«Ақпараттандыру туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 11 қаңтардағы Заңының 5-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Электрондық ақпараттық ресурстарды мемлекеттік органдардың веб-сайттарына орналастыру ережесі бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрі
К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2007 жылғы 13 шілдедегі
598 қаулысымен
Бекітілген
Электрондық ақпараттық ресурстарды мемлекеттік органдардың
веб-сайттарына орналастыру ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Осы Ереже «Ақпараттандыру туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 11 қаңтардағы Заңына сәйкес әзірленді және электрондық ақпараттық ресурстарды мемлекеттік органдардың веб-сайттарына орналастыру тәртібін айқындайды.
2. Осы Ережеде мынадай негізгі терминдер мен ұғымдар пайдаланылады:
мемлекеттік органдардың веб-сайттарына орналастырылатын электрондық ақпараттық ресурстар серпінді және статистикалық ақпаратқа бөлінеді:
1) серпінді ақпарат - бұл мемлекеттік органның ағымдағы қызметін көрсететін уақытша сипаттағы ақпарат (перспективалық даму, өзекті оқиғалар, басым бағыттар және басқалары);
2) статистикалық ақпарат - бұл мемлекеттік органның ішкі қызметін көрсететін тұрақты (анықтамалық) сипаттағы ақпарат (мемлекеттік органның нормативтік құқықтық актілері, құрылымы, ережесі және басқалары);
3) веб-сайт - ақпараттық-телекоммуникациялық желіде бір домендік атаумен біріктірілген және ортақ навигациясы бар деректер мен бағдарламалық-техникалық құралдар жиынтығы.
2. Электрондық ақпараттық ресурстарды мемлекеттік органдардың
веб-сайттарына орналастыру тәртібі
3. Мемлекеттік органның дербес құрылымдық бөлімшелері электрондық ақпараттық ресурстар дайындайды және оларды мемлекеттік органдардың веб-сайтарына орналастыруға аппарат басшысымен, жауапты хатшымен, жауапты хатшы лауазымы енгізілмеген мемлекеттік органдарда Қазақстан Республикасының Президенті айқындаған лауазымды тұлғамен келіседі.
4. Келісілгеннен кейін электрондық ақпараттық ресурстар оларды мемлекеттік органның веб-сайтына орналастыру үшін жауапты құрылымдық бөлімшеге жібереді.
5. Серпінді ақпарат жаңа ақпараттың түсу шамасына қарай, бірақ аптасына кемінде бір рет жаңартылады.
6. Статистикалық ақпарат мемлекеттік органдардың веб-сайттарында қажеттілігіне қарай жаңартылады. Мемлекеттік органдардың веб-сайттарына орналастырылатын электрондық ақпараттық ресурстар:
1) Word, Ехсеl, НТМL және басқа мәтіндік форматтарда;
2) JPG, GІF және басқа форматтардағы графиктік файлдар түрінде беріледі.
7. Мемлекеттік құпияларды құрайтын, жариялануы шектеулі, сондай-ақ басылымдық жариялануы Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынған өзге де мәліметтер электрондық ақпараттық ресурстарды мемлекеттік органдардың веб-сайттарына орналастыруға рұқсат етілмейді.
3. Ақпараттық қамтамасыз ету
8. Мемлекеттік органның веб-сайттарының ақпараттық көздері:
тиісті мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшелері;
тиісті мемлекеттік органның ведомстволары;
тиісті мемлекеттік органның аумақтық бөлімшелері;
тиісті мемлекеттік органның ведомстволық бағынысты ұйымдары;
басқа ұйымдар берген мәліметтерді құрайды.