Қазақстан Республикасының Парламентi және оның депутаттарының мәртебесi туралы 1995 жылғы 16 қазандағы № 2529 Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңы


Қазақстан Республикасының
Парламентi және оның депутаттарының мәртебесi туралы
1995 жылғы 16 қазандағы № 2529 Қазақстан Республикасының
Конституциялық Заңы
(2007.19.06. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)

1999.06.05. № 377-1 ҚР Конституциялық Заңымен тақырыбы мен кіріспе жаңа редакцияда

Осы Конституциялық заң Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес Қазақстан Республикасының Парламентiн ұйымдастыруды және оның қызметiн, оның депутаттарының құқықтық жағдайын белгiлейдi.
I тарау
Жалпы ережелер
1-бап. Республика Парламентiнiң мәртебесi
Парламент - заң шығару функциясын жүзеге асыратын Республиканың ең жоғары өкiлдi органы.

1999.06.05. № 377-1 ҚР Конституциялық Заңымен ;2007.19.06 № 266-III ҚР Конституциялық Заңымен (бұр. ред. қара ) 2-бап өзгертілді
2-бап. Республика Парламентiнiң өкiлеттiк мерзiмi
1. Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі - алты жыл, Mәжіліс депутаттарының өкілеттік мерзiмi - бес жыл. Кезекті сайланған Парламенттің өкілеттігі оның бірінші сессиясы ашылған кезден басталады және келесі сайланған Парламенттің біріншi сессиясы жұмысының басталуымен аяқталады. Бұл орайда Парламент сайланымының кезектiлігі Mәжіліс сайланымының кезектілігімен айқындалады. Парламенттің өкілеттік мерзімі кезекті сайланған Мәжіліс депутаттарының өкілеттік мерзімімен айқындалады.
2007.19.06 № 266-III ҚР Конституциялық Заңымен 2- тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара )
2. Парламенттiң және Парламент Мәжілісінің өкiлеттiгi Қазақстан Республикасының Конституциясында көзделген тәртіппен мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы мүмкiн.

1999.06.05. № 377-1 ҚР Конституциялық Заңымен 3-бап өзгертілді
3-бап. Республика Парламентi қызметiнiң
құқықтық негiздерi
Парламенттiң ұйымдастырылуы мен қызметi, оның депутаттарының құқықтық жағдайы Республика Конституциясымен, осы Конституциялық заңмен және Республиканың басқа да заң актiлерiмен белгiленедi.

1999.06.05. № 377-1 ҚР Конституциялық Заңымен ;2007.19.06 № 266-III ҚР Конституциялық Заңымен (бұр. ред. қара ) 4-бап өзгертілді
4-бап. Республика Парламентiнiң құрамы мен құрылымы
1. Парламент тұрақты негiзде жұмыс iстейтiн екi Палатадан:
Сенаттан және Мәжiлiстен тұрады.
2. Сенат конституциялық заңда белгіленген тәртіппен әр облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және Қазақстан Республикасының астанасынан екі адамнан өкілдік ететін депутаттардан құралады. Сенаттың сайланатын депутаттарының жартысы әрбір үш жылда қайта сайланады.
3. Сенатта қоғамның ұлттық-мәдени және өзге де елеулі мүдделерінің білдірілуін қамтамасыз ету қажеттілігі ескеріліп, Сенаттың он бес депутатын Республика Президенті тағайындайды.
4. Мәжіліс конституциялық заңда белгіленген тәртіппен сайланатын жүз жеті депутаттан тұрады.
Мәжілістің тоқсан сегіз депутаты саяси партиялардан партиялық тізімдер бойынша бірыңғай жалпы ұлттық сайлау округінен жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы сайланады. Мәжілістің тоғыз депутатын Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайды.
5. Парламент депутаты бiр мезгiлде екi Палатаға бiрдей мүше бола алмайды.
6. Сенат пен Мәжiлiс депутаттарын сайлау тәртiбi конституциялық заңмен белгiленедi.

II тарау
Республика Парламентiнiң құзыретi және оны
жүзеге асырудың ұйымдық нысандары

5-бап. Республика Парламентiнiң құзыретi
Парламенттiң Сенат пен Мәжiлiстiң бiрлескен және бөлiк отырысындағы құзыретiн, Палаталардың ерекше құзыретiн Республика Конституциясы белгiлейдi және Парламенттiң сессияларында, Парламент Палаталарының, оның органдары мен депутаттардың қызметiнде жүзеге асырылады.

2007.19.06 № 266-III ҚР Конституциялық Заңымен 6-бап өзгертілді (бұр. ред. қара )
6-бап. Республика Парламентiнiң сессиялары
1. Парламенттiң сессиясы оның Палаталарының бiрлескен және бөлек отырыстары түрiнде өткiзiледi.
2. Парламенттiң бiрiншi сессиясын Республика Президентi сайлау қорытындылары жарияланған күннен бастап отыз күннен кешiктiрмей шақырады.
3. Парламенттiң бiрiншi сессиясында, Сенат Төрағасы мен Мәжiлiс Төрағасы сайланғанға дейiн, Сенат пен Мәжiлiс отырыстарында тиiсiнше Республика Президентi және Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы төрағалық етедi.
4. Парламенттiң кезектi сессиялары жылына бiр рет қыркүйектiң бiрiншi жұмыс күнiнен бастап, маусымның соңғы жұмыс күнi бiткенше өткiзiледi.
5. Парламенттiң сессиясы Сенат пен Мәжiлiстiң бiрлескен отырыстарында ашылып, жабылады. Парламенттiң сессиясын , әдетте, Республика Президентi ашады, ал ол болмаған кезде Мәжiлiстiң Төрағасы ашады.
6. Парламенттiң сессиялары аралығындағы кезеңде Республика Президентi өз бастамасымен, Палаталар Төрағаларының немесе Парламент депутаттары жалпы санының кемiнде үштен бiрiнiң ұсынысымен Парламенттің кезектен тыс сессиясын шақыра алады. Онда сессияны шақыруға негiз болған мәселелер ғана қаралуы мүмкiн.

7-бап. Республика Парламентiнiң сессияларындағы кворум
Палаталардың бiрлескен және бөлек отырыстары оларға әр Палата депутаттарының жалпы санының кемiнде үштен екiсi қатысқан жағдайда құқылы болады.
8-бап. Республика Парламентi сессияларының жариялылығы
1. Палаталардың бiрлескен және бөлiк отырыстары ашық отырыстар болып табылады. Регламенттерде көзделген реттерде жабық отырыстар өткiзiлуi мүмкiн.
2. Республиканың Президентi, Премьер-Министрi мен Үкiмет мүшелерi, Ұлттық Банк Төрағасы, Бас Прокуроры, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Төрағасы, сондай-ақ Мемлекеттiк Хатшысы мен Республика Президентi Әкiмшiлiгiнiң Басшысы кез келген, ашық, сондай-ақ жабық отырыстарға қатысуға және сөз сөйлеуге хақылы.
3. Мемлекеттiк органдардың және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының лауазымды тұлғалары, олардың сессияға қатысу қажеттiгi туралы Парламенттiң немесе оның Палаталарының шешiмi қабылданса, Парламентке келiп өздерiнiң құзыретiне кiретiн мәселелер бойынша қажеттi түсiнiктер беруге мiндеттi. Парламент пен оның Палаталарының Республика Президентiне қатысты осындай шешiмдер қабылдауға хақы жоқ.
2007.19.06 № 266-III ҚР Конституциялық Заңымен 9-бап өзгертілді (бұр. ред. қара )
9-бап. Республика Парламентi Палаталарының Төрағалары
1. Палаталарды мемлекеттiк тiлдi еркiн меңгерген өз депутаттарының арасынан Палаталар депутаттары жалпы санының көпшiлiк дауысымен жасырын дауыс беру арқылы Сенат пен Мәжiлiс сайлаған Төрағалар басқарады.
2. Сенат Төрағасының қызметiне кандидатураны Республика Президентi ұсынады. Сенат қабылдамаған кандидатураның орнына жаңа кандидатура енгiзудi Республика Президентi жүзеге асырады.
3. Мәжiлiс Төрағасының қызметiне кандидатураларды Палатаның депутаттары ұсынады.
4. Палаталардың төрағалары, егер бұл үшiн Палаталар депутаттары жалпы санының көпшiлiгi дауыс берсе, қызметтен керi шақырылып алынуы мүмкiн, сондай-ақ олар өз еркiмен орнынан түсуге хақылы.
5. Парламент Палаталарының төрағалары:
1) Палаталардың отырыстарын шақырып, оларға төрағалық етедi;
2) Палаталардың қарауына енгiзiлетiн мәселелердi әзiрлеуге жалпы басшылық жасайды;
3) Палаталар қызметiнде регламенттiң сақталуын қамтамасыз етедi;
4) Палаталардың үйлестiру органдарының қызметiне басшылық жасайды;
5) Палаталар шығаратын актiлерге қол қояды;
6) Палаталарға Конституциялық Кеңестің екі мүшесінің, Орталық сайлау комиссиясының екі мүшесінің, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің үш мүшесінің қызметіне тағайындау үшін кандидатуралар ұсынады;
7) өздерiне Парламент Регламентiмен жүктелетiн басқа да мiндеттердi атқарады.
6. Егер тиiстi палатада дауыс беру кезiнде депутаттардың дауыстары екiге тең бөлiнген жағдайда Палаталардың төрағалары шешушi дауыс құқығын пайдаланады;
7. Мәжiлiс Төрағасы:
1) Парламент сессияларын ашады;
2) Палаталардың бiрлескен кезектi отырыстарын шақырады, Палаталардың кезектi және кезектен тыс бiрлескен отырыстарына төрағалық етедi.
8. Сенат Төрағасы мен Мәжіліс Төрағасының Палата төрағасының ұсынуымен Палата депутаттары жалпы санының көпшiлiк даусымен тиiстi Палата сайлаған екі-екіден орынбасарлары болады. Палаталар төрағаларының орынбасарлары Палаталар төрағаларының уәкiлдiк беруiмен олардың жекелеген функцияларын атқарады, сондай-ақ төрағалар орнында болмаған немесе өз мiндеттерiн жүзеге асыруы мүмкiн емес жағдайда олардың міндетін атқарады. Палаталар төрағаларының орынбасарлары Палаталар төрағаларының ұсынысы бойынша, егер бұл үшiн тиiстi Палата депутаттары жалпы санының көпшiлiгi дауыс берсе, қызметтен керi шақырылып алынуы мүмкiн.
9. Палаталардың төрағалары өз құзыретiндегi мәселелер бойынша өкiмдер шығарады.

1999.06.05. № 377-1 ҚР Конституциялық Заңымен; 2007.19.06 № 266-III ҚР Конституциялық Заңымен (бұр. ред. қара ) 10-бап өзгертілді
10-бап. Республика Парламентiнiң үйлестірушi органдары
1. Парламенттiң үйлестiрушi органдары Палаталар төрағаларының жанынан құрылатын Сенаттың Бюросы және Мәжiлiстiң Бюросы болып табылады.
2. Палаталар Бюроларының құрамында Палаталар төрағаларының орынбасарлары, Палаталардың тұрақты комитеттерiнiң төрағалары кiредi. Мәжіліс Бюросының құрамына Мәжілісте өкілдік ететін саяси партиялар фракцияларының жетекшілері де енеді.
3. Палаталардың Бюролары:
1) Палаталардың комитеттерi мен комиссияларының жұмысын үйлестiрудi жүзеге асырады;
2) Палаталар үшiн заңдардың жобаларын және Парламент пен оның Палаталарының өзге де шешiмдерiн қараудың кезектiлiгi жөнiнде ұсыныстар дайындайды;
3) бiрнеше комитеттердiң құзыретiне жататын мәселелер бойынша комитеттердiң бiрлескен жұмысын ұйымдастыруға көмек көрсетедi;
4) Осы Конституциялық заңмен Парламенттiң басқа органдары мен лауазымды тұлғаларының құзыретiне жатқызылмаған Палаталар жұмысын ұйымдастырудың өзге де мәселелерiн шешедi.
4. Палаталар Бюроларының отырыстарын Палаталардың төрағалары қажетiне қарай шақырады және олар өз мүшелерiнiң жалпы санының кемiнде үштен екiсi қатысқан ретте құқылы болады.

11-бап. Республика Парламентiнiң жұмыс органдары
1. Парламенттiң жұмыс органдары Сенат пен Мәжiлiстің тұрақты комитеттерi, сондай-ақ Палаталардың бiрлескен комиссиялары болып табылады.
2. Палаталардың тұрақты комитеттерi заң жобалары жұмысын жүргiзу, Палаталардың құзырына қатысты мәселелердi алдын-ала қарап, дайындау үшiн құрылады. Тұрақты комитеттер құрылған кезде Палаталар олардың тiзбесi мен сандық құрамын белгiлейдi, содан кейiн тұрақты комитеттердiң мүшелерiн сайлайды. Сенат пен Мәжiлiс құратын тұрақты комитеттердiң саны әр Палатада жетiден аспауға тиiс.
3. Палаталардың бiрлескен қызметiне қатысты мәселелердi шешу үшiн Сенат пен Мәжiлiс тепе-тең негiзде бiрлескен комиссиялар құруға хақылы, олардың сандық құрамы Палаталар арасында келiсу бойынша белгiленедi. Комиссиялардың мүшелерiн сайлауды әр Палата өздiгiнен жүзеге асырады.
4. Парламент пен оның Палаталарының Конституцияның 47-бабының 1 және 2-тармақтарында, 57-бабының 5) және 6)-тармақшаларында көзделген өкiлеттiктерiн жүзеге асыру мақсатында Парламент Палаталары арнаулы уақытша комиссиялар құрады.
5. Тұрақты комитеттер мен комиссиялардың отырыстары олардың мүшелерi жалпы санының кемiнде үштен екiсi қатысқан ретте құқылы болады .
2006 жылғы 11 желтоқсандағы № 200-III ҚР Конституциялық Заңымен 6 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
6. Тұрақты комитеттер мен комиссиялар өз құзыретiндегi мәселелер бойынша қаулылар шығарады.
7. Тұрақты комитеттер мен комиссиялардың өкiлеттiктерi мен қызметiнiң тәртiбi заңмен белгiленедi.

2007.19.06 № 266-III ҚР Конституциялық Заңымен 11-1-баппен толықтырылды
11-1-бап. Республика Парламенті жанындағы консультативтік-кеңесші органдар
1. Парламенттің және оның Палаталарының құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша ұсыныстарды талдап жасау үшін Республика Парламенті мен оның Палаталарының жанынан шешімдері ұсынымдық сипатта болатын консультативтік-кеңесші органдар құрылуы мүмкін.
2. Консультативтік-кеңесші органдарды құру тәртібі Парламенттің және оның Палаталарының регламенттерімен айқындалады.
3. Парламент Палаталарының аппараттары Республика Парламенті мен оның Палаталары жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың жұмыс органдары болып табылады.

12-бап. Парламенттiк тыңдаулар
1. Парламент Палаталары өз құзыретiндегi мәселелер бойынша Парламенттiк тыңдаулар өткiзедi.
2. Парламенттiк тыңдауларды Палаталар Бюроларының шешiмдерi бойынша Палаталардың тұрақты комитеттерi өткiзедi әрi олар ашық және жабық нысанда өткiзiлуi мүмкiн.
3. Палаталардың бiрлескен немесе бөлек пленарлық отырыстары болатын күндерi Парламенттiк тыңдаулар өткiзiлмейдi.

1999.06.05. № 377-1 ҚР Конституциялық Заңымен ; 2006.11.12 № 200-III ҚР Конституциялық Заңымен (бұр. ред. қара) 13-бап өзгертілді
13-бап. Қазақстан Республикасы Парламентiнiң актiлерi
1. Парламент Республиканың бүкiл аумағында мiндеттi күшi бар Қазақстан Республикасының заңдары, соның iшiнде конституциялық заңдар, Парламенттiң қаулылары түрiндегi заң актiлерiн қабылдайды. Сенат пен Мәжiлiс өз құзыретiндегi мәселелер бойынша қаулыларды қабылдайды.
2. Парламент пен оның Палаталары өз құзыретiндегi мәселелер бойынша үндеулер, декларациялар, мәлiмдемелер және заң сипаты болмайтын өзге де актiлер қабылдауға хақылы. Оларды қабылдау Парламент пен оның Палаталарының регламенттерi белгiлеген шарттар мен талаптар сақтала отырып жүзеге асырылады.
3. Парламент Сенат пен Мәжiлiстiң бiрлескен отырысында заңдар мен өзге актiлердi қабылдаған ретте дауыс беру Палаталар бойынша бөлек өткiзiледi.
4. Республиканың заңдары, Парламент пен оның Палаталарының қаулылары Республика Конституциясына қайшы келмеуге тиiс. Парламент пен оның Палаталарының қаулылары заңдарға қайшы келмеуге тиiс.
5. Республиканың заң және өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiн әзiрлеу, ұсыну, талқылау, қолданысқа енгізу және жариялау тәртiбi арнаулы заңмен және Парламент пен оның Палаталарының регламенттерiмен реттеледi.

2007.19.06 № 266-III ҚР Конституциялық Заңымен 14-бап өзгертілді (бұр. ред. қара )
14-бап. Республика Парламентi мен оның Палаталарының Регламентi
1. Парламент Регламенті, оның Палаталарының регламенттері:
1) Сенат пен Мәжілістің бірлескен және бөлек отырыстарын өткізудің шарттары мен тәртібін;
2) Парламенттің және оның Палаталарының жұмыс органдарын құру тәртібін;
3) Парламенттің және оның Палаталарының, олардың жұмыс органдарының қызметін ұйымдастыруды;
4) Парламент депутаттарының және лауазымды адамдарының өз өкілеттіктерін жүзеге асыруының шарттары мен тәртібін белгілейді.
Мәжіліс Регламенті, осы тармақта көзделген ол реттейтін мәселелерден басқа, саяси партиялардың фракцияларын ұйымдастырудың және жұмыс тәртібінің ерекшеліктерін айқындайды.
2. Парламенттiң Регламентi, Сенат пен Мәжiлiстiң регламенттерi тиiсiнше Парламенттiң қаулысымен, оның Палаталарының қаулыларымен бекiтiледi.
3. Парламент депутаттарының оның конституциялық өкiлеттiгiн жүзеге асыруды мақсат етiп, регламенттермен белгiленген шарттар мен рәсiмдер сақталмай өткiзiлетiн кез келген отырысы заңсыз болып табылады. Мұндай жиналыс қабылдаған актiлер жарамсыз болып табылады.

III. Тарау
Республика Парламентiндегi заң шығару процесi

2007.19.06 № 266-III ҚР Конституциялық Заңымен 15-бап өзгертілді (бұр. ред. қара )
15-бап. Заң шығару бастамашылығы
1. Заң шығару бастамашылығы құқығы субъектiнiң Парламент қарауға мiндеттi заң жобасының және Парламенттiң өзге заң актiсiнiң мәтiнiн ресми енгiзуi заң шығару бастамашылығы болып табылады.
2. Заң шығару бастамашылығы құқығы тек Мәжiлiсте ғана жүзеге асырылады және ол:
1) заңнамалық актінің жобасын Мәжіліске енгізу туралы шешімін арнайы жолдаумен ресімдейтін Республика Президентіне;
1-1) заңнамалық актінің жобасын Мәжіліске енгізу туралы шешімін тиісті ұсынумен ресімдейтін Парламент депутаттарына;
2) заң құжатының жобасын Мәжiлiске енгiзу туралы шешiмiн Үкiметтiң тиiстi қаулысын шығару жолымен қабылдайтын Республика Үкiметiне берiледi.
3. Республика Президенті, депутаттар және Үкiмет енгiзген заң актiлерiнiң жобалары Мәжiлiс қаулысымен Мәжiлiстiң тиiстi тұрақты комитеттерiне қарауға жiберiледi әрi бұлар жөнiнде Мәжiлiстiң тұрақты комитеттерiнiң тұжырымдары болған ретте ғана оның пленарлық отырысында қаралуы мүмкiн.
4. Мемлекеттiк кiрiстi қысқартуды немесе мемлекеттiк шығысты арттыруды көздейтiн заңдардың жобалары Республика Үкiметiнiң оң тұжырымы болғанда ғана енгiзiлуi мүмкiн. Республика Президентінің заң шығару бастамасы тәртібімен Парламент Мәжілісіне енгізілген заңнамалық актілердің жобалары үшін мұндай қорытындының болуы талап етілмейді.
5. Заң шығару бастамасы құқығын жүзеге асыру тәртiбiне байланысты өзге мәселелердi Мәжiлiс Регламентi шешедi.

16-бап. Парламенттiң заңдар қабылдау жөнiндегi құзыретi
1. Парламент аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтiн, мыналарға:
1) жеке және заңды тұлғалардың құқықтық субъектiлiгiне, азаматтық құқықтар мен бостандықтарға, жеке және заңды тұлғалардың мiндеттемелерi мен жауапкершiлiгiне;
2) меншiк режимiне және өзге де мүлiктiк құқықтарға;
3) мемлекеттiк органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарын ұйымдастыру мен олардың қызметiнiң, мемлекеттiк және әскери қызметтiң негiздерiне;
4) салық салуға, алымдар мен басқа да мiндеттi төлемдердi белгiлеуге;
5) республикалық бюджетке;
6) сот құрылысы мен сотта iс жүргiзу мәселелерiнде;
7) бiлiм беруге, денсаулық сақтауға және әлеуметтiк қамсыздандыруға;
8) кәсiпорындар мен олардың мүлкiн жекешелендiруге;
9) айналадағы ортаны қорғауға;
10) республиканың әкiмшiлiк-аумақтық құрылысына;
11) мемлекет қорғанысы мен қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге қатысты негiзгi принциптер мен нормаларды белгiлейтiн заңдар шығаруға хақылы.
2. Өзге қатынастардың барлығы заңға тәуелдi актiлермен реттеледi.

17-бап. Республика Парламентiнiң заң актiлерi жобаларын
қарауының кезектiлiгi мен мерзiмiн белгiлеу
1. Заңдар мен Парламенттiң өзге актiлерiнiң жобаларын қараудың кезегiн Парламент, оның Палаталары, сондай-ақ Конституцияда белгiленген реттерде Республика Президентi белгiлейдi.
2. Республика Президентi Парламентке арнаулы жолдауы арқылы:
1) заң жобаларының қаралу басымдығын белгiлеуге;
2) Заң жобасының қаралуын шұғыл деп жариялауға құқығы бар, бұл Парламенттiң осы жобаны енгiзiлген күнiнен бастап бiр ай iшiнде қарауы қажет екенiн бiлдiредi. Парламент осы талапты орындамаған ретте Республика Президентi Парламент Конституция мен заңдарда белгiленген тәртiппен жаңа заң қабылдағанға дейiн қолданылатын Заң күшi бар Жарлық шығаруға хақылы.

2007.19.06 № 266-III ҚР Конституциялық Заңымен 18-бап өзгертілді (бұр. ред. қара )
18-бап. Заңдарды қабылдау
1. Мәжiлiс депутаттары қараған және жалпы санының көпшiлiк дауысымен мақұлданған заң жобасы Сенатқа берiледi, ол онда жобаны Сенат алған күннен бастап әрi кеткенде алпыс күннiң iшiнде қаралады. Сенат депутаттары жалпы санының көпшiлiк дауысымен қабылданған жоба заңға айналады және Президенттiң қол қоюына берiледi. Тұтас алғанда Сенат депутаттары жалпы санының көпшiлiк дауысымен қабылданбаған жоба Мәжiлiске қайтарылады. Егер Мәжiлiс депутаттары жалпы санының үштен екiсiнiң көпшiлiк даусымен жобаны қайтадан мақұлдаса, ол Сенатқа қайта талқылау және дауысқа салу үшiн берiледi. Сенат қайта қабылдамаған заң жобасын сол сессия барысында қайтадан енгiзуге болмайды.
2. Сенат депутаттары жалпы санының көпшiлiк дауысымен заң жобасына енгiзiлген өзгертулер мен толықтырулар Мәжiлiске жiберiледi. Егер Мәжiлiс депутаттарының жалпы санының көпшiлiк даусымен ұсынылған өзгертулермен және толықтырулармен келiссе, заң қабылданады деп саналады. Егер Мәжiлiс нақ сондай көпшiлiк дауыспен Сенат енгiзген өзгертулер мен толықтыруларға қарсы болса, Палаталар арасындағы келiспеушiлiк келiсу рәсiмдерi арқылы шешiледi.
2-1. Мәжіліс депутаттары қараған және олардың жалпы санының кемінде үштен екісінің даусымен мақұлданған конституциялық заң жобасы Сенатқа беріледі, онда алпыс күннен асырылмай қаралады. Сенат депутаттарының жалпы санының кемінде үштен екісінің даусымен қабылданған жоба конституциялық заңға айналады және он күн ішінде Республика Президентіне қол қоюға ұсынылады. Конституциялық заң жобасын тұтастай қабылдамауды Мәжіліс немесе Сенат Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен жүзеге асырады. Қабылданбаған Конституциялық заң жобасы оның бастамашысына қайтарылады.
Сенат депутаттарының кемінде үштен екісінің даусымен конституциялық заң жобасына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар Мәжіліске жіберіледі. Егер Мәжіліс депутаттардың кемінде үштен екісінің даусымен Сенат енгізген өзгерістермен және толықтырулармен келіссе, конституциялық заң қабылданды деп есептеледі.
Егер Мәжіліс, Сенат енгізген өзгерістер мен толықтырулар бойынша дауыс беру кезінде олармен депутаттардың кемінде үштен екісінің даусымен келіспесе, онда палаталар арасындағы келіспеушіліктер келісу рәсімдері арқылы шешіледі.
3. Үкiмет енгiзген заң жобасының қабылданбауына байланысты Премьер-министр Парламент Палаталарының бiрлескен отырысында Үкiметке сенiм бiлдiру туралы мәселе қоюға хақылы. Бұл мәселе бойынша дауысқа салу сенiм бiлдiру туралы мәселе қойылған сәттен бастап қырық сегiз сағат өтпейiнше өткiзiлмейдi. Егер сенiмсiздiк бiлдiру туралы ұсыныс Палаталардың әрқайсысының депутаттары жалпы санының көпшілік даусын ала алмаса, заң жобасы дауысқа салынбай қабылданды деп саналады. Алайды Үкiмет бұл құқықты жылына екi реттен артық пайдалана алмайды.

2007.19.06 № 266-III ҚР Конституциялық Заңымен 19-бап өзгертілді (бұр. ред. қара )
19-бап. Республиканың заңдарын Республика Президентiне қол қоюға ұсыну
1. Республиканың заңдары Республика Президентi қол қойғаннан кейiн күшiне енедi.
2. Парламент қабылдаған заңдар қабылданған күнiнен бастап он күннiң iшiнде Парламент Палаталарының әрқайсысының төрағаларының қолдарымен, сондай-ақ егер заң жобасын Үкiмет енгiзсе, Премьер-Министрдiң қолымен алдын-ала бекiтiлiп, Республика Президентiнiң қол қоюына ұсынылады, ол бір ай iшiнде ұсынылған заңға қол қойып оны жариялайды не заңды немесе оның жекелеген баптарын қайтадан талқылап, дауысқа салу үшiн Парламентке қайтарады.
3. Осы баптың 2-тармағында көрсетiлген мерзiмнiң iшiнде қайтарылмаған заң қол қойылды деп саналады.
4. Егер Парламент сессиясы заңды Президенттiң қайтаруы ықтимал мерзiм бiткенше жабылған болса, Президент заңды Парламенттiң кезектi сессиясының алғашқы күнi қайтарады.

2007.19.06 № 266-III ҚР Конституциялық Заңымен 20 - бап жаңа редакциядаі (бұр. ред. қара )
20-бап. Республика Парламентінің Республика Президентінің қарсылықтарын қарауы
1. Республика Президентінің қарсылығын туғызған заңдар немесе заңның баптары бойынша қарсылықтар жіберілген күннен бастап бір ай мерзім ішінде қайталап талқылау мен дауысқа салуды өткізеді. Бұл мерзімнің сақталмауы Президент қарсылықтарының қабылданғанын білдіреді.
2. Республика Президентінің қарсылықтарымен қайтарылған заң немесе оның баптары Мәжілістің тиісті тұрақты комитеті қорытынды әзірлегеннен кейін Палатаның шешім қабылдауы үшін Мәжілістің жалпы отырысына шығарылады.
Егер Мәжіліс дауыс беру қорытындылары негізінде заң бойынша Парламент бұрын қабылдаған шешімді растамайтын болса, онда Президент қарсылықтарын Парламент Палаталарының одан әрі қарауы тоқтатылады және заң қабылданбады немесе Президент ұсынған редакцияда қабылданды деп есептеледі.
Егер Мәжіліс Палата депутаттарының жалпы санының үштен екі көпшілік даусымен заң бойынша бұрын қабылданған шешімді растайтын болса, онда заң Президент қарсылықтарын қоса әрі қарай қарау үшін Сенатқа беріледі.
Сенаттың тиісті тұрақты комитеті қорытынды әзірлегеннен кейін заң немесе оның баптары Мемлекет басшысының қарсылықтарын қоса Сенаттың жалпы отырысына шығарылады. Егер Сенат дауыс беру қорытындылары негізінде заң бойынша Парламент бұрын қабылдаған шешімді растамайтын болса, онда заң қабылданбады немесе Президент ұсынған редакцияда қабылданды деп есептеледі.
Егер Сенат Палата депутаттарының жалпы санының үштен екі көпшілік даусымен заң бойынша бұрын қабылданған шешімді растайтын болса, онда Президенттің заң бойынша қарсылығы еңсерілді деп есептеледі. Бұл жағдайда заң немесе тиісінше оның баптары Парламент бірінші рет қабылдаған редакциясында қабылданды деп есептеледі және Президент осы заңға ол қол қоюға ұсынылған кезден бастап бір ай ішінде қол қояды.
3. Қарсылықтарды Мәжілісте қарау барысында Республика Президенті депутаттардың ұсыныстарын ескере отырып, өзі қарсылықтарда ұсынған заңның тұтастай не оның тиісті жекелеген баптарының редакциясын өзгертуге құқылы.
4. Парламент Палаталарының отырыстарында заң немесе оның жекелеген баптары қайтадан талқыланған және дауысқа салынған кезде дауысқа салу, егер Президенттің қарсылықтары заңға тұтастай туындаған болса, – заң бойынша тұтас, не Республика Президентінің қарсылықтарын туғызған баптар бойынша өткізіледі.
5. Егер Республика Президентінің қарсылықтары Парламент қабылдаған конституциялық заңдарға енгізілген жағдайда, онда бұл қарсылықтар заңдарға қарсылықтарды қарау үшін көзделген тәртіппен қаралады. Бұл ретте Парламент Президенттің конституциялық заңдарға қарсылығын әр Палата депутаттарының жалпы санының кемінде төрттен үшінің даусымен еңсереді.

2007.19.06 № 266-III ҚР Конституциялық Заңымен IV тарау жаңа редакциядаі (бұр. ред. қара )
ІV тарау Парламент Палаталарының Президентке Республиканың лауазымды
адамдарын қызметке тағайындауға келісім беру, оларды қызметке сайлау, тағайындау
және қызметтен босату жөніндегі өкілеттігін жүзеге асыруы

21-бап. Парламент Палаталарының келісімімен Президент қызметке тағайындайтын, Парламент Палаталары қызметке сайлайтын, тағайындайтын және қызметтен босататын лауазымды адамдар
Парламент Палаталарының келісімімен Республика Президенті қызметке тағайындайтын, Парламент Палаталары қызметке сайлайтын, тағайындайтын және қызметтен босататын Республика лауазымды адамдарының тізбесі Республика Конституциясында айқындалады.

22-бап. Парламент Палаталарының Республиканың лауазымды адамдарын қызметке тағайындау, қызметке сайлау және қызметтен босату жөнінде Республика Президентіне келісім беру тәртібі
1. Республика Президенті Премьер-Министрді қызметке тағайындауға Парламент Мәжілісінің келісімін, сондай-ақ Республиканың Ұлттық Банк Төрағасын, Бас Прокурорын және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасын қызметке тағайындауға Сенаттың келісімін алу үшін, Сенаттың Республика Жоғарғы Сотының Төрағасы мен судьяларын қызметке сайлауы және қызметтен босатуы үшін Парламент Палаталарына тиісті жазбаша ұсынулар енгізеді, солардың негізінде тиісті мәселені Парламенттің тиісті Палатасының таяудағы отырысының күн тәртібіне енгізу туралы шешім қабылданады.
2. Премьер-Министрді тағайындауға Парламент Мәжілісінің келісімі Палата отырысында беріледі.
Республика Президентінің аталған лауазымды адамдарды тағайындауына Парламент Палаталарының келісімі алдын ала не соңыра ұсыну барысында алынады және Палата отырысында беріледі.
3. Сенаттың Жоғарғы Сот Төрағасы мен судьяларын қызметке сайлауы мен қызметтен босатуы үшін ұсынылған кандидатуралар мәселе Палатаның отырысында қаралғанға дейін Сенат Бюросының шешімімен белгіленген Сенаттың тиісті комитетінің отырысында талқылануға тиіс. Кандидатураларды қараудың нәтижелері негізінде комитет әрбір талқыланған кандидатура бойынша Палата отырысында жария етілетін қорытынды шығарады.
4. Тиісті Палата отырысында қызметке тағайындауға келісім беру туралы, қызметке сайлау және қызметтен босату туралы мәселе қаралған кезде қызметке кандидатураларды Республика Президенті немесе ол уәкілеттік берген Республиканың лауазымды адамы таныстырады.
5. Тиісті Палатаның отырысында:
1) кандидатқа және кандидатты таныстырушы адамға сұрақтар қойылуы;
2) депутаттар ұсынылған кандидатты “жақтап” немесе “қарсы” пікірлер білдіруі мүмкін.
6. Егер депутаттар ұсынылған кандидатура бойынша жарыссөз ашуды талап етпесе, жарыссөз ашылмауы мүмкін.
7. Егер Парламенттің тиісті Палатасы Президент ұсынған кандидатуралар бойынша қызметке тағайындауға келісім беру туралы, қызметке сайлау туралы шешімдер қабылдамаған жағдайда, Президент тиісті Палатаға нақ осы адамдарға немесе жаңа кандидатураларға жазбаша ұсынулар енгізеді.
8. Егер Сенат Жоғарғы Сот Төрағасы мен судьяларын қызметтен босату туралы шешім қабылдамаған жағдайда, Президент Сенатқа осы мәселе бойынша қайта ұсыну енгізуге хақылы.

23-бап. Парламент Палаталарының ұсынылған кандидатуралар бойынша шешімдер қабылдауы
1. Парламент Мәжілісі мен Сенаты қызметке тағайындауға, қызметке сайлауға және қызметтен босатуға келісім беру туралы шешімдерді Парламенттің тиісті Палатасы депутаттарының жалпы санының көпшілік даусымен қабылдайды.
2. Егер тиісті Палата дауыс берудің өзгеше тәртібін белгілемесе, шешімдер әр кандидатура бойынша ашық дауыс беру арқылы қабылданады.
3. Шешімдер тиісті Палатаның қаулыларымен әр кандидатура бойынша жеке ресімделеді.
4. Қызметке тағайындауға, қызметке сайлауға және қызметтен босатуға келісім беру үшін Президент ұсынған кандидатуралар қабылданбаған жағдайда тиісті Палатаның шешімінде қабылдамаудың толық дәлелдемесі болуға тиіс.

23-1-бап. Парламент Палаталарының Республика лауазымды адамдарын қызметке тағайындау тәртібі
1. Парламенттің әр Палатасы дербес, басқа Палатаның қатысуынсыз Конституциялық Кеңестің екі мүшесін қызметке тағайындайды; Орталық сайлау комиссиясының екі мүшесін, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің үш мүшесін бес жыл мерзімге қызметке тағайындайды.
2. Осы баптың 1-тармағында аталған адамдарды қызметке тағайындау Палатаның отырысында жүзеге асырылады. Палатаның қызметке тағайындауы үшін осы баптың 1-тармағында аталған адамдардың ұсынылған кандидатуралары мәселе Палатаның отырысында қаралғанға дейін Палата Бюросының шешімімен белгіленген Палатаның тиісті комитетінің отырысында талқылануға тиіс.
Кандидатураларды қараудың нәтижелері негізінде комитет әрбір талқыланған кандидатура бойынша Палата отырысында жария етілетін қорытынды шығарады.
3. Тиісті Палата отырысында қызметке тағайындау туралы мәселе қаралған кезде қызметке кандидатураларды тиісті Палатаның Төрағасы таныстырады.
4. Тиісті Палатаның отырысында:
1) кандидатқа және кандидатты таныстырушы адамға сұрақтар қойылуы;
2) депутаттар ұсынылған кандидатты “жақтап” немесе “қарсы” пікірлер білдіруі мүмкін.
5. Егер депутаттар ұсынылған кандидатура бойынша жарыссөз ашуды талап етпесе, жарыссөз ашылмауы мүмкін.
6. Егер Парламенттің тиісті Палатасы ұсынылған кандидатуралар бойынша қызметке тағайындау туралы шешімдер қабылдамаған жағдайда, Төраға тиісті Палатаға нақ осы адамдарға немесе жаңа кандидатураларға жазбаша ұсынулар енгізеді.
7. Парламент Мәжілісі мен Сенаты осы баптың 1-тармағында аталған адамдарды қызметке тағайындау туралы шешімдерді Парламенттің тиісті Палатасы депутаттарының жалпы санының көпшілік даусымен қабылдайды.
8. Егер тиісті Палата дауыс берудің өзгеше тәртібін белгілемесе, шешімдер әр кандидатура бойынша ашық дауыс беру арқылы қабылданады.
9. Шешімдер тиісті Палатаның қаулыларымен әр кандидатура бойынша жеке ресімделеді.
10. Қызметке тағайындау үшін Палата Төрағасы ұсынған кандидатуралар қабылданбаған жағдайда тиісті Палатаның шешімінде қабылдамаудың толық дәлелдемесі болуға тиіс.

V тарау
Республика Парламентi депутаттарының мәртебесi

1999.06.05. № 377-1 ҚР Конституциялық Заңымен 24-бап өзгертілді ; 2007.19.06 № 266-III ҚР Конституциялық Заңымен 24-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара )
24-бап. Республика Парламентінің депутаты
1. Парламент депутатының өкілеттігі оны Республиканың Орталық сайлау комиссиясы Парламент депутаты ретінде тіркеген сәттен басталады. Парламенттің бірінші сессиясында оның Палаталарының бірлескен отырысында депутаттар Қазақстан халқына мынадай ант береді: “Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының тұтастығы мен тәуелсіздігін нығайтуға, оның Конституциясы мен заңдарына қатаң бағынуға, өзіме жүктелген депутаттың мәртебелі міндетін абыроймен атқаруға ант етемін”. Антты Президент қабылдайды және ант беру Республика Үкіметі, Конституциялық Кеңесі мүшелерінің, Жоғарғы Соты судьяларының, экс-Президенттерінің қатысуымен салтанатты жағдайда өткізіледі.
2. Парламент депутатының басқа өкілді органның депутаты болуға, оқытушылық, ғылыми немесе өзге де шығармашылық қызметтен басқа, ақы төленетін өзге де жұмысты атқаруға, кәсіпкерлік қызметпен шұғылдануға, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесінің құрамына кіруге құқығы жоқ. Осы ереженің бұзылуы Республика Орталық сайлау комиссиясының ұсынуымен депутаттың өкілеттігін тоқтатуға әкеп соғады.
3. Парламент депутатының өкілеттігі орнынан түскен, ол қайтыс болған, соттың заңды күшіне енген шешімі бойынша депутат іс-әрекетке қабілетсіз, қайтыс болған немесе хабарсыз кеткен деп танылған жағдайларда және Конституция мен осы Конституциялық заңда көзделген өзге де жағдайларда тоқтатылады.
4. Парламент Мәжілісінің Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлаған депутаттарының өкілеттігі оның шешімі бойынша мерзімінен бұрын тоқтатылуы мүмкін.
5. Парламент Сенатының тағайындалған депутаттарының өкілеттігі Республика Президентінің шешімі бойынша мерзімінен бұрын тоқтатылуы мүмкін.
Тиісінше облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және Республика астанасының барлық мәслихаттары атынан өкілдік ететін депутаттар болып табылатын таңдаушылардың бірлескен отырысында сайланған Парламент Сенаты депутаттарының өкілеттігі осы таңдаушылардың шешімі бойынша мерзімінен бұрын тоқтатылуы мүмкін.
6. Парламент депутаты:
1) ол Қазақстаннан тысқары жерге тұрақты тұруға кеткен;
2) оған қатысты соттың айыптау үкімі заңды күшіне енген;
3) Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқан кезде өз мандатынан айырылады.
7. Парламент Мәжілісінің депутаты:
1) депутат конституциялық заңға сәйкес өзін сайлаған саяси партиядан шыққан немесе шығарылған;
2) конституциялық заңға сәйкес депутатты сайлаған саяси партия қызметін тоқтатқан кезде өз мандатынан айырылады.
8. Парламент депутатының өкілеттігі осы баптың 3 және 6-тармақтарында көзделген негіздер бойынша тоқтатылған кезде Орталық сайлау комиссиясы Парламент депутатының өкілеттігін тоқтатуға әкеп соғатын негіздердің басталу фактісін көрсетіп қаулы қабылдайды және Парламенттің тиісті Палатасына Парламент депутатының өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтату туралы ұсыну енгізу туралы шешім қабылдайды.
Орталық сайлау комиссиясының ұсынуы негізінде Парламент Палатасы тиісті Парламент депутатының өкілеттігін тоқтатады.
9. Парламент депутатының өкілеттігі осы баптың 4, 5 және 7-тармақтарында көзделген негіздер бойынша тоқтатылған кезде Орталық сайлау комиссиясы тиісті адамның Парламент депутатының өкілеттігін жоғалтқаны жөніндегі фактіні көрсетіп қаулы қабылдайды.
10. Парламент және Парламент Мәжілісі депутаттарының өкілеттігі тиісінше Парламент немесе Парламент Мәжілісі таратылған жағдайларда тоқтатылады.

2007.19.06 № 266-III ҚР Конституциялық Заңымен 25-бап өзгертілді (бұр. ред. қара )
25-бап. Республика Парламентi депутатының өкiлеттiгi
1. Депутат Парламент сессиясында және өзi құрамына кiретiн оның органдарының отырыстарында қаралатын барлық мәселелер бойынша шешушi дауыс құқығын пайдаланады.
2. Парламент депутаты:
1) Парламент пен оның Палаталарының үйлестiрушi және жұмыс органдарын сайлауға және оларға сайлануға;
2) сессияның күн тәртiбi, талқыланатын мәселелердi қарау тәртiбi мен олардың мәнi жөнiнде ұсыныстар мен ескертпелер енгiзуге;
3) Парламент Палаталары сайлайтын немесе тағайындайтын не Парламент Палаталары тағайындауға келiсiм беретiн лауазымды тұлғалардың кандидатуралары жөнiнде өз пiкiрiн айтуға;
4) Парламент Палаталарының бiрлескен және бөлек отырыстарында қарау үшiн ұсынылатын мәселелер бойынша Палаталар Бюросына ұсыныстар енгiзуге, ал оның ұсыныстары қабылданбаған жағдайда оларды Палаталардың пленарлық отырыстарының қарауына енгiзуге;
5) Парламент пен оның Палаталары органдарының отырыстарында қарау үшiн мәселелер ұсынуға;
6) Парламент Палаталарына есептi лауазымды тұлғалардың есебiн немесе хабарламасын Парламент сессиясында тыңдау туралы ұсыныстар енгiзуге;
7) заңда белгiленген тәртiппен депутаттық сұрау салуға;
8) жарыссөздерге қатысуға, баяндамашыларға, сондай-ақ отырысқа төрағалық етушiге сауалдар беруге;
9) дауысқа салу себептерi бойынша өзiнiң ұсыныстарын негiздеп сөйлеуге, анықтама беруге;
10) Парламент қабылдайтын заңдардың, қаулылардың, басқа да актiлердiң жобаларына түзетулер енгiзуге;
11) Парламент депутаттарын азаматтардың қоғамдық маңызы бар үндеулерiмен таныстыруға;
12) Парламент отырыстарының стенограммалары мен хаттамаларындағы депутаттардың сөйлеген сөздерiнiң мәтiндерiмен танысуға;
13) осы Конституциялық заңға, Парламент пен оның Палаталарының регламенттерiне сәйкес басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асыруға хақылы.

26-бап. Депутаттың Парламент сессияларына, оның
Палаталарының отырыстарына қатысуы
1. Депутат Парламенттiң және өзi құрамына сайланған оның органдарының жұмысына қатысуға мiндеттi. Парламентте дауыс берудi депутаттың жеке өзi ғана жүзеге асырады.
2. Палатаның Төрағасы, не тиiсiнше депутат мүшесi болып табылатын органның басшысы регламентпен белгiленген мерзiмде депутатқа сессиялардың, орган отырыстарының өткiзiлетiн уақыты мен орны туралы, сондай-ақ олардың қарауына енгiзiлетiн мәселелер туралы депутатқа хабарлайды, оған осы мәселелер бойынша қажеттi материалдарды бередi.
3. Депутат мәжiлiске келуге мүмкiндiгi болмаған жағдайда бұл туралы Палатаның Төрағасына не тиiсiнше Парламент органының немесе оның Палатасының басшысына күнiбұрын хабарлайды.
4. Депутаттың Палаталар мен олардың органдарының отырыстарына дәлелдi себептерсiз үш реттен артық қатыспауы, сол сияқты дауыс беру құқығын басқаға беруi депутатқа осы Конституциялық заңда белгiленген жазалау шараларын қолдануға әкеп соғады.
5. Палаталар Бюроларының, олардың тұрақты комитеттерiнiң, Парламент комиссияларының және оның Палаталарының құрамына кiретiн депутат кез келген мәселелер мен ұсыныстарды қарауға енгiзуге, мәселелердi қарауға әзiрлеуге, олар бойынша шешiмдердi талқылап, қабылдауға, сондай-ақ қабылданған шешiмдердiң жүзеге асырылуын ұйымдастыруға, олардың орындалуын бақылауға қатысуға хақылы.
6. Өзi құрамына кiретiн Парламент органының шешiмiмен келiспеген депутат Парламент сессиясында өз көзқарасын баяндауға немесе ол туралы төрағалық етушiге жазбаша түрде хабарлауға хақылы.
7. Палаталар Бюроларының, олардың тиiстi тұрақты комитеттерiнiң, Парламент комиссияларының және оның Палаталарының құрамына кiрмейтiн депутат аталған органдардың отырыстарына қатысып, ұсыныстар енгiзе алады, қаралатын мәселелердi талқылауға және кеңесшi дауыс құқығымен шешiмдердi қабылдауға қатыса алады. Депутат Палаталар Бюроларының, тұрақты комитетiнiң немесе комиссиясының шешiмiмен келiспеген жағдайда өз ұсыныстарын заң жобасына, қаулы жобасына түзетулер ретiнде енгiзе алады. Депутат енгiзген түзетулер Парламент сессиясында қаралады әрi оларды дауысқа салу өткiзiледi.

27-бап. Депутаттық сұрау салу мен сауалдар
1. Депутаттық сұрау салу Парламент Палаталарының бiрлескен және бөлек отырыстарында депутаттың мемлекеттiк органдардың лауазымды тұлғаларына осы органның немесе лауазымды тұлғаның құзыретiне кiретiн мәселелер жөнiнде Парламент сессиясында негiзделген түсiнiктеме беруiн немесе өз көзқарасын баяндауын ресми сұраған талабы болып табылады.
2. Парламент депутатының Қазақстан Республикасының Премьер-министрi мен Үкiмет мүшелерiне, Ұлттық Банкi Төрағасына, Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы мен мүшелерiне, Бас Прокурорына, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Төрағасына, Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетiнiң Төрағасы мен мүшелерiне сұрау салуға құқығы бар. Бұл ретте Бас Прокурорға салынған сұрау қылмыстық қудалау функцияларын жүзеге асыруға байланысты мәселелерге қатысты бола алмайды. Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Төрағасына салынған сұрау Палаталардың жабық отырысында қаралады.
3. Сұрау салу жазбаша түрде енгiзiлуi мүмкiн және Парламент сессиясында жария етiлуге тиiс.
4. Өздерiне сұрау салынған лауазымды тұлғалар Парламент сессиясында ол жөнiнде ауызша немесе жазбаша жауап қайтаруға мiндеттi. Сұрау салуға жазбаша жауап әрi кеткенде бiр ай мерзiмде табыс етiлiп, сессияда жария етiледi. Сұрау салуға қайтарылған жауап бойынша жарыссөз өткiзiлуi мүмкiн. Депутат салынған сұрауына қайтарылған жауапқа өз пiкiрiн бiлдiруге хақылы.
5. Сұрау салуға қайтарылған жауап пен оны талқылаудың нәтижелерi бойынша Парламенттiң немесе оның тиiстi Палатасының қаулысы қабылданады. Сұрау салу мен оған берiлген жауап бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануы мүмкiн.
6. Депутаттар Палаталардың бiрлескен және бөлек отырысында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi мен Үкiметi мүшелерiне, Ұлттық Банкi Төрағасына, Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы мен мүшелерiне, Бас Прокурорына, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Төрағасына, Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетiнiң Төрағасы мен мүшелерiне ауызша сауалдар қоюға хақылы. Сауалға жауап осы отырыста, ал жауап беру үшiн қосымша даярлық қажет болған ретте үш күн мерзiм iшiнде қайтарылады.

28-бап. Депутаттың лауазымды тұлғалармен
кiдiрiссiз қабылдану құқығы
1. Депутаттық қызмет мәселелерi бойынша депутат мемлекеттiк органдарға, қоғамдық бiрлестiктерге, мемлекеттiк ұйымдарға бөгетсiз кiру құқығын, сондай-ақ олардың басшыларымен және басқа да лауазымды тұлғаларымен кiдiрiссiз қабылдану құқығын пайдаланады.
2. Қызметi мемлекеттiк құпияларға байланысты ұйымдарға депутаттың кiрiп-шығу тәртiбi заңмен белгiленедi.

29-бап. Депутаттардың қызметiн ақпараттық
қамтамасыз ету
1. Палаталар Бюролары депутатты Парламент қабылданған құжаттармен, сондай-ақ Парламент пен оның органдарының, басқа да мемлекеттiк органдар мен қоғамдық бiрлестiктердiң ресми таратылатын ақпараттық және анықтамалық материалдармен қамтамасыз етедi.
2. Мемлекеттiк органдар мен ұйымдар, олардың лауазымды тұлғалары депутатқа оның депутаттық қызметiнде туындаған мәселелер жөнiнде консультациялық көмек көрсетедi.

1997.11.04. № 91-1; 1999.12.03. № 348-1; 1999.06.05. № 377-1; 2007.19.06 № 266-III (бұр. ред. қара ) ҚР Конституциялық Заңдарымен 30-бап өзгертілді
30-бап. Депутаттардың қызметiн материалдық, қаржылық
және әлеуметтiк-тұрмыстық жағынан қамтамасыз ету
1. Депутаттар жалақысын Республика Конституциясының 44-бабының 9)-тармақшасында көзделген тәртiппен Республика Президентi белгiлейдi.
2. Республика астанасынан тыс жерде тұратын депутаттарға олардың өкiлеттiгi мерзiмiне тегiн пайдалану шартымен мемлекеттiк тұрғын-үй қорынан және заңдарда белгiленген нормалар бойынша тұрмысқа жайлы және жиhазбен жабдықталған тұрғын үй берiледi.
3. Парламент депутаттың өз сайлаушыларымен өзара қарым-қатынас жасауы, оларды Парламент қызметi туралы ұдайы хабардар етiп отыруы, Парламенттiң, оның Палаталары мен органдарының тапсырмаларын орындауы үшiн әрбiр депутатқа:
1) көлiкпен жол жүру құжаттарын кезектен тыс алу;
2) сайлау округтерiне iссапарларға шығып тұру құқығы берiледi. Бұл ретте iссапар шығыстары Республика Конституциясы 44-бабының 9) тармақшасында белгiленген тәртiппен бөлiнетiн қаражаттан өтеледi.
4. Парламенттiң, оның Палаталары мен олардың органдарының тапсырмаларын орындау үшiн депутат iссапарларға жiберiлген жағдайда оған заңдарда белгiленген нормалар бойынша iссапар шығыстары төленедi.
5. Депутаттарға Қазақстан Республикасының астанасы шегiнде автомобиль көлiгiмен қызмет көрсету, оларға емдеу-сауықтыру және санаторий-курорттық қызмет көрсету Республика Президентi белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады.
5-1. Парламенттің депутатына оның өкілеттік мерзімі аяқталған соң, сондай-ақ ол отставкаға кеткен немесе Парламент немесе Парламент Мәжілісі таратылған жағдайда және ол жұмысқа орналасқан немесе зейнеткерлік жасқа жеткен кезге дейiн ай сайын орташа айлық жалақысы мөлшерiнде, бipaқ өкілеттігі тоқтатылған немесе отставкаға кету туралы өтініш қанағаттандырылған күннен бастап үш айдан аспайтын уақыт жәрдемақы төленедi.

31-бап. Депутаттық өкiлеттiгiн жүзеге асыруының кепiлдiктерi
1. Депутаттық қызметiн атқаруына бөгет жасау мақсатымен депутатқа немесе оның жақын туыстарына қандай түрде болмасын ықпал жасау Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
2. Мемлекеттiк органдар мен қоғамдық бiрлестiктердiң, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының, ұйымдардың депутат алдындағы өз мiндеттерiн орындамаған, оған көрiнеу жалған ақпарат берген, депутаттық қызметтiң кепiлдiктерiн бұзған лауазымды тұлғалары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапқа тартылуға тиiс.
32-бап. Депутатқа ешкiмнiң тиiспеу құқығы
1. Парламент депутатын оның өкiлеттiк мерзiмi iшiнде тұтқынға алуға, күштеп әкелуге, сот тәртiбiмен белгiленген әкiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға, қылмыс үстiнде ұсталған немесе ауыр қылмыс жасаған реттерде өзге, тиiстi Палатаның келiсiмiнсiз қылмыстық жауапқа тартуға болмайды.
2. Депутатты қылмыстық жауапқа тартуға, қамауға алуға немесе сот тәртiбiмен белгiленген әкiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға келiсiм алу үшiн Бас Прокурор Сенатқа не Мәжiлiске ұсыныс енгiзедi, оны Палаталар тиiстi Палатаның отырысында қарауға әзiрлеу үшiн Орталық сайлау комиссиясына жiбередi. Ұсыныс депутатқа айып тағудың, оны қамауға алуға санкция берудiң немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi сотқа жiберудiң алдында енгiзiледi. Бас Прокурордың ұсынысы мен Орталық сайлау комиссиясының тұжырымы олар келiп түскен күннен бастап екi апта мерзiмнен кешiктiрiлмей қаралады және Палата тиiстi лауазымды тұлғалар мен органдардың қосымша ақпарат тапсыруын талап етуге хақылы. Палата дәлелдi шешiм қабылдап, оны Республиканың Бас Прокурорына және анықтау мен алдын ала тергеуді жүзеге асыратын Республика мемлекеттiк органының басшысына үш күн мерзiм iшiнде жiбередi. Депутат өзiне ешкiмнiң тиiспеу құқығы туралы мәселенi Палата қараған кезде қатысуға хақылы.
3. Депутатқа қатысты қылмыстық iстi анықтау мен алдын ала тергеуді жүзеге асыратын Республика мемлекеттiк органының басшысы ғана қозғай алады және ол iс жүргiзу аяқталысымен қадағалауды жүзеге асыру үшiн Бас Прокурорға тапсырылуға тиiс.
4. Орталық сайлау комиссиясы iс бойынша шешiм қабылдаған тиiстi соттан iстi қарау нәтижелерi туралы ақпаратты сұратып алады және айыптау үкiмi шығарылған жағдайда тиiстi Палатаға депутаттық мандаттан айыру жөнiнде ұсыныс енгiзедi.

2007.19.06 № 266-III ҚР Конституциялық Заңымен 33-бап өзгертілді (бұр. ред. қара )
33-бап. Депутатқа қолданылуы мүмкiн жазалау шаралары
1. Депутат Палаталар мен оның органдарының отырыстарына дәлелдi себептерсiз үш реттен артық қатыспаған жағдайда оған қатыспаған күндерi үшiн жалақы төлеуден бас тартылады. Депутат Палаталар мен оның органдарының отырыстарына дәлелдi себептерсiз бiр айдан артық қатыспаған жағдайда ол осы Конституциялық заңның 30-бабының 1,3,4,5-тармақтарымен өзiне берiлген барлық материалдық, қаржылық және әлеуметтiк-тұрмыстық қамтамасыз ету жағдайларынан айырылады. Бұл жөнiндегi шешiмдi депутат Палата отырысына немесе Палаталардың бiрлескен отырысына қатыспаған жағдайда тиiстi Палатаның Төрағасы, ал Палата органдарының отырыстарына қатыспаған жағдайда тиiстi Палатаның Бюросы қабылдайды.
2. Депутат өзiнiң даусын басқа бiреуге берген жағдайда Палата Бюросының шешiмiмен оған дауысты басқа бiреуге беруге жол берiлген күн үшiн жалақы төлеуден, ал дауыс басқа бiреуге қайталап берiлген жағдайда айлық жалақысын төлеуден бас тартылады.
3. Парламент пен оның Палаталарының регламенттерiмен белгiленген депутаттық әдеп ережелерiн бұзған жағдайда тиiстi Палата Төрағасының шешiмiмен депутатқа мынадай жазалау шаралары қолданылуы мүмкiн:
1) парламенттiк мiнеу;
2) көпшiлiк алдында кешiрiм сұрауға мәжбүр ету;
3) Палаталардың бiрлескен немесе бөлек бiр отырысының бойында сөз бермеу;
4) Палаталардың бiрлескен немесе бөлек үш отырысының бойында сөз бермеу;
5) Палаталардың бiрлескен немесе бөлек бiр отырысының уақытына отырыс залынан шығарып жiберу;
6) Палаталардың бiрлескен немесе бөлек үш отырысы уақытына отырыс залынан шығарып жiберу;
7) бiр күндiк еңбекақысынан айыру.
4. Депутатқа аталған шараларды қолдануға байланысты мәселелердi әзiрлеудi Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы жүзеге асырады. Депутаттардың Палаталар мен олардың органдарының отырыстарына келуiн, сондай-ақ депутаттың өз даусын басқа бiреуге беруiне жол берiлмеуiн бақылауды Орталық сайлау комиссиясының мүшелерi жүзеге асырады.
5. Мәжіліс депутаттарына осы бапта көзделген жазалау шараларын қолдану туралы мәселеге Мәжілісте өкілдік ететін, құрамына депутаттар кіретін саяси партиялардың фракциялары бастамашы болуы мүмкін.

2007.19.06 № 266-III ҚР Конституциялық Заңымен 34-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара )
34-бап. Республика Парламентіндегі депутаттық бірлестіктер
1. Парламент депутаттары саяси партиялардың фракциялары мен депутаттық топтар түрінде депутаттық бірлестіктер құруға құқылы.
2. Саяси партияның фракциясы – заңда белгіленген тәртіппен тіркелген саяси партиядан өкілдік ететін депутаттардың ұйымдасқан тобы, ол тиісті саяси партияның мүдделерін білдіру мақсатында Парламент Мәжілісінде құрылады. Саяси партия фракциясындағы ең аз адам саны Парламент Мәжілісінің Регламентімен айқындалады. Саяси партия фракциясының құрамына Парламент Мәжілісінің депутаттары кіре алады. Депутаттың бір ғана саяси партия фракциясының құрамында болуға құқығы бар.
3. Депутаттық топ – депутаттардың өз өкілеттіктерін бірлесіп жүзеге асыруға арналған бірлестігі. Депутаттық топтың құрамында Парламенттің кемінде он бес депутаты болуға тиіс.
4. Саяси партиялардың фракцияларын тіркеу – Парламент Мәжілісінің Бюросында, депутаттық топтарды тіркеу Парламент Палаталарының Бюроларында жүзеге асырылады. Саяси партиялардың фракциялары мен депутаттық топтарды тіркеу келіп тіркелу тәртібімен жүргізіледі.
5. Парламент Мәжілісіндегі саяси партиялардың фракциялары мен Парламенттегі депутаттық топтардың өкілеттігі, ұйымдастырылуы мен қызметі, олардың жұмысын қамтамасыз ету Парламент пен оның палаталарының регламенттерінде айқындалады.

35-бап. Депутаттық куәлiк және депутаттың омырауға тағатын белгiсi
1. Депутаттың депутаттық куәлiгi және депутаттық омырауға тағатын белгiсi болады, бұларды оған сайланған депутат ретiнде тiркелгеннен кейiн Республиканың Орталық сайлау комиссиясы бередi. Депутат депутаттық куәлiк пен омырауға тағатын белгiнi өз өкiлеттiк мерзiмi iшiнде пайдаланады.
2. Республика Парламентi депутатының куәлiгi мен омырауға тағатын белгiсi, олардың үлгiлерi мен сипаттамасы туралы ережелердi Республиканың Орталық сайлау комиссиясы бекiтедi.
VI тарау.
Қорытынды ережелер

2007.19.06 № 266-III ҚР Конституциялық Заңымен 36-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара )
36-бап. Республика Парламентінің және Парламент Мәжілісінің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату
1. Республика Президенті Парламент палаталары төрағаларымен және Премьер-Министрмен консультациялардан кейін Парламентті немесе Парламент Мәжілісін тарата алады.
2. Парламентті және Парламент Мәжілісін төтенше немесе соғыс жағдайы кезеңінде, Президент өкілеттігінің соңғы алты айында, сондай-ақ осының алдындағы таратудан кейінгі бір жыл ішінде таратуға болмайды.
3. Мәжіліс таратылған жағдайда Парламенттің конституциялық заңдар мен заңдар қабылдау жөніндегі қызметін уақытша, Мәжілістің жаңа құрамы сайланғанға дейін Сенат атқарады.
Мұндай жағдайда Сенаттың конституциялық заңдар мен заңдар қабылдау тәртібі Сенат Регламентінде айқындалады.

37-бап. Республика Парламентiнiң жұмыс тiлдерi
Парламент жұмысында тiлдердi пайдалану Республика Конституциясына және Республикадағы тiл туралы заңдарға сәйкес жүзеге асырылады.

38-бап. Республика Парламентiнiң қызметiн қаржыландыру
Республика Парламентiнiң қызметiн қаржыландыру республикалық бюджет қаражатынан жүзеге асырылады.

1999.06.05. № 377-1 ҚР Конституциялық Заңымен 39-бап өзгертілді ; 2007.19.06 № 266-III ҚР Конституциялық Заңымен 39-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара )
39-бап. Республика Парламенті Палаталарының Аппараттары
1. Парламент қызметін ұйымдастырушылық, құқықтық, ақпараттық-талдамалық және өзгедей қамтамасыз етуді Сенат пен Мәжілістің бөлек аппараттары жүзеге асырады.
2. Сенат пен Мәжіліс аппараттарының құрылымы мен штат санын белгілеуді, оларды жасақтауды Парламент қызметін қаржыландыруға бөлінген бюджет қаражаты шегінде Палаталардың Бюролары жүзеге асырады.
3. Сенат пен Мәжіліс аппараттарының қызметі Республиканың мемлекеттік қызмет туралы нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырылады.
4. Парламенттің немесе Парламент Мәжілісінің өкілеттік мерзімдерінің аяқталуына байланысты, Парламент немесе Парламент Мәжілісі таратылған және оның депутаттары жаңа құрамының сайлануы жағдайында Сенат пен Мәжілістің аппараттарындағы мемлекеттік қызметшілердің жұмысы тоқтатылмайды.
5. Сенат пен Мәжіліс аппараттарының қызметкерлері жалақы мөлшері, материалдық, қаржылық және әлеуметтік-тұрмыстық қамтамасыз етудің өзге жағдайлары бойынша Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің тиісті қызметкерлеріне теңестіріледі.

40-бап. Осы Конституциялық заңды күшiне енгiзу тәртiбi
Осы Конституциялық заң жарияланған күнiнен бастап күшiне енедi.

Қазақстан Республикасының
Президентi
Н. Назарбаев