Мемлекеттік органдардың мәліметтерді Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларына жатқызу жөніндегі өкілеттіктер берілген лауазымды тұлғаларының тізбесін бекіту туралы Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 13 сәуірдегі № 371 Жарлығы

Мемлекеттік құпияларды қорғау саласында бірыңғай саясатты қамтамасыз ету мақсатында, «Мемлекеттік құпиялар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабына сәйкес қаулы етемін:
1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік органдардың мәліметтерді Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларына жатқызу жөніндегі өкілеттіктер берілген лауазымды тұлғаларының тізбесі (бұдан әрі - Тізбе) бекітілсін.
2. Тізбеде көрсетілген мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларына нақты мемлекеттік орган туралы ережеде айқындалған оның құзыреті шеңберінде салалық (ведомстволық) тиесіліктегі мәліметтерді, сондай-ақ өздерінің ұсынуы бойынша басқа мемлекеттік органдардың тиісті тақырыптық бағыттағы мәліметтерін Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларына жатқызу жөнінде өкілеттік берілсін.
3. Мемлекеттік органдардың мәліметтерді мемлекеттік құпияларға жатқызу жөнінде өкілеттік берілген лауазымды тұлғалары нақты мәліметтерді мемлекеттік құпияларға жатқызу жөніндегі өздері қабылдаған шешімдердің негізділігі мен осы мәліметтерді уақтылы құпиясыздандыру үшін жеке жауапты болады деп белгіленсін.
4. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. Назарбаев