Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2007 жылғы 13 шiлдедегi N 598 Қаулысы

 

«Ақпараттандыру туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 11 қаңтардағы Заңының 5-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қоса берiлiп отырған Электрондық ақпараттық ресурстарды мемлекеттiк органдардың интернет-ресурстарына орналастыру ережесi бекiтiлсiн.

2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа
енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасы
      Премьер-Министрi

Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң
2007 жылғы 13 шiлдедегi
598 қаулысымен
бекiтiлген

Электрондық ақпараттық ресурстарды мемлекеттiк органдардың
интернет-ресурстарына орналастыру ережесi

     

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ереже «Ақпараттандыру туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 11 қаңтардағы Заңына сәйкес әзiрлендi және электрондық ақпараттық ресурстарды мемлекеттiк органдардың интернет-ресурстарына орналастыру тәртiбiн айқындайды.

1-1. Мемлекеттiк органдардың интернет-ресурстарына орналастырылатын электрондық ақпараттық ресурстар, серпiндi және статикалық ақпаратты қамтитындар болып бөлiнедi.
2. Осы Ережеде мынадай негiзгi терминдер мен ұғымдар пайдаланылады:
1) атрибут – HTML тiлiнiң түрлерiне, алаңдарына, әдiстерiне, ерекшелiктерiне және басқа да кейбiр құрылымына жазылатын қосымша ақпарат;
2) балама мәтiн – тек мәтiндi көрсететiн құрылғыларды пайдаланған кезде мәтiндiк емес веб-контенттiң мазмұнын және функциясын түсiнуге мүмкiндiк беретiн мәтiн;
3) веб-контент – электрондық ақпараттық ресурстың мәтiндiк, мәтiндiк емес немесе медиа мазмұны;
4) интернет-ресурс – ашық ақпараттық-коммуникациялық желiде жұмыс iстеп тұрған электрондық ақпараттық ресурс, оны жүргiзу және (немесе) пайдалану технологиясы, сондай-ақ ақпараттық өзара iс-қимылды қамтамасыз ететiн ұйымдастырушылық құрылым;
5) серпiндi ақпарат – бұл мемлекеттiк органның ағымдағы қызметiн көрсететiн уақытша сипаттағы ақпарат (перспективалық даму, өзектi оқиғалар, басым бағыттар және басқалары);
6) статикалық ақпарат – бұл мемлекеттiк органның iшкi қызметiн көрсететiн тұрақты (анықтамалық) сипатқа ие ақпарат (нормативтiк құқықтық актiлер, құрылым, мемлекеттiк орган ережесi және басқалар);
7) тегi – интернет-ресурстың веб-бетiндегi мәтiннiң көрiнiсiн өзгертетiн HTML тiлiнiң элементi;
8) Web Content Accessibility Guidelines (WCAG.2.0) – әртүрлi пайдаланушылардың барынша қалың тобы үшiн, оның iшiнде мүмкiндiгi шектеулi адамдар үшiн қолжетiмдi веб-контенттi құрудың заманауи ережелерi мен қағидаттарын сипаттайтын веб-контентке қолжетiмдiлiктi қамтамасыз ету жөнiндегi нұсқалық.
     

2. Электрондық ақпараттық ресурстарды мемлекеттiк органдардың
интернет-ресурстарына орналастыру тәртiбi

      3. Мемлекеттiк органның дербес құрылымдық бөлiмшелерi электрондық ақпараттық ресурстар дайындайды және оларды мемлекеттiк органдардың интернет-ресурстарына орналастыруға аппарат басшысымен, жауапты  хатшымен, жауапты хатшы лауазымы енгiзiлмеген мемлекеттiк органдарда Қазақстан Республикасының Президентi айқындаған лауазымды тұлғамен келiседi.

4. Келiсiлгеннен кейiн электрондық ақпараттық ресурстар оларды мемлекеттiк органның интернет-ресурсына орналастыру үшiн жауапты құрылымдық бөлiмшеге жiбередi.

5. Серпiндi ақпарат жаңа ақпараттың түсу шамасына қарай, бiрақ аптасына кемiнде бiр рет жаңартылады.

6. Мемлекеттiк органдардың интернет-ресурстарындағы статикалық ақпарат қажеттiлiгiне қарай жаңартылады.
Мемлекеттiк органдардың интернет-ресурстарына орналастырылатын электрондық ақпараттық ресурстар:
1) Word, Ехсеl, НТМL және басқа мәтiндiк форматтарда;
2) JPG, GIF және басқа форматтардағы графиктiк файлдар түрiнде берiледi.

6-1. Мемлекеттiк органдардың интернет-ресурстарына электрондық ақпараттық ресурстарды орналастыру WCAG.2.0 сәйкес жүргiзiледi:
1) безендiру мақсатында пайдаланылатын мәтiндiк емес веб-контенттен басқа мәтiндiк емес және медиа веб-контенттер баламалы мәтiнмен сүйемелденiп, бағдарламалық кодта тиiстi атрибуттармен белгiленуге тиiс;
2) веб-бетте бейнеленген, мағынасы оның түсiне байланысты болатын мәтiндiк емес және мәтiндiк веб-контент мағыналық жүктемесi дәл сондай баламалы мәтiндi қамтуы тиiс;
3) нысанында, мөлшерiнде және орналасуында мағыналық жүктеме бар веб-контент элементтерi тиiстi мәтiндiк анықтамамен сүйемелденуi тиiс;
4) медиа веб-контент титрлермен немесе транскрипттермен сүйемелденуi тиiс;
5) егер веб-контенттi оқудың дұрыс дәйектiлiгi оның мағынасын анықтаса, онда ол бағдарламалы түрде анықталуы тиiс;
6) үш секундтан аса автоматты түрде ойналатын аудио веб-контент үшiн тоқтау, үзiлiс немесе дыбысты ажырату механизмдерiн беру қажет;
7) интернет-ресурста орналастырылған веб-контент пернетақта арқылы басқарылуы тиiс;
8) уақыт бойынша шектелетiн бет немесе қосымша тоқтататын, икемдейтiн немесе шектеу мерзiмiн ұзартатын механизмдi қамтуы тиiс;
9) секундына үш реттен астам жарқылдауды қамтитын, автоматты түрде қозғалатын, жыпылықтайтын, айналатын веб-контенттi құру ұсынылмайды, қолданылған жағдайда осы веб-контенттi тоқтату жөнiндегi механизмдi беру қажет;
10) үлкен көлемдi графикалық элементтерi немесе навигациялық сiлтемелерi бар веб-бетте көрнекi бөлiгiнде веб-контенттiң негiзгi бөлiгiне өту үшiн сiлтеме жасау қажет;
11) әрбiр веб-бетте беттiң мақсаты мен тақырыбын сипаттайтын, тиiстi тегте көрсетiлетiн ақпаратты тақырып болуы тиiс;
12) сiлтеменiң мақсаты сiлтеменiң өз мәтiнiнен не сiлтеме мәтiнi мен оның бағдарламалы анықталған контекстiнен түсiнiктi болуы тиiс;
13) веб-бетте негiзгi қолданылатын тiл тиiстi атрибуттың көмегiмен бағдарламалық кодта анықталуы тиiс;
14) пайдаланушының ақпаратты енгiзген кезiндегi анықталған кез келген қате мәтiндiк хабарлама түрiнде ұсынылуы қажет.
7. Мемлекеттiк құпияларды құрайтын, жариялануы шектеулi, сондай-ақ басылымдық жариялануы Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынған өзге де мәлiметтер электрондық ақпараттық ресурстарды мемлекеттiк органдардың интернет-ресурстарына орналастыруға рұқсат етiлмейдi.

3. Ақпараттық қамтамасыз ету

      8. Мемлекеттiк органның интернет-ресурстарының ақпараттық көздерi:
тиiстi мемлекеттiк органның құрылымдық бөлiмшелерi;
тиiстi мемлекеттiк органның ведомстволары;
тиiстi мемлекеттiк органның аумақтық бөлiмшелерi;
тиiстi мемлекеттiк органның ведомстволық бағынысты ұйымдары;
басқа ұйымдар берген мәлiметтердi құрайды.