Есiрткi, психотроптық заттар, прекурсорлар және олардың заңсыз айналымы мен терiс пайдаланылуына қарсы iс-қимыл шаралары туралы Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 10 шiлдедегi N 279-1 Заңы


(2009.17.07. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)

Осы Заң есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымы саласындағы мемлекеттiк саясаттың құқықтық негiздерiн реттейдi және наркологиялық жәрдем көрсету мен азаматтардың денсаулығын, қоғамдық және мемлекет қауiпсiздiгiн қорғау мақсатында олардың заңсыз айналымына қарсы iс-қимыл шараларын белгiлейдi.

1-тарау. Жалпы ережелер

1-бап. Негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) бөлшек сауда - дәрігердің рецепті бойынша жеке тұтыну үшін есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорларды даралап немесе шағын көлемде сату;
2) есірткілер - есірткі немесе психотроптық заттар ретінде жіктелген, оларды теріс пайдаланғанда туындауы мүмкін зардаптарына байланысты халықтың денсаулығы үшін ықтимал қаупі бар, Қазақстан Республикасында бақылау жасалуға жататын Есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың тізіміне енгізілген өсімдіктер, заттар немесе препараттар;
3) есірткі заттар - Қазақстан Республикасының заңнамасына, 1961 жылғы Есірткі заттар туралы бірыңғай конвенцияға түзетулер жөніндегі 1972 жылғы Хаттамаға сәйкес енгізілген түзетулерімен қоса 1961 жылғы Есірткі заттар туралы бірыңғай конвенцияға сәйкес бақылау жасалуға жататын Есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар тізіміне енгізілген шығу тегі синтетикалық немесе табиғи заттар;
4) есірткі және психотроптық зат тектестер - құрылымы мен қасиеттері жағынан І, II, III кестелерге енгізілген заттарға ұқсас, еліртетін, күйзелтетін немесе жалған елес күйіне түсіретін, химиялық құрылымы мен қасиеттері бар, оларды теріс пайдаланған кезде халықтың денсаулығы үшін қауіпті және осы Заңмен және БҰҰ-ның халықаралық Конвенцияларымен есірткі немесе психотроптық заттар ретінде бекітілмеген шығу тегі синтетикалық немесе табиғи заттар;
5) есірткі, психотроптық заттармен және прекурсорлармен қамтамасыз ету нормативі (бұдан әрі - қамтамасыз ету нормативі) - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында сату үшін заңды тұлғаларға рұқсат етілген белгілі бір есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар саны;
6) есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымы - құрамында есірткі бар өсімдіктерді егуге, жинауға және дайындауға, есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорларды әзірлеуге, өндіруге, өңдеуге, әкелуге, әкетуге, транзиттеуге, тасымалдауға, жөнелтуге, сатып алуға, сақтауға, бөлуге, сатуға, пайдалануға, жоюға байланысты Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес рұқсат етілген және бақылау жасалатын қызмет түрлері;
7) есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымы саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган - өзіне берілген құзырет шегінде есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымы саласында мемлекеттік саясатты қалыптастыратын және оны жүзеге асыруды үйлестіретін орган;
8) есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорларды әкелу мен әкету - есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың бір мемлекеттен екінші мемлекетке өткізілуі;
9) есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорларды дайындау - өндіруді қоспағанда, жүргізілуінің көмегімен есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың алынуы мүмкін барлық процестер, сондай-ақ есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың басқа есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорларға айналдырылуы;
10) есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымы - Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып жүзеге асырылатын есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымы;
11) есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорларды өндіру - химиялық заттардан және (немесе) өсімдіктерден не басқа есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардан есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорларды сериялап алуға бағытталған процесс;
12) есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорларды өңдеу - нәтижесінде тазартылатын (бөгде қоспалардан тазартылатын), препараттағы есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың концентрациясын арттыратын іс-әрекет, сондай-ақ олардың негізінде есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар болып табылмайтын заттар алу;
13) есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорларды пайдалану - есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорларды мақсатқа сай қолдану;
14) есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорларды тасымалдау мен жөнелту - тасымалдау тәсіліне және сақталатын орнына қарамастан Қазақстан Республикасы шегінде есірткі, психотроптық заттардың немесе прекурсорлардың орнын ауыстыру жөніндегі кез келген іс-әрекеттер;
15) есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорларды тұтыну нормативі (бұдан әрі - тұтыну нормативі) - нақты заңды тұлғалардың тұтынуы үшін қажетті, есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымы саласындағы уәкілетті мемлекеттік органға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мәлімделген белгілі бір есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар саны;
16) есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар транзиті - есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың бір мемлекеттен екінші мемлекетке үшінші мемлекеттің аумағы арқылы өткізілуі;
17) есірткі немесе психотроптық заттарды теріс пайдалану (есірткі немесе психотроптық заттарды заңсыз тұтыну) - есірткі немесе психотроптық заттарды дәрігердің тағайындауынсыз қасақана заңсыз тұтыну;
18) есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорларды заңсыз айналымда жүргені анықталған шағын, ірі және өте ірі мөлшерге жатқызу туралы жиынтық кесте - есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың сот сараптамасы органдары айқындайтын және кейіннен әкімшілік не қылмыстық жауаптылықтың туындауына негіз болып табылатын (шағын, ірі, өте ірі) мөлшердегі белгіленген түрлерінің тізбесі (2-қосымша);
19) көтерме сауда - есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың ірі топтарын сату;
20) Қазақстан Республикасында бақылау жасалуға жататын Есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар тізімі (бұдан былай - Тізім) - халықаралық Конвенциялар негізінде нөмірленген және тиісті кестелер мен тізімге біріктірілген, Қазақстан Республикасында бақылау жасалуға жататын есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың тізбесі (1-қосымша);
21) құрамында есірткі заттары бар өсімдіктерді өсіру - апиын көкнәрі мен сораны (каннабисті), халықаралық Конвенцияларға сәйкес Қазақстан Республикасында бақылау жасалуға жататын Есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар тізіміне енгізілген, құрамында есірткі бар басқа да өсімдіктерді егу және өсіру;
22) құрамында есірткі, психотроптық заттар бар өсімдіктерді жинау - халықаралық Конвенцияларға сәйкес Тізімге енгізілген, құрамында есірткі бар жабайы өсетін немесе егілетін өсімдіктерді жинау;
23) мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемелері - заңда белгіленген тәртіппен наркологиялық көмек көрсететін мекемелер (орталықтар, ауруханалар, диспансерлер, бөлімшелер немесе кабинеттер);
24) мәжбүрлеп емдеу - нашақорлықпен ауыратын адамды ерікті түрде емделуден жалтарған не есірткі немесе психотроптық заттарды заңсыз тұтынуын жалғастырған жағдайда сот шешімі негізінде жүзеге асырылатын стационарлық емдеу;
25) медициналық куәландыру - есірткіден мастану күйін анықтау мақсатында адамды амбулаториялық тексеру;
26) медициналық куәландырудан, медициналық тексеруден немесе емдеуден жалтару - есірткі немесе психотроптық заттарды теріс пайдаланушы адамның құқық қорғау органдары қызметкерінің медициналық куәландыруға немесе тексеруге қатысты өкімін қасақана орындамауы, сондай-ақ дәрігердің белгілеулері мен ұсынымдарын орындамауы;
27) медициналық тексеру - "нашақорлық" деген диагноз қою немесе оны теріске шығару мақсатында адамды стационарлық жағдайда тексеру;
28) нашақорлық - организмнің физикалық және психикалық функцияларының қатты бұзылуына әкеп соқтыратын есірткі немесе психотроптық заттарға не сол тектестерге тәуелді болуға байланысты ауру;
29) нашақорлықпен ауыратын адам (нашақор) - қандай да болсын есірткі, психотроптық заттарға немесе сол тектестерге физикалық және (немесе) психикалық тәуелді, белгіленген тәртіппен медициналық мекеме "нашақорлық" деген диагноз қойған адам;
30) өз еркімен емдеу - нашақорлықтан, уытқұмарлықтан немесе есірткіге шектен тыс салынудан науқастың өзінің немесе оның заңды өкілінің келісімімен емдеу;
31) прекурсорлар - есірткі және психотроптық заттарды өндіру, дайындау, өңдеу кезінде пайдаланылатын, Қазақстан Республикасының заңнамасына, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына, соның ішінде БҰҰ-ның Есірткі және психотроптық заттардың заңсыз айналымына қарсы күрес туралы 1988 жылғы Конвенциясына сәйкес бақылау жасалуға жататын Есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар тізіміне енгізілген заттар;
32) препарат - Тізімге енгізілген, құрамында бір немесе бірнеше есірткі, психотроптық заттар немесе прекурсорлар бар кез келген физикалық күйдегі қоспа;
33) психотроптық заттар - Қазақстан Республикасының заңнамасына, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына, соның ішінде 1971 жылғы Психотроптық заттар туралы конвенцияға сәйкес бақылау жасалуға жататын Есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар тізіміне енгізілген шығу тегі синтетикалық немесе табиғи заттар;
34) уәкілетті органдар - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, өздеріне берілген құзырет шегінде есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар;
35) уытқұмарлық - есірткі және психотроптық заттардың әсеріне ұқсас психикалық елірме әсер туғызатын және республикалық заңнамалық актілер мен халықаралық Конвенциялардың Тізімдеріне енбейтін дәрілік препараттар мен табиғаты әртүрлі дәрілік емес заттарды шектен тыс пайдалану.

2-бап. Бақылауға жататын есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларды жiктеу
1. Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлар Қазақстан Республикасында бақылауға жататын Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлардың тiзiмiне енгiзiледi.
Қазақстан Республикасында бақылауға жататын Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлардың тiзiмi ұсынылып отырған төрт кестеден және тізімнен тұрады.
I Кестеге осы Заңның 18, 19, 20-баптарында көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңдарына және БҰҰ-ның 1961, 1971 жылдардағы халықаралық Конвенцияларына сәйкес Қазақстан Республикасында айналымына тыйым салынған есiрткi және психотроптық заттар енгiзiледi.
II Кестеге Қазақстан Республикасының заңдарына және БҰҰ-ның 1961, 1971 жылдардағы халықаралық Конвенцияларына сәйкес айналымы шектеулi және қатаң бақылауда тұрған есiрткi және психотроптық заттар енгiзiледi.
III Кестеге Қазақстан Республикасының заңдарына және БҰҰ-ның 1961, 1971 жылдардағы халықаралық Конвенцияларына сәйкес айналымы бақылауды тұрған есiрткi және психотроптық заттар енгiзiледi.
IV кестеге Қазақстан Республикасының заңдарына және БҰҰ-ның 1988 жылғы халықаралық Конвенциясына сәйкес айналымы бақылауда тұрған прекурсорлар енгiзiледi.
Қазақстан Республикасында бақылау жасалуға тиісті және ветеринарияда қолдануға рұқсат етілген, құрамында есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар бар дәрілік заттар тізіміне тиісті лицензиясы болған жағдайда диагностикалық, емдік және профилактикалық заттар ретінде пайдаланылуы мүмкін дәрілік препараттар енгізілген.
2. ҚР 2002 ж. 31 мамырдағы N 327-ІІ Заңымен алып тасталды
3. ҚР 2002 ж. 31 мамырдағы N 327-ІІ Заңымен алып тасталды
4. Препараттарға қатысты олардың құрамындағы есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорларға қатысты белгіленетін бақылау түрлері көзделеді.
Егер препараттың құрамында бір емес, бірнеше есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар болса, оған бақылаудың неғұрлым қатаң шараларына жататын есірткі, психотроптық зат пен прекурсорға қолданылатын бақылау қолданылады.
Құрамында есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың аз мөлшері бар және оларды шектен тыс пайдаланған жағдайда болмашы қауіп төндіретін және олардан аталған заттар оңай әдістермен алынуы мүмкін емес дәрілік препараттар осы Заңға сәйкес бақылауға жатпайды. Аталған препараттардың Тізімін, оларды бақылаудан алу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.

3-бап. Қазақстан Республикасының есiрткi, психотроптық заттар, сол тектестер, прекурсорлар және олардың заңсыз айналымы мен оларды шектен тыс пайдалануға қарсы iс-қимыл шаралары туралы заңдары
1. Қазақстан Республикасының есiрткi, психотроптық заттар, сол тектестер, прекурсорлар және олардың заңсыз айналымына қарсы iс-қимыл шаралары туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделiп, осы Заң мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлерден, сондай-ақ Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттардан тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше ережелер белгiленсе, халықаралық шарттардың ережелерi қолданылады.

4-бап. Есiрткi, психотроптық заттар, сол тектестер, прекурсорлар айналымын мемлекеттiк реттеудiң және олардың заңсыз айналымы мен терiс пайдаланылуына қарсы iс-қимыл шараларының негiзгi принциптерi
Есiрткi, психотроптық заттар, прекурсорлар айналымы саласындағы мемлекеттiк саясат және олардың заңсыз айналымына қарсы iс-қимыл;
1) есiрткi, психотроптық заттар, сол тектестер мен прекурсорлар айналымы саласындағы қызметке мемлекеттiк бақылау жасау;
2) есiрткi, психотроптық заттар, сол тектестер прекурсорлар айналымын және олардың заңсыз айналымы мен терiс пайдаланылуына қарсы iс-қимылды мемлекеттiк реттеу;
3) есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымы саласындағы қызметтi лицензиялау;
4) мемлекеттiк және өзге де органдардың қызметiн ведомствоаралық және ведомствоiшiлiк үйлестiру;
5) есiрткi, психотроптық заттардың, прекурсорлардың заңсыз айналымын оларды шектен тыс пайдалануды тыюға бағытталған жұмысты ұйымдастыру мен жүргiзу мiндеттерiн кешендi түрде шешу;
6) нашақорлықтың және сонымен байланысты құқық бұзушылықтардың етек алып кетуiн көздейтiн алдын алу шараларын қамтамасыз ету;
7) нашақорлықтың және оған байланысты құқық бұзушылықтардың етек алуына қарсы күресте әлеуметтiк базаны кеңейту, оның iшiнде қоғамдық, дiни, халықаралық және басқа ұйымдар мен азаматтарды ерiктi негiзде тарту арқылы кеңейту;
8) есiрткi, психотроптық заттар, сол тектестер мен прекурсорлар айналымын бақылау, олардың заңсыз айналымы мен шектен тыс пайдаланылуына қарсы iс-қимыл шаралары саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту принциптерiнде жүзеге асырылады.

2-тарау. Есiрткi, психотроптық заттар, сол тектестер,
прекурсорлар айналымы саласындағы қызметтi
мемлекеттiк реттеу мен ұйымдастыру және
олардың заңсыз айналымы мен шектен тыс
пайдаланылуына қарсы iс-қимыл

5-бап. Есiрткi, психотроптық заттар, прекурсорлар айналымы мемлекеттiк реттеу және олардың заңсыз айналымы мен шектен тыс пайдаланылуына қарсы iс-қимыл шаралары
1. Есiрткi, психотроптық заттар, прекурсорлар айналымын мемлекеттiк реттеудi және олардың заңсыз айналымы мен шектен тыс пайдаланылуына қарсы iс-қимыл шараларын Қазақстан Республикасының Үкiметi мен есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымы саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган жүзеге асырады.
2.
3. Есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымы саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган мынадай негiзгi мiндеттердi атқарады:
1) есiрткi, психотроптық заттар, прекурсорлар айналымы саласындағы қызметтi реттеу және олардың заңсыз айналымы мен терiс пайдаланылуына қарсы iс-қимылды ұйымдастыру жөнiндегi Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн мемлекеттiк бағдарламаларды әзiрлеу мен iске асыруды қамтамасыз етедi;
2) тиiстi мемлекеттiк органдармен келiсе отырып, есiрткi, психотроптық заттар, прекурсорлар айналымы және олардың заңсыз айналымы мен шектен тыс пайдаланылуына қарсы iс-қимыл саласына қатысушы заңды тұлғалар қызметiнiң тәртiбiн реттейтiн заң актiлерi мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлейдi және аталған саладағы нормативтiк құқықтық актiлердi бекiтедi ;
3) есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымына мемлекеттiк бақылау жасауды және олардың заңсыз айналымы мен шектен тыс пайдаланылуына қарсы iс-қимыл шараларын жүзеге асыруды ұйымдастырады;
4) денсаулық сақтау органдарына, есiрткi, психотроптық заттар, прекурсорлар айналымы және олардың шектен тыс пайдаланылуы саласындағы қызметтi реттеу жөнiндегi мемлекеттiк бағдарламалар шеңберiнде нашақорлықпен және уытқұмарлықпен ауыратын адамдарға медициналық-әлеуметтiк көмек көрсетудi ұйымдастыруға және көмек көрсету кезiнде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепiлдiк берiлуiн қамтамасыз етуге жәрдемдеседi;
5) Қазақстан Республикасында бақылау жасалуға тиісті есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар тізіміне және Заңсыз айналымда жүргені анықталған есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорларды шағын, ірі және өте ірі мөлшерге жатқызу туралы жиынтық кестеге уәкілетті органдардың ұсыныстары бойынша өзгерістер мен толықтырулар жөнінде ұсыныс енгізеді;
6) Қазақстан Республикасының уәкiлеттi органдарымен бiрлесе отырып, есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымының барлық түрлерiнiң ауқымына болжам жасайды;
7) уәкiлеттi органдармен бiрлесе отырып, мемлекеттiң есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларға деген қажеттiлiк нормаларын анықтайды;
8) қолданыстағылармен салыстырғанда есiрткiлiк әсерi кемiрек, неғұрлым тиiмдi, қаупi төменiрек есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар әзiрлеу және енгiзу процесiн бақылайды;
9) Қазақстан Республикасына арналған халықаралық квоталарды БҰҰ-ның Есiрткiнi бақылау жөнiндегi халықаралық комитетi бекiту үшiн Республиканың есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларға деген қажеттiлiк нормаларын Үкiметке ұсынады.
10) уәкiлеттi органдармен бiрлесе отырып, есiрткi, психотроптық заттардың, прекурсорлардың айналымы саласындағы ғылыми зерттеулердi және олардың заңсыз айналымы мен оларды шектен тыс пайдалануға қарсы iс-қимылды үйлестiрiп отырады;
11) қызметi есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымы саласымен байланысты мамандар оқытуды, даярлауды, қайта даярлауды, тағлымдамадан өткiзудi және олардың бiлiктiлiгiн арттыруды ұйымдастырады;
12) қызметi нашақорлық проблемаларымен байланысты қоғамдық ұйымдардың, қауымдастықтардың жұмысын үйлестiрiп отырады;
13) есiрткi, психотроптық заттар, прекурсорлар айналымы және олардың заңсыз айналымы мен шектен тыс пайдаланылуына қарсы iс-қимыл саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
14) денсаулық сақтау саласындағы есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымымен байланысты қызметтер түрлерiнен басқа, есiрткi, психотроптық заттар және прекурсорлар айналымы саласындағы қызмет түрлерiн лицензиялауды жүзеге асырады;
15) 2006.02.03 № 130-III ҚР Заңымен алып тасталды
16) Қазақстан Республикасының есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымын реттейтiн заң актiлерiн және өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi бұзғаны үшiн заңды және жеке тұлғаларды жауапкершiлiкке тарту жөнiнде тиiстi органдарға ұсыныстар енгiзедi;
17) Қазақстан Республикасындағы нашақорлық ахуалдың даму жай-күйi мен үрдiстерiн талдауды, нашақорлыққа және есiрткi бизнесiне қарсы күрес саласындағы стратегиялар мен бағдарламаларды iске асыру барысы туралы ақпараттық-талдау материалдарын әзірлеуді жүзеге асырады;
18) мемлекеттік органдарға және өзге де ұйымдарға есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымы саласында Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтарды жою жөнінде ұсыныстар, нұсқамалар енгізеді;
19) уәкілетті органдармен бірлесе отырып, есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымы саласындағы мемлекеттік саясатты және олардың заңсыз айналымы мен теріс пайдаланылуына қарсы іс-қимылдарды әзірлейді және іске асырады;
20) есірткі, психотроптық заттардың, прекурсорлардың заңсыз айналымына және олардың теріс пайдаланылуына қарсы күресті үйлестіреді;
21) есірткі, психотроптық заттар, прекурсорлар айналымы саласындағы мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың қызметіне мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
22) есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымы саласындағы мемлекеттік және өзге де ұйымдардың, сондай-ақ нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі өңірлік комиссиялардың қызметін ведомствоаралық үйлестіруді жүзеге асырады;
23) өз құзыреті шегінде есірткі, психотроптық заттар, прекурсорлар айналымы саласында инвестициялар, техникалық көмекті тартуды және олардың мақсатқа сай пайдаланылуына бақылауды және олардың заңсыз айналымы мен теріс пайдаланылуына қарсы іс-қимылды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.

6-бап. Есiрткi, психотроптық заттардың, прекурсорлардың
айналымын мемлекеттiк бақылау және олардың заңсыз
айналымы мен теріс пайдаланылуына қарсы
iс-қимыл шаралары
1. Есiрткi, психотроптық заттардың, прекурсорлардың айналымын мемлекеттiк бақылау тексеру нысанында және өзге де нысандарда жүзеге асырылады.
Тексеру «Жеке кәсіпкерлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады. Мемлекеттік бақылаудың өзге де нысандары осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
2. Қазақстан Республикасының уәкiлеттi органдарының:
1) есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымына мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыруға;
2) есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымына мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыру мақсатында меншiк нысанына қарамастан, есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымы үшiн пайдаланылатын кез келген үй-жайларға баруға;
3) құрамында Тiзiмге енгiзiлген есiрткi заттары бар өсiмдiктер өсiрiлетiн жер учаскелерiне тексеріп-қарау жүргiзуге;
4) құрамында есiрткi заттары бар өсiмдiктердi жою мақсатында арнайы құрылған бөлiмшелермен iс-шаралар жүргiзуге;
5) есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымына байланысты қызметтi жүзеге асыратын заңды тұлғалардан есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлардың сапасын сипаттайтын техникалық құжаттаманы, сондай-ақ оларға сараптама жүргiзу үшiн көрсетілген өнiмнiң техникалық негiзделген мөлшердегi үлгiлерiн алуға;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымы саласында анықталған кемшiлiктердi жою туралы нұсқамалар беруге;
7) есiрткi, психотроптық заттар және прекурсорлар айналымы саласындағы талаптар бұзылған жағдайда заңды тұлғалардың және құрылымдық бөлiмшелердiң өндiрiстiк қызметiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен тоқтата тұруға;
8) Қазақстан Республикасының есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымын реттейтiн заңнамалық және өзге де нормативтiк құқықтық актiлерін бұзғаны үшiн жеке және заңды тұлғаларды жауапқа тарту жөнiнде тиiстi органдарға ұсыныс енгiзуге құқығы бар.

7-бап. Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымы саласындағы қызметтi лицензиялау
1. Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымы саласындағы қызметтiң барлық түрлерiн, осы Заңның 19, 20-баптарында көзделген жағдайларды қоспағанда, бес жылға дейiнгi мерзiмге қызметтiң нақты түрiне лицензия алғаннан кейiн заңды тұлғалар жүзеге асырады.
2. Тiзiмге енгiзiлген есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымы саласында объектiлер мен үй-жайларды пайдалануға рұқсатты, қойма қорларының ұрлануын немесе басқадай жоғалуын болдырмау мақсатында қауiпсiздiк шаралары қамтамасыз етiлген жағдайда, есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымына қарсы күрестi жүзеге асыратын уәкiлеттi iшкi iстер органы бередi.
3. Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымына байланысты қызмет түрiне лицензия берген кезде өзiнiң қызметтiк мiндеттерiнiң арқасында есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлар тiкелей қолында болатын қызметкерлердiң тиiсiнше тексерiлгенi туралы iшкi iстер органдарының қорытындысы ескерiледi.
Өзiнiң қызметтiк мiндеттерiнiң арқасында тiкелей есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлар тiкелей қолында болатын қызметкерлерге нашақорлықпен, уытқұмарлықпен, созылмалы маскүнемдiкпен айырмайтыны туралы, сондай-ақ аталған тұлғалар арасында кәсiби қызметтiң жекелеген түрлерiн және қауiптiлiгi жоғары көздермен байланысты қызметтi атқаруға Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жарамсыз деп танылғандар жоқ екендiгi туралы психиатр және нарколог дәрiгерлердiң қорытындылары қажет.
4. Қазақстан Республикасының Үкіметі арнайы бақылаудағы және есірткі, психотроптық заттарды өндіру мен дайындау үшін пайдаланылатын аспаптардың, жабдықтардың тізбесін, сондай-ақ оларды әзірлеу, өндіру, дайындау, сақтау, тасымалдау, жөнелту, босату, сату, бөлу, сатып алу, пайдалану, Қазақстан Республикасының аумағына әкелу, Қазақстан Республикасының аумағынан әкету ережелерін белгілейді.

8-бап. Мемлекеттік квоталар
1. Тізімге енгізілген есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорларға мемлекеттік квота - Қазақстан Республикасының Yкіметі айқындайтын қажеттілік есебі, лицензиясы бар заңды тұлғалар олардың айналымын Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес осы қажеттілік шегінде жүзеге асырады.
2. Мемлекеттік квота Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітіледі. Мемлекеттік квота заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келесі күнтізбелік жылға өтінім жасаған белгілі бір есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар мөлшерін қамтиды.
3. Заңды тұлғалар келесі күнтізбелік жылға арналған тұтыну нормативін бекітуге өтінімдерді уәкілетті органдарға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ұсынады.
4. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорларды өңдеуді не құрамында есірткі, психотроптық заттар мен (немесе) прекурсорлар бар препараттар немесе дәрілік заттар өндіруді жүзеге асыратын заңды тұлғалар:
1) есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымы саласындағы уәкілетті мемлекеттік органға келесі күнтізбелік жылға арналған тұтыну нормативін бекітуге өтінімдерді ұсынады;
2) қамтамасыз ету нормативіне сәйкес есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорларды сатуды жүзеге асырады.
5. Уәкілетті органдар келесі күнтізбелік жылға арналған жиынтық тұтыну нормативін бекіту үшін есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымы саласындағы уәкілетті мемлекеттік органға жинақтап қорытылған өтінімдерді жыл сайын ағымдағы жылдың 1 сәуіріне дейін ұсынады.
6. Есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымы саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган:
1) заңды тұлғалардың тұтыну нормативтері өтінімдерінің негізділігін тексереді;
2) бекітуге өтінім жасаған тұтыну нормативтерін жинақтайды және есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың аталған тұтыну нормативтерін бекіту үшін Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізеді;
3) есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымын жүзеге асыратын бақылаудағы заңды тұлғаларға қамтамасыз ету нормативтерін бөледі.
7. Қамтамасыз ету нормативін үлестік бөлу Тізімге енгізілген барлық есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорларға, сондай-ақ есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымын жүзеге асыратын заңды тұлғалар өтінім жасаған, құрамында аталған заттар бар өнімдерге қатысты жүзеге асырылады.

9-бап. Жаңа есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларды әзiрлеу
1. Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларды әзiрлеу қолда бар есiрткiлермен салыстырғанда неғұрлым тиiмдi, неғұрлым қауiпсiз және оңай бақыланылатын жаңа есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлар жасауды мақсат етедi.
2. Есiрткi және психотроптық дәрiлiк заттарды әзiрлеудi қызметтiң осы түрiне лицензиясы бар мемлекеттiк ғылыми-зерттеу мекемелерi жүзеге асырады. Медициналық және ғылыми мақсаттарда пайдалануға арналған жаңа ықтимал есiрткi және психотроптық дәрiлiк заттарды клиникаға дейiн және клиникада сынақтан өткiзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемелерi (ұйымдары) мен ғылыми-зерттеу институттарында жүзеге асырылады.
3. Медициналық және ғылыми мақсаттарда пайдаланылатын есiрткi, психотроптық заттарды, прекурсорларды тiркеу барлық дәрiлiк заттарға қолданылатын және нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген ережелерге сәйкес жүзеге асырылады.

10-бап. Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларды өндiру , дайындау, өңдеу
1. Қазақстан Республикасының аумағында медициналық қолдануға рұқсат етiлген есiрткi және психотроптық дәрiлiк заттарды өндiрудi , дайындауды, өңдеуді сол қызмет түрiне лицензиясы бар, денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен тiркелген заңды тұлғалар белгiленген мемлекеттiк квоталар шегiнде жүргiзедi.
2. Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлар өндiретiн , дайындайтын, өңдейтін заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен мiндеттi түрде тiркелуге тиiс.

11-бап. Дайындалған есiрткi және психотроптық заттарды буып-түю
1. Медициналық мақсаттарға пайдаланылатын есірткі және психотроптық заттардың әрбір сериясы үшін тұтыну бумаларын таңбалау бірыңғай болуға және Қазақстан Республикасының дәрілік заттар туралы заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес келуге тиіс.
2. Тiзiмде аталған заттар құрамында бар дәрiлiк заттарды таңбалау кезiнде осы заттардың атаулары және олардың салмақ бiрлiгiмен немесе процентпен алынған құрамы көрсетiледi.
3.
4. Есiрткi және психотроптық дәрiлiк заттардың буып-түйiлуi мен жазбалары сәйкес келуге тиiстi шарттар бұзылған жағдайда есiрткi және психотроптық заттар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес алынып қойылады.

12-бап. Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларды Қазақстан Республикасының аумағына әкелу, Қазақстан Республикасының аумағынан әкету және олардың Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитi
1. Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларды Қазақстан Республикасының аумағына әкелудi және Қазақстан Республикасының аумағынан әкетудi осы қызмет түрiне лицензиясы бар заңды тұлғалар жүзеге асырады.
2. Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларды әкелу және әкету мемлекеттiк шекара мен кеден шекарасынан өткен кезде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен берілетін лицензия және сәйкестікті растау саласындағы тиісті құжат көрсетiлген жағдайда жүзеге асырылады.
Басқа заңды тұлғаның есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымы саласындағы аталған қызметке лицензиясы болуына қарамастан, оған әкелу мен әкетуге берiлген лицензияны беруге болмайды.
3. Жүктiң әрбiр тобына есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларды әкетуге арналған лицензияның куәландырылған көшiрмесi қоса берiледi, ол да жүк апарылатын елдiң үкiметiне жiберiледi.
4. Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларды Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және Қазақстан Республикасының аумағынан әкету есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларды импорттаушылар мен экспорттаушылардың арасында әкелу және әкету сертификаттарын алмасу арқылы экспорт сертификатына нақты тобының түскенi туралы және әкелу немесе әкету операциясының аяқталғаны туралы белгi қойыла отырып, жүзеге асырылады.
5. Егер есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлардың әкелiнiп (әкетiлiп) отырған нақты мөлшерi лицензияда көрсетiлген мөлшерге сәйкес келмесе, бұл туралы мәлiметтер әкелiнген (әкетiлген) елдiң тиiстi құзыреттi органына хабарланады.
6. Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларды әкелудi (әкетудi) жүзеге асыратын кәсiпорындардың атаулары мен мекен-жайлары, осы заттардың тiзбесi мен мөлшерi дәл көрсетiлмейiнше, есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларды Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге және Қазақстан Республикасының аумағынан әкетуге тыйым салынады.
7. Қазақстан Республикасының аумағы арқылы есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар транзитін заңды тұлғалар есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымы саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган берген рұқсат негізінде, сондай-ақ осы Заңның 28-бабында көзделген жағдайларда жүзеге асырады.
Есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар транзитін жүзеге асыру жағдайлары Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен айқындалады.
8. Осы бапта белгiленген талаптар бұзылған жағдайда есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тәркiленуге тиiс. Тәркiленген есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларды одан әрi пайдаланудың немесе жоюдың тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгiленедi.

13-бап. Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларды тасымалдау, жөнелту
1. Халықаралық тасымалдауды қоса алғанда, есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларды тасымалдау, сондай-ақ осы үшiн қажеттi құжаттарды ресiмдеу тәртiбi Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiмен реттеледi.
2. Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлар бар жүктi тасымалдауды iшкi iстер органдарымен келiсе отырып, әскерилендiрiлген күзет немесе басқа күзет қызметтерi жүзеге асырады.
3. Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларды Қазақстан Республикасының аумағында тасымалдауды жүзеге асыру құқығы заңды тұлғаларға есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымы саласындағы осы қызмет түрiне тиiстi лицензиялар алғаннан кейiн берiледi.
4. Емделу кезiнде құрамында есiрткi немесе психотроптық заттар бар дәрi-дәрмектердi пайдаланатын азаматтардың мұндай дәрiлердi сатып алудың заңдылығын растайтын құжаты болуға тиiс. Мұндай құжаттың нысанын есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымы саласындағы уәкілетті органмен келісе отырып, денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган белгiлейдi.
5. Есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорларды почта, соның iшiнде халықаралық почта жөнелтiлiмдерiмен жiберуге тыйым салынады.

14-бап. Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларды сақтау
1. Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларды сақтау Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен осы қызмет түрiне берiлген лицензияның негiзiнде арнайы жабдықталған үй-жайларда жүзеге асырылады.
2. Осы Заңда белгiленген шектеулер заңсыз айналымнан алынған және Қазақстан Республикасының уәкiлеттi органдары белгiлеген тәртiппен сақтаулы тұрған есiрткi, психотроптық заттарға, сол тектестер мен прекурсорларға қолданылмайды.

15-бап. Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларды сату және бөлу
1. Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларды сатуды және бөлудi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес осы қызмет түрлерiне берiлген лицензиясы болған кезде заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен жүзеге асырады.
2. Азаматтарға құрамында есiрткi , психотроптық заттар мен прекурсорлар бар дәрiлiк препараттарды босату тәртiбiн денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган белгiлейдi.
3. Азаматтарға құрамында есiрткi, , психотроптық заттар мен прекурсорлар бар дәрiлiк препараттар осындай қызмет түрiне лицензиясы бар дәрiхана және емдеу-профилактикалық ұйымдарында ғана босатылады. Азаматтарға құрамында есiрткi , психотроптық заттар мен прекурсорлар бар дәрiлiк препараттарды босату құқығы берiлген лауазымдар мен ұйымдар тiзбесiн есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi органмен және ветеринария саласындағы уәкiлеттi органмен келiсiм бойынша белгiлейдi.
4. Құрамында есірткі психотроптық заттар мен прекурсорлар бар дәрiлiк препараттар азаматтарға рецепт бойынша ғана тек медициналық мақсатта пайдалану үшiн, оларды осы мақсаттарға пайдалануға лайықты нысандар мен мөлшерде тағайындалады және босатылады.
5. Денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган Тiзiмге енгiзiлген, медициналық мақсаттарда пайдаланылып жүрген құрамында есiрткi , психотроптық заттар мен прекурсорлар бар дәрiлiк препараттарды ең ұзақ тағайындалу мерзiмiн, сондай-ақ олардың бiр рецепт бойынша жазып беру мен босатуға болатын мөлшерiн белгiлейдi.
6.2006.02.03 № 130-III ҚР Заңымен алып тасталды

16-бап. Есiрткi және психотроптық заттарды медициналық мақсатта пайдалану
1. Қазақстан Республикасында бақылау жасалуға тиiстi есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар Қазақстан Республикасының Yкіметі белгiлеген тәртiппен медициналық мақсатта пайдаланылуы мүмкiн.
2. Тiзiмге енгiзiлген, медициналық мақсатта пайдалануға рұқсат етiлген дәрiлiк заттарға Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген барлық дәрiлiк заттарға қолданылатын ережелер, егер бұл ережелер осы Заңға қайшы келмесе, таралады.
3. Тiзiмге енгiзiлген есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорларды медициналық мақсатта қолдану Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкес жүзеге асырылады.
4. Денсаулық сақтау ұйымдары мен дәрiхана ұйымдарында есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымына бақылау жасауды денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
5. Тiзiмге енгiзiлген құрамында есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар бар дәрiлiк препараттарды қолдану құқығы азаматтық мақсаттағы санитариялық көлiкке қолданылады. Аталған құқықты азаматтық мақсаттағы көлiктiң басқа түрлерiнде заңсыз iске асыру Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жауаптылыққа әкеп соғады.
6. Оқыс оқиғаларда алғашқы медициналық көмек көрсету үшін ғана пайдаланылатын құрамында есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар бар, Тізімге енгізілген дәрілік препараттар:
1) азаматтық мақсаттағы көлікте;
2) тактикалық сабақтарға (жүзу ауданына) және даладағы (теңіздегі) оқу-жаттығуларына шығу кезінде әскери машиналарда (кемелерде);
3) ұшу кезінде ұшу аппараттарындағы ұшқыштың дәрі қобдишасында;
4) мемлекеттік мекемелердің, Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың шұғыл көмек шкафтарында (қаттағыштарында) болуы мүмкін.
Оларды қолдануға рұқсатты және есепке алу тәртібін есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымы саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгіленді.
7. Осы баптың 6-тармағында аталған рұқсатта бұл дәрiлiк заттарды орынсыз пайдалануға және олардың заңсыз жолдармен таралып кетуiне жол бермеу мақсатында қолданылуы тиiс шаралар белгiленедi. Рұқсатта экипаж құрамынан осы дәрiлiк заттар сенiп тапсырылатын адамдар, олардың сақталу шарттары, оларды босатудың, алмастырудың тiркелуi, сондай-ақ оларды пайдалану туралы есеп берудiң кезеңдерi көрсетiледi.
8. Дәрiлiк препараттарды осы баптың 7-тармағына сәйкес оқыс оқиғалар мен төтенше жағдайларда пайдалану осы Заңның азаматтарға есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорларды босатудың тәртiбi туралы ережелерiн бұзу деп қаралмайды.

17-бап. Есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорларды мал дәрiгерлiгiнде пайдалану
1. Мал дәрiгерлiгiнде, сондай-ақ жануарларды аулау үшiн пайдаланатын есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
2. Есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорларды мал дәрiгерлiгiнде пайдалану шарты мен тәртiбiн ветеринария саласындағы уәкiлеттi органмен келiсiм бойынша есiрткi, психотроптық заттар және прекурсорлардың айналымы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлейдi.

18-бап. Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларды ғылым және оқу мақсаттарында пайдалану
Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларды ғылым және оқу мақсаттарында пайдалану есiрткi және психотроптық заттар мен прекурсорларды пайдалануға байланысты қызметке лицензия алған заңды тұлғаларға осы лицензияда дәл көрсетiлген мөлшерде рұқсат етiледi.

19-бап. Есiрткi және психотроптық заттарды, прекурсорларды сараптама және криминалистика қызметiнде пайдалану
Осы Заңның 18-бабында көрсетiлген лицензиясы бар заңды тұлғаларға Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген сот-сараптама қызметiн жүзеге асырудың өзге де талаптары сақталған жағдайда есiрткi заттар мен прекурсорларды пайдалана отырып не соңғысын анықтау үшiн сараптама жүргiзуге рұқсат етiледi. Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларды пайдалана отырып не соңғыларын анықтау үшiн сот сараптамасы мемлекеттiк органының сараптама жүргiзуі, сондай-ақ iшкі iстер және ұлттық қауіпсiздік органдарының жедел-криминалистiк бөлiмшелерiнiң криминалистiк зерттеулер жүргiзуi лицензиялаусыз жүзеге асырылады

20-бап. Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларды жедел-iздестiру қызметiнде пайдалану
Жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асырушы органдарға есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларды сатып алу мен жұмсаудың тәртiбiн көздейтiн Қазақстан Республикасы заңдарына және заңға орай шығарылатын нормативтiк құқықтық актiлерге сәйкес жедел-iздестiру шараларын жүргiзу кезiнде, сондай-ақ олардың заңсыз айналымына қарсы күрестi жүзеге асырушы қызметкерлер мен адам құрамының арнайы даярлығы және қызмет иттерiн үйрету үшiн пайдалануға рұқсат етiледi.

21-бап. Есiрткiнi, психотроптық заттар мен прекурсорларды жою
1. Айналымда одан әрi пайдалану орынсыз деп танылған есірткі заттар, психотроптық заттар, прекурсорлар мен құрамында есірткі заттар бар өсiмдiк тектес заттар, сондай-ақ аспаптар мен жабдықтар Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген тәртiппен жойылуға тиiс.
2. Есiрткiнi, психотроптық заттар мен прекурсорларды жою:
1) есірткiнiң, психотроптық заттар мен прекурсорлардың жарамдылық мерзiмi өткен;
2) есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлар химиялық немесе физикалық әсерге ұшырап, соның салдарынан қайта қалпына келтiру немесе қайта өңдеу мүмкiндiгiнен айрылып, жарамсыз болған;
3) тәркiленген, табылып заңсыз айналымнан шығарылып тасталған есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлардың медициналық, ғылыми немесе өзге де құндылығы болмаған және қайта өңделмейтiн жағдайларда, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда жүзеге асырылуы мүмкiн.
3. Құрамында есiрткi және психотроптық заттар бар өсiмдiктердi өсiруге және жинауға лицензиясы жоқ кез келген заңды тұлға, осы өсiмдiктер өсетiн жер учаскелерiнiң иелерi немесе пайдаланушылары болып табылатын азаматтар оларды жоюға мiндеттi.
4. Осы баптың 3-тармағының талаптарын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.

22-бап. Құрамында есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлар бар өсiмдiктердi өсiру мен жинау
1. Құрамында есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар бар өсімдіктерді өсіру мен жинауға және оларды өнеркәсіптік, медициналық, оқу және ғылыми мақсаттар үшін пайдалануға қызметтің осы түріне лицензиясы бар заңды тұлғаларға Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген мемлекеттік квотадан аспайтын көлемде рұқсат беріледі.
2. Қазақстан Республикасының аумағында есiрткiлiк дәрiлiк заттар дайындау мақсатында апиын көкнәрiн, кокаин бұтасы мен каннабис (сора) өсiруге және жинауға осы Заңның 18-бабында көзделгеннен басқа жағдайларда тыйым салынады.
3. Қазақстан Республикасының аумағында құрамында есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлар бар басқа да өсiмдiктердi өсiру мен жинауға тыйым салу туралы шешiмдi Қазақстан Республикасының Үкiметi қабылдайды.
4. Құрамында есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлар бар өсiмдiктердi өсiру мен жинауға лицензия берудiң және оларды тек қана өнеркәсіптік, оқу, ғылыми және медициналық мақсаттарда пайдалану тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.

23-бап. Прекурсорлар айналымының тәртiбi
1. Тiзiмге енгiзiлген прекурсорларды әзiрлеу, өндiру, өңдеу, сақтау, тасымалдау, жөнелту, сату, бөлу, сатып алу, пайдалану, Қазақстан Республикасының аумағына әкелу, Қазақстан Республикасының аумағынан әкету, олардың Қазақстан Республикасының аумағы арқылы өткелi осы Заңмен және Қазақстан Республикасының соған сәйкес қабылданатын прекурсорлар, сондай-ақ есiрткi және психотроптық заттарды өндiру үшiн пайдаланылатын аспаптар мен жабдықтар туралы нормативтiк құқықтық актiлермен реттеледi.
2. Заңды тұлғаларға өздерiнiң өндiрiстiк мұқтаждарынан артық мөлшердегi прекурсорларды сақтауға тыйым салынады.
3. Бөлшек сауда жасайтын заңды тұлғаларға прекурсорларды көтерме сатуға тыйым салынады.
4. Тiзiмге енгiзiлген заттардың бiрi заңсыз түрде есiрткi заттарын немесе психотроптық заттарды дайындау мақсатында пайдалануға арналғандығына дәлелдер болған жағдайда, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес оны одан әрi пайдалану туралы сот шешiм қабылдағанға дейiн оған дереу тыйым салынады.

24-бап. Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымы саласындағы насихатқа тыйым салу және жарнаманы шектеу
1. Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларды насихаттауға, яғни заңды және жеке тұлғалардың есiрткi, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларын әзiрлеу, дайындау және пайдалану әдiстерi мен тәсiлдерi туралы, оларды сатып алатын орындар туралы мәлiметтердi таратуға бағытталған қызметiне, сондай-ақ кiтап өнiмдерiн, бұқаралық ақпарат құралдары өнiмдерiн шығару мен таратуға, компьютер желiлерiнде аталған мәлiметтердi таратуға немесе осы мақсатта басқа да әрекеттер жасауға тыйым салынады.
2. Тiзiмге (II, III кестелер) енгiзiлген есiрткi мен психотроптық заттарды жарнамалау медицина және фармацевтика қызметкерлерiне арналған арнайы баспасөз басылымдарында ғана жүзеге асырылуы мүмкiн. Есiрткi немесе психотроптық заттары бар дәрi-дәрмек препараттары үлгiлерiн жарнамалау мақсатында таратуға тыйым салынады.
3. Осы бапта белгiленген нормаларды бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа соқтырады.

25-бап. Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымына және терiс пайдаланылуына қарсы iс-қимыл шаралары
1. Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымына және олардың терiс пайдаланылуына қарсы iс-қимыл ұйымдастыру Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн тиiстi мемлекеттiк бағдарламалар негiзiнде жүзеге асырылады.
2. Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымына қарсы күрестi өздерiне берiлген өкiлеттiктер шегiнде Қазақстан Республикасының тиiстi уәкiлеттi органдары жүзеге асырады.
3. Есiрткi, психотроптық заттардың, прекурсорлардың заңсыз айналымына және олардың терiс пайдаланылуына қарсы күрестi үйлестiрудi есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымы саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган жүзеге асырады.

26-бап. Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымынан түскен табысты заңдастыру үшін жауаптылық және пайдалану
Табысты заңдастыру: есiрткi, психотроптық заттардың, сол тектестердiң және прекурсорлардың заңсыз айналымынан алынған ақшалай қаражаттың немесе өзге мүлiктiң не мүлiкке құқықтың көздерi мен шығу тегiн, тұрған, орналасқан, қозғалыстағы жерiн немесе шын мәнiнде кiмдiкi екенiн жасыру немесе бұрмалау, сондай-ақ осындай ақшалай қаражатты немесе өзге мүлiктi кәсiпкерлiк немесе өзге экономикалық қызметпен шұғылдану үшiн пайдалану; есiрткi психотроптық заттардың, сол тектестердiң немесе прекурсорлардың заңсыз айналымынан түскен ақша қаражатын меншiк нысандарына қарамастан, банкiлерде, кәсiпорындарда және басқа құрылымдарда орналастыру немесе осындай қаражатқа өндiру және басқа да қажеттер үшiн жабдықтар сатып алу, немесе мұндай қаражат пен мүлiктi, есiрткiнiң, психотроптық заттардың, сол тектестердiң немесе прекурсорлардың заңсыз айналымын жалғастыру мақсатымен пайдалану заңды және жеке тұлғалардың Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылығына апарып соғады.

27-бап. Көлiк құралдарын, жүктердi және азаматтардың жеке заттарын тексеру
1. Көлiк құралын, ондағы жүктi, жүргiзушi мен жолаушылардың жеке заттарын тексерудi Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарына сәйкес мемлекеттiк органдардың (мемлекеттiк органдардың бөлiмшелерiнiң) осыған уәкiлеттi лауазымды адамдары жүзеге асырады.
2. Есiрткi, психотроптық заттарға, сол тектестерге немесе прекурсорларға жатады деген күдiк тудыратын заттар табылған кезде және одан әрi тексеру қажет болса, сондай-ақ жүргiзушiде немесе жолаушыларда есiрткiге мас болу белгiлерi байқалса, көлiк пен аталған адамдар қажеттi мән-жайларды анықтау үшiн құқық қорғау органдарына жеткiзiлуi мүмкiн.
3. Көлiктi, ондағы жүктi, жүргiзушi мен жолаушыларды негiзсiз тексерген, сондай-ақ аталған адамдар мен көлiктi құқық қорғау органдарына негiзсiз алып барған жағдайда, мұндай адамдар өзiне келтiрiлген материалдық және моральдық залалды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес толық өтеттiрiп алуға құқылы.

28-бап. Бақыланатын жеткiзу
1. Қазақстан Республикасының жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асыру құқығы берiлген уәкiлеттi органдары есiрткi, психотроптық заттардың, сол тектестердiң, прекурсорлардың заңсыз айналымының көздерi мен жолдарын, сондай-ақ оған қатысушы адамдарды анықтау мақсатында, әрбiр жекелеген жағдайда шет мемлекеттерiнiң тиiстi органдарымен уағдаластық бойынша немесе халықаралық шарттар негiзiнде бақыланатын жеткiзу әдiсiн пайдалануы, яғни осы органдардың бақылауымен есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестер мен прекурсорларды мемлекет аумағына әкелуге немесе шетелге әкетуге, бiр мемлекет арқылы өткiзуге жол беруi мүмкiн.
2. Бақыланатын жеткiзу мемлекет аумағы шегiнде жүзеге асырылатын есiрткi, психотроптық заттар, сол тектестер мен прекурсорларды заңсыз тасымалдауға және жөнелтуге қатысты да пайдаланылуы мүмкiн.
3. Бақыланатын жеткiзу iсiн жүргiзу тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарымен және халықаралық шарттармен белгiленедi.

29-бап. Бақылау мақсатында сатып алу
1. Есірткінің, психотроптық заттардың, сол тектестер мен прекурсорлардың заңсыз айналымына байланысты қылмыстық әрекетке дәлелдер алу үшін жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын орган қызметкерлерінің өз құзыреті шегінде есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестер мен прекурсорларды бақылау мақсатында сатып алуды жүргізуге құқығы бар.
2. Бақылау мақсатында сатып алуды жүргізудің тәртібі Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде айқындалады.

30-бап. Заңды тұлғаны тарату
1. Азаматтар жаппай болатын жерлерде қызмет көрсететiн ұйымдарда есiрткi, психотроптық заттардың, сол тектестер мен прекурсорлардың заңсыз айналымы фактiлерi туралы мәлiметтер анықталған жағдайда мұндай ұйым соттың шешiмi бойынша тартылуға тиiс, ал кiнәлi адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапқа тартылады.
2. Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымы нәтижесiнде алынған кiрiстердi заңдастыру (iзiн жасыру) мақсатында заңды тұлғаның қаржы операциясын жүзеге асыру фактiсi анықталған жағдайда аталған заңды тұлға сот шешiмi бойынша таратылуы мүмкiн, ал оның басшылары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
3. Есiрткi, психотроптық заттардың, сол тектестердiң және прекурсорлардың заңсыз айналымына қарсы iс-қимылды жүзеге асыруға уәкiлеттi мемлекеттiк органдар, осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген жағдайларда, Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен сотқа заңды тұлғаны тарату туралы талап-арыз қоюға құқылы.

31-бап. Есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестердi, прекурсорларды тәркiлеу
1. Заңсыз айналымдағы есiрткi, психотроптық заттар, сол тектестер, прекурсорлар, оларды заңсыз әзiрлеуге пайдаланылатын заттар, аспаптар мен жабдықтар, сондай-ақ есiрткi, психотроптық заттар, сол тектестер, прекурсорлардың заңсыз айналымына пайдаланылатын мүлiк пен ақша қаражатын не олардың заңсыз айналымы нәтижесiнде алынған табыс тәркiленуге және заңда белгiленген тәртiппен мемлекет кiрiсiне алынуға тиiс.
2. Заңсыз айналымда пайдаланылған, тәркiлеуге жататын, заңды айналымда әрi қарай қолдану соттың шешiмi бойынша жөнсiз деп танылған есiрткi, психотроптық заттар, сол тектестер мен прекурсорлар, сондай-ақ оларды әзiрлеуге арналған заттар, аспаптар мен жабдықтар заңда белгiленген тәртiппен жойылуға тиiс.

3-тарау. Нашақорлықпен және уытқұмарлықпен ауыратын
адамдарға медициналық-санитариялық көмек көрсету

32-бап. Есiрткi, психотроптық заттарды және сол тектестердi тұтынатын адамдарды анықтау
1. Қазақстан Республикасының iшкi iстер органдары мен өзге де уәкiлеттi мемлекеттiк органдарына немесе денсаулық сақтау органдарына ұйымдардан немесе жекелеген азаматтардан, есiрткi немесе психотроптық заттарды немесе сол тектестердi заңсыз тұтынады не есiрткiге етiлген күйде деген хабарлама түскен адам медициналық куәландырылуға тиiс.
2. Есiрткi немесе психотроптық заттарды немесе сол тектестердi заңсыз тұтыну фактiсi куәлардың айғақтары негiзiнде, сондай-ақ есiрткiге елту белгiлерi және медициналық куәландыру нәтижелерi болған жағдайда, сондай-ақ тексерiлетiн адам организмiнде есiрткi немесе психотроптық заттардың немесе сол тектестердiң бар-жоғына сынақ жүргiзу негiзiнде анықталады.
3. Есiрткi немесе психотроптық заттарды немесе сол тектестердi заңсыз тұтыну салдарынан есiрткiге елту фактiсiн анықтау медициналық куәландыру (тексеру) жүргiзу жөнiндегi мiндет жүктелген дәрiгердiң ғана құзыретi болып табылады, ал "нашақорлық" диагнозын дәрiгерлiк-консультациялық комиссия анықтайды.
4. Есiрткi, психотроптық заттарды немесе сол тектестердi заңсыз тұтынатын адамдарды анықтау мен есепке алу тәртiбi денсаулық сақтау, iшкi iстер мәселелерiн реттейтiн органдардың, Қазақстан Республикасының өзге де уәкiлеттi органдардың нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленедi.

33-бап. Есiрткiнi, психотроптық заттарды немесе сол тектестердi шектен тыс пайдаланатын адамдарды медициналық куәландыру және медициналық тексеру
1. Медициналық куәландыру - құқық қорғау органдары қызметкерлерiнiң жолдамасы бойынша, ал медициналық тексеру нарколог-дәрiгердiң жолдамасы бойынша жүргiзiледi. Медициналық куәландырудан немесе медициналық тексеруден жалтаратын адам наркологиялық мекемеге әкелiнуге тиiс.
2. Медициналық куәландыру мен медициналық тексеру жүргiзу тәртiбi Қазақстан Республикасының уәкiлеттi органдарының нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленедi.

34-бап. Нашақорлықпен және уытқұмарлықпен ауыратын адамдарды мәжбүрлеп емдеу
Ерiктi түрде емделуден жалтаратын нашақорлықпен, уытқұмарлықпен ауыратын адамдарды мәжбүрлеп емдеу мәселелерi, адамды нашақорлықпен немесе уытқұмарлықпен ауру деп тану тәртiбi және оны мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемесiне емдеуге жiберудiң негiздерi, мәжбүрлеп емдеудi тоқтатудың негiзi мен тәртiбi, нашақорлықпен және уытқұмарлықпен ауыратындарды есепке алу және демеп емдеудi жүргiзу тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарымен реттеледi.

35-бап. Нашақорлықпен, уытқұмарлықпен ауыратын адамдарға наркологиялық көмек көрсету принциптерi
1. Нашақорлықпен, уытқұмарлықпен ауыратындарға медициналық-санитариялық көмек наркологиялық кеселдердiң алдын алуды, азаматтарды тексеруден өткiзудi, ауытқуларға диагноз қоюды, наркологиялық кеселдерден зардап шегетiн адамдарды емдеудi, күтудi, медициналық-әлеуметтiк оңалтуды қамтиды және Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
2. Нашақорлықпен, уытқұмарлықпен ауыратын адамдарға мемлекет медициналық-санитариялық көмек көрсетуге кепiлдiк бередi және ол заңдылық, адамгершiлiк және адам мен азаматтың құқықтарын сақтау принциптерi негiзiнде жүзеге асырылады.
3. Адам наркологиялық мекемеге медициналық көмек сұрап, ерiктi түрде өтiнiш бiлдiрген кезде нашақорлықпен, уытқұмарлықпен ауыратын адамға медициналық-санитариялық көмек көрсетiледi. Кәмелетке толмаған, сондай-ақ заңдар белгiленген тәртiппен әрекетке қабiлетсiз деп танылған адамға наркологиялық көмек олардың ата-аналарының, асырап алушыларының немесе қамқоршыларының келiсiмi бойынша Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен көрсетiледi.
4. Өз еркiмен емделуден жалтаратын нашақорлықпен немесе уытқұмарлықпен ауырған адамдар Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен денсаулық сақтау жүйесiнiң мамандандырылған емдеу-алдын алу мекемелерiнде мәжбүрлеп емделуге тиiс.
5. Қылмыс жасаған, нашақорлықпен немесе уытқұмарлықпен ауыратын адамдарға медициналық-санитариялық көмек Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген негiздер мен тәртiп бойынша көрсетiледi.
6. Ерiктi стационарлық емдеу кезеңiнде ауру адамға - жұмысқа жарамсыздық қағазы, ал емделу аяқталғаннан кейiн оның өтiнiшi бойынша емдеу мақсаты көрсетiлген анықтама берiледi.
7. Емдеу курсынан өту үшiн наркологиялық мекемеге өз еркiмен келген адамға оның өтiнiшi бойынша жасырын емдеу қамтамасыз етiледi. Ондай емдеу туралы мәлiмет ол адам қылмыстық және әкiмшiлiк жауапқа тартылған жағдайда, тек iшкi iстер органдары мен өзге де арнаулы уәкiлеттi мемлекеттiк органдарға ғана берiлуi мүмкiн.
8. Нашақорлықпен ауыратын адамдарға көмек көрсететiн жеке адамдардың (наркологтардың, адвокаттардың және т.б.) қызметтерiне ақы азаматтардың өз қаражаты немесе қайырымдылық есебiнен төленедi.

36-бап. Нашақорлықпен, уытқұмарлықпен ауыратын адамдарға медициналық-санитариялық көмек көрсетуге құқығы бар заңды және жеке тұлғалар
1. Қазақстан Республикасында нашақорлықпен, уытқұмарлықпен ауыратын адамдарға медициналық-санитариялық көмек көрсетуге осы қызметпен айналысуға тиiстi лицензиясы бар заңды және жеке тұлғалардың ғана құқығы бар.
2. Нашақорлықпен, уытқұмарлықпен ауыратын адамдарға медициналық-санитариялық көмек көрсету жөнiндегi қызметке лицензия беру тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.
3. Нашақорлықпен, уытқұмарлықпен ауыратын адамдарға наркологиялық ұйымдар немесе нарколог-дәрiгерлер көрсететiн медициналық-санитариялық көмектiң түрлерi жарғылық құжаттар мен лицензияларда көрсетiледi. Олар туралы ақпарат тiлек бiлдiрушiлердiң бәрiне берiледi.

37-бап. Наркологиялық көмектi қаржыландыру
Нашақорлықпен, уытқұмарлықпен ауыратын адамдарға медициналық-санитариялық көмек көрсететiн мемлекеттiк ұйымдарды қаржыландыру бюджет қаражатының, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн өзге де көздердiң есебiнен жүзеге асырылады.

4-тарау. Қорытынды ережелер

38-бап. Есірткі, психотроптық заттар мен пркурсорлар айналымы саласындағы бұзылушылықтар үшін жауаптылық
Есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымы саласындағы бұзушылықтар үшін жауаптылық Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленеді.
Әкімшілік және қылмыстық жауапқа тартқан жағдайда Қазақстан Республикасында бақылау жасалуға тиісті есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар тізімі және Заңсыз айналымда жүргені анықталған есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорларды шағын, ірі және өте ірі мөлшерге жатқызу туралы жиынтық кесте қолданылады (1, 2-қосымшалар).

Қазақстан Республикасының
Президентi
Н. Назарбаев