«Байланыс саласындағы ақпараттық қауіпсіздіктің кейбір мәселелері туралы»
қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 26 қыркүйектегі № 914 Қаулысы
Қазақстандық «KazSat» байланыс және хабар тарату спутнигінің ұшырылуына байланысты және ақпараттық қауіпсіздік мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Мемлекеттік органдар, мемлекеттік мекемелер, сондай-ақ акцияларының (үлестерінің) елу және одан да көп пайызы немесе акцияларының бақылау пакеті мемлекетке тиесілі мемлекеттік кәсіпорындар, заңды тұлғалар және олармен аффилиирленген заңды тұлғалар ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қазақстандық «KazSat» байланыс және хабар тарату спутнигі арқылы телекоммуникациялық трафикті өткізуді жүзеге асыратын байланыс операторларынан стратегиялық мәні бар спутниктік байланыс қызметтерін мемлекеттік сатып алуды жүргізсін.
2. Осы қаулының күші қызметі «Мемлекеттік құпиялар туралы» Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 15 наурыздағы Заңында регламенттелмеген, осы қаулының 1-тармағында көрсетілген ұйымдарға қолданылмайды.
3. Осы қаулы 2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі Д. Ахметов