Фильмге прокаттау куәлігін беру қағидасын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 21 желтоқсандағы № 1391 Қаулысы

 

«Мәдениет туралы» Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 15 желтоқсандағы Заңының 6-бабының 14) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Фильмге прокаттау куәлігін беру қағидасы бекітілсін.
2. Осы қаулы 2011 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

 

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                            К. Мәсімов

 

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2010 жылғы 21 желтоқсандағы
№ 1391 қаулысымен
бекітілген

 

   Фильмге прокаттау куәлігін беру қағидасы

 

Ескерту. Қағида жаңа редакцияда — ҚР Үкіметінің 2012.12.28 № 1712 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

 

1. Осы Фильмге прокаттау куәлігін беру қағидасы (бұдан әрі – Қағида) «Мәдениет туралы» 2006 жылғы 15 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 6-бабының 14) тармақшасына сәйкес әзірленді және фильмге прокаттау куәлігін беру тәртібін белгілейді.
2. Прокаттау куәлігі фестивальдарда, семинарларда, ретроспективада және басқа да іс-шараларда демонстрациялау үшін әкелінетін (жеткізілген), сондай-ақ бұрынғы КСРО-ның кинематографиялық ұйымдары шығарған фильмдерді қоспағанда, Қазақстан Республикасында шығарылған, сондай-ақ Қазақстан Республикасына прокаттау және көпшілікке көрсету (демонстрациялау) үшін әкелінген (жеткізілген) фильмдерге беріледі.
3. Фильмге прокаттау куәлігі (бұдан әрі – прокаттау куәлігі) – фильм туралы техникалық мәліметтер, фильмнің жасаушылары, фильмнің индексі мен жанры туралы ақпарат көрсетілетін, оны прокаттауға негіз болып табылатын электрондық құжат нысанында берілетін құжат.
Өтініш беруші мәдениет саласындағы уәкілетті органға (бұдан әрі –уәкілетті орган) прокаттау куәлігін қағаз тасығышта алуға өтініш білдірген жағдайда, прокаттау куәлігі электрондық құжат нысанында ресімделіп, басып шығарылады, мөрмен расталады және уәкілетті орган басшысының қолы қойылады.
4. Прокаттау куәлігін уәкілетті орган, сондай-ақ «электрондық үкімет» веб-порталы: www.e.gov.kz арқылы (бұдан әрі – Портал) өзі бекіткен нысан бойынша береді.
5. Прокаттау куәлігін алу үшін өтініш беруші уәкілетті органға немесе Порталға мынадай құжаттарды ұсынуы қажет:
1) уәкілетті органда осы Қағиданың қосымшасына сәйкес нысан бойынша өтініш немесе Порталда өтініш берушінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен расталған электрондық құжат нысанындағы сұрау;
2) өтініш берушінің фильмге немесе оны пайдалануға құқығын растайтын құжаттары (авторлық шарттардың және (немесе) лицензиялық келісімдердің көшірмелері); шет тіліндегі құжаттарға қазақ және (немесе) орыс тілдерінде нотариатта куәландырылған көшірмесі қоса беріледі;
3) фильмге көрермендердің жас шегін анықтау үшін барлық көріністерін суреттей отырып, фильмнің мазмұны туралы ақпаратты қамтитын фильмнің аннотациясы;
4) отандық немесе бірлесіп түсірілген фильмдерде пайдаланылатын туындылар туралы мәліметтер.
Портал арқылы өтініш берген жағдайда осы тармақтың 2), 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген құжаттар сканерден өткізілген көшірмелер түрінде электрондық құжат нысанындағы сұрауға қоса бекітіледі.
6. Прокаттау куәлігін алуға өтініш уәкілетті органға түскен күнінен бастап жеті жұмыс күн ішінде қаралуға тиіс, одан кейін өтініш берушіге прокаттау куәлігі не жазбаша дәлелді бас тарту беріледі.
7. Прокаттау куәлігін беру туралы шешім уәкілетті адамның бұйрығы түрінде ресімделеді.
Уәкілетті орган басшысының электрондық цифрлық қолтаңбасымен расталған электрондық құжат нысанындағы прокаттау куәлігі өтініш берушінің порталдағы жеке кабинетіне жолданады не осы Қағиданың 3-тармағына сәйкес қағаз тасығышта беріледі.
Қағаз тасығышта берілген прокаттау куәлігі жоғалған немесе бүлінген жағдайларда, өтініш берушінің жазбаша сұрауы бойынша прокаттау куәлігі осы Қағиданың 6-тармағында көрсетілген мерзімде қайта беріледі.
8. Прокаттау куәлігін беру мақсатында фильм Фильмдердің мемлекеттік тізілімінде тіркеледі.
9. Уәкілетті орган өтініш берушіге фильмді прокаттау куәлігін беруден мынадай негіздер бойынша:
1) өтініш беруші дәйексіз немесе бұрмаланған ақпарат берсе;
2) өтініш беруші осы Қағиданың 5-тармағының талаптарына сай келмейтін құжаттарды табыс етсе. Ұсынылған құжаттардың толық еместігі (оның ішінде міндетті жолдарының толтырылмауы) фактілері анықталған жағдайда уәкілетті орган жазбаша дәлелді бас тартуды электрондық құжат нысанында түрінде өтініш берушінің Порталдағы жеке кабинетіне не өтініште көрсетілген мекенжайға екі жұмыс күні ішінде жолдайды.
3) егер фильмнің мазмұны Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуді, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді, ұлттық араздықты қоздыруды насихаттауға немесе үгіттеуге бағытталған жағдайда бас тартуы мүмкін.
10. Егер уәкілетті орган белгіленген мерзімде прокаттау куәлігін бермеген не прокаттау куәлігін беруден дәлелді бас тартуды ұсынбаған жағдайда, оларды беру мерзімі өткен күннен бастап прокаттау куәлігі берілді деп есептеледі.
Уәкілетті орган прокаттау куәлігін беру мерзімі өткен сәттен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірмей электрондық құжат нысанында тиісті прокаттау куәлігін береді.
11. Уәкілетті орган прокаттау куәлігін беру жөніндегі қызметті тегін көрсетеді.
12. Прокаттау куәлігін беру үшін бұдан бұрын негіз болған фильм туралы ақпараттың дәйексіздігі және (немесе) бұрмаланғандығы анықталған жағдайда, уәкілетті орган Заңның 28-2-бабына сәйкес прокаттау куәлігін сот тәртібімен кері қайтарып алуға құқылы.
13. Прокаттау куәлігін сот тәртібімен қайтарып алған жағдайда, Фильмдердің мемлекеттік тізіліміне тиісті жазба енгізіледі.

 

«Фильмге прокаттау куәлігін
беру» мемлекеттік
қызмет стандартына
Фильмге прокаттау куәлігін
беру қағидасына
қосымша

 

___________________________________
(фильмге прокаттау куәлігін
беретін органның толық атауы, орган
басшысының Т.А.Ә.)

 

___________________________________
(заңды тұлғаның толық атауы,
заңды тұлға басшысының Т.А.Ә.
немесе жеке тұлғаның Т.А.Ә.)

 

   Өтініш

 

Ескерту. Қосымша жаңа редакцияда — ҚР Үкіметінің 23.04.2013 № 387 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

 

Сізден фильмге прокаттау куәлігін беруді сұраймын.
Фильмнің атауы: _____________________________________________________
Фильм қоюға негіз болған әдеби туындының атауы және авторы:
_____________________________________________________________________
Фильмді шығарған ел:_________________________________________________
Фильмді шығарушы-студия: ____________________________________________
Фильмнің шыққан жылы: _______________________________________________
Фильмнің форматы: ___________________________________________________
Фильмнің хронометражы: ______________________________________________
Сценарий авторы: ____________________________________________________
Қоюшы-режиссер: _____________________________________________________
Қоюшы-оператор: _____________________________________________________
Қоюшы-суретші: ______________________________________________________
Музыкалық шығарманың авторы: ________________________________________
Фильм серияларының саны: ____________________________________________
Фильмнің жанры: _____________________________________________________
Фильмнің тілі, фильмді дубляждау тілдері (олар бар болса):
_____________________________________________________________________
Шығарушы ел берген көрермендердің жас шегі бойынша ақпарат:
_____________________________________________________________________
Өтініш берушінің деректемелері ______________________________________
(заңды мекенжайы, пошталық индексі, электрондық поштасы, телефондары,
факс, заңды тұлға үшін – бизнес сәйкестендіру нөмірі, жеке тұлға үшін
– жеке сәйкестендіру нөмірі)
Өтініш берілген күн: ________________________________________________
Өтініш берушінің Т.А.Ә. _____________________________________________
(қолы)

М.О.

 

Источник: Информационно-правовая система «Әділет»  http://adilet.zan.kz/