VII БӨЛIМ СОТТАР ЖӘНЕ СОТ ТӨРЕЛIГI

VII БӨЛIМ СОТТАР ЖӘНЕ СОТ ТӨРЕЛIГI
ҚР 07.10.98 ж. N 284-1 Заңымен 75-бап өзгертілді

75-бап
1. Қазақстан Республикасында сот төрелiгiн тек сот қана жүзеге асырады.
ҚР Конституциялық Кеңесінің 15.02.02 ж. N 1 қаулысымен берілген түсініктемені қараңыз
2007.21.05. № 254-III ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
2. Сот билiгi сотта iс жүргiзудiң азаматтық, қылмыстық және заңмен белгiленген өзге де нысандары арқылы жүзеге асырылады. Заңда көзделген жағдайларда қылмыстық сот iсiн жүргiзу алқабилердің қатысуымен жүзеге асырылады.
2007.21.05. № 254-III ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
3. Заңмен құрылған Республиканың Жоғарғы Соты, Республиканың жергілікті және басқа да соттары Республиканың соттары болып табылады.
4. Республиканың сот жүйесi Республика Конституциясымен және конституциялық заңмен белгiленедi. Қандай да бiр атаумен арнаулы және төтенше соттарды құруға жол берiлмейдi.
ҚР Конституциялық Кеңесінің 2006.14.04. N 1 қаулысымен берілген түсініктемені қараңыз
76-бап
1. Сот билiгi Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырылады және өзiне азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерiн қорғауды, Республиканың Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнiң, халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз етудi мақсат етiп қояды.
2. Сот билiгi Республика Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнiң, халықаралық шарттарының негiзiнде туындайтын барлық iстер мен дауларға қолданылады.
3. Соттар шешiмдерiнiң үкiмдерi мен өзге де қаулыларының Республиканың бүкiл аумағында мiндеттi күшi болады.
ҚР Конституциялық Кеңесінің 22.03.99 ж. N 7/2; 20.12.00 ж. N 21/2 қаулыларымен берілген түсініктемелерді қараңыз
77-бап
1. Судья сот төрелiгiн iске асыру кезiнде тәуелсiз және Конституция мен заңға ғана бағынады.
2. Сот төрелiгiн iске асыру жөнiндегi соттың қызметiне қандай да болсын араласуға жол берiлмейдi, және ол заң бойынша жауапкершiлiкке әкеп соғады. Нақты iстер бойынша судьялар есеп бермейдi.
3. Заңды қолданған кезде судья төмендегi принциптердi басшылыққа алуға тиiс:
1) адамның кiнәлi екендiгi заңды күшiне енген сот үкiмiмен танылғанша ол жасалған қылмысқа кiнәлi емес деп есептеледi;
2) бiр құқық бұзушылық үшiн ешкiмдi де қайтадан қылмыстық немесе әкiмшiлiк жауапқа тартуға болмайды;
3) өзiне заңмен көзделген соттылығын оның келiсiмiнсiз ешкiмнiң өзгертуiне болмайды;
4) сотта әркiм өз сөзiн тыңдатуға құқылы;
5) жауапкершiлiктi белгiлейтiн немесе күшейтетiн, азаматтарға жаңа мiндеттемелер жүктейтiн немесе олардың жағдайын нашарлататын заңдардың керi күшi болмайды. Егер құқық бұзушылық жасалғаннан кейiн ол үшiн жауапкершiлiк заңмен алынып тасталса немесе жеңiлдетiлсе, жаңа заң қолданылады;
6) айыпталушы өзiнiң кiнәсiздiгiн дәлелдеуге мiндеттi емес;
7) ешкiм өзiне-өзi, жұбайына (зайыбына) және заңмен белгiленген шектегi жақын туыстарына қарсы айғақ беруге мiндеттi емес. Дiни қызметшiлер өздерiне сенiп сырын ашқандарға қарсы куәгер болуға мiндеттi емес;
8) адамның кiнәлi екендiгi жөнiндегi кез келген күдiк айыпталушының пайдасына қарастырылады;
9) заңсыз тәсiлмен алынған айғақтардың заңды күшi болмайды. Ешкiм өзiнiң жеке мойындауы негiзiнде ғана сотталуға тиiс емес;
10) Қылмыстық заңды ұқсастығына қарай қолдануға жол берiлмейдi.
4. Конституциямен белгiленген сот төрелiгiнiң принциптерi Республиканың барлық соттары мен судьяларына ортақ және бiрыңғай болып табылады.
ҚР Конституциялық Кеңесінің 10.03.99 ж. N 2/2; 20.12.00 ж. N 21/2 қаулысымен берілген түсініктемені қараңыз
78-бап
Соттардың Конституциямен баянды етiлген адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтiретiн заңдар мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi қолдануға хақысы жоқ. Егер сот қолданылуға тиiстi заң немесе өзге де нормативтiк құқықтық акт Конституциямен баянды етiлген адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтiредi деп тапса, iс жүргiзудi тоқтата тұруға және осы актiнi конституциялық емес деп тану туралы ұсыныспен Конституциялық Кеңеске жүгiнуге мiндеттi.
79-бап
1. Соттар тұрақты судьялардан тұрады, олардың тәуелсiздiгi Конституциямен және заңмен қорғалады. Судьяның өкiлеттiгi тек заңда белгiленген негiздер бойынша ғана тоқтатылуы немесе кiдiртiлуi мүмкiн.
2. Судьяны тұтқынға алуға, күштеп әкелуге, оған сот тәртiбiмен белгiленетiн әкiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға, қылмыс үстiнде ұсталған немесе ауыр қылмыс жасаған реттердi қоспағанда, Республика Жоғары Сот Кеңесiнiң қорытындысына негiзделген Қазақстан Республикасы Президентiнiң келiсiмiнсiз не Конституцияның 55-бабының 3)-тармақшасында белгiленген жағдайда, Сенаттың келiсiмiнсiз қылмыстық жауапқа тартуға болмайды.
3. Республиканың жиырма бес жасқа толған, жоғары заң бiлiмi, заң мамандығы бойынша кемiнде екi жыл жұмыс стажы бар және бiлiктiлiк емтиханын тапсырған азаматтары судья бола алады. Республика соттарының судьяларына заң бойынша қосымша талаптар белгiленуi мүмкiн.
4. Судьяның қызметi депутаттық мандатпен, оқытушылық, ғылыми немесе өзге шығармашылық қызметтердi қоспағанда, өзге де ақы төленетiн жұмысты атқарумен, кәсiпкерлiкпен айналысумен, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесiнiң құрамына кiрумен сыйыспайды.
80-бап
Соттарды қаржыландыру, судьяларды тұрғын үймен қамтамасыз ету республикалық бюджет қаражаты есебiнен жүргiзiледi және ол сот төрелiгiн толық әрi тәуелсiз жүзеге асыру мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге тиiс.
2007.21.05. № 254-III ҚР Заңымен 81-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
81-бап
Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты азаматтық, қылмыстық, жергілікті және басқа да соттарда қаралатын өзге де iстер жөнiндегi жоғары сот органы болып табылады, заңда көзделген iс жүргiзу нысандарында олардың қызметiн қадағалауды жүзеге асырады, сот практикасының мәселелерi бойынша түсiнiктемелер берiп отырады.
ҚР 07.10.98 ж. N 284-1 Заңымен 82-бап өзгертілді; 2007.21.05. № 254-III ҚР Заңымен 82-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
82-бап
1. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасын және судьяларын Жоғары Сот Кеңесінің кепілдемесіне негізделген Республика Президентінің ұсынуымен Сенат сайлайды.
2. Жергілікті және басқа да соттардың төрағалары мен судьяларын Жоғары Сот Кеңесінің кепілдемесі бойынша Республика Президенті қызметке тағайындайды.
3. Соттарда конституциялық заңға сәйкес сот алқалары құрылуы мүмкін. Сот алқалары төрағаларына өкілеттіктер беру тәртібі конституциялық заңмен белгіленеді.
4. Жоғары Сот Кеңесі Республика Президенті тағайындайтын Төрағадан және басқа да адамдардан құралады.
5. Жоғары Сот Кеңесінің мәртебесі және жұмысын ұйымдастыру заңмен белгіленеді.
ҚР Конституциялық Кеңесінің 05.07.00 ж. N 11/2 қаулысымен берілген түсініктемені қараңыз
83-бап
1. Прокуратура мемлекет атынан Республиканың аумағында заңдардың, Қазақстан Республикасының Президентi жарлықтарының және өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң дәлме-дәл әрi бiркелкi қолданылуын, жедел-iздестiру қызметiнiң, анықтау мен тергеудiң, әкiмшiлiк және орындаушылық iс жүргiзудiң заңдылығын жоғары қадағалауды жүзеге асырады, заңдылықтың кез келген бұзылуын анықтау мен жою жөнiнде шаралар қолданады, сондай-ақ Республика Конституциясы мен заңдарына қайшы келетiн заңдар мен басқа да құқықтық актiлерге наразылық бiлдiредi. Прокуратура сотта мемлекет мүддесiн бiлдiредi, сондай-ақ заңмен белгiленген жағдайда, тәртiпте және шекте қылмыстық қуғындауды жүзеге асырады.
2. Республика Прокуратурасы төменгi прокурорларды жоғары тұрған прокурорларға және Республика Бас Прокурорына бағындыра отырып, бiрыңғай орталықтандырылған жүйе құрайды. Ол өз өкiлеттiгiн басқа мемлекеттiк органдардан, лауазымды адамдардан тәуелсiз жүзеге асырады және Республика Президентiне ғана есеп бередi.
3. Республиканың Бас Прокурорын өз өкiлеттiгi мерзiмi iшiнде тұтқынға алуға, күштеп әкелуге, оған сот тәртiбiмен әкiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға, қылмыс үстiнде ұсталған немесе ауыр қылмыстар жасаған реттердi қоспағанда, Сенаттың келiсiмiнсiз қылмыстық жауапқа тартуға болмайды. Бас Прокурор өкiлеттiгiнiң мерзiмi бес жыл.
4. Республика прокуратурасының құзыретi, ұйымдастырылуы мен қызмет тәртiбi заңмен белгiленедi.
ҚР Конституциялық Кеңесінің 26.12.00 ж. N 23/2 қаулысымен берілген түсініктемені қараңыз
84-бап. 2007.21.05. № 254-III ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)