Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгi туралы


Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 6 қаңтардағы № 527-IV Заңы

"Егемен Қазақстан" 2012 жылғы 17 қаңтардағы № 18-19 (27090); "Казахстанская правда" от 17.01.2012 г., № 19-20 (26838-26839)
________________________________________

Қолданушылар назарына!
Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшiн РҚАО мазмұнды жасады.
МАЗМҰНЫ
Осы Заң Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгi саласындағы құқықтық қатынастарды реттейдi және адамның және азаматтың, қоғам мен мемлекеттiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудiң мазмұны мен қағидаттарын, Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жүйесiн, мақсаттары мен бағыттарын айқындайды.
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) ақпараттық инфрақұрылым – ақпаратты қалыптастыру, жасау, өзгерту, өңдеу, беру, пайдалану және сақтау техникалық құралдары мен жүйелерiнiң жиынтығы;
2) ақпараттық кеңiстiк – жеке және қоғамдық санаға, ақпараттық инфрақұрылым мен ақпараттың өзiне де ықпал ететiн, ақпаратты қалыптастыруға, жасауға, өзгертуге, өңдеуге, беруге, пайдалануға, сақтауға байланысты қызмет саласы;
3) Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгi (бұдан әрi – ұлттық қауiпсiздiк) – адамның және азаматтың, қоғам мен мемлекеттiң серпiндi дамуын қамтамасыз ететiн Қазақстан Республикасы ұлттық мүдделерiнiң нақты және ықтимал қауiп-қатерлерден қорғалуының жай-күйi;
4) Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету (бұдан әрi – ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету) – ұлттық мүдделердi нақты және ықтимал қауiп-қатерлерден қорғауға бағытталған ұлттық қауiпсiздiк субъектiлерiнiң қызметi;
5) Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жүйесi – ұлттық қауiпсiздiк саласындағы мемлекеттiк саясат шеңберiнде ұлттық қауiпсiздiк субъектiлерi iске асыратын құқықтық, ұйымдастырушылық, экономикалық, техникалық және өзге де шаралар жиынтығы;
6) Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерi – iске асырылуынан мемлекеттiң адам мен азаматтың құқықтарын, қазақстандық қоғамның құндылықтарын және конституциялық құрылыс негiздерiн қорғауды қамтамасыз ету қабiлетi байланысты болатын, Қазақстан Республикасының заңнамалық тұрғыдан танылған саяси, экономикалық, әлеуметтiк және басқа да қажеттiлiктерiнiң жиынтығы;
7) ұлттық қауiпсiздiкке қауiп-қатерлер – Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерiн iске асыруға кедергi келтiретiн немесе кедергi келтiруi мүмкiн сыртқы және iшкi факторлардың (процестер мен құбылыстардың) жиынтығы;
8) ұлттық қауiпсiздiк объектiлерi – адам, оның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары; қоғам, оның материалдық және рухани құндылықтары; мемлекет, оның конституциялық құрылысы;
9) ұлттық қауiпсiздiк стратегиясы – ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету саласында негiзгi проблемаларды және қауiп-қатерлердi, стратегиялық мақсаттарды және нысаналы индикаторларды, мiндеттердi және нәтижелер көрсеткiштерiн айқындайтын Қазақстан Республикасы дамуының стратегиялық құжаты;
10) ұлттық қауiпсiздiк субъектiлерi – өз өкiлеттiктерiн билiктiң заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтары органдары арқылы жүзеге асыратын мемлекет, сондай-ақ ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету саласында мемлекеттiк саясатты iске асыруға қатысатын Қазақстан Республикасының азаматтары мен ұйымдары.
2-бап. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз етудiң құқықтық
негiздерi
1. Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету саласындағы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк-құқықтық актiлерiнен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше нормалар белгiленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
3. Мынадай:
1) Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiне нұқсан келтiретiн немесе тәуелсiздiктен айырылуға әкеп соғатын;
2) Қазақстан Республикасының егемендiк құқықтарының аясын тарылтатын халықаралық шарттарды жасасуға жол берiлмейдi.
3-бап. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету қағидаттары
Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету қағидаттары:
1) ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi қызметтi жүзеге асыру кезiнде заңдылықты сақтау;
2) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының басымдығы;
3) ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету күштерiнiң жедел өзара хабардар етiлуi және iс-қимылдарының үйлесiмдiлiгi;
4) ұлттық қауiпсiздiктiң барлық түрлерiнiң бiрлiгi, өзара байланысы және теңдестiрiлiмдiгi, ахуалдың дамуына байланысты олардың басымдығының жедел өзгеруi;
5) ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету кезiнде алдын алу-профилактикалық шараларының басымдығы;
6) ұлттық қауiпсiздiкке келтiрiлген және/немесе ықтимал нұқсанның ауқымы мен сипатына ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету шараларының уақтылы және лайықты болуы;
7) адамның және азаматтың, қоғам мен мемлекет мүдделерiнiң теңгерiмiн сақтау, олардың өзара жауапкершiлiгi;
8) ұлттық қауiпсiздiктi қорғау жөнiндегi iс-қимылдардың барлық жиынтығын iске асырудың бақылауда болуы;
9) ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жүйесiнiң халықаралық қауiпсiздiк жүйелерiмен ықпалдастығы;
10) мемлекеттiк органдар өкiлеттiктерiнiң аражiгiн нақты ажырату болып табылады.
4-бап. Ұлттық қауiпсiздiк түрлерi
Ұлттық қауiпсiздiк түрлерi:
1) қоғамдық қауiпсiздiк – қоғамның тұтастығы мен оның тұрақтылығы қамтамасыз етiлетiн азаматтар өмiрiнiң, денсаулығының және амандығының, қазақстандық қоғамның рухани-имандылық құндылықтарының және әлеуметтiк қамсыздандыру жүйесiнiң нақты әрi ықтимал қауiп-қатерлерден қорғалуының жай-күйi;
2) әскери қауiпсiздiк – әскери күштердi қолданумен немесе оны қолдану ниетiмен байланысты сыртқы және iшкi қауiп-қатерлерден адамның және азаматтың, қоғам мен мемлекеттiң өмiрлiк маңызы бар мүдделерi қорғалуының жай-күйi;
3) саяси қауiпсiздiк – азаматтардың, әлеуметтiк топтардың құқықтары мен бостандықтарының сақталуы және олардың мүдделерiнiң теңгерiмi, мемлекеттiң тұрақтылығы, тұтастығы және қолайлы халықаралық жағдайы қамтамасыз етiлетiн конституциялық құрылыс негiздерiнiң, мемлекеттiк органдар жүйесi қызметiнiң және мемлекеттiк басқару тәртiбiнiң нақты және ықтимал қауiп-қатерлерден қорғалуының жай-күйi;
4) экономикалық қауiпсiздiк – экономиканың орнықты дамуы және оның тәуелдi болмауы қамтамасыз етiлетiн, Қазақстан Республикасы ұлттық экономикасының нақты және ықтимал қауiп-қатерлерден қорғалуының жай-күйi;
5) ақпараттық қауiпсiздiк – елдiң орнықты дамуы және ақпараттық тәуелсiздiгi қамтамасыз етiлетiн, ақпарат саласындағы нақты және ықтимал қауiп-қатерлерден Қазақстан Республикасы ақпараттық кеңiстiгiнiң, сондай-ақ адамның және азаматтың құқықтары мен мүдделерiнiң, қоғам мен мемлекеттiң қорғалуының жай-күйi;
6) экологиялық қауiпсiздiк – қоршаған ортаға антропогендiк және табиғи әсерлер салдарынан туындайтын қауiп-қатерлерден адамның және азаматтың өмiрлiк маңызы бар мүдделерi мен құқықтарының, қоғам мен мемлекеттiң қорғалуының жай-күйi болып табылады.
5-бап. Қазақстан Республикасының негiзгi ұлттық мүдделерi
1. Қазақстан Республикасының негiзгi ұлттық мүдделерi:
1) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету;
2) заңдардың дәлме-дәл әрi бiркелкi орындалуы және құқықтық тәртiптi сақтау;
3) елде қоғамдық келiсiм мен саяси тұрақтылықты сақтау;
4) қазақстандық отаншылдық және Қазақстан халқының бiрлiгi;
5) қазақстандық қоғамның материалдық және рухани-имандылық құндылықтарын сақтау мен еселей түсу;
6) денсаулық сақтау және әлеуметтiк қамсыздандыру жүйесiнiң азаматтар мен қоғамның әл-ауқатын жақсарту қажеттiлiктерiне лайықты деңгейi мен сапасына қол жеткiзу және оны сақтап тұру;
7) елдiң бiлiм және ғылым әлеуетiнiң қоғам мен азаматтардың әлеуметтiк-экономикалық, инновациялық және зияткерлiк даму қажеттiлiктерiне лайықты деңгейi мен сапасына қол жеткiзу және оны сақтап тұру;
8) Қазақстан Республикасы конституциялық құрылысының, оның iшiнде елдiң тәуелсiздiгiнiң, бiртұтастығы мен президенттiк басқару нысанының, тұтастығының, мемлекеттiк шекарасына қол сұғылмаушылығының және аумағының бөлiнбестiгiнiң мызғымастығы;
9) мемлекеттiк институттардың тұрақты жұмыс iстеуi, олардың қызметiнiң тиiмдiлiгiн арттыру;
10) Қазақстанның бүкiл халқының игiлiгi үшiн экономикалық даму;
11) экономикалық қауiпсiздiктi толық көлемде қамтамасыз ететiн агроөнеркәсiптiк, отын-энергетика кешендерi, көлiк және өндiрiстiк салалар, қаржы жүйесi субъектiлерiнiң тұрақты жұмыс iстеуi;
12) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдарының жауынгерлiк және жұмылдыру дайындығын қамтамасыз ету;
13) Қазақстан Республикасының әскери қауiпсiздiгiн толық көлемде қамтамасыз ететiн қару-жарақпен және әскери техникамен жарақтандыруды қамтамасыз ету және қорғаныс өнеркәсiбi кешенiнiң отандық субъектiлерiн дамыту;
14) бәсекеге қабiлеттi және қорғалған ұлттық ақпараттық кеңiстiктi қолдау және дамыту;
15) қоршаған ортаның жай-күйiн сақтау және жақсарту, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану;
16) Қазақстан Республикасының даму басымдықтарына сай келетiн халықаралық ынтымақтастықтың жай-күйi;
17) халықаралық деңгейде Қазақстан Республикасының жағымды имиджi мен беделiн нығайтуға бағытталған саяси бастамаларды iлгерiлету;
18) Қазақстан халқы мен аумағын төтенше жағдайлар мен әскери қақтығыстар кезiнде немесе осы қақтығыстардың салдарынан туындайтын қауiп-қатерлерден бейбiт уақытта және соғыс уақытында қорғау болып табылады.
2. Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерi Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiмен толықтырылуы және стратегиялық әрi бағдарламалық құжаттарымен нақтылануы мүмкiн.
6-бап. Ұлттық қауiпсiздiкке негiзгi қауiп-қатерлер
1. Ұлттық қауiпсiздiкке негiзгi қауiп-қатерлер:
1) ұлттық мүдделердiң қорғалу дәрежесiнiң төмендеуiне ықпал ететiн заңдылық пен құқықтық тәртiп деңгейiнiң төмендеуi, оның iшiнде қылмыстың, оның ұйымдасқан нысандарын қоса алғанда өсуi, мемлекеттiк органдардың қылмыстық құрылымдармен, террористiк немесе экстремистiк ұйымдармен кiрiгуi, лауазымды адамдардың капиталдың заңсыз айналымына қолдау жасауы, сыбайлас жемқорлық, қарудың және есiрткi заттарының заңсыз айналымы;
2) демографиялық ахуалдың және халық денсаулығының нашарлауы, оның iшiнде бала туудың күрт төмендеуi, өлiм-жiтiмнiң көбеюi;
3) бақылаусыз көшi-қон процестерi;
4) елдiң денсаулық сақтау, бiлiм және зияткерлiк әлеуетi деңгейi мен сапасының төмендеуi;
5) Қазақстан Республикасы халқының мәдени және рухани мұрасынан айырылуы;
6) ұлтаралық және конфессияаралық қақтығыстардан, жаппай тәртiпсiздiктерден көрiнетiн әлеуметтiк және саяси жағдайдың ушығуы;
7) конституциялық құрылысты күштеп өзгертуге бағытталған iс-әрекет, оның iшiнде Қазақстан Республикасының бiртұтастығына, аумағының тұтастығына, қол сұғылмаушылығына, бөлiнбестiгiне, күзетiлетiн тұлғалардың қауiпсiздiгiне қауiп төндiретiн iс-әрекеттер;
8) кез келген нысандардағы және көрiнiстердегi терроризм, экстремизм мен сепаратизм;
9) ұлттық қауiпсiздiкке нұқсан келтiруге бағытталған шет мемлекеттер арнаулы қызметтерiнiң, сондай-ақ ұйымдар мен жеке адамдардың барлау-бүлдiру iс-әрекетi;
10) мемлекеттiк органдардың қызметiне iрiткi салу, олардың iркiлiссiз жұмыс iстеуiн бұзу, елде басқару деңгейiнiң төмендеуi;
11) стратегиялық ресурстарды ел мүдделерiне кереғар пайдалануды қоса алғанда, мемлекеттiң экономикалық қауiпсiздiгiне нұқсан келтiру, инновациялық дамуға және инвестициялық белсендiлiктiң артуына кедергi жасау, капитал мен тауарларды елден тысқары жерлерге бақылаусыз әкету, көлеңкелi экономиканың өсуi;
12) қаржы жүйесi орнықтылығының төмендеуi;
13) өндiрiстiң қысқаруы, өнiмдер мен тауарлар сапасының, бәсекеге қабiлеттiлiгiнiң, экспорттық, транзиттiк әлеуетiнiң және қолжетiмдiлiгiнiң төмендеуi, Қазақстан Республикасында өндiрiлмейтiн өнiмдер мен тауарларды басқа мемлекеттерден әкелудiң қысқаруы;
14) елдiң қорғаныс қабiлетi деңгейiнiң төмендеуi, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк шекарасының қол сұғылмаушылығына, оның өзiне күш қолдану қауiп-қатерi төнуi, оған қарсы агрессия;
15) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделмеген әскерилендiрiлген құралымдар құру;
16) елдiң ақпараттық кеңiстiгiнiң, сондай-ақ ұлттық ақпараттық ресурстардың рұқсат етiлмеген қолжетiмдiлiктен қорғалу деңгейiнiң төмендеуi;
17) ұлттық қауiпсiздiкке нұқсан келтiре отырып, ақпаратты әдейi бұрмалаумен және дәйексiз ақпаратты таратумен байланысты қоғамдық және жеке санаға ақпараттық ықпал ету;
18) экологиялық жағдайдың, оның iшiнде ауыз су сапасының күрт нашарлауы, дүлей зiлзалалар мен табиғи және техногендiк сипаттағы өзге де төтенше жағдайлар, эпидемиялар мен эпизоотиялар;
19) халықаралық деңгейде Қазақстанның ұлттық мүдделерiне, саяси беделiне және экономикалық рейтингiне нұқсан келтiру болып табылады.
2. Ұлттық қауiпсiздiкке қауiп-қатерлер Қазақстан Республикасының заңнамасымен, стратегиялық және бағдарламалық құжаттарымен толықтырылуы және нақтылануы мүмкiн.
2-тарау. ҰЛТТЫҚ ҚАУIПСIЗДIКТI ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ЖҮЙЕСI
ЖӘНЕ ОНЫҢ НЕГIЗГI ФУНКЦИЯЛАРЫ
7-бап. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жүйесi
1. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жүйесiн бiр-бiрiмен өзара iс-қимыл жасайтын оны қамтамасыз ету күштерi, адамның және азаматтың, қоғам мен мемлекеттiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге бағытталған саяси, құқықтық, ұйымдастырушылық, экономикалық, әскери және өзге де сипаттағы шараларды жүзеге асыратын өзге де мемлекеттiк органдар мен ұйымдар құрайды.
2. Қазақстан Республикасының азаматтары өздерiнiң Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарында көзделген құқықтары мен мiндеттерiн iске асыру арқылы ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асыруға қатысады.
8-бап. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жүйесiнiң
негiзгi функциялары
Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жүйесiнiң негiзгi функциялары:
1) Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерiн айқындау;
2) ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз етудiң мақсаттарын, мiндеттерi мен негiзгi бағыттарын айқындау;
3) ұлттық қауiпсiздiкке төнетiн қауiп-қатерлердi анықтау, талдау, бағалау және болжамдау;
4) ұлттық қауiпсiздiкке төнетiн қауiп-қатерлердiң алдын алу және оны бейтараптандыру жөнiнде жедел және ұзақ мерзiмдi шаралар кешенiн әзiрлеу және жүзеге асыру;
5) халықаралық қауiпсiздiктi нығайтуға бағытталған саяси бастамаларды iлгерiлету;
6) ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету күштерiн ұдайы дайындықта ұстау;
7) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес халықаралық және өңiрлiк қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге қатысу болып табылады.
9-бап. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету күштерi
1. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету күштерiне:
1) барлау, қарсы барлау қызметiн, сондай-ақ күзетiлетiн тұлғалар мен объектiлердiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге бағытталған құқықтық және ұйымдастырушылық шаралар кешенiн жүзеге асыратын арнаулы мемлекеттiк органдар;
2) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерi, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдары;
3) iшкi iстер, қаржы полициясы, мемлекеттiк өртке қарсы қызмет органдары, кеден органдары және авариялық-құтқару қызметтерi жатады.
2. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету заңнамада белгiленген өкiлеттiктерге сәйкес барлық мемлекеттiк органдар мен мемлекеттiң лауазымды адамдары үшiн мiндеттi болып табылады.
3. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету күштерi және өзге де мемлекеттiк органдар өзара байланыста iс-қимыл жасайды, Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерiн қорғау бойынша бiрлескен iс-шараларды iске асырады және өздерiнiң құзыретiне жататын мәселелер бойынша бiр-бiрiн өзара хабардар етедi.
3-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕЗИДЕНТIНIҢ, ҚАУIПСIЗДIК
КЕҢЕСIНIҢ, ПАРЛАМЕНТIНIҢ, ҮКIМЕТIНIҢ, СОТТАРЫНЫҢ,
МЕМЛЕКЕТТIК ОРГАНДАРЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ ҚАУIПСIЗДIКТI ҚАМТАМАСЫЗ
ЕТУ САЛАСЫНДАҒЫ ӨКIЛЕТТIКТЕРI
10-бап. Қазақстан Республикасы Президентiнiң өкiлеттiктерi
Қазақстан Республикасының Президентi:
1) ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттарын айқындайды;
2) елдiң ұлттық мүдделерiн қорғау саласында барлық мемлекеттiк билiк тармақтарының келiсiлген қызметiн қамтамасыз етедi;
3) ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мәселелерi бойынша актiлер шығарады;
4) Қауiпсiздiк Кеңесiн құрады және басқарады, оның мiндеттерi мен өкiлеттiктерiн белгiлейдi;
5) Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк стратегиясын, сондай-ақ ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету саласындағы өзге де стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды бекiтедi;
6) Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына сәйкес ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мәселелерi бойынша басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
11-бап. Қазақстан Республикасы Қауiпсiздiк Кеңесiнiң
өкiлеттiктерi
1. Қазақстан Республикасының Қауiпсiздiк Кеңесi Қазақстан Республикасының Президентi жанындағы консультативтiк-кеңесшi орган болып табылады.
2. Қауiпсiздiк Кеңесiнiң өкiлеттiктерiн, қызметiнiң ұйымдастырылуы мен тәртiбiн Қазақстан Республикасының Президентi айқындайды.
12-бап. Қазақстан Республикасы Парламентiнiң өкiлеттiктерi
Қазақстан Республикасының Парламентi ұлттық қауiпсiздiк саласындағы өз өкiлеттiктерiн Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес жүзеге асырады.
13-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң өкiлеттiктерi
Қазақстан Республикасының Үкiметi:
1) Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Мәжiлiсiне ұлттық қауiпсiздiк саласындағы заңдардың жобаларын енгiзедi және заңдардың орындалуын қамтамасыз етедi;
2) ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз етудiң негiзгi бағыттарын әзiрлейдi және олардың жүзеге асырылуын ұйымдастырады, оның iшiнде Ұлттық қауiпсiздiк стратегиясын әзiрлеудi және iске асыруды ұйымдастырады;
3) министрлiктердiң, өзге де орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi қызметiне басшылық жасайды;
4) мыналардың:
ұлттық холдингтердiң және (немесе) ұлттық компаниялардың не олардың үлестес тұлғаларының, сондай-ақ мемлекет қатысатын өзге де заңды тұлғалардың жарғылық капиталына берiлген және (немесе) олардың меншiгiндегi стратегиялық объектiлердiң
мемлекетпен үлестес емес заңды тұлғалардың, сондай-ақ жеке тұлғалардың меншiгiндегi стратегиялық объектiлердiң тiзбелерiн түзедi;
5) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң жанынан стратегиялық объектiлер жөнiнде комиссия құрады;
6) жеке және заңды тұлғаларға тиесiлi стратегиялық объектiмен ұлттық қауiпсiздiкке қауiп туғызуы мүмкiн азаматтық-құқықтық мәмiле жасасуға рұқсат беру немесе рұқсат беруден бас тарту туралы шешiмдi Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң жанындағы стратегиялық объектiлер жөнiндегi комиссияның ұсынымдары негiзiнде қабылдайды;
7) Қазақстан Республикасының Конституциясына, заңдарына және Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiне сәйкес ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мәселелерi бойынша өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
14-бап. Қазақстан Республикасы соттарының өкiлеттiктерi
Соттар:
1) азаматтардың және ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерiн қорғауды, Конституцияның, осы Заңның және өзге де нормативтiк-құқықтық актiлердiң, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз етедi;
2) адамның және азаматтың, қоғам мен мемлекеттiң қауiпсiздiгiне қол сұғылатын қылмыстар және құқық бұзушылықтар туралы iстер бойынша сот төрелiгiн жүзеге асырады.
15-бап. Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының
өкiлеттiктерi
1. Мемлекеттiк органдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген құзырет шегiнде ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз етудi жүзеге асырады:
1) ұлттық қауiпсiздiк органдары – конституциялық құрылысты, мемлекеттiк егемендiктi, аумақтық тұтастықты, экономикалық, ғылыми-техникалық және қорғаныс әлеуетiн қорғау жөнiнде қарсы барлау қызметiн, мемлекеттiк шекараны күзетудi, үкiметтiк байланысты сақтап тұруды және қамтамасыз етудi, сондай-ақ терроризмге және экстремизмге қарсы iс-қимыл саласында ведомствоаралық қызметтi үйлестiрудi жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн арнаулы мемлекеттiк органдар;
2) сыртқы барлау саласындағы уәкiлеттi орган – Қазақстан Республикасының Президентiн, Парламентi мен Үкiметiн, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары мен мемлекеттiк ұйымдарын тиiстi ақпаратпен қамтамасыз ету мақсатында барлау қызметiн жүзеге асыратын, сондай-ақ саяси, әскери-саяси, қаржылық-экономикалық, ғылыми-техникалық, гуманитарлық, экологиялық және Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерiн қозғайтын өзге де салаларда мемлекет басшылығының саясатын iске асыруға жәрдемдесетiн, Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттiк орган;
3) Қазақстан Республикасы Президентiнiң Күзет қызметi – күзетiлетiн тұлғалар мен объектiлердiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн, күзетiлетiн тұлғалардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мәселелерi бойынша ұйымдастырушы және үйлестiрушi орган болып табылатын, Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн арнаулы мемлекеттiк орган;
4) қаржы полициясы органдары – экономикалық және қаржылық қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласында адамның және азаматтың құқықтарына, қоғам мен мемлекеттiң мүдделерiне қылмыстық және өзге де құқыққа қарсы қол сұғушылықтардың алдын алуды, анықтауды, жолын кесудi, ашуды және тергеудi жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн арнаулы мемлекеттiк органдар;
5) iшкi iстер органдары – қоғамдық тәртiптi сақтауды, қылмысқа, есiрткi заттары мен қарудың заңсыз айналымына, бақылаусыз көшi-қонға қарсы күрестi, азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауды жүзеге асыратын, қылмыстық жазалардың орындалуын, сондай-ақ қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi қызметтi ведомствоаралық үйлестiрудi ұйымдастыратын атқарушы органдар;
6) Қорғаныс министрлiгi – мемлекеттiң қорғаныс қабiлетiн, Қарулы Күштердiң тұрақты жауынгерлiк және жұмылдыру дайындығын сақтап тұратын және қамтамасыз ететiн, өз құзыретi шегiнде сыртқы барлауды, терроризмге және экстремизмге қарсы iс-қимылды, сондай-ақ әскери қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi қызметтi ведомствоаралық үйлестiрудi жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
7) сыртқы саясат саласындағы уәкiлеттi орган – Қазақстан Республикасының сыртқы саяси бағытын, халықаралық бейбiтшiлiктi, жаһандық және өңiрлiк қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi күш-жiгерiн iске асыруды, Қазақстанның халықаралық беделiн нығайтуды, Қазақстан Республикасының егемендiгiн, қауiпсiздiгiн, аумақтық тұтастығын және шекарасының мызғымастығын, оның басқа мемлекеттермен өзара қарым-қатынастарында және халықаралық аренада саяси, сауда-экономикалық және өзге де мүдделерiн, шет елде Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғаларының құқықтары мен мүдделерiн дипломатиялық құралдармен және әдiстермен қорғауды, сондай-ақ халықаралық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi қызметтi ведомствоаралық үйлестiрудi қамтамасыз ететiн орталық атқарушы орган;
8) байланыс және ақпарат саласындағы уәкiлеттi орган – Қазақстан Республикасының бiрыңғай ақпараттық кеңiстiгi мен байланыс инфрақұрылымын қалыптастыруды, дамытуды және қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудi, сондай-ақ ақпараттық кеңiстiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi қызметтi ведомствоаралық үйлестiрудi жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
9) ақпараттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету саласындағы уәкiлеттi орган ақпараттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету бойынша құқықтық, әкiмшiлiк және өзге де шараларды әзiрлейдi, олардың iске асырылуы мен сақталуын бақылауды, сондай-ақ ақпараттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi қызметтi ведомствоаралық үйлестiрудi жүзеге асырады;
10) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган – қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану саласында мемлекеттiк саясатты әзiрлеу және iске асыру мәселелерi бойынша басшылықты және салааралық үйлестiрудi жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
11) мемлекеттiк жоспарлау саласындағы уәкiлеттi орган – Қазақстан Республикасының әлеуметтiк-экономикалық дамуының негiзгi басымдықтарын, жұмылдыру даярлығы мен жұмылдыру саласындағы мемлекеттiк саясатты қалыптастыруды жүзеге асыратын, iшкi және сыртқы сауданы реттеу мен дамытуды, сондай-ақ заңнамада белгiленген құзырет шегiнде экономикалық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi қызметтi ведомствоаралық үйлестiрудi қамтамасыз ететiн орталық атқарушы орган;
12) агроөнеркәсiптiк кешендi дамыту саласындағы уәкiлеттi орган – агроөнеркәсiптiк кешендi дамыту саласындағы мемлекеттiк реттеудi жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
13) көлiк және коммуникация саласындағы уәкiлеттi орган – көлiк-коммуникация саласына басшылықты, сондай-ақ заңнамада көзделген шекте салааралық үйлестiрудi жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
14) қаржы саласындағы уәкiлеттi орган – қаржылық мониторингтi жүзеге асыратын және заңсыз жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимыл бойынша шаралар қолданатын, салық, кеден және бюджет заңнамаларының сақталуын, мемлекеттiк мүлiктiң ұтымды пайдаланылуын және сақталуын, сондай-ақ қаржылық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi қызметтi ведомствоаралық үйлестiрудi қамтамасыз ететiн орталық атқарушы орган;
15) индустрия және индустриялық-инновациялық даму саласындағы уәкiлеттi орган – елдiң экономикасында өнеркәсiп пен өндiрiстiң индустриялық-инновациялық және ғылыми-техникалық тұрғыдан дамуын қамтамасыз ететiн орталық атқарушы орган;
16) энергетика саласындағы уәкiлеттi орган – экономиканың энергия және энергия ресурстарына қажеттiлiгiн қанағаттандыруды, отын-энергетика кешенiн дамытуды, сондай-ақ энергетикалық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi қызметтi ведомствоаралық үйлестiрудi қамтамасыз ететiн орталық атқарушы орган;
17) төтенше жағдайлар саласындағы уәкiлеттi орган – табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою, азаматтық қорғаныс, өрт және өнеркәсiптiк қауiпсiздiк, мемлекеттiк материалдық резервтi қалыптастыру және дамыту, төтенше жағдайлардың алдын алу мен жоюдың мемлекеттiк жүйесiнiң жұмыс iстеуi мен одан әрi дамуын қамтамасыз ету, өрттiң алдын алу мен сөндiрудi ұйымдастыру саласындағы салааралық үйлестiру саласында мемлекеттiк саясатты қалыптастыруды жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
18) әдiлет органдары – мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың, лауазымды адамдар мен азаматтардың жұмысында заңдылық режимiн қолдайтын, азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауды қамтамасыз ететiн атқарушы органдар;
19) халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы уәкiлеттi орган – әлеуметтiк және еңбек қатынастарында, халықты жұмыспен қамтуда заңдылықтың сақталуын және келiсiмдi нығайтуды қамтамасыз ететiн орталық атқарушы орган;
20) мәдениет саласындағы уәкiлеттi орган – қоғамның тарихи-мәдени және рухани-имандылық құндылықтарын сақтауды, мемлекеттiк тiлдiң және басқа да тiлдердiң серпiндi дамуын, iшкi саяси тұрақтылықты және этносаралық келiсiмдi нығайтуды қамтамасыз ететiн орталық атқарушы орган;
21) бiлiм және ғылым саласындағы уәкiлеттi орган – сапалы және қолжетiмдi бiлiм берудi, қазақстандық ғылымның орнықты дамуын, мемлекеттiк жастар саясатын iске асыруды, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауды қамтамасыз ететiн орталық атқарушы орган;
22) денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган – халық денсаулығын қорғауды, аса қауiптi және карантиндiк инфекциялық аурулардың таралуынан қорғауды, азаматтардың тиiмдi, сапалы және қолжетiмдi дәрiлiк заттарға қажеттiлiктерiн қанағаттандыруды қамтамасыз ететiн орталық атқарушы орган;
23) туризм, дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкiлеттi орган – Қазақстанда туризмнiң, бұқаралық спорттың дамуын, ел халқының дене шынықтыру мәдениетiн нығайтуды қамтамасыз ететiн орталық атқарушы орган;
24) жер ресурстарын басқару жөнiндегi уәкiлеттi орган – жердi ұтымды пайдалануды және қорғауды, жер заңнамасының сақталуын қамтамасыз ететiн орталық атқарушы орган;
25) мемлекеттiк статистика саласындағы уәкiлеттi орган – өз құзыретi шегiнде мемлекеттiк статистика саласында басшылықты, сондай-ақ салааралық үйлестiрудi жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
26) бәсекелестiктi қорғау саласындағы уәкiлеттi орган – Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасын бұзудың алдын алуды, анықтауды және жолын кесудi қамтамасыз ететiн орталық атқарушы орган;
27) жер қойнауын зерделеу және пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi орган – жер қойнауын геологиялық зерделеу, ұтымды және кешендi пайдалану саласындағы мемлекеттiк саясат пен бақылаудың, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген жер қойнауын пайдалану саласында өзге де функциялардың iске асырылуын қамтамасыз ететiн орталық атқарушы орган;
28) дiн iстерi жөнiндегi уәкiлеттi орган – дiни қызмет саласындағы мемлекеттiк реттеудi жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
29) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi – қаржы жүйесiнiң тұрақтылығын қамтамасыз етуге жәрдемдесетiн, Қазақстан Республикасының Президентiне есеп беретiн Қазақстан Республикасының орталық банкi;
30) Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетi – бюджет қаражатын, мемлекеттiк мүлiктi, оның iшiнде Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң активтерiн пайдалану кезiнде Қазақстан Республикасының бюджет және өзге де заңнамасының бұзылуын анықтауды, жоюды және оны бұзуға жол бермеудi қамтамасыз ететiн, сондай-ақ республикалық бюджетке түсiмдердiң толық және уақтылы түсуiне, салықтық және кедендiк әкiмшiлiк етудiң тиiмдiлiгiне бақылауды жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн сыртқы мемлекеттiк қаржылық бақылаудың жоғары органы.
2. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары өз құзыреттерi шегiнде:
1) ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi iс-шараларды жоспарлау және өткiзу бойынша ведомстволық бағынысты ұйымдардың қызметiне басшылық етедi;
2) ұлттық қауiпсiздiк жүйесiн жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар енгiзедi;
3) ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету саласындағы заңдар мен өзге де нормативтiк-құқықтық актiлердiң сақталуын қамтамасыз етедi;
4) мемлекеттiк құпияларды қорғау саласындағы заңнаманы сақтай отырып, ұлттық қауiпсiздiктiң жай-күйi мен оны қамтамасыз ету бойынша қолданылатын шаралар туралы халықты хабардар етедi, насихат және қарсы насихат жұмыстарын жүргiзедi;
5) iс-әрекеттерi (немесе әрекетсiздiгi) Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерiнiң бұзылуына, ұлттық қауiпсiздiгiне қауiп төнуiне әкеп соғатын лауазымды адамдарды, мемлекеттiк қызметшiлердi тиiстi жауаптылыққа тартады.
16-бап. Қазақстан Республикасының жергiлiктi өкiлдi және
атқарушы органдарының өкiлеттiктерi
Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген құзырет шегiнде:
1) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктерде ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қолданады және жұмыс ұйымдастырады;
2) Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген жұмылдыру қуаттары мен жұмылдыру резервтерiнiң (ресурстарының) сақталуын қамтамасыз етедi.
4-тарау. ҰЛТТЫҚ ҚАУIПСIЗДIКТI ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ
17-бап. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету кезiндегi
адамның және азаматтың құқықтары мен
бостандықтарының кепiлдiктерi
1. Қазақстан Республикасы заңнама мен халықаралық шарттарға сәйкес өз аумағында әрбiр адамның және азаматтың қауiпсiздiгiн қамтамасыз етедi. Мемлекет Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде жүрген Қазақстан азаматтарын қорғауға және оларға қамқорлық жасауға кепiлдiк бередi.
2. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету кезiнде адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары тек заңдармен және конституциялық құрылысты, қоғамдық тәртiптi сақтауды, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын қорғау мақсатында қаншалықты қажет болса, соншалықты ғана шектелуi мүмкiн. Бұл ретте аталған адамдар заңнамада белгiленген тәртiппен тиiстi мемлекеттiк органдардан өз құқықтары мен бостандықтарының шектелуi жөнiнде түсiнiктер алуға құқылы.
3. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету кезiнде өз өкiлеттiктерiн асыра пайдаланған лауазымды адамдар заңда белгiленген жауаптылықта болады.
4. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге жәрдемдесетiн адамдарға мемлекеттiк қолдауға, оның iшiнде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес олардың құқықтық жағынан қорғалуына кепiлдiк берiледi.
18-бап. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi
шаралар
1. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге мемлекеттiң барлық органдары мен лауазымды адамдары, сондай-ақ ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi шараларды iске асыруға заңды негiзде қатысатын азаматтар мен ұйымдар құзыретiнiң аражiгi нақты ажыратылған және олардың үйлесiмдi жұмыс iстеуi қамтамасыз етiлген кезде дәйектiлiкпен iске асырылатын мемлекеттiк саясат арқылы қол жеткiзiледi.
2. Қазақстан Республикасы өзiнiң ұлттық қауiпсiздiгiн өз билiгiндегi барлық, оның iшiнде бiржақты немесе халықаралық шарттарға сәйкес қолданылатын экономикалық, саяси, әскери, құқықтық, арнаулы (барлау, қарсы барлау) құралдармен және әдiстермен қамтамасыз етедi.
Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi талаптар:
1) елдiң әлеуметтiк-экономикалық дамуының бағыттары мен кезеңдерiн стратегиялық жоспарлау;
2) ұлттық қауiпсiздiк саласындағы заңнамалық және өзге де нормативтiк-құқықтық актiлердi әзiрлеу, қабылдау мен орындау кезiнде мiндеттi түрде ескерiледi.
3. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету:
1) мемлекеттiң осы саладағы қызметiнiң негiзгi бағыттарын айқындау;
2) ұлттық қауiпсiздiкке төнген қауiп-қатердi, сондай-ақ шет елде Қазақстан Республикасының саяси бастамаларын iлгерiлету мүмкiндiктерiн анықтау және болжау;
3) ұлттық қауiпсiздiкке төнетiн қауiп-қатердiң алдын алу және оны бейтараптандыру жөнiнде, оның iшiнде осы қауiп-қатердi туындататын себептер мен жағдайларды жою жөнiнде жедел және ұзақ мерзiмдi шаралар кешенiн жүзеге асыру;
4) ұлттық қауiпсiздiкке тiкелей қауiп-қатер төнген, оған қол сұғушылық болған жағдайларда, оның iшiнде мемлекетiшiлiк, трансшекаралық және жаһандық сипаттағы тосын және төтенше жағдайлар туындаған кезде ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету күштерi мен құралдарын жұмылдыру;
5) ұлттық мүдделердi қорғау жөнiндегi шешiмдер мен iс-әрекеттердi кiдiрiссiз қабылдау, ұлттық қауiпсiздiкке қол сұғатын заңсыз iс-әрекеттердiң жолын кесу, өзге де құқық шектеу шараларын жүзеге асыру;
6) ұлттық мүдделерге қол сұғушылыққа байланысты зардаптарды оқшаулау және жою, қалпына келтiру шаралары кешенiн жүзеге асыру арқылы ұлттық мүдделер қорғалуының қажеттi деңгейiне қол жеткiзу мен оны сақтап отырудан тұрады.
4. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi шараларды iске асыру мақсатында ведомствоаралық комиссиялар, кеңестер немесе штабтар құрылуы мүмкiн.
Осы Заңның 15-бабына сәйкес ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз етудiң белгiлi бiр саласында ведомствоаралық үйлестiрудi жүзеге асыратын уәкiлеттi органдардың басшылары ведомствоаралық комиссиялардың, кеңестердiң немесе штабтардың басшылары болып табылады.
Ведомствоаралық комиссиялардың, кеңестердiң немесе штабтардың құрамына өз құзыретi шегiнде ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асыруға қатысатын мемлекеттiк органдар мен ұйымдар кiредi.
19-бап. Қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету
1. Қоғамдық қауiпсiздiк мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың, лауазымды адамдар мен азаматтардың:
1) азаматтардың жеке қауiпсiздiгiн, олардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету кепiлдiктерiн нығайтуға;
2) қазақстандық отаншылдыққа және ұлтаралық келiсiмге негiзделген мемлекеттiк идеологияны қалыптастыруға;
3) Қазақстан халқының бiрлiгiн және қоғамда тағаттылықты нығайтуға;
4) халықтың табиғи өсiмiн сақтап тұруға және дағдарысты демографиялық процестерге қарсы iс-қимыл жасау жөнiнде уақтылы шаралар қолдануды қамтамасыз етуге;
5) қылмысқа, оның iшiнде оның ұйымдасқан нысандарына, сыбайлас жемқорлыққа, терроризмге және экстремизмге қарсы күрестi күшейтуге;
6) жұмыссыздықтың өсуiн және халықтың тұрмыс деңгейiнiң төмендеуiн тежеуге;
7) халықтың денсаулығы мен имандылығына, Қазақстан халқының гендiк қорына қауiп төндiретiн нашақорлықтың, уытқұмарлық пен маскүнемдiктiң, сондай-ақ басқа да әлеуметтiк факторлардың алдын алуға;
8) елдiң зияткерлiк әлеуетiнiң төмендеуiне жол бермеуге;
9) қазақстандық қоғамның тарихи, дәстүрлi, рухани және мәдени құндылықтарының сақталуын қамтамасыз етуге;
10) заңсыз көшi-қонға қарсы iс-қимылға бағытталған шешiмдерiмен және iс-қимылдарымен қамтамасыз етiледi.
2. Мыналарға:
1) Қазақстан халқының бiрлiгiн бұзуға және этносаралық және конфессияаралық қатынастардың жай-күйiн нашарлатуға;
2) қоғамдық келiсiмдi бұзуға;
3) қоғамдық және дiни бiрлестiктердiң мемлекет iстерiне және мемлекеттiң қоғамдық және дiни бiрлестiктердiң iстерiне заңсыз араласуына;
4) қылмыстың және құқық бұзушылықтың өсуiне;
5) бiлiм беру және медициналық қамтамасыз ету деңгейi мен сапасының төмендеуiне;
6) тарихи-мәдени мұра объектiлерiнiң жойылуына;
7) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын негiзсiз шектеуге әкеп соғуға көрiнеу ықпал ететiн шешiмдер қабылдау мен iс-қимылдар жасауға жол берiлмейдi.
3. Қоғамның саламаттылығына нақты қауiп-қатер туғызатын аса қауiптi және карантиндiк инфекциялық аурулары бар шетелдiк азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасына келуiне жол берiлмейдi.
Қазақстан Республикасының аумағында жүрген және қоғам саламаттылығына қауiп-қатер туғызатын инфекциялық аурулары бар шетелдiк азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдар ел шегiнен шығарып жiберiлуге жатады.
20-бап. Әскери қауiпсiздiктi қамтамасыз ету
1. Әскери қауiпсiздiк:
1) мемлекеттiң қорғаныс қабiлетiнiң қажеттi деңгейiн сақтап тұрумен;
2) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдарының жауынгерлiк дайындығын сақтап тұрумен;
3) экономиканың жұмылдыру дайындығы мен елдiң халқын жұмылдыруға даярлаудың тиiмдi жүйелерiн құрумен;
4) қауiпсiздiктiң өңiрлiк және халықаралық құрылымдарының шеңберiндегi әскери ынтымақтастық пен әрiптестiк қатынастарды кеңейтумен, әлемде өзара сенiмдi күшейту және әскери қауiптiлiк деңгейiн төмендету мақсатында ядролық қарусыздану бастамасын iлгерiлетумен;
5) Азаматтық қорғаныстың ел халқы мен аумағын қорғау дайындығын сақтап тұрумен қамтамасыз етiледi.
2. Мемлекеттiң барлық органдары мен лауазымды адамдарының, меншiк нысандарына қарамастан ұйымдардың және азаматтардың мiндетi:
1) Қазақстан Республикасының қорғаныс қабiлетiн нығайтуға;
2) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнiң, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдарының жауынгерлiк дайындық деңгейiн сақтап тұруға және арттыруға;
3) жұмылдыру қуаттарын сақтауға және жұмылдыру резервтерi жүйесiн жетiлдiруге жәрдемдесу болып табылады.
3. Қазақстан Республикасының қорғаныс қабiлетiне және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдарының жауынгерлiк дайындығына нұқсан келтiретiн шешiмдер қабылдауға және iс-қимылдар жасауға тыйым салынады.
4. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда көзделген жағдайларды қоспағанда:
1) Қазақстан аумағында шет мемлекеттердiң және (немесе) халықаралық ұйымдардың әскери базаларын орналастыруға;
2) шет мемлекеттердiң және (немесе) халықаралық ұйымдардың әскери құралымдарының, қару-жарақтары мен әскери техникасының Қазақстан аумағы арқылы транзитiне жол берiлмейдi.
5. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерi, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдары ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына сәйкес тартылады.
21-бап. Саяси қауiпсiздiктi қамтамасыз ету
1. Саяси қауiпсiздiк мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың, лауазымды адамдар мен азаматтардың:
1) конституциялық құрылыстың негiздерiн, мемлекеттiк егемендiктi және аумақтың тұтастығын құқыққа қарсы қол сұғушылықтан қорғауға;
2) саяси шешiмдер қабылдауда Қазақстан Республикасының тәуелсiздiгiн сақтауға;
3) мемлекеттiк органдардың қызметiн және мемлекеттiк басқару тәртiбiн жетiлдiруге;
4) мемлекеттiк институттардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге;
5) қоғамның саяси мәдениетiнiң деңгейiн арттыруға бағытталған шешiмдерiмен және iс-қимылдарымен қамтамасыз етiледi.
2. Азаматтардың, оның iшiнде саяси партиялар мен өзге де қоғамдық бiрлестiктер өкiлдерiнiң:
1) конституциялық құрылысты құлатуға немесе күштеп өзгертуге, оның iшiнде терроризмге, экстремизмге, сепаратизмге және Қазақстан Республикасының бiртұтас құрылысына, оның аумағының тұтастығына, қол сұғылмаушылығына және бөлiнбестiгiне қол сұғатын өзге де iс-әрекеттерге;
2) билiктi басып алуға;
3) Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңнамасына сәйкес құрылған немесе сайланған (тағайындалған) Қазақстан Республикасының органдары мен лауазымды адамдарының өкiлеттiгiн күштеп тоқтатуға немесе қызметiне кедергi келтiруге;
4) орын алып отырған конфессиялық айырмашылықтар мен түрлi дiни көзқарастарды саяси, экстремистiк және террористiк мақсаттарға пайдалануға шақыруы ұлттық қауiпсiздiкке нұқсан келтiредi және заңда белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады деп танылады.
3. Мемлекеттiк институттардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары басшыларының мiндетi болып табылады және олардың қызметтiк iс-қимылын бағалау өлшемдерiнiң бiрi ретiнде қарастырылады.
Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызметшiлерi өз қызметiнде жалпы мемлекеттiк мүдделердi басшылыққа алуға мiндеттi. Мемлекеттiк қызметшiлердiң мемлекеттiк билiктiң беделiне күмән келтiретiн, лауазымдық жағдайын қызметтен тыс мүдделерге пайдалануға әкелетiн шешiмдер қабылдауына және iс-қимылдар жасауына тыйым салынады.
4. Мемлекет:
1) мемлекеттiк қызметтiң беделi мен абыройын арттыруға;
2) белгiленген талаптарға сай келмейтiн адамдардың мемлекеттiк қызметке кiруiне жол бермейтiн ұйымдастырушылық-құқықтық тетiктер қалыптастыруға бағытталған шаралар қолданады.
5. Мыналарға:
1) Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының бiртұтас жүйесiнiң
2) Қазақстан Республикасының бiртұтас құқықтық жүйесiнiң қалыптасуы мен үздiксiз жұмыс iстеуi мүдделерiне қайшы келетiн шешiмдер қабылдауға және iс-қимылдар жасауға жол берiлмейдi.
6. Қазақстан Республикасына қарсы бүлдiру әрекетiн жүзеге асыратын, Қазақстанның егемендiгiне, аумақтық тұтастығына, оның халқының бiрлiгiне, елдегi қоғамдық келiсiм мен саяси тұрақтылыққа жария түрде қарсы шығатын шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың, сондай-ақ егер олар террористiк әрекетi үшiн сотталған болса не сот оларды аса қауiптi рецидивистер деп таныса, олардың Қазақстан Республикасына келуiне жол берiлмейдi. Қазақстан Республикасының аумағында болатын және осындай мазмұндағы жария әрекеттерге жол беретiн шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар ел шегiнен шығарып жiберiлуге жатады, Қазақстан Республикасының заңдары мен халықаралық шарттарына сәйкес өзге де жауаптылықта болады.
22-бап. Экономикалық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету
1. Экономикалық қауiпсiздiк мыналарды:
1) мемлекет қаржы жүйесiнiң тұтастығын, тәуелсiздiгiн және орнықты дамуын қамтамасыз етуге қабiлеттi, оның нақты және ықтимал қауiп-қауiптерден қорғалу жай-күйiн көздейтiн қаржылық қауiпсiздiктi;
2) мемлекет тұтынудың және демографиялық өсудiң физиологиялық нормаларын қанағаттандыру үшiн жеткiлiктi болатын сапалы және қауiпсiз азық-түлiк тауарларына халықтың нақты және экономикалық қолжетiмдiлiгiн қамтамасыз ете алатын экономиканың, оның iшiнде агроөнеркәсiптiк кешеннiң қорғалу жай-күйiн көздейтiн азық-түлiк қауiпсiздiгiн;
3) мемлекет қоғам мен мемлекеттiң энергия ресурстарына деген қажеттiлiктерiн қанағаттандыру үшiн энергетикалық тәуелсiздiк пен экономиканың жылу-энергетикалық, мұнай-газ және атом-энергетикалық кешендерiнiң орнықты дамуын қамтамасыз етуге қабiлеттi олардың нақты және ықтимал қауiп-қатерлерден қорғалу жай-күйiн көздейтiн энергетикалық қауiпсiздiктi;
4) мемлекет автомобиль, темiр жол, әуе, теңiз және өзен көлiгi түрлерiмен тасымалдарда және олармен байланысты қызметтерде экономика мен тұрғындардың қажеттiлiктерiн қанағаттандыру үшiн жағдай жасауды, көлiк инфрақұрылымын қалыптастыруды және дамытуды, сондай-ақ транзит әлеуетiн орнықты дамыту мен бәсекеге қабiлеттiлiгiн қамтуды қамтамасыз етуге қабiлеттi, нақты және ықтимал қауiп-қатерлерден экономиканың көлiк саласы қорғалуының жай-күйiн көздейтiн көлiк қауiпсiздiгiн қамтиды.
2. Экономикалық қауiпсiздiк мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың, лауазымды адамдар мен азаматтардың:
1) ұлттық экономиканың, оның iшiнде индустриялық-инновациялық құрамдас бөлiктерiнiң тұрақтылығы мен орнықты дамуын қамтамасыз етуге;
2) Қазақстанның қаржылық, энергетикалық, азық-түлiк және көлiктiк тәуелсiздiгiн қамтамасыз етуге;
3) Қазақстан Республикасының дүниежүзiлiк экономикалық жүйеден экономикалық оқшаулануына жол бермеуге;
4) экономикалық шешiмдер қабылдауда, оның iшiнде экономикалық ықпалдасудың ұлттық органдардан жоғары тұратын органдар шеңберiнде шешiмдер қабылдауда Қазақстан Республикасының тәуелсiздiгiн сақтауға және ұлттық мүдделерiнiң сақталуын қамтамасыз етуге;
5) экономиканы одан әрi әртараптандыруға, ел экономикасының ресурстық-энергетикалық негiзiн сақтау мен нығайтуға;
6) Қазақстанның геосаяси айналасында туындайтын терiс факторлардың әсерiне байланысты мемлекет экономикасы осалдығының дәрежесiн барынша азайтуға;
7) отандық және халықаралық қаржы институттарымен өзара тиiмдi ынтымақтастықты қамтамасыз етуге, отандық экономиканы дамытуға арналған iшкi, сыртқы кредиттiк ресурстар мен инвестициялық мүмкiндiктер бағытының басымдығына;
8) мемлекеттiк бюджет тапшылығының жол берiлетiн шектi деңгейiнен асып кетпеуiне және оның кiрiс бөлiгiн нығайтуға;
9) бюджет қаражаты мен мемлекеттiк ресурстардың мақсатсыз пайдаланылуына жол бермеуге, көлеңкелi экономика ауқымын қысқартуға;
10) сыртқы қарыздың «Республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгiленген мөлшерге қарағанда ұлғайып кетуiне жол бермеуге;
11) Қазақстан өңiрлерiнiң әлеуметтiк-экономикалық дамуындағы қауiп төндiрерлiк теңгерiмсiздiкке жол бермеуге;
12) бәсекенi көтермелеу және монополизмдi шектеу жағдайында ел экономикасында отандық тауарларды өндiру мен қызмет көрсету үлесiн арттыруға;
13) Қазақстан Республикасында өндiрiлетiн, әкелiнетiн және өткiзiлетiн тауарлар мен көрсетiлетiн қызметтердiң нақты және экономикалық қолжетiмдiлiгiн, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген сапасы мен қауiпсiздiгi деңгейiне қойылатын талаптарға олардың сәйкестiгiн қамтамасыз етуге;
14) отандық тауарлар мен көрсетiлетiн қызметтердiң бәсекелестiкке қабiлеттiлiгiн арттыруға;
15) iшкi және сыртқы қолайсыз факторлардың әсерiне қарамастан азық-түлiк тауарларының мемлекеттiк ресурстарын қалыптастырудың, жаңартудың және толықтырудың басымдығын қамтамасыз етуге;
16) экономикалық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мәселелерiнде қоғамдық бiрлестiктердiң, кәсiпкерлер қауымдастықтарының (одақтарының) рөлiн арттыруға;
17) экономиканың жай-күйi және шет мемлекеттермен сауда-экономикалық қатынастар туралы ақпараттың қолжетiмдiлiгi мен ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған шешiмдермен және iс-қимылдармен қамтамасыз етiледi.
3. Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерiн қорғау, оның iшiнде өнеркәсiптiк әлеуеттi сақтау мен нығайту мақсатында мемлекет шетелдiк инвесторларға берiлетiн кепiлдiктердi сақтай отырып, шетелдiк ұйымдар мен шетелдiктер қатысатын ұйымдардың басқаруындағы немесе меншiгiндегi Қазақстан экономикасы объектiлерiнiң жай-күйi мен пайдаланылуын бақылауды жүзеге асырады.
4. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi талаптар Қазақстан Республикасының стратегиялық peсурстарын пайдалану жөнiндегi келiсiм-шарттарды жасау (өзгерту), осы келiсiмшарттардың орындалуы және олардың орындалуын бақылау кезiнде, сондай-ақ мемлекеттiк органның жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауын пайдалану құқығын басқа тұлғаға iшiнара немесе толық беруiне рұқсат беруi немесе рұқсат беруден бас тартуы туралы шешiм қабылдауы кезiнде және жер қойнауын пайдалану құқығына ие заңды тұлғадағы қатысу үлесiн (акциялар пакетiн) иелiктен шығаруға рұқсат беру немесе рұқсат беруден бас тарту кезiнде мiндеттi түрде ескерiледi.
Бұл ретте, егер осы тармақта көзделген мәмiлелердi жасау бiр елден шыққан бiр тұлғада немесе тұлғалар тобында операциялар жүргiзуге құқықтардың шоғырлануына әкеп соғатын болса, мемлекеттiк орган өтiнiм берушiге бұған рұқсат беруден бас тартуға құқылы.
Үлестес тұлғалармен мәмiлелерге қатысты да осы шарттың сақталуы мiндеттi.
5. Мыналарға:
1) оның шегiнде еңбек, қаржы және өзге де ресурстардың еркiн қозғалуы жүзеге асырылатын Қазақстан Республикасының нарықтық қеңiстiгiнiң
2) Қазақстан Республикасының қаржы жүйесiнiң, оның iшiнде елдiң бүкiл аумағында ұлттық валюта – теңге айналымының
3) Қазақстан Республикасының бiртұтас және дербес коммуникациялық және энергетикалық жүйелерiнiң қалыптасуы мен үздiксiз жұмыс iстеуi мүдделерiне қайшы келетiн шешiмдер қабылдауға және iс-қимыл жасауға жол берiлмейдi.
6. Мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдарының:
1) республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң қаражатын, оның iшiнде мемлекеттiк сатып алуға арналған қаражатты және бөлiнетiн кредиттiк ресурстарды бөлуге;
2) рұқсаттар мен лицензиялар беруге;
3) шаруашылық қызмет субъектiлерiне заңнамада белгiленген жеңiлдiктер мен преференциялар беруге;
4) мемлекеттiк меншiк объектiлерiн жекешелендiруге байланысты шешiмдер қабылдау рәсiмдерi заңнамада белгiленген шектерде ашық және бақыланатын сипатта болуға тиiс.
7. Мыналарға:
1) Қазақстанның индустриялық-инновациялық дамуына және экономикасына инвестициялардың тартылуына кедергi жасайтын;
2) капиталдың және тауарлардың елден тысқары жерлерге бақылаусыз әкетiлуiне ықпал ететiн;
3) тауарлар мен көрсетiлетiн қызметтерге бағалардың негiзсiз өсуiне ұрындыратын;
4) халықтың денсаулығы мен өмiрiне қауiптi тауарлар мен көрсетiлетiн қызметтердi iшкi нарыққа әкелуге ықпал ететiн;
5) ұлттық қауiпсiздiкке нұқсан келтiре отырып, пайдалы қазбалардың кен орындарын және экономика объектiлерiн шаруашылық жүргiзушi субъектiлерге беруге ықпал ететiн шешiмдер қабылдауға және iс-қимыл жасауға тыйым салынады және жауаптылыққа әкеп соғады.
8. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi Қазақстан Республикасының стратегиялық ресурстарына (объектiлерiне) меншiк құқығының өтуiне және туындауына шектеу белгiлейдi.
9. Қазақстан Республикасының Үкiметi экономикалық қауiпсiздiк жай-күйi нашарлаған кезде тауарлардың экспорты мен импортына уақытша тыйым салуды және шектеу қоюды енгiзуге құқылы.
23-бап. Ақпараттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету
1. Ақпараттық қауiпсiздiк мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың, лауазымды адамдардың:
1) Қазақстанның ақпараттық тәуелдi болуына жол бермеуге;
2) басқа мемлекеттердiң, ұйымдар мен жекелеген адамдардың тарапынан ақпараттық өктемдiк пен оқшаулаудың алдын алуға;
3) Қазақстан Республикасының Президентiн, Парламентiн, Үкiметiн және ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ететiн күштердi ақпараттық жағынан оқшаулауға жол бермеуге;
4) Қазақстан Республикасының қауiпсiздiгiн сақтау мақсатында, оның iшiнде айрықша кезеңде және табиғи, техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар, карантиндер, өзге де төтенше жағдайлар туындаған кезде байланыс желiлерiнiң үздiксiз және тұрақты пайдаланылуын қамтамасыз етуге;
5) мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтердiң және өзге де заңмен қорғалатын құпияның таралуы мен жоғалуын анықтауға, алдын алуға және жолын кесуге;
6) ұлттық қауiпсiздiкке нұқсан келтiре отырып, ақпаратты әдейi бұрмалаумен және дәйексiз ақпаратты таратумен байланысты қоғамдық және жеке санаға ақпараттық ықпал етуге жол бермеуге;
7) мемлекеттiк шешiмдер тұжырымдау мен қабылдау процесiне ұлттық қауiпсiздiкке нұқсан келтiре отырып, жасырын ақпараттық ықпал ету тетiктерiн табуға және бұзуға;
8) мемлекеттiк, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәлiметтер айналыста болатын ақпараттық ресурстарды, ақпараттық жүйелердi және байланыс инфрақұрылымын қорғаудың тиiмдi жүйесiн қолдауға және дамытуға бағытталған шешiмдерiмен және iс-қимылдарымен қамтамасыз етiледi.
2. Қазақстан Республикасында ақпаратты, оның iшiнде мемлекеттiк ақпараттық ресурстарды қорғаудың ұлттық жүйесi құрылып, нығайтылады.
3. Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерiн қорғау және ақпараттық оқшаулануын болдырмау мақсатында мемлекеттiк уәкiлеттi органдар инвесторларға берiлетiн кепiлдiктердi сақтай отырып, магистральдық байланыс желiлерiн басқару мен пайдалануды жүзеге асыратын ұйымдардың, сондай-ақ шетелдiктер қатысатын ұйымдардың басқаруындағы немесе меншiгiндегi байланыс желiлерiнiң қызметiне заңнамада айқындалған тәртiппен бақылау жасауды жүзеге асырады.
4. Жеке және заңды тұлғалар байланыс желiлерiн салу, пайдалану және дамыту мәселелерi жөнiнде шешiм қабылдау кезiнде байланыс саласындағы уәкiлеттi орган айқындайтын ұлттық қауiпсiздiктi сақтау талаптарын басшылыққа алуға тиiс.
Терроризмге қарсы операциялар жүргiзу және жаппай тәртiпсiздiктiң жолын кесу кезiнде жедел штаб басшысының шешiмi бойынша байланыс желiлерiнiң иелерi мен операторларына жеке және (немесе) заңды тұлғаларға байланыс қызметтерiн көрсетудi тоқтата тұру және (немесе) байланыс желiлерi мен құралдарын пайдалануды шектеу, сондай-ақ байланыс желiлерi мен құралдарының жұмыс режимiн өзгерту туралы орындалуға мiндеттi нұсқау берiлуi мүмкiн.
5. Мыналарға:
1) Қазақстан Республикасының ақпараттық кеңiстiгiн қалыптастыру және оның үздiксiз жұмыс iстеуi;
2) Қазақстанның әлемдiк байланыс және ақпараттандыру жүйесiне кiруi;
3) Қазақстан Республикасының ақпараттық ресурстарын, ақпараттық жүйелерiн және байланыс инфрақұрылымын қорғауды қамтамасыз ету және оның деңгейiн арттыру жөнiндегi ұлттық мүдделерiне қайшы келетiн шешiмдер қабылдауға және iс-қимыл жасауға жол берiлмейдi.
6. Мыналарға:
1) мазмұны ұлттық қауiпсiздiкке нұқсан келтiретiн шетелдiк бұқаралық ақпарат құралдарының баспа өнiмдерi мен өнiмiн Қазақстан Республикасының аумағында таратуға;
2) мемлекеттiк құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны жария етуге;
3) шетелдiк жеке және заңды тұлғалардың, сондай-ақ азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасындағы бұқаралық ақпарат құралының немесе осы салада қызметiн жүзеге асыратын меншiк иесi – заңды тұлғаның акцияларының (үлесiнiң, пайлардың) 20 пайызынан астамын тiкелей және (немесе) жанама түрде иеленуiне, пайдалануына, билiк етуiне және (немесе) басқаруына;
4) шетелдiктердiң, азаматтығы жоқ адамдар мен шетелдiк заңды тұлғалардың магистральдық байланыс желiлерiн басқаруына және пайдалануына;
5) басқару орталығы Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде орналасқан байланыс желiлерiн оның аумағында құруға және пайдалануға;
6) қалааралық және (немесе) халықаралық байланыс операторы ретiнде байланыс желiсiн иеленушi және (немесе) оларды басқару немесе пайдалану жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын ұйымның дауыс беретiн акцияларының, сондай-ақ үлестерiнiң, пайларының 10 пайызынан астамын байланыс және ақпарат саласындағы уәкiлеттi органның келiсiмiнсiз жеке және заңды тұлғалардың дербес немесе тұлғалар тобы құрамында сатып алуына немесе өзгеше меншiкке алуына;
7) қалааралық және (немесе) халықаралық байланыс операторы ретiнде телекоммуникация саласындағы қызметтi жүзеге асыратын, жер бетiндегi (кабельдiк, оның iшiнде талшықты-оптикалық, радиорелелiк) байланыс желiлерiн иеленетiн заңды тұлғаның дауыс беретiн акцияларының, сондай-ақ үлестерiнiң, пайларының жиынтығында 49 пайыздан астамын шетелдiктердiң, азаматтығы жоқ адамдар мен шетелдiк заңды тұлғалардың тiкелей және (немесе) жанама иеленуiне, пайдалануына, билiк етуiне және (немесе) басқаруына;
8) жедел iздестiру iс-шараларын қамтамасыз ету жөнiндегi нормативтiк құқықтық актiлердiң талаптарына сәйкес келмейтiн байланыс желiлерiн пайдалануға беруге тыйым салынады.
7. Байланыс саласында ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын ұйымдардың акцияларын (үлестерiн, пайларын) иелену немесе олардың қызметiне қатысу бөлiгiндегi өзге де шектеулер Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленедi.
24-бап. Экологиялық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету
1. Экологиялық қауiпсiздiк мемлекеттiк органдардың, ұйымдар мен лауазымды адамдардың:
1) табиғи ресурстарды сақтауға, ұтымды пайдалануға және қалпына келтiруге;
2) қоршаған орта мен ел халқы үшiн антропогендiк факторлардың қауiптiлiк деңгейiн азайтуға;
3) өндiрiстiк күштердi дамыту мен орналастырудың экологиялық-экономикалық теңгерiмдiлiгiн қамтамасыз етуге;
4) қоршаған орта және экологиялық апат аймақтарында тұратын Қазақстан халқы үшiн терiс салдарларды жоюға;
5) экономиканы, заңнаманы және қоғамды экологияландыруға, қоғамдық қатынастарды реттеуге экожүйелiк көзқарас орнатуға;
6) қоғамдық санада экологиялық мәдениеттi қалыптастыруға, экологиялық бiлiм беру мен ағарту жүйесiн жақсартуға;
7) әрбiр адамның экологиялық ақпаратқа қол жеткiзу құқығын сақтауға және жұртшылықтың қоршаған ортаны қорғау мәселелерiн шешуге жан-жақты қатысуына;
8) табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардан болған қатерлердi азайтуға және олардың салдарларын жұмсартуға;
9) халықаралық ынтымақтастықта әрiптестiк қатынастар орнатуға және халықаралық құқық нормаларын сақтауға бағытталған шешiмдерiмен және iс-қимылдарымен қамтамасыз етiледi.
2. Уәкiлеттi мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың, лауазымды адамдардың мiндетi:
1) қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және қорғау;
2) Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасы талаптары мен нормаларын мүлтiксiз сақтау;
3) ел аумағының радиоактивтi, химиялық ластануына, бактериологиялық зарарлануына жол бермеу;
4) экологиялық қауiптi технологиялардың, техника мен жабдықтың тiзiлiмiне енгiзiлген технологиялардың, техника мен жабдықтың Қазақстан Республикасының аумағында қолданылуын болдырмау;
5) шаруашылық және өзге де қызметтiң терiс экологиялық зардаптарын жою;
6) қоршаған ортаға және адамның денсаулығына келтiрiлген залалды өтеу;
7) басқару органдары мен күштерiн табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарларының алдын алу мен оларды жою жөнiндегi, зақымдаудың қазiргi заманғы құралдарының дамуын ескере отырып, азаматтық қорғаныс жөнiндегi iс-қимылдарға мiндеттi түрде даярлау, халықты табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар қаупi төнген және туындаған жағдайлардағы iс-қимылдарға үйрету;
8) болжанған және туындаған табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар, олардың алдын алу мен оларды жою жөнiнде қабылданған шаралардың жариялығы және олар туралы халыққа және ұйымдарға хабардар ету;
9) табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайларға және авариялық-құтқару мен басқа да кезек күттiрмейтiн жұмыстарға жедел ден қоюға азаматтық қорғаныс күштерi мен құралдарының тұрақты дайындығын қамтамасыз ету болып табылады.
25-бап. Қазақстан Республикасының халықаралық
қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге қатысуы
1. Қазақстан Республикасы ұлттық қауiпсiздiктiң халықаралық кепiлдiктерiн алу мақсатында ұлттық қауiпсiздiктiң құрамдас бөлiгi болып табылатын халықаралық (жаһандық, өңiрлiк) қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге қатысады.
2. Қазақстан Республикасының халықаралық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi қызметi:
1) жаһандық бейбiтшiлiк тәртiбiн қалыптастыру мәселелерiнде Қазақстанның рөлiн нығайтуды;
2) Қазақстанның геосаяси айналасында ұжымдық қауiпсiздiктiң тиiмдi жүйесiн қалыптастыру мен нығайтуды;
3) қызметi Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгi мүдделерiне сай келетiн халықаралық ұйымдар мен форумдарға қатысуды;
4) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес елден тыс жерлерде ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге бағытталған iс-шараларға қатысуды;
5) қажет болған жағдайларда шекаралас мемлекеттермен бiрлесiп, ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге қатысты мәселелердi шешудi;
6) Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгi мүдделерiне сай келетiн халықаралық шарттар жасасуды көздейдi.
26-бап. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi
iс-шараларды қаржыландыру
Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi қызмет бюджет қаражаты есебiнен қаржыландырылады.
5-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
27-бап. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi
заңдар мен өзге де нормативтiк құқықтық
актiлердiң қолданылуын қадағалау
Осы Заңның және ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң дәлме-дәл әрi бiркелкi қолданылуын жоғары қадағалауды Қазақстан Республикасының Прокуратурасы жүзеге асырады.
28-бап. Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiктi
қамтамасыз ету саласындағы заңнамасын бұзғаны
үшiн жауаптылық
Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету саласындағы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.
29-бап. Осы Заңның өзге де нормативтiк құқықтық
актiлермен арақатынасы
Осы Заңның нормалары ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз етудiң жекелеген бағыттары мен тәсiлдерiн регламенттейтiн өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеу және қабылдау үшiн негiз болып табылады.
30-бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзу тәртiбi
1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.
2. «Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгi туралы» Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 26 маусымдағы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1998 ж., № 11-12, 173-құжат; 2000 ж., № 5, 115-құжат; 2004 ж., № 14, 82-құжат; № 23, 142-құжат; 2005 ж., № 16, 70-құжат; 2007 ж., № 1, 4-құжат; № 20, 153-құжат; 2009 ж., № 15-16, 74-құжат; № 24, 129-құжат) күшi жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президентi Н. НАЗАРБАЕВ