастамасымен, Парламенттiң немесе Үкiметтiң ұсынысымен қабылданған шешiмi бойынша өткiзiлетiн республикалық референдум өзгертулер мен толықтырулар енгiзуi мүмкiн. Егер Президент оны Парламенттiң қарауына беру қажет деп ұйғарса, Конституцияға енгiзiлетiн өзгертулер мен толықтырулар жобасы республикалық референдумға шығарылмайды. Мұндай жағдайда Парламенттiң шешiмi Конституцияда белгiленген тәртiппен қабылданады. Егер Республика Президентi Конституцияға өзгерiстер мен толықтыруларды республикалық референдумға шығару туралы Парламенттiң ұсынысын қабылдамай тастаса, онда Парламент Палаталарының әрқайсысының депутаттары жалпы санының кемiнде бестен төртiнiң көпшiлiк даусымен Парламент осы өзгерiстер мен толықтыруларды Конституцияға енгiзу туралы заң қабылдауға хақылы. Мұндай жағдайда Республика Президентi осы заңға қол қояды немесе оны республикалық референдумға шығарады, егер республикалық референдумға қатысуға құқығы бар Республика азаматтарының жартысынан астамы дауыс беруге қатысса, ол өткiзiлдi деп есептеледi. Республикалық референдумға шығарылған Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар, егер олар үшін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың кемінде үштен екісінде дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамы жақтап дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі.
2. Конституцияда белгiленген мемлекеттiң бiртұтастығын және аумақтық тұтастығын, Республиканы басқару нысанын өзгертуге болмайды.
ҚР Конституциялық Кеңесінің 04.12.99 ж. N 13/2 қаулысымен берілген түсініктемені қараңыз
92-бап
1. Конституциялық заңдар Конституция күшiне енген күннен бастап бiр жыл iшiнде қабылдануға тиiс. Егер Конституцияда конституциялық деп аталған заңдар немесе заң күшi бар актiлер ол күшiне енген кезде қабылданып қойған болса, онда олар Конституцияға сәйкес келтiрiледi де, Қазақстан Республикасының конституциялық заңдары деп есептеледi.
2. Конституцияда аталған өзге заңдар Парламент белгiлейтiн тәртiп пен мерзiмде, бiрақ Конституция күшiне енген күннен бастап екi жылдан кешiктiрiлмей қабылдануға тиiс.
3. Республика Президентiнiң өзiне берiлген қосымша өкiлеттiктi жүзеге асыру мерзiмi iшiнде "Қазақстан Республикасының Президентi мен жергiлiктi әкiмдерге уақытша қосымша өкiлеттiк беру туралы" 1993 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес шыққан және заң күшi бар Жарлықтары Республика заңдарын өзгерту, толықтыру немесе күшiн жою үшiн көзделген тәртiппен ғана өзгертiлуi, толықтырылуы немесе күшiн жоюы мүмкiн. 1993 жылғы 28 қаңтарда қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясының 64-бабының 12-15, 18 және 20 тармақтарымен көзделген мәселелер бойынша өзiне берiлген қосымша өкiлеттiктi жүзеге асыру мерзiмi iшiнде шыққан Республика Президентiнiң Жарлықтары Республика Парламентiнiң бекiтуiне жатпайды.
4. Конституция күшiне енген кезде қолданылып жүрген Қазақстан Республикасының заңдары оған қайшы келмейтiн бөлiгiнде қолданылады және Конституция қабылданған күннен бастап екi жыл iшiнде оған сәйкес келтiрiлуге тиiс.
ҚР Конституциялық Кеңесінің 15.06.00 ж. N 8/2 қаулысымен берілген түсініктемені қараңыз
93-бап
Конституцияның 7-бабын жүзеге асыру мақсатында Үкiмет, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар арнаулы заңға сәйкес Қазақстан Республикасының барлық азаматтары мемлекеттiк тiлдi еркiн әрi тегiн меңгеруi үшiн қажеттi ұйымдастырушылық, материалдық және техникалық жағдайдың бәрiн жасауға мiндеттi.
ҚР 07.10.98 ж. N 284-1 Заңымен 94-бап өзгертілді
94-бап
1. Конституция күшiне енген кезде қолданылып жүрген Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сайланған Қазақстан Республикасының Президентi Конституция белгiлеген Қазақстан Республикасы Президентiнiң өкiлеттiктерiне ие болады және оларды 1995 жылғы 29 сәуiрде республикалық референдумда қабылданған шешiм бойынша белгiленген мерзiм iшiнде жүзеге асырады. Қазақстан Республикасы Президентiнiң келiсiмiмен Республика Президентi өкiлеттiгiнiң қазiргi мерзiмi Республика Парламентi Палаталарының бiрлескен отырысында Палаталардың әрқайсысының депутаттары жалпы санының көпшiлiк даусымен қабылданған Республика Парламентiнiң қаулысымен қысқартылуы мүмкiн. Мұндай жағдайда Парламент Мәжiлiсi бiр ай iшiнде Қазақстан Республикасы Президентiнiң сайлауын тағайындайды. Осы сайлаудың қорытындылары бойынша сайланған Республика Президентi сайлау қорытындылары жарияланған күннен бастап бiр ай iшiнде ант бередi және жетi жылдан кейiн желтоқсанның бiрiншi жексенбiсiнде өткiзiлуге тиiс кезектi Президент сайлауында сайланған Республика Президентi қызметiне кiрiскенге дейiн өз өкiлеттiгiн жүзеге асырады.
2. Конституция күшiне енген кезде қолданылып жүрген Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сайланған Қазақстан Республикасының Вице-Президентi өзi сайланған мерзiм аяқталғанға дейiн өкiлеттiгiн сақтайды.
2007.21.05. № 254-III ҚР Заңымен 94-1-баппен толықтырылды
94-1-бап
Конституцияның 41-бабы 1-тармағының Республика Президентінің өкілеттік мерзімін белгілейтін ережесі 2005 жылғы 4 желтоқсандағы сайлауда сайланған Республика Президентінің жеті жылдық өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты өткізілетін президенттік сайлау қорытындысы бойынша Республика Президенті болып сайланған адамға қолданылатын болады.
ҚР 07.10.98 ж. N 284-1 Заңымен 95-бап өзгертілді
95-бап
1. Бiрiншi сайланған Сенат депутаттарының жартысы төрт жыл мерзiмге, депутаттардың екiншi жартысы екi жыл мерзiмге конституциялық заңмен белгiленген тәртiппен сайланады.
2. Қазақстан Республикасы Конституциясының Парламент Мәжiлiсi депутаттарын партиялық тiзiмдер негiзiнде сайлау туралы ережелерi екiншi шақырылатын Парламент Мәжiлiсi депутаттарын сайлаудан бастап қолданылады.
ҚР Конституциялық Кеңесінің 29.00.99 ж. N 24/2 қаулысымен берілген түсініктемені қараңыз
96-бап
Конституция күшiне енген күннен бастап Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi онда белгiленген Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құқықтарына, мiндеттерi мен жауапкершiлiгiне ие болады.
97-бап
Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесiнiң бiрiншi құрамы былайша құрылады: Республика Президентi, Парламент Сенатының Төрағасы мен Парламент Мәжiлiсiнiң Төрағасы Конституциялық Кеңестiң мүшелерiнен бiр бiрден үш жыл мерзiмге, ал Конституциялық Кеңестiң мүшелерiнен бiр бiрден алты жыл мерзiмге тағайындайды, Конституциялық Кеңестiң Төрағасын Республика Президентi алты жыл мерзiмге тағайындайды.
98-бап
1. Конституцияда көзделген сот төрелiгi мен тергеу органдары тиiстi заңдарда көзделген тәртiп пен мерзiмде құрылады. Олар құрылғанға дейiн жұмыс iстеп тұрған сот төрелiгi мен тергеу органдары өз өкiлеттiктерiн сақтайды.
2. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының және Жоғары Төрелiк Сотының, жергiлiктi соттардың судьялары Конституцияда көзделген соттар құрылғанға дейiн өз өкiлеттiктерiн сақтайды. Судьялардың бос орындары Конституцияда белгiленген тәртiппен толықтырылады.