Мемлекеттік органдардың мәліметтерді Қазақстан Республикасының
мемлекеттік құпияларына жатқызу жөніндегі өкілеттіктер берілген
лауазымды тұлғаларының тізбесін бекіту туралы Қазақстан
Республикасы Президентінің 2000 жылғы 13 сәуірдегі № 371 Жарлығы
(2009.19.05. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Мемлекеттік құпияларды қорғау саласында бірыңғай саясатты қамтамасыз ету мақсатында, «Мемлекеттік құпиялар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабына сәйкес қаулы етемін:
1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік органдардың мәліметтерді Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларына жатқызу жөніндегі өкілеттіктер берілген лауазымды тұлғаларының тізбесі (бұдан әрі - Тізбе) бекітілсін.
2. Тізбеде көрсетілген мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларына нақты мемлекеттік орган туралы ережеде айқындалған оның құзыреті шеңберінде салалық (ведомстволық) тиесіліктегі мәліметтерді, сондай-ақ өздерінің ұсынуы бойынша басқа мемлекеттік органдардың тиісті тақырыптық бағыттағы мәліметтерін Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларына жатқызу жөнінде өкілеттік берілсін.
3. Мемлекеттік органдардың мәліметтерді мемлекеттік құпияларға жатқызу жөнінде өкілеттік берілген лауазымды тұлғалары нақты мәліметтерді мемлекеттік құпияларға жатқызу жөніндегі өздері қабылдаған шешімдердің негізділігі мен осы мәліметтерді уақтылы құпиясыздандыру үшін жеке жауапты болады деп белгіленсін.
4. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. Назарбаев
ҚР Президентінің 13.11.001 ж. № 720; 2004.06.05. № 1359 (бұр. ред. қара); 2005.22.08. № 1629 (бұр. ред. қара); 2009.19.05. № 805 (бұр.ред.қара) Жарлықтарымен тізбе өзгертілді
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2000 жылғы 13 сәуірдегі
№ 371 Жарлығымен
бекітілген
Мемлекеттік органдардың мәліметтерді Қазақстан Республикасының
мемлекеттік құпияларына жатқызу жөніндегі өкілеттік берілген
лауазымды тұлғаларының Тізбесі
Жалпы ережелер
1. Мемлекеттік органдардың мәліметтерді Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларына жатқызу жөніндегі өкілеттік берілген лауазымды тұлғаларының тізбесі (бұдан әрі - Тізбе), мемлекеттік органдардың бірінші басшылары лауазымдарының атаулары мен «Мемлекеттік құпиялар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 11, 12, 13 және 14-баптарында айқындалған Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларын құрайтын мәліметтердің тізбесін қамтиды.
Көрсетілген лауазымды адамдар басқаратын мемлекеттік органдарға Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларын құрайтын тізбеге енгізілген мәліметтерге билік ету өкілеттігі беріледі және олардың негізінде ведомстволық, салалық немесе бағдарламалық-мақсаттық тиесілігін ескере отырып, нақты мәліметтердің (мәліметтер тобының) құпиялылық дәрежесін айқындау үшін құпияландыруға жататын мәліметтердің ведомстволық (салалық) тізбелерін әзірлейді.
Қазақстан Республикасының Президентi Әкiмшiлiгiнiң Басшысы мен Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кеңсесiнің Басшысына «Мемлекеттiк құпиялар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 11, 12, 13, 14-баптарында айқындалған барлық мәлiметтердi Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларына жатқызу жөнiнде өкілеттік берiледi.
Қазақстан Республикасы Президентінің Әкiмшiлiгі мен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінiң Кеңсесi өзара келiсуден кейiн өздерiнiң құпияландыруға жататын мәліметтердің ведомстволық тізбелерін бекітеді.
2. Тізбеде мынадай ұғымдар қолданылады:
- «арнайы объектілер» - соғыс уақытында мемлекеттік органдардың жұмыс істеуін қамтамасыз ететін, мемлекеттік және Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін басқару пункттері;
- «әскери объектілер» - әскердің ұрыс шептері, басқару пункттері, полигондар, байланыс тораптары, базалар, қоймалар және әскери мақсаттағы басқа да құрылыстар;
- «режимдік объектілер» - жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін қосымша қауіпсіздік шаралары белгіленген әскери және арнайы объектілер, әскери бөлімдер, ұйымдар, мекемелер;
- «әскери техника» - әскерлердің қызметін жауынгерлік, техникалық және тылдық қамтамасыз етуге арналған техникалық құралдар, сондай-ақ осы құралдарды бақылауға және сынауға арналған жабдықтар мен аппаратулар, осы құралдардың құрамдас бөліктері мен жиынтықтау бұйымдары.