(2010.19.03. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы Заң мемлекеттік құқықтық статистиканы жүзеге асырудың және арнайы есепке алуды жүргiзудiң құқықтық негiздерi мен принциптерiн, құқықтық статистика және арнайы есепке алуды жүргiзу саласында статистикалық қызметтi жүзеге асырушы уәкiлеттi органның және өзге де мемлекеттiк органдардың өкiлеттiктерi мен функцияларын айқындайды.
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) мемлекеттiк құқықтық статистика - қылмыстық-құқықтық, азаматтық-құқықтық, әкiмшiлiк-құқықтық салалардағы ведомстволық есепкe алудың орталықтандырылған жүйесiне негiзделген мемлекеттiк статистика саласы;
2) мемлекеттiк құқықтық ақпараттық статистика жүйесi - уәкiлеттi органның және құқықтық статистика және арнайы есепке алу субъектiлерiнiң бiрiккен статистикалық ақпараттық дерекқоры;
3) құқықтық статистикалық ақпарат - құқықтық статистика және арнайы есепке алу субъектiлерi статистикалық мақсатта пайдалану үшiн уәкiлеттi органға беретiн мәлiметтер;
4) құжатталған ақпарат - ұсынылған нысанына қарамастан, ақпараттық есепке алу құжатында жазылған қылмыстық-құқықтық, азаматтық-құқықтық, әкiмшiлiк-құқықтық салалардағы тұлғалар, заттар, фактiлер, оқиғалар, мән-жайлар және басқа да құқықтық құбылыстар мен процестер туралы мәлiметтер;
5) ақпараттық есепке алу құжаты - өз негiзiнде мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу деректерi құралатын, белгiленген үлгiдегi құқықтық статистикалық ақпараттың материалдық (қағаз, магниттiк, оптикалық) жеткiзушiсi;
6) құқықтық статистикалық байқау - заңдылықтың, құқықтық тәртiптің, адам мен азаматтың, заңды тұлғалардың және мемлекеттiң құқықтары мен заңды мүдделерiнiң сақталуының жалпы жай-күйiне әсер ететiн құбылыстар мен процестер туралы статистикалық байқау;
7) азаматтық-құқықтық статистика - азаматтық-құқықтық саладағы азаматтық құқықтық қатынастардың, азаматтық сот iсiн жүргiзудiң және атқарушылық iс жүргiзудiң жай-күйi туралы мемлекеттiк құқықтық статистика саласы;
8) қылмыстық-құқықтық статистика - қылмыстық-құқықтық саладағы қылмыстың, қылмыстық сот iсiн жүргiзудiң, атқарушылық іс жүргізудің жай-күйі, қылмыс жасалғаны үшiн жазалау және өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларының қолданылуы туралы мемлекеттiк құқықтық статистика саласы;
9) әкiмшiлiк-құқықтық статистика - әкiмшiлiк құқық бұзушылықтың және әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзудiң жай-күйi туралы мемлекеттiк құқықтық статистика саласы;
10) ведомстволық есепке алу - жедел және арнайы есепке алумен байланысты емес, мемлекеттiк органның iшкi ведомстволық қызметiн қамтамасыз ету үшiн тұлғалар, заттар және оқиғалар туралы мәлiметтер жинау, тiркеу, жүйелеу, сыныптау және сақтау;
11) арнайы есепке алу - мемлекеттiк құқықтық статистика саласындағы құжатталған ақпаратты мемлекеттiк органдарды, жеке және заңды тұлғаларды ақпараттық қамтамасыз ету үшiн жинау, тiркеу, өңдеу, жинақтау, жүйелеу, сыныптау, сақтау;
12) жедел есепке алу - құқықтық статистика және арнайы есепке алу субъектiлерiнiң жедел iздестiру қызметiн қамтамасыз ету үшiн тұлғалар туралы мәлiметтердi жинау, тiркеу, жүйелеу, сыныптау, сақтау;
13) құқықтық статистика және арнайы есепке алу субъектiлерi - мемлекеттiк құқықтық статистика, арнайы есепке алу iсiн жүргiзу, қылмыстық-құқықтық, азаматтық-құқықтық, әкiмшiлiк-құқықтық салаларда қолданылатын құжатталған ақпаратты зерделеу және талдау мақсаттары үшiн уәкiлеттi органға Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес құқықтық статистикалық ақпарат беретiн құқық қорғау, сот органдары және өзге де мемлекеттiк органдар;
14) уәкiлеттi орган - өз құзыретi шегiнде құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласында статистикалық қызметтi жүзеге асыратын мемлекеттiк орган.
2-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құқықтық статистика және арнайы есепке алу туралы заңдары
1. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құқықтық статистика және арнайы есепке алу туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта, осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
3-бап. Мемлекеттiк құқықтық статистиканың және арнайы есепке алудың нысанасы
Бұқаралық құқықтық немесе басқа да заңи мәнi бар құбылыстар мен процестердiң нақты орын мен уақыт жағдайындағы сандық жағы олардың сапалық ерекшелiгiн, даму үрдiсi мен заңдылығын ашу мақсатында мемлекеттiк құқықтық статистиканың нысанасы болып табылады.
Статистикалық байқау жолымен бұқаралық құқықтық немесе басқа да заңи мәнi бар құбылыстардың жиынтығын сипаттайтын құжатталған ақпарат арнайы есепке алу нысанасы болып табылады.
4-бап. Мемлекеттiк құқықтық статистиканы және арнайы есепке алуды қалыптастырудың негiзгi
мiндеттерi мен принциптерi
1. Мемлекеттiк құқықтық статистика және арнайы есепке алудың мiндеттерi:
1) мемлекеттiк органдарды, жеке және заңды тұлғаларды бiртұтас статистикалық принциптер және стандарттар негiзiнде елдегi заңдылық пен құқық тәртiбiнiң жай-күйi туралы ақпаратпен тиiмдi және жеткiлiктi қамтамасыз ету;
2) мемлекеттiк құқықтық ақпараттық статистика жүйесiн жетiлдiру және дамыту болып табылады.
2. Мемлекеттiк құқықтық статистика және арнайы есепке алу:
1) мемлекеттiк құқықтық ақпараттық статистика жүйесiн басқарудың бiртұтастығы;
2) құқықтық статистикалық ақпараттың тұтастығы, объективтілiгi, жеткiлiктiлiгi, тұрлаулылығы және салыстырымдылығы;
3) құқықтық статистикалық ақпараттың Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген шектерде қолжетiмдiлiгi және ашықтығы;
4) адам мен азаматтың, заңды тұлғалардың және мемлекеттiң құқықтары мен заңды мүдделерiнiң мүлтiксiз сақталуы принциптерiнде жүзеге асырылады.
5-бап. Құқықтық статистиканы қалыптастыру
Құқықтық статистиканы қалыптacтыpу тәртiбiн, белгiлерiн, өлшемдерiн, көлемiн және мерзiмдерiн уәкiлеттi орган белгiлейдi.
6-бап. Уәкiлеттi органның құзыретi
Мемлекеттiк құқықтық статистиканы қалыптастыру және арнайы есепке алуды жүргiзу саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асыру мақсатында уәкiлеттi орган:
1) мемлекеттiк құқықтық статистиканы қалыптастырады;
2) жедел, ведомстволық есепке алуды және жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асыратын органдармен астыртын негiзде жұмыс iстейтiн тұлғаларды есепке алуды қоспағанда, арнайы есепке алуды жүргiзедi;
3) құқықтық статистика және арнайы есепке алу субъектiлерi беретiн мемлекеттiк құқықтық статистика және арнайы есепке алу мәлiметтерiнiң тұтастығына, объективтiлiгiне, анықтығына, жеткiлiктiлiгiне қадағалауды жүзеге асырады, сондай-ақ осы саладағы ақпаратты жинау, тiркеу, өңдеу, жинақтау, жиынтықтау және сақтау әдiстемесiн белгiлейдi;
4) құқықтық статистикалық байқаулар өткiзедi;
5) құқықтық статистика және арнайы есепке алуды жүргiзу саласында ақпараттық-талдау қызметiн жүзеге асырады;
6) бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыратын уәкiлеттi мемлекеттiк органдар жүргiзетiн тексерулердiң есебiн жүргiзедi;
7) мемлекеттiк құқықтық статистика және арнайы есепке алуды дамыту жөнiндегi бағдарламаларды әзiрлейдi және iске асырады;
8) құқықтық статистика және арнайы есепке алу мәселелерi бойынша мемлекеттiк органдармен өзара iс-қимыл жасайды;
9) құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласында халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
10) мемлекеттiк құқықтық статистика және арнайы есепке алу бағдарламаларын әзiрлеу және iске асыру кезiнде мемлекеттiк органдардың статистикалық қызметiн үйлестiредi;
11) мемлекеттiк құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласында статистикалық принциптер және стандарттар, әдiстеме әзiрлейдi;
12) құқықтық статистиканың және арнайы есепке алудың барлық субъектiлерi үшiн мiндеттi құқықтық статистика және арнайы есепке алу мәселелерi бойынша нормативтiк құқықтық актiлер әзiрлейдi.
7-бап. Уәкілеттi орган мен оның аумақтық органдарының құқықтары мен мiндеттерi
1. Уәкiлеттi орган мен оның аумақтық органдары өз өкілеттiктерi шегiнде:
1) құқықтық статистика және арнайы есепке алу субъектiлерiнен мемлекеттiк құқықтық статистика және арнайы есепке алуды жүргiзу мәселелерi жөнiнде құқықтық статистикалық ақпаратты, ведомстволық есептілікті, бастапқы есепке алу құжаттары мен нысандарын, сондай-ақ статистикалық ақпаратты және арнайы есепке алуды жүргiзу үшiн басқа да ақпаратты тегiн алуға;
2) сот және қылмыстық iзге түсу органдарының iс жүргiзу қызметiне араласпай, құқықтық статистика және арнайы есепке алу субъектiлерi беретiн құқықтық статистикалық ақпараттың тұтастығына, объективтiлiгiне, анықтығына және жеткiлiктілігiне бақылау мен қадағалауды жүзеге асыруға;
3) Қазақстан Республикасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы заңдарын бұзушылықтарды анықтауға және жоюға бағытталған бақылау және қадағалау шаралары кешенiн жүзеге асыруға;
4) құқықтық статистика және арнайы есепке алу мәселелерi бойынша заңдылықтың бұзылуын жою мақсатында ұсыныстар енгiзуге;
5) тексерулер белгiлеу кезiнде Қазақстан Республикасы заңдарының бұзылғандығы анықталған жағдайларда шаруашылық жүргiзушi субъектiлерге тексерулер белгiлеу туралы актiлердi тiркеуден бас тартуға;
6) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.
2. Уәкiлеттi орган мен оның аумақтық органдары өз өкiлеттiктерi шегiнде:
1) мемлекеттiк құқықтық cтaтистика және арнайы есепке алу саласында ақпарат жинауды, өңдеудi, жинақтауды, жиынтықтауды және жаңартып отыруды;
2) жүргiзiлетiн құқықтық статистикалық байқаулардың бағдарламасын мемлекеттiк статистикаға басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы органмен келiсудi және бекiтудi;
3) мемлекеттiк органдарды құқықтық статистикалық ақпаратпен қамтамасыз етудi;
4) Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген шекте, көлемде және мерзiмде құқықтық статистика және арнайы есепке алу субъектiлерiн құқықтық статистикалық ақпаратпен, арнайы есепке алу мәлiметтерiмен өтеусiз негiзде қамтамасыз етудi;
5) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес республикалық бюджетке түсетiн өз қаражаттары есебiнен, Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген шекте, көлемде және мерзiмде жеке және заңды тұлғаларға ақпараттық-анықтамалық қызмет көрсетудi;
6) мемлекеттiк құпиялары және заңмен қорғалатын құпиялары бар, алынған мәлiметтердiң сақталуын;
7) ақпарат жүйелерiн заңсыз қол сұғудан, құқықтық статистика және арнайы есепке алу объектілерi туралы деректердiң бүлiнуiнен немесе жойылуынан қорғауды;
8) мемлекеттiк құқықтық статистиканы қалыптастыру және арнайы есепке алуды жүргiзу кезiнде адам мен азаматтың, заңды тұлғалардың және мемлекеттiң құқықтары мен заңды мүдделерiнiң сақталуын;
9) қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органның сұратуы бойынша заңсыз жолмен алын ған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл тура лы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәй кес өздерінің ақпараттық жүйелерінен мәлі меттер табыс етуді жүзеге асыруға міндетті.
8-бап. Құқықтық статистика және арнайы есепке алу субъектiлерiнің құқықтары мен мiндеттерi
1. Құқықтық статистика және арнайы есепке алу субъектiлерi өз өкілеттiктерi шегiнде:
1) мемлекеттiк құқықтық статистика мен арнайы есепке алуды жетiлдiру жөнiндегi шаралар туралы ұсыныстар енгiзуге;
2) ведомстволық құқықтық статистикалық қадағалаулар өткiзуге және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жедел iздестiру және қызмет әрекетiн қамтамасыз етуге арналған жедел, ведомстволық есепке алуды жүргізуге құқығы бар.
2. Құқықтық статистика және арнайы есепке алу субъектiлерi:
1) уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен, шекте, көлемде және мерзiмдерде ақпараттық-есептiк құжаттарды, өзге де қажеттi материалдар мен мәлiметтердi уәкiлеттi органға беруге;
2) құқықтық статистикалық ақпараттың тұтастығын, объективтiлiгiн, анықтығын және жеткiлiктiлiгiн қамтамасыз етуге және өз өкiлеттiктерi шегiнде құқықтық статистикалық ақпараттың көрсетiлуiнiң толымдылығын және анықтығын бақылауды жүзеге асыруға;
3) мемлекеттiк құпиялары және заңмен қорғалатын құпиялары бар, алынатын мәлiметтердiң сақталуын қамтамасыз етуге;
4) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тексерулер тағайындау туралы актiлердi тiркеуге мiндеттi.
9-бап. Жеке және заңды тұлғалар құқықтарының кепiлдiктерi
1. Құқықтық статистикалық ақпаратты тiркеу, жинақтау, өңдеу, сақтау және беру барысында уәкiлеттi opгaн мемлекеттiк құпиялары және заңмен қорғалатын құпиялары бар мәлiметтердi қорғау жөнiнде Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген шараларды қолданады.
2. Тергеу мен анықтау деректерiн құрайтын нақты құбылыстар, процестер және тұлғалар туралы құқықтық статистикалық ақпарат жария етуге жатпайды. Егер тергеу мүдделерiне қайшы келмесе және басқа тұлғалардың құқықтарының, бостандықтарының, заңмен қорғалатын мүдделерiнiң бұзылуына байланысты болмаса, бұл ақпарат тергеушi, анықтаушы, прокурор және сот мүмкiн деп таныған көлемде, олардың рұқсатымен жария етiлуi мүмкiн.
3. Адам мен азаматтың, заңды тұлғалардың және мемлекеттiң құқықтары мен заңды мүдделерiн сақтау мақсатында уәкiлеттi органға берiлген барлық бастапқы құқықтық статистикалық ақпараттың сақталуы қамтамасыз етiледi.
4. Уәкiлеттi орган әрбiр азаматқа арнайы есепке алудағы оған қатысты, оның құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерiн қозғайтын мәлiметтермен танысу мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге мiндеттi.
5. Ол туралы мәлiметтердiң арнайы есепке алуға заңсыз енгiзiлу фактiсiне Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен шағым жасауға болады.
10-бап. Статистикалық жұмыстарды қаржыландыру
Уәкiлеттi орган және оның аумақтық органдары орындайтын статистикалық жұмыстар республикалық бюджет қаражаты есебiнен қаржыландырылады.
11-бап. Құқықтық есептiк тiркеу
Құқықтық есептiк тiркеудi уәкiлеттi орган және оның аумақтық органдары азаматтық-құқықтық, қылмыстық-құқықтық және әкiмшiлiк-құқықтық құжатталған ақпаратты қабылдау, есепке алу және жүйелеу арқылы жүзеге асырады.
12-бап. Арнайы есепке алуды тағайындау мен жүргізу
1. Арнайы есепке алу:
1) мемлекеттiк органдардың Қазақстан Республикасы заңдарын жетiлдiру жөнiндегi қызметiн;
2) мемлекеттiк органдардың құқық қолдану қызметiн;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жеке және заңды тұлғаларды ақпараттық қамтамасыз етуге арналған.
2. Уәкілеттi орган арнайы есептi жинауды, тiркеудi, өңдеудi, жинақтауды, жүйелеудi, сыныптауды, сақтауды және пайдалануды қамтамасыз етедi.
3. Уәкiлеттi орган арнайы есепке алудың мынадай түрлерiн:
1) қылмыстық жауаптылыққа тартылған, қылмыс жасаған адамдарды;
2) ұсталғандардың, тұтқынға алынғандардың және сотталғандардың дактилоскопиялық есебiн;
3) анықтаудан, тергеуден, соттан және жазасын өтеуден жасырынып жүрген адамдарды;
4) хабар-ошарсыз жоғалып кеткен адамдарды;
5) жеке басы анықталмаған мәйiттердi;
6) әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылған адамдарды;
7) сот әрекет қабiлетi жоқ деп таныған адамдарды;
8) белгiлi бiр қызметпен шұғылдану құқығынан айрылған адамдарды;
9) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған адамдарды;
10) шаруашылық жүргізушi субъектiлердiң қызметiн барлық тексерулердi;
10-1) террористік қызметті жүзеге асырғаны үшін жауапқа тартылған адамдарды және cот террористік деп таныған ұйымдарды;
11) экстремизмдi жүзеге асырғаны үшін жауапқа тартылған адамдарды және сот экстремистік ұйым деп таныған ұйымдарды арнайы есепке алу iсiн жүргiзудi жүзеге асырады.
4. Жедел және ведомстволық есепке алуды қоспағанда, арнайы есепке алуды құру, қалыптастыру, сақтау, жүргiзу және пайдалану ережесiн уәкiлеттi орган белгiлейдi.
13-бап. Арнайы есепке алу объектiлерi
1. Шыққан тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, азаматтығына, дiнге көзқарасына, сенiм-нанымына, қоғамдық бiрлестiктерге мүшелiгiне, тұратын жерiне немесе кез келген өзге жағдайларға қарамастан, Қазақстан Республикасының аумағындағы жеке тұлға, сондай-ақ заңды тұлға арнайы есепке алу объектiсi болуы мүмкiн.
2. Егер, заңда өзгеше көзделмесе, өзi туралы мәлiметтердi уәкiлеттi органның арнайы есепке алу жүйесiне енгiзу үшiн есепке алынған объектiнiң келiсiмi талап етiлмейдi.
3. Егер, заңда өзгеше көзделмесе, мемлекеттiк орган өзiнiң құзыретiне кiретiн мiндеттердi шешу кезiнде есепке алынған объект туралы мәлiметтердi пайдалануға оның келiсiмi талап етiлмейдi.
4. Адамның тегi, аты, әкесiнiң аты, туған күнi, туған жерi, сондай-ақ осы деректердi сол адамның өзгерту фактiсi, бұрынғы деректер сияқты, жеке немесе отбасылық құпия болып табылмайды. Адам заңды жолмен алынған осы, сондай-ақ өзге де мәлiметтердi арнайы есепкe алу iсiне енгiзуге тыйым салуға нeмece рұқсат етуге құқылы емес.
14-бап. Арнайы есепке алуды түзу
1. Әртүрлi мемлекеттiк органдар өздерiнiң құзыретiне кiретiн мiндеттердi шешу кезiнде мәлiметтерi пайдаланылуы мүмкiн арнайы есепке алу уәкілеттi органда ғана жүргізілуге тиiс.
2. Құқықтық статистика және арнайы есепке алу субъектiлерi арнайы есепке алуды түзу үшiн ақпараттық есеп құжаттарын және өзге де қажеттi материалдар мен мәлiметтердi уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен, шектерде, көлемде және мерзiмдерде бередi.
15-бап. Ведомстволық есепке алуды тағайындау және жүргiзу
1. Құқықтық статистика және арнайы есепке алу субъектiлерi ведомстволық есепке алуды өздерiнiң құзыретiне кiретiн мiндеттердi шешу мақсатында жүзеге асырады.
2. Ведомстволық есепке алуды қалыптастыру тәртiбi ведомстволық нұсқаулықтармен айқындалады.
3. Ведомстволық есепке алуда бар мәлiметтер тек қана мемлекеттiк органның құзыретiне кiретiн мiндеттердi шешу шегiнде пайдаланылуы мүмкін.
16-бап. Құқықтық статистикалық ақпаратты пайдалану мен сақтау тәртiбi
1. Уәкiлеттi орган Қазақстан Pecпубликасы заңнамасының талаптарын сақтай отырып, бұқаралық ақпарат құралдарында статистикалық ақпаратты жариялауға, статистикалық жинақтар шығаруға және құқықтық статистикалық ақпаратты практикалық және ғылыми-зерттеу мақсаттарында өзгедей пайдалануға құқылы.
2. Құқықтық статистикалық ақпарат ақпараттық есепке алу құжаттары және есептiлiк нысандары түрiнде уәкiлеттi орган анықтайтын талаптарға сәйкес оның сақталуы қамтамасыз етiлетiн жағдайларда сақталады.
3. Құқықтық статистикалық ақпаратты сақтау мерзiмiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес уәкiлеттi орган белгiлейдi.
17-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құқықтық статистика және арнайы есепке алу туралы заңдарын бұзғаны үшiн жауаптылық
Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құқықтық статистика және арнайы есепке алу туралы заңдарының бұзылуына кiнәлi тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жауаптылықта болады.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. Назарбаев