«Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы туралы»
Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы 5
қазандағы № 4106 Жарлығы
Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 8) тармақшасына сәйкес қаулы етемін:
1. Қоса беріліп отырған Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрі - Бағдарлама) бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі жыл сайын республикалық бюджетті қалыптастыру кезінде Бағдарламаны іске асыруға қажетті қаражат қарастыратын болсын.
3. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері бір ай мерзімде Бағдарламаға сәйкес аймақтық бағдарламаларды әзірлеп, бекітсін және оларды жергілікті бюджет қаражаты есебінен қаржыландыруды қамтамасыз етсін.
4. Осы Жарлық жарияланған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н. Назарбаев
Қазақстан Республикасы
Президентінің
1998 жылғы 5 қазандағы
№ 4106 Жарлығымен
Бекітілген
Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы
1. Кіріспе
Қазақстан Республикасында Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрі - Бағдарлама) Қазақстан Республикасы Конституциясының 93-бабына, «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 23, 25-баптарына, Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 4 қарашадағы өкімімен мақұлданған Қазақстан Республикасының тіл саясаты тұжырымдамасына, Ел Президентінің Қазақстан халқына «Қазақстан - 2030» Жолдауына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998-2000 жылдарға арналған іс-қимыл бағдарламасына сәйкес әзірленген.
Бағдарламаны әзірлеудің көкейкестілігі қоғамдағы тіл проблемаларын шешу жөнінде кезек күттірмейтін шаралар қолдану процесіне мемлекеттік қолдаудың қажеттілігімен айқындалады. Соңғы кезде республикада осы салада әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіруге байланысты біршама мақсатты жұмыстар атқарылуда. Тілдерді дамыту жөніндегі қызмет саласының ауқымы өте кең, өйткені кез-келген қоғамда тіл өз ықпалын тигізбейтін сала жоқ. Тіл проблемаларын оңтайлы шешу ұлтаралық қатынастар үйлесімділігінің, халықтардың топтасуы мен қоғамдық келісімді нығайтудың факторы болып табылады. Тілдерді дамыту - Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік саясаттың аса өзекті бағыттарының бірі. Осы Бағдарламаны әзірлеу мен қабылдау аталмыш факторға негізделеді.
Бағдарламаның мақсаты - Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл мен басқа да тілдердің дамуы үшін қолайлы жағдай туғызу. Осы мақсатта, сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының мемлекеттік тілдің басымдығы ескерілетін 23-бабына сәйкес Бағдарлама қазіргі тіл саясатын іске асырудың алғашқы кезеңінде мынадай негізгі төрт бағыт бойынша нақты іс-шараларды жүзеге асыруды көздейді:
ел азаматтарының мемлекеттік тілді еркін және тегін меңгеруіне қажетті қаржылық, ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық жағдайлар жасау;
мемлекеттік тілді барынша дамыту, оның қоғам өмірінің барлық салаларында, әсіресе ғылым, білім, мәдениет, бұқаралық ақпарат құралдары, мемлекеттік басқару, сот ісін жүргізу, халықаралық қатынастар салаларында белсенді қызмет етуіне қажетті алғышарттар қалыптастыру;
ресми іс жүргізуді мемлекеттік тілге кезең-кезеңімен көшірудің нақты негізін жасау;
ел азаматтарының ана тілін қолдануына, олардың қарым-қатынас, тәрбие беру, оқу және шығармашылық тілін еркін таңдауы үшін қолайлы жағдайларды сақтау мен дамыту.
Бағдарламаны іске асыру мерзімі 1998-2000 жылдар кезеңіне есептелген.
Оның қысқа мерзімділігі республикадағы тілдерді дамыту жөніндегі жұмыс тәжірибесі мен әлеуметтік-экономикалық ахуалды ескере отырып айқындалды. Болжалды кезеңде ұйымдастыру жұмыстарының тиімділігін, материалдықтехникалық, ғылыми-әдістемелік және кадрлық базаны қалыптастыруды қамтамасыз ететін кезек күттірмейтін іс-шараларды орындау және тілдерді дамыту жөніндегі қысқа мерзімді жоспарларды жүзеге асыру белгіленген. Бағдарлама «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасының Заңын іске асырудың бастапқы кезеңінің негізгі міндеттерін орындауға бағытталған.
Аймақтық және салалық бағдарламаларды Бағдарлама мен нақты тілдік ахуалдарға жүргізілген социолингвистикалық талдаулар негізінде орталық және жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ мемлекеттік ұйымдар әзірлейді.
Бағдарламаға сәйкес осы уақытқа дейін қабылданған аймақтық және салалық бағдарламаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізілуге тиіс.
Бағдарламаның құрылымы мен мақсатқа қол жеткізудің ұсынылып
отырған тетіктері
Бағдарлама кіріспеден және:
Нормативтік құқықтық базаны қалыптастыру
Ғылыми-лингвистикалық қамтамасыз ету
Тіл - бұқаралық ақпарат құралдары, ғылым, мәдениет және білім беру салаларында
Мемлекеттік тілде іс жүргізу
Терминологиялық және ономастикалық жұмыстар деп аталатын бес тараудан тұрады.
Бағдарлама орталық және жергілікті атқарушы органдардан алынған ұсыныстар негізінде жасалған. Оларды атқару мерзімі мен орындалуы үшін жауапты мемлекеттік органдар мен мекемелер айқындалған.
Бағдарламада белгіленген мақсатқа қол жеткізу үшін мынадай тоғыз негізгі міндетті шешу ұсынылады:
- тіл саласында нормативтік құқықтық базаны қалыптастыру;
- «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының орындалуын қажетті ғылыми-әдістемелік, материалдық-техникалық және кадрлық ресурстармен қамтамасыз ету;
- тілдердің, ең алдымен мемлекеттік тілдің еліміздің қоғамдық өмірінде қызмет ету аясын кеңейту. Тіл білімінің өзекті мәселелері бойынша зерттеулер жүргізу;
- тілді оқу орындарында оқыту мен үйрету әдістемелерінің сапасын жақсарту. Тілдің мектепке дейінгі балалар мекемелерінен бастап жоғары оқу орындарына дейінгі күллі білім беру жүйесінде оқытылуында сабақтастықты қамтамасыз ету. Тілдерді оқытудың төлтума бағдарламалары мен жаңа технологияларын әзірлеу. Оқу орындарында қажетті техникалық құралдармен жабдықталған лингафондық және компьютерлік тіл кабинеттерін ашу. Оларды оқулықтармен, оқу материалдарымен және әдістемелік әдебиетпен жабдықтау. Қажеттігіне қарай елді мекендерде тіл үйрету кабинеттерін ашу. Тілдерді, соның ішінде шет тілдерін үйрету Қазақстанда жалпы білім беретін мектептерді компьютерлендіру бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралардың ажырамас бөлігі болуға тиіс;
- «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 18-бабына сәйкес баспасөз бен бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік тілдің қызметін жандандыру;
- «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 23-бабына сәйкес іс жүргізуді кезең-кезеңімен мемлекеттік тілге көшіруге қажетті жағдайлар жасау. Қазақ тілінде іс жүргізу үлгілері мен нұсқаларын (шаблондарын) әзірлеп, компьютерге енгізу;
- қазақ әліпбиін, емлесі мен терминологиясын жетілдіру жөнінде кешенді шаралар қолдану. Мемлекеттік тілді қазіргі заманғы техника тіліне (компьютер, сканер, спутниктік байланыс және т.б.) көшіру бағдарламаларын жасау;
- «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 19, 20, 21-баптарына сәйкес тарихи-географиялық топонимикалық атауларды қалпына келтіру мен деректемелерді және көрнекі ақпаратты ретке келтіру жөніндегі жұмыстарды жалғастыру;
- ел азаматтарының мемлекеттік тілді меңгеруі үшін ынталандыру шараларын әзірлеу.
Бағдарламаны қаржыландыру
Бағдарламаны жүзеге асыруға қажетті қаражат жыл сайын республикалық бюджетте көзделеді. Аймақтық және салалық бағдарламалар жергілікті бюджеттер есебінен және бюджетте тиісті министрліктер мен ведомостволарға көзделген қаражат шегінде, сондай-ақ басқа да көздерден қаржыландырылады.
Құжаттың толық нұсқасын төменнен қараңыз
Вложения | Размер |
---|---|
Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы туралы.doc | 101.5 Кбайт |