Право и СМИ Центральной Азии

Электрондық ақпараттық ресурстарды мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарына орналастыру ережесі

1. Жалпы ережелер

1. Осы Ереже «Ақпараттандыру туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 11 қаңтардағы Заңына сәйкес әзірленді және электрондық ақпараттық ресурстарды мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарына орналастыру тәртібін айқындайды.
ҚР Үкіметінің 2009.30.12. № 2305 Қаулысымен 2-тармақ өзгертілді ( бұр.ред.қара)
2. Осы Ережеде мынадай негізгі терминдер мен ұғымдар пайдаланылады:
мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарына орналастырылатын электрондық ақпараттық ресурстар серпінді және статистикалық ақпаратқа бөлінеді:
1) серпінді ақпарат — бұл мемлекеттік органның ағымдағы қызметін көрсететін уақытша сипаттағы ақпарат (перспективалық даму, өзекті оқиғалар, басым бағыттар және басқалары);
2) статистикалық ақпарат — бұл мемлекеттік органның ішкі қызметін көрсететін тұрақты (анықтамалық) сипаттағы ақпарат (мемлекеттік органның нормативтік құқықтық актілері, құрылымы, ережесі және басқалары);
3) интернет-ресурс — ашық ақпараттық-коммуникациялық желіде жұмыс істеп тұрған электрондық ақпараттық ресурс, оны жүргізу және (немесе) пайдалану технологиясы, сондай-ақ, ақпараттық өзара іс-қимылды қамтамасыз ететін ұйымдастырушылық құрылым;

2. Электрондық ақпараттық ресурстарды мемлекеттік органдардың
интернет-ресурстарына орналастыру тәртібі

3. Мемлекеттік органның дербес құрылымдық бөлімшелері электрондық ақпараттық ресурстар дайындайды және оларды мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарына орналастыруға аппарат басшысымен, жауапты хатшымен, жауапты хатшы лауазымы енгізілмеген мемлекеттік органдарда Қазақстан Республикасының Президенті айқындаған лауазымды тұлғамен келіседі.
4. Келісілгеннен кейін электрондық ақпараттық ресурстар оларды мемлекеттік органның интернет-ресурсына орналастыру үшін жауапты құрылымдық бөлімшеге жібереді.
5. Серпінді ақпарат жаңа ақпараттың түсу шамасына қарай, бірақ аптасына кемінде бір рет жаңартылады.
6. Статистикалық ақпарат мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарында қажеттілігіне қарай жаңартылады. Мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарына орналастырылатын электрондық ақпараттық ресурстар:
1) Word, Ехсеl, НТМL және басқа мәтіндік форматтарда;
2) JPG, GІF және басқа форматтардағы графиктік файлдар түрінде беріледі.
7. Мемлекеттік құпияларды құрайтын, жариялануы шектеулі, сондай-ақ басылымдық жариялануы Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынған өзге де мәліметтер электрондық ақпараттық ресурстарды мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарына орналастыруға рұқсат етілмейді.

3. Ақпараттық қамтамасыз ету

8. Мемлекеттік органның интернет-ресурстарының ақпараттық көздері:
тиісті мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшелері;
тиісті мемлекеттік органның ведомстволары;
тиісті мемлекеттік органның аумақтық бөлімшелері;
тиісті мемлекеттік органның ведомстволық бағынысты ұйымдары;
басқа ұйымдар берген мәліметтерді құрайды.