Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 27 шілдедегі № 982 Қаулысы

Лицензиялау туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 11  қаңтардағы Заңының 6-бабының 3) тармақшасына және «Телерадио хабарларын тарату туралы» Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 18  қаңтардағы Заңының 6-бабының 3) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған теле-, радиоарналарды тарату жөніндегі қызметті лицензиялау кезінде қойылатын біліктілік талаптары бекітілсін.
2. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiнiң күшi жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрi                                К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2012 жылғы 27 шілдедегі
№ 982 қаулысымен
бекiтiлген

Теле-, радиоарналарды тарату жөніндегі қызметті лицензиялау кезінде қойылатын біліктілік талаптары

1. Теле-, радиоарналарды тарату жөніндегі қызметке лицензия алуға үміткер жеке және заңды тұлғаларға қойылатын біліктілік талаптары мыналардан тұрады:
1) дипломдардың тиісті көшірмелерімен, еңбек кітапшасындағы жазбалардың расталған, телекоммуникация саласында бейіндік жоғары, техникалық немесе кәсіптік білімі және мамандығы бойынша кемінде бір жыл практикалық тәжірибесі бар, жалпы саны кемінде үштен бір бөлікті құрайтын инженер-техник мамандардың болуы;
2) телерадио хабарларын тарату саласындағы қолданыстағы стандарттарға сәйкес, теле-, радиоарналар хабарларының техникалық сапасын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелер;
3) төтенше жағдайлар кезінде халықты хабарландыруды ұйымдастыру сызбасы және оларды сақтау бойынша міндеттемелер;
4) телерадио хабарларын тарату желісін ұйымдастыру схемасы;
5) теле-, радиоарналарды құқық иеленушi — теле-, радиокомпаниямен ретрансляциялауға (көпбағдарламалы хабар тарату үшін) арналған алдын ала шарттардың көшірмелері;
6) нысанға өтініш берушінің мүліктік құқығын орнататын немесе оны жалға алу құжаттарымен расталған ғимараттар мен алаңдар (техникалық құралдарды орналастыру және пайдалану үшін, әкімшілік-басқару қызметкерлері үшін, халыққа қызмет көрсету үшін);
7) бақылау-өлшеу және сынақ жұмыстарын өткізу үшін метрологиялық құрал-жабдықтарды қамтамасыз ету жөніндегі міндеттеме (өтініш берушіге тиесілі меншік құқығымен немесе тиісті келісімшарт болған жағдайда жалға алу);
8) мынадай мазмұндағы ақпаратты қамтитын түсіндірме жазба:
кәсіпкерлік субъектілеріне тиесілілігі (шағын, орта, ірі);
құрылатын желінің атауы (эфирлі, кәбілді, спутникті);
хабар тарату аумағы;
желі түрі, қолданылатын стандарттар;
даму кезеңдері бойынша, таратылатын теле-, радиоарналардың тізбесі және қысқаша сипаттамалары;
пайдаланылатын жағдайда шартты қол жетімді жүйелер туралы мәлімет;
желіні пайдалану және басқару жүйесін ұйымдастыру қағидаты;
желі сыйымдылығы және/немесе қосылушылардың саны, оның ішінде даму кезеңі бойынша;
Қазақстан Республикасының аумағындағы телерадио хабарларын тарату және байланыс желілерінің өзара іс-қимылы;
станцияаралық байланыстарды ұйымдастыру тәсілі (өтініш берушінің өзге желілердің жалға алынған арналарынан нақты техникалық құралдарын пайдалану арқылы телерадио хабарларын таратудың желілерінің жеке құралдары бойынша);
өтініш берушінің желісін өзге телерадио хабарларын тарату операторларының желісіне қосуды ұйымдастыру тәсілі;
жиілікті иеленуге қажетті жабдықтардың тізбесі;
бас станцияларға желіде таратылатын телерадиохабар тарату теле-, радио арналарын жеткізу тәсілдері мен көздері;
санитарлық паспорт (жиілікті иелену арқылы жабдықты қолдану кезінде).
9) спутниктік байланыс арналарын пайдалану жағдайында:
пайдаланылатын жасанды жер серіктерінің атауы, орналасуы және тиесілілігі, олардың тұру нүктесі, қызмет аумағы;
спутниктік оператор ұсынған қабылдау-тарату спутниктік станцияларының желісінде пайдаланылатын трансмиссиялық жоспарлар көшірмелері;
қолданылатын жерсеріктік ресурстардың даму кезеңдері бойынша өсу көлемі (қолданылатын спутниктік ресурс көлемі);
арнаның орташа ақпараттық жылдамдығы;
спутниктік жүйенің энергетикалық сипаттамасы.

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2012 жылғы 27 шілдедегі
№ 982 қаулысына
қосымша

Қазақстан Республикасы Үкіметінің күші жойылған кейбір шешімдерінің тізбесі

1. «Телевизиялық және (немесе) радио хабарларын таратуды ұйымдастыру жөнiндегi қызметке қойылатын бiлiктiлiк талаптарын бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2007 жылғы 18 шiлдедегi № 607 қаулысы.
2. «Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2007 жылғы 18 шiлдедегi № 607 қаулысына өзгерiс енгiзу туралы» Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2009 жылғы 23 сәуiрдегi № 577 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2009 ж., № 20, 181-құжат).
3. «Қазақстан Республикасы Байланыс және ақпарат министрлiгiнiң мәселелерi» туралы Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2010 жылғы 18 мамырдағы № 427 қаулысымен бекiтiлген Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне енгiзiлетiн өзгерiстер мен толықтырулардың 6-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2010 ж., № 34, 268-құжат).
4. «Телевизиялық және (немесе) радио хабарларын таратуды ұйымдастыру жөнiндегi қызметтi лицензиялау ережесiн және оған қойылатын бiлiктiлiк талаптарын бекiту туралы Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2007 жылғы 18 шiлдедегi № 607 қаулысына өзгерiстер енгiзу туралы» Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2011 жылғы 17 қарашадағы № 1352 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2012 ж., № 3, 56-құжат).