Право и СМИ Центральной Азии

Авторлық құқықпен және сабақтас құқықтармен қорғалатын туындыларға құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы

Авторлық құқықпен және сабақтас құқықтармен қорғалатын туындыларға
құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы нұсқаулықты бекіту туралы Қазақстан
Республикасы Әділет министрінің 2002 жылғы 27 қыркүйектегі № 146 бұйрығы

"Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы", "Әділет органдары туралы" Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес, авторлық құқық саласындағы халықаралық Конвенциялар мен шарттардың принциптерін басшылыққа алып және "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Санаткерлік меншік құқығы жөніндегі комитетінің мәселелері" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 29 наурыздағы № 411 қаулысы негізінде бұйырамын:
1. Қоса беріліп отырған Авторлық құқықпен және сабақтас құқықтармен қорғалатын туындыларға құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы нұсқаулық (бұдан әрі — Нұсқаулық) бекітілсін.
2. Санаткерлік меншік құқықтары жөніндегі комитет:
1) белгіленген тәртіппен осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілерін тіркеу және бақылау департаментіне тіркеу үшін ұсынсын.
2) Нұсқаулықты бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауды қамтамасыз етсін.
3. Қазақстан Республикасы Энергетика, индустрия және сауда министрінің "Авторлық құқықпен және сабақтас құқықтармен қорғалатын туындыларға құқықтарды мемлекеттік тіркеудің ережесін бекіту туралы" 1998 жылғы 31 тамыздағы № 160 Бұйрығының күші жойылды деп танылсын.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Санаткерлік меншік құқығы жөніндегі комитетінің төрайымы Н.Н. Сахиповаға жүктелсін.

Министр Г. Ким
Қазақстан Республикасы

Әділет министрінің
2002 жылғы 27 қыркүйектегі
№ 146 бұйрығымен бекітілді
Авторлық құқық және сабақтас құқықтармен қорғалатын
туындыларға құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы
НҰСҚАУЛЫҚ
1. Жалпы ережелер
1. Осы Нұсқаулық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі Санаткерлік меншік құқықтары жөніндегі комитетінің авторлық құқықпен және сабақтас құқықтармен қорғалатын туындыларға құқықтарды мемлекеттік тіркеу жөніндегі қызметін регламенттейді және "Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (Бұдан әрі Заң), "Әділет органдары туралы" Қазақстан Республикасының Заңының, "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Санаткерлік меншік құқығы жөніндегі комитетінің мәселелері" туралы Қазақстан Республикасы үкіметінің 2001 жылғы 29 наурыздағы № 411 қаулысы негізінде жасалды.
2. Заңның 7, 34-баптарына сәйкес мемлекеттік тіркеуге:
1) әдеби туындылар;
2) драмалық және музыкалық-драмалық туындылар;
3) сценарий туындылары;
4) хореография және пантомима туындылары;
5) мәтіні бар немесе мәтіні жоқ музыкалық туындылар;
6) дыбыс-бейнежазу туындылары;
7) кескіндеме, мүсіндеме, графика және бейнелеу өнерінің басқа да туындылары;
8) қолданбалы өнер туындылары;
9) сәулет, қала құрылысы және бау-саябақ өнері туындылары;
10) суретке түсіру туындылары және суретке түсіруге орайлас әдістермен жасалған туындылар;
11) карталар, жоспарлар, нобайлар, безендірулер және географияға, топография мен басқа ғылымдарға қатысты үш өлшемді туындылар;
12) ЭЕМ-ге арналған бағдарламалар;
13) өзге де туындылар қабылданады.
Бұдан басқа:
1) туынды шығармалар (аудармалар, өңделген дүниелер, аннотациялар, рефераттар, түйіндер, шолулар, инсцинировкалар, музыкалық өңдеулер және басқа да ғылым, әдебиет пен өнер шығармаларын өңдеулер);
2) жинақтар (энциклопедиялар, антологиялар, деректер базалары) және материалдарының іріктелуі және (немесе) орналасуы жағынан шығармашылық еңбектің нәтижесі болып табылатын басқа да құрама туындылар;
3) сабақтас құқықтар объектілері (қойылымдар, орындаушылықтар, фонограммалар, эфирлік және кабельдік хабар тарату ұйымдарының хабарларына олардың мақсатына, мазмұны мен сапасына, сондай-ақ жеткізілу әдісі мен нысанына қарамастан) қабылданады.
3. Авторлық құқықпен және сабақтас құқықтармен қорғалатын туындылар мен объектілерге құқықтарды тіркейтін мемлекеттік тізілімге мәліметтерді (1-қосымша) енгізу және Комитет төрағасы не оның ауыстыратын адамның қолы қойылған зияткерлік меншік объектісін мемлекеттік тіркеу туралы куәлік (бұдан әрі — мемлекеттік тіркеу туралы куәлік) (2-қосымша) авторлық құқықпен және сабақтас құқықтармен қорғалатын туындыларға құқықтардың мемлекеттік тіркелуінің ресми дәлелдемесі болып табылады.
Зияткерлік меншік объектілерін мемлекеттік тіркеу туралы куәлік мерзімсіз уақытқа беріледі және сот тәртібімен бұл туындының авторы немесе құқық иесі басқа тұлға екені анықталмайынша қолданылады.
1. Авторлық құқықпен және сабақтас құқықтармен қорғалатын
туындыларға құқықтарды мемлекеттік тіркеу
5. Авторлық құқықпен қорғалатын туындыларға құқықтарды және сабақтас құқықтарды мемлекеттік тіркеуді (бұдан әрі — мемлекеттік тіркеу) немесе одан бас тартуды Комитет автордың (авторлардың) немесе құқық иесінің (құқық иеленушілердің) өтініші келіп түскен күннен бастап бір ай мерзім ішінде жүргізеді.
Комитет өтініште көрсетілген мәліметтерді растайтын қосымша құжаттарды талап еткен жағдайда тіркеу мерзімі, олар келіп түскенге дейін тоқтатыла тұрады.
6. Мемлекеттік тіркеу автордың (құқық иеленушінің) немесе авторлардың (құқық иеленушілердің) өтініші негізінде тегі, аты-жөні, төлқұжат деректері, туындының атауы, күні, айы және туындының жасалған күні, нысаны немесе жанры, оның түпнұсқалық дәрежесі (түпнұсқалық немесе туынды) міндетті түрде көрсетіліп жүзеге асырылады. Егер шығарма туынды болса, пайдаланылған туынды авторының тегін, атын, әкесінің атын көрсету қажет, егер өтінішті туындыға құқық иесі берген болса, қосымша оның тегі, аты, әкесінің аты, төлқұжат деректері, тұратын жері немесе оның атауы, орналасқан жері көрсетіледі.
7. Әдеби, ғылыми, драмалық, сценарий туындыларына құқықтарды тіркеу кезінде:
1) өтініш;
2) туындының данасы;
3) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі ұсынылады.
4) мемлекеттік тіркегені үшін алым төленгенін растайтын құжат ұсынылады.
8. Мәтіні бар немесе мәтіні жоқ музыкалық туындыларға және музыкалық-драмалық туындыларға құқықтарды тіркеу кезінде:
1) өтініш;
2) туынды жазылған тасушы, туындының мәтіні, ноталары немесе партитурасы;
3) өтінім берушінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
4) мемлекеттік тіркегені үшін алым төленгенін растайтын құжат ұсынылады.
Мәтіні бар музыкалық туындыға құқықтарды тіркеу кезінде оның мәтінін ұсыну қажет.
Тең авторлардың жеке жасаған музыкалық туындыларына берілетін құқықтар жеке де, сондай-ақ бірге де тіркелуі мүмкін.
9. Хореграфия, пантомима, дыбыстау-бейнелеу туындыларын құқықтарды тіркеу кезінде:
1) өтініш;
2) туынды жазылған тасушы;
3) туынды сипаттамасы (атауы, шығарылған күні және т.б.);
4) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі ұсынылады.
5) мемлекеттік тіркегені үшін алым төленгенін растайтын құжат ұсынылады.
10. Сәулет, қала құрылысы, кескіндеме, мүсіндеме, графика, сондай-ақ басқа да бейнелеу, бау-саябақ және сәндік-қолданбалы өнер туындыларына құқықтарды тіркеу кезінде:
1) өтініш;
2) туындының нобайлары, сызбалары, суреттері, безендірулері немесе туындының суретке түсіру түріндегі бейнесі;
3) туындының егжей-тегжейлі сипаттамасы;
4) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі ұсынылады.
5) мемлекеттік тіркегені үшін алым төленгенін растайтын құжат ұсынылады.
11. Фотосурет туындылары және фотосуретке ұқсас әдістермен жасалған туындыларға, сондай-ақ карталарға, жоспарларға, нобайларға, безендірулерге және географияға, топографияға және басқа да ғылымдарға жататын үш өлшемді туындыларға құқықтарды тіркеу кезінде:
1) өтініш;
2) туындының данасы;
3) өтінім берушінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
4) мемлекеттік тіркегені үшін алым төленгенін растайтын құжат ұсынылады.
12. Электронды есептеуіш мәшинеге (бұдан әрі — ЭЕМ) арналған бағдарламаларға, дерек қорларға құқықтарды тіркеу кезінде:
1) өтініш;
2) ЭЕМ-ге арналған бағдарлама немесе дерек қорлар бар тасушы (дискета және т.б.);
3) ЭЕМ-ге арналған бағдарламасының немесе дерекқордың атауын, өтініш берушінің атауын (тегі, аты, әкесінің аты), жасалған күнін, қолдану саласын, мақсатын, қызмет мүмкіндігін, негізгі техникалық сипаттамаларын, бағдарламалау тілін, іске асыратын ЭЕМ-ның түрін және т.б. қамтитын ЭЕМ-ға арналған бағдарламаның немесе деректер базасының рефераты;
4) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі ұсынылады.
Құрамына бірнеше бағдарлама енген (бағдарламалық кешендер) ЭЕМ-ға арналған бағдарламалар толық тіркелуі тиіс.
5) мемлекеттік тіркегені үшін алым төленгенін растайтын құжат ұсынылады.
13. Фонограммаларға құқықтарды тіркеу кезінде:
1) өтініш;
2) орындаушы мен автор арасындағы авторлық шарттың көшірмесі;
3) фонограмма жазылған тасушы;
4) фонограмманың сипаттамасы (атауы, шығарылған күні, дыбысталу уақыты, фонограмманың мазмұны және т.б.);
5) жеке тұлға үшін — жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі, заңды тұлға үшін — мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің көшірмесі ұсынылады.
6) мемлекеттік тіркегені үшін алым төленгенін растайтын құжат ұсынылады.
14. Эфирлік және кабельдік хабарларды тарату Ұйымдарының хабар тарату құқықтары тіркелгенде:
1) өтініш;
2) туындының сценарийі;
3) туынды авторымен туындыны пайдалануға ерекше құқықтарды беру туралы жасалған шарттың көшірмесі;
4) жеке тұлға үшін — жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі, заңды тұлға үшін — мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің көшірмесі ұсынылады.
5) мемлекеттік тіркегені үшін алым төленгенін растайтын құжат ұсынылады.
15. Қызмет бабында міндеттерді немесе жұмыс берушінің қызметтік тапсырмасын орындау тәртібі бойынша жасалған қызметтік туындыларға құқықтарды тіркеу кезінде, тіркеу үшін ұсынылатын құжаттардан басқа, қызметтік туындыны пайдалануға мүліктік құқықтардың иелікте болуы туралы автор мен жұмыс берушінің арасындағы шарттың көшірмесін ұсыну қажет.
15-1. Құрамдас және туынды шығармаларға құқықтарды тіркеген жағдайда автормен (авторлармен) немесе құқық иесімен (құқық иеленушілермен) жасасқан авторлық шарттың көшірмесі ұсынылады.
16. Құжаттарды сенімді тұлға арқылы ұсыну кезінде:
1) заңнамада белгіленген тәртіппен куәландырылған, автор қол қойған, сенімхатты;
2) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін қосымша ұсыну қажет.
17. Тіркеуге ұсынылатын материалдар нөмірленуі, тігілуі және әр бетіне автордың (құқық иеленушінің) қолы қойылуы қажет.
Комитетке ұсынылған материалдар (сонымен бірге тіркеуден бас тартылған материалдар), құқықтарды тіркеуге берген өтінім берушінің оларды қайтару туралы жазбаша өтініші болған жағдайды есептемегенде, қайтарылмайды.
18. Қажет болған жағдайда Комитет өтініште көрсетілген мәліметтерді растайтын қосымша құжаттарды талап етуі мүмкін. Мұндайда көрсетілген мәліметтердің растығына өтініш беруші жауап береді.
18-1. Комитет мемлекеттік тіркеу туралы куәлік жоғалған, бүлінген немесе басқа да дәлелді себептер болған жағдайда, оның телнұсқасын автордың (авторлардың) немесе құқық иесінің (құқық иеленушілердің) өтініші бойынша он жұмыс күні ішінде беруі мүмкін. Мемлекеттік тіркеу туралы куәлігінің телнұсқасын берген үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген алым алынады.
2. Қорытынды ережелер
19. Авторлық құқықпен және сабақтас құқықтармен қорғалатын туындыларға құқықтарды тіркеуге және туындыларды тіркеу туралы ақпарат беруге байланысты даулар заңнамада белгіленген тәртіппен шешіледі.
20. Өтініш беруші берген мәліметтердің растығына Комитет жауапты емес.

Құжаттың толық нұсқасын төменнен қараңыз

Прикрепленные файлы:
құқықпен және сабақтас құқықтармен қорғалатын туындыларға.doc