Адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының, заңды тұлғалар мен мемлекет мүдделерінің сақталуын тиісті қадағалауды қамтамасыз ету мақсатында, «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабы 4 тармақшасын басшылыққа ала отырып, БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдардың қолданылуын, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының сақталуын прокурорлық қадағалауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық бекітілсін.
2. Осы бұйрықпен Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасарлары, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының құрылымдық бөлімшелерінің, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы жанындағы С. Есқараев атындағы заңдылық, құқық тәртібі мәселелерін зерттеу және прокуратура органдары қызметкерлерінің біліктілігін арттыру институтының басшылары таныстырылып, көшірмесі облыстың, Астана және Алматы қалаларының және оларға теңестірілген прокурорларына орындау үшін жолдансын.
3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының жетекшілік етуші орынбасарына жүктелсін.
|
|
Қазақстан Республикасы |
Әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдардың қолданылуын,
адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының сақталуын
прокурорлық қадағалауды ұйымдастыру жөніндегі
Нұсқаулық
1. Жалпы ережелер
1. Осы Әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдардың қолданылуын, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының сақталуын прокурорлық қадағалауды ұйымдастыру жөніндегі Нұсқаулық (бұдан әрі — Нұсқаулық) «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 21 желтоқсандағы Заңына және Қазақстан Республикасының басқа заң актілеріне сәйкес әзірленді және заңдардың қолдануын, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының сақталуын прокурорлық қадағалауды жүзеге асыруды нақтылайды.
2. Заңдардың қолданылуын, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының сақталуын қадағалау саласындағы басымдықтар ретінде:
1) адам мен азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының мүлтіксіз сақталуын;
2) ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске бағытталған заңдардың нақты және бірыңғай қолданылуын;
3) мемлекеттік органдардың құқықтық актілерінің Конституцияға, заңдар мен Республика Президентінің жарлықтарына сәйкес келуін;
4) қоршаған ортаны қорғау және оның ресурстарын тиімді пайдалану туралы заңдардың қолданылуын;
5) кәсіпкерлікті қорғау және қолдауға бағытталған заңнаманың қолданылуын;
6) кәмелетке толмағандар туралы заңнаманың қолданылуын қадағалауды қамтамасыз ету болып есептелсін.
Аймақтың ерекшеліктеріне, қадағалау аумағындағы заңдылықтың жағдайына байланысты прокурорлар, осы тармақтың 1) — 6) тармақшаларында аталғандардан басқа, жыл сайын қадағалау қызметінің қосымша басымдық бағыттарын белгілеуі мүмкін.
3. Прокуратураның құқық қорғау функциялары, оның ішінде денсаулығына немесе жасына байланысты құқықтары мен заңды мүдделерін өз бетінше талап етуге қабілетсіз азаматтар мен адамдардың едәуір бөлігінің құқықтары мен бостандықтарын, сондай-ақ мемлекет мүдделерін қозғайтын жаппай сипаттағы заң бұзушылықтарды жою үшін сотқа талап-арыз беру арқылы орындалсын. Қалған жағдайда әр азаматқа өз құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы өз бетінше қорғау тәртібі түсіндірілсін.
Шаруашылық жүргізуші субъектілердің азаматтық-құқықтық дауларына прокуратура органдарының араласуына, сондай-ақ азаматтардың мүддесіне негізсіз талап қоюға жол берілмесін. Заңды тұлғалар мүддесіндегі талаптар сотқа Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының (бұдан әрі — Бас Прокурор) не оның орынбасарларының келісімімен ғана жолдансын.
Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне тексерулер жүргізу туралы бақылау және қадағалау органдарының атына негізсіз талаптар жолдау фактілері жойылсын.
4. Тексеру заңнама талаптарына сай, қадағалауындағы аумақта заңдылық жағдайын, аймақ ерекшеліктерін, тәуекелдерді басқару жүйесін бағалауды мұқият талдау негізінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының (бұдан әрі — Бас прокуратура) тапсырмалары бойынша жоспарланып, жүргізілсін.
Прокуратура органдары қызметінің басымдық бағыттары бойынша тексерулер бірінші кезектегі тәртіпте жүргізілсін.
Бұл мақсатта, прокурорларда, қадағалау ерекшелігін ескере отырып, қадағалауындағы аймақтың толық сипаттамасы, оның ішінде әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері, демографиялық жағдайы, сондай-ақ халықтың қоғамдық, діни және саяси белсенділігі қамтылған үнемі жаңартылып отыратын паспорт болу керек.
Аймақтағы ахуалды талдау және заңдарды қолданудың аса проблемалы салаларын анықтау үшін сотта қаралған қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша қажетті мәліметтер жинақтасын.
5. Тексерулер қатаң түрде өз құзыреті шеңберінде және бір ай мерзімде жүргізілсін. Тексеруді тағайындаған прокурор жоғары тұрған прокурордың келісімімен оның мерзімін ұзарта алады. Тексеру жүргізу туралы тиісті қаулы шығарылған соң тексерулерге кіріссін.
Адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарына едәуір зиян келтіру қаупін тудыратын заң бұзушылықтарды жою не анықтау үшін жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіндегі тексерулер, егер оларды қабылдауды уәкілетті бақылаушы органдарға тапсыру мүмкін болмаған жағдайда, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының және оларға теңестірілген прокурорлардың немесе оған теңестірілген адамның келісімімен, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының немесе оның орынбасарларының тапсырмалары негізінде ғана жүзеге асырылсын.
Жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша тексерулер, тексеру мәселесі тікелей өтініш берушінің құқықтары мен заңды мүдделерін қозғаған жағдайда ғана, сондай-ақ осы тармақтың екінші бөлігіндегі шарттарды сақтай отырып жүргізілсін.
6. Тексеру жүргізу туралы қаулыны шығаруға: Бас Прокурор, оның орынбасарлары, Бас прокуратура департаменттерінің бастықтары мен оларды алмастырушы тұлғалар, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлар, олардың орынбасарлары, қала, аудан және арнайы прокуратуралардың прокурорлары, олардың міндеттерін атқарушы тұлғалар құқылы.
7. Тексеріс тақырыбына қарамастан сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңнаманың қолданылуына және мемлекеттік органдардың құқықтық актілерінің заңдылығына баса назар аударылсын.
8. Тексеру нәтижелері бойынша дайындалған анықтаманың көшірмесі тексерілуші субъектінің басшысына танысу үшін беріледі.
9. Прокурорлық қадағалау актілерін сапалы дайындау қамтамасыз етілсін.
Прокурорлық қадағалау актілерінде заңнама нормаларына міндетті түрде сілтеме жасай отырып, заң бұзушылықтың құқықтық мәні баяндалсын, заң бұзушылықтың келеңсіз салдары, оған ықпал еткен себептер мен жағдайлар көрсетілсін, оларды жою және кінәлі адамдарды жауапкершілікке тарту туралы мәселе қойылсын.
10. Прокурорлық қадағалау актісінің орындалуын және іс жүзінде заң бұзушылықтың жойылуын бақылау қамтамасыз етілсін.
Орталық мемлекеттік органдар мен олардың ведомстволардың атына прокурорлық қадағалау актілері Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасымен келісім бойынша жолдансын.
11. Ұйғарым прокурорлық қадағалау актісі ретінде тек «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасы Заңымен көзделген белгілердің жиынтығы негізінде енгізілсін, атап айтқанда, егер заңды бұзу:
1) ашық сипатта болса;
2) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына, сондай-ақ заңды тұлғалардың, қоғам және мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіруі мүмкін болса;
3) дереу жоюды талап етсе.
Ұйғарымды нормативтік құқықтық актілерге енгізуге болмайды.
12. Мүлкінен мәжбүрлеп айырудан басқа жағдайларда, ұйғарым ерікті түрде орындалмаса, ол мәжбүрлеп орындатуға жолдансын.
13. Заңдылықты бұзу туралы ақпараттың түсу-түспеуіне қарамай және өз құзіреті шеңберінде мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілерінің заңдылығына тексерулер тұрақты жүргізілсін, бұл ретте:
1) мемлекеттік органдардың жаңадан қабылдаған барлық нормативтік құқықтық актілерін прокуратураға жолдап тұруына қол жеткізілсін.
2) әрбір нормативтік құқықтық актілерді анықтамалар дайындау арқылы зерделеу қамтамасыз етілсін;
3) заңсыз құқықтық және нормативтік құқықтық актілердің күшін жою немесе заңға сәйкестендіру шаралары қолданылсын.
14. Адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына, мемлекеттің заңды мүдделеріне елеулі зиян келтіретін нормативтік құқықтық актілер анықталған жағдайда, наразылықта оларды тоқтата тұру туралы талап міндетті түрде көрсетілсін.
Мұндай наразылықты қанағаттандырудан негізсіз бас тартылған жағдайда, сотқа талап арыз жолдай отырып, ол қаралғанша тиісті қаулы қабылдау арқылы наразылық келтірілген актіні қолдану тоқтатылсын.
15. Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу туралы заңнама талаптарының орындалуына назар аударылсын.
16. Мемлекеттік тіркеуге жататын, бірақ тіркеуден өтпеген нормативтік құқықтық актілер анықталса, оларды қолдану міндетті түрде тоқтатылсын.
Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеудің заңнамамен белгіленген ережелерді бұзғаны үшін кінәлі лауазымды тұлғаларды заңмен белгіленген жауапкершілікке тартуға шаралар қолданылсын.
17. Прокурордың наразылық келтіруге құзыреті жоқ заңсыз нормативтік құқықтық акт анықталған жағдайда, материалдар қадағалау бағыныстылығына сай жолдансын.
18. Нормативтік құқықтық актілерді қолдануды тоқтататын прокурорлық қадағалау актілері жариялануы тиіс.
19. Заңнама нормаларының кемістіктері немесе қайшылықтары, сондай-ақ қабылдануы заңдарда көзделген нормативтік құқықтық актілердің жоқтығы анықталса, ол туралы Бас прокуратураға хабарлансын.
20. Прокурорлық қадағалау актілерінің заңдылығын тексеру нәтижесі бойынша жоғары тұрған прокурор:
1) заңдылығы мен негізділігі күмән туғызса, прокурорлық қадағалау актілерінің қолданылуы, түпкілікті шешім қабылданғанға дейін тоқтатсын;
2) заңда және осы бұйрықта белгіленген құзыретті бұзған жағдайда прокурорлық қадағалау актілерін қайтарып алсын;
3) прокурорлық қадағалау актілері Конституцияға, заңнама актілеріне, Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтарына, Бас Прокурордың бұйрықтары мен нұсқауларына қайшы келсе, олардың күші жойылсын.
21. Мемлекеттік органдар қабылдаған тыйым салу-шектеу сипатындағы шаралардың заңдылығына тиісті қадағалау қамтамасыз етілсін. Тексерулер жүргізу барысында тыйым салу-шектеу сипатындағы шараларды салу мен алып тастаудың заңдылығына назар аударылсын.
22. Мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды тұлғалары тағайындаған тыйым салу-шектеу сипатындағы шаралардың күшін жою немесе алып тастау туралы қаулы осы органдардың лауазымды тұлғаларының тарапынан заңдылықтың айқын және өрескел бұзылуы анықталған жағдайда шығарылсын. Мұндай қаулыларды Бас Прокурор, оның орынбасарлары, Бас прокуратура департаменттерінің, дербес басқармалары мен бөлімдерінің бастықтары, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлар, олардың орынбасарлары, қала, аудан, арнайы прокуратуралардың прокурорлары мен олардың міндеттерін атқарушылар шығаруға құқылы.
23. Прокурорлық тексеру барысында тексеруді іске асыру үшін айтарлықтай маңызы бар жасырын заң бұзушылықты анықтау үшін өзге мүмкіндіктер болмаған жағдайда, құзыретті органдар тарапынан жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу туралы мәселе шешілсін.
Жедел-іздестіру іс шараларын жүргізуге Бас Прокурордың және оның орынбасарларының, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлардың қаулылары негіз болып табылады.
Прокурор қаулысында жедел-іздестіру іс-шараларының негізі, тексерілетін субъектілердің ауқымы, өткізу мерзімі және алынған нәтижелерді ұсыну нысаны көрсетілуі тиіс.
Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу туралы қаулының жобасы жедел-іздестіру шараларының заңдылығын қадағалау жөніндегі құрылымдық бөлімінің басшысымен міндетті түрде келісілсін.
24. Қажет болған жағдайда тексеруге мамандар тартылсын.
Сараптама арнайы ғылыми білім қажеттігі туындағанда және оны тағайындаусыз прокурорлық тексеруді жүзеге асыру мүмкін болмайтын жағдайда ғана тағайындалсын.
Сараптаманы тағайындау туралы қаулыны Бас Прокурор, оның орынбасарлары, Бас прокуратура департаменттерінің, дербес басқармалары мен бөлімдерінің бастықтары, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлар, олардың міндеттерін атқарушылар, сондай-ақ қалалар мен аудандар прокурорлары облыстардың, Астана және Алматы қалаларының прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлардың немесе олардың міндеттерін атқарушылармен келісу бойынша шығарады. Келісу 3 тәулік ішінде, ал кейінге қалдыруға болмайтын жағдайларда 24 сағат ішінде жүзеге асырылады. Ақысыз жүргізілетін сараптамалар келісуді талап етпейді.
Сараптаманы тағайындау туралы қаулыда:
сараптаманы тағайындау негізі;
сараптаманы тағайындау уақыты, орыны;
сараптауға жолданатын объектілер;
сарапшының қарауына берілетін өзге құжаттар;
сарапшының тұжырымына негіз бола алатын тексеру материалдарындағы мәліметтер;
сарапшының алдына қойылған мәселелер;
сот сараптама органының атауы немесе сараптама жүктелген маманның аты-жөні көрсетілуі тиіс.
25. Заңдылық жағдайына талдау жүргізілсін және прокурорлық қадағалау практикасы жинақтап қорытылсын және осы Нұсқаулықта көзделген жағдайларда оларды нәтижелері Бас прокуратураға ұсынылсын.
Бас прокуратураға жолданатын ақпаратта (жүргізілген талдаулар туралы) мыналар қамтылуы тиіс:
1) статистикалық талдау (өткен жылмен салыстыра отырып);
2) анықталған бұзушылықтар (бұзушылықтар түрлері мен санын көрсете отырып) негізінде заңдылық жағдайын, оның ішінде бұзушылықтардың себептері мен жағдайларын бағалау. Заң бұзушылықтарды жою тәсілдері мен нәтижелері;
3) нормативтік құқықтық актілерде олқылықтардың орын алуы, Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру.
26. Қандай да бір өкілетті органның құзыретіне жататын мәселелер бойынша жеке және заңды тұлғалардың бастапқы өтініштері «Әкімшілік рәсімдер туралы», «Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарының талаптарына сәйкес ведомстволық бағыныстылығы бойынша тиісті мемлекеттік органға жолдансын және арызданушыға құзыретті орган қабылдаған шешіммен келіспеген жағдайда прокуратураға қайта шағымдану мүмкіндігі туралы хабарлансын.
27. Прокурордың заңды қызметіне кедергі жасалса, оның ұйғарымдары және басқа да заңды талаптары орындалмаса, кінәлі тұлғалар заңда белгіленген әкімшілік жауапкершілікке тартылсын.
28. Прокурорлық қадағалау актілерінің орындалмауы, сондай-ақ прокурордың қызметіне кедергі келтіру салдарынан азаматтардың, ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтірілсе, кінәлі тұлғалар Қылмыстық іс-жүргізу кодексінде белгіленген тәртіппен қылмыстық жауапкершілікке тартылсын.
2. Прокурорлық қадағалаудың жекелеген бағыттарындағы міндеттерді
жүзеге асыру бойынша жұмыстарды ұйымдастыру
Параграф 1. Әлеуметтік саладағы заңдылықты қадағалау
29. Жылына кемінде бір рет денсаулық сақтау туралы заңнама талаптарының сақталуына талдау жасалып, денсаулық сақтау ұйымдары көрсететін тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің қолжетімділігі мен тегінділігі, сондай-ақ аурулар профилактикасы мен халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығының қамтамасыз етілуіне назар аударылсын.
30. Еңбек туралы заңнаманың қолданылуын тексеруде азаматтардың қауіпсіздік пен тазалық талаптарына сай еңбек ету жағдайына, еңбегі үшін нендей бір кемсітусіз сыйақы алуына, сондай-ақ жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғалуға конституциялық құқығының сақталуына баса назар аударылсын.
Тексерумен мемлекеттік өкілетті органдар мен жұмыс берушілер тарапынан халықтың экологиялық, санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы пен радициялық қауіпсіздігіне бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру мәселелері қамтылсын.
31. Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңдылық жағдайы жылына кемінде бір рет талданып, жұмыс берушілердің еңбектің қауіпсіз жағдайларын қамтамасыз ету және жұмыс орындары мен технологиялық үрдістердегі кез-келген тәуекелдерді болдырмау бойынща шараларына баса назар аударылсын.
32. Өкілетті мемлекеттік органдарды тексергенде олардың заңсыз көші-қонның алдын алу мен тыю міндеттерін орындауына, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріндегі өзара қарым-қатынас деңгейіне баса назар аударылсын.
33. Қазақстан Республикасына көшіп келушілердің келуі мен болуы ережелерінің қолданылуына тиісті қадағалау жүзеге асырылсын.
34. Өкілетті мемлекеттік органдардың шетелдік жұмысшы күштерін тартуға және еңбекші көшіп келушіге арналған рұқсаттар беру туралы шешімдерінің заңдылығына баса назар аударылсын.
35. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға өкілетті мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды тұлғаларының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнаманы қолдануына жыл сайын талдау жасалсын. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының және оларға теңестірілген прокуратуралар тиісті ақпаратты Бас прокуратураға есептік кезеңнен кейінгі айдың 5-ші жұлдызынан кешіктірмей жолдасын.
36. Мемлекеттік өкілетті органдардың (қабылдау-бөлу орындары, медициналық айықтырғыштар, психоневрологиялық және наркологиялық диспансерлер) азаматтардың жеке бас бостандықтарына байланысты конституциялық құқықтарын сақтауына баса назар аударылсын.
Көрсетілген мекемелерде тексеру тоқсанына кемінде бір рет жүргізіліп, келесі мәселелер зерделенсін:
1) әкелу заңдылығы мен онда болу мерзімінің сақталуы;
2) мекемелерде белгіленген режим және ұстау тәртібінің (емдеу-профилактикалық, эпидемияға қарсы шаралар жүргізу, мекемелердің техникалық нормаларға сәйкестігі) қамтамасыз етілуі.
Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының бұзылуын дер кезінде жоюды қамтамасыз ету мақсатында аталмыш мекемелерде түнгі уақыттарда, мереке және демалыс күндерінде тексеру ұйымдастырылсын.
37. Азаматтарды заңсыз әкелу, ұстау фактілері анықталса, оларды бірден босатып, заң бұзушылыққа жол берген лауазымды тұлғаларға қатысты тиісті шаралар қабылдансын.
38. Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес бойынша заңнаманың қолданылуын қадағалау саласында өкілетті органдардың есірткі құралдары, психотроптық заттардың және прекурсорлардың заңсыз айналымын бақылау, салауатты өмір салтын насихаттау бойынша міндеттерін орындауына ерекше назар аударылсын.
Тексерулер барысында нашақорлықпен, уытқұмарлықпен және алкоголизммен ауыратындарды мәжбүрлеп емдеуде азаматтардың конституциялық құқықтарының сақталуына назар аударылсын.
Нашақорлық пен есірткі бизнесімен күрес бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс жарты жылда 1 рет жинақтап қорытылсын. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының және оларға теңестірілген прокуратуралар тиісті ақпаратты Бас прокуратураға есептік кезеңнен кейінгі айдың 5-ші жұлдызынан кешіктірмей жолдасын.
39. Жылына кемінде бір рет қару, жарылғыш заттар мен оқ-дәрінің айналымы саласындағы заңнаманың сақталуына талдау жасай отырып, мемлекеттік органдардың қару, жарылғыш заттар мен оқ-дәріні сақтау, пайдалану және кәдеге жаратуға рұқсаттар мен лицензияларды беру тәртібіне ерекше назар аударылып, тиісті ақпарат Бас прокуратураға есептік кезеңнен кейінгі айдың 5-ші жұлдызынан кешіктірілмей жолдансын.
40. Мемлекеттік органдар мен мекемелердің мемлекеттік қызметтерді көрсеткен кезде заңнаманы сақтауына үнемі мониторинг жүргізілсін.
Параграф 2. Кәмелетке толмағандар туралы заңдардың қолданылуын қадағалау
41. Қадағалауды ұйымдастыру кезінде, БҰҰ Баланың құқықтары туралы конвенциясында және басқа да жалпыға бірдей танылған халықаралық құқық нормаларында қоғам мен мемлекеттің барлық қызмет салаларында балалардың мүдделерін қорғау басымдығы бекітілгенін негізге алу қажет.
42. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлар «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 2 тамыздағы Заңында және басқа да заңнама актілерінде бекітілген кәмелетке толмағандар құқықтарының сақталуына жүйелі тексерулер жүргізсін.
43. Кәмелетке толмағандардың денсаулығын қорғау құқықтарының сақталуын қадағалауды ұйымдастыру кезінде мыналар қамтамасыз етілсін:
1) медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне қолжетімділік және тегінділік құқықтарының сақталуы;
2) спирттік ішімдіктер мен есірткі заттарын тұтынатын кәмелетке толмағандарды анықтау, есепке алу, тексеру және медициналық-әлеуметтік оңалту бойынша денсаулық сақтау органдарының қызметінде заңдылықтың сақталуы;
3) уәкілетті мемлекеттік органдардың балалар үшін тиісті сападағы азық-түлік өнімдерін өндіру және сатуды, сондай-ақ әртүрлі балалар мекемелерінде тамақтану ұйымдастырылуын бақылауды регламенттейтін заңдарды орындауы.
Балалардың жаппай улануы, әсіресе азық-түліктен уланудың әрбір фактісі бойынша прокурорлық қадағалаудың толық шаралары қабылдансын, ол туралы Бас прокуратураға дереу хабарлансын.
44. Кәмелетке толмағандар арасындағы суицид фактілері бойынша жағдайлардың жан-жақты, толық әрі объективті тексеру және заңды процессуалдық шешім қабылдау қамтамасыз етілсін.
Кәмелетке толмағандар арасында суицидпен аяқталған және оған талпыныс жасаған барлық жағдайлар туралы кейіннен тергеу алды іс-шараларының нәтижелері және қабылданған процессуалдық шешімнің заңдылығы туралы хабарлама берумен 24 сағат ішінде Бас прокуратураға хабарлансын.
Бұқаралық ақпарат құралдары, оның ішінде интернет сайттарында кәмелетке толмағандар мен жастар арасында суицидалды көңіл-күйді тура немесе жанама түрде насихаттайтын ақпараттық болуына мониторинг жүргізілсін.
Мұндай ақпарат болған жағдайда заңда көзделген шаралар қабылдау үшін Бас прокуратураға хабарлау қажет.
45. Кәмелетке толмағандардың білім алу құқықтарының сақталуын қадағалауды ұйымдастыру кезінде:
1) білім беру ұйымдары мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын, лицензиялау туралы заңдарды, сондай-ақ мемлекеттік білім беру ұйымдарында білім берудің зайырлы сипаты қағидатын сақтауды қамтамасыз етсін;
2) білім беру ұйымдарында оқуға заңсыз төлемақы алу не оны асыру және өзге де алымдар жинау фактілеріне жол бермей, кәмелетке толмағандардың жалпыға бірдей қолжетімді және тегiн мектепке дейінгі, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім алу, сондай-ақ конкурстық негiзде тегiн техникалық және кәсiби, орта білімнен кейінгі, жоғары білім алу құқықтарының сақталуын қамтамасыз етсін;
3) уәкілетті бақылаушы органдардың мемлекеттік білім беру ұйымдарына қабылдаудан заңсыз бас тарту, оқушыларды негізсіз оқудан шығару, сондай-ақ олардың шәкіртақы, жәрдемақылар мен өтемақы төлемдерін алу құқықтарын бұзу фактілерін тыю бойынша шаралар қабылдасын;
4) уәкілетті мемлекеттік органдар оқудан жалтаратын немесе білім алуға объективті мүмкіндігі жоқ жасөспірімдерді анықтау және орналастыру бойынша қызметін тексерсін.
Мемлекеттік білім беру мекемелерінде оқушылардан және олардың ата-аналарынан заңсыз ақша жинау фактілеріне назар аударылсын. Оларды анықтаған жағдайда заңда белгіленген кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту шараларын қабылдасын.
Заңнамада белгіленген ақылы қызметтер көрсету тәртібінің сақталуына талдау жүргізілсін.
46. Уәкілетті мемлекеттік органдарда кәмелетке толмағандардың тұрғын үй және мүліктік құқықтарын, оның ішінде алимент алу құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері бойынша тексерулер жүргізілсін.
Жетім балалар мен ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалардың баспанасын заңсыз иеліктен айыру фактілеріне дер кезінде шара қолдансын.
Уәкілетті мемлекеттік органдардың алимент төлеуден жалтаратын адамдарды заңда белгіленген жауапкершілікке тарту бойынша қызметін бақылауды жүзеге асырсын.
47. Еңбек саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдардың мамандарымен бірлесіп кәмелетке толмағандардың еңбек құқықтарының сақталуына тексерулер жүргізілсін.
Кәмелетке толмағандарды жұмысқа қабылдаудан заңсыз бас тарту, оларды жұмыстан босату, сондай-ақ кәмелетке толмағандарды ауыр жұмыстарға және зиянды және (немесе) қауіпті еңбек жағдайлары бар жұмыстарға тарту фактілері тыйылсын.
48. «Мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық коррекциялық қолдау туралы» Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 11 шілдедегі Заңында көзделген мүмкіндігі шектеулі балалардың (мүгедек балалардың) құқықтарының сақталуына тексерулер жүргізілсін.
Осы кәмелетке толмағандардың білім алу, тегін медиуиналық көмектің кепілдендіірлген көлемін алу және белгіленген жеңілдіктер мен жәрдемақылар алу құқықтарының сақталуына баса назар аударылсын.
49. Балаларды мәжбүрлеп дінге араластыру фактілері, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзуға, оларды отбасы мен қоғамнан оқшаулауға, олардың денсаулығына немесе мүлкіне залал келтіруге байланысты әртүрлі миссионерлер мен діни ұйымдардың заңсыз қызметі тыйылсын.
Кәмелетке толмағандардың дін бостандығы құқықтарын бұзуға жол берген тұлғаларды жауапкершілікке тарту бойынша барынша толық шаралар қабылдансын.
Білім беру практикасында денсаулық сақтау органдарымен рұқсат етілмеген білім алушылардың психикасына әсер ету әдістерін және оккульттік, мистикалық және діни сипаттағы әдістер мен құралдарды пайдалануға жол берілмесін.
50. Жастар мен жастар ұйымдарын саяси және діни қарсылықтарға, әлеуметтік қақтығыстарға заңсыз тарту, сондай-ақ оларды экстремистік және террористік мақсаттарға пайдалану фактілері тыйылсын.
Жастардың рұқсат етілмеген саяси акциялар мен митингтерге қатысуының дер кезінде алдын алу және жол бермеу бойынша шаралар қабылдансын.
51. Кәмелетке толмағандарды порнографиялық материалдарды (заттарды), сондай-ақ эротикалық мазмұндағы өнімдерді таратуға, жарнамалауға және сатуға тартатын тұлғаларды заңда белгіленген жауапкершілікке тарту бойынша қажетті шаралар қабылдансын.
Уәкілетті мемлекеттік органдарда тексерулер жүргізу кезінде олардың кәмелетке толмағандардың спирт ішімдіктері мен темекі өнімдерін сату, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың ойын-сауық орындарында түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүру фактілерін анықтау және жолын кесу бойынша міндеттерін орындауына баса назар аударылсын.
Кәмелетке толмағандардың ойын-сауық орындарында түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүруі анықталған әрбір факт бойынша ойын-сауық орындарының лауазымды тұлғаларын заңда белгіленген жауапкершілікке тартуға қол жеткізілсін.
52. Жарты жылда кемінде бір рет жетім балалар мен ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларды күтіп-бағуды, тәрбилеу және оқытуды жүзеге асыратын білім беру ұйымдарының (балалар үйлері, мектеп-интернаттар) және денсаулық сақтау ұйымдарының (сәбилер үйі) қызметінде заңдылықтың сақталуына тексерулер жүргізілсін.
53. Осындай кезеңділікпен жетім балалар мен ата-ананың қамқорлығынсыз қалған және асырап алуға жататын балалардың есепке алынуын ұйымдастыру кезінде уәкілетті органдардың қызметінде заңдылықтың сақталуына және олар туралы ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз етілуіне тексерулер жүргізілсін.
Жетім балалар мен ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларды асырап алу тәртібін реттейтін заңдардың сақталуын қадағалау жүйелі түрде жүзеге асырылсын.
Асырап алу процесін коммерцияландыру фактілері анықталған кезде қылмыстық қудалауды қозғау туралы мәселе шешілсін.
54. Балаларды еңбек және сексуалдық қанау мақсатында оларды саудалау фактілері ерекше бақылауға алынсын. Аталған фактілер орын алған кезде балалар саудасымен айналысатын каналдарды анықтау және олардың жолын кесу шараларын қабылдау қамтамасыз етілсін және осы қылмыстарды ұйымдастырушыларды қылмыстық жауапкершілікке тартуға қол жеткізілсін. Қылмыстық қудалау органдары анықтаған балалар саудасы фактілері туралы дереу Бас прокуратураға хабарлансын.
55. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың, қараусыздық пен панасыздықтың алдын алу жүйелерінің органдары мен мекемелерінің қараусыз және панасыз балаларды, ауыр өмір жағдайына тап болған отбасыларын және тұрмысы нашар отбасыларын анықтау туралы заң талаптарын мүлтіксіз орындауына қол жеткізілсін.
Осыған байланысты жартыжылда кемінде бір рет кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқығын қорғау жөніндегі комиссиялардың, ішкі істер және білім органдарының қызметінде заңдылықтың сақталуын тексеру жоспарлансын және жүргізілсін.
Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың, қараусыздық пен панасыздықтың алдын алуға бағытталған бюджеттік қаражаттың мақсатты пайдаланылуы тексерілсін.
Арнайы білім беру ұйымдары мен ерекше күту режиміндегі білім беру ұйымдары тәрбиеленушілерінің құқықтарын қорғау қамтамасыз етілсін.
Кәмелетке толмағандарды кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарына орналастыру заңдылығы тұрақты түрде тексерілсін.
56. Жылына кемінде бір рет қорғаншылық және қамқоршылық органдарының қызметінде олардың балалардың мүліктік және жеке мүліктік емес құқықтары мен мүдделерін қорғау туралы заңнама талаптарын орындау мәселелері бойынша заңдылықты сақтауын тексеру жүргізілсін.
Жетім балалар мен ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларды қамқоршыларға, отбасында тәрбиеленуге (асырап алу, қамқорлыққа немесе қорғаншылыққа алу, патронат) беру, сондай-ақ осы балаларды асырап-бағу үшін қамқоршыларға, қорғаншыларға, патронатты тәрбиешілерге жәрдемақы тағайындау және төлеу заңдылығына баса назар аударылсын.
Жетім балалар мен ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларды қамқоршылық және қорғаншылық органдарының рұқсатынсыз тәрбиелеу (білім беру, денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қамсыздандыру жүйесі ұйымдарына) мекемелеріне орналастыру фактілеріне жол берілмесін. Мұндай балаларды жеке балалар үйлеріне (интернаттарға, жетімханаларға) орналастыру мәселелері ерекше бақылауға алынсын.
Жеткілікті негіздер болған кезде және «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіндебелгіленген басқа да жағдайларда міндеттерін орындаудан жалтарған ата-аналардың ата-аналық құқықтарын шектеу және айыру туралы сотқа талап-арыздар берілсін.
57. Ай сайын жалпы білім беретін мектептерде кәмелетке толмағандардың заңға бағынатын мінез-құлқын қалыптастыруға және олардың құқықтық білім деңгейін арттыруға бағытталған семинарлар мен дәрістер өткізілсін.
58. Жарты жылда кемінде бір рет аталған мәселелер бойынша прокурорлық қадағалаудың жай-күйі жинақтап қорытылсын және мұндай ақпарат Бас прокуратураға есептік кезеңнен кейінгі айдың 5-ші жұлдызына дейін ұсынылсын, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделеріне кепілдік беруді қамтамасыз етуге бағытталған заңнаманы жетілдіру туралы ұсыныстар енгізілсін.
59. Кәмелетке толмағандар туралы заңдардың қолданылуын қадағалау бөлімі жарты жылда кемінде бір рет аталған саладағы қадағалау жай-күйіне талдау жүргізсін.
Негіздер болған кезде орталық атқарушы органдардың және Қазақстан Республикасы Үкіметінің атына кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталу жағдайы туралы ақпараттық хаттар жолдау туралы, сондай-ақ балалардың құқықтық қорғалу проблемаларын шешу бойынша ұсыныстар енгізілсін.
Параграф 3. Қаржы саласындағы заңдардың қолданылуын қадағалау
60. Бюджет, банк, кеден, салық пен бюджетке төленетін төлем мен басқа да міндетті төлемдер туралы заңнама мен заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнаманың қолданылуын қадағалау прокуратура органдарының қаржы саласындағы негізгі міндеттері болып есептелсін.
61. Ұйымдасқан қылмыстың қаржы көздеріне нұқсан келтіру, оның сыбайлас жемқорлықпен ұштасқан байланыстарын қирату, капиталдың заңсыз шығарылымын болдырмау, заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландырудың барлық нысандарын қудалау, заңсыз табыстардың қаржы институттарында орналастырылуына кедергі жасау қаржы саласындағы прокурорлық қадағалаудың маңызды міндеттері болып есептелсін.
62. Жылына кемінде бір рет салық органдарында заңдылықтың сақталуы тексеріліп, келесідей мәселелерге баса назар аударылсын:
1) салық төлеушіге салық және бюджетке төленетін басқа төлемдерді төлеу мерзімін ұзарту, есептелген өсім және айыппұлды төлеуден босату, сондай-ақ бюджеттен ақша қаражатын қайтару.
Салық төлеушілерге заңсыз жеңілдіктер беру немесе бюджеттен ақша қаражатын заңсыз қайтарудың әрбір фактісі бойынша тиісті сомалардың бюджетке өндіріліп алынуына толыққанды шаралар қабылдап, салық органдарының кінәлі лауазымды тұлғаларының жауапкершілігі туралы мәселе қойылсын;
2) банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру және мүлікке билік етуді шектеу бойынша өкімдердің күшін салық және кеден органдарының жоюы;
3) жинақтаушы зейнетақы қорларына міндетті зейнетақы төлемдерінің толық және дер кезінде төленуіне салық органдарының бақылау жүргізуі.
Зейнетақы төлемдері бойынша едәуір берешектер сомасы анықталған жағдайда олардың қалыптасу себептері анықталып, салық органдарындағы кінәлі лауазымды тұлғалардың жауапкершілігі туралы мәселе қойылсын.
63. Банктер клиенттерінің есепшоттарындағы ақша қаражаты мен оның қозғалысы туралы мәліметтерге қол жеткізуді, тиісті банк немесе оның филиалы, не санкция сұраған орган орналасқан қадағалау аумағында прокурор санкциялайды.
64. Прокурордың санкция беруден негізсіз бас тарту фактілеріне жол берілмесін.
65. Банк құпиясына жататын мәліметтер заңсыз жария етілсе, банктер мен өкілетті мемлекеттік органдардың кінәлі лауазымды тұлғаларын заңда белгіленген жауапкершілікке тарту шаралары қолданылсын.
Прокурорлық тексерістер барысында прокурорлар және тексеріске тартылатын сарапшылар мен мамандар тарапынан банктік құпияның сақталуы қамтамасыз етілсін.
66. Бюджет қаражатын жұмсау заңдылығын тексеру Республикалық және жергілікті бюджеттің шығыс бөлімін талдау, сондай-ақ фискалдық органдардың тексеру актілері негізінде жоспарланып, соңынан шығыны көп бюджеттік бағдарламаларға баса назар аударылсын.
67. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлар жарты жылда кеміне бір рет, есептік кезеңнен кейінгі айдың 5-ші жұлдызынан кешіктірмей Бас прокуратураға мемлекеттік сатып алу туралы, кеден және салық заңнамасы саласындағы заңдылықтың жағдайы мен прокурорлық қадағалау тәжірибесін қорытындылау нәтижесі туралы ақпарат жолдасын.
Сатып алу үшін пайдаланылатын ақшаның оңтайлы және тиімді жұмсалуы, барлық әлеуетті өнім берушілерге мемлекеттік сатып алуды өткізу рәсіміне қатысу үшін теңдей мүмкіндік беру қағидаттарының сақталуына баса назар аударылсын.
Ақпараттарда Нұсқаулықтың 25-тармағында көрсетілген талаптардан басқа, мыналар міндетті түрде атап көрсетілсін.
Мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы қолдану аясында:
1) санаттар бойынша (бюджеттік шығындарды жоспарлау, мемлекеттік сатып алуға дайындалу, өнім берушіні таңдау, шарттарды орындау рәсімдерін және т.б. бұзу) және мемлекеттік органдардың қызметі салалары бойынша анықталған бұзушылықтар саны;
2) мемлекеттік қаржылық бақылауды жүзеге асыратын органдар қызметіндегі заңдылықтың жай-күйі (жүргізілген тексерулер, анықталған бұзушылықтар, енгізілген әрекет ету актілерінің, жазаға тартылған тұлғалар саны);
3) қадағалау актілері бойынша тоқтатылған мемлекеттік сатып алу және бұзылған мемлекеттік сатып алу туралы шарттар саны, олардың сомасы;
4) мемлекетке келтірілген және өтелген залал;
5) қозғалған қылмыстық істерді тергеу нәтижелері және барысы (сотталған, олардың ішінде бас бостандығынан шартты түрде айрылған адамдар саны).
Кеден заңнамасын қадағалау саласында:
1) прокуратураның және экономикалық контрабандаға және кедендік баждар мен төлемдерді төлеуден жалтаруға қарсы күрес жөніндегі басқа да құқық қорғау органдардың жұмыс нәтижелері туралы;
2) жүйелі контрабанда каналдарының жолын кесу бойынша қабылданатын шаралар;
3) өңірдің сыртқы экономикалық қызметінің проблемалы мәселелері және оларды жою.
Салық заңнамасын қадағалау саласында:
1) салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер қалдықтарының түзілу себептері;
2) уәкілетті органдардың берешекті азайту бойынша, сондай-ақ жалған кәсіпкерлікке қарсы іс-қимыл саласында қабылдайтын шаралары;
3) жалған кәсіпкерлік қызметі нәтижесінде келтірілген залалды өтеу бойынша, оның ішінде жалған кәсіпорындардың контрагенттерінен залалды өтеп алу бойынша жүргізілетін жұмыс.
Параграф 4. Жеке меншік туралы заңдардың қолданылуын қадағалау
68. Жекешелендіру және мемлекеттік мүлікті басқару органдарында мемлекеттің мүлік объектілерін жекешелендіру, басқару және жалға беру туралы шешімдер заңдылығына талдау жасалып, қажет болған жағдайда тексерілсін. Бұл ретте өкілетті органдардың мемлекет меншігін басқару тиімділігіне, оның ішінде мемлекет қатысатын кәсіпорындардың басқару органдары жұмысына олардың өкілдерінің қатысуына назар аударылсын. Заңды бұзу анықталған жағдайда, жекешелендіру туралы азаматтық істер бойынша талап ету мерзімдерінің қысқалығы ескеріліп, меншік иесі ретіндегі мемлекеттің бұзылған құқығын қалпына келтіру шаралары дереу қабылдансын.
Ішінара немесе толық орындалған мәмілелерді жарамсыз деп тану мен бұзуға бағытталған прокурорлық қадағалау шараларын қабылдаған кезде, оларды бұзудан келтірілетін салдары талданып, мемлекетке залал келтірілуіне жол берілмесін.
69. Тексерістер кезінде жекелеген негіздер (тәркілеу, иесіз мүлік, қайтыс болған адамнан мұрагерлікке қалған мүлік) бойынша мемлекет меншігіне айналдырылған мүлікті есепке алу, сақтау және одан әрі пайдалану кезінде заңдылықтың сақталуына назар аударылсын.
70. Мемлекеттік жұмылдыру мен материалдық резервтердің сақталуын тексергенде, оларды жаңарту мен бекітіп қоюдан босату заңдылығына баса назар аударылсын.
71. Жер туралы заңнаманың қолданылуын қадағалау саласында мемлекеттік органдардың жер пайдалану мәселелері бойынша шешім қабылдауы кезінде белгіленген мерзімдерді сақтауы тексерілсін.
Жер мәселелеріне қатысты жергілікті атқарушы органдарының жерге байланысты шешімдері, әсіресе жерді беру және қайтарып алу, шаруашылық субъектілеріне жер құнын төлеуді кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу жеңілдіктерін беру туралы шешімдері жүйелі тексерілсін.
Жер учаскесін өз бетінше басып алу фактілерін болдырмау үшін, олардың елді мекендерде игерілу мониторингін тұрақты жүргізу керек.
72. Банкроттық туралы заңнаманың қолданылуын қадағалау саласында конкурстық массаны құру мен оны сату кезінде заңдылықтың қамтамасыз етілуіне, сондай-ақ несие берушілердің талаптарын қанағаттандыру кезегінің сақталуына баса назар аударылсын.
Тексеру кезінде жалған және қасақана банкроттықты ұйымдастыруды, мемлекет мүддесіне зиян келтірген заңсыз іс-әрекеттерді анықтау мақсатында кәсіпорынның банкротқа ұшырау себептері талдансын.
Банкроттық саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган қызметі ұдайы тексерілсін.
73. Коммуналдық саладағы тарифтердi бекiту туралы өкiлеттi мемлекеттiк органдар шешiмдерiнiң заңдылығына, сондай-ақ монополист-кәсiпорындардың қызметтерді (тауарлар, жұмыстарды) сатып алудың заңда белгіленген процедураларын сақтауына баса назар аудара отырып, монополияға қарсы заңнаманың қолданылуына тексерулер үнемі жүргiзiлсiн.
Параграф 5. Кәсіпкерлік туралы заңдардың қолданылуын қадағалау
74. Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, соның ішінде мемлекеттік органдардың тәуекелдерді бағалау жүйесінің бекітілген өлшемдеріне сай тексерулерді тағайындау заңдылығы, міндетті ведомстволық статистикалық есептілік нысандары мен тексеру парақтарының шүбәсіз толтырылу мәселелері бойынша тексерістер тұрақты жүргізілсін. Тексерулер барысында құқық қорғау органдарының жеке кәсіпкерлік субъектісі туралы ақпаратты прокурордың санкциясынсыз талап ету фактілеріне назар аударылсын.
Бұл қадағалау саласындағы жұмыс нәтижелері жарты жылда бір рет жинақтап қорытылсын. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлар есептік кезеңнен кейінгі айдың 5-ші жұлдызынан кешіктірмей Бас прокуратураға кәсіпкерлер құқықтарының бұзылу себептері мен жағдайлары туралы ақпарат бизнеске әкімшілік қысымды төмендету бойынша нақты ұсыныстармен бірге ақпарат жолдасын.
Қорытындыда әрекет ететін кәсіпкерлік субъектілерінің шағын, орта және ірі бизнеске бөлінген саны туралы, сондай-ақ кәсіпкерлерді қорғау бойынша жүргізілген іс-шаралар және мобильді топтардың жұмысы туралы мәліметтер көрсетілсін.
75. Бақылау және қадағалау органдарының атына жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қызметінде тексеру жүргізу туралы талаптарды тек облыс, Астана және Алматы қалаларының және оған теңестірілген прокурорлардың, олардың орынбасарларының, қала, аудан, мамандандырылған прокуратураның прокурорының және олардың міндетін атқарушылардың қолымен жолдансын.
Мұндай талаптар міндетті түрде тігілген, нөмірленген, мөрмен бекітілген арнайы журналға тіркелсін, сондай-ақ олардың жолданған күні туралы, бақылау және қадағалау органының, сондай-ақ жеке кәсіпкерлік субъектісінің атауы, талап ету негіздемесі, тексеру мәселесі туралы мәліметтерден тұрады.
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі органдарымен тоқсан сайын салыстыру жүргізу арқылы бақылау және қадағалау органдарының құқық қорғау органдары бастамасы бойынша жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне тексеру тағайындау заңдылығын әрдайым талдансын.
76. Мемлекеттік органдардың өкілеттігі жоқ ұйымдарға бақылау және қадағалау функцияларын беруге, жеке шаруашылық субъектілеріне қолайлы немесе нұқсан келтіретін жағдайлар туғызуға бағытталған іс-әрекеттері мен актілерін анықтап, наразылық келтіру шаралары қолданылсын.
77. Тиісті тіркеуге алынбай жүргізілген шаруашылық субъектілеріндегі тексерістерді анықтау мақсатында құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы уәкілетті органның мәліметтері бақылау және қадағалау органдарындағы мәліметтермен салыстырылып, деректерге талдау жасалсын.
Параграф 6. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлер мен
әскери құралымдарда заңдардың қолданылуын қадағалау
78. Әскери прокурорлар заңдардың қолданылуына қадағалауды Бас Прокурордың бұйрықтарымен белгіленген құзірет шегінде жүзеге асырсын.
Бұл саладағы құқықтық қатынастардың ерекшелігін ескере отырып, қадағалаудың негізгі мақсаттары ретінде:
1) қауіпсіздік пен Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің (бұдан әрі — Қарулы Күштер) жауынгерлік әзірлігін, әскери тәртіп пен әскери қызметті өткерудің белгіленген тәртібінің сақталуын қамтамасыз ету;
2) әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің, Қарулы Күштердің азаматтық персоналының құқықтары (соның ішінде әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша) мен бостандықтарының сақталуы;
3) Мемлекеттік шекара туралы заңнаманың қолданылуына қадағалауды қамтамасыз ету;
4) әскери мүлік, соның ішінде қарулар мен оқ-дәрінің сақталуына бағытталған заңнаманың қолданылуына қадағалауды қамтамасыз ету есептелсін.
Қадағалауды жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасының Әскери доктринасының жүзеге асырылу, қару-жарақты, әскери техниканы, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сақтау, әзірлеу, сату мен кәдеге жарату саласындағы заңнаманың сақталу және елдің қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету мен нығайтуға бағытталған бюджеттік қаражаттардың мақсаттық жұмсалымы мәселелеріне де назар аударылсын.
79. Әскери прокурорлар жарты жылда кемінде бір рет мемлекеттік сатып алу саласындағы заңдылық, қару-жарақ пен оқ-дәрінің сақталуын қамтамасыз ету, Мемлекеттік шекара туралы және діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнаманың қолданылу жай-күйін жинақтап қорытсын. Жинақтап қорыту нәтижелері бойынша ақпарат Бас прокуратураға жарты жылдықтан кейінгі айдың 5-ші жұлдызынан кешіктірілмей жолдансын.
80. Әлеуметтік-экономикалық саладағы және қадағалауындағы объектілер мен аумақтарды қамтитын мәселелер бойынша қадағалау осы Нұсқаулықтың талаптарын ескере отырып жүргізілсін.
Параграф 7. Көлік саласында заңдардың қолданылуын қадағалау
81. Көлік прокурорлары:
1) көліктегі уәкілетті мемлекеттік органдардың тарапынан;
2) теміржол, су, әуе, құбыр (суағардан басқа) көліктеріндегі, метрополитендегі, ғарыш қызметі саласындағы шаруашылық субъектілерінің, халықаралық автомобильмен жолаушыларды, багажды, жүктерді тасымалдауды жүзеге асыратын автомобиль, қалалық электрлі көлік, сондай-ақ көлік инфрақұрылымы объектілерін салу мен пайдалануды жүргізетін ұйымдардың заңдарды қолдануын қадағаласын.
82. Көліктегі қадағалаудың негізгі міндеттері:
1) мемлекет пен ұлттық қауіпсіздік мүдделерін қорғау, соның ішінде терроризм, есірткі заттарын тасымалдау, заңсыз көші-қон фактілеріне жол бермеу;
2) теміржол, су, әуе, құбыр көліктері мен метрополитендегі, көлік инфрақұрылымы объектілеріндегі қауіпсіздік;
3) табиғи ортаның көліктің барлық түрдегі қызметінен, әсіресе қауіпті, разрядтық және басқа да жүк тасымалдау кезінде экологиялық қорғалуы;
4) тасымалданатын стратегиялық маңызды жүктердің (мұнай, мұнай өнімдері, астық, әскери жабдықтар) сақталуы.
Жолаушыларға қызмет көрсету және тұтынушыларға көлік қызметін көрсету кезінде прокурорлық қадағалаудың құқық қорғау функцияларына баса назар аударылсын.
83. Көлікте жүру қауіпсіздігі мәселелері бойынша тексерулер қажеттілігіне байланысты жоспарлансын, бірақ мұндай тексерулер жылына екі мәртеден кем болмай, ал су көлігінде – навигациялық кезеңде ұйымдастырылсын.
84. Көлік прокурорлары жарты жылда кемінде бір рет темір жол, әуе және су көлігі мен метрополитендегі жүру қауіпсіздігі бойынша заңдылық жағдайын және көліктегі төтенше оқиғалардың себеп-салдарларын жинақтап қорытсын. Жинақтап қорыту нәтижелері бойынша ақпарат жарты жылдықтан кейінгі айдың 5-ші жұлдызына дейін Бас прокуратураға жолдансын.
85. Темір жол, әуе, кеме және құбыр көліктері мен метрополитендегі қозғалыс қауіпсіздігіне шынайы қатер туғызатын, жаппай жанжалдың туындауы туралы сигналдарға дереу шара қолданылсын. Көлік прокурорлары мұндай жағдайда оқиға орындарына қызметкерлердің баруын қамтамасыз етіп, тиісті түсіндірме жұмыстарын жүргізсін, ал заңдылықтың бұзылуы анықталса, тиісті ықпал ету шараларын қолдансын.
86. Көлік прокурорлары аумақтық прокурорлармен бірлесіп шара қабылдау мәселелерін шешуді қарастыра отырып, хабарландырудың әзірленген нобайларына сәйкес апат, авария және көліктегі басқа да түрлі дәрежедегі төтенше оқиғалар орын алған жерлерге дереу жетсін.
Мұндай оқиғалардың әрбір фактісі бойынша 24 сағаттың ішінде Бас прокуратураға арнайы хабарлама жолдансын.
Төтенше оқиғалар болған жерлерден көлік прокуратуралары елеулі алыс болса, жақын тұрған аумақтық прокурорлар оқиға орнына барып, ол туралы Бас прокуратураға хабарласын және жиналған барлық тексеру материалдарын көлік прокурорына берсін.
87. Әлеуметтік-экономикалық саладағы және қадағалауындағы объектілер мен аумақтарды қамтитын мәселелер бойынша қадағалау осы Нұсқаулықтың талаптарын ескере отырып жүргізілсін.
Параграф 8. Қоршаған ортаны қорғау, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше
жағдайлар, жер қойнауы мен жер қойнауын пайдалану туралы заңдардың
қолданылуын қадағалау
88. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы заңдылықты қамтамасыз ету табиғатты қорғау заңнамасын қолдануды қадағалау саласындағы басымдықты мақсат болып саналсын.
Төмендегі мәселелерге баса назар аударылсын:
1) су қорғау аймақтарында құрылысты жүргізу кезінде заңдылықты қамтамасыз ету;
2) табиғи ресурстарды пайдалану құқығын заңсыз беру фактілерін анықтау және тосқауыл қою;
3) құқыққа қайшы әрекеттердің нәтижесінде қоршаған ортаға келтірілген залалдың өтелуі;
4) табиғатты қорғау заңнамасының осы саладағы басымды қадағалау бағыттары бойынша тексеру ұйымдастыруға және жүргізуге (шаруашылық қызметтің субъектілеріне арнайы табиғатты пайдалану құқығын беру; Қазақстан Республикасының жануарлар, өсімдіктер әлемін, орман және су ресурстарын пайдалану құқығын беру; өкілетті мемлекеттік органдардың қызметі мен әрекеттерінің заңдылығы);
5) табиғатты қорғау іс-шараларына арнап бөлінген қаражаттарды жұмсау, сондай-ақ табиғи ресурстарды пайдаланғаны және қоршаған ортаны ластағаны үшін төлемақыны алу кезінде заңдылықтың сақталуы;
6) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың, сирек және жоғалып кету қаупі бар жануарлар мен өсімдіктердің сақталуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ тіршілік әрекеті үшін аса қолайлы экологиялық жағдайларды қалпына келтіруге бағытталған іс-шаралар.
89. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлар қоршаған ортаға кері әсер ету, сирек кездесетін, эндемиктік және жойылып кету қаупі бар жануарлар мен өсімдіктердің олжалануы, орман ағаштарының шабылуы, жердің құнарсыздануы мен бүлінуі, атмосфера мен табиғат ресурстарының ластануымен байланысты құқық бұзушылық пен қылмыстық істер бойынша өндіріс заңдылығының бұлжытпай сақталуын қамтамасыз етсін.
90. Орталық атқарушы органдарынан жер қойнауын пайдалану құқығын алған жер қойнауын пайдаланушылардың қызметі Бас прокуратураның тапсырмалары немесе келісіміне сай тексерілсін.
91. Жер қойнауын пайдаланушылар қызметінің заңдылығын тексеру барысында міндетті түрде қоршаған ортаны қорғау, әсіресе оны ластау мәселелері тексерілсін.
Сонымен қатар, төмендегі мәселелерге баса назар аударылсын:
1) келісім-шарттық міндеттерді орындау барысында мемлекеттің экономикалық мүдделерінің сақталуы, соның ішінде салық және бюджетке төлемдердің төленуі;
2) аймақты әлеуметтік-экономикалық тұрғыда және инфрақұрылымын дамытуға қатысу;
3) қазақстандық кадрларды тарту мен қазақстандық тауар, жұмыс және қызметтерді алу бойынша міндеттерді орындау.
92. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлар өз құзырындағы қадағалау аумағында төтенше жағдайдың туындағаны туралы 24 сағат ішінде Бас прокуратураға хабарласын.
93. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды алдын алу және жою саласында занаманың қолданылуын қадағалауда төмендегі мәселелерге баса назар аударылсын:
1) төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша шаралардың уақтылығы, толықтығы мен тиімділігі және оның себептерін жоюға бөлінген бюджет қаражатының мақсатты пайдаланылуы;
2) төтенше жағдайлар аймағының одан әрі таралмауына бағытталған құтқару, авариялық-қалпына келтіру жұмыстары мен басқа да кезек күттірмейтін жұмыстардың уақтылығы мен толықтығы;
3) төтенше жағдайлардың пайда болуына әкеп соққан аварияны, зілзала мен басқа да оқиғаларды тексерудің, кінәлі тұлғаларды заңмен белгіленген жауапкершілікке тартудың жан-жақтылығы мен объективтілігі;
4) халықты және зардап шеккен қызметкерлерді әлеуметтік қорғау, төтенше жағдайлар салдарынан азаматтардың денсаулығы мен мүлкіне, қоршаған ортаға келген зиянды өтеу бойынша шаралардың жүзеге асырылуы;
5) табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу мен олардың зардаптарын жою үшін бөлінген мемлекет қаражаттарын пайдаланудың заңдылығы мен мақсаттылығы.
Экологиялық және табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды алдын алу және жою, жер қойнауы мен жер қойнауын пайдалану туралы заңдардың қолданылуы саласындағы заңдылық пен прокурорлық қадағалаудың жағдайы туралы ақпарат облыстардың, Астана және Алматы қалаларының прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлармен жарты жылда бір рет, есептік кезеңнен кейінгі айдың 5-ші жұлдызынан кешіктірілмей Бас прокуратураға жолдансын.
Параграф 9. Қоғамдық және бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңнаманың
қолданылуын қадағалау
94. Аталған қадағалау саласында төмендегі мәселелерге баса назар аударылсын:
1) қадағалау аумағындағы қоғамдық, діни бірлестіктердің, басқа үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының қызметіндегі заңдылықты жүйелі талдау;
2) адамның денсаулығы мен өміріне залал келтірумен, азаматтардың бостандығын шектеу мен одан айыру, жеке және заңды тұлғалардың мүлкіне қатысты алаяқтық жасаумен, соның ішінде жалған діни тәжірибе мен халықтық медицина әдістерін пайдаланушы қоғамдық және діни бірлестіктер мен өзге де топтардың әрекетін болдырмау.
95. Адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының, қоғам мен мемлекет мүдделерінің бұзылу белгілері бар материалдар бойынша дереу тексеру жүргізіліп, олар бойынша аталған ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін тоқтата тұру немесе тоқтату туралы мәселелер қоя отырып тиісті қадағалау актілері қабылдансын, қажет болған жағдайда, материалдар құқық қорғау органдарына тиісті сараптама тағайындау және процессуалдық шешім қабылдау үшін жолдансын.
Бұл ретте конституциялық құрылымды күштеп өзгертуге, Республика тұтастығын бұзуға, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге, заңсыз қарулы құрылымдарды құруға, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік, және рушылдық араздықты қоздыруға бағытталған ұрандар мен іс-әрекеттер батыл түрде тыйылсын.
Осы қызмет аясында қадағалау аумақтарында ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің жай-күйіне, әлеуметтік қауырттылықтың бар-жоқтығына және оның дәрежесіне құқықтық талдау тұрақты түрде жүргізіліп, жанжал жағдайларын шешу бойынша заңды шаралар әзірленсін.
96. Қоғамдық, діни бірлестіктер, басқа да үкіметтік емес ұйымдар туралы заңнаманың қолданылуын қадағалау мен тиісті өкілетті органдардың күші аталған субъектілердің тарапынан есеп-тіркеу, қаржы және салық тәртібі мәселелерінде заңдылықтың сақталуына, оларды заңмен тиым салынған қаржы көздері арқылы қаржыландыру фактілерін болдырмауға, заңсыз түрде наразылық жиындарын өткізудің алдын алу үшін оларды ұйымдастырушыларға ұйғарым енгізу, заң талаптарын түсіндіруге және кінәлі адамдарды жауапкершілікке тартуға бағытталсын.
97. Қоғамдық және діни бірлестіктердің қызметіндегі заңдылықтың сақталуын тексерген кезде, еліміздегі қоғамдық-саяси және діни ахуалдың тұрақсыздануына бағытталған қоғам мүддесіне қайшы мазмұндағы әдебиет пен өзге де ақпарат тасымалдаушылардың Қазақстан Республикасына заңсыз әкеліп, тарату фактілеріне назар аударылсын.
Аталған жағдайларда дереу тиісті сараптамаларды тағайындап, 24 сағаттың ішінде Бас прокуратураға хабарлама және заңсыз мазмұндағы басылымның бір данасы немесе оның көшірмесі жолдансын.
98. «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 23 шілдедегі Заңы талаптарының сақталу мәселелері бойынша тексеру қадағалау аумағындағы басылымдарда жарияланатын, таратылатын, телерадиокомпаниялармен шығарылатын және Интернет — ресурстарында орналастырылатын материалдарды үнемі зерделеу негізінде жоспарланып, жүргізілсін.
99. Уәкілетті және жергілікті атқарушы органдардың бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңнаманың сақталуын және аталған саладағы құқыққа қарсы әрекеттердің жолын кесуді қамтамасыз ету жөніндегі бақылау функцияларының тәжірибесіне, жеткіліктілігіне талдау жүргізілсін.
Әркімнің сөз бен шығармашылық еркіндігіне, өз көзқарастары мен сенімдерін баспа арқылы және өзге де нысанда білдіру, заң жүзінде тыйым салынбаған кез келген тәсілмен еркін ақпарат алуға және таратуға Қазақстан Республикасының Конституциясымен белгіленген құқығының қорғалуына бағытталған қадағалауға баса назар аударылсын.
100. Экстремизм немесе терроризмді, сондай-ақ қатыгездікке, зорлық-зомбылыққа бас ұруды, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық басымдықты насихаттауға және ақтауға бағытталған заңдылықты бұзуды болдырмау бойынша шаралар қабылдансын.
101. Бұқаралық ақпарат құралдары, үкіметтік емес ұйымдардың қызметіне қатысты талап енгізу қажеттілігі пайда болатын кезде, Бас прокуратурамен алдын ала келісілсін. БАҚ-пен, үкіметтік емес ұйымдармен байланысты не оның қатысуымен өтетін барлық азаматтық даулар, әкімшілік және қылмыстық өндірістер туралы ақпарат, кімнің іс бойынша тарап болуына қарамастан, міндетті түрде Бас прокуратураға дереу хабарлансын.
102. Қарастырылып отырған мәселелер бойынша әкімшілік, қылмыстық және азаматтық істер бойынша қоғамдық ұйымдардың және бұқаралық ақпарат құралдары үкіметтік емес ұйымдардың қызметінің тоқтатылуы мен қысқартылуы туралы талап арыздар материалдарымен қабылданған шешімдер, олардың соттарда заңды және уақтылы қаралуы, заңда көрсетілген жауапкершілік шараларының қолданылу заңдылығы туралы мәліметтер жинастырылып отырсын.
103. Бұқаралық ақпарат құралдары, қоғамдық бірлестіктер, саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдардың туралы заңнаманың қолданылуын қадағалау жөніндегі жұмыстың нәтижелері жарты жылда кемінде бір рет жинақтап қорытылсын.
Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының прокуратуралары және оларға теңестірілген прокуратуралар жинақтап қорыту нәтижелері, оның ішінде сот-тергеу, прокурорлық практика нәтижелерін, заңнаманы жетілдіру бойынша дәлелді ұсыныстар келтірумен, қадағалау аумағында тіркелген (жұмыс істеп жатқан және жұмыс істемейтін) бұқаралық ақпарат құралдарының, қоғамдық бірлестіктердің, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың саны туралы, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарына, олардың меншік иелеріне не журналистерге қатысты азаматтық, қылмыстық не әкімшілік істердің болуы туралы мәліметтер көрсетілген ақпаратты Бас прокуратураға жолдасын.
Параграф 10. Экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл туралы заңнаманың
қолданылуын қадағалау
104. Аталған қадағалау саласында тұрақты түрде:
1) Қазақстан Республикасының аумағында экстремистік және террористік ұйымдардың (топтардың) қызметтерін осындай ұйымдарды (топтарды) экстремистік немесе террористік деп тану жолымен және олардың қызметіне сот тәртібінде тыйым салу;
2) экстремизм мен терроризмді насихаттауға және ақтауға, соның ішінде сот тәртібінде Қазақстан Республикасы аумағында бұқаралық ақпарат құралдары мен өзге де ақпараттық материалдардың мазмұндарында экстремизм мен терроризмнің белгілері бар өнімдерді таратуға (әкелуге, өндіруге, сақтауға) тыйым салу;
3) заңсыз діни қызметтің жолын кесу бойынша іс-шаралар жүзеге асырылсын.
105. Аталған қадағалау шеңберінде аясында тұрақты түрде:
1) қоғамда экстремизм мен терроризмнің идеологиясын қабылдамау сезімін қалыптастыру мақсатында түрлі тұрғындар топтарының арасында түсіндіру (профилактика), соның ішінде оқу орындарында дәрістер оқу, қоғамдық іс-шараларға қатысу (дөңгелек үстелдер, семинарлар), бұқаралық ақпарат құралдарында тиісті мақалалар жариялау арқылы жұмыстар жүргізілсін;
2) бұқаралық ақпарат құралдарын және өзге де электрондық коммуникация құралдарын пайдалану арқылы экстремизм немесе терроризм көріністерімен байланысты резонанстық оқиғалар туралы тұрғындарға дер кезінде шынайы және нақты ақпарат жеткізілсін (брифинг өткізу, өтініштер мен баспасөз ақпараттарын орналастыру);
3) уәкілетті мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың діни қызмет, экстремизм мен терроризмге қарсы тұру туралы заңнаманың сақталуын қамтамасыз ету бойынша функцияларын жүзеге асыру тәжірибесі, оның жеткіліктілігі, тиімділігі және нәтижелілігі, соның ішінде, терроризмге қарсы операциялар жүргізу; экстремистік немесе террористік қызметті қаржыландырылуды анықтау мен жолын кесу; терроризмге қатысты осал объектілердің терроризмге қарсы қорғауын қамтамасыз ету және осы бағыттағы бақылауды ұйымдастыру; қару, оқ-дәрі, жарылғыш құралдары мен жарылғыш материалдардың айналымына бақылауды қамтамасыз ету, сондай-ақ қолдан жасалған жарылғыш заттарды дайындаудың жолын кесуге бағытталған шаралар қолдану; экстремизм мен терроризмнің алдын алуды жүзеге асыру; терроризм актісі туралы жалған хабарлама бергені үшін кінәлі деп танылған тұлғалардан құқық қорғау және төтенше қызметтердің келуіне байланысты мемлекетке келтірілген материалдық залалды сот тәртібінде өндіру; қоғамдағы ұлтаралық және дінаралық келісімнің тұрақтылығын күшейту; ғибадат үйлерін (ғимаратын) салуға жер телімдерінің бөлінуінің, сондай-ақ діни білім беру ұйымдары қызметтерінің заңдылығы талдансын.
Қарастырылып отырған мәселелер бойынша діни бірлестіктер мен олардың мүшелеріне, сондай-ақ экстремизммен және террористік қызметпен байланысты тұлғаларға қатысты шығарылған сот актілері (қаулылар, шешімдер, үкімдер) туралы мәліметтері болсын.
Жоғарыда көрсетілген бағыттар бойынша қадағалаудың аталған саласындағы жұмыстардың нәтижелерін кемінде жарты жылда бір рет жинақтау қажет.
Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының прокуратуралары және оларға теңестірілген прокуратуралар жинақтап қорыту нәтижелері, оның ішінде сот-тергеу, прокурорлық практика нәтижелерін, заңнаманы жетілдіру бойынша дәлелді ұсыныстар келтірумен, Бас прокуратураға жыл сайын 25 маусымға және 25 желтоқсанға дейін жолдасын.
Параграф 11. Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы
заңнаманың қолданылуын қадағалау
106. Мемлекеттік органдар мен басқа ұйымдарда жүргізілетін тексеру тақырыптамасына қарамай, сыбайлас жемқорлық пен оған жағдай туғызатын құқық бұзушылықтарды анықтау, жолын кесу және алдын-алу прокуратура органдарының басты міндеттерінің бірі деп белгіленсін.
107. Бұл бағыттағы жұмыс қадағаланатын мемлекеттік органдарда заңдылық пен мемлекеттік тәртіптің жай-күйі, олардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша шараларының тиімділігін зерделеу, құқық қорғау органдарымен мемлекеттік органдардың лауазымды қызметкерлерінің заңдарды орындамауы немесе тиісті дәрежеде орындамауы туралы ақпарат пен материалдар, соның ішінде жедел сипаттағы мәліметтер алмасу негізінде жүргізілсін.
108. Бейүкіметтік, оның ішінде шетелдік ұйымдардың сыбайлас жемқорлық мәселелері бойынша тәуелсіз зерттеулерінің нәтижелеріне баса назар аударып, олар сыбайлас жемқорлықтың деңгейін төмендету бойынша шаралар қабылдаған кезде ескерілсін.
Жүргізілетін зерттеулердің объективтілігі мен растығын қамтамасыз ету үшін оның бағалау өлшемдерінің мазмұнын, зерттеу әдістемесін зерттеп, ауқымдылығы мен сапасына, қадағаланатын аумақ пен тұтастай алғандағы мемлекеттің қоғамдық-саяси, әлеуметтік және экономикалық ерекшеліктеріне байланысты қолдану мүмкіндігіне назар аударылсын.
Зерттеу нәтижелерінің бейобъективтілігіне ықпал ететін факторлар анықталған жағдайда, ол туралы Бас прокуратураға хабарлансын.
109. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізу бойынша прокурорлардың алдында тұрған мақсатқа жету үшін мемлекеттік органдар қызметіне қатысты қылмыстық және азаматтық істер бойынша сот-тергеу тәжірибесі үнемі талданып, құқықтық статистика органдарының сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық субъектілері туралы мәліметтер банкісі пайдаланылсын.
110. Жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік органдардағы сыбайлас жемқорлық туралы хабарлары дереу қаралсын, мұндай мәліметтерді алу үшін азаматтарды қабылдау және тұрғындармен кездесу ұйымдастырылып отырсын, әрбір прокуратурада байланыс телефондары орнатылып, ол туралы бұқаралық ақпарат құралдарында мезгіл сайын халыққа хабарлансын.
111. Мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылыққа жол бергені туралы бұқаралық ақпарат құралдарында нақты мәліметтер жарияланса, олар тексеріліп, тиісті шаралар қолданылсын.
Тексеру нәтижесі бойынша заңдылықты қалпына келтіру мен кінәлі адамдарды жауапкершілікке тартуға қолданылған шаралар бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып, Бас прокуратураға ақпарат жолдансын.
112. Мемлекеттік органдарды тексеру кезінде олардың кадр қызметі және қызметкерлерімен мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңнамада белгіленген арнайы талаптардың және қаржы бақылау шараларының орындалуына назар аударылсын.
113. Прокурорлық қадағалау шаралары арқылы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық және сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылық жасаған мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларының заң актілерінде көрсетілген жазаға бұлтартпай тартылуына қол жеткізілсін.
Егер мемлекеттік органдардың басшылары өз өкілеттіктері шеңберінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес шараларын қолданбаса, олардың заңнамада көрсетілген жауапкершілігі жайында мәселе көтерілсін.
114. Мемлекеттік органдардың облыстық деңгейдегі басшыларының заңнаманы елеулі бұзу фактілері анықталса, кінәлі адамдарды жауапқа тарту, тіпті қызметінен босату туралы Қазақстан Республикасы Президентінің және орталық мемлекеттік органдар басшыларына берілетін ұсыныстың жобасы мен тексеру материалдары Бас прокуратураға жолдансын.
115. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың салдарын жоюға, соның ішінде заңсыз алынған мүліктерді қайтаруға, шарттарды жарамсыз деп тануға, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық нәтижесінде қабылданған актілерді жоюға түбегейлі шаралар қабылдансын.
116. Мемлекеттік органдар сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес шараларын қабылдаған кезде заңдылықтың қатаң сақталуы қамтамасыз етілсін.
Параграф 12. Бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара әрекеттесу туралы
117. Ақпарат агенттіктері, баспа, радио және теледидар арқылы халыққа заңдылық пен құқық тәртібінің жағдайы туралы жүйелі түрде хабарлансын.
118. Қоғам назарын аударатын, сондай-ақ заңның өрескел бұзылуын анықтаған прокурорлық тексеру нәтижелері, мемлекет мүддесі, жеке азаматтарға келтірілген зиян орнын прокурорлық шаралармен толтыру туралы ақпарат бұқаралық ақпарат құралдарына жедел хабарлансын. Бұл ретте орынсыз сенсацияға, дүрлігу мен жеңіл-желпілікке жол берілмесін.
119. Бұқаралық ақпарат құралдарымен, азаматтардың қоғамдық және діни бірлестіктерімен өзара әрекеттесуде, оларға тиісті ақпарат беруден негізсіз бас тартуға, прокурорлық қадағалау мен қылмыстарды тергеу барысына араласуға тиым салатын заң талаптары қалтқысыз қадағалансын.
120. Заңдылық пен құқық тәртібін нығайтуда қолданылып жүрген шаралар туралы ақпараттар, материалдар, мақалалар, сұхбаттар, телерадио бағдарламалары және арнайы репортаждарды агенттіктер тілшілерімен, журналистермен, репортерлермен бірлесе әзірлеу тәжірибеленсін.
121. Материалдарды бұқаралық ақпарат құралдарына беру кезінде әркімнің жеке өміріне қол сұғылмауына, өзінің және отбасының құпиясы болуына, ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы туралы Конституцияда белгіленген талаптар қатаң басшылыққа алынсын.
122. Бас прокуратура атынан ресми хабарлар тек Бас прокуратураның баспасөз қызметі арқылы және тек Бас Прокурордың келісімімен ғана жолданатындығы белгіленсін.
123. Баспасөзге берілетін материалдар мұқият тексеріліп, олардың сапасы қамтамасыз етілсін.
124. Бас прокуратураға ұсынылған материалдардағы деректердің растығы мен толықтығы үшін жауапкершілік оларды берген прокуратура органдарының бірінші басшыларына жүктелсін.
3. Қорытынды ережелер
125. Халықтың прокуратура органдарына сенім білдіру деңгейі мен олардың елдегі заңдылық жағдайын жақсарту бойынша қабылдап жатқан шараларының тиімділігі прокуратура органдарының қызметін бағалаудың негізгі өлшемдері болып есептелсін. Аталған өлшемдерге сәйкес келу үшін төмендегілер қамтамасыз етілсін:
1) адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының, қоғам мен мемлекет мүдделерінің іс жүзінде қорғалуы;
2) прокурорлық қадағалау шараларымен қоғамдық қарым-қатынастың барлық салаларындағы құқық бұзушылықтар мен олардың туындау себеп-салдарының дер кезінде анықталуы әрі іс жүзінде жойылуы;
3) қадағалаудың нақты саласындағы заңдылық жағдайына нақты ықпал ету арқылы сандық көрсеткіштердің ізіне түсудің доғарылуы;
4) заң бұзушылардың, соның ішінде мемлекеттік билік пен басқару органдарының лауазымды тұлғаларының қызмет деңгейіне қарамай, жауапкершілікке тартылуының бұлтарыссыздығы;
5) мемлекеттік органдар мен меншік нысанына байланыссыз ұйымдар және олардың лауазымды тұлғаларының заңсыз іс-әрекеттері салдарынан мемлекетке келтірілген зиян орнының толтырылуы.
126. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлар қажет жағдайда жоспарлы және өзге тексеру жүргізген кезде Республиканың басқа аймақтарының прокурорларымен ақпарат алмасу, жеке тапсырмаларды орындау, прокуратура қызметкерлері мен мамандарын бөлу арқылы тікелей және жедел өзара қарым-қатынасты қамтамасыз етсін.
127. Прокурорлық қадағалау актілері мен оларға жауаптардың көшірмелері Бас прокуратураның Деректер жиынтығына жүйелі түрде және дер кезінде жолдансын.
128. Қадағалауды неғұрлым тиімді жүзеге асыруға және қолда бар ресурстарды ұтымды пайдалануға ықпал ететін әдістер мен жаңаша жұмыс істеу бойынша ізденістер үнемі жүргізілсін.
129. Заңдылықты бұзу және оған ықпал еткен себептер мен жағдайларды анықтау үшін жұмыстың талдаушылық әдістері белсенді пайдаланылып, мемлекеттік органдар деректерін, статистикалық мәліметтер мен басқа да ақпараттарды уақтылы талдау және оның негізінде ықпал ету шараларын қабылдау көп жағдайда бұзушылықтарды ескертуге немесе олардың салдарын тексеру жүргізбестен азайтуға мүмкіндік беретіндігі ескерілсін.