Қазақстан Республикасының Заңы Жеке кәсіпкерлік туралы


(2010.30.06. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)

1-тарау. Жалпы ережелер
(1-5-баптар)
2-тарау. Жеке кәсіпкерлік субъектілері және олардың жұмыс iстеу жағдайлары

(6-13-баптар)
3-тарау. Мемлекеттік органдардың жеке кәсіпкерлікті дамыту мен қолдау саласындағы құзыретi

(14-17-баптар)
4-тарау. Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау
(18-23-баптар)
5-тарау. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктерінқұру және олардың нормативтік құқықтық актілерге сараптама жасауға қатысуы

(24-26-баптар)
6-тарау. Жеке кәсіпкерлік субъектілерін тіркеу және тарату
(27-28-баптар)
7-тарау. Мемлекеттік әкімшілік ету
(29-36-баптар)
8-тарау. Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік бақылау

(37-41-баптар)
9-тарау. Мемлекеттік бақылауды, лицензиялауды жәнеаккредиттеуді жүзеге асыру кезінде мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың жауаптылығы

(42-44-баптар)
10-тарау. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің жауаптылығы
(45-49-баптар)
11-тарау. Қорытынды ережелер
(50-51-баптар)

Осы Заң жеке және мемлекеттік емес заңды тұлғалардың жеке кәсіпкерлікті жүзеге асыруына байланысты туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді, Қазақстан Республикасындағы жеке кәсіпкерліктің еркіндігін қамтамасыз ететін негізгі құқықтық, экономикалық және әлеуметтік жағдайлар мен кепілдіктерді айқындайды.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) бизнес-инкубатор – шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң қалыптасуы кезеңiнде өндiрiстiк үй-жайлар, жабдық беру, ұйымдық, құқықтық, қаржылық, консалтингiлiк және ақпараттық қызметтер көрсету жолымен оларды қолдау үшiн құрылатын заңды тұлға;
2) бизнестің әлеуметтік жауаптылығы – жеке кәсіпкерлік субъектілерінің әлеуметтік, экономикалық және экологиялық салаларда қоғамды дамытуға қосқан ерікті үлесі;
3) дара кәсіпкер – дара кәсіпкерлікті заңды тұлға құрмастан жүзеге асыратын және осы Заңның 6-бабының 3 және 7-тармақтарында көрсетілген критерийлерге сай келетін Қазақстан Республикасының азаматы немесе оралман;
4) дара кәсiпкерлiк - жеке тұлғалардың кiрiс алуға бағытталған, жеке тұлғалардың өздерiнiң меншiгiне негiзделген және жеке тұлғалардың атынан олардың тәуекелi үшін және мүлiктiк жауапкершiлiгiмен жүзеге асырылатын бастамашылық қызметi;
5) жеке кәсiпкерлiк - жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң кiрiс алуға бағытталған, жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң өздерiнiң меншiгiне негiзделген және жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң атынан олардың тәуекелiмен және мүлiктiк жауапкершiлiгiмен жүзеге асырылатын бастамашылық қызметi;
6) жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік бақылау – мемлекеттiк органдардың өз құзыретi шегiнде жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасы заңдарының және Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулыларының талаптарын сақтауын қамтамасыз етуге бағытталған қызметi;
7) жеке кәсiпкерлiктi мемлекеттiк қолдау - Қазақстан Республикасында кәсiпкерлiк бастаманы iске асыру үшiн жеке кәсiпкерліктi дамытуды ынталандыру, қолайлы құқықтық, экономикалық және әлеуметтiк жағдайлар жасау жөнiндегi мемлекеттiк шаралар кешенi;
8) жеке кәсiпкерлiктiң инфрақұрылымы - өз iсiн ұйымдастыруға жәрдемдесудi, құқық, маркетинг, инжиниринг және менеджмент саласындағы ақпаратпен қамтамасыз етудi, коммерциялық негiзде материалдық-техникалық, қаржылық және басқа да ресурстармен қамтамасыз етуде қолдауды қоса алғанда, жеке кәсiпкерлiктiң жұмыс істеуі мен дамуының жалпы шарттарын қамтамасыз ететiн, құрылатын немесе жұмыс iстеп тұрған ұйымдар кешенi;
9) жеке кәсiпкерлiк субъектiлерi - кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын жеке және мемлекеттiк емес заңды тұлғалар;
10) жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң бiрлестiгi - жеке кәсiпкерлiк субъектiлерi өздерінің кәсіпкерлік қызметін үйлестіру, сондай-ақ жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң құқықтарын, заңды мүдделерiн білдіру және қорғау қорғау үшiн құратын коммерциялық емес ұйым;
11) жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң бiрлестiктерiн аккредиттеу - кәсiпкерлiк мәселелерi жөнiндегi сараптамалық кеңестерде жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң мүдделерiн бiлдiруге белгiленген критерийлерге жеке кәсiпкерлiк субъектiлерi бiрлестiктерiнiң сәйкестiгiн тиiстi мемлекеттiк органдардың тануы;
12) индустриялық аймақ - коммуникациялармен қамтамасыз етiлген, мемлекет жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiне өнеркәсiп объектiлерiн орналастыру және пайдалану үшiн Қазақстан Республикасының Жер кодексiнде және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгiленген тәртiппен беретiн ауыл шаруашылығы мақсатындағы емес жер;
13) кәсiпкерлiк жөнiндегi уәкiлеттi орган - жеке кәсiпкерлiктi дамыту саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
14) кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптамалық кеңес (бұдан әрі – сараптамалық кеңес) - орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы және өкілді органдар жанынан:
жеке кәсіпкерлік мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің жобаларына жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктерінен және мүдделі коммерциялық емес ұйымдардан сараптамалық қорытындылар алу;
жеке кәсіпкерлікті қолдау және қорғау, оның ішінде әкімшілік кедергілерді жою мақсатында мемлекеттік органдардың қызметін жетілдіру туралы ұсыныстарды талдап-әзірлеу жөніндегі жұмысты ұйымдастыру үшін құрылатын консультативтік-кеңесші орган;
15) келушiлер мен тексерулердi есепке алу кiтабы – мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдарының тексеру (бақылау) жүргiзу фактiсi туралы лауазымын, тегiн және тексеру нысанасын көрсете отырып, мiндеттi түрде белгi қою үшiн уәкiлеттi орган белгiлеген үлгiдегi журнал;
16) коммерциялық құпия - жеке кәсiпкерлiк субъектiсi айқындайтын және қорғайтын, заңды негiзде еркiн қол жеткiзуге адамдардың шектеулi тобы ие болатын, жариялануы, алынуы, пайдаланылуы оның мүдделерiне залал келтiруi мүмкiн ақпарат;
17) шағын кәсiпкерлiктi қолдау орталықтары - оқытуды, ақпараттық қамтамасыз етудi, консультациялық және маркетингтiк қызметтер көрсетудi, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң жобаларына құқықтық, экономикалық және технологиялық сараптама жасауды жүзеге асыратын заңды тұлғалар.

2-бап. Қазақстан Республикасының жеке кәсіпкерлік туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының жеке кәсіпкерлік туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және Азаматтық кодекстен, осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгендерден өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
3. Жеке кәсіпкерліктің жекелеген түрлерін жүзеге асыру ерекшеліктері Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгіленеді.
4. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда, Қазақстан Республикасының жеке кәсіпкерлік туралы заңнамасы жеке кәсіпкерлік субъектілері болып табылмайтын жеке және заңды тұлғаларға қатысты мемлекеттік органдар жүзеге асыратын тексерулерге қолданылады.

3-бап. Жеке кәсіпкерлікті құқықтық реттеу шектерi
1. Жеке кәсіпкерлік Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгіленген негіздер бойынша ғана шектелуі мүмкін.
2. Жеке кәсіпкерлікті шектеу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекеттің айрықша құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша ғана орын алуы мүмкін.
3. Мемлекеттік органдардың жекелеген жеке кәсіпкерлік субъектілерінің артықшылық жағдайын белгілейтін нормативтік құқықтық актілер қабылдауына тыйым салынады.

4-бап. Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеудің негізгi мақсаты мен принциптерi
1. Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеудің негізгі мақсаты жеке кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау және мемлекеттің мүдделері мен тұтынушылардың құқықтарын қорғау болып табылады.
2. Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеудің негізгі принциптері:
жеке кәсіпкерлік еркіндігінің кепілдігі және оны қорғау мен қолдауды қамтамасыз ету;
кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға барлық жеке кәсіпкерлік субъектілерінің теңдігі;
жеке меншікке (жеке кәсіпкерлік субъектілерінің меншігіне) қол сұғылмауы мен оны қорғаудың кепілдігі;
Қазақстан Республикасында шағын кәсіпкерлікті дамытудың басымдығы;
жеке кәсіпкерліктің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің жобаларына сараптама жасауға жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қатысуы болып табылады.

5-бап. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердi
әзірлеудің және қабылдаудың ерекшеліктерi
1. Орталық мемлекеттік, жергiлiктi өкілді және атқарушы органдар жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң мүдделерiн қозғайтын нормативтiк құқықтық актiнiң жобасын сараптамалық қорытынды алу үшiн, оның ішінде осы жобаны мүдделі мемлекеттік органдармен келесі әрбір келісу кезінде түсіндірме жазбаны міндетті түрде тіркей отырып, сараптамалық кеңестер арқылы жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктеріне жiбередi.
Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актінің жобасына сараптамалық қорытынды ұсыну үшін мемлекеттік органдар белгілейтін мерзім жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктеріне жоба келіп түскен кезден бастап он жұмыс күнінен аз болмауға тиіс.
2. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актінің жобасына түсіндірме жазба нормативтік құқықтық актіні қолданысқа енгізуге байланысты жеке кәсіпкерлік субъектілері шығындарының азаюын және (немесе) көбеюін растайтын есептеу нәтижелерін міндетті түрде қамтуға тиіс.
3. Сараптамалық қорытындыларды мемлекеттік органдар белгілеген мерзімде мыналар:
республикалық деңгейде - жеке кәсіпкерлік субъектілері бірлестіктерінің одағы (қауымдастығы), шағын кәсіпкерлік жөніндегі республикалық бірлестік, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің республикалық салалық бірлестіктері;
облыстық деңгейде – жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң республикалық, облыстық бірлестіктерінің филиалдары, шағын кәсiпкерлiк жөнiндегi республикалық, облыстық бірлестіктердің филиалдары;
қалалық, аудандық деңгейлерде – жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң республикалық, облыстық, қалалық, аудандық бірлестіктерінің филиалдары, шағын кәсiпкерлiк жөнiндегi республикалық, облыстық, қалалық, аудандық бірлестіктердің филиалдары табыс етедi.
4. Сараптамалық қорытындылар жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктері мүшелерінің жинақталған пікірін білдіреді, ұсынымдық сипатта болады және оларды мемлекеттік орган қабылдағанға дейін нормативтік құқықтық актінің жобасына міндетті қосымшасы болып табылады.
Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктері сараптамалық қорытындыларды мемлекеттік тілде және орыс тілінде береді.
5. Мемлекеттік орган сараптамалық қорытындымен келіскен кезде нормативтік құқықтық актінің жобасына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізеді.
Мемлекеттік орган сараптамалық қорытындымен келіспеген жағдайда жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестігіне сараптамалық қорытындымен келіспеу себептерінің негіздемесі бар жауап жібереді.
Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктері нормативтік құқықтық актінің жобасы бойынша ескертпелері бар бір сараптамалық қорытынды ұсынған және осы бірлестік сараптамалық кеңестің отырысын өткізуді табанды түрде талап еткен жағдайда, осындай отырыстың өткізілуі міндетті болып табылады.
Бұл ретте сараптамалық кеңестің отырысы сараптамалық кеңес мүшелерін тікелей шақыру арқылы не нақты уақыт режимінде интернет-конференция өткізу арқылы өткізілуі мүмкін.
6. Жеке кәсіпкерліктің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актіні қолданысқа енгізу мерзімі жеке кәсіпкерлік субъектісіне қызметті Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленетін талаптарға байланысты жүзеге асыруға дайындалу үшін қажетті мерзімдер негізге алына отырып, белгіленуге тиіс.
Нормативтік құқықтық актілердің қолданысқа енгізілу тәртібі мен мерзімдері жеке кәсіпкерлік субъектілеріне залал келтірмеуге тиіс.
7. Осы бапта көзделген рәсімдер жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілерді қабылдаудың міндетті шарты болып табылады.
8. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің жобалары оларды тиісті органда немесе сарапшылық кеңестің отырысында қарағанға дейін бұқаралық ақпарат құралдарында, интернет-ресурстарды қоса алғанда міндетті түрде жариялануға (таратылуға) тиіс.

2-тарау.
ЖЕКЕ КӘСІПКЕРЛІК СУБЪЕКТІЛЕРІ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ЖҰМЫС IСТЕУ ЖАҒДАЙЛАРЫ

6-бап. Жеке кәсіпкерлік субъектілерi
1. Жеке кәсіпкерлік субъектісі болып табылатын заңды тұлға Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген ұйымдық-құқықтық нысанда ғана құрыла алады.
2. Жеке кәсіпкерлік субъектілері:
шағын кәсіпкерлік субъектілеріне;
орта кәсіпкерлік субъектілеріне;
ірі кәсіпкерлік субъектілеріне жатқызылуы мүмкін.
3. Заңды тұлға құрмаған, жұмыскерлерінің жылдық орташа саны елу адамнан аспайтын дара кәсіпкерлер және кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын, жұмыскерлерінің жылдық орташа саны елу адамнан аспайтын және жыл бойғы активтерінің орташа жылдық құны тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген алпыс мың еселенген айлық есептік көрсеткіштен аспайтын заңды тұлғалар шағын кәсіпкерлік субъектілері болып табылады.
4. Мыналарды:
есірткі заттарының, психотроптық заттардың және прекурсорлардың айналымымен байланысты қызметті;
акцизделетін өнімді өндіруді және (немесе) көтерме сатуды;
астық қабылдау пункттерінде астық сақтау жөніндегі қызметті;
лотереялар өткізуді;
ойын және шоу-бизнес саласындағы қызметті;
мұнай, мұнай өнімдерін, газ, электр және жылу энергиясын өндіру, қайта өңдеу және сату жөніндегі қызметті;
радиоактивті материалдардың айналымымен байланысты қызметті;
банк қызметін (не банк операцияларының жекелеген түрлерін) және сақтандыру нарығындағы қызметті (сақтандыру агентінің қызметінен басқа);
аудиторлық қызметті;
бағалы қағаздар нарығындағы кәсіби қызметтi;
кредиттiк бюролардың қызметiн жүзеге асыратын дара кәсiпкерлер мен заңды тұлғалар шағын кәсiпкерлiк субъектiлерi болып таныла алмайды.
5. Шағын кәсіпкерлік субъектілері жұмыскерлерінің жылдық орташа саны осы субъектінің филиалдарының, өкілдіктері мен басқа да оқшау бөлімшелерінің жұмыскерлерін қоса алғанда, барлық жұмыскерлері ескеріле отырып, айқындалады.
6. Осы баптың 3-тармағында белгіленген шарттардың бірі артық болып кеткен жағдайда, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне Қазақстан Республикасының заңнамасында шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін көзделген жеңілдіктер қолданылмайды.
7. Заңды тұлға құрмаған, жұмыскерлерінің жылдық орташа саны елу адамнан астам дара кәсіпкерлер және жеке кәсіпкерлікті жүзеге асыратын, жұмыскерлерінің жылдық орташа саны елуден астам, бірақ екі жүз елу адамнан аспайтын немесе жыл бойғы активтердің орташа жылдық құны тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген үш жүз жиырма бес мың еселенген айлық есептік көрсеткіштен аспайтын заңды тұлғалар орта кәсіпкерлік субъектілері болып табылады.
8. Жеке кәсіпкерлікті жүзеге асыратын, жұмыскерлерінің жылдық орташа саны екі жүз елу адамнан артық немесе жыл бойғы активтердің жалпы құны тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген үш жүз жиырма бес мың еселенген айлық есептік көрсеткіштен асатын заңды тұлғалар ірі кәсіпкерлік субъектілері болып табылады.

7-бап. Дара кәсіпкерлік
1. Дара кәсіпкерлік өзіндік немесе бірлескен кәсіпкерлік түрінде жүзеге асырылады.
2. Өзіндік кәсіпкерлікті бір жеке тұлға өзіне меншік құқығымен тиесілі мүлік негізінде, сондай-ақ мүлікті пайдалануға және (немесе) оған билік етуге жол беретін өзге де құқыққа орай дербес жүзеге асырады.
Некеде тұратын жеке тұлға жұбайын кәсіпкер ретінде көрсетпей өзіндік кәсіпкерлікті жүзеге асырған кезде ол жұбайдың кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға келісімі талап етілмейді.
Жеке тұлға өзіндік кәсіпкерлікті жүзеге асыру үшін ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін пайдаланған жағдайларда, егер заңдарда немесе неке шартында не ерлі-зайыптылардың арасындағы өзге келісімде өзгеше көзделмесе, мұндай пайдалануға жұбайының келісімі қажет.
3. Бірлескен кәсіпкерлікті жеке тұлғалар (дара кәсіпкерлер) тобы өздеріне ортақ меншік құқығымен тиесілі мүлік негізінде, сондай-ақ мүлікті бірлесіп пайдалануға және (немесе) оған билік етуге жол беретін өзге де құқыққа орай жүзеге асырады.
Бірлескен кәсіпкерлік кезінде жеке кәсіпкерлікпен байланысты барлық мәмілелер бірлескен кәсіпкерліктің барлық қатысушыларының атынан жасалады, ал құқықтар мен міндеттер олардың атынан алынады және жүзеге асырылады.
4. Бірлескен кәсіпкерліктің нысандары:
1) ерлі-зайыптылардың ортақ бірлескен меншігі негізінде жүзеге асырылатын ерлі-зайыптылардың кәсіпкерлігі;
2) шаруа (фермер) қожалығының ортақ бірлескен меншігі немесе жекешелендірілген тұрғын үйге ортақ бірлескен меншік негізінде жүзеге асырылатын отбасылық кәсіпкерлік;
3) жеке кәсіпкерлік ортақ үлестік меншік негізінде жүзеге асырылатын жай серіктестік болып табылады.
5. Ерлі-зайыптылардың кәсіпкерлігін жүзеге асырған кезде жұбайлардың бірі екінші жұбайдың келісімімен іскерлік айналымда ерлі-зайыптылардың атынан әрекет етеді, келісім дара кәсіпкерді тіркеу кезінде расталуы немесе дара кәсіпкердің қызметі мемлекеттік тіркеусіз жүзеге асырылған жағдайларда жазбаша түрде көрсетіліп, нотариалдық жолмен куәландырылуы мүмкін.
Ерлі-зайыптылардың біреуінің іскерлік айналымда ерлі-зайыптылар атынан әрекет етуіне екіншісінің келісімі болмаған кезде іскерлік айналымда әрекет ететін жұбай дара кәсіпкерлікті өзіндік кәсіпкерлік түрінде жүзеге асыратындығы көзделеді.
6. Жай серіктестік нысанын пайдаланатын дара кәсіпкерлік Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
7. Дара кәсіпкерлер өз міндеттемелері бойынша, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өндіріп алынбайтын мүлікті қоспағанда, өздерінің барлық мүлкімен жауапты болады.
8. Жеке тұлға өзіндік кәсіпкерлікті жүзеге асырған кезде өзіне меншік құқығымен тиесілі барлық мүлкімен, соның ішінде ерлі-зайыптылардың ортақ меншігіндегі үлесімен жауапты болады.
Жеке тұлға жеке кәсіпкерлікті жүзеге асыру үшін ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін пайдаланған жағдайларда, оның борыштары бойынша өндіріп алу ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкіне де қолданыла алады.
Жұбайлардың жеке кәсіпкер болып табылмайтын әрқайсысының мүлкі өзіндік кәсіпкерлікті жүзеге асыратын жұбайының біреуінің борыштары бойынша өндіріп алуды қолдану нысанасы бола алмайды.
9. Ерлі-зайыптылар кәсіпкерлігін жүзеге асырған кезде ерлі-зайыптылардың кәсіпкерлікті жүзеге асыруға байланысты борыштары бойынша өндіріп алу олардың қайсының іскерлік айналымда әрекет ететініне қарамастан, ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкіне қолданыла алады.
10. Дара кәсіпкер өз қызметін жүзеге асыру кезінде іскерлік құжаттаманың дербес бланкілерін, мөрді, мөртабандарды пайдалануға құқылы.
11. Қазақстан Республикасының азаматтары мен оралмандарды қоспағанда, жеке тұлғаларға дара кәсіпкерлікті жүзеге асыруға тыйым салынады.

8-бап. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен міндеттерi
1. Жеке кәсіпкерлік субъектілері:
1) егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, жеке кәсіпкерліктің кез келген түрін жүзеге асыруға;
2) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жалдамалы еңбекті пайдалана отырып, жеке кәсіпкерлікті жүзеге асыруға;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен филиалдар мен өкілдіктер құруға;
4) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, өндірілген тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) бағасын дербес белгілеуге;
5) жеке кәсіпкерлік субъектілеріне өтеулі негізде қаражат (қарыз) беруге;
6) өзінің құқықтық қабілеті шегінде сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асыруға;
7) жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктерін құруға;
8) жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктері арқылы сарапшылық кеңестердің жұмысына қатысуға;
9) бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыратын құқық қорғау органдарына және мемлекеттік органдарға жеке кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын бұзуға кінәлі тұлғаларды жауапқа тарту мәселелері бойынша жүгінуге;
10) өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін сот органдарына жүгінуге;
11) жеке кәсіпкерлікті қолдау және қорғау мәселелері жөніндегі нормативтік құқықтық актілердің орындалмауына немесе тиісінше орындалмауына септігін тигізетін себептер мен жағдайларды жою туралы ұсыныстарды мемлекеттік органдардың қарауына енгізуге;
12) әлеуметтік, экономикалық және экологиялық салалардағы жобаларды іске асыру немесе оған қатысу жолымен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шараларын өз қызметінде қолдануға құқылы.
2. Жеке кәсіпкерлік субъектілері:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасын, жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін сақтауға;
2) өндірілетін өнімнің (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкестігін қамтамасыз етуге;
3) Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңына сәйкес лицензиялануға жататын жеке кәсіпкерлік түрлерін жүзеге асыруға лицензиялар алуға;
4) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес азаматтық-құқықтық жауапкершілікті міндетті сақтандыруды жүзеге асыруға міндетті.

9-бап. Жосықсыз бәсекені жүзеге асыруға жол бермеу
Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген еркін бәсекелестікке басқа жеке кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын бұзу жолымен бәсекелестікті шектеуге немесе жоюға бағытталған іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) тыйым салынады.

10-бап. Ішкі нарықты қорғау
Ішкі нарықты қорғау Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тарифтік және тарифтік емес реттеу шараларымен жүзеге асырылады.

11-бап. Жеке кәсіпкерлік субъектісі туралы ақпаратты
қорғау
1. Коммерциялық құпияны қорғау коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты заңсыз алуға, таратуға не пайдалануға тыйым салудан тұрады.
2. Жеке кәсіпкерлік субъектісі коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратқа еркін қол жеткізу құқығы бар адамдар тобын айқындайды және оның құпиялылығын қорғауға шаралар қолданады.
3. Ақпаратты қолжетімділік санатына жатқызу тәртібін, коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты сақтау және пайдалану шарттарын жеке кәсіпкерлік субъектісі айқындайды.
4. Коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты заңсыз әдістермен алған, жария еткен немесе пайдаланған адамдар келтірілген залалды Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес өтеуге міндетті.
5. Жеке кәсіпкерлік субъектісі немесе ол уәкілеттік берген адам өз қызметкерлерінен коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты жария етпеу туралы қол қоюын талап етуге, ал оны тексеруді жүзеге асыратын адамдарға Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапкершілік туралы ескертуге құқылы.
6. Міндетті түрде жариялануға не акционерлердің, шаруашылық серіктестік қатысушыларының немесе өзге де белгілі бір адамдар тобының назарына міндетті түрде жеткізуге жататын ақпараттың тізбесі Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жеке кәсіпкерлік субъектісінің құрылтай құжаттарымен белгіленеді.
7. Жеке кәсіпкерлік субъектісі тіркеу, бақылау функцияларын орындау кезінде және басқа да іс-әрекеттер жасау кезінде мемлекеттік органдарға және лауазымды адамдарға Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген, оларға жүктелген функцияларды іске асыру үшін қажетті ақпараттан басқа, коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты бермеуге құқылы.
8. Мемлекеттік орган өзіне жүктелген функцияларды іске асыру барысында алған жеке кәсіпкерлік субъектісі туралы кез келген ақпарат, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес ақпаратты басқа мемлекеттік органға беру жағдайларын қоспағанда, жария етілуге және таратылуға жатпайды.
9. Құқық қорғау органдары прокурор санкциясы, тергеу органдарының қылмыстық іс қозғау туралы қаулысы негізінде не сот қаулысының негізінде жеке кәсіпкерлік субъектісінен де, мұндай ақпаратқа ие мемлекеттік органдардан да қажетті ақпаратты, соның ішінде коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты сұратуға және алуға құқылы.
10. Заңды күшіне енген сот шешімі бар ақпаратты қоспағанда, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпаратты жеке кәсіпкерлік субъектісінің келісімінсіз жария етуге болмайды.
11. Жеке кәсіпкерліктің нақты субъектісінің қызметі туралы мәліметті ашпайтын, жинақталған ақпарат жалпыға қолжетімді болып табылады.

12-бап. Алғашқы статистикалық деректер
Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің алғашқы статистикалық деректері Қазақстан Республикасының мемлекеттік статистика саласындағы нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес табыс етіледі.
Мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының мемлекеттік статистика саласындағы нормативтік құқықтық актілерінде көзделмеген мәліметтерді талап етуге құқылы емес.

13-бап. Шағын кәсіпкерлік субъектілерінің бухгалтерлік
есепке алуды жүргізу мен қаржылық есептілік
жасау тәртібi
1. Осы Заңның 27-бабына сәйкес міндетті мемлекеттік тіркеуге жатпайтын дара кәсіпкерлерді қоспағанда, шағын кәсіпкерлік субъектілерінің бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есептілік жасауы Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есептілік туралы заңнамасында айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.
2. Шағын кәсіпкерлік субъектілері Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есептілік туралы заңнамасы бойынша бухгалтерлік есепке алуды жүргізу мен қаржылық есептілік жасаудың оңайлатылған нысанын қолдануға құқылы.

3-тарау.
МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРДЫҢ ЖЕКЕ КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ
МЕН ҚОЛДАУ САЛАСЫНДАҒЫ ҚҰЗЫРЕТI

14-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыретi
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) жеке кәсіпкерлікті қолдау мен дамыту саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді;
2) жеке кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік жүйесін қалыптастырады;
2-1) жеке кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдау көрсету тәртібін айқындайды;
3) Үкімет жанынан жеке кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі консультативтік-кеңесші органдар құрады және таратады;
4) орталық мемлекеттік жергілікті өкілді және атқарушы органдар әзірлейтін, жеке кәсіпкерліктің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің жобаларын сарапшылық кеңестердің қарауын ұйымдастырады;
5) Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес шағын кәсіпкерлік субъектілерінен сатып алынатын тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) номенклатурасын және олардың көлемін (проценттік көріністегі) бекітеді;
6) шағын және орта кәсіпкерліктің дамуын ынталандырады;
7) өндірістік қызметті ұйымдастыру және халыққа қызметтер көрсету саласын дамыту үшiн меншікке кейіннен өтеусіз бере отырып мемлекеттік меншіктің пайдаланылмайтын объектілерін шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне мүліктік жалға (жалдауға) немесе сенiмгерлiк басқаруға беру тәртiбiн айқындайды;
8) бәсекеге қабілетті салаларды құру мен жетілдіруді, жеке кәсіпкерлік субъектілерін дамытуды және олар шығаратын өнімнің сапасын арттыруды ынталандыратын мемлекеттік саясатты айқындайды және іске асырады;
9) бәсекелестіктің дамуына және инновацияларға, материалдық активтерге, сондай-ақ ұзақ мерзімді инвестицияларға инвестициялар салуды ынталандыруға септігін тигізетін нормативтік құқықтық актілер әзірлейді;
10) экономиканың жекелеген секторларында кластерлер құруды ынталандырады;
11) жеке кәсіпкерлік субъектілерінің дамуы үшін кедергілерді жою мақсатында экономика салаларының жұмыс істеуіне талдау жүргізеді;
12) Қазақстан Республикасының экономикасына инвестицияларды ұлғайту және инновациялар ендіруді жеделдету мақсатында ұлттық даму институттарын құрады;
13) жекелеген салаларда жеке кәсіпкерлік субъектілері арасындағы бәсекелестікті дамыту үшін жағдайлар жасай отырып, осы салаларды тарифтік және тарифтік емес әдістермен уақытша қорғауды жүзеге асырады;
14) ұлттық экспорттаушыларға қатысты басқа елдер орнатқан кедергілерді жоюға шаралар қабылдайды;
15) жеке кәсіпкерлік субъектілерін келісімді бірлескен экспорттық саясатты жүргізуге ынталандырады;
16) жеке кәсіпкерлік субъектілеріне ішкі және сыртқы нарықтардың жай-күйі туралы экономикалық ақпарат беруді ұйымдастырады;
17) сапа менеджментінің жүйесін ендіруді ынталандыру жолымен ұлттық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жағдайлар жасайды;
18) ұлттық экспорттаушылардың басқа елдердің аумағындағы мүдделерін қолдау жолымен сыртқы сұранысқа жағдай жасайды;
19) жеке кәсіпкерлік субъектілердің персоналын көтермелейді, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің және жұмыс берушілердің бірлестіктерімен өзара әрекет етеді;
20) бәсекеге қабілетті салалар құру мақсатында жекелеген салаларды қолдау бағдарламаларын бекітеді;
21) саланың немесе кластерлердің проблемаларын шешу үшін ғылыми-зерттеу ұйымдарын құрады, іргелі және қолданбалы ғылыми-зерттеулерді қаржыландырады;
22) республиканың экономикасы үшін білікті кадрлар даярлау жөнінде мемлекеттік бағдарламалар әзірлейді;
23) халықтың әлеуметтік қорғалмаған жігін жеке кәсіпкерлікке тарту жөнінде шаралар әзірлейді.

15-бап. Кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органның құзыретi
Кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган:
1) жеке кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың мемлекеттік саясатын жүргізуді жүзеге асырады;
2) жеке кәсіпкерлікті дамытудың бағдарламаларын әзірлеп, іске асырады;
3) шағын кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың мемлекеттік шараларының орындалуын ұйымдастырады және үйлестіреді;
4) жеке кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыру және оларға кредит беру жөніндегі шараларды жетілдіру туралы ұсыныстар әзірлейді;
5) кәсіпкерлік ортаға, инвестициялық ахуалға және жеке кәсіпкерлікті дамытудың инфрақұрылымына талдау жүргізеді;
6) жеке кәсіпкерлік қызмет саласында зерттеулер жүргізуді ұйымдастырады, Қазақстан Республикасының Үкіметіне кәсіпкерлікті дамытудың жылдық есебін жібереді;
7) жеке кәсіпкерлікті қолдауды және дамытуды қамтамасыз ететін нормативтік құқықтық актілерді әзірлеп, Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсынады;
8) республика өңірлерінде шағын кәсіпкерлік инфрақұрылымын қалыптастыру мен дамытуға септігін тигізеді;
9) шағын кәсіпкерлік саласында кадрлар даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру жүйесін қалыптастыру жөнінде ұсыныстар әзірлейді;
10) жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiн қолдау мен қорғау саласындағы бақылауды жүзеге асырады;
11) жеке кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарды ведомствоаралық үйлестіруді жүзеге асырады;
12) орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың жанындағы сарапшылық кеңестердің қызметін үйлестіреді;
13) шағын кәсіпкерліктің инновациялық, инвестициялық және индустриялық дамудың мемлекеттік бағдарламаларын іске асыруға қатысуы үшін жағдайлар жасайды;
14) инвесторлар, грант беруші халықаралық ұйымдар үшін жеке кәсіпкерлікті қолдау және дамыту мәселелерінде жағдайлар жасайды;
15) жеке кәсіпкерлік субъектілеріне әдіснамалық көмек ұйымдастырады;
16) жеке кәсіпкерлік субъектілерінің тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) халықаралық нарықтарына шығуы үшін жағдайлар жасайды;
17) жеке кәсіпкерлікті дамыту саласында халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
18) жеке кәсіпкерлікті дамыту мен қолдау жөніндегі мемлекеттік саясатты насихаттайды;
19) мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдары жол беретін жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қызметін регламенттейтін Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтар туралы Қазақстан Республикасының Президенті мен Yкіметін хабардар етеді.
20) уәкілетті мемлекеттік органдар әзірлейтін тәуекелдерді бағалау критерийлерін, ведомстволық есептіліктің және тексеру парақтарының нысандарын бірлесіп бекіту арқылы мемлекеттік органдардың тәуекелдерді бағалау жүйесін енгізу процесін үйлестіруді жүзеге асырады;
21) осы Заңға сәйкес жеке кәсіпкерлік субъектілерін қолдау және қорғау саласында ведомстволық есептіліктің, тексеру парақтарының нысандарын, тәуекел дәрежесін бағалау критерийлерін, тексерулер жүргізудің жыл сайынғы жоспарын әзірлейді және бекітеді.

16-бап. Жергілікті өкілетті органдардың құзыретi
Қазақстан Республикасының жергілікті өкілетті органдары:
1) шағын кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың өңірлік бағдарламаларын бекітеді;
2) жергілікті атқарушы органдар басшыларының Қазақстан Республикасындағы шағын кәсіпкерлікті қолдау мен дамыту мәселелері бойынша есептерін қарайды.

17-бап. Жергілікті атқарушы органдардың құзыретi
Қазақстан Республикасының жергілікті атқарушы органдары:
1) жеке кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың мемлекеттік саясатының іске асырылуын жүзеге асырады;
2) жеке кәсіпкерлікті дамыту үшін жағдайлар жасайды;
3) өңірлерде мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуы мен орындалуын қамтамасыз етеді және ол үшін жауапты болады;
4) шағын кәсіпкерлікті қолдаудың өңірлік бағдарламаларын әзірлеп, іске асырады;
5) өңірде шағын кәсіпкерлікті және инновациялық қызметті қолдау инфрақұрылымының объектілерін құру мен дамытуды қамтамасыз етеді;
6) жергілікті атқарушы органдардың жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктерімен және нарықтық инфрақұрылым объектілерімен өзара қарым-қатынастарын дамыту стратегиясын айқындайды;
7) сарапшылық кеңестердің қызметін ұйымдастырады;
7-1) жергілікті деңгейде жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдауды қамтамасыз етеді;
8) шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін мамандар мен персоналды оқытуды, даярлауды, қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды ұйымдастырады.

4-тарау. ЖЕКЕ КӘСІПКЕРЛІКТІ МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ

18-бап. Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың негізгi бағыттары
1. Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау мынадай негізгі бағыттар бойынша жүзеге асырылады:
жеке кәсіпкерлікті реттеу мәселелері жөніндегі заңнаманы жетілдіру;
жеке кәсіпкерлікті қолдау орталықтарын, бизнес-инкубаторларды, технологиялық парктерді, индустриялық аймақтарды және жеке кәсіпкерлік инфрақұрылымының басқа да объектілерін құру және дамыту;
бюджет қаражаты есебінен жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қызметін оқу-әдіснамалық, ғылыми-әдістемелік және ақпараттық қамтамасыз ету;
жеке кәсіпкерлікті қаржылық қолдау.
2. Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау және дамыту:
мемлекеттік органдардың жанынан жеке кәсіпкерлік проблемаларын зерделеу және оны дамыту ұсыныстарын әзірлеу жөніндегі ғылыми-зерттеу институттарын құру;
орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың жанындағы сарапшылық кеңестердің қызметін ұйымдастыру;
жеке кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың қаржы институттарын құру;
бизнес-инкубаторлардың және индустриялық аймақтардың қызметін ұйымдастыру;
жер учаскелерін, ғимараттарды, үй-жайларды сату не тұрғын үй-жайларды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тұрғын емес үй-жайға ауыстыру жолымен жүзеге асырылады.
2-1. Жеке кәсіпкерлік субъектілерін қаржылық қолдау:
1) тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) кепілдік берілген көлемін сатып алу;
2) екінші деңгейдегі банктер арқылы кредит беруді ұйымдастыру;
3) экономика салаларында әлеуметтік маңызы бар жобаларды ұйымдастыру және іске асыру үшін мемлекеттік гранттар беру;
4) арнайы инвестициялық бағдарламаларды іске асыру;
5) бюджет қаражаты есебінен қарыздар беру;
6) жеке кәсіпкерлік субъектілеріне қаржы институттары беретін кредиттер бойынша сыйақы ставкасын субсидиялау;
7) жеке кәсіпкерлік субъектілерінің кредиттеріне ішінара кепілдік беру;
8) лизинг жолымен жүзеге асырылады.
2-2. Мемлекеттік қаржылық қолдауға жататын жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қызметі жүзеге асырылатын экономика саласын (салаларын) қаржылық қолдау тәртібін, нысанын, мемлекеттік қаржылық қолдау көрсету үшін тартылатын заңды тұлғаны (тұлғаларды), қаржылық қолдау мөлшері мен мемлекеттік қаржылық қолдау көрсету үшін қажетті басқа да талаптарды Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
3. Шағын кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау мыналарды:
шағын кәсіпкерлік субъектілерінің мемлекеттік қаржылық, материалдық-техникалық және ақпараттық ресурстарды, сондай-ақ ғылыми-техникалық әзірлемелер мен технологияларды пайдалануы үшін жағдайлар жасауды;
шағын кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік, салалық (секторальдық) және өңірлік бағдарламаларын әзірлеуді;
шағын кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік тіркеудің және таратудың оңайлатылған тәртібін белгілеуді;
оңтайлы салық салу режимін белгілеуді;
шағын кәсіпкерлікке кредит берудің бағдарламаларын қабылдауды;
шағын кәсіпкерлікті қолдау мен дамыту үшін инвестицияларды, оның ішінде шетелдік инвестицияларды тарту мен пайдалану жүйесін жасауды;
Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес тауарларды (жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді) сатып алудың кепілдендірілген көлемін қамтамасыз етуді;
жұмыс істеп тұрған оқу және зерттеу орталықтарын, консалтингтік ұйымдар мен шағын кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың ақпараттық жүйелерін дамыту және жаңаларын құру жолымен кадрлар даярлауды, қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды ұйымдастыруды;
ұлттық даму институттарын құруды қоса алғанда, осы баптың 1-тармағында көрсетілген бағыттар бойынша жүзеге асырылады.
4. 2006.07.07. № 178-III ҚР Заңымен алып тасталды
5. Индустриялық аймақтар жеке кәсіпкерлікті дамыту үшін экономикалық және ұйымдық жағдайларды қамтамасыз ету мақсатында құрылады.
Индустриялық аймақтардың міндеттері:
1) өнеркәсіп саласындағы жеке кәсіпкерлікті жедел дамытуға жәрдемдесу;
2) жаңа өндірістер инфрақұрылымын құруға және дамытуға арналған шығындарды оңтайландыру;
3) өндіріс тиімділігін арттыру;
4) халықтың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету болып табылады.
6. Мемлекеттік органдар жеке кәсіпкерлік субъектілеріне жер учаскелерін, ғимараттарды, үй-жайларды сатады, не жер учаскесінің нысаналы мақсатын Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес өзгертеді, не Қазақстан Республикасының тұрғын үй қатынастары туралы заңнамасына сәйкес сатып алу-сату шартына не рұқсатқа қажетті инфрақұрылымға қосудың техникалық шарттарын міндетті түрде қоса отырып, тұрғын үйді тұрғын емес үй-жай етіп қайта жабдықтауға рұқсат береді. Жеке кәсіпкерлік субъектілерін одан әрі инфрақұрылымға қосу сатып алу-сату шартына не рұқсатқа сәйкес жүзеге асырылады.
7. Шағын және орта кәсіпкерліктің бастама ларын мемлекет тарапынан қаржылық қолдауды, оның ішінде негізгі қызметінің мақсаты қаржылық ресурстарға қол жеткізуді қамтамасыз ету болып табылатын, акцияларының бақылау пакеті ұлттық басқарушы холдингке тиесілі арнайы қор жүзеге асырады.
Арнайы қордың негізгі міндеттері:
1) жобалық қаржыландыру;
2) жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қатысуымен микрокредиттік ұйымдардың желісін дамыту;
3) шағын кәсіпкерлік субъектілері екінші деңгейдегі банктерден кредиттер алған кезде оларға кепілдік беру жүйесін жасау;
4) қаржы лизингін дамыту;
5) шағын кәсіпкерлік субъектілерін оқыту және консалтингтеу;
6) шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін сапа менеджменті жүйесін енгізу жөніндегі операцияларды қоса қаржыландырудың гранттық жүйесін дамыту;
7) арнайы қордың жарғысына сәйкес басқа да міндеттер болып табылады.
Арнайы қордың міндеттерін іске асырудың тәртібі мен шарттарын ұлттық басқарушы холдинг айқындайды.

19-бап. Шағын кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау мен дамыту
1. Шағын кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың негізгі принциптері:
Қазақстан Республикасында шағын кәсіпкерлікті дамытудың басымдығы;
шағын кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың кешенділігі;
шағын кәсіпкерлікті қолдау инфрақұрылымының және жүзеге асырылатын шаралардың шағын кәсіпкерліктің барлық субъектілері үшін қолжетімділігі;
шағын кәсіпкерлікті қолдау мен дамыту саласындағы халықаралық ынтымақтастық болып табылады.
2. Шағын кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау мен дамыту:
1) қаржылық қолдау көрсету;
2) шағын кәсіпкерлікті қолдау орталықтарының желісін ұйымдастыру;
3) бизнес-инкубаторлардың қызметін ұйымдастыру;
4) бір жылдан астам пайдаланылмаған мемлекеттік меншік объектілерін шағын кәсіпкерлік субъектілеріне сенімгерлікпен басқаруға немесе жалға беру;
5) өндірістік қызметті ұйымдастыру және халыққа қызмет көрсету саласын дамыту үшін жалға немесе сенімгерлікпен басқаруға берілген объектілерді шағын кәсіпкерлік субъектілерінің меншігіне Қазақстан Республикасының Yкіметі белгілеген тәртіппен көзделген шарттарды олар орындаған жағдайда шарт жасасқан кезден бастап бір жыл өткен соң өтеусіз беру жолымен жүзеге асырылады.
Осы тармақтың 1) тармақшасын қоспағанда, осы шарттар сауда-делдалдық қызметті жүзеге асыратын шағын кәсіпкерлік субъектілеріне қолданылмайды.
3. Шағын кәсіпкерлік субъектілерін қаржылық қолдау:
1) тауарлардың (жұмыстардың, көрсетiлетiн қызметтердiң) кепiлдік берілген көлемiн сатып алу.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiнен сатып алынатын тауарлардың (жұмыстардың, көрсетiлетiн қызметтердiң) номенклатурасын және олардың көлемiн Қазақстан Республикасының Yкiметi айқындайды;
2) екінші деңгейдегі банктер арқылы кредит беруді ұйымдастыру;
3) экономика салаларында әлеуметтік маңызы бар жобаларды ұйымдастыру және іске асыру үшін мемлекеттік гранттар беру;
4) арнайы инвестициялық бағдарламаларды іске асыру;
5) бюджет қаражаты есебінен қарыздар беру;
6) жеке кәсіпкерлік субъектілеріне қаржы институттары беретін кредиттер бойынша сыйақы ставкасын субсидиялау;
7) жеке кәсіпкерлік субъектілерінің кредиттеріне ішінара кепілдік беру;
8) лизинг жолымен жүзеге асырылады.
4. 2009.13.02. № 135-IV ҚР Заңымен алып тасталды
5. Шағын кәсіпкерлікті қолдау орталықтары халықты жеке кәсіпкерлікке тарту, жаңа шағын кәсіпкерлік субъектілерін құру мақсатында құрылады.
Шағын кәсіпкерлікті қолдау орталықтарының міндеттері:
1) кәсіпкерлік ахуалды, отандық және халықаралық нарықтарды, экономиканың салалары мен секторларын талдау;
2) маркетинг және менеджмент саласында қызметтер кешенін көрсету;
3) инвестициялық және бизнес-жобаларды әзірлеу жөніндегі қызметтерді, консультациялық және басқа да қызметтер көрсету;
4) шағын кәсіпкерлік субъектілерінің инновациялық белсенділігін арттыруға жәрдемдесу;
5) шағын кәсіпкерлік субъектілерінің кәсіби өсуіне жәрдемдесу;
6) ақпараттық және сараптамалық ресурстарға қолжетімділікті қамтамасыз ету;
7) семинарлар, тренингтер өткізу;
8) шағын кәсіпкерлік субъектілерінің деректер базасын қалыптастыру;
9) шағын кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ақпаратты және оны дамытудың проблемалық мәселелерін талдау мен қорыту болып табылады.
6. Бизнес-инкубаторлар шағын кәсіпкерлік субъектілерінің қалыптасуына және дамуына жәрдем көрсету үшін құрылады.
Бизнес-инкубатордың міндеттері:
1) бизнес-инкубаторға орналастыру үшін шағын кәсіпкерлік субъектілерін іріктеу;
2) шағын кәсіпкерлік субъектілеріне білім беру, маркетингтік, консалтингтік және басқа да ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметтер көрсету болып табылады.
7. Сауда-делдалдық қызметті қоспағанда, өндірістік қызметті және қызмет көрсету саласын ұйымдастыру үшін шағын кәсіпкерлік субъектілеріне бір жылдан астам пайдаланылмаған мемлекеттік меншік объектілері сенімгерлікпен басқаруға немесе жалға берілуі мүмкін.
Шағын кәсіпкерлік субъектілерінің жалға алу немесе сенімгерлікпен басқару шарттарының талаптарын орындауын бақылауды республикалық және коммуналдық меншікке иелік етуге уәкілетті тиісті мемлекеттік органдар жүзеге асырады.

20-бап. Шағын кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың
мемлекеттік, салалық (секторальдық) және өңірлік
бағдарламалары
1. Шағын кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау мемлекеттік, салалық (секторальдық) және өңірлік бағдарламалар негізінде жүзеге асырылады және ол шағын кәсіпкерлікті дамыту мен қолдауға бағытталған шаралар кешенін білдіреді.
2. Шағын кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың мемлекеттік, салалық (секторальдық) және өңірлік бағдарламалары өндірісті бәсекеге қабілетті өніммен қамтамасыз ету, сондай-ақ инновациялық, білім беру қызметі, қаржылық және құқықтық консалтинг саласындағы шағын кәсіпкерлік субъектілеріне қаржылық, оқу-әдістемелік көмек көрсету үшін әзірленеді.
3. Шағын кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламаларын Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді және олар республиканың барлық аумағында мемлекеттік органдар мен жеке кәсіпкерлік субъектілерінің орындауы үшін міндетті болып табылады.
4. Қазақстан Республикасының Үкіметі шағын кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың мемлекеттік және салалық (секторальдық) бағдарламаларын іске асыру барысында алынған нәтижелер туралы Қазақстан Республикасы Президентінің алдында жыл қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен есеп береді.
5. Мемлекет экономикасын дамытудың басым бағыттарына және өңірдің экономикасын дамытудың ерекшелігіне сәйкес жергілікті атқарушы органдар өңірдің экономикалық даму бағдарламасының құрамдас бөлігі болып табылатын шағын кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың өңірлік бағдарламаларын әзірлейді.
6. Шағын кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың мемлекеттік, салалық (секторальдық) және өңірлік бағдарламаларына:
нормативтік құқықтық базаны жетілдіру жөніндегі ұсыныстар;
шағын кәсіпкерлік қызметінің басым түрлері;
шағын кәсіпкерлікті қолдау инфрақұрылымын қалыптастыру жөніндегі шаралар;
шағын кәсіпкерлікті кредиттік-қаржылық және мүліктік қолдау жөніндегі шаралар;
жеке кәсіпкерлікке халықтың әлеуметтік қорғалмаған жіктерін тартуға бағытталған шаралар;
ірі өнеркәсіп ұйымдарының бизнестің бір бөлігін шағын кәсіпкерлік субъектілеріне беруін ынталандыруға, сондай-ақ олардан салалық емес жанама қызметтер түрлерін сатып алуға бағытталған шаралар;
шағын кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі мемлекеттік саясатты насихаттау жөніндегі шаралар;
шағын кәсіпкерлікті қолдау, дамыту және қорғау жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асырумен байланысты басқа да шаралар кіреді.

21-бап. Шағын кәсіпкерлік субъектілерін оқу-әдіснамалық,
ғылыми-әдістемелік қолдау
1. Шағын кәсіпкерлік субъектілерін оқу-әдіснамалық, ғылыми-әдістемелік қолдау олардың бәсекеге қабілетті тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) шығаруға мүмкіндік беретін кәсіби деңгейін арттыру мақсатында жүзеге асырылады.
2. Шағын кәсіпкерлікті оқу-әдіснамалық, ғылыми-әдістемелік қолдау:
жеке кәсіпкерлікті жүргізу мәселелері бойынша оқу семинар-тренингтер және ғылыми-практикалық конференциялар ұйымдастыру;
жеке кәсіпкерлікті жүзеге асыру практикасы, жаңа технологиялар нарығы туралы әдістемелік құралдар, ақпараттық бюллетеньдер тарату;
өңірлерде ақпараттық, консалтингтік орталықтар желісін құру;
өңірлерде шағын кәсіпкерлік субъектілерін оқытуды ұйымдастыру үшін менеджерлер даярлау жолымен жүзеге асырылады.
3. Шағын кәсіпкерлік субъектілерін оқу-әдіснамалық, ғылыми-әдістемелік қолдау бюджет қаражаты және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен жүзеге асырылады.

22-бап. Ауыл шаруашылығы қызметін жүзеге асыратын жеке кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік қолдау
1. Ауыл шаруашылығы қызметін жүзеге асыратын жеке кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік қолдау республикалық және өңірлік деңгейлерде жүргізіледі және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес реттеледі.
2. Ауыл шаруашылығы қызметін жүзеге асыратын жеке кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдау көрсетудің мерзімі, көлемі мен шаралары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгіленеді.

23-бап. Жеке кәсіпкерлікті ақпараттық қамтамасыз ету
Барлық деңгейдегі мемлекеттік органдар таратуға шек қойылмаған, оның ішінде осы Заңның 5-бабында көзделген ақпарат пен материалдарды тегін негізде тарату үшін интернет-ресурстар құруға және олардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге және олардың жарнамасын, сондай-ақ осы ақпаратты жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілерге енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға байланысты жаңартып отыруды қамтамасыз етуге міндетті.

5-тарау.
ЖЕКЕ КӘСІПКЕРЛІК СУБЪЕКТІЛЕРІНІҢ БІРЛЕСТІКТЕРІН
ҚҰРУ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ НОРМАТИВТІК ҚҰҚЫҚТЫҚ АКТІЛЕРГЕ САРАПТАМА ЖАСАУҒА ҚАТЫСУЫ

24-бап. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктерi
1. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілер жобаларына сараптама жасау үшін аккредиттелуге үміткер жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктері:
республикалық деңгейде - жеке кәсіпкерлік субъектілері бірлестіктерінің одағы (қауымдастығы), шағын кәсіпкерлік жөніндегі республикалық бірлестік, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің республикалық салалық бірлестіктері;
облыстық деңгейде - жеке кәсіпкерлік субъектілерінің облыстық бірлестіктері, шағын кәсіпкерлік жөніндегі облыстық бірлестіктер;
қалалық, аудандық деңгейлерде – жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң қалалық, аудандық бiрлестiктерiн, шағын кәсiпкерлiк жөнiндегi қалалық, аудандық бiрлестiктер түрiнде кәсiпкерлер бiрлестiктерiн құрады.
2. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктерін қаржыландыру жеке кәсіпкерлік субъектілерінің ерікті мүшелік жарналары және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қамтамасыз етіледі.

25-бап. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктерін аккредиттеу
1. Жеке кәсіпкерлердің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілер жобаларына сараптама жасауға қатысуға үміткер жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктері орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарда аккредиттелуге жатады.
2. Аккредиттелуге:
республикалық деңгейде - жеке кәсіпкерлік субъектілері бірлестіктерінің одағы - (қауымдастығы), шағын кәсіпкерлік жөніндегі республикалық бірлестік, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің республикалық салалық бірлестіктері;
облыстық деңгейде – жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң республикалық, облыстық бiрлестiктерiнің филиалдары, шағын кәсiпкерлiк жөнiндегi республикалық, облыстық бiрлестiктер филиалдары;
қалалық, аудандық деңгейлерде – жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң республикалық, облыстық, қалалық, аудандық бiрлестiктерiнің филиалдары, шағын кәсiпкерлiк жөнiндегi республикалық, облыстық, қалалық, аудандық бiрлестiктерінің филиалдары жатады.
3. Егер аккредиттелуге бір өңірді, бір саланы білдіретін екі және одан да көп бірлестік үміткер болған жағдайда, онда осы бірлестіктің мүшесі болып табылатын ұйымдардағы (жеке кәсіпкерлік субъектілеріндегі) жұмыскерлердің жиынтығында неғұрлым көп санына ие болып отырған бірлестік аккредиттелуге жатады.
4. Егер аккредиттелуге бір әкімшілік-аумақтық бірлік, бір қызмет саласын білдіретін екі және одан да көп коммерциялық емес ұйым үміткер болған жағдайда, онда азаматтардың неғұрлым көп санын біріктірген коммерциялық емес ұйым аккредиттелуге жатады.
5. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктерін аккредиттеуді жүргізу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

26-бап. Сарапшылық кеңестер
1. Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың жанындағы сарапшылық кеңестерге жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктерінің, коммерциялық емес ұйымдардың, мемлекеттік органдардың өкілдері кіреді.
Сараптамалық кеңестің отырысы бір тоқсанда кемінде бір рет жүргізіледі.
2. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктері мен коммерциялық емес ұйымдар орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың жанындағы сарапшылық кеңестің құрамына ұжымдық мүше ретінде кіреді және өкілеттігі сенімхатпен расталатын өз өкілі арқылы әрекет етеді.
Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың жанындағы сарапшылық кеңестердің құрамы мемлекеттік органдар басшыларының шешімдерімен бекітіледі.
3. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілерді әзірлейтін мемлекеттік орган, мемлекеттік құпияларды қамтитын нормативтік құқықтық актілерді қоспағанда, оны сарапшылық кеңестің қарауына енгізеді.
3-1. Сараптамалық кеңестің нормативтік құқықтық актілердің жобасын қарауы осы Заңның 5-бабының 5-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, оны сараптамалық кеңестің мүшелеріне жіберу арқылы отырыс өткізбестен жүзеге асырылуы мүмкін.
3-2. Егер жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын мәселе тиісті мемлекеттік органның құзыретіне жататын болса, осындай кез келген мәселе сараптамалық кеңестің қарауына шығарылуы мүмкін.
4. Сарапшылық кеңестер туралы үлгі ережені Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
5. Сарапшылық кеңестердің жұмысын талдау мен оның мониторингін кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органның жанынан құрылатын үйлестіру кеңесі жүзеге асырады.
Кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органның басшысы үйлестіру кеңесінің төрағасы болып табылады.
Үйлестіру кеңесінің құрамын уәкілетті органның басшысы қалыптастырады.

6-тарау.
ЖЕКЕ КӘСІПКЕРЛІК СУБЪЕКТІЛЕРІН ТІРКЕУ ЖӘНЕ ТАРАТУ

27-бап. Жеке кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік тіркеу
1. Жеке кәсіпкерлік субъектілерін - заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Заңды тұлға құрмай жеке кәсіпкерлікті жүзеге асыратын жеке тұлғаларды мемлекеттік тіркеу келіп тіркелуі сипатында болады және дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркелу кезінде мәлімделген орналасқан жері бойынша аумақтық салық органында (бұдан әрі - тіркеу органы) дара кәсіпкер ретінде есепке қою болып табылады.
2. Мына шарттардың біреуіне сай келетін:
1) тұрақты негізде жалдамалы жұмыскерлердің еңбегін пайдаланатын;
2) жеке кәсіпкерліктен Қазақстан Республикасының заңдарында жеке тұлғалар үшін белгіленген салық салынбайтын жылдық жиынтық табыстың мөлшерінен асатын мөлшерде Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес есептелген жылдық жиынтық табысы бар дара кәсіпкерлер міндетті мемлекеттік тіркеуге жатады.
Осы баптың 2-1-тармағында көрсетілген тұлғаларды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік тіркеусіз аталған дара кәсіпкерлердің қызметіне тыйым салынады.
2-1. Қызметкерлердің еңбегін тұрақты негізде пайдаланбайтын жеке тұлғалар Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген мынадай табыстарды:
1) төлем көзінен салық салынатын;
2) мүлік табыстарын;
3) өзге де табыстарды алу кезінде дара кәсіпкер ретінде тіркелмеуге құқылы.
3. Дара кәсіпкерді мемлекеттік тіркеу туралы куәлік мерзімсіз беріледі.
Дара кәсіпкерді мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің нысанын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
4. Дара кәсіпкер мемлекеттік тіркеу үшін:
1) тіркеу органы белгілеген нысан бойынша өтінішін;
2) дара кәсіпкерлерді мемлекеттік тіркегені үшін алым сомасын бюджетке төлегенін растайтын құжатын;
3) түпнұсқасы ұсыныла отырып, жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін;
4) 3,5 х 4,5 сантиметр көлемдегі фотосуретін;
5) дара кәсіпкердің орналасқан жерін растау құжатын тіркеу органына ұсынады.
Азаматтарды тіркеу кітабы немесе жылжымайтын мүлікке жекеменшік немесе оны пайдалану құқығын растайтын құжат дара кәсіпкердің орналасқан жерін растайтын құжат болып табылады.
Егер өтініш беруші кәмелет жасына толмаса, жоғарыда аталған құжаттарға ата-анасының, асырап алушының немесе қамқоршының келісімі, ал мұндай келісу болмаса, кәмелет жасына толмағанды толығымен әрекетке қабілетті деп жариялау туралы сот шешімі қоса беріледі.
Өзге құжаттарды талап етуге тыйым салынады.
Осы баптың 4-тармағында аталған құжаттар болған кезде тіркеу органы, егер осы бапта өзгеше көзделмесе, құжаттарды ұсынған күннен кейінгі үш жұмыс күнінен кешіктірмей дара кәсіпкерді мемлекеттік тіркеуден өткізеді.
5. Жеке кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік тіркегені (қайта тіркегені) үшін алым төлеу тәртібі Қазақстан Республикасының салық заңнамасында айқындалады.
6. Мемлекеттік тіркеу туралы куәлік беруге өтініште көрсетілген деректер өзгерген кезде дара кәсіпкер өзгерістер туралы осы орган белгілеген нысан бойынша тіркеу органына он жұмыс күнінің ішінде хабарлауға міндетті. Мемлекеттік тіркеу туралы куәлікте көрсетілген деректер өзгерген кезде дара кәсіпкер қайта тіркеуді жүзеге асыруға және жаңа куәлік алуға міндетті.
7. Дара кәсіпкер мемлекеттік тіркеу туралы куәлікті жоғалтқан жағдайда, оның өтініші бойынша оған мемлекеттік тіркеуді куәландыратын құжаттың телнұсқасы беріледі.
Мемлекеттік тіркеуді куәландыратын құжаттың телнұсқасын беру үшін дара кәсіпкерден Қазақстан Республикасының салық заңнамасында айқындалған тәртіппен алым алынады.
8. Бірлескен дара кәсіпкерлікті тіркеу кезінде өтінішті үшінші тұлғалармен және мемлекеттік органдармен қатынастарда мүдделерін білдіретін уәкілетті тұлға береді.
Мемлекеттік тіркеу туралы куәлік уәкілетті тұлғаға жазылады. Куәлікке тіркеу органының басшысы куәландырған бірлескен дара кәсіпкер мүшелерінің тізімі қоса беріледі.
9.2008.10.12. № 101-IV ҚР Заңымен алып тасталсын

28-бап. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің банкроттығы,
оларды қайта ұйымдастыру және тарату
1. Жеке кәсіпкерлік субъектісі борышқордың сотқа өтініші немесе кредитордың, ал Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда өзге адамдардың сотқа өтініші негізінде сот шешімімен банкрот деп жарияланады.
Дара кәсіпкердің банкроттық рәсімі Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген кредиторлардың талаптарын қанағаттандырудың кезектілігі бөлігіндегі ерекшеліктермен заңды тұлғалар үшін белгіленген ережелер бойынша жүзеге асырылады.
2. Заңды тұлға болып табылатын жеке кәсіпкерлік субъектісін қайта ұйымдастыру немесе тарату жеке кәсіпкерліктің нақты ұйымдық-құқықтық нысаны үшін белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
3. Дара кәсіпкердің қызметі ерікті немесе мәжбүрлеу тәртібімен, сондай-ақ осы Заңда көзделген мән-жайлар туындаған жағдайда тоқтатылуы мүмкін.
Дара кәсіпкердің қызметі өзіндік кәсіпкерлік кезінде - дара кәсіпкер өз бетімен, бірлескен кәсіпкерлік кезінде - барлық қатысушылар бірлесіп қабылдаған шешім негізінде кез келген уақытта ерікті түрде тоқтатылады.
Дара кәсіпкер қызметін ерікті түрде тоқтату үшін тіркейтін органға кәсіпкерлік қызметін тоқтату туралы өтініш береді.
Бірлескен кәсіпкерлікті тоқтату туралы шешім, егер ол үшін оған қатысушылардың жартысы дауыс берсе, егер олардың арасындағы келісімде өзгеше көзделмесе, қабылданды деп саналады.
4. Жеке кәсіпкердің қызметі мынадай жағдайларда:
1) ол банкрот деп танылған;
2) тіркеу кезінде жіберілген жойылмайтын сипаттағы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтарға байланысты дара кәсіпкерді тіркеу жарамсыз деп танылған;
3) қызметін күнтізбелік жыл ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасын бірнеше рет немесе өрескел бұза отырып жүзеге асырған;
4) ол қайтыс болды деп жарияланған;
5) ол хабар-ошарсыз кетті деп танылған жағдайларда соттың шешімі бойынша мәжбүрлеу тәртібімен тоқтатылады.
5. Осы бапта көзделген негіздемелерден басқа, дара кәсіпкердің қызметі мынадай жағдайларда:
1) өзіндік кәсіпкерлік - дара кәсіпкер әрекетке қабілетсіз деп танылған, қайтыс болды деп жарияланған немесе ол қайтыс болған жағдайда;
2) отбасылық кәсіпкерлік және жай серіктестік - егер осы тармақтың 1-тармақшасында аталған мән-жайлар болуы салдарынан бірлескен кәсіпкерлік қатысушысының біреуі қалған немесе бір де бірі қалмаған жағдайда, сондай-ақ некені бұзуға байланысты мүлікті бөлу кезінде тоқтатылады.
6. Дара кәсіпкердің қызметі оның өтініші немесе соттың заңды күшіне енген шешімі негізінде тіркеуші органда дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебінен шығарылған кезден бастап тоқтатылған болып есептеледі.
Дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебінен шығару дара кәсіпкерді мемлекеттік тіркеу туралы куәлікті тіркеуші органға тапсырғаннан кейін және кәсіпкерлік қызметпен байланысты салық міндеттемелерін орындағаннан кейін жүргізіледі.
Дара кәсіпкерді мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің күші жалған кәсіпкерліктің жасалу фактісін анықтаған, заңды күшіне енген сот үкімінің немесе қаулысының не қылмыстық қудалау органының күші жойылмаған қаулысының негізінде жойылуға жатады.
7. Белгіленген жағдайларда тіркеусіз дара кәсіпкерлікті жүзеге асыру кезінде оны тоқтату ерікті сипатта болса - нақты тоқтатылған кезден бастап, мәжбүрлеп тоқтату кезінде тиісінше соттың шешімі заңды күшіне енген кезден бастап ол тоқтатылды деп есептеледі.
8. Орындалмаған мiндеттемелерi жоқ және мемлекеттік органдар төмен немесе орташа дәрежедегі тәуекел санатына жатқызған жеке кәсiпкерлiк субъектiлерi үшiн Қазақстан Республикасының заңдарымен қайта ұйымдастырудың және ерiктi таратудың оңайлатылған тәртiбi белгіленеді.

7-тарау.
МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ

29-бап. Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттiк реттеудің мақсаттары мен түрлерi
1. Жеке кәсiпкерлiкті мемлекеттiк реттеудің мақсаттары жеке кәсiпкерлiк субъектiсi өндiретiн және өткізетін өнiмнiң адамдар өмiрi мен денсаулығына қауiпсiздiгiн, олардың мүліктік мүдделерін қорғауды, қоршаған ортаға қауiпсiздiгiн, Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету, мемлекеттің мүліктік мүдделерін қорғау болып табылады.
2. Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттiк реттеудің түрлерi:
1) Қазақстан Республикасының заңдарымен жеке кәсiпкерлiктің субъектілеріне, сондай-ақ өнiмдерiне, процестерiне талаптар белгiлеу;
2) сәйкестiктi, тексеру, калибрлеу және сынақ зертханаларын (орталықтарын) растау жөнiндегi органдарды аккредиттеу;
3) өнiмнiң, процестердің жекелеген түрлерiнiң Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкестiгiн мiндеттi растау;
4) жеке кәсiпкерлiктi мемлекеттiк бақылау;
5) лицензиялау, сертификаттау, аккредиттеу және рұқсаттардың өзге де түрлерін беру;
6) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершілігін мiндеттi сақтандыру;
7) Қазақстан Республикасының заңдарымен жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң, мемлекеттiк органдардың және олардың лауазымды адамдарының жауапкершілігін белгiлеу.

30-бап. Қазақстан Республикасының заңдарымен жеке кәсіпкерлік өнімдеріне, процестеріне талаптар белгілеу
Мемлекет Қазақстан Республикасының заңдарымен өнімдерге, процестерге жеке кәсіпкерліктің барлық субъектілері үшін орындауға міндетті талаптар белгілейді.

31-бап. Сәйкестікті, тексеру, калибрлеу және сынақ зертханаларын (орталықтарын) растау жөніндегi органдарды аккредиттеу
Сәйкестікті, тексеру, калибрлеу және сынақ зертханаларын (орталықтарын) растау жөніндегі органдарды аккредиттеу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүргізіледі.

32-бап. Өнімдердің жекелеген түрлерінің, процестердің сәйкестігін міндетті растау
Өнімдердің жекелеген түрлерінің, процестердің сәйкестігін міндетті растау, егер бұл Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасында белгіленген мақсаттарға қол жеткізу үшін қажетті болса, белгіленеді.

33-бап. Жеке кәсiпкерлiктi мемлекеттiк бақылау
1. Жеке кәсiпкерлiктi мемлекеттiк бақылау, өнiмдерге, процестерге Қазақстан Республикасының заңдарымен және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларымен белгiленген талаптардың және өнiмдердiң жекелеген түрлерiнiң, процестердiң сәйкестiгiн растау жөнiндегi талаптардың орындалуы мемлекеттiк әкiмшiлiк ету мақсаттарына қол жеткiзу үшiн жеткiлiксiз болған жағдайларда белгiленедi.
2. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қызметін мемлекеттік бақылау:
1) ұйымдастырылу және жүргізілу тәртібі осы Заңда айқындалатын тексерулер;
2) ұйымдастырылу және жүргізілу тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарымен айқындалатын алдын алу-профилактикалық сипаты бар бақылаудың өзге де нысандарында жүзеге асырылады.
3. Егер Қазақстан Республикасының салық заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бақылаудың өзге де нысандарын бақылау және (немесе) қадағалау функцияларын жүзеге асыруға уәкілетті органдар бақылау объектілеріне (субъектілеріне) келместен, тәуекелдерді бағалау жүйесінің бекітілген критерийлерін ескере отырып, қажеттілік пен жеткіліктілік принциптеріне сәйкес жүргізеді.
Мемлекеттік бақылаудың өзге де нысандарын жүргізген кезде жеке кәсіпкерлік субъектісін алдын ала хабардар ету және өз құзыреті шегінде құқықтық статистика және арнаулы есеп саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органда (бұдан әрі – құқықтық статистика органы) тіркеу талап етілмейді.
Мемлекеттік бақылаудың өзге де нысандарының түріне қарай оның қорытындылары бойынша бұзушылық анықталған жағдайда жеке кәсіпкерлік субъектісін әкімшілік жауаптылық туралы істі қозғамастан, бірақ оған бұзушылықты жою тәртібін міндетті түрде түсіндіре отырып, қорытынды материалдар (анықтама, нұсқама және басқа да) жасалуы мүмкін.
4. Осы Заңның 37-бабын, 39-бабының 2 және 3-тармақтарын, 41-бабын қоспағанда, осы баптың және осы Заңның 8-тарауының күші:
1) Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасын кесiп өтумен;
2) 2010.30.06. № 297-ІV ҚР Заңымен алып тасталды
3) кеден одағының кедендік шекарасын және (немесе) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өткен кездегі өсімдіктер карантині бақылауын, санитариялық-карантиндік, ветеринариялық бақылауды жүргізумен;
4) жол қозғалысы қауіпсіздігі талаптарын сақтаумен;
5) көліктегі қауіпсіздік талаптарын сақтау тұрғысынан көліктік бақылау бекеттерінде автокөлік құралдарының Қазақстан Республикасының аумағы арқылы жүріп өтуімен;
6) кеме иелелерінің және шағын көлемдi кемелер экипаждары мүшелерінің Қазақстан Республикасының ішкі су көлігі және сауда мақсатында теңізде жүзу туралы заңдарына сәйкес шағын көлемдi кемелерді қауіпсіз түрде пайдалану жөніндегі талаптарын орындауын бақылаумен;
7) жеке тұлғалардың азаматтық қаруды сақтау, тағып жүру және пайдалану талаптарын сақтауымен;
8) базарларда, жануарлардан, өсімдіктерден алынатын өнімдер мен шикізаттарды бір технологиялық циклде өндіруді, дайындауды (союды), сақтауды, қайта өңдеуді жүзеге асыратын ұйымдарда ветеринария және өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік бақылауды жүзеге асырумен;
9) ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды және мемлекеттік орман қоры аумағында орман қорын күзету, қорғау, оны пайдалану, ормандарды молықтыру жөне орман өсіру саласындағы талаптардың сақталуына, сондай-ақ жануарлар және өсімдіктер дүниесі объектілерінің санкциясыз алып қойылуын бақылауды жүзеге асырумен;
10) карантиндік аймақтарды және қолайсыз мекендерде жануарлар мен құстардың аса қауіпті аурулары бойынша іс-шараларды бақылаумен;
11) жеке тұлғалардың әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігі талаптарын сақтауымен;
12) ішкі істер органдарының жүрізілетін жедел-профилактикалық іс-шаралары шеңберінде қарудың, жарылғыш және улы заттардың, есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың, азаматтық, пиротехникалық заттардың және олар қолданылған бұйымдардың заңды айналымы саласындағы бақылаумен;
13) акцизделетін тауарлардың жекелеген түрлерін өндіруді жүзеге асыратын субъектінің аумағында Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес орнатылған акциздік постылар арқылы бақылаумен, сондай-ақ этил спиртін өндіруді жүзеге асыратын ұйымдарда этил спиртіне бақылау есебінің жүргізілуімен, өтініш берушінің этил спирті мен алкоголь өнімін өндіру және олардың айналымы жөніндегі қызметке қойылатын біліктілік талаптарына сай келуін анықтаумен;
14) Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының талаптарын сақтаумен;
15) Қазақстан Республикасының қаржы заңнамасын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының қаржылық ұйымдар мен қаржы нарығының қызметін реттейтін заңнамасын сақтаумен;
16) Қазақстан Республикасы бюджет заңнамасының, сондай- республикалық бюджеттің атқарылуын реттейтін өзге де нормативтік құқықтық актілердің талаптарын сақтаумен байланысты қатынастарға қолданылмайды.
5. Осы Заңның күші кеден ісі саласындағы мемлекеттік бақылауға қолданылмайды.

34-бап. Жеке кәсіпкерліктің жекелеген түрлерін лицензиялау
Жеке кәсіпкерліктің жекелеген түрлерін лицензиялау Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

35-бап. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің азаматтық-құқықтық жауаптылығын міндеттi сақтандыру
Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің азаматтық-құқықтық жауаптылығын міндетті сақтандыру, егер осы Заңның 29-бабының 2-тармағында көрсетілген мемлекеттік реттеу түрлерін қолдану мемлекеттік әкімшілік ету мақсаттарына қол жеткізуді қамтамасыз етпейтін жағдайларда Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленеді.

36-бап. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің, мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдарының жауаптылығын белгілеу
Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің, мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдарының жауаптылығы Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленеді.

8-тарау. ЖЕКЕ КӘСІПКЕРЛІКТІ МЕМЛЕКЕТТІК БАҚЫЛАУ

37-бап. Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік бақылаудың негізгі принциптері мен міндеттерi
1. Қазақстан Республикасындағы жеке кәсiпкерлiктi мемлекеттiк бақылау:
1) заңдылық;
2) жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң адалдық презумпциясы;
3) жариялылық;
4) бәрiнiң заң мен сот алдындағы теңдiгi;
5) мемлекеттiк органдар лауазымды адамдарының кәсіптік бiлiктiлiгi мен құзыреттiлiгi;
6) лауазымдық мiндеттерiн орындамағаны не тиiсiнше орындамағаны және олардың өз өкiлеттiктерiн асыра пайдаланғаны үшiн мемлекеттiк органдар лауазымды адамдарының жауаптылығы;
7) жазалау алдында құқық бұзушылықты болғызбаудың басымдығы;
8) қажеттілік пен жеткіліктілік;
9) мемлекеттік органдар арасында бақылау өкілеттіктерінің аражігін ажырату;
10) адал жеке кәсіпкерлік субъектілерін көтермелеу, құқық бұзушыларға бақылауды шоғырландыру;
11) жеке кәсіпкерлік субъектілері мен тұтынушылардың өздерінің заңды құқықтарын өз бетінше қорғау қабілеттілігін арттыру;
12) мемлекеттік бақылау жүйесінің есептілігі мен ашықтығы принциптерiне негiзделедi.
2. Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік бақылаудың негізгі міндеті экономикалық қауіпсіздікті, алдау практикасының алдын алуды, табиғи және энергетика ресурстарын үнемдеуді, ұлттық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруды қоса алғанда, жеке кәсіпкерлік субъектісі өндіретін және сататын өнімдердің адамдар өмірі мен денсаулығына қауіпсіздігін, олардың мүлкін қорғауды, қоршаған ортаға қауіпсіздігін, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады.
3. Мемлекеттік органдар осы Заңның қосымшасына сәйкес өздеріне жүктелген бақылау және қадағалау функцияларына сәйкес жеке кәсіпкерлікті бақылауды жүзеге асырады.
4. Мемлекеттік органдарға осы Заңның 38-бабының 1-тармағында көзделген нормативтік құқықтық актілерді қоспағанда, жеке кәсіпкерлік субъектілеріне тексеру жүргізу тәртібі мәселелері бойынша заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілер қабылдауға тыйым салынады.

37-1-бап. Жеке кәсіпкерлік субъектілерін тексеру түрлері және оларды тағайындау негіздері
1. Жеке кәсіпкерлік субъектісін тексеру – мемлекеттік бақылау нысандарының бірі, оны бақылау және (немесе) қадағалау функцияларын жүзеге асыруға уәкілетті мемлекеттік органдар мынадай іс-әрекеттерді:
1) мемлекеттік орган лауазымды адамының тексерілетін объектіге баруын;
2) мемлекеттік бақылаудың өзге де нысандарын жүргізу кезінде қажетті ақпаратты талап етуді қоспағанда, тексеру нысанасына қатысы бар қажетті ақпаратты сұрату;
3) жеке кәсіпкерлік субъектісінің Қазақстан Республикасының заңдарының және Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулыларының талаптарын сақтауы туралы ақпарат алу мақсатында жеке кәсіпкерлік субъектісін шақырту арқылы жүргізеді.
Тексерудің нысанасы жеке кәсіпкерлік субъектілерінің Қазақстан Республикасы заңдарының және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларының талаптарын сақтауы болып табылады.
2. Жеке кәсіпкерлік субъектілерін тексеру мынадай түрлерге:
1) жоспарлы;
2) жоспарлы емес болып бөлінеді.
Жоспарлы тексеру – бақылау және (немесе) қадағалау функцияларын жүзеге асыруға уәкілетті мемлекеттік орган уәкілетті органның тәуекелдерді бағалау жүйесіне сәйкес және адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделеріне төнген қатердің алдын алу мақсатында алдыңғы тексерулерге қатысты белгіленген уақыт аралықтарын ескере отырып бекіткен тексерулер жоспары негізінде жеке кәсіпкерліктің нақты субъектісіне қатысты тағайындайтын тексеру.
Жоспардан тыс тексеру – бақылау және (немесе) қадағалау функцияларын жүзеге асыруға уәкілетті мемлекеттік орган адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделеріне тікелей төнген қатердің алдын алу мақсатында жеке кәсіпкерліктің нақты субъектісіне қатысты тағайындайтын тексеру.
Жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер бірнеше жеке кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты мынадай:
1) салық органында тіркеу есебіне қою;
2) бақылау-кассалық машиналардың болуы;
3) акциздік және есепке алу-бақылау таңбаларының болуы және түпнұсқалығы, біржолғы талонның болуы, этил спиртін босатуға лицензияның, рұқсаттың, патенттің, Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 574-бабында көрсетілген тіркеу карточкасының болуы мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының салық заңнамасының талаптарын сақтау жөнінде ғана бір мезгілде жүргізіледі.
Жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер ішкі еңбек тәртібі қағидаларында белгіленген жеке кәсіпкерлік субъектісінің жұмыс уақытында жүзеге асырылады.
3. Жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер:
1) кешенді тексерулер;
2) тақырыптық тексерулер болып бөлінеді.
Бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыруға уәкілетті бірнеше мемлекеттік орган жеке кәсіпкерлік субъектісін тексеруді бірмезгілде жүргізуі қажет болған кезде осы органдардың әрқайсысы тексеруді тағайындау туралы актіні ресімдеуге және оны құқықтық статистика жөніндегі органда тіркетуге міндетті.
Бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыруға уәкілетті бір ғана мемлекеттік орган бір ғана сол мәселелер шеңбері бойынша жеке кәсіпкерліктің бірнеше субъектісін тексеруі қажет болған кезде осы орган жеке кәсіпкерліктің әрбір субъектісіне тексеруді тағайындау туралы актіні ресімдеуге және оны құқықтық статистика органында тіркетуге мынадай мәселелер:
1) салық органында тіркеу есебіне қою;
2) бақылау-кассалық машиналардың болуы;
3) акциздік және есепке алу-бақылау таңбаларының болуы және түпнұсқалығы, біржолғы талонның болуы, этил спиртін босатуға лицензияның, рұқсаттың, патенттің, Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 574-бабында көрсетілген тіркеу карточкасының болуы мәселелері бойынша жүргізілетін тексерулерді қоспағанда, міндетті.
Кешенді тексеру – жеке кәсіпкерлік субъектісінің қызметін оның Қазақстан Республикасы заңдарының және Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулыларының талаптарын сақтау жөніндегі мәселелер кешені бойынша тексеру.
Тақырыптық тексеру – жеке кәсіпкерлік субъектісінің қызметін Қазақстан Республикасы заңдарының және Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулыларының талаптарын сақтау жөніндегі жекелеген мәселелер бойынша тексеру.
4. Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы жоспарлы тексерулер жүргізудің жыл сайынғы жиынтық жоспарын қалыптастыруы үшін уәкілетті мемлекеттік органдар жыл сайынғы тексеру жүргізу жоспарларын жоспарлы тексеру жүргізілетін жылдың алдындағы жылдың 10 желтоқсанына дейінгі мерзімде құқықтық статистика органына жібереді.
5. Жыл сайынғы тексеру жүргізу жоспарларын өзгертуге жол берілмейді.
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы жоспарлы тексерулер жүргізудің жыл сайынғы жиынтық жоспарын ағымдағы күнтізбелік жылдың 25 желтоқсанына дейінгі мерзімде Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының ресми сайтына орналастырады.
6. Уәкілетті мемлекеттік орган тәуекелдерді бағалау жүйесі іс-шараларының нәтижелері негізінде бекіткен жоспар жеке кәсіпкерлік субъектілеріне жоспарлы тексеру тағайындау үшін негіз болады.
7. Жеке кәсіпкерлік субъектілерін жоспардан тыс тексеруге:
1) тексерудің нәтижесінде және мемлекеттік бақылаудың өзге де нысандарының нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалардың (қаулылардың, ұсынулардың, хабарламалардың) орындалуын бақылау;
2) жеке және заңды тұлғалардан, мемлекеттік органдардан, Қазақстан Республикасы Парламентінің және жергілікті өкілді органдардың депутаттарынан адамдардың өміріне, денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірілгені не зиян келтіру қатері туралы ақпарат пен өтініштер алу;
3) тексеруді жүзеге асыру үшін қажетті ақпарат алу мақсатында, тексерiлетiн жеке кәсiпкерлiк субъектiсiнің азаматтық-құқықтық қатынастары болған үшінші тұлғаға қатысты жүргізілетін қарсы тексеру;
4) жеке кәсіпкерлік субъектісінің өз қызметіне тексеру жүргізу туралы бастамашылық өтініші;
5) жеке кәсіпкерлік субъектісіне қатысты жоспарлы тексеру жүргізу белгіленбесе, оны қайта ұйымдастыру;
6) жеке кәсіпкерлік субъектісінің бастапқы тексеруге келіспейтіні туралы өтінішіне байланысты қайталама тексеру;
7) Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінде көзделген негіздер;
8) салық төлеушілердің өтініштері, Қазақстан Республикасының Салық кодексінің 627-бабында айқындалған мәліметтер мен мәселелер негіз болып табылады.
8. Жоспардан тыс тексерулер иесі бүркемеленген өтініштер болған жағдайларда жүргізілмейді.
9. Жоспардан тыс тексерулерге осы жоспардан тыс тексеруді жүргізу үшін негіз болған фактілер мен мән-жайлар жатады.
10. Эпидемия, карантинтік объектілер ошақтары, инфекциялық, паразиттік аурулар таралу, уланулар туындаған немесе олардың туындау қатері төнген жағдайларда объектілерге жоспардан тыс тексеру алдын ала хабардар етпестен және тексеруді тағайындау туралы актіні тіркеместен, оны кейіннен құқықтық статистика органына келесі жұмыс күні ішінде табыс ете отырып жүргізіледі.
11. Бақылаушы және тіркеуші органдар орналасқан жерден шалғайда тұрған объектілерде немесе субъектілерде жоспардан тыс тексеру жүргізуге негіз бары анықталған жағдайда жоспардан тыс тексеру алдын ала хабардар етпестен және тексеруді тағайындау туралы актіні тіркеместен, оны кейіннен құқықтық статистика органына келесі бес жұмыс күні ішінде табыс ете отырып жүзеге асырылады.
12. Жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер жүргізу үшін санамаланған негіздер заңды тұлғалардың құрылымдық бөлімшелеріне, резидент емес заңды тұлғалардың құрылымдық бөлімшелеріне, қызметін әділет органдарында тіркелмей жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлғаларға қатысты қолданылады.

38-бап. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiн тексерудi ұйымдастыру
мен жүргiзудiң жалпы тәртiбi
1. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiн тексерудi ұйымдастыру мен жүргiзу тәртiбi осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
Мемлекеттік органдар міндетті ведомстволық есептіліктің, тексеру парақтарының нысандарына, тәуекел дәрежесін бағалау критерийлеріне, тексерулер жоспарына, тексерулер жүргізудің жылдық жоспарына қатысты актілерді әзірлейді және бекітеді.
Тәуекел дәрежесін бағалау критерийлері, ведомстволық есептіліктің және тексеру парақтарының нысандары міндетті түрде кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органмен келісу рәсімінен өтеді.
2. Бақылау және (немесе) қадағалау функцияларын жүзеге асыруға уәкілетті мемлекеттік орган жеке кәсіпкерлік субъектілерін тексерулер санының, сондай-ақ тексеру парақтарына сәйкес анықталған бұзушылықтардың және олар бойынша қабылданған әкімшілік ықпал ету шараларының ведомстволық есебін тұрақты және үздіксіз негізде жүргізуге міндетті.
Жеке кәсіпкерлік субъектілерін тексеру мәселелері жөніндегі ведомстволық есептіліктің нысандарын осы Заңның 37-1-бабының ережелері ескеріле отырып жасалады және орталық мемлекеттік орган, құқықтық статистика органы және кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган басшыларының бірлескен бұйрығымен бекітіледі.
Жеке кәсіпкерлік субъектілерін тексеру жөніндегі міндетті ведомстволық есептіліктің жиынтық деректері мемлекеттік органдардың ресми сайттарында жарияланады.
Мемлекеттік органдар тексерулердің ведомстволық есепке алу деректерін ескере отырып жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қызметімен байланысты тәуекелдерді бағалаудың ведомстволық жүйесін қалыптастыруға және тұрақты жүргізуге міндетті.
Тәуекел – жеке кәсіпкерлік субъектісінің қызметі нәтижесінде салдарының ауырлық дәрежесі ескеріле отырып, адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, мемлекеттің мүліктік мүдделеріне зиян келтірудің ықтималдығы.
Тәуекелдерді бағалау жүйесі - бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыруға уәкілетті мемлекеттік орган тексерулерді жоспарлау мақсатында жүргізетін іс-шаралар кешені.
Мемлекеттік органдар жеке кәсіпкерлік субъектілерін тәуекел дәрежесіне қарай жоғары, орташа не төмен тәуекел топтарына жатқызады және олар үшін жоспарлы тексерулер жүргізудің:
жоғары тәуекел дәрежесі кезінде – жылына бір реттен;
орташа тәуекел дәрежесі кезінде – үш жылда бір реттен;
төмен тәуекел дәрежесі кезінде – бес жылда бір реттен жиі емес кезеңділігін айқындайды.
Санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау, ветеринария, карантин және өсімдіктерді қорғау, тұқым шаруашылығы, астық және мақта нарығы саласындағы Қазақстан Республикасының заңдары мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулылары талаптарының сақталуын тексеру үшін жоспарлы тексерулер жүргізудің кезеңділігі:
1) ветеринария, карантин және есімдіктерді қорғау, тұқым шаруашылығы, астық және мақта нарығы саласында:
жоғары тәуекел дәрежесі кезінде – жарты жылда бір реттен;
орташа тәуекел дәрежесі кезінде – бір жылда бір реттен;
төмен тәуекел дәрежесі кезінде – үш жылда бір реттен жиі болмауға;
2) санитариялық-эпидемиологиялық бақылау саласында:
жоғары тәуекел дәрежесі кезінде – айына бір реттен;
орташа тәуекел дәрежесі кезінде – тоқсанына бір реттен;
төмен тәуекел дәрежесі кезінде – жылына бір реттен жиі болмауға тиіс.
Бақылау субъектілерін тәуекел дәрежелері бойынша бөлу субъектінің салдардың ауырлығы тұрғысынан маңызы, Қазақстан Республикасының заңдарын бұзушылықтардың салалық статистикасы, сондай-ақ жоспардан тыс тексерулердің нәтижелері ескеріле отырып жүзеге асырылады.
Тәуекел дәрежесін бағалау критерийлері – жеке кәсіпкерлік субъектісінің тікелей қызметімен, салалық даму ерекшеліктерімен және осы дамуға әсер ететін факторлармен байланысты, жеке кәсіпкерлік субъектілерін әртүрлі тәуекел дәрежесіне жатқызуға мүмкіндік беретін сандық және сапалық көрсеткіштердің жиынтығы.
Тәуекел дәрежесін бағалау критерийлері бақылау және (немесе) қадағалау функцияларын жүзеге асыруға уәкілетті мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органның бірлескен бұйрығымен бекітіледі және мемлекеттік органдардың ресми сайттарында жарияланады.
Бақылау және (немесе) қадағалау функцияларын жүзеге асыруға уәкілетті мемлекеттік органдар өз құзыреттері шегінде жеке кәсіпкерлік субъектілерінің біртекті топтары үшін тексеру парақтарын қалыптастыруға міндетті.
Тексеру парағы Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларында көзделген жеке кәсіпкерлік субъектісінің қызметіне қойылатын, олардың сақталмауы адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, азаматтардың, заңды тұлғалардың және мемлекеттің мүліктік мүдделеріне қатер төндіруге әкеп соғатын талаптардың түбегейлі тізбесін қамтиды.
Тексеру парағында қамтылған, жеке кәсіпкерлік субъектісіне қойылатын талаптар ең аз жеткіліктілік принциптеріне сәйкес қалыптастырылады.
Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларында көзделмеген не жеке кәсіпкерлік субъектісінің қызметінен келетін тәуекел дәрежесін төмендетуге әсер етпейтін талаптар тексеру парақтарына енгізілуге жатпайды және олар жеке кәсіпкерлік субъектілерін тексеру барысында қойылмайды.
Тексеру парақтарының нысандары бақылау және (немесе) қадағалау функцияларын жүзеге асыруға уәкілетті мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органның бірлескен бұйрығымен бекітіледі және мемлекеттік органдардың ресми сайттарында жарияланады.»;
3. Тексеру мемлекеттiк органның тексерудi тағайындау туралы актiсi негiзiнде жүргiзiледi.
Тексерудi тағайындау туралы актiде:
1) актiнiң нөмiрi мен күнi;
2) мемлекеттiк органның атауы;
3) тексеру жүргiзуге уәкiлеттi адамның (адамдардың) тегi, аты, әкесiнiң аты (ол болғанда) және лауазымы;
4) тексерiлетiн жеке кәсiпкерлiк субъектiсiнiң атауы немесе тексеру жүргiзу тағайындалған дара кәсiпкердiң тегi, аты, әкесiнiң аты (ол болғанда), оның орналасқан жерi, сәйкестендіру нөмірі, аумақтың учаскесі;
5) тағайындалған тексерудiң мәнi;
6) тексеру жүргізудің мерзімі;
7) тексеру жүргiзудiң құқықтық негiздерi, оның iшiнде мiндеттi талаптары тексеруге жататын нормативтiк құқықтық актiлер;
8) тексерiлетiн кезең;
9) актiге қол қоюға уәкiлеттi адамның қолы және мемлекеттiк органның мөрi көрсетiледi.
4. Салық қызметі органдары жүзеге асыратын қарсы тексерулерді қоспағанда, тексеруді тағайындау туралы актi Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен құқықтық статистика жөніндегі органда мiндеттi түрде тiркеледi.
Тексеру тағайындау туралы актіні тіркеудің есептік сипаты бар және тәуекелді басқарудың ведомстволық жүйелерін қалыптастыру мен жетілдіру үшін пайдаланылады.
Тексеру тағайындау туралы актінің тіркелуі осындай тексерудің заңдылығына дәлел болып табылмайды.
Жеке кәсіпкерлік субъектілері бойынша салық қызметі органдары жүзеге асыратын қарсы тексерулерді тағайындау туралы актілер жөніндегі жалпы мәлімет тоқсан сайын құқықтық статистика органына беріледі.
5. Бақылау және (немесе) қадағалау функцияларын жүзеге асыруға уәкілетті мемлекеттік орган жеке кәсіпкерлік субъектісін тексеру жүргізудің мерзімдері мен нысанын көрсете отырып, тексеру басталғанға дейін кемінде күнтізбелік отыз күн бұрын жоспарлы тексеру жүргізудің басталатыны туралы жазбаша түрде хабардар етуге міндетті.
Жоспардан тыс тексеру жүргізу кезінде осы Заңның 37-1-бабы 7-тармағының 3), 4), 7), 8) тармақшаларында, 9 және 10-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік орган жеке кәсіпкерлік субъектісін тексеру жүргізу нысанасын көрсете отырып, тексеру басталғанға дейін кемінде бір тәулік бұрын жоспардан тыс тексеру жүргізудің басталатыны туралы хабарлауға міндетті.
6. Объектiге тексеру үшiн келген мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдары:
1) құқықтық статистика жөнiндегi органда тiркеу туралы белгi қойылған тексерудi тағайындау туралы актiнi;
2) қызметтiк куәлiгiн;
3) қажет болғанда режимдi объектiлерге баруға құзыреттi органның рұқсатын;
4) объектiлерге бару үшiн болуы қажет медициналық рұқсаттаманы;
5) тексеру парағын көрсетуге міндетті.
7. Тексерудi тағайындау туралы актiнi тексерiлетiн жеке кәсiпкерлiк субъектiсiне берген сәттен бастап тексеру жүргiзу басталды деп есептеледi.
8. Тексерудi тағайындау туралы актiнi қабылдаудан бас тартқан немесе тексерудi жүзеге асыратын мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдарының тексеру жүргiзуге қажеттi материалдарға қол жеткiзуiне кедергi келтiрiлген жағдайда хаттама жасалады. Хаттамаға тексерудi жүзеге асыратын мемлекеттiк органның лауазымды адамы және тексерiлетiн жеке кәсiпкерлiк субъектiсiнiң уәкiлеттi адамы қол қояды.
Тексерiлетiн жеке кәсiпкерлiк субъектiсiнiң уәкiлеттi адамы бас тарту себебi туралы жазбаша түсiнiктеме берiп, хаттамаға қол қоюдан бас тартуға құқылы. Тексерудi тағайындау туралы актiнi алудан бас тарту тексеру жүргiзбеуге негiз болып табылмайды.
9. Тексерудi тағайындау туралы актiде көрсетiлген лауазымды адам (адамдар) ғана тексеру жүргiзе алады.
10. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі және қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу мен қадағалау жөніндегі мемлекеттік орган, мемлекеттік қаржы бақылауы органдары жүзеге асыратын тексерулерді ұйымдастыру мен жүргізу тәртібінің ерекшеліктері, тексерулердің түрлері, олардың кезеңділігі мен ұзақтығы Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалады.
11. Тексеру жүргiзу мерзiмi алдағы жұмыстар көлемі, сондай-ақ қойылған міндеттер ескеріле отырып белгіленеді және ол Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген салықтық тексеруді, сондай-ақ санитариялық-эпидемиологиялық бақылау, ветеринария, карантин және өсімдіктерді қорғау, тұқым шаруашылығы, астық және мақта нарығы саласында жүргізілетін тексерулерді жүргізу кезіндегі жекелеген жағдайларды қоспағанда, отыз жұмыс күнінен аспауға тиіс, олар үшін салалық ерекшеліктері ескеріле отырып, тексерулер жүргізудің мынадай:
1) санитариялық-эпидемиологиялық бақылау саласындағы тексерулер – он бес жұмыс күніне дейін және он бес жұмыс күніне дейін ұзартылатын;
2) ветеринария, карантин және өсімдіктерді қорғау, тұқым шаруашылығы, астық және мақта нарығы саласында – бес жұмыс күнінен аспайтын және бес жұмыс күніне дейін ұзартылатын мерзімдері белгіленген.
Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген салықтық тексерулерді жүргізу кезіндегі жекелеген жағдайларды және осы тармақта көзделген жағдайларды қоспағанда, арнайы зерттеулер, сынақтар, сараптамалар жүргiзу қажет болғанда, сондай-ақ тексеру көлемiнiң ауқымды болуына байланысты бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыруға уәкілетті мемлекеттік органның басшысы (не оны ауыстыратын адам) тексеру жүргiзудiң мерзiмiн отыз жұмыс күнінен аспайтын мерзімге бір рет қана ұзарта алады.
Тексеру мерзiмi ұзартылған жағдайда мемлекеттiк орган мiндеттi түрде құқықтық статистика органында тiркеу арқылы тексеруді ұзарту туралы қосымша актiнi ресiмдейдi, онда тексерудi тағайындау туралы алдыңғы актiнiң нөмiрi мен тiркелген күнi және ұзартудың себебi көрсетiледi.
Тексеру бір айдан аспайтын мерзімге бір рет тоқтатыла тұруы мүмкін.
Ерекше жағдайларда (шет мемлекеттерден және тексеру жүргізу шеңберінде елеулі мәні бар мәліметтерді, құжаттарды алу қажеттігі, отыз жұмыс күнінен асатын мерзімде арнайы зерттеулер, сынақтар, сараптамалар жүргізу) тексеруді тоқтата тұру мерзімі белгіленбейді.
Жеке кәсіпкерлік субъектісін тексеруді тоқтата тұру және қайта бастау туралы хабардар ету құқықтық статистика жөніндегі органға хабарлана отырып, тексеруді тоқтата тұруға не қайта бастауға дейін бір күн бұрын жүргізіледі.
Тексеруді тоқтата тұру және қайта бастау кезінде тексеруді тоқтата тұру және қайта бастау туралы акт жасалады.
Тоқтатыла тұрған тексеруді жүргізу мерзімін есептеу ол қайта басталған күннен бастап жалғасады.
Тоқтатыла тұрған және осы бапта белгіленген мерзімдерде қайта басталмаған тексеру бойынша жеке кәсіпкерлік субъектісін тексеруді қайта жүргізуге жол берілмейді.
Салық қызметі органдары жүзеге асыратын тексерулерді жүргізу тәртібі мен мерзімдерінің, ұзартудың және тоқтата тұрудың ерекшеліктерін Қазақстан Республикасының Салық кодексі айқындайды.
12. Тексерудi тағайындау туралы актi тек бiр ғана жеке кәсiпкерлiк субъектiсiне ресiмделедi.
13. Зерттеулер (сынақтар), сараптамалар жүргiзу үшiн өнiмнiң (сынамалардың) үлгiлерiн iрiктеу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүргiзiледi.
14. Тексерудiң нәтижелерi бойынша тексерудi жүзеге асыратын мемлекеттiк органның лауазымды адамы екi данада тексеру нәтижелерi туралы актi жасайды.
Тексеру нәтижелерi туралы актiде:
1) актiнiң жасалған күнi, уақыты және орны;
2) тексерудi жүргiзген мемлекеттiк органның атауы;
3) соның негiзiнде тексеру жүргiзiлген тексерудi тағайындау туралы актiнiң күнi мен нөмiрi;
4) тексеру жүргiзген адамның (адамдардың) тегi, аты, әкесiнiң аты (ол болғанда) және лауазымы;
5) тексерiлетiн жеке кәсiпкерлiк субъектiсiнiң атауы немесе дара кәсiпкердiң тегi, аты, әкесiнiң аты (ол болғанда), тексерудi жүргiзу кезiнде қатысқан заңды тұлға өкiлiнiң немесе дара кәсiпкер өкiлiнiң тегi, аты, әкесiнiң аты (ол болғанда), лауазымы;
6) тексерудiң жүргiзiлген күнi, орны және кезеңi;
7) тексерудiң нәтижелерi туралы, оның iшiнде анықталған бұзушылықтар туралы, олардың сипаты туралы мәлiметтер;
8) заңды тұлға немесе дара кәсiпкер өкiлiнiң, сондай-ақ тексерудi жүргiзу кезiнде қатысқан адамның актiмен танысуы туралы немесе танысудан бас тартуы туралы мәлiметтер, олардың қолы немесе қол қоюдан бас тартуы туралы;
9) тексерудi жүргiзген лауазымды адамның (адамдардың) қолы көрсетiледi.
Тексерудiң нәтижелерi туралы актiге олар болған жағдайда өнiмнiң үлгiлерiн (сынамаларын) iрiктеу, қоршаған орта объектiлерiн зерттеу туралы актiлер, жүргiзiлген зерттеулердiң (сынақтардың) және сараптамалардың хаттамалары (қорытындылары) және тексеру нәтижелерiмен байланысты басқа да құжаттар немесе олардың көшiрмелерi қоса берiледi.
15. Тексерудiң нәтижелерi бойынша ескертулер және (немесе) қарсылықтар болған жағдайда, жеке кәсiпкерлiк субъектiсiнiң басшысы немесе дара кәсiпкер не олардың өкiлдерi оларды жазбаша түрде белгiлейдi.
Ескертулер және (немесе) қарсылықтар тексеру жүргiзудiң нәтижелерi туралы актiге қоса берiледi, ол туралы тиiстi белгi жасалады.
16. Жеке кәсiпкерлiк субъектiсiнде түпнұсқа ретiнде болатын құжаттардың көшiрмелерiн қоспағанда, қосымшаларының көшiрмелерi бар тексерудiң нәтижелерi туралы актiнiң бiр данасы танысу және анықталған бұзушылықтарды жою жөнiндегi шараларды және басқа да iс-қимылдарды қабылдау үшiн жеке кәсiпкерлiк субъектiсiнiң басшысына немесе дара кәсiпкерге не олардың өкiлдерiне тапсырылады.
17. Тексеру нәтижесiнде анықталған бұзушылықтар бойынша жеке кәсiпкерлiк субъектiсi үш күндiк мерзiмде қарсылықтар болмағанда тексерудi жүргiзген мемлекеттiк органның басшысымен келiсiлген мерзiмдердi көрсете отырып, анықталған бұзушылықтарды жою жөнiнде қабылданатын шаралар туралы ақпарат беруге мiндеттi.
18. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң келушiлер мен тексерулердi есепке алу кiтабын жүргiзуге құқығы бар. Мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдары жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң келушiлер мен тексерулердi есепке алу кiтабында тегiн, лауазымдарын және актiде баяндалған деректердi көрсете отырып, жүргiзiлген iс-қимылдар туралы жазба жасауға мiндеттi.
19. Түпнұсқалық бухгалтерлiк және өзге де құжаттарды алып қоюға және алуға тыйым салынады.
Түпнұсқалық құжаттарды алып қою және алу Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің нормаларына сәйкес, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде көзделген жағдайларда жүргізіледі.
20. Тексеру жүргiзiлген кезде Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылық болмаған жағдайда актiге тексеру нәтижелерi жөнiнде тиiстi жазба жасалады.
21. Тексерiлетiн жеке кәсiпкерлiк субъектiсiне тексерудi тағайындау туралы актiде көрсетiлген тексерудi аяқтау мерзiмiнен кешiктiрiлмей тексеру нәтижелерi туралы актiнiң тапсырылған күнi тексеру мерзiмiнiң аяқталуы деп есептеледi.
22. Иесi бүркемеленген өтiнiштер жоспардан тыс тексеру жүргiзу үшін негiз бола алмайды.
Осы Заңда белгiленбеген өзге тексеру түрлерiн жүргiзуге тыйым салынады.

39-бап. Жеке кәсіпкерлікті бақылауды жүзеге асыру кезіндегі мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының құқықтары мен міндеттерi
1. Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік бақылауды жүргізу кезінде мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының:
1) осы Заңның 38-бабының 4-тармағында көрсетілген құжаттарды көрсеткен кезде тексерілетін объектінің аумағына және үй-жайларына кедергісіз кіруге;
2) қағаз және электронды жеткізгіштердегі құжаттарды (мәліметтерді) не олардың көшірмелерін тексеру нәтижелері туралы актіге қосу үшін алуға, сондай-ақ тексерудің міндеттері мен мәніне сәйкес автоматтандырылған деректер қорына (ақпараттық жүйелерге) қол жеткізуге құқығы бар.
2. Тексеруді жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарына тексеру мәніне жатпайтын талаптар қоюға және өтініш жасауға тыйым салынады.
3. Мемлекеттік бақылауды жүргізу кезінде мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасын, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін сақтауға;
2) тексеруді осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген негізде және тәртіппен қатаң сәйкестікте жүргізуге;
3) тексеру жүргізу кезеңінде жеке кәсіпкерлік субъектісінің белгіленген жұмыс режиміне кедергі келтірмеуге;
4) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген талаптарды бұзушылықтың алдын алу, анықтау және жолын кесу бойынша Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес берілген өкілеттіктерді уақтылы және толық көлемде орындауға;
5) тексеру жүргізу кезінде жеке кәсіпкерлік субъектісінің қатысуына кедергі келтірмеуге, тексеру мәніне жатқызылған мәселелер бойынша түсініктер беруге;
6) тексеру жүргізу кезінде жеке кәсіпкерлік субъектісіне тексерудің мәніне қатысты қажетті ақпарат беруге;
7) тексеру аяқталған күні жеке кәсіпкерлік субъектісіне жүргізілген тексерудің нәтижелері туралы актіні беруге;
8) алынған құжаттардың және тексеру жүргізудің нәтижесінде алынған мәліметтердің сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.

40-бап. Мемлекеттiк бақылауды жүргiзу кезiндегi жеке кәсiпкерлiк субъектiсiнiң құқықтары мен мiндеттерi
1. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерi жеке кәсiпкерлiктi мемлекеттiк бақылауды жүргiзу кезiнде:
1) мынадай:
жоспарлы тексерулер тағайындалған кезде алдағы тексерулерге қатысты уақыт аралығы сақталмаған;
мемлекеттік органдар өз құзыретіне кірмейтін мәселелер бойынша тексерулер тағайындаған;
тексеру тағайындау туралы актіде көрсетілген мерзімдер асып кеткен не олар өтіп кеткен, осы Заңда белгіленген мерзімдерге сәйкес келмеген;
«Жеке кәсіпкерлік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 37-1-бабы 7-тармағының 2), 4), 6) 7) және 8) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік орган белгілі бір мәселе бойынша, белгілі бір кезеңде бұрын тексеру жүргізілген жеке немесе заңды тұлғаға оған қатысты көрінеу қайта тексеру тағайындаған;
егер алдыңғы тексеру кезінде бұзушылықтар анықталмаған болса, осы Заңның 37-1-бабы 7-тармағының 1) тармақшасына сәйкес жоспардан тыс тексеру тағайындалған;
осы Заңның 38-бабының 2 және 4-тармақтарында көзделген ақпарат пен құжаттар болмаған;
жасалған не әзірленіп жатқан қылмыстар туралы өтініште немесе хабарламада, жеке, заңды тұлғалардың және мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделерін бұзу туралы өзге де өтініштерде көрсетілген уақыт аралығының шеңберінен шығатын кезеңде тексеру тағайындалған;
тексеру жүргізуге тиісті өкілеттіктері жоқ адамдарға тексеру жүргізу тапсырылған;
осы Заңның 37-1-бабының 3-тармағында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, тексеруді тағайындау туралы бір актіде тексеруге тартылатын бірнеше жеке кәсіпкерлік субъектілері көрсетілген;
тексеру мерзімдері осы Заңда белгіленген мерзімнен асырып ұзартылған жағдайларда, объектiге тексеру жүргiзу үшiн келген мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдарын тексеруге жiбермеуге;
2) егер жүргiзiлетiн тексерудiң мәнiне жатқызылмаған немесе актiде көрсетiлген кезеңге жатқызылмаған болса, мәлiметтер бермеуге;
3) тексерудi тағайындау туралы актiге және тексерудiң нәтижелерi туралы актiге және мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдарының iс-әрекетiне (әрекетсiздiгiне) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен шағым жасауға;
4) мемлекеттiк органдардың немесе лауазымды адамдардың жеке кәсiпкерлiктi шектейтiн заңға негiзделмеген тыйым салуларын орындамауға;
5) тексеруді жүзеге асыру процесін, сондай-ақ лауазымды адамның қызметіне кедергі келтірместен, аудио- және бейне-техника құралдарының көмегімен лауазымды адамның тексеру шеңберінде жүргізетін жекелеген іс-әрекеттерін тіркеуге;
6) үшінші тұлғалардың өз мүдделері мен құқықтарын білдіруі, сондай-ақ үшінші тұлғалардың осы баптың 1-тармағының 5) тармақшасында көзделген іс-әрекеттерді жүзеге асыруы мақсатында оларды тексеруге қатысуға тартуға құқылы.
2. Мемлекеттiк органдар мемлекеттiк бақылауды жүргiзген кезде жеке кәсiпкерлiк субъектiлерi:
1) осы Заңның 38-бабы 4-тармағының талаптары сақталған кезде тексерiлетiн объектiнiң аумағына және үй-жайларына мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдарының кедергiсiз өтуiн қамтамасыз етуге;
2) осы Заңның 11-бабының талаптарын сақтай отырып, тексерудi жүзеге асыратын мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдарына қағаз және электронды жеткiзгiштердегi құжаттарды (мәлiметтердi) не олардың көшiрмелерiн тексерудiң нәтижелерi туралы актiге қосу үшiн табыс етуге, сондай-ақ тексерудiң мiндеттерi мен мәнiне сәйкес автоматтандырылған деректер қорына (ақпараттық жүйелерге) қол жеткiзуiне мүмкiндiк беруге;
3) тексерудi тағайындау туралы актiнiң екiншi данасында алғаны туралы белгi жасауға мiндеттi.

40-1-бап. Тексеру жүргізу кезіндегі шектеулер
Тексеру жүргізу кезінде мемлекеттік органның бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыруға уәкілетті лауазымды адамдары:
1) егер Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларында белгіленген талаптар мемлекеттік органның атынан әркет ететін лауазымды адамдардың құзыретіне жатпаса, мұндай талаптардың орындалуын тексеруге;
2) егер құжаттар, ақпарат, өнім үлгілері, қоршаған орта объектілерін және өндірістік орта объектілерін зерттеу сынамалары тексеру объектілері болып табылмаса немесе тексеру нысанасына жатпаса, оларды ұсынуды талап етуге;
3) өнім үлгілеріне, қоршаған орта объектілерін және өндірістік орта объектілерін зерттеу сынамаларына зерттеу, сынау, өлшеу жүргізу үшін көрсетілген үлгілердің, сынамалардың белгіленген нысан бойынша және (немесе) мемлекеттік стандарттарда, үлгілерді, сынамаларды іріктеп алу қағидаларында және олардың зерттеу, сынау, өлшеу әдістерінде, техникалық регламенттерде немесе олар күшіне енетін күнге дейін қолданыста болатын өзге де нормативтік техникалық құжаттарда, зерттеу, сынау, өлшеу қағидаларында және әдістерінде белгіленген нормадан асатын санда іріктеп алынуы туралы хаттамаларды ресімдемей, оларды іріктеп алуға;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, тексеру жүргізу нәтижесінде алынған және коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпия болып табылатын ақпаратты жария етуге және (немесе) таратуға;
5) тексеру жүргізудің белгіленген мерзімдерінен асып кетуге;
6) «Жеке кәсіпкерлік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 37-1-бабы 7-тармағының 2), 4), 6), 7), 8) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, белгілі бір мәселе бойынша, белгілі бір кезеңде бұрын тексеру жүргізілген жеке немесе заңды тұлғаға қатысты көрінеу қайта тексеру жүргізуге;
7) мемлекеттік бақылау мақсатында шығынды сипаттағы іс-шараларды жеке кәсіпкерлік субъектілерінің есебінен жүргізуге құқылы емес.

40-2-бап. Осы Заңның талаптарын өрескел бұза отырып жүргізілген тексерудің жарамсыздығы
1. Бақылау және (немесе) қадағалау функцияларын жүзеге асыруға уәкілетті мемлекеттік органның осы Заңда белгіленген, тексеруді ұйымдастыру мен жүргізуге қойылған талаптарды өрескел бұза отырып жүргізген тексеруі жарамсыз деп танылады, ал осы тексерудің нәтижелері жөніндегі акт жеке кәсіпкерлік субъектілерінің Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысында белгіленген міндетті талаптарды бұзуының дәлелі болып табылмайды және жоғары тұрған мемлекеттік органның немесе соттың оның күшін жоюына негіз болып табылады.
Жоғары тұрған мемлекеттік органның тексерудің жарамсыздығына байланысты жеке кәсіпкерлік субъектісінің өтінішін қарауы өтініш берілген кезден бастап он жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
Мұндай өтінішті қараудың белгіленген мерзімі бұзылған жағдайда шешім жеке кәсіпкерлік субъектісінің пайдасына шешілді деп есептеледі.
2. Өрескел бұзушылыққа:
1) тексеру жүргізу негіздерінің болмауы;
2) тексеруді тағайындау туралы актінің болмауы;
3) тексеру жүргізу туралы хабарлама мерзімдерінің сақталмауы;
4) осы Заңның 40-1-бабының талаптарын бұзу;
5) жоспарлы тексеру тағайындау кезінде алдыңғы тексеруге қатысты уақыт аралығын бұзу;
6) тексерілетін субъектіге тексеру актісін табыс етпеу жатады.

41-бап. Мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдарының шешімдеріне, іс-әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымдану тәртібi
1. Мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру кезінде жеке кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайда жеке кәсіпкерлік субъектісі тиісті органның және (немесе) лауазымды адамның іс-әрекетіне (әрекетсіздігіне) жоғары тұрған мемлекеттік органға не Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сотқа шағымдануға құқылы.
2. Жеке кәсіпкерлік субъектісінің қылмыстық істі қозғаумен және тексеру жүргізумен байланысты мемлекеттік органдардың іс-әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымдануы Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

9-тарау.
МЕМЛЕКЕТТІК БАҚЫЛАУДЫ, ЛИЦЕНЗИЯЛАУДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ КЕЗІНДЕ МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАР МЕН
ЛАУАЗЫМДЫ АДАМДАРДЫҢ ЖАУАПТЫЛЫҒЫ

42-бап. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін бұзғаны үшін жауаптылықтың жалпы негіздері мен нысандары
1. Мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдары осы Заңның 29-бабының 1-тармағында белгіленген мемлекеттік реттеудің мақсатына қол жеткізбеген мемлекеттік бақылауды, лицензиялауды жүзеге асыру кезінде өз қызметтік міндеттерін орындамаған немесе тиісінше орындамаған жағдайда, сондай-ақ өзге де құқыққа қайшы іс-әрекеттер (әрекетсіздік) жасағанда Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
2. Мемлекеттік органдар мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзуда кінәлі лауазымды адамдарына қатысты қабылданған шаралар туралы құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған жеке кәсіпкерлік субъектісіне бір ай ішінде жазбаша хабарлауға міндетті.
3. Мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдары жеке кәсіпкерлік субъектісі туралы ақпаратты таратқаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады, ал жеке кәсіпкерлік субъектісінің келісімінсіз ақпаратты тарату нәтижесінде оған келтірілген зиян өтелуге тиіс.

43-бап. Жеке кәсіпкерлікке кедергі келтіргені үшін жауаптылық
1. Мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдарының жеке кәсіпкерлік қызметіне заңсыз кедергі жасайтын кез келген іс-әрекеті (әрекетсіздігі) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
2. Қызметін мәжбүрлеп тоқтата тұру немесе тыйым салу солардың қызметін реттейтін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылатын қаржылық ұйымдардың, кредиттік бюролардың кәсіпкерлік қызметін қоспағанда, жеке кәсіпкерлік субъектісінің қызметін мәжбүрлеп тоқтата тұруды немесе тыйым салуды бақылау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың өтініші бойынша сот жүргізеді.
3. Жеке кәсіпкерлік субъектісінің қызметін сот шешімінсіз үш күннен аспайтын мерзімге тоқтата тұруға немесе оған тыйым салуға, көрсетілген мерзімде талап-арызды сотқа табыс етуді міндеттей отырып, ерекше жағдайларда жол беріледі.
Бұл ретте бақылау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органның қызметті тоқтата тұру немесе оған тыйым салу туралы актісі соттың шешімі шыққанға дейін қолданыста болады.
4. Кәсіпкерлік қызметіне заңсыз кедергі келтіру салдарынан жеке кәсіпкерлік субъектісі көтерген барлық шығындар мен жеке кәсіпкерлік субъектісіне келтірілген өзге де зиян өтелуге жатады.

44-бап. Жеке кәсіпкерлікті тексерудің белгіленген тәртібін бұзғаны үшін жауаптылық
1. Мемлекеттік орган немесе оның лауазымды адамы жеке кәсіпкерлік субъектісіне тексеру жүргізудің белгіленген тәртібін бұзған жағдайда (тексеруді негізсіз тағайындау, акті шығармай және оны құқықтық статистика органында тіркемей тексеру жүргізу, құжаттарды заңсыз алып қою, материалдық құндылықтарды заңсыз түгендеу, өндірісті тоқтата тұру, артық анықтамалар толтыру, негізсіз сұрау салуларды талап ету және өзге де жағдайларда) өтеулі талап етілетін шығындардың көлеміне тексеруге арналған материалдарды дайындағаны үшін жеке кәсіпкерлік субъекті қызметкерлеріне төленген сыйақы сомалары, өндірістің мәжбүрлі тоқтаған уақытына жалақы, өндірісті тоқтата тұру салдарынан шығарылмаған тиісті тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізу кезінде жеке кәсіпкерлік субъектісінің алуы ықтимал жіберіп алған пайда енгізілуі мүмкін.
2. Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен заңсыз деп танылған мемлекеттік бақылауды жүргізу кезінде мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының іс-әрекетімен (әрекетсіздігімен) жеке кәсіпкерлік субъектісіне келтірілген зиян Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес өтелуге жатады.
3. Мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының тексеру жүргізу кезіндегі заңсыз іс-әрекеттері Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.

10-тарау.
ЖЕКЕ КӘСІПКЕРЛІК СУБЪЕКТІЛЕРІНІҢ ЖАУАПТЫЛЫҒЫ

45-бап. Жеке кәсіпкерлік субъектілері жауаптылығының жалпы жағдайлары
Жеке кәсіпкерлік субъектілері жеке және заңды тұлғалар мен мемлекеттің құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін сақтауға міндетті.
Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзуы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.

46-бап. Сәйкестікті тексеру, калибрлеу және сынақ зертханаларын (орталықтарын) растау жөніндегi органдардың жауаптылығы
Сәйкестікті тексеру, калибрлеу және сынақ зертханаларын (орталықтарын) растау жөніндегі органдар өз міндеттерін орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.

47-бап. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің Қазақстан Республикасының жосықсыз бәсеке туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылығы
Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің Қазақстан Республикасының жосықсыз бәсеке туралы заңнамасын бұзуы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.

48-бап. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің Қазақстан Республикасының демпингке қарсы шаралар туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылығы
Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің Қазақстан Республикасының демпингке қарсы шаралар туралы заңнамасын бұзуы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.

49-бап. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің Қазақстан Республикасының тауарлар импорты кезінде ішкi рынокты қорғау шаралары туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылығы
Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің Қазақстан Республикасының тауарлар импорты кезінде ішкі рынокты қорғау шаралары туралы заңнамасын бұзуы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.

11-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

50-бап. Қазақстан Республикасының жеке кәсіпкерлік туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылығы
Қазақстан Республикасының жеке кәсіпкерлік туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.

51-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібi
1. Осы Заң 2006 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін 5-бапты қоспағанда, жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
2. Осы Заңды қолданысқа енгізу кезінде қолданыста болатын Қазақстан Республикасының заңнамасы оған қайшы келмейтін бөлікте қолданылады және 2007 жылғы 1 қаңтарға дейін соған сәйкес келтірілуге тиіс.
3. Күші жойылды деп танылсын:
1) «Жеке кәсіпкерлікті қорғау және қолдау туралы» 1992 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1992 ж., № 16, 424-құжат; 1995 ж., № 20, 120, 121-құжаттар; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1996 ж., № 14, 274-құжат; 1997 ж., № 13-14, 195, 205-құжаттар; 1999 ж., № 23, 931-құжат; 2001 ж., № 8, 52-құжат, № 24, 338-құжат; 2003 ж., № 10, 51-құжат; № 19-20, 147-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат);
2) «Шағын кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау туралы» 1997 жылғы 19 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 12, 182-құжат; 1998 ж., № 17-18, 225-құжат; 1999 ж., № 21, 778-құжат; № 23, 931-құжат; 2001 ж., № 4, 23-құжат; № 8, 52-құжат; № 24, 338-құжат; 2002 ж., № 15, 150-құжат; 2003 ж., № 4, 26-құжат; № 19-20, 147-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат);
3) «Жеке кәсіпкерлік туралы» 1997 жылғы 19 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 12, 185-құжат; № 22, 333-құжат; 1999 ж., № 23, 931-құжат; 2001 ж., № 24, 338-құжат).

Қазақстан Республикасының
Президентi
Н. Назарбаев

Астана, Ақорда, 2006 жылғы қаңтардың 31-і.
№ 124-III ҚРЗ