Бұқаралық ақпарат құралдары туралы Қазақстан Республикасының (2010.23.11. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)

Бұқаралық ақпарат құралдары туралы
Қазақстан Республикасының 1999 ж. 23 шілдедегі № 451-1 Заңы

1-тарау. Жалпы ережелер
(1 - 4 баптар)
1-1-тарау. Бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік реттеу
(4-1-4-5-баптар)
2-тарау. Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін ұйымдастыру
(5 - 13 баптар)
3-тарау Бұқаралық ақпарат құралдарының өнімін тарату
(14 - 16 баптар)
4-тарау. Бұқаралық ақпарат құралдарының азаматтармен және ұйымдармен қатынасы
(17 - 19 баптар)
5-тарау. Журналистің құқықтары мен міндеттері
(20 - 21 баптар)
6-тарау. Журналистерді аккредиттеу
(22 - 24 баптар)
7-тарау. Бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңдарды бұзу үшін жауапкершілік
(25 - 26 баптар)

Осы Заң бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес олардың бостандығына мемлекеттік кепілдіктерді белгілейді.

1-тарау. Жалпы ережелер

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) бұқаралық ақпарат - тұлғалардың шектеусiз топтарына арналған баспа, дыбыс-бейне және өзге де хабарлары мен материалдары;
2) бұқаралық ақпарат құралы - мерзiмдi баспасөз басылымы, радио және теледидар бағдарламасы, киноқұжаттама, дыбыс-бейне жазбасы және интернет-ресурстарды қоса алғанда, бұқаралық ақпаратты мерзiмдi немесе үздiксiз жария таратудың басқа да нысаны;
3) мерзiмдi баспасөз басылымы - тұрақты атауы, ағымдағы нөмiрi бар және кемiнде үш айда бiр рет шығарылатын газет, журнал, альманах, бюллетень, олардың қосымшасы;
4) теледидар, радио, бейне, кино хроникалық бағдарламасы - толық атауы бар және кемiнде жарты жылда бiр рет эфирге шығатын мерзiмдi дыбыс-бейне хабарлары мен берiлiмдерiнiң жиынтығы;
5) эфирге шығу - ұқсас және цифрлық электромагнитті жүйелердi пайдалана отырып, теледидар, радио бағдарламаларын, дыбыс-бейне жазбаларын тарату;
6) бұқаралық ақпарат құралдарының өнiмi - мерзiмдi баспасөз басылымының жеке нөмiрiнiң немесе дыбыс-бейне бағдарламасының таралымы немесе таралымының бiр бөлiгi, радио, теледидар, кино хроникалық бағдарламалардың жеке шығарылымы, интернет-ресурста орналастырылған ақпарат;
7) ресми хабар - бұқаралық ақпарат құралдары арқылы одан әрi тарату мақсатымен мемлекеттiк органдар беретiн ақпарат;
8) бұқаралық ақпарат құралының өнiмiн тарату - мерзiмдi баспасөз басылымдарын сату (жазылу, жеткiзу, үлестiру), радио, теледидар бағдарламаларын эфирге шығару, кинохроникалық бағдарламаларды көрсету және интернет-ресурстарда ақпаратты орналастыру;
9) бұқаралық ақпарат құралының редакциясы - жеке тұлға не бұқаралық ақпарат құралына материалдар жинауды, дайындауды және шығаруды жүзеге асыратын заңды тұлғаның құрылымдық бөлiмшесi болып табылатын шығармашылық ұжым;
10) бас редактор (редактор) - бұқаралық ақпарат құралының редакциясын басқаратын және оны шығару мен таратуға, эфирге шығаруға тиiсiнше өкiлеттiгi бар жеке тұлға;
11) журналист (бұқаралық ақпарат құралының өкiлi) - еңбек қатынастары немесе өзге де шарттық қатынастар негiзiнде бұқаралық ақпарат құралы үшiн хабарлар мен материалдар жинау, өңдеу және әзiрлеу жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын жеке тұлға;
12) таратушы - меншiк иесiмен, баспагермен шарт бойынша немесе өзге де заңды негiздерде бұқаралық ақпарат құралының өнiмiн таратуды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
13) цензура - бұқаралық ақпарат құралдарының хабарларын және материалдарын мемлекеттiк органдармен, лауазымды адамдармен және өзге де ұйымдармен олардың талап ету бойынша немесе өзге де негiздер бойынша хабарлар мен материалдарды не олардың жекелеген бөлiктерiн таратуды шектеу немесе оларға тыйым салу мақсатымен алдын ала келiсу;
14) эротикалық сипаттағы өнiм - тұтас алғанда және үнемi секске әуестенушiлiктi қаузайтын баспасөз басылымы немесе теледидар радио бағдарламасы;
15) 2009.10.07. № 178-IV ҚР Заңымен алып тасталды
16) ретрансляция - техникалық құралдарды пайдалануға қарамастан, басқа бұқаралық ақпарат құралының теле- немесе радио бағдарламаларын (теле- немесе радио хабарларының жиынтығы) қабылдау және бір мезгілде не жазып алып толық және өзгеріссіз тарату;
17) кешен - бір бірімен ортақ мақсаттарымен байланысты және бірыңғай құрылым құрайтын ғимараттар жиынтығы;
18) аккредиттеу – журналисті тағайындау рәсiмi және оның өкiлеттiгiн мемлекеттiк органның, қоғамдық бiрлестiктiң және ұйымның тануы;
19) бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкілетті орган - бұқаралық ақпарат құралдары саласында мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган (бұдан әрі - уәкілетті орган).

2-бап. Сөз, ақпаратты алу және тарату бостандығы
1. Сөз, шығармашылық бостандығына, өз көзқарастары мен сенiмдерiн баспа арқылы және өзге де нысанда бiлдiруге, ақпараттарды заңда тыйым салынбаған кез келген әдiспен алуға және таратуға Қазақстан Республикасының Конституциясында кепiлдiк берiледi.
Цензураға тыйым салынады.
2. Мемлекеттiк органдар, қоғамдық бiрлестiктер, лауазымды адамдар мен бұқаралық ақпарат құралдары әрбiр азаматты оның құқығы мен мүддесiне қатысты құжаттармен, шешiмдермен және ақпарат көздерiмен танысу мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге мiндеттi.
3. Мемлекеттiк құпияны немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәлiметтердi жария eтуге, экстремизм немесе терроризмдi насихаттауға және ақтауға, терроризмге қарсы операцияларды жүргiзу кезеңінде олардың техникалық тәсiлдерi мен тактикасын ашатын ақпаратты таратуға, есiрткi құралдарын, психотроптық заттар мен прекурсорларды, сондай-ақ қатыгездікке, зорлық-зомбылыққа бас ұруды және порнографияны насихаттауға жол берiлмейдi.
4. Бұқаралық ақпарат құралын әкімшілік құқық бұзушылықтар не қылмыстық жазаланатын әрекеттер жасау мақсатында пайдалануға жол берілмейді.

3-бап. Бұқаралық ақпарат құралдарының тілі
1. Бұқаралық ақпарат құралдары мемлекеттiк тiлде және басқа да тiлдерде таратылады.
2. Мемлекет Қазақстан Республикасының тiлдер туралы заңдарына сәйкес бұқаралық ақпаратты алу және оны тарату кезiнде әркiмнің ана тiлiн пайдалану құқығын қамтамасыз етедi.
3. Бұқаралық ақпарат құралдарының телевизиялық және радио бағдарламаларының мемлекеттік тілдегі апталық көлемі уақыты жағынан басқа тілдердегі хабарлардың жиынтық көлемінен кем болмауға тиіс.
Мемлекеттік тілдегі телевизиялық және радио бағдарламаларының әрқайсысының жергілікті уақыт бойынша нөл сағаттан бастап есептелетін ұзақтығы алты сағат болатын уақыт аралығындағы көлемі басқа тілдердегі хабарлардың жиынтық көлемінен кем болмауға тиіс.
Бұл талап кабельдік, эфирлік-кабельдік телевизия желілеріне қолданылмайды.

4-бап. Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңдары
1. Бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңдар Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының басқа да нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгіленсе, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

1-1-тарау.
Бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік реттеу

4-1-бап. Бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік реттеу
1. Бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік реттеу телевизия және (немесе) радио хабарларын таратуды ұйымдастыру жөніндегі қызметті құқықтық қамтамасыз ету, лицензиялау, Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы заңнамасының сақталуын бақылау арқылы жүзеге асырылады.
2. Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылауды уәкілетті орган мен басқа да мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өздерінің құзыреті шегінде жүзеге асырады.

4-2-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы құзыреті
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді және олардың іске асырылуын қамтамасыз етеді;
2) Қазақстан Республикасында таратылатын шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарын есепке алуды жүзеге асыру тәртібін айқындайды;
3) телевизия және (немесе) радио хабарларын таратуды ұйымдастыру жөніндегі қызметті лицензиялау тәртібін бекітеді.

4-3-бап. Уәкілетті органның құзыреті
Уәкілетті орган:
1) бұқаралық ақпарат құралдары саласында мемлекеттік саясатты қалыптастыру мен іске асыруды қамтамасыз етеді;
2) бұқаралық ақпарат құралдарын есепке алуды жүзеге асырады;
3) телерадио хабарларын тарату құқығын алуға конкурстар өткізу ережесін бекітеді;
4) телевизия және (немесе) радио хабарларын тарату үшін радио жиіліктер номиналдарын бөлу жөніндегі ашық конкурстар өткізуді ұйымдастырады;
5) Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен телевизия және (немесе) радио хабарларын таратуды ұйымдастыру жөніндегі қызметті лицензиялауды жүзеге асырады;
6) лицензиаттың лицензияда көрсетілген шарттарды сақтауын бақылауды жүзеге асырады және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен лицензияның қолданысын тоқтата түру туралы шешім қабылдайды;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен республикалық деңгейде мемлекеттік ақпарат саясатын жүргізу жөніндегі мемлекеттік тапсырысты қалыптастырады, орналастырады және оның жүзеге асырылуын бақылайды;
8) бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
9) Қазақстан Республикасының аумағында таратылатын шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарын есепке алудың бірыңғай тізілімін жүргізеді;
10) бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік және салалық (секторалдық) бағдарламаларды әзірлейді және іске асырады;
11) тарихи және (немесе) мәдени құндылығы бар жазылымдарды сақтау тәртібін айқындайды;
12) журналистерді аккредиттеу ережесін бекітеді;
13) жергілікті атқарушы органдардың Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы заңнамасының сақталуын бақылауды жүзеге асыруы жөніндегі қызметін үйлестіреді;
14) орталық және жергілікті атқарушы органдардың бұқаралық ақпарат құралдары мәселелері жөніндегі қызметін үйлестіреді.

4-4-бап. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдарының құзыреті
Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары:
1) өңірлік бұқаралық ақпарат құралдары арқылы мемлекеттік ақпараттық саясатты іске асырады;
2) облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) аумағында таратылатын шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарын есепке алуды жүзеге асырады;
3) арнайы стационарлық үй-жайларды орналастыру тәртібін және онда эротикалық сипаттағы материалдар жариялайтын мерзімді баспасөз өнімін өткізу ережесін бекітеді;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өңірлік деңгейде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу жөніндегі мемлекеттік тапсырысты қалыптастырады, орналастырады және оның жүзеге асырылуын бақылайды;
5) тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте бұқаралық ақпарат құралдарының Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауын бақылауды жүзеге асырады;
6) уәкілетті органға шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарын есепке алу жөніндегі ақпараттарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтау жөніндегі мәліметтерді табыс етеді.

4-5-бап. Мемлекеттік бақылау
1. Мемлекеттік бақылаудың мақсаты жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңнамасын сақтауын қамтамасыз ету болып табылады.
2. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары жүзеге асыратын бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау мыналарды:
1) осы Заңда көзделген талаптарды сақтау жөніндегі бақылауды;
2) бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таратылатын жарнамаға қатысты бақылауды қамтиды.
3. Уәкілетті орган, облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары жүзеге асыратын бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау тексеру нысанында орындалады.
4. Тексерудің түрлері:
жоспарлы - алдыңғы тексерулерге қатысты Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген уақыт аралықтары ескеріліп жүргізілетін мемлекеттік орган жоспарлаған тексеру;
жоспардан тыс - жеке және заңды тұлғалардың өтініштеріне дереу ден қоюды талап ететін қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық жағдайға байланысты тағайындалатын тексеру;
рейдтік - лицензияның, тіркеу және өзге де рұқсат ету құжаттарының болуын, сондай-ақ мемлекеттік органның бақылау объектісі болып табылатын бақылау жабдығының дұрыс қолданылуын тексеру.
5. Тексеру жүргізудің мерзімі нұсқама берілген кезден бастап күнтізбелік он бес күннен аспауға тиіс.

2-тарау. Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін ұйымдастыру

5-бап. Бұқаралық ақпарат құралын құру құқығы
1. Бұқаралық ақпарат құралын құруға Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жеке және заңды тұлғалардың құқығы болады.
Бұқаралық ақпарат құралы заңды тұлға нысанында да, заңды тұлғаның құрылымдық бөлiмшесi нысанында да құрылуы мүмкiн.
Бұқаралық ақпарат құралдары өнімін шығаруды (эфирге шығаруды) жүзеге асыруға, ақпараттық сипаттағы хабарлар мен материалдарды таратуға:
1) мерзімді баспасөз басылымын және (немесе) ақпарат агенттігін есепке қою туралы куәлік;
2) телевизия және (немесе) радио хабарларын таратуды ұйымдастыру жөніндегі қызметпен айналысуға лицензия негіз болып табылады.
Бұл талаптар интернет-ресурстарға қолданылмайды.
2. Заңды тұлғаның - Қазақстан Республикасындағы бұқаралық ақпарат құралы меншiк иесiнің немесе осы саладағы қызметті жүзеге асырушының акцияларының (үлесiнiң, пайының) 20 проценттен астамын шетелдiк жеке және заңды тұлғалардың, азаматтығы жоқ адамдардың тiкелей және (немесе) жанама иеленуiне, пайдалануына, билiк етуiне және (немесе) басқаруына тыйым салынады.

6-бап. Бұқаралық ақпарат құралының меншік иесі
1. Меншік иесі - бұқаралық ақпарат құралын иелену, пайдалану және оған билік ету құқығын жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға, не жеке және (немесе) заңды тұлғалардың бірлестігі.
2. Бұқаралық ақпарат құралының меншік иесі тиісті шарт негізінде өзінің меншікті, сондай-ақ басқа да бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты редакция, редактор, журналист, баспагер, таратушы ретінде іс-қимыл жасауға құқылы.

7-бап. Бұқаралық ақпарат құралының редакциясы
1. Редакция меншік иесінің тапсыруы бойынша бұқаралық ақпарат құралын әзірлеуді және шығаруды (эфирге шығаруды) жүзеге асырады.
2. Редакцияға бас редактор (редактор) басшылық етеді.
2-1. Мыналар:
1) сот іс-әрекетке қабілетсіз деп танылған азаматтар;
2) тағайындау кезінде заңда белгiленген тәртiппен соттылығы алынбаған немесе өтелмеген азаматтар;
3) шетелдiктер не азаматтығы жоқ адамдар;
4) өздерінің кінәсінен бұқаралық ақпарат құралының шығарылуы (эфирге шығуы) сот шешімімен тоқтатылған бұқаралық ақпарат құралының бас редакторлары (редакторлары) болған азаматтар соттың шешімі заңды күшіне енген күннен бастап үш жыл ішінде бас редактор (редактор) бола алмайды.
3. Меншік иесі мен редакция арасындағы қатынастар жарғымен және шартпен реттеледі.

8-бап. Ақпарат агенттігі
1. Ақпарат агенттігі - Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес тіркелген, қызметі ақпараттық сипаттағы хабарлар мен материалдарды жинауға, қайта өңдеуге және таратуға бағытталған заңды тұлға.
2. Ақпарат агенттігінің хабарлары мен материалдарында оның атауы мен шығарылған уақыты қоса берілуге тиіс.
3. Ақпарат агенттігінің хабарлары мен материалдарын бұқаралық ақпарат құралдары таратқан кезде ақпарат агенттігіне сілтеме жасауға міндетті.
4. Ақпарат агенттігіне осы Заңның 2, 10-баптарының күші қолданылады.

9-бап. Бұқаралық ақпарат құралының баспагері
1. Баспагер - бұқаралық ақпарат құралының өнімін өндіруді материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етуді жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға.
2. Егер меншік иесі бұқаралық ақпарат құралының әрі баспагері болмаса, меншік иесі мен баспагердің құқықтары, міндеттері мен жауапкершілігі жеке шартпен белгіленеді.

10-бап. Мерзімді баспасөз басылымын және ақпарат агенттігін есепке қою, қайта есепке қою
1. Қазақстан Республикасының аумағында әрекет ететін мерзімді баспасөз басылымы мен ақпарат агенттігі уәкілетті органда міндетті түрде есепке қойылуға жатады.
2. Есепке қою, қайта есепке қою үшін мерзімді баспасөз басылымының және (немесе) ақпарат агенттігінің меншік иесі не оның уәкілеттік беруі бойынша әрекет ететін тұлға осы Заңның 11-бабының талаптарына сай келетін өтініш береді.
3. Мерзімді баспасөз басылымын және (немесе) ақпарат агенттігін есепке қойған кезде, сондай-ақ мерзімді баспасөз басылымының және (немесе) ақпарат агенттігінің есепке қойылғанын куәландыратын құжаттың телнұсқасын алған кезде Қазақстан Республикасының Салық кодексінде айқындалатын тәртіппен алым алынады.
Мерзімді баспасөз басылымын және (немесе) ақпарат агенттігін есепке қою, қайта есепке қою туралы өтініш түскен күнінен бастап он бес күн ішінде қаралуға тиіс. Өтінішті қараудың қорытындылары бойынша уәкілетті орган мерзімді баспасөз басылымының және (немесе) ақпарат агенттігінің меншік иесіне есепке қою туралы куәлік береді не мынадай негіздер бойынша:
1) егер уәкілетті орган бұрын сол атпен және сол аумаққа таралатын не оның аты бұрын құрылған мерзімді баспасөз басылымының және (немесе) ақпарат агенттігінің атымен айырғысыз дәрежеде ұқсас мерзімді баспасөз басылымын және (немесе) ақпарат агенттігін есепке қойғаны туралы куәлік берген болса;
2) егер өтініштің мазмұны осы Заңның 11-бабының талаптарына сай келмейтін болса;
3) егер мерзімді баспасөз басылымын және (немесе) ақпарат агенттігін есепке қойғаны үшін алым төленбесе;
4) егер меншік иесінің ауысуына орай мерзімді баспасөз басылымын және (немесе) ақпарат агенттігін қайта есепке қою туралы өтінішке мерзімді баспасөз басылымына және (немесе) ақпарат агенттігіне меншік құқығын басқа тұлғаға беруді растайтын шарттың нотариалды түрде куәландырылған үзінді көшірмесі қоса тіркелмесе;
5) егер шығарылуын бұрын сот тоқтатқан аты (атының бір бөлігі) бірдей және тақырыптық бағыты тап сондай мерзімді баспасөз басылымы және (немесе) ақпарат агенттігі есепке қоюға мәлімделген болса немесе аты мен тақырыптық бағытын қайталайтын мерзімді баспасөз басылымы және (немесе) ақпарат агенттігі мәлімделген болса, сондай-ақ шығарылуы сот шешімімен тоқтатылған мерзімді баспасөз басылымының және (немесе) ақпарат агенттігінің меншік иесі немесе бас редакторы (редакторы) соттың шешімі заңды күшіне енген күннен бастап үш жыл ішінде өтініш берген жағдайда есепке қоюдан бас тартады.
5. Мерзімді баспасөз басылымының меншік иесі есепке қою туралы куәлікті алған күннен бастап үш ай ішінде мерзімді баспасөз басылымының өнімін шығаруға кірісу құқығын сақтайды.
Ақпарат агенттігінің меншік иесі есепке қою туралы куәлікті алған күннен бастап алты ай ішінде ақпараттық сипаттағы хабарлар мен материалдарды таратуға кірісу құқығын сақтайды.
Мерзімді баспасөз басылымының және (немесе) ақпарат агенттігінің шығарылуын сот тоқтата тұрған жағдайларды қоспағанда, мерзімді баспасөз басылымының және (немесе) ақпарат агенттігінің өнімін шығару мерзімін өткізіп алған, сондай-ақ мерзімді баспасөз басылымының және (немесе) ақпарат агенттігінің өнімін шығару үш ай бойы тоқтап қалған жағдайда, уәкілетті органның шешімімен мерзімді баспасөз басылымын және (немесе) ақпарат агенттігін есепке қою туралы куәліктің күші жойылды деп танылады.
6. Мерзімді баспасөз басылымы және (немесе) ақпарат агенттігі меншік иесі ауысқан не ұйымдық-құқықтық нысаны, атауы, сондай-ақ мерзімді баспасөз басылымының және (немесе) ақпарат агенттігінің аты, басылымның не материалдар мен хабарлардың тілі, таралу аумағы, негізгі тақырыптық бағыты және шығарылу мерзімділігі өзгерген жағдайларда қайта есепке алынуға жатады.

2006.05.07. ҚР Заңымен 11-бап өзгертілді (бұр. . қара)
11-бап. Мерзімді баспасөз басылымын және (немесе) ақпарат агенттігін есепке қою туралы өтініш
1. Мерзімді баспасөз басылымын және (немесе) ақпарат агенттігін есепке қою туралы өтініште:
1) мерзімді баспасөз басылымы және (немесе) ақпарат агенттігі меншiк иесiнiң атауы орналасқан жерi, ұйымдық-құқықтық нысаны;
2) мерзімді баспасөз басылымының, ақпарат агенттігі материалдары мен хабарларының тілі (тілдері);
3) шығарылымның болжалды мерзiмдiлiгi;
4) негiзгi тақырыптық бағыты;
2006.05.07. ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (бұр. . қара)
5) таралу аумағы;
2006.05.07. ҚР Заңымен 6) тармақшамен толықтырылды
6) бас редактордың (редактордың) тегі, аты, әкесінің аты;
2006.05.07. ҚР Заңымен 7) тармақшамен толықтырылды
7) редакцияның мекенжайы көрсетілуге тиіс.
Өтінішке:
жеке тұлғалар үшiн - кәсiпкерлiк қызметпен айналысу құқығын растайтын құжаттың нотариалды түрде куәландырылған көшірмесі;
заңды тұлғалар үшін - заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәліктің, құрылтай құжаттарының нотариалды түрде куәландырылған көшірмелері;
Мерзімді баспасөз басылымын және (немесе) ақпарат агенттігін есепке қою үшін бюджетке алым төленгенін растайтын құжат қоса тіркеледі.
2. Мерзімді баспасөз басылымын және (немесе) ақпарат агенттігін есепке қою кезiнде өзге талаптарды алға тартуға тыйым салынады.

12-бап. Бұқаралық ақпарат құралын есепке қоюдан босату
Таралымы:
- жүз данаға жетпейтін мерзімді баспасөз басылымдарын;
- ресми, нормативтік және өзге де актілерді;
- сот практикасының бюллетеньдерін;
- кабелдiк желiлермен таратылатын теле-, радио-, бейне-, кинохроникалық бағдарламаларды, егер қызмет көрсету аумағы бiр ғимаратпен немесе кешенмен шектелген болса, есепке қою талап етiлмейдi.

13-бап. Бұқаралық ақпарат құралын шығаруды не бұқаралық ақпарат құралының өнімін таратуды тоқтата тұру және тоқтату
1. Бұқаралық ақпарат құралын шығару не бұқаралық ақпарат құралының өнімін тарату меншік иесінің немесе соттың шешімі бойынша тоқтатыла тұруы не тоқтатылуы мүмкін.
2. Тоқтата тұру деп басылымдардың бір немесе бірнеше нөмірінің шығарылуын, радио және телевизия бағдарламаларының эфирге шығуын, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралының өнімін таратуды уақытша тоқтату түсініледі. Бұқаралық ақпарат құралын шығаруды не бұқаралық ақпарат құралының өнімін таратуды тоқтата тұруға үш айдан аспайтын мерзімге жол беріледі.
3. Мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны жария ету, терроризмге қарсы операцияларды жүргізу кезеңінде олар­дың техникалық тәсілдері мен тактикасын ашатын ақпа­ратты тарату, есірткі, психотроптық заттар мен прекурсор­ларды насихаттау, қатыгездік пен зорлық-зомбылықты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық басымдықты насихаттау немесе үгіттеу, порногра­фиялық және арнайы жыныстық-эротикалық сипаттағы радио-, телебағдарламаларды тарату, сондай-ақ кино- және бейнеөнімдерді көрсету, бұқаралық ақпарат құралын сайлау алдындағы үгіт жүргізу, шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың және халық­аралық ұйымдардың кандидаттарды, партиялық тізімін ұсынған саяси партияларды ұсынуға және сайлауға, сайлау­да белгілі бір нәтижеге қол жеткізуге кедергі болатын және (немесе) ықпал ететін қызметті жүзеге асыру шарттарын бұзу, үгітке тыйым салынған кезеңде оны жүргізу, ереуілге қатысуға немесе қатысудан бас тартуға мәжбүрлеу, Қазақ­стан Республикасының бейбіт жиналыстарды, митингілерді, шерулерді, тосқауылдар мен демонстрацияларды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамасын бұзу мақсатында пайдалану, сондай-ақ осы Заңның 3-бабында, 10-бабының 6-тармағында көзделген талаптарды бұзу, сондай-ақ 14-бабының 3-1-тармағының, 15 және 16-баптарының талаптарын бір жыл ішінде қайталап бұзу заңда белгіленген тәртіппен бұқаралық ақпарат құралының шығарылуын не бұқаралық ақпарат құралы өнімінің таратылуын тоқтата тұруға негіз болып табылады.
4. Қазақстан Республикасының конституциялық құры­лысын күштеп өзгертуді, оның тұтастығын бұзуды, мемле­кет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді, соғысты насихаттау және үгіттеу, экстремизмді немесе терроризмді насихаттау, ұлтаралық және конфессияаралық өшпенділікті өршітуге бағытталған материалдарды жариялау және ақпаратты тара­т­у, сондай-ақ белгіленген мерзімде бұқаралық ақпарат құра­лын шығаруды не бұқаралық ақпарат құралының өнімін таратуды тоқтата тұру себептерін жоймау бұқаралық ақпа­рат құралының шығарылуын не бұқаралық ақпарат құралы өнімінің таратылуын тоқтатуға негіз болып табылады.
5. Меншік иесінің не соттың шешімі бойынша бұқаралық ақпарат құралының шығуын не бұқаралық ақпарат құралы өнімінің таратылуын тоқтата тұрған не тоқтатқан жағдайда, уәкілетті органға хабарлама жіберіледі.
Бұқаралық ақпарат құралын шығаруды не бұқаралық ақпарат құралының өнімін таратуды тоқтату оны есепке қою туралы куәліктің күшін жоюға әкеп соғады.

3-тарау. Бұқаралық ақпарат құралдарының өнімін тарату

14-бап. Бұқаралық ақпарат құралдарының өнімін тарату
1. Бұқаралық ақпарат құралдарының өнімін таратуды меншік иесінің шешімі бойынша оның өзі не шарт негізінде немесе өзге де заңды негіздерде редакция, баспагер, сондай-ақ ұйымдар мен азаматтар жүзеге асырады.
2. Эротикалық сипаттағы материалдар жариялайтын мерзімді баспасөз басылымдарын тек қана мөлдiр ораммен буылып-түйiлген күйiнде және бөлшек саудада соған арнап әдейі бөлінген тұрақты үй-жайларда сатуға жол беріледі, олардың орналасқан жері мен ондағы сату ережелерін жергілікті атқарушы органдар белгілейді.
Жасы он сегізге толмаған адамдарға эротикалық сипаттағы материалдарды жариялайтын мерзімді баспа басылымдарын сатуға тыйым салынады.
Порнографиялық және арнаулы сексуалдық-эротикалық сипаттағы радио, теледидар бағдарламаларының эфирге шығарылуына, сондай-ақ кино және бейне өнiмiнiң көрсетiлуiне, қатiгездiк пен зорлықты насихаттауға тыйым салынады.
3. Алкоголь өнімдерін жарнамалауға 2004 жылғы 1 қаңтардан бастап тыйым салынады.
Темекі және темекі бұйымдарын жарнамалауға тыйым салынады.
3-1. Шетелдiк бұқаралық ақпарат құралдарының теле- және радио бағдарламаларын ретрансляциялау телерадио хабарларын тарату арналары арқылы берiлетiн хабарлардың жалпы көлемiнiң: 2002 жылғы 1 қаңтардан бастап елу процентiнен, 2003 жылғы 1 қаңтардан бастап жиырма процентiнен аспауға тиiс.
Бұл талап кабелдiк және эфирлiк-кабелдiк теледидарлар тарататын хабарларға қолданылмайды.
4. Заңды негіздерде жүзеге асырылатын бұқаралық ақпарат құралдарының өнімін таратуға жеке немесе заңды тұлғалар, сол сияқты мемлекеттiк органдарды лауазымды адамдары тарапынан кедергі жасауға, заңсыз тәркілеуге, сондай-ақ таралымын немесе оның бiр бөлiгiн жоюға заңды күшіне енген шешімi негiзiнде болмаса жол берiлмейдi.

15-бап. Шығарылым деректерi
1. Мерзiмдi басылымның әрбiр шығарылымында мынадай мәлiметтер болуға тиiс:
1) бұқаралық ақпарат құралының атауы;
2) бұқаралық ақпарат құралының меншiк иесi;
3) бас редактордың (редактордың) тегi және аты-жөнi;
4) есепке қою туралы куәлiктiң нөмiрi мен берiлген күнi және оны берген органның атауы;
5) басылымның мерзiмдiлiгi;
6) бұқаралық ақпарат құралының рет нөмiрi мен жарық көрген күні;
7) таралымы;
8) баспахананың атауы, оның мекен-жайы және редакцияның мекен-жайы.
2. Бұқаралық ақпарат құралы эфирге әрбiр шыққан сайын, ал үздiксiз хабар таратқан жағдайда тәулiгiне кемiнде төрт рет өзiнiң атауын жариялап отыруға мiндеттi.

16-бап. Мерзiмдi басылымдардың мiндеттi даналары мен теле- және радиохабарлар материалдарын сақтау
1. Мерзiмдi басылымдардың мiндеттi тегiн даналарын, соның iшiнде осы Заңның 12-бабына орай есепке қоюдан босатылғандарын олар әзiрленген күнi бұқаралық ақпарат құралының меншiк иесi немесе оның тапсыруы бойынша үшiншi тұлға Ұлттық Мемлекеттiк кiтап палатасына, Ұлттық кiтапханаға, Қазақстан Республикасы Парламентiнiң кiтапханасына, уәкiлеттi органға жiбередi.
2. Бұқаралық ақпарат құралдарының (теледидар, радио хабарларын тарату) редакциялары эфирге шығарған өз хабарларының жазбаларын бiр ай бойы сақтауға, сондай-ақ оларды өздерiнiң эфирлiк жұмысының тіркеу журналында көрсетуге және оны соңғы жазба жасалған кезден бастап кемінде бір жыл сақтауға міндетті. Тарихи немесе мәдени жағынан құнды жазбалар уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен сақталады.

4-тарау. Бұқаралық ақпарат құралдарының азаматтармен және ұйымдармен қатынасы

17-бап. Авторлық туындылар мен хаттар
1. Редакция пайдаланылатын туындыларға құқықты, оның ішінде интеллектуалдық меншікке авторлық және өзге де құқықтарды сақтауға міндетті.
2. Оқырмандар хаттарын жариялау кезінде олардың мәтінін қысқартуға және оның мазмұнының мағынасын бұрмаламай редакциялауға жол беріледі.
3. Егер заңда өзгеше көзделмесе, бұқаралық ақпарат құралы редакциясын ол қабылдамай тастаған материалды жариялауға ешкімнің де міндеттеуге құқығы жоқ.

18-бап. Ресми хабарлар
1. Мемлекеттік органдардың ресми хабарлары бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес орналастырылады.
2. Мемлекеттік органдар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне, олардың меншік нысанына және кімге қарайтынына қарамастан, өтініш жасаған кезде, Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиясы болып табылатынынан басқа ақпаратты тең шарттарда беруге міндетті.
2-1. Мемлекеттiк органдар мен өзге де ұйымдар сұратылып отырған ақпаратты өтiнiш түскен күннен бастап үш күннен кешiктiрмей беруге не беру мерзiмiн немесе беруден бас тарту себебiн көрсете отырып жауабын беруге мiндеттi.
Қосымша зерделеудi және тексерудi қажет ететiн өтiнiшке жауап ол келiп түскен күннен бастап бiр ай мерзiмнен кешiктiрiлмей берiлуге тиiс.
Бұқаралық ақпарат құралынан қойылған мәселелердi шешу құзыретiне кiрмейтiн мемлекеттiк органдарға немесе өзге де ұйымдарға өтiнiш келiп түскен жағдайда, осы өтiнiш бес күн мерзiмнен кешiктiрiлмей тиiстi органдарға жiберiлiп, бұл туралы бұқаралық ақпарат құралына хабарлануға тиiс.
3. Сұралып отырған мәліметтерді беруден бас тартылуға бұқаралық ақпарат құралының өкілі мемлекеттік басқару органдары мен лауазымды адамдардың азаматтар құқығына қысым жасайтын заңсыз әрекеттеріне шағым жасауға арналған заңда көзделген тәртіппен жоғары тұрған органға немесе лауазымды адамға, не сотқа шағым жасауы мүмкін.

19-бап. Теріске шығару құқығы
1. Азамат немесе заңды тұлға өзінің ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді сот тәртібімен теріске шығаруды талап етуге құқылы.
2. Егер азаматтың немесе заңды тұлғаның ар-намысына, қадір-қасиетiне немесе iскерлiк беделiне нұқсан келтiретiн мәлiметтер бұқаралық ақпарат құралдарында таратылса, олар сол бұқаралық ақпарат құралдарында тегiн терiске шығарылуға тиiс.
Егер аталған мәлiметтер ұйымнан шыққан құжатта болған жағдайда, мұндай құжат алмастырылып немесе қайтарылып алынып, бұл құжаттағы мәлiметтердiң шындыққа сәйкес келмейтiндiгi туралы адресатқа мiндеттi түрде хабарлануға тиiс.
Өзге реттерде терiске шығару тәртiбiн сот белгілейдi.
3. Азаматтың немесе заңды тұлғаның бұқаралық ақпарат құралында терiске шығаруды не жауапты жариялау туралы талабы, егер бұқаралық ақпарат органы мұндай жарияланымнан бас тартса не бiр айдың iшiнде жарияланым жасамаса, сондай-ақ ол таратылған жағдайда, сотта қаралады.
4. Азаматқа немесе заңды тұлғаға қатысты олардың ар-намысына, қадiр-қасиетiне немесе iскерлiк беделіне нұқсан келтiретiн мәлiметтер таратылған болса, олар мұндай мәлiметтердi терiске шығарумен қоса олардың таратылуынан өздерiне келтiрiлген залалдың немесе моральдық зиянның орнын толтыруды талап етуге құқылы.

5-тарау. Журналистің құқықтары мен міндеттері

20-бап. Журналистiң құқықтары
Журналистiң:
1) ақпаратты iздестiрудi жүзеге асыруға, сұратуға, алуға және таратуға;
2) мемлекеттiк органдарға, барлық меншiк нысандарындағы ұйымдарға баруына және өзiнiң қызмет бабындағы мiндеттерiн жүзеге асыруға байланысты олардың лауазымды адамдарының қабылдауында болуға, жабық шара өткiзу туралы шешiм қабылданғаннан басқа жағдайда өзiн тiркеген орган өткiзетiн барлық шараларға қатысуға;
3) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде тыйым салынған жағдайларды қоспағанда, жазбалар, соның iшiнде оларды дыбыс-бейне техникасын, кино-фото түсiру құралдарын пайдалана отырып жасауға;
4) журналистiң куәлiгiн көрсету арқылы дүлей апаттар болған аудандарда, митингiлер мен демонстрацияларда, сондай-ақ қоғамдық, топтық және жеке мүдделер мен наразылықтарды өзге де бiлдiру нысандарына қатысуға;
5) құжаттар мен материалдардың мемлекеттік құпиялар болып табылатын мәлiметтерi бар үзiндiлерiн қоспағанда, олармен танысуға рұқсат алуға;
6) алынатын ақпараттың дұрыстығын тексеруге;
7) алынған ақпараттық материалдарды тексеру кезiнде мамандарға жүгiнуге;
8) өзi дайындаған хабарлар мен материалдарға қолын қойып, шартты атын (бүркеншiк атын) көрсетiп таратуға;
9) материалдың мазмұны редакциялық түзетуден кейін журналистің жеке сеніміне қайшы келсе, оған өз қолы қойылып жариялануынан бас тартуға;
10) авторлық және ақпарат көздерiнiң құпиясы соттың талап етуiмен жарияланған жағдайларды қоспағанда, бұл құпияларды сақтауға құқығы бар.

21-бап. Журналистiң мiндеттерi
Журналист:
1) Қазақстан Республикасының заңдарын басшылыққа ала отырып, өзi шарттық қатынастарда тұрған бұқаралық ақпарат құралының қызмет бағдарламасын жүзеге асыруға;
2) шындыққа сәйкес келмейтiн ақпаратты таратпауға;
3) ақпарат ұсынған адамдардың авторлығын көрсету туралы олар жасаған өтiнiштердi қанағаттандыруға;
4) жеке және заңды тұлғалардың заңды құқықтары мен мүдделерiн құрметтеуге;
4-1) 2009.06.02. № 123-IV ҚР Заңымен алып тасталды
5) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзiне жүктелген өзге де мiндеттердi орындауға мiндеттi.

6-тарау. Журналистерді аккредиттеу

22-бап. Журналистердi аккредиттеу
1. Бұқаралық ақпарат құралдары мемлекеттiк органдардың, қоғамдық бiрлестiктер мен ұйымдардың келiсiмi бойынша олардың жанында өз журналистерiн аккредиттей алады.
2. Журналист аккредиттелген мемлекеттiк органдар, қоғамдық бiрлестiктер мен ұйымдар оны өткiзiлетiн отырыстар, кеңестер және өзге де шаралар жөнiнде оған алдын ала хабарлауға, стенограммалармен, хаттамалармен және өзге де құжаттармен қамтамасыз етуге мiндеттi.
3. Жабық шара өткiзу туралы шешiм қабылданған жағдайларды қоспағанда, аккредиттелген журналистiң өзiн аккредиттеген мемлекеттiк органдар, қоғамдық бiрлестiктер мен ұйымдар өткiзетiн отырыстарға, кеңестерге және басқа да шараларға қатысуға құқығы бар.
4. Егер журналист аккредиттеу ережелерiн бұзса не өзiн аккредиттеген мемлекеттiк органдардың, қоғамдық бiрлестiктер мен ұйымдардың ар-намысы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн, шындыққа сәйкес келмейтiн мәлiметтердi таратса, оның аккредиттелуі күшiн жоюы мүмкiн.
5. 2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен алып тасталды

23-бап. Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдарын шет елдерде аккредиттеу
Егер халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралы иесiнің Қазақстан Республикасының және өздерi болған елдердiң заңдарында көзделген тәртiппен басқа елдерде тiлшiлер қосынын ашуға, журналистердi аккредиттеуге құқығы бар.

24-бап. Қазақстан Республикасындағы шетел бұқаралық ақпарат құралдары өкiлдерiнiң қызметi
1. Шетел бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлдiктерiн және олардың журналистерiн аккредиттеудіҚазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгi жүргiзедi.
2. Қазақстан Республикасында аккредиттелген шетел журналистерiнің және басқа да шетел бұқаралық ақпарат құралдары өкiлдерiнiң құқықтық жағдайы мен кәсiптiк қызметi Қазақстан Республикасының заңдарымен және Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттармен реттеледi.
3. Қазақстан Республикасының Конституциясын және осы Заңның нормаларын бұзатын шетелдiк бұқаралық ақпарат құралдарының өнiмiн таратуға сот тәртiбiмен тыйым салынады.

7-тарау. Бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңдарды бұзу үшін жауапкершілік

25-бап. Бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңдарды бұзу үшiн жауапкершiлiк негiздерi
1. Азаматтардың немесе ұйымдардың (мемлекеттiк органның, азаматтардың қоғамдық, шығармашылық, ғылыми, дiни не өзге де бiрлестiгiнiң және заңды тұлғалардың) ар-намысы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн, шындыққа сәйкес келмейтiн мәлiметтердi тарату, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сотқа ықпал жасау Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.
2. Бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңдарды бұзу үшiн мемлекеттiк органдардың және өзге де ұйымдардың оған кiнәлi лауазымды адамдары, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралының иесi, таратушысы, бас редакторы (редакторы), таратылған хабарлар мен материалдардың авторлары жауапты болады.
2-1. Бұқаралық ақпарат құралының меншiк иесi, бас редакторы (редакторы) Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертудi, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауiпсiздiгiне нұқсан келтiрудi, соғысты, әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық, дiни, тектiк-таптық және рулық артықшылықты, қатыгездікті, зорлық пен порнографияны насихаттап, үгіттейтін хабарлар мен материалдарды таратқаны үшін, олардың алынған көздеріне қарамастан, Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгіленген жауаптылықта болады.
3. Журналистiң заңды кәсiптiк қызметiне кедергi жасау Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.

26-бап. Шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді тарату үшін жауапкершіліктен босатылатын реттер
Бұқаралық ақпарат құралында шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратқаны үшін:
1) егер бұл мәліметтер ресми хабарлар мен құжаттарда айтылған болса;
2) егер олар жарнама және ақпарат агенттіктерінен немесе мемлекеттік органдардың баспасөз қызметінен алынса;
3) егер олар өкілді органдар депутаттарының, мемлекеттік органдардың, ұйымдардың лауазымды адамдарының және азаматтардың ресми сөйлеген сөздерінің сөзбе-сөз қайталанып берілуі болса;
4) егер олар алдын ала жазылып алынбай эфирге шығарылатын авторлық сөздерде не осы Заңға сәйкес редакциялауға жатпайтын мәтіндерде айтылса;
5) егер бұл мәліметтер осы Заңның 18-бабына сәйкес міндетті хабарларда айтылса, бас редактор (редактор), сондай-ақ журналист жауапты болмайды.

Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. Назарбаев