Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 16 қаңтардағы № 731 Жарлығы

 

ТҮСІНДІРМЕ

 

Қазақстан Республикасы құқықтық жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырган Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 24 тамыздағы № 858 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасына өзгерістер мен толықтырулар бекітілсін.
2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

 

Қазақстан Республикасының
      Президенті                                  Н.Назарбаев

 

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2014 жылғы 16 қаңтардағы
№ 731 Жарлығымен
бекітілген

 

   Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 24 тамыздағы № 858 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасына өзгерістер мен толықтырулар

 

Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 24 тамыздағы № 858 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
«Кіріспе» деген 1-бөлімде:
бесінші бөлік алып тасталсын;
мынадай мазмұндағы он бірінші, он екінші, он үшінші және он төртінші бөліктермен толықтырылсын:
«Сонымен қатар, әлемдік экономика мен саясатта болып жатқан іргелі өзгерістер, жаһандану процестері, сондай-ақ елдің ішкі даму серпіні қол жеткізгенге тоқмейілсуге мүмкіндік бермейді. Ұлттық құқықтың уақыттың жаңа талаптарына сәйкестігін қамтамасыз ету, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында ХХІ ғасырдың перспективаларына сай келмейтін құқықтық догмалардан түпкілікті арылып, мемлекеттің норма түзушілік және құқық қолдану қызметін одан әрі жетілдіру қажет.
Қазақстан үшін батыл мақсатты айқындау – 2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына ену – адам, қоғам өмірінің сапасын арттыру және мемлекеттілікті нығайту үшін елдің жүргізіп отырған бағытын тиімді қамтамасыз етуге тиіс ұлттық құқықтық жүйеге жоғары талаптар қояды.
Сондықтан қазақстандық құқықтық жүйе құқықтарды қорғауды қолданудың қолайлы әрі сенімді болуы мәселелерінде әлемнің дамыған елдерінің заңнамасымен тең бәсекеге түсе алуы тиіс. Жалпы жаһандану және әлемдік бәсекелестіктің өсуі жағдайында көптеген елдер құқықтық жүйелерін жаңғырту және оларды адамның мұқтаждары мен қажеттіліктеріне және инвесторлардың мүдделеріне барынша жақындату қажеттігімен бетпе-бет келді. Бәсекеге қабілетті құқықтық жүйе өз құзырына бизнес пен инвестицияларды көбірек тартатыны, оның жемісі осы идеялар іске асқан елге дивидендтер әкеліп, кейіннен бүкіл әлем пайдаланылатын, батыл да озық идеяларды іске асыруға ықпал ететіні белгілі.
Сондықтан қазіргі кезеңде басым ұлттық жобаларды табысты іске асыру, қоғамдық маңызы бар өзекті міндеттерді шешу теңгерімді құқықтық саясат жүргізуден тікелей туындайды, бұл үшін тек өз тәжірибесі мен практикасын ғана ескеріп қана қоймай, қажет кезде біздің құқықтық жүйемізге дәстүрлі түрде тән болмаса да, іс жүзінде өзінің тиімділігін дәлелдеген, біздің ұлттық мүдделерімізге сай келетін басқа да институттарды пайдаланатын барынша прагматизм талап етіледі. Мұндай пайдалану түрлі құқықтық жүйелердің әлемде болып жатқан конвергенциясы процестерінде ұлттық құқықты жаңғырту үшін пайдалы болуы мүмкін.»;
он бірінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
«Қазақстандық құқықты жаңғырту ісінде ауқымды жұмыс осыған дейін атқарылды. Отандық құқықтық жүйенің бәсекеге кабілеттілігін арттыра түсу үшін қолданыстағы заңнаманы жүйелеу, заңнама салалары бөлігінде одан әрі топтастыру; оны ескірген және қосарлас нормалардан арылту, құқықтық реттеудегі олқылықтардың орнын толықтыру, қолданыстағы құқықтағы ішкі қайшылықтарды жою; заңдардағы сілтеме нормаларды азайту және Конституцияға сәйкес заңнамалық актілер қабылдана алатын мәселелер аясында тікелей қолданылатын заңдарды қабылдау практикасын кеңейту жөніндегі жұмысты жалғастыру қажет.»;
мынадай мазмұндағы жиырма төртінші, жиырма бесінші, жиырма алтыншы және жиырма жетінші бөліктермен толықтырылсын:
«Конституцияда бекітілген экономикалық еркіндік негіздері және Негізгі заңның базасында қалыптастырылған құқықтық кеңістік адамдардың шығармашылық бастамаларының дамуына күшті серпін беріп, қоғамдық өмірдің барлық салаларында жаңғырту факторына айналды.
Экономикалық өсу мен кәсіпкерлікті дамыту елде жүйелі экономикалық реформалардың құқықтық іргетасына және серпінді дамушы, ал болмысы жағынан біртекті емес тиісті заңнаманың қалыптасуына әкелді.
Сонымен қатар, қазіргі кезде кәсіпкерлік қызметті заңнамалық реттеуде, сондай-ақ бизнес үшін экономика саласындағы заңдардың қолданылуын барынша жеңілдетуде және қол жеткізуде әралуандық пен жүйесіздікті жою қажеттігі туындады.
Аталғандар кәсіпкерлікті реттейтін жүйе айналасында құрылатындай орталық актінің – кодекстің болу қажеттігін талап етеді.»;
«Ұлттық құқықты дамытудың негізгі бағыттары» деген 2-бөлімде:
2.1-кіші бөлім:
мынадай мазмұндағы он сегізінші бөлікпен толықтырылсын:
«Жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуде халықтың рөлі мен белсенділігін арттыру жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың нәтижелері болуға тиіс»;
мынадай мазмұндағы он тоғызыншы бөлікпен толықтырылсын:
«Мұндай жұмыс мемлекеттік және өзін-өзі басқару негіздерін ұтымды бөлу тұрғысынан жергілікті өкілді және атқарушы органдар мәртебесінің өзгеруімен қатар жүргізілуі тиіс. Осы тұрғыдан алғанда әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы заңнамада әрбір әкімшілік-аумақтық бірліктің рөлі мен мақсатына нақты анықтама беру қажет, бұл мемлекеттік билік және жергілікті өзін-өзі басқарудың әрбір органының рөлі мен мақсатын тиісінше анықтауға негіз болады. Бұл заңнамада түрлі әкімшілік-аумақтық бірліктер, оның ішінде моноқалалар мәртебесінің ерекшеліктерін және халықтың лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз ететін мемлекеттік институттардың қызметін нақты көрсетуге мүмкіндік береді.»;
2.2-кіші бөлімде:
мынадай мазмұндағы алтыншы бөлікпен толықтырылсын:
«Электрондық үкімет» инфрақұрылымының базалық құрауыштарын одан әрі жаңғырту батыс еуропалық елдерде ойдағыдай жұмыс істейтін «e-justice» жүйесінің элементтерін енгізу арқылы жүзеге асырылуы мүмкін. Бұл азаматтар мен заңды тұлғалар мемлекеттік органдарға және соттарға жүгінген кезде біртіндеп қағазсыз құжат айналымына көшуге мүмкіндік береді.»;
тоғызыншы бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
«Барабар әкімшілік-құқықтық реттеу мемлекеттік қызметтер көрсетудің стандарттарын толыққанды енгізуді талап етеді. Мемлекеттік қызметтер тізілімін кеңейту, жаңа технологияларды пайдалана отырып, олардың орындалуына тиімді сыртқы бақылау енгізу қажет. «Жалғыз терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік көрсетілетін қызметтің кейбір түрлерін көрсету ХҚО-лардың қызметін реттейтін тиісті құқықтық базаны қалыптастыруды талап етеді.»;
жиырма үшінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
«Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қарайтын сот және соттан тыс инстанциялар арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажыратудың нақты тұжырымдамасын айқындаған жөн. Бұл ретте әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы жаңартылған заңнама қолдануда қарапайым әрі тиімді болуы және негізінен құқықтар мен заңды мүдделерге қол сұғушылықтан соттан тыс қорғауға бағытталуы тиіс»;
мынадай мазмұндағы 2.3.1-кіші бөліммен толықтырылсын:
«2.3.1. Мемлекеттің дамуы және ұлттық экономикалық өсуін қамтамасыз ету үшін біздің еліміздің табиғат ресурстары байлығының стратегиялық маңызы бар. Осыған байланысты жер қойнауын пайдалану және осы салаға инвестициялар тарту туралы заңнама тек отандық және шетелдік инвесторлар үшін ғана тартымды болып қоймай, қолда бар ресурстарға ұқыптылықпен және ұтымды қараудың жаһандық талаптарын да барынша ескеруі тиіс.
Қазақстан минералды-шикізат ресурстарына бай болғанымен, осы артықшылық қазіргі заманғы дамудың неғұрлым кең мүмкіндіктерін қамтамасыз ету үшін де, сол секілді болашақ ұрпақтың  мұқтажын қанағаттандыру үшін де пайдаланылуы тиіс.
«Жасыл экономиканы» дамытуға салынатын инвестициялар тартымды болуы, ал бұл үшін ынталандыруларды ресурс үнемдеуші құндылықтарға негізделген құқықтық мәдениетті қалыптастыра отырып, қолданыстағы құқықта көздеу қажет.
Осылайша, осы саладағы заңнамада:
кен орындарын игеруде жоғары технологиялық тәсілдерге;
инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде жоғары экологиялық стандарттарды сақтауға;
инвестициялық жобаларды іске асырудың барлық салаларында және барлық сатыларында ұлттық кадрларды кеңінен тартуға;
Қазақстан аумағында технологиялардың трансферті және жаңа өндірістер құрылған жағдайда, әдетте шетелдік инвесторлардың пайдалы қазбаларды өндіруіне;
жер қойнауын пайдалануға рұқсаттарды беру процесінің ашықтығына қойылатын талаптар көрсетілуі тиіс»;
2.4-кіші бөлім мынадай редакцияда жазылсын:
«2.4. Қазақстанның азаматтық құқығы өз дамуының бірнеше кезеңінен өтті. Республиканың ауқымды кодификацияланған актісі болып табылатын қазіргі Азаматтық кодекс тауар-ақша қатынастарын реттеудің: меншік нысандары теңдігінің және оған қол сұғылмаушылықтың, шарттың еркіндігінің, азаматтық айналым субъектілерінің теңдігі тәрізді негізгі принциптерін қалады.
Жекеше құқықтың дамуының қазіргі кезеңінде қоғамдық қатынастарды реттеудің жариялы-құқықтық және жекеше-құқықтық әдістерінің арақатысы проблемасы және осыдан туындайтын жеке кәсіпкерлік қызметке мемлекеттің араласуының шегі алдыңғы қатарға шығады.
Жариялы-құқықтық және жекеше-кұқықтық мүдделерді ескере отырып, азаматтық құқық пен құқықтың басқа да салалары арасындағы арақатынасты оңтайландыру қажет. Бұл ретте жариялы-құқықтық қатынастар шарттық-кұқықтық әдістермен реттеле алмайтынын ескеру керек. Әсіресе, бұл ұлттық және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласына қатысты болып табылады.
Іске қатысушы адамдардың өздерінің материалдық және іс жүргізу құқықтарына өз қалауы бойынша заңдармен тыйым салынбаған шамада иелік ету мүмкіндігін білдіретін жекеше құқықтың диспозитивтігін кеңейту жұмысын жалғастырған жөн. Бұл ретте диспозитивтік принципті қолдану жариялы мүддені қозғайтын азаматтық-құқықтық қатынастарға қолданылмауға тиіс.
Афилиирленген мәмілелерге тыйым салынбайтыны, алайда, заңда белгіленген жағдайларда алдын ала тексеруге жататынына назар аудара отырып, оның жалпы ұғымын айқындау маңызды. Афилиирлену фактісін белгілеу заңды мүдделері осындай мәмілемен бұзылатын тұлғаның талабы бойынша мәмілелерді заңсыз деп тану мүмкіндігі үшін негіз болуға тиіс.
Акционерлік қоғамдардың мәртебесі олардың құқықтық табиғатын және шешетін мәселелерінің кешенділігін ескере отырып, оның ішінде «жария корпорациялар» деп аталатындар тұрғысында қарау талап етіледі. Акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанын коммерциялық емес ұйым ретінде пайдалану мүмкіндігі туралы мәселені тұжырымдамалық тұрғыдан шешкен жөн.
Азаматтық айналымға қатысушы бағалы қағаздардың барлық спектрін Азаматтық кодексте тіркеу мәселесін де қарау қажет.
Азаматтық-құқықтық нормаларды қолдану практикасы азаматтық құқықтардың бұзылуынан келген шығындарды айқындаудың жеткілікті реттелмегенін көрсетеді. Осыған байланысты нақты зиян мен жіберіп алған пайданы айқындау тәртібін бекіту өзекті болып табылады.
Мәмілелерді жарамсыз деп тану институтын жетілдіру талап етіледі.
Кейіннен заңсыз деп тану тараптардың бірінен мәміле затын алып қою тәуекелін қамтитын мәмілелерді азаматтардың қатысуымен ерікті сақтандыру үшін заңнамалық ынталандыруларды тұжырымдау керек.
Осылайша, мәмілелер ұғымын, олардың құрамы мен орындалмау салдарларын нақтылау қажет.
Практика заттық құқық түрлерін заңнамалық кеңейту, бұл ретте оларға сервитут ұғымын енгізе отырып кеңейту қажеттігін көрсетеді.
Сонымен қатар, заттық құқықтар пайда болуының негіздерін кеңейту мәселесін қарау қажет. Бұл ретте заттық құқықтың құрамын ғана емес, сонымен бірге, олардың жекелеген түрлерін пайдалану режимін де нақтылау талап етіледі.
Кәсіпкерлік белсенділікті ынталандыру мақсатында агенттерді азаматтық құқық субъектілері қатарына енгізу және шарт институтының мүліктік айналымында кеңінен қолданылатын агенттік келісім мәселелерін регламенттеудің орындылығын қарау қажет.
Азаматтық кодекстің міндеттемелер туралы жалпы және арнайы нормаларын жетілдіру жөнінде шаралар қабылдаған жөн.
Ұлттық мүдделерді ескере отырып, зияткерлік меншік құқығын айқындайтын нормативтік құқықтық актілерді осы саладағы халықаралық стандарттарға сәйкес келтіруге баса назар аудару қажет.
Авторлық құқық саласында нақты авторлык құқықтарды қорғау деңгейін көтеру маңызды міндет болып табылады. Атап айтқанда, Интернет желісіне орналастырылған туындылардың авторлық құқықтарын қорғаудың жай-күйін терең зерделеу талап етіледі.
Техникалық шешімдерді – пайдалы модельдер өнертабыстары мен өнеркәсіптік үлгілерді құқықтық қорғау жетілдіруді талап етеді. Әлемдік жаңалық критерийі бойынша техникалық шешімді тексермей өнертабысқа берілетін қорғау кұжаттарынан (инновациялық патент) заңнамалық тұрғыдан бас тарту қажет.
Озық технологиялар мен жоғары технологиялы инвестицияларды тарту үшін шетелдік патент иелері мен инвесторлардың құқықтарын қорғауды одан әрі күшейту, сондай-ақ іскерлер қауымын қазақстандық патенттік жүйенің қазіргі заманғы сипаты жөнінде кеңінен хабардар ету қажет.
Зияткерлік меншікті қорғау туралы заңнаманың проблемалы жағы ашылмаған ақпаратты және өндіріс құпияларын (ноу-хау), сондай-ақ құпия өнертабыстар мен фирмалық атауларды қорғау туралы заңдардың жоқтығы болып табылады. Бұл олқылықтың орнын толтыру керек.
Мемлекеттік бюджет қаражатының есебінен жасалған зияткерлік меншік объектілерінің кімге тиесілі екендігі туралы мәселе де шешімін табуды талап етеді. Қазіргі кезде осы объектілер әзірлеушілерге тиесілі, ал олардың қатарында жеке тұлғалар да бар. Зияткерлік меншік құқықтарын иеленуші – мемлекеттік орган туралы мәселені заңнамалық тұрғыдан шешу қажет.
Банкроттық, әсіресе, жеке кәсіпкерлердің банкроттығына қатысты рәсімдер жетілдіруді және құқықтық реттеуді қажет етеді.»;
мынадай мазмұндағы 2.4.1-кіші бөліммен толықтырылсын:
«2.4.1. Кәсіпкерлік заңнаманы дамыту мәселелері
Бүгінде бүкіл жеке заңнаманың, соның ішінде кәсіпкерлік заңнаманың өзегі болып отырған Азаматтық кодекс қазіргі заманғы экономиканың базалық құқық қатынастарының әралуандығын көрсете алмайды, оның үстіне кәсіпкерлік саладағы жариялы-құқықтық қатынастарды регламенттей алмайды.
Осының салдарларының бірі соңғы жылдары кәсіпкерлік қызметті реттейтін мамандандырылған заңдар санының күрт өсуі болып табылады.
Мәселен, нарықтық экономиканың кейбір салалары Азаматтық кодекстің қолданылу аясына түсе отырып, негізінен арнайы актілермен, тіпті заңдармен ғана емес, заңға тәуелді актілермен реттеледі.
Бұдан басқа, қолданыстағы құқық заңды тұлғалардың әртүрлі екенін ескере бермейді. Атап айтқанда, экономика саласындағы мемлекеттік басқару тиімділігі мен жинақылығы міндеттерін шешу жария функциялар берілген субъектілердің құқықтық мәртебесін регламенттеуге мәжбүр етеді. Мұндай занды тұлғалар қазақстандық құқықтық болмыста бар.
Осыған орай, жария және жеке құқықты заңды тұлғаларға бөлу туралы мәселенің шешілгеніне қарамастан, мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың құқықтық мәртебесін нақтылауға, жарғылық капиталына мемлекет қатысатын заңды тұлғаларды басқару мен бақылау мәселелерін шешуге бағытталған тиісті шараларды қабылдау орынды болмақ.
Кәсіпкерлік заңнама жаңарту үшін пісіп-жетілді. Бұл саланы реттейтін жаңа сапалы заңнамалық акт қажет.
Кәсіпкерлік кодекс кәсіпкерлік жалпыға міндетті мінез-құлық қағидаларын (ұйғарымдарды) нормативтік деңгейде белгілеу жолымен кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру кезінде жария және жеке мүдделердің теңгерімділігін қамтамасыз ететін кепілге айналуға тиіс.
Кәсіпкерлік реттейтін заңнамада қамтылған түсініктерді нақтылап, біріздендіру, Кәсіпкерлік кодексте қоғамдық қатынастардың осы саласына арналған бірыңғай терминологияны бекіту қажет.
Осы кодекс мәні жағынан, бизнес саласында әкімшілік кедергілердің өсуіне басты заңдық кедергі болатындай, кәсіпкерлікті реттеудің отандық әрі шетелдік практикасында бар ең үздіктерін қамтуға тиіс.
Кәсіпкерлік ортаны жақсарту тұрғысында құқықтық бизнес мәдениеті мен іскерлік этикасын кәсіпкерлердің өздері дамытатындай жағдай жасау қажет.
Осылайша, қазіргі кезде Қазақстан Республикасында кәсіпкерлікті ұйымдастырудың, мемлекеттік реттеу мен қолданудың бірыңғай базалық бастауын айқындаудың прагматикалық міндеті тұр.»;
2.6-бөлімде:
төртінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
«Бұл ретте еңбек қызметі мен қызметкерлердің еңбек жағдайының сипатына байланысты еңбек және әлеуметтік заңнаманы одан әрі саралау мәселелері, сондай-ақ әлеуметтік әріптестіктің құралдары мен қолдану саласын кеңейту мәселелері пысықтауды талап етеді. Ұлттық компаниялардың, ұлттық даму институттарының және мемлекет акционер болып табылатын басқа да заңды тұлғалардың ұжымдары жүзеге асыратын еңбек қызметіне мүмкіндігі шектеулі адамдардың қатысу мәселесін құқықтық реттеу қажет. Бұл ретте, олардың денсаулық жағдайын ескере отырып, мұндай адамдар үшін бірыңғай қауіпсіздік талаптары мен еңбек жағдайларын көздеу керек.»;
мынадай мазмұндағы бесінші және алтыншы бөліктермен толықтырылсын:
«Азаматтардың әлеуметтік көңіл-күйін пәрменді ұйымдық-құқықтық реттегіштер жасау мемлекеттің, оның органдары мен лауазымды тұлғаларының ерекше назарында болуға тиіс.
Әрбір мемлекеттік қызметші өзінің жұмыс орнында өздерінің мемлекеттік биліктің мүддесін білдіретінін түсінуі, осыған орай азаматтардың әрбір пікіріне барынша мұқият және мүдделілікпен қарауы, қай жерде және қандай себеппен туындаса да, туындаған жанжалдардың алдын алуға не болдырмауға тиіс»;
2.7-кіші бөлім мынадай редакцияда жазылсын:
«2.7. Азаматтық-іс жүргізу құқығы сот төрелігінің қолжетімділігін, азаматтық сот ісін жүргізуге қатысушылардың құқықтарын барынша іске асыруды қамтамасыз етуге, жеке адамның бұзылған құқықтары мен бостандықтарын, коғам және мемлекет мүдделерін уақтылы қорғауға және қалпына келтіруге арналған.
Қолданыстағы азаматтық іс жүргізу заңнамасының нормалары осы мақсаттарды көздей отырып, экономиканың тез дамуына және құқықтық дауларды шешу қажеттігіне, азаматтардың заңгерлік сауаттылығының артуына байланысты болып жатқан өзгерістерді толық көлемде ескеруге тиіс.
Қазіргі заманның болмысы тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың жаңа жүйесін енгізуді, меншік құқықтары мен шарттық міндеттемелердің қорғалуын күшейтуді талап етеді, сондай-ақ олар сот ісін жүргізудің жекелеген элементтерін түзету мен жеделдетілген талап-арыз арқылы іс жүргізуді енгізуді көздейді.
Сот ісін жүргізудің қолданыстағы жүйесін жаңартпай жеделдетілген талап-арыз арқылы іс жүргізуді енгізу мүмкін емес.
Жаңа Азаматтық іс жүргізу кодексі кейбір істер бойынша сот инстанциялары санын мүмкіндігінше қысқарта отырып, азаматтық істерді қараудың сараланған мерзімдерін белгілеп, азаматтық сот ісін жүргізудің икемділігін қамтамасыз етуге тиіс.
Азаматтық іс жүргізу заңнамасын жетілдіру жөніндегі шаралар:
1) азаматтық істерді, соның ішінде кәсіпкерлерге қатысты істерді қарау тәртібін барынша төрешілдіктен арылтуға;
2) мамандандырылған соттардың істің соттылығын соттылықты айқындаудың ерекше субъектілік қағидатынан субъектілік-мәндік қағидатына көшу негізінде, яғни сот ісі ауқымына тартылған субъектілердің санаттарын ескере отырып және құқықтық қатынастың сипатына қарай айқындауына;
3) азаматтық сот ісінің жеңілдетілген тәртібінің саласын кеңейту, оның ішінде бұйрықтық іс жүргізуді қолдану саласын кеңейту жолымен, сондай-ақ мамандандырылған соттарға соттылығы тиесілі істер бойынша сот ісін жеңілдету арқылы одан әрі кеңейтуге;
4) азаматтық істерді жедел қарап шешуді қамтамасыз ету мақсатында сот талқылауына істерді дайындау сатысын оңтайландыруға;
5) істі түпкілікті шешуді жеңілдету мақсатында соттың іс бойынша жаңа шешім қабылдау (істі мәні бойынша қайта қарау) жөніндегі апелляциялық сатыдағы өкілеттіктерін іске асыру мүмкіндіктерін одан әрі кеңейтуге және сот актілеріне шағымдану құқығын іске асыруды қамтамасыз етуге;
6) жеке-құқықтық жанжалдар тараптары арасындағы бітімге қол жеткізудің сот тәртібімен, сондай-ақ соттан тыс тәртіптегі түрлі жолдары мен тәсілдерін, оның ішінде істі сот талқылауына дайындаған кезде келісушілік рәсімдері шараларын пайдалану мүмкіндігін талқылаудың міндеттілігін бекітуге, сондай-ақ азаматтық құқықтарды қорғаудың соттан тыс нысандарын дамытуға (медиация, делдалдық және басқалары);
7) электрондық сот ісін жүргізу және соттардың қызметінде ақпараттық технологияларды пайдалану тәртібін регламенттеуге бағытталуы мүмкін. Бұл арада іс бойынша тараптардан ақпаратты талап етуді қажет етпей, соттар мен өзге де мемлекеттік органдардың арасында ақпараттық алмасуды оңтайландыру туралы, бейнебайланыс, теле- және бейнеконференциялар арқылы бірқатар процессуалдық әрекеттерді қашықтан жүргізу мүмкіндігі туралы сөз болып отыр;
8) істерді тез және сапалы қарауға кедергі болған, дәлелдемелерді жасырған, сотқа қатысудан жалтарған кезде сот ісін жүргізуге қатысушылардың процессуалдық құқықтары мен материалдық мүдделерін шектеу мүмкіндігін көздей отырып, олардың барынша тәртіпті болуын қамтамасыз етуге бағытталуы мүмкін.
Сотты құрметтемегені үшін айқын қылмыстар бойынша азаматтық сот ісін жүргізу шеңберінде қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесін де қарастыруға болады.»;
2.8-кіші бөлімде:
бесінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
«Қазақстан ратификациялаған халықаралық шарттармен қылмыстық заңды сәйкес келтіру маңызды болып табылады. Бұл арада, атап айтқанда, сөз қылмыстық сипаттан арылту ғана емес, керісінше кейбір құқық бұзушылықтардың жекелеген түрлеріне қылмыстық сипат беру, сондай-ақ қылмыстық әрекеттердің кейбір санаттары үшін, соның ішінде экологиялық, экономикалық және сыбайластық қылмыстары үшін заңды тұлғалардың қылмыстық жауаптылығын енгізу туралы болып отыр.»;
мынадай мазмұндағы алтыншы бөлікпен толықтырылсын:
«Қылмыстық құқық бұзушылықтарды жіктеу және санатқа бөлу критерийлерін айқындауда жаңа тәсілдер қажет. Әлемнің бірқатар елдерінде жасалғандай, Қылмыстық кодекс қылмыстық жазаланатын әрекеттердің өзге жіктемесіне: тиісті санаттағы қылмыстарға және қылмыстық теріс қылықтарға негізделуі мүмкін. Қылмыстық теріс қылық үшін соттау соттылыққа әкелмеуге тиіс»;
алтыншы бөлікте:
мынадай мазмұндағы екінші абзацпен толықтырылсын:
«қылмыстық заңға «қылмыстық теріс қылық» санатын енгізу;»;
екінші және үшінші абзацтар мынадай редакцияда жазылсын:
«экономикалық салада аса қоғамдық қауіп туғызбайтын кұқық бұзушылықтарды әкімшілік құқық бұзушылықтар қатарына ауыстыра отырып, одан әрі қылмыстық сипаттан арылтуға, сондай-ақ жекелеген қылмыстық құқық бұзушылықтардың ауырлық дәрежесін қылмыстық теріс қылықтар санатына ауыстыру немесе жазаны жеңілдету арқылы (депенализация) қайта бағалауға;
кәмелетке толмағандарға, олардың құқықтары мен заңды мүдделеріне қауіп төндіретін қылмыстар үшін, террористік, экстремистік және сыбайлас жемқорлық қылмыстар үшін, ұйымдасқан қылмыстық топ немесе қылмыстық қауымдастық құрамында қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықты күшейтуге;»;
2.9-кіші бөлімде:
мынадай мазмұндағы алтыншы бөлікпен толықтырылсын:
«Осы тұрғыда жеке өмірге қол сұғылмау ұғымының анықтамасына ғылыми-негізделген құқықтық тәсілдерді тұжырымдау қажет.»;
жетінші бөлікте:
мынадай мазмұндағы екінші абзацпен толықтырылсын:
«хаттамалық нысанның элементтерін пайдаланып, қылмыстық теріс қылықтарға қатысты қылмыстық сот ісін жүргізу тәртібін заңнамалық регламенттеу;»;
үшінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
«тергеуге дейінгі тексеруді заңнамалық алып тастау;»;
алтыншы абзац алып тасталсын;
жетінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
«процессуалдық келісім институтын заңнамалық дамыту»;
«Құқық қорғау мен сот жүйелерін және құқық қорғау институттарын дамытудың негізгі бағыттары» деген 3-бөлімде:
3.1-кіші бөлімде:
екінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
«Сонымен қатар, мемлекеттің құқық қорғау қызметі одан әрі дамытуды және жетілдіруді талап етеді. Осыған байланысты бұл қызметтегі басты басымдық мыналар болуға тиіс: қылмысқа қарсы күрес, заңдылықты және қоғамдық қауіпсіздікті камтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандығын қорғау, мемлекеттің кез келген құқық бұзушылыққа ден қою әрекетінің бұлтартпастығын қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтарға «мүлдем төзбеушілік (толерантты болмау)» принципін мүлтіксіз ұстану, қылмыстарды жылдам әрі толық ашу, оларды жасаған адамдарды әшкерелеу және қылмыстық жауаптылыққа тарту, құқық бұзушылықтардың алдын алу, қылмысқа қарсы күресте азаматтармен өзара іс-қимылдар жасасу.»;
төртінші бөлік алып тасталсын;
мынадай мазмұндағы төртінші, бесінші, алтыншы, жетінші және сегізінші бөліктермен толықтырылсын:
«Ұлттық құқықтық жүйені жаңғыртудың кезекті кезеңінің шеңберінде азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау мүддесі үшін қолданылатын және біздің құқық қорғау жүйемізді қазіргі заманның сын-тегеуріндеріне барабар ден қоюға мүмкіндік беретін жаңа деңгейге шығаратын жаңа редакциядағы тиісті кодекстерді әзірлеу және қабылдау арқылы қылмыстық, қылмыстық іс жүргізу, қылмыстық атқару және әкімшілік-деликтік заңнаманы реформалауға қажеттілік бар.
Қылмыстық сот ісін жүргізудің мүлдем жаңа бейнесі бұған құқықтық және сот жүйесінің жалпы мемлекеттік аппараттың дайын болуын талап етеді.
Соңғы екі он жылдықта қабылданған шараларға карамастан, құқық қорғау блогындағы өзгерістер негізінен кеңестік парадигманың шеңберіндегі жаңғырту шараларына шоғырланды.
Жаңа қылмыстық заңнама, ең алдымен, қылмыстық іс жүргізу заңнамасы қолданысқа енгізілгеннен бастап құқық қорғау жүйесінде жүйелі, түбегейлі өзгерістер болады.
Жаңа жағдайларға, ең бастысы, адам құқығы болып табылатын заң шығару өрісінде тиімді жұмыс істей білуге бейімделу бірінші кезекте еліміздің құқық қорғау жүйесінің ұйытқысы болып табылатын прокуратура қызметін жетілдіруді талап етеді.»;
он төртінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
«Құқық қорғау органдарының тиімді қызметін қамтамасыз ету мақсатында олардың қызметін сандық көрсеткіштер бойынша ғана емес, сонымен қатар, сапалық параметрлері бойынша да бағалаудың өлшемдерін нақты айқындау кажет. Құқық қорғау органдарының қызметінде басты көрсеткіш азаматтардың оларға деген сенім деңгейі болуға тиіс»;
мынадай мазмұндағы он алтыншы бөлікпен толықтырылсын:
«Құқық қорғау органдары басқарудың жаңа технологияларына мұқтаж. Осы бағытта жекелеген шаралар мемлекеттік көрсетілетін қызметті ұсынудың міндетті стандарттарын бекіту, Е-үкімет жүйесін және олардың қызметіне, атап айтқанда, мемлекеттік мәжбүрлеу шараларына және тергеу әрекеттеріне санкция беруге, жауап алуды жүргізуге және басқаларына байланысты олардың процессуалдық өзара іс-қимыл жасау кезінде сервистік технологияларды (бейнеконференцбайланыс, электронды цифрлық қолтаңбалар, жергілікті тораптар және электронды/цифрлық байланыстың өзге де құралдары) енгізу болуы мүмкін.»;
3.2-кіші бөлімде:
үшінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
«Оны дамытудың негізгі арқауы соттар мен судьяларды мамандандыру, оның ішінде ювеналдық соттарды дамыту, қылмыстық істерді қарайтын мамандандырылған соттар құру болып табылады, келешекте салық соттары және басқа да мамандандырылған соттар құрылуы мүмкін.»;
мынадай мазмұндағы алтыншы бөлікпен толықтырылсын:
«Негізгі заңға сәйкес судья сот төрелігін жүзеге асыру кезінде тәуелсіз және тек Конституция мен заңға бағынады (77-баптың 1-тармағы). Сот актісі соттағы дауласушы тараптар арасында жаңа жанжалдарды тудырмай, дау-дамайды барынша шектеуі тиіс»;
тоғызыншы бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
«Сот ақпаратын тіркеудің заманға сай құралдарын енгізу сот ісінде бәсекелестік принципін іске асыруға ықпал етеді. Сот жүйесін жоспарлы түрде ақпараттандыру сот төрелігін іске асыру процесінде жедел ақпараттық-құқықтық қолдауды қамтамасыз етуге, істерді қарау тәртібін жеңілдетуге және мерзімдерін қысқартуға, сот шешімінің орындалу тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.»;
он үшінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
«Сот ісін жүргізудің аяқтау сатысы сот актілерін орындау болып табылады, сондықтан олардың мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ететін шаралар қабылдануы қажет. Осыған байланысты мемлекеттік сот орындалуымен қатар жеке сот орындаушыларының институтын енгізу – сот ісін жүргізудің тиімділігін арттырудың маңызды шарасы. Сот шешімдерін орындаудың аралас моделі шеңберінде мемлекеттік сот орындаушылары мемлекеттен өндіріп алу жөніндегі құжаттарды мәжбүрлеп орындату құқығына ие болуға тиіс».

Источник: http://adilet.zan.kz/kaz/docs/U1400000731