Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 16 ақпандағы № 559-IV Конституциялық Заңы
1-бап. «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» 2000 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2000 ж., № 23, 410-құжат; 2006 ж., № 23, 136-құжат; 2008 ж., № 20, 77-құжат; 2010 ж., № 24, 147-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
1) 6-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«6-бап. Аудандық және оларға теңестiрiлген соттарды құру
1. Аудандық және оларға теңестiрiлген соттарды (бұдан әрi – аудандық соттар) Жоғарғы Сот Төрағасының Жоғары Сот Кеңесімен келісілген ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi құрады, қайта ұйымдастырады, қайта атайды және таратады.
Қазақстан Республикасының Президенті бірнеше әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiкте бiр аудандық сот немесе бiр әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiкте бiрнеше аудандық сот құруы мүмкін.
2. Аудандық соттар үшiн судьялардың жалпы санын Жоғарғы Сот Төрағасының Жоғары Сот Кеңесімен келісілген ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi.
3. Әрбiр аудандық сот үшiн судьялардың санын Жоғарғы Соттың, жергілікті және басқа да соттардың қызметін ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның (бұдан әрі – уәкілетті орган) ұсынуы негiзiнде Жоғары Сот Кеңесімен келісім бойынша Жоғарғы Сот Төрағасы белгiлейдi.»;
2) 9-баптың 1-тармағында:
1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«1) сотта сот ісін жүргізуді ұйымдастыру мәселелерін шешеді;»;
3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«3) азаматтарды жеке қабылдауды жүргiзедi;»;
3) 10-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«10-бап. Облыстық және оларға теңестiрiлген соттарды құру
1. Облыстық және оларға теңестiрiлген соттарды (бұдан әрi – облыстық соттар) Жоғарғы Сот Төрағасының Жоғары Сот Кеңесімен келісілген ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi құрады, қайта ұйымдастырады, қайта атайды және таратады.
2. Облыстық соттар судьяларының жалпы санын Жоғарғы Сот Төрағасының Жоғары Сот Кеңесімен келісілген ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi.
Әрбір облыстық сот үшiн судьялардың санын уәкiлеттi органның ұсынуы негізінде Жоғары Сот Кеңесімен келісім бойынша Жоғарғы Соттың Төрағасы белгiлейдi.»;
4) 11-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Облыстық соттың органдары:
1) жалпы отырыс;
2) азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы;
3) қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы;
4) кассациялық сот алқасы болып табылады.
Апелляциялық сот алқасын осы Конституциялық заңда белгіленген тәртіппен лауазымға тағайындалатын төраға басқарады.
Кассациялық сот алқасын осы Конституциялық заңда белгіленген тәртіппен лауазымға тағайындалатын облыстық сот төрағасы басқарады.»;
5) 12-баптың 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«4) уәкілетті органның облыстардағы, Астана және Алматы қалаларындағы аумақтық бөлімшелерінің қызметін бақылауды жүзеге асырады;»;
6) 14 және 15-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
«14-бап. Облыстық соттың төрағасы
1. Облыстық соттың төрағасы судья болып табылады және судья міндеттерін атқарумен қатар:
1) сотта сот ісін жүргізуді ұйымдастыру мәселелерін шешеді;
2) кассациялық сот алқасының отырыстарында төрағалық етеді;
3) облыстық соттың жалпы отырыстарын шақырады және оларға төрағалық етеді;
4) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасау және судья әдебі нормаларын сақтау жөніндегі жұмысты қамтамасыз етеді;
5) соттың жалпы отырысының қорытындысы негізінде Жоғары Сот Кеңесіне судья лауазымына кандидаттың тағылымдамасының нәтижелері туралы қорытынды жібереді;
6) облыстық соттың жұмыс жоспарын бекітеді;
7) сот практикасын зерделеуді ұйымдастырады;
8) өкімдер шығарады;
9) облыстық соттың, Астана және Алматы қалалары соттарының кеңсесіне жалпы басшылықты жүзеге асырады;
10) азаматтарды жеке қабылдауды жүргізеді;
11) заңда көзделген басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.
2. Облыстық сот төрағасының өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтатылған немесе өкілеттік мерзімі аяқталған жағдайда Жоғарғы Сот Төрағасы төрағаның міндеттерін уақытша атқаруды облыстық соттың апелляциялық сот алқалары төрағаларының біріне жүктейді. Бұл ретте кассациялық сот алқасы отырыстарында төрағалық ету облыстық соттың кассациялық сот алқасының судьясына жүктеледі.
Апелляциялық сот алқаларының төрағалары болмаған жағдайда Жоғарғы Сот Төрағасы төрағаның міндеттерін уақытша атқаруды облыстық соттың кассациялық сот алқасының судьясына жүктейді.
3. Облыстық соттың төрағасы уақытша болмаған жағдайда міндеттердің атқарылуын облыстық соттың төрағасы облыстық соттың апелляциялық сот алқалары төрағаларының біріне жүктеуді жүзеге асырады. Апелляциялық сот алқаларының төрағалары болмаған жағдайда облыстық соттың төрағасы төрағаның міндеттерін уақытша атқаруды облыстық соттың кассациялық сот алқасының судьясына жүктейді.
15-бап. Облыстық соттың сот алқасының төрағасы
1. Облыстық соттың сот алқасының төрағасы судья болып табылады және судья мiндеттерiн атқарумен қатар:
1) сот алқасында сот ісін жүргізуді ұйымдастыру мәселелерін шешеді;
2) сот алқасының отырыстарында төрағалық етедi;
3) сот практикасын зерделеу және жинақтау жөнiндегi жұмысты ұйымдастырады;
4) соттың жалпы отырысына сот алқасының қызметi туралы ақпаратты ұсынады;
5) заңда көзделген басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
2. Апелляциялық сот алқасының төрағасы облыстық сот төрағасына апелляциялық сот алқасында мамандандырылған құрамдарды жасақтау жөнінде ұсыныстар енгізеді.
3. Сот алқасының төрағасы уақытша болмаған жағдайда сот төрағасы оның мiндетiн атқаруды алқа судьяларының бiрiне жүктейдi.
Облыстық соттың сот алқасы төрағасының өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтатылған немесе өкілеттік мерзімі аяқталған жағдайда облыстық соттың төрағасы оның міндеттерін уақытша атқаруды облыстық соттың тиісті сот алқасының судьясына жүктейді.»;
7) 16-баптың 1-тармағының 5), 6), 8) және 9-1) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:
«5) уәкілетті органның облыстардағы, Астана және Алматы қалаларындағы аумақтық бөлімшесінің басшысы лауазымына адамды тағайындауға уәкiлеттi органға келiсiм бередi;
6) уәкілетті органның облыстардағы, Астана және Алматы қалаларындағы аумақтық бөлімшесі басшысының қызметі туралы есепті тыңдайды;»;
«8) уәкілетті органның облыстардағы, Астана және Алматы қалаларындағы аумақтық бөлімшесінің басшысын қызметтен босату туралы уәкiлеттi органға ұсыну енгiзедi;»;
«9-1) сот төрелiгiн iске асыруының сапасы төмен немесе сот iстерiн қарау кезiнде заңдылықты ұдайы бұзуға жол берген судьяға қатысты материалдарды Сот жюриiне беру туралы мәселенi талқылайды және талқылау қорытындылары бойынша тиiстi шешiм шығарады;»;
8) 17-бапта:
2-тармақ мынадай мазмұндағы 3-1) тармақшамен толықтырылсын:
«3-1) жергілікті және басқа да соттардың төрағалары мен сот алқаларының төрағалары, Жоғарғы Соттың судьялары мен сот алқаларының төрағалары лауазымдарына кадр резервін (бұдан әрі – кадр резерві) жасақтайды;»;
мынадай мазмұндағы 3-тармақпен толықтырылсын:
«3. Кадр резервін жасақтау және оның жұмысын ұйымдастыру тәртібін Жоғарғы Соттың Төрағасы бекітеді.»;
9) 20-бапта:
1-тармақ мынадай мазмұндағы 8-1) тармақшамен толықтырылсын:
«8-1) Жоғары Сот Кеңесімен келісім бойынша әрбір жергілікті және басқа да сот судьяларының санын бекітеді;»;
2-тармақтың 3) және 3-1) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:
«3) облыстық соттардың жалпы отырыстарының шешімдері негізінде Жоғары Сот Кеңесіне аудандық соттар төрағаларының бос лауазымдарына кандидатураларды баламалы негізде ұсынады;
3-1) Жоғарғы Соттың жалпы отырысының шешімі негізінде Жоғары Сот Кеңесіне облыстық соттардың төрағалары мен сот алқаларының төрағалары, Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағалары мен судьялары лауазымдарына кандидатураларды баламалы негізде ұсынады;»;
3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Жоғарғы Соттың Төрағасы уақытша болмаған кезде оның мiндеттерi Жоғарғы Сот Төрағасының өкімімен сот алқалары төрағаларының біріне жүктеледi.
Сот алқаларының төрағалары болмаған жағдайда Төрағаның міндеттерін уақытша атқару Жоғарғы Сот Төрағасының өкімімен Жоғарғы Сот судьяларының біріне жүктеледі.»;
10) 21-баптың 1-тармағында:
1-1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«1-1) сот алқасында сот ісін жүргізуді ұйымдастыру мәселелерін шешеді;»;
мынадай мазмұндағы 4-1) тармақшамен толықтырылсын:
«4-1) азаматтарды жеке қабылдауды жүргізеді;»;
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Сот алқасының төрағасы уақытша болмаған жағдайда оның мiндеттерiн атқару Жоғарғы Сот Төрағасының өкiмi бойынша алқа судьяларының бiрiне жүктеледi.
Жоғарғы Соттың сот алқасы төрағасының өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтатылған немесе өкілеттік мерзімі аяқталған жағдайда оның міндеттерін уақытша атқару Жоғарғы Сот Төрағасының өкімі бойынша Жоғарғы Соттың тиісті сот алқасының судьясына жүктеледі.»;
11) 22-баптың 1-тармағының 7-1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«7-1) сот төрелiгiн iске асыруының сапасы төмен немесе сот iстерiн қарау кезiнде заңдылықты ұдайы бұзуға жол берген судьяға қатысты материалдарды Сот жюриiне беру туралы мәселенi талқылайды және талқылау қорытындылары бойынша тиiстi шешiм шығарады;»;
12) 23-баптың 1-тармағының екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Судья Қазақстан Республикасының Конституциясында және осы Конституциялық заңда белгiленген тәртiппен сот төрелiгiн іске асыру жөнiндегi өкiлеттiктер берiлген, өз мiндеттерiн тұрақты негiзде орындайтын және сот билiгiн жүргiзушi болатын мемлекеттің лауазымды адамы болып табылады.»;
13) 24-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Судьялардың өкiлеттіктері тек қана осы Конституциялық заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген негіздер бойынша және тәртіппен тоқтатылуы немесе тоқтатыла тұруы мүмкін.»;
14) 29-бапта:
1-тармақта:
төртінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
«біліктілік емтиханын тапсырған. Мамандандырылған магистратурадағы оқуды бітірген адамдар оқуы аяқталған күннен бастап бес жыл бойы емтихан тапсырудан босатылады;»;
алтыншы абзац мынадай редакцияда жазылсын:
«сотта тағылымдамадан ойдағыдай өткен және соттың жалпы отырысының оң пiкiрiн алған Қазақстан Республикасының азаматы тағайындалуы мүмкiн. Мамандандырылған магистратурадағы оқуды бiтiрген адамдардың оқуы аяқталған күннен бастап бес жыл бойы тағылымдамадан өтуі талап етiлмейдi.»;
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Осы баптың 1-тармағының талаптарына сай келетін, заңгерлік кәсібі бойынша кемінде он бес жыл жұмыс стажы немесе кемінде бес жыл судьялық жұмыс стажы бар және тиісті облыстық соттың жалпы отырысының қорытындысын алған азамат облыстық соттың судьясы бола алады.
Жұмыс iстеп жүрген судьялар үшін тиісті облыстық соттың жалпы отырысының қорытындысы талап етілмейді.
Тиісті облыстық соттың жалпы отырысының қорытындысына Жоғарғы Соттың жалпы отырысына шағым жасалуы мүмкін.
Тиісті облыстық соттың немесе Жоғарғы Соттың жалпы отырыстарының қорытындысын кандидат Жоғары Сот Кеңесіне ұсынады.»;
15) 30-бапта:
тақырып мынадай редакцияда жазылсын:
«30-бап. Соттың судьясы, төрағасы, сот алқасының төрағасы
лауазымына кандидаттарды іріктеу»;
3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Аудандық сот төрағасының бос лауазымына кандидатураны тиісті облыстық соттың жалпы отырысының шешімі негізінде Жоғарғы Сот Төрағасы енгізген ұсыну бойынша Жоғары Сот Кеңесі баламалы негізде қарайды.
Облыстық соттардың төрағалары мен сот алқалары төрағаларының, Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағалары мен судьяларының бос лауазымдарына кандидатураларды Жоғарғы Соттың жалпы отырысының шешімі негізінде Жоғарғы Сот Төрағасы енгізген ұсыну бойынша Жоғары Сот Кеңесі баламалы негізде қарайды.
Аудандық сот төрағасының, облыстық соттардың төрағалары мен сот алқалары төрағаларының бос лауазымдарына кандидатуралар, әдетте, жұмыс істеп жүрген судьялардың немесе судья лауазымында кемiнде бес жыл жұмыс стажы бар адамдардың арасынан ұсынылады.
Жоғарғы Соттың сот алқасының төрағасы лауазымына кандидат Жоғарғы Сот судьяларының арасынан ұсынылады.
Жоғары Сот Кеңесі жергілікті және басқа соттардың төрағаларының, сот алқаларының төрағаларының, Жоғарғы Соттың сот алқалары төрағаларының бос лауазымдарына кандидаттарды лауазымға тағайындау үшін Қазақстан Республикасының Президентіне ұсынады.
Жоғарғы Соттың Төрағасы лауазымына кандидатураны Жоғары Сот Кеңесі қарайды.
Жоғары Сот Кеңесі Жоғарғы Сот Төрағасының, судьясының бос лауазымдарына кандидаттарды Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатына ұсынуы үшін Қазақстан Республикасының Президентіне ұсыным жасайды.»;
16) 31-баптың 7 және 8-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:
«7. Жергілікті және басқа соттардың төрағалары мен сот алқаларының төрағалары, Жоғарғы Соттың Төрағасы мен сот алқаларының төрағалары өкiлеттiк мерзiмi аяқталғаннан кейiн, егер олар тиісінше басқа соттағы осындай лауазымға тағайындалмаған немесе сайланбаған болса, тиiстi соттың судьясы өкiлеттiгiн жүзеге асыруды жалғастырады.
Тиiстi сотта судьялардың бос лауазымдары болмаған жағдайда басқа соттағы осындай лауазымға тағайындалмаған жергілікті және басқа соттардың төрағалары мен сот алқаларының төрағалары, олардың келiсiмiмен тең дәрежелi немесе төмен тұрған сот судьясының бос лауазымына конкурссыз тағайындауға ұсынылады.
Жоғарғы Сотта судьялардың бос лауазымдары болмаған жағдайда осындай лауазымға тағайындалмаған Жоғарғы Соттың Төрағасы мен сот алқаларының төрағалары, олардың келiсiмiмен төмен тұрған сот судьясының бос лауазымына конкурссыз тағайындауға ұсынылады.
8. Сот қайта ұйымдастырылған немесе таратылған, тиісті сот судьяларының саны азайтылған кезде осы соттың судьялары олардың келiсiмiмен тең дәрежелi немесе төмен тұрған сот судьясының бос лауазымына конкурссыз тағайындауға ұсынылуы мүмкiн.»;
17) 33-бапта:
1-тармақта:
3-1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«3-1) осы Конституциялық заңның 34-бабы 1-тармағының 11) тармақшасында көзделген негiздер бойынша судьяның өкiлеттiктерiн тоқтату қажеттiгi туралы Сот жюриінің шешiмi болса;»;
3-2) тармақша алып тасталсын;
мынадай мазмұндағы 2-1-тармақпен толықтырылсын:
«2-1. Судьяның өкілеттігі тоқтатыла тұрған кезде оның тиісті соттың төрағасы немесе сот алқасының төрағасы лауазымындағы өкілеттігі тоқтатыла тұрады.»;
18) 34-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«34-бап. Төрағаны, сот алқасы төрағасын және судьяны
лауазымынан босату және олардың өкiлеттiктерiн тоқтату
1. Төрағаның, сот алқасы төрағасының және судьяның өкiлеттiктерін тоқтату негiздері:
1) судьяның орнынан түсуі;
2) судьяның өз тілегі бойынша лауазымынан босауы;
3) медициналық қорытындыға сәйкес кәсiптiк мiндеттерiн одан әрi атқаруға кедергi болатын денсаулық жағдайы;
4) судьяны iс-әрекетке қабiлетсiз немесе iс-әрекетке қабiлетi шектеулi деп тану не оған медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы сот шешiмiнің заңды күшiне енуі;
5) осы судьяға қатысты айыптау үкімінің заңды күшiне енуі;
6) Қазақстан Республикасы азаматтығының тоқтатылуы;
7) судьяның қайтыс болуы немесе соттың оны қайтыс болды деп жариялау туралы шешiмiнің заңды күшiне енуі;
8) судьяның басқа лауазымға тағайындалуы, сайлануы және оның басқа жұмысқа ауысуы;
9) соттың таратылуы немесе соттың қайта ұйымдастырылуы, тиісті сот судьялары санының азайтылуы, егер судья басқа соттағы судьяның бос лауазымына орналасуға келiсiм бермесе;
10) соттың таратылуы немесе соттың қайта ұйымдастырылуы, тиісті сот судьялары санының азайтылуы, өкiлеттiк мерзiмiнің аяқталуы, егер соттың төрағасы, сот алқасының төрағасы басқа соттағы судьяның бос лауазымына орналасуға келiсiм бермесе;
11) судьяның кәсіби жарамсыздығына орай атқаратын лауазымына сәйкес келмейтіні туралы, судьяны тәртіптік теріс қылықтар жасағаны үшін немесе осы Конституциялық заңның 28-бабында көрсетілген талаптарды орындамағаны үшін оны лауазымынан босату қажеттігі туралы Сот жюриінің шешімі;
12) зейнеткерлік жасқа немесе судья лауазымында болудың шекті жасына толуы.
2. Сот төрағасының, сот алқасы төрағасының өкiлеттiктерi оның өз тілегі бойынша, не олар осы Конституциялық заңның 9, 14, 15, 20, 21 және 28-баптарында көрсетiлген талаптарды орындамаған кезде мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы мүмкiн.
3. Судья лауазымынан босату туралы шешiм:
1) Жоғарғы Соттың Төрағасына, судьяларына қатысты Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынуы бойынша – Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының қаулысымен;
2) Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағаларына, жергілікті және басқа соттардың төрағаларына, сот алқаларының төрағалары мен судьяларына қатысты – Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен қабылданады.
4. Судья лауазымынан босату сонымен бiр мезгiлде тиiстi соттың төрағасы немесе сот алқасының төрағасы өкiлеттiктерiнiң тоқтатылуына әкеледі.
Осы Конституциялық заңның 31-бабының 7-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, тиiстi соттың төрағасы немесе сот алқасының төрағасы лауазымынан олардың өз тілегі бойынша не өкілеттік мерзiмiнiң аяқталуына байланысты босату оларды осы соттың судьясы лауазымынан босатуға әкеп соқпайды.
5. Судьялардың өкілеттіктерін тоқтатудың осы баптың 1-тармағының 5) және 11) тармақшаларында көзделген негіздері теріс себептер болып танылады.»;
19) 34-1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«34-1-бап. Судья лауазымында болудың шекті жасы
1. Судья Қазақстан Республикасының заңында белгіленген зейнеткерлік жасқа толған кезде оның шекті жасқа толғанға дейін судья лауазымында одан әрі болуына Жоғары Сот Кеңесінің келісімімен Жоғарғы Соттың Төрағасы рұқсат етеді.
2. Судья лауазымында болуға оның шекті жасқа – 65 жасқа толуына дейін жол беріледі, бұл айрықша жағдайларда осы баптың 1-тармағында көзделген тәртіппен бес жылдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін.».
20) 35-бап мынадай мазмұндағы 5-тармақпен толықтырылсын:
«5. Орнынан түсуді тоқтату судьяны орнынан түсуіне байланысты лауазымнан босатудың сол тәртібімен жүзеге асырылады.»;
21) 38-бап алып тасталсын;
22) 38-1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«38-1-бап. Сот жюриі
1. Жұмыс iстеп жүрген судьяның кәсiби жарамдылығын анықтау, судьяның орнынан түсу және оны тоқтату құқығын растау, сондай-ақ судьяларға қатысты тәртіптік іс жүргізуді, тәртіптік істерді қозғау туралы мәселені қарау үшін Сот жюриi құрылады.
Сот жюриі он бір мүшеден – аудандық соттардың үш судьясынан, облыстық соттардың үш судьясынан және Жоғарғы Соттың бес судьясынан тұрады.
2. Облыстық соттың немесе Жоғарғы Соттың жалпы отырысының шешiмi немесе облыстық сот төрағасының немесе Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуы Сот жюриiнде судьяларға қатысты материалдарды қарау үшiн негiз болып табылады.
Сот жюриiн қалыптастыру тәртібі және оның жұмысын ұйымдастыру, сондай-ақ Сот жюриінде материалдарды, тәртіптік істерді қарау тәртiбi Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетін Ережемен айқындалады.»;
23) 41 және 43-баптар алып тасталсын;
24) 44-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«44-бап. Сот жюриінің шешiмдері
1. Сот жюриі тәртiптiк iс бойынша, сондай-ақ кәсіби біліктілігіне күмән келтірілген судьяға қатысты материалдарды қарау кезінде:
1) осы Конституциялық заңның 40-бабының 1-тармағында көзделген тәртiптiк жаза қолдану туралы;
2) тәртiптiк iс жүргiзудi тоқтату туралы;
3) судьяның атқаратын лауазымына сәйкестігі туралы;
4) судьяның кәсіби біліктілігін арттыру бойынша қажетті шаралар қабылдау (судьяны оқуға жіберу, судьяға тәлімгерлік белгілеу, жоғары тұрған сотта тағылымдама ұйымдастыру және басқа) туралы;
5) судьяның кәсіби жарамсыздығына орай атқаратын лауазымына сәйкес келмейтіні туралы шешiмдердiң бiрiн шығарады.
2. Сот жюриінің шешімі Жоғарғы Сот Төрағасының төрағаны, сот алқасының төрағасын және судьяны лауазымнан босату туралы тиісті ұсынуды Жоғары Сот Кеңесіне енгізуіне негіз болып табылады.
3. Жоғары Сот Кеңесінің төрағаны, сот алқасының төрағасын және судьяны лауазымнан босатуға ұсыным беруден бас тартуы Сот жюриі шығарған шешімнің күшін жоюға және оны қайта қарауға негіз болып табылады.»;
25) 45-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Судьяның тәртібі мiнсiз болған және ол өз мiндеттерiн адал атқарған кезде, Сот жюриі тәртіптік жазаны ол қолданылған күннен бастап алты ай өткеннен кейiн мерзiмiнен бұрын алуы мүмкiн.»;
26) 46-бап алып тасталсын;
27) 55-1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«55-1-бап. Судьяны материалдық және әлеуметтiк қамсыздандыру
кепiлдiктерінен айыру
Судьяның өкілеттіктері оның қылмыс жасауына немесе сот билiгiнiң беделiне нұқсан келтiретiн терiс қылық жасауына, сот әдебi талаптарын сақтамауына және осы Конституциялық заңның 28-бабында көрсетiлген өзге де талаптарды орындамауына байланысты Сот жюриінің шешiмi бойынша, сондай-ақ кәсiби жарамсыздығы туралы шешім бойынша тоқтатылған кезде, ол:
1) орнынан түсу құқығынан және жеке басына қол сұғылмаушылық кепілдігінен;
2) осы Конституциялық заңның 51, 53, 54 және 55-баптарында көзделген барлық материалдық және әлеуметтiк кепiлдiктерден айырылады.».
28) 56-баптың 1 және 2-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Жоғарғы Соттың, жергілікті және басқа соттардың қызметін ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық қамтамасыз етуді, құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы уәкілетті органға құқықтық статистикалық құжатталған ақпаратты ұсынуды Қазақстан Республикасының Президенті құратын уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
2. Уәкілетті органның бірыңғай жүйесін тиісті мемлекеттік орган және уәкілетті органның облыстардағы, Астана және Алматы қалаларындағы аумақтық бөлімшелері құрайды.».
2-бап. Осы Конституциялық заң, 2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 4) тармақшасын, 6) тармақшасының бесінші, он бесінші, он алтыншы және он жетінші абзацтарын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н. НАЗАРБАЕВ