"Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгi туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2011 жылғы 19 қазандағы № 1191 Қаулысы

________________________________________

Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
«Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгi туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына енгiзiлсiн.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министр К. Мәсiмов
Жоба
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ
Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгi туралы
Осы Заң Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгi саласындағы құқықтық қатынастарды реттейдi және адамның және азаматтың, қоғам мен мемлекеттiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудiң мазмұны мен қағидаттарын, Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жүйесiн, мақсаттары мен бағыттарын айқындайды.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) ақпараттық инфрақұрылым - ақпаратты қалыптастыру, құру, қайта құру, өңдеу, беру, пайдалану және сақтау техникалық құралдары мен жүйелерiнiң жиынтығы;
2) ақпараттық кеңiстiк - жеке және қоғамдық санаға, ақпараттық инфрақұрылым мен ақпараттың өзiне ықпал ететiн ақпаратты қалыптастыруға, құруға, қайта құруға, өңдеуге, беруге, пайдалануға, сақтауға байланысты қызмет саласы;
3) Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгi (бұдан әрi - ұлттық қауiпсiздiк) - адамның және азаматтың, қоғам мен мемлекеттiң серпiндi дамуын қамтамасыз ететiн Қазақстан Республикасы ұлттық мүдделерiнiң нақты және ықтимал қауiп-қатерлерден қорғалуының жай-күйi;
4) Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету (бұдан әрi - ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету) - ұлттық мүдделердi нақты және ықтимал қауiп-қатерлерден қорғауға бағытталған ұлттық қауiпсiздiк субъектiлерiнiң қызметi;
5) Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жүйесi - ұлттық қауiпсiздiк саласында бiрыңғай мемлекеттiк саясат шеңберiнде ұлттық қауiпсiздiк субъектiлерi iске асыратын құқықтық, ұйымдастырушылық, экономикалық, техникалық және өзге де шаралар жиынтығы;
6) Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерi - iске асырылуынан мемлекеттiң адамның және азаматтың құқықтарын, қазақстандық қоғамның құндылықтарын және конституциялық құрылыс негiздерiн қорғауды қамтамасыз ету қабiлетi байланысты болатын Қазақстан Республикасының заңнамалық танылған және саяси, экономикалық, әлеуметтiк кепiлдендiрiлген және басқа да қажеттiлiктерiнiң жиынтығы;
7) ұлттық қауiпсiздiкке қауiп-қатерлер - Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерiн iске асыруға кедергi жасайтын немесе кедергi жасауы мүмкiн сыртқы және iшкi факторлардың (үдерiстер мен құбылыстардың) жиынтығы;
8) ұлттық қауiпсiздiк объектiлерi - жеке адам, оның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары; қоғам, оның материалдық және рухани құндылықтары; мемлекет, оның конституциялық құрылысы;
9) ұлттық қауiпсiздiк стратегиясы - ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету саласында негiзгi проблемаларды және қатерлердi, стратегиялық мақсаттарды және нысаналы индикаторларды, мiндеттердi және нәтиже көрсеткiштерiн айқындайтын Қазақстан Республикасы дамуының стратегиялық құжаты;
10) ұлттық қауiпсiздiк субъектiлерi - өз өкiлеттiктерiн заң шығарушы, атқарушы және сот өкiметi тармақтары органдары арқылы жүзеге асыратын мемлекет, сондай-ақ ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету саласында мемлекеттiк саясатты iске асыруға қатысатын Қазақстан Республикасының азаматтары мен ұйымдары.
2-бап. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз етудiң құқықтық негiздерi
1. Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету саласындағы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше нормалар белгiленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
3. Мынадай:
1) Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiне нұқсан келтiретiн немесе мемлекеттiк тәуелсiздiктi жоғалтуға әкеп соғатын;
2) Қазақстан Республикасының егемендiк құқықтарының аясын тарылтатын халықаралық шарттарды жасасуға жол берiлмейдi.
3-бап. Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiн
қамтамасыз ету қағидалары
Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету қағидаттары:
1) ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi қызметтi жүзеге асыру кезiнде заңдылықты сақтау;
2) ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету күштерiнiң жедел өзара хабардар етiлуi және iс-қимылдарының келiсiмдiлiгi;
3) ұлттық қауiпсiздiктiң барлық түрлерiнiң бiрлiгi, өзара байланысы және теңдестiрiлiмдiгi, ахуалдың дамуына байланысты олардың басымдығының жедел өзгеруi;
4) ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету кезiнде ескерту-профилактикалық шараларының басымдығы;
5) ұлттық мүдделерге келтiрiлген және/немесе ықтимал нұқсанның ауқымы мен сипатына ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету шараларының уақытылығы мен лайықтылығы;
6) адамның және азаматтың, қоғам мен мемлекет мүдделерiнiң теңдестiгiн сақтау, олардың өзара жауапкершiлiгi;
7) ұлттық қауiпсiздiктi қорғау жөнiндегi iс-қимылдардың барлық жиынтығын iске асырудың бақыланымдылығы;
8) Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жүйесiнiң халықаралық қауiпсiздiк жүйелерiмен ықпалдастығы;
9) мемлекеттiк өкiмет органдары өкiлеттiлiгiнiң ара жiгiн айқын ажырату, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының басымдылығы болып табылады.
4-бап. Қазақстан Республикасы ұлттық қауiпсiздiгiнiң түрлерi
Ұлттық қауiпсiздiк түрлерi:
1) қоғамдық қауiпсiздiк - азаматтар өмiрiнiң, денсаулығының және ырыс-берекесiнiң, қазақстандық қоғамның рухани-адамгершiлiк құндылықтарының және әлеуметтiк қамсыздандыру жүйесiнiң нақты әрi ықтимал қатерлерден қорғалуының жай-күйi, бұл орайда қоғамның тұтастығы мен оның тұрақтылығы қамтамасыз етiледi;
2) әскери қауiпсiздiк - мемлекеттiң тұрақты және бейбiт дамыту қамтамасыз етiлетiн, елдiң егемендiгi мен аумақтық тұтастығына әскери сипаттағы нақты және ықтимал қауiп-қатерлер мен қол сұғушылықтан Қазақстан Республикасының қорғалуының жай-күйi;
3) саяси қауiпсiздiк - азаматтардың, әлеуметтiк топтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау және олардың мүдделерiнiң теңдестiгi, мемлекеттiң тұрақтылығы, тұтастығы және қолайлы халықаралық жағдай қамтамасыз етiлетiн конституциялық құрылыс негiздерiнiң, мемлекеттiк органдар жүйесi қызметiнiң және мемлекеттiк басқару тәртiбiнiң нақты және ықтимал қауiп-қатерлерден қорғалуының жай-күйi;
4) экономикалық қауiпсiздiк - экономиканың орнықты дамуы және экономикалық тәуелсiздiгi қамтамасыз етiлетiн Қазақстан Республикасының ұлттық экономикасының нақты және ықтимал қатерлерден қорғалуының жай-күйi;
5) ақпараттық қауiпсiздiк - елдiң орнықты дамуы және ақпараттық тәуелсiздiгi қамтамасыз етiлетiн ақпарат саласында нақты және ықтимал қатерлерден Қазақстан Республикасының ақпараттық кеңiстiгiнiң, сондай-ақ адамның және азаматтық құқықтары мен мүдделерiнiң, қоғам мен мемлекеттiң қорғалуының жай-күйi;
6) экологиялық қауiпсiздiк - қоршаған ортаға антропогендiк және табиғи әсерлер нәтижесiнде туындайтын қатерлерден адамның және азаматтың өмiрлiк маңызды мүдделерi мен құндылықтарының, қоғам мен мемлекеттiң қорғалуының жай-күйi болып табылады.
5-бап. Қазақстан Республикасының негiзгi ұлттық мүдделерi
1. Қазақстан Республикасының негiзгi ұлттық мүдделерi:
1) адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету;
2) заңдардың мүлтiксiз орындалуы және құқық тәртiбiн сақтау;
3) елде қоғамдық келiсiм мен саяси тұрақтылықты сақтау;
4) қазақстандық патриотизм және Қазақстан халқының бiрлiгi;
5) қазақстандық қоғамның материалдық және рухани-адамгершiлiк құндылықтарын сақтау мен еселеу;
6) азаматтар мен қоғамның әл-ауқатын жақсарту қажеттiлiктерiне барабар денсаулық сақтау және әлеуметтiк қамсыздандыру жүйесiнiң деңгейi мен сапасына қол жеткiзу және оны ұстау;
7) қоғам мен азаматтардың әлеуметтiк-экономикалық және зияткерлiк даму қажеттiлiктерiне лайықты елдiң бiлiм және ғылым әлеуетiнiң деңгейi мен сапасына қол жеткiзу және оны ұстау;
8) Қазақстан Республикасы конституциялық құрылысының, оның iшiнде елдiң мемлекеттiк тәуелсiздiгiнiң, бiртұтас құрылымы мен президенттiк басқару нысанының, мемлекеттiк шекарасының тұтастығының, қол сұғылмаушылығының және аумағының бөлiнбестiгiнiң мызғымастығы;
9) мемлекеттiк институттардың орнықты жұмыс iстеуi, олардың қызметiнiң тиiмдiлiгiн арттыру;
10) Қазақстанның бүкiл халқының игiлiгi үшiн экономикалық даму;
11) экономикалық қауiпсiздiктi толық көлемде қамтамасыз ететiн агроөнеркәсiптiк, отын-энергетика кешендерi, көлiк және өндiрiстiк сала, қаржы жүйесi субъектiлерiнiң орнықты жұмыс iстеуi;
12) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдарының жауынгерлiк және жұмылдыру дайындығын қамтамасыз ету;
13) Қазақстан Республикасының әскери қауiпсiздiгiн толық көлемде қамтамасыз ететiн қару-жарақпен және әскери техникамен жарақтандыруды қамтамасыз ету және отандық қорғаныс өнеркәсiбi кешенi субъектiлерiн дамыту;
14) бәсекеге қабiлеттi және қорғалған ұлттық ақпараттық кеңiстiктi қолдау және дамыту;
15) қоршаған табиғи орта жай-күйiн сақтау және жақсарту, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану;
16) Қазақстан Республикасының даму басымдылықтарына сай келетiн халықаралық ынтымақтастықтың жай-күйi;
17) халықаралық деңгейде Қазақстан Республикасының жағымды имиджi мен беделiн нығайтуға бағытталған саяси бастамаларды алға жылжыту;
18) Қазақстан халқы мен аумағын төтенше жағдайлар мен әскери қақтығыстар кезiнде немесе осы қақтығыстардың салдарынан туындайтын қауiп-қатерлерден бейбiт және соғыс уақытында қорғау болып табылады.
2. Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерi Қазақстан Республикасының заңнамасымен, стратегиялық және бағдарламалық құжаттармен толықтырылуы және нақтылануы мүмкiн.
6-бап. Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiне
негiзгi қатерлер
1. Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiне негiзгi қатерлер:
1) заңдылық пен құқық тәртiбi деңгейiнiң төмендеуi, оның iшiнде қылмыстылықтың, оның ұйымдасқан нысандарын қоса алғандағы өсуi, мемлекеттiк органдардың қылмыстық құрылымдармен, террористiк немесе экстремистiк ұйымдармен кiрiгуi, лауазымды тұлғалардың капиталдың заңсыз айналымына қолдау жасауы, ұлттық мүдделердiң қорғалу деңгейiнiң төмендеуiне ықпал ететiн сыбайлас жемқорлық, қару-жарақтардың және есiрткi заттарының заңсыз айналымы;
2) демографиялық ахуалдың және халық денсаулығының нашарлауы, оның iшiнде бала туудың күрт төмендеуi, өлiм-жiтiмнiң, сондай-ақ оларға байланысты бақылаусыз көшi-қон үдерiстерiнiң көбеюi;
3) елдiң денсаулық сақтау, бiлiм және зияткерлiк әлеуетi деңгейi мен сапасының төмендеуi;
4) рухани-адамгершiлiк, тарихи және мәдени мұра объектiлерiнiң жоғалуы;
5) ұлтаралық және конфессияаралық қақтығыстардан, жаппай тәртiпсiздiктерден көрiнетiн әлеуметтiк және саяси жағдайдың ушығуы;
6) конституциялық құрылысты күштеп өзгертуге бағытталған iс-әрекет, оның iшiнде Қазақстан Республикасының бiртұтас құрылысына, тұтастығына, қол сұғылмаушылығына, аумағының бөлiнбестiгiне, күзетiлетiн тұлғалардың қауiпсiздiгiне қауiп төндiретiн iс-әрекеттер;
7) кез-келген нысандардағы және көрiнiстердегi терроризм, экстремизм мен сепаратизм;
8) Қазақстанның ұлттық қауiпсiздiгiне нұқсан келтiруге бағытталған шет мемлекеттер арнаулы қызметiнiң, сондай-ақ ұйымдар мен жеке адамдардың барлау-бүлдiру iс-әрекетi;
9) мемлекеттiк органдардың қызметiне iрiткi салу, олардың iркiлiссiз жұмыс iстеуiн бұзу, елде басқару деңгейiнiң төмендеуi;
10) стратегиялық ресурстардың ел мүдделерiне кереғар пайдаланылуын қоса алғанда, мемлекеттiң экономикалық қауiпсiздiгiне нұқсан келтiру, инновациялық даму және инвестициялық белсендiлiктiң артуына кедергi жасау, капитал мен тауарларды елден сыртқа бақылаусыз әкету, көлеңкелi экономиканың өсуi;
11) қаржы жүйесi орнықтылығының төмендеуi;
12) өндiрiстiң қысқаруы, өнiмдер мен тауарлар сапасының, бәсекеге қабiлеттiлiгiнiң, экспорттық, транзиттiк әлеуетiнiң және қолжетiмдiлiгiнiң төмендеуi, олардың Қазақстан Республикасында өндiрiлмейтiн өнiмдер мен тауарлардың басқа мемлекеттерден берiлуiнiң қысқаруы;
13) елдiң қорғаныс қабiлетi деңгейiнiң төмендеуi, мемлекеттiк шекараның қол сұғылмаушылығына қауiп - қатер, Қазақстан Республикасына қатысты күш қолдану, оған қарсы агрессия;
14) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделмеген әскерилендiрiлген құралымдар құру;
15) рұқсатсыз енуден елдiң ақпарат кеңiстiгiн және ұлттық ақпарат ресурстарын қорғау деңгейiнiң төмендеуi;
16) бұқаралық сананы арбау мақсатында шетелдiк субъектiлер және iрiткi салуға ниеттенген қылмыстық құрылымдар тарапынан қазақстандық азаматтарға, қоғам мен мемлекетке келеңсiз ақпараттық-психологиялық ықпал жасау;
17) экологиялық жағдайдың, оның iшiнде ауыз су сапасының күрт нашарлауы, табиғи апаттар мен табиғи және техногендiк сипаттағы өзге де төтенше жағдайлар, жұқпалы аурулар мен iндеттер;
18) халықаралық деңгейде Қазақстанның ұлттық мүдделерiне, саяси беделiне және экономикалық рейтингiне нұқсан келтiру болып табылады.
2. Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiне қауiп - қатерлер Қазақстан Республикасының заңнамасында, стратегиялық және бағдарламалық құжаттарда толықтырылуы және нақтылануы мүмкiн.
2-тарау. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiгiн
қамтамасыз ету жүйесi және оның негiзгi функциялары
7-бап. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жүйесi
1. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жүйесiн адамның және азаматтың, қоғам мен мемлекеттiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге бағытталған бiр-бiрiмен өзара iс-қимыл жасайтын оны қамтамасыз ету күштерi, саяси, құқықтық, ұйымдастырушылық, экономикалық, әскери және өзге де сипаттағы шараларды жүзеге асыратын өзге де мемлекеттiк органдар мен ұйымдар құрайды.
2. Қазақстан Республикасының азаматтары ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету саласында мемлекеттiк саясатты iске асыруға қатысады.
8-бап. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету
жүйесiнiң негiзгi функциялары
Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жүйесiнiң негiзгi функциялары:
1) Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерiн айқындау;
2) ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жүйесiнiң мақсаттарын, мiндеттерi мен негiзгi бағыттарын айқындау;
3) ұлттық қауiпсiздiкке төнетiн қауiп-қатерлердi анықтау, талдау, бағалау және болжау;
4) ұлттық қауiпсiздiкке қатердiң алдын алу және оны залалсыздандыру жөнiнде жедел және ұзақ мерзiмдi шаралар кешенiн әзiрлеу және жүзеге асыру;
5) халықаралық қауiпсiздiктi нығайтуға бағытталған саяси бастамаларды алға жылжыту;
6) ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету күштерiн ұдайы дайындықта ұстау;
7) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес халықаралық және өңiрлiк қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге қатысу болып табылады.
9-бап. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету күштерi
1. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету күштерiне:
1) барлау, қарсы барлау қызметiн, күзету iс-шараларын, сондай-ақ күзетiлетiн тұлғалар мен объектiлердiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге бағытталған құқықтық және ұйымдастырушылық шаралар кешенiн жүзеге асыратын арнаулы мемлекеттiк органдар;
2) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерi, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдары;
3) iшкi iстер, қаржы полициясы, мемлекеттiк өртке қарсы қызмет органдары, кеден органдары және авариялық-құтқару қызметтерi жатады.
2. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету заңнамада белгiленген өкiлеттiктерге сәйкес барлық мемлекеттiк органдар мен мемлекеттiң лауазымды тұлғалары үшiн мiндеттi болып табылады.
3. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету күштерi және өзге де мемлекеттiк органдар өзара iс-қимыл жасайды, Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерiн қорғау жөнiнде бiрлескен iс-шараларды iске асырады және өздерiнiң құзыретiне жататын мәселелер бойынша бiр-бiрiн өзара хабардар етедi.
3-тарау. Қазақстан Республикасы Президентiнiң,
Қауiпсiздiк Кеңесiнiң, Парламентiнiң, Үкiметiнiң, соттарының,
мемлекеттiк органдарының ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету
саласындағы өкiлеттiктерi
10-бап. Қазақстан Республикасы Президентiнiң өкiлеттiгi
Қазақстан Республикасының Президентi:
1) ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету саласында мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттарын айқындайды;
2) елдiң ұлттық мүдделерiн қорғау саласында барлық мемлекеттiк өкiмет тармақтарының келiсiлген қызметiн қамтамасыз етедi;
3) ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мәселелерi бойынша актiлер шығарады;
4) Қауiпсiздiк Кеңесiн құрады және басқарады, оның мiндеттерi мен өкiлеттiгiн белгiлейдi;
5) Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк стратегиясын, сондай-ақ ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету саласында өзге де стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды бекiтедi;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мәселелерi бойынша өзге де қажеттi өкiлеттiктi жүзеге асырады және шаралар қабылдайды.
11-бап. Қазақстан Республикасы Қауiпсiздiк
Кеңесiнiң өкiлеттiгi
1. Қазақстан Республикасының Қауiпсiздiк Кеңесi Қазақстан Республикасының Президентi жанындағы консультативтiк-кеңесшi орган болып табылады.
2. Қауiпсiздiк Кеңесiнiң қызметiн ұйымдастыруды және тәртiбiн Қазақстан Республикасының Президентi айқындайды.
12-бап. Қазақстан Республикасы Парламентiнiң өкiлеттiгi
Қазақстан Республикасының Парламентi Қазақстан Республикасының Конституциясымен белгiленген өкiлеттiктерi шегiнде ұлттық қауiпсiздiк саласындағы өз өкiлеттiктерiн жүзеге асырады.
13-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң өкiлеттiгi
Қазақстан Республикасының Үкiметi:
1) Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Мәжiлiсiне ұлттық қауiпсiздiк саласындағы заңдардың жобаларын енгiзедi және заңдардың орындалуын қамтамасыз етедi;
2) ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мәселелерi бойынша қаулылар шығарады;
3) Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк стратегиясын әзiрлеудi және iске асыруды ұйымдастырады;
4) ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiнде министрлiктердiң, өзге де орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың қызметiне басшылық жасайды;
5) мыналардың:
ұлттық холдингтердiң және (немесе) ұлттық компаниялардың не олардың аффилиирленген тұлғаларының, сондай-ақ мемлекет қатысатын өзге де заңды тұлғалардың жарғылық капиталдарына берiлген және (немесе) олардың меншiгiндегi стратегиялық объектiлердiң
мемлекетпен аффилирленбеген заңды тұлғалардың, сондай-ақ жеке адамдардың меншiгiндегi стратегиялық объектiлердiң тiзбелерiн түзедi;
6) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң жанынан стратегиялық объектiлер жөнiнде комиссия құрады;
7) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң жанындағы стратегиялық объектiлер жөнiндегi комиссияның ұсынымдары негiзiнде жеке және заңды тұлғаларға тиесiлi Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерiне қауiп туғызуы мүмкiн стратегиялы объектiлермен азаматтық-құқықтық мәмiле жасасуға рұқсат беру немесе рұқсат беруден бас тарту туралы шешiм қабылдайды;
8) Қазақстан Республикасы Конституциясына, заңдарына және Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiне сәйкес ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мәселелерi бойынша өзге де қажеттi өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
14-бап. Қазақстан Республикасы соттарының өкiлеттiгi
Соттар:
1) азаматтардың, ұйымдар мен мемлекеттiң құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерiн сотта қорғауды, Конституцияның, осы Заңның және өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң, сондай-ақ халықаралық шарттардың орындалуын қамтамасыз етедi;
2) жеке адамның, қоғам мен мемлекеттiң қауiпсiздiгiне қол сұғылатын қылмыстар және құқық бұзушылықтар туралы iстер бойынша сот төрелiгiн жүзеге асырады.
15-бап. Қазақстан Республикасының өзге де орталық
мемлекеттiк органдарының өкiлеттiгi
1. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген құзыретi шегiнде өзге де орталық мемлекеттiк органдар ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз етудi жүзеге асырады:
1) ұлттық қауiпсiздiк органдары - конституциялық құрылысты, мемлекеттiк егемендiктi, аумақтық тұтастықты, экономикалық, ғылыми-техникалық және қорғаныс әлеуетiн қорғау жөнiнде қарсы барлау қызметiн, мемлекеттiк шекараны қорғауды, үкiметтiк байланысты қолдауды және қамтамасыз етудi, сондай-ақ терроризмге және экстремизмге қарсы iс-қимыл саласында ведомствоаралық қызметтi үйлестiрудi жүзеге асырушы, Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн арнаулы мемлекеттiк органдар;
2) сыртқы барлау саласындағы уәкiлеттi орган - Қазақстан Республикасының Президентiн, Парламентi мен Үкiметiн, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары мен мемлекеттiк ұйымдарын, Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерiн қозғайтын, барлау ақпаратымен қамтамасыз ететiн, саяси, әскери-саяси, қаржылық-экономикалық, ғылыми-техникалық, гуманитарлық, экологиялық және өзге де салаларда мемлекет басшылығы саясатын iске асыруға ықпал ететiн, Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттiк орган;
3) Қазақстан Республикасы Президентiнiң Күзет қызметi - күзетiлетiн тұлғалар мен объектiлердiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн және күзетiлетiн тұлғалардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мәселелерi бойынша ұйымдастырушы және үйлестiрушi орган болып табылатын Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн арнаулы мемлекеттiк орган;
4) қаржы полициясы органдары - экономикалық және қаржылық қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласында адамның және азаматтың құқықтарына, қоғам мен мемлекеттiң мүдделерiне қылмыстық және өзге де құқыққа қарсы қол сұғушылықтардың алдын алуды, анықтауды, жолын кесудi, ашуды және тергеудi жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн арнаулы мемлекеттiк органдар;
5) iшкi iстер органдары - қоғамдық тәртiптi қорғауды, қылмысқа, есiрткi құралдары мен қару-жарақтардың заңсыз айналымына, бақылаусыз көшi-қонға қарсы күрестi, азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн, қылмыстық жазалардың орындалуын ұйымдастырушы ұйымдарды қорғауды, сондай-ақ қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету бойынша қызметтi ведомствоаралық үйлестiрудi жүзеге асыратын орталық атқарушы органдар;
6) Қорғаныс министрлiгi - мемлекеттiң қорғаныс қабiлеттiлiгiн, Қарулы Күштердiң тұрақты жауынгерлiк және жұмылдыру дайындығын, әскери барлауды, сондай-ақ әскери қауiпсiздiктi қамтамасыз ету бойынша қызметтi ведомствоаралық үйлестiрудi қолдайтын және қамтамасыз ететiн орталық атқарушы орган;
7) сыртқы саясат саласындағы уәкiлеттi орган - сыртқы саясат бағдарын, күш-жiгерiн iске асыруды дипломатиялық құралдармен және әдiстермен, Қазақстан Республикасының халықаралық бейбiтшiлiктi, жаһандық және өңiрлiк қауiпсiздiктi қамтамасыз ету бойынша Қазақстанның халықаралық беделiн нығайтуды, Қазақстан Республикасының егемендiгiн, қауiпсiздiгiн, аумақтық тұтастығын және шекарасының мызғымастығын, оның басқа мемлекеттермен өзара қарым-қатынастарында және халықаралық аренада саяси, сауда-экономикалық және өзге де мүдделерiн қорғауды, сондай-ақ халықаралық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету бойынша қызметтi ведомствоаралық үйлестiрудi қамтамасыз ететiн орталық атқарушы орган;
8) байланыс және ақпарат саласындағы уәкiлеттi орган - Қазақстан Республикасында бiрыңғай ақпараттық кеңiстiк пен байланыс инфрақұрылымын қалыптастыруды, дамытуды және қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудi, сондай-ақ ақпараттық кеңiстiктiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi қызметтi ведомствоаралық үйлестiрудi жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
9) ақпараттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету саласындағы уәкiлеттi орган - ақпараттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету бойынша құқықтық, әкiмшiлiк және өзге де шараларды әзiрлейдi, олардың iске асырылуы мен сақталуына бақылауды, сондай-ақ ақпараттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету бойынша қызметтi ведомствоаралық үйлестiрудi жүзеге асырады;
10) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган - қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану саласында мемлекеттiк саясатты әзiрлеу және iске асыру мәселелерi бойынша басшылықты және салааралық үйлестiрудi жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
11) мемлекеттiк жоспарлау саласындағы уәкiлеттi орган - Қазақстан Республикасының әлеуметтiк-экономикалық дамуының негiзгi басымдықтарын қалыптастыруды, жұмылдыру даярлығын және жұмылдыру саласында мемлекеттiк саясатты жүзеге асыратын, iшкi және сыртқы сауданы реттеу мен дамытуды, сондай-ақ заңнамада белгiленген құзыретi шегiнде экономикалық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi қызметтi ведомствоаралық үйлестiрудi қамтамасыз ететiн орталық атқарушы орган;
12) агроөнеркәсiптiк кешендi дамыту саласындағы уәкiлеттi орган - агроөнеркәсiптiк кешендi дамыту саласындағы мемлекеттiк реттеудi жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
13) көлiк және коммуникациялар саласындағы уәкiлеттi орган - көлiк-коммуникациялар саласына басшылықты, сондай-ақ заңнамада көзделген шекте салааралық үйлестiрудi жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
14) қаржы саласындағы уәкiлеттi орган - қаржылық мониторингтi жүзеге асыратын және заңсыз жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимыл бойынша шаралар қабылдайтын, салық, кеден және бюджет заңнамаларының сақталуын, мемлекеттiк мүлiктiң ұтымды пайдаланылуын және сақталуын, сондай-ақ қаржылық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi қызметтi ведомствоаралық үйлестiрудi қамтамасыз ететiн орталық атқарушы орган;
15) индустрия саласындағы уәкiлеттi орган - елдiң экономикасында өнеркәсiптiң және өндiрiстiң индустриалдық-инновациялық және ғылыми-техникалық дамуын қамтамасыз ететiн орталық атқарушы орган;
16) энергетика саласындағы уәкiлеттi орган - экономиканың энергия және энергия қорларына қажеттiлiгiн қанағаттандыруды, отын-энергетика кешенi дамуын, сондай-ақ энергетикалық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi қызметтi ведомствоаралық үйлестiрудi қамтамасыз ететiн орталық атқарушы орган;
17) төтенше жағдайлар саласындағы уәкiлеттi орган - табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою, азаматтық қорғаныс саласында мемлекеттiк саясатты қалыптастыруды, өрт және өнеркәсiптiк қауiпсiздiк саласында салааралық үйлестiрудi, мемлекеттiк материалдық резервтi қалыптастыруды және дамытуды, төтенше жағдайлардың алдын алу мен жоюдың, өрттiң алдын алу мен сөндiрудiң мемлекеттiк жүйесiнiң жұмыс iстеуiн және одан әрi дамуын қамтамасыз етудi жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
18) әдiлет органдары - мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың, лауазымды тұлғалар мен азаматтардың жұмысында заң тәртiбiн қолдайтын және азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауды қамтамасыз етушi органдар;
19) халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы уәкiлеттi орган - әлеуметтiк және еңбек қатынастарында заңдылықтың сақталуын және келiсiмдi нығайтуды, халықтың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етушi орталық атқарушы орган;
20) мәдениет саласындағы уәкiлеттi орган - қоғамның тарихи-мәдени және рухани - адамгершiлiк құндылықтарын сақтауды, мемлекеттiк және басқа да тiлдердiң серпiндi дамуын, iшкi саяси тұрақтылықты және этникааралық келiсiмдi нығайтуды қамтамасыз ететiн орталық атқарушы орган;
21) бiлiм беру саласындағы уәкiлеттi орган - сапалы және қол жетiмдi бiлiм берудi, қазақстандық ғылымның орнықты дамуын, мемлекеттiк жастар саясатын iске асыруды, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауды қамтамасыз ететiн орталық атқарушы орган;
22) денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган - халық денсаулығын қорғауды, аса қауiптi және карантиндiк инфекциялық аурулардың таралуынан қорғауды, азаматтардың тиiмдi, сапалы және қол жетiмдi дәрiлiк заттарға қажеттiлiктерiн қанағаттандыруды қамтамасыз ететiн орталық атқарушы орган;
23) туризм, дене шынықтыру және спорт жөнiндегi уәкiлеттi орган - Қазақстанда туризмнiң, бұқаралық спорттың дамуын, ел тұрғындарының дене шынықтыру мәдениетiн нығайтуды қамтамасыз етушi орталық атқарушы орган;
24) жер ресурстарын басқару жөнiндегi уәкiлеттi орган - жердi ұтымды пайдалануды және қорғауды, жер заңнамасының сақталуын қамтамасыз ететiн орталық атқарушы орган;
25) мемлекеттiк статистика саласындағы уәкiлеттi орган - өз құзыретi шегiнде мемлекеттiк статистика саласында басшылықты, сондай-ақ салааралық үйлестiрудi жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
26) бәсекелестiктi қорғау саласындағы уәкiлеттi орган - Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының бұзылуының алдын алуды, анықтау мен жолын кесудi қамтамасыз ететiн орталық атқарушы орган;
27) жер қойнауларын зерделеу және пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi орган - геологиялық зерделеу саласында мемлекеттiк саясатты және бақылауды iске асыруды, жер қойнауларын ұтымды және кешендi пайдалануды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген жер қойнауларын пайдалану саласында өзге де функцияларды қамтамасыз ететiн орталық атқарушы орган;
28) дiни iстер жөнiндегi уәкiлеттi орган - конфессияаралық қатынастарда тұрақтылық пен келiсiмдi нығайтуды, азаматтардың дiни сенiм бостандығына құқықтарының сақталуын қамтамасыз ететiн орталық атқарушы орган;
29) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi - қаржылық жүйенiң тұрақтылығын қамтамасыз етуге ықпал ететiн, Қазақстан Республикасының Президентiне есеп беретiн Қазақстан Республикасының орталық банкi;
30) Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетi - бюджеттiк қаражаттарды, мемлекеттiк мүлiктi, соның iшiнде Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын және Қазақстан Республикасы Ұлттық банкiнiң активтерiн пайдалану кезiнде Қазақстан Республикасының бюджеттiк және өзге де заңнамаларының бұзылуын анықтауды, жоюды және жол бермеудi қамтамасыз ететiн, сондай-ақ республикалық бюджетке түсiмдердiң толықтығы мен уақтылығын, салықтық және кедендiк әкiмшiлiк етудiң тиiмдiлiгiне бақылауды жүзеге асырушы Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн сыртқы мемлекеттiк қаржы бақылауының жоғары органы болып табылады.
2. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары өздерiнiң құзыретi шегiнде:
1) ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге жауапкершiлiк алады;
2) ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi iс-шараларды жоспарлау және өткiзу жөнiнде ведомстволық бағынысты ұйымдардың қызметiне басшылық етедi;
3) ұлттық қауiпсiздiк жүйесiн жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар енгiзедi;
4) ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету саласында заңдар мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң сақталуын қамтамасыз етедi;
5) мемлекеттiк құпияларды сақтау саласындағы заңнаманы сақтай отырып, ұлттық қауiпсiздiктiң жай күйi мен оны қамтамасыз ету бойынша қабылданған шаралар туралы халықты хабардар етедi, насихат және қарсы насихат жұмыстарын жүргiзедi;
6) әрекеттерi (немесе әрекетсiздiгi) Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерiнiң бұзылуына, ұлттық қауiпсiздiгiне қауiп-қатерге әкеп соқтыратын лауазымды тұлғаларды, мемлекеттiк қызметшiлердi тиiстi жауапқа тартады.
16-бап. Қазақстан Республикасының жергiлiктi өкiлдi және
атқарушы органдарының өкiлеттiктерi
Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген құзыретi шегiнде:
1) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктерде ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қолданады және жұмысты ұйымдастырады;
2) Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген жұмылдыру қуаттары мен жұмылдыру резервтерiнiң (ресурстарының) сақталуын қамтамасыз етедi;
3) қақтығыстар туындауы кезiнде пайдалануға арналған, Қазақстан Республикасының шекаралас аудандарында жабдықталған фортификациялық объектiлер мен құрылыстардың сақталуын қамтамасыз етедi.
4-тарау. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету
17-бап. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету кезiндегi адамның
және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының кепiлдiктерi
1. Қазақстан Республикасы ұлттық заңнама мен халықаралық шарттарға сәйкес өз аумағындағы әрбiр адамның және азаматтың қауiпсiздiгiн қамтамасыз етедi. Мемлекет Қазақстан Республикасынан тысқары жердегi Қазақстан азаматтарын қорғау мен қамқорлыққа алуға кепiлдiк бередi.
2. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету кезiнде адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары конституциялық құрылымды, қоғамдық тәртiптi сақтауды, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен адамгершiлiгiн қорғау мақсатында қаншалықты қажет болса, соншалықты тек қана заңдармен шектелуi мүмкiн. Бұл орайда аталған тұлғалар заңнамада белгiленген тәртiппен тиiстi мемлекеттiк органдардан өз құқықтары мен бостандықтарының шектелуi жөнiнде түсiндiрме алуға құқылы.
3. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету кезiнде өз өкiлеттiгiн асыра пайдаланған лауазымды тұлғалар заңда белгiленген жауаптылыққа тартылады.
4. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге көмек көрсететiн адамдарға мемлекеттiк қолдау жасауға, оның iшiнде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оларды құқықтық жағынан қорғалуына кепiлдiк берiледi.
18-бап. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету
жөнiндегi шаралар
1. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге мемлекеттiң барлық органдары мен лауазымды адамдары, сондай-ақ ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi шараларды iске асыруға заңды негiзде қатысатын азаматтар мен ұйымдар құзыретiнiң ара-жiгiн дәл ажыратқан және олардың келiсiлген жұмыс iстеуiн қамтамасыз еткен кезде бiртiндеп iске асырылатын бiртұтас мемлекеттiк саясат арқылы қол жеткiзiледi;
2. Қазақстан Республикасы өзiнiң ұлттық қауiпсiздiгiн өз билiгiнде бар барлық, оның iшiнде бiржақты немесе халықаралық шарттарға сәйкес қолданылатын экономикалық, саяси, әскери, құқықтық, арнаулы (барлау, қарсы барлау) құралдармен және әдiстермен қамтамасыз етедi.
Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi талаптар:
1) елдiң әлеуметтiк-экономикалық дамуының бағыттары мен кезеңдерiн стратегиялық жоспарлау;
2) ұлттық қауiпсiздiк саласындағы заңнамалық және өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеу, қабылдау мен орындау кезiнде мiндеттi тәртiпте ескерiледi.
3. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету:
1) осы саладағы мемлекет қызметiнiң негiзгi бағыттарын белгiлеу;
2) ұлттық қауiпсiздiкке төнген қатердi, сондай-ақ шетелде Қазақстан Республикасының саяси бастамаларын алға жылжыту мүмкiндiктерiн анықтау және болжау;
3) ұлттық қауiпсiздiкке төнетiн қатердiң алдын алу және оны зарарсыздандыру жөнiнде, оның iшiнде осы қатердi туғызатын себептер мен жағдайларды жою жөнiнде жедел және ұзақ мерзiмдi шаралар кешенiн жүзеге асыру;
4) ұлттық мүдделерге тiкелей қатер төнген, оларға қол сұғылған жағдайларда, оның iшiнде мемлекетiшiлiк, трансшекаралық және жаһандық сипаттағы тосын және төтенше жағдайлар туындаған жағдайларда ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету күштерi мен құралдарын жұмылдыру;
5) ұлттық мүдделердi қорғау жөнiндегi шешiмдер мен iс-әрекеттердi дереу қабылдау, ұлттық қауiпсiздiкке қол сұғатын заңсыз iс-әрекеттердiң жолын кесу, өзге де құқық шектеу шараларын жүзеге асыру;
6) ұлттық мүдделерге қол сұғушылыққа байланысты зардаптарды оқшаулау және жою, қалпына келтiру шаралары кешенiн жүзеге асыру арқылы ұлттық мүдделердi қорғаудың қажеттi деңгейiне қол жеткiзу мен оны сақтап отырудан тұрады.
19-бап. Қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету
1. Қоғамдық қауiпсiздiк мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың, лауазымды тұлғалар мен азаматтардың:
1) азаматтардың жеке қауiпсiздiгiн, олардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету кепiлдiктерiн нығайтуға;
2) қазақстандық патриотизмге және ұлтаралық келiсiмге негiзделген мемлекеттiк идеологияны қалыптастыруға;
3) Қазақстан халқының бiрлiгiн және қоғамда тағаттылықты нығайтуға;
4) халықтың табиғи өсiмiн көтермелеуге және дағдарысты демографиялық үдерiстерге қарсы әрекет ету жөнiнде уақытылы шаралар қолдануды қамтамасыз етуге;
5) қылмысқа, соның iшiнде оның ұйымдасқан нысандарына, сыбайлас жемқорлыққа, терроризмге және экстремизмге қарсы күрестi күшейтуге;
6) жұмыссыздықтың өсуi мен халықтың тұрмыс деңгейiнiң төмендеуiн тежеуге;
7) халықтың денсаулығы мен адамгершiлiгiне, Қазақстан халқының гендiк қорына қауiп төндiретiн нашақорлық пен маскүнемдiктiң, сондай-ақ басқа да әлеуметтiк факторлардың алдын алуға;
8) елдiң зияткерлiк әлеуетiнiң төмендеуiне кедергi жасауға;
9) қазақстандық қоғамның тарихи, дәстүрлiк, рухани және мәдени құндылықтарын сақтауды қамтамасыз етуге;
10) заңсыз көшi-қонға қарсы iс-қимылға бағытталған шешiмдерiмен және iс-қимылдарымен қамтамасыз етiледi.
2. Мыналарға:
1) Қазақстан халқының бiрлiгiн бұзуға және этносаралық және конфессияаралық қатынастардың жай-күйiн нашарлатуға;
2) қоғамдық татулықты бұзуға;
3) қоғамдық және дiни бiрлестiктердiң мемлекет iстерiне және мемлекеттiң қоғамдық және дiни бiрлестiктердiң iстерiне заңсыз араласуына;
4) қылмыстылық пен құқық бұзушылықтың өсуiне;
5) бiлiм беру және медициналық қамтамасыз ету деңгейi мен сапасының төмендеуiне;
6) тарихи және мәдени шара объектiлерiн жоғалтуға;
7) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын негiзсiз шектеуге алып келуге көрiнеу ықпал ететiн шешiмдер қабылдау мен әрекеттер жасауға жол берiлмейдi.
3. Қоғам салауаттылығына нақты қауiп-қатер туғызатын аса қауiптi және карантиндiк жұқпалы аурулары бар шетелдiк азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасына келуiне рұқсат берiлмейдi.
Қазақстан Республикасының аумағындағы және қоғам салауаттылығына қауiп-қатер туғызатын жұқпалы аурулары бар шетелдiк азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдар елден тысқары шығарылуға тиiс.
20-бап. Әскери қауiпсiздiктi қамтамасыз ету
1. Әскери қауiпсiздiк:
мемлекеттiң қорғаныс қабiлетiнiң қажеттi деңгейiн қолдаумен;
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдарының жауынгерлiк даярлығын қолдаумен;
елдiң экономикасы мен халқының жұмылдыру даярлығын қамтамасыз етумен;
қауiпсiздiктiң өңiрлiк және халықаралық құрылымдарының шеңберiндегi әскери ынтымақтастық пен серiктестiк қарым-қатынастарды кеңейтумен, әлемде өзара сенiмдi күшейту және әскери қауiпсiздiк деңгейiн төмендету мақсатында ядролық қарусыздандыру бастамасын алға жылжытумен;
азаматтық қорғаныстың елдiң тұрғындары мен аумағын қорғау даярлығын қолдаумен қамтамасыз етiледi.
2. Мемлекеттiң барлық органдары мен лауазымды адамдарының, меншiк нысандарына қарамастан ұйымдар мен азаматтардың мiндетi:
1) Қазақстан Республикасының қорғаныс қабiлетiн нығайтуға;
2) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнiң, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдарының жауынгерлiк даярлық деңгейiн сақтап қалуға және арттыруға;
3) жұмылдырушы қуаттарды сақтауға көмек көрсету мен жұмылдыру резервтер жүйесiн жетiлдiру болып табылады.
3. Қазақстан Республикасының қорғаныс қабiлетiне және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдарының жауынгерлiк даярлығына нұқсан келтiруге қабiлеттi шешiмдер мен iс-қимылдарды қабылдауға тыйым салынады.
4. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда көзделген жағдайларды қоспағанда:
1) Қазақстан аумағында шет мемлекеттердiң әскери базаларын орналастыруға;
2) шет мемлекеттердiң әскери құрамаларының, қару-жарақтары мен әскери техникасының Қазақстан аумағы арқылы транзитiне жол берiлмейдi.
5. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерi, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдары ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына сәйкес тартылады.
21-бап. Саяси қауiпсiздiктi қамтамасыз ету
1. Саяси қауiпсiздiк мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың, лауазымды тұлғалар мен азаматтардың:
1) конституциялық құрылысты, мемлекеттiк егемендiктi және аумақтық тұтастықты құқыққа қарсы қол сұғушылықтан қорғауға;
2) саяси шешiмдер қабылдауда Қазақстан Республикасының тәуелсiздiгiн сақтауға;
3) мемлекеттiк органдардың қызметiн және мемлекеттiк басқару тәртiбiн жетiлдiруге;
4) мемлекеттiк институттардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге;
5) қоғамның саяси мәдениетiнiң деңгейiн арттыруға бағытталған шешiмдерiмен және iс-қимылдарымен қамтамасыз етiледi.
2. Азаматтардың, соның iшiнде саяси партиялар мен өзге де қоғамдық бiрлестiктер өкiлдерiнiң:
1) конституциялық құрылысты құлатуға немесе күштеп өзгертуге, соның iшiнде лаңкестiкке, экстремизмге, сепаратизмге немесе Қазақстан Республикасының бiртұтас құрылысына, оның аумағының тұтастығына, қол сұғылмаушылығына және бөлiнбейтiндiгiне озбырлық жасайтын өзге де iс-әрекеттерге;
2) билiктi басып алуға;
3) Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңнамасына сәйкес құрылған немесе сайланған (тағайындалған) Қазақстан Республикасының органдары мен лауазымды тұлғаларының өкiлеттiгiн күш қолданып тоқтатуға немесе қызметiне кедергi келтiруге;
4) орын алып отырған конфессиялық айырмашылықтар мен түрлi дiни көзқарастарды саяси, экстремистiк және террористiк мақсаттарға пайдалануға шақыруы ұлттық қауiпсiздiкке нұқсан келтiредi және заңда белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады деп танылады.
3. Мемлекеттiк институттардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары басшыларының мiндетi болып табылады және олардың қызметтiк iс-қимылын бағалау өлшемдерiнiң бiрi ретiнде қарастырылады.
Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызметшiлерi өз қызметiнде жалпы мемлекеттiк мүдделердi басшылыққа алуға мiндеттi. Мемлекеттiк қызметшiлердiң мемлекеттiк билiктiң беделiне күмән келтiруге қабiлеттi, лауазымдық жағдайын қызметтен тыс мүдделерге пайдалануға әкелетiн шешiмдер қабылдауына және iс-қимыл жасауына тыйым салынады.
4. Мемлекет:
1) мемлекеттiк қызметтiң беделi мен абыройын арттыруға;
2) белгiленген талаптарға сәйкес келмейтiн адамдардың мемлекеттiк қызметке кiруiне жол бермейтiн ұйымдастырушылық-құқықтық тетiктер қалыптастыруға бағытталған шаралар қолданады.
5. Мыналарға:
1) Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының бiрыңғай жүйесiнiң
2) Қазақстан Республикасының бiрыңғай құқықтық жүйесiнiң қалыптасуы мен үздiксiз жұмыс iстеуi мүдделерiне қайшы келетiн шешiмдер қабылдауға және iс-әрекет жасауға жол берiлмейдi.
6. Мемлекеттiк органдардың лауазымды тұлғалардың:
1) республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң қаражатын, оның iшiнде мемлекеттiк сатып алуға арналған қаражатты және бөлiнетiн кредиттiк ресурстарды бөлуге;
2) рұқсаттар мен лицензиялар беруге;
3) шаруашылық қызмет субъектiлерiне заңнамада белгiленген жеңiлдiктер мен артықшылықтар беруге;
4) мемлекеттiк меншiк объектiлерiн жекешелендiруге байланысты шешiмдер қабылдау рәсiмдерi заңнамада белгiленген шектерде ашық және бақылаушы сипатта болуға тиiс.
7. Қазақстан Республикасына қарсы зиянкестiк қызметтi жүзеге асыратын, Қазақстанның егемендiгiне, аумақтық тұтастығына, оның халқының бiрлiгiне, елдегi қоғамдық келiсiм мен саяси тұрақтылыққа жария қарсы шығатын шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасына келуiне жол берiлмейдi. Қазақстан Республикасының аумағында болатын және осындай мазмұнда ел алдында сөз сөйлеуге жол беретiн шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар ел шегiнен қуылады және Қазақстан Республикасының заңдары мен халықаралық шарттарына сәйкес өзге де жауаптылыққа тартылады.
22-бап. Экономикалық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету
1. Экономикалық қауiпсiздiк мыналарды:
мемлекет қаржы жүйесiнiң тұтастығын, тәуелсiздiгiн және тұрақты дамуын қамтамасыз етуге қабiлеттi қаржылық жүйесiнiң нақты және ықтимал қауiптерден қорғалу жай-күйiн көздейтiн қаржылық қауiпсiздiктi;
мемлекет тұтынудың физиологиялық нормаларын және демографиялық өсудi қанағаттандыру үшiн жеткiлiктi болатын сапалы және қауiпсiз азық-түлiк тауарларына халықтың нақты және экономикалық қол жеткiзуiн қамтамасыз етуге қабiлеттi экономиканың, оның iшiнде агроөнеркәсiптiк кешеннiң қорғалу жай-күйiн көздейтiн азық-түлiк қауiпсiздiгiн;
мемлекет қоғам мен мемлекеттiң энергоресурстарға қажеттiлiктерiн қанағаттандыру үшiн энергетикалық тәуелсiздiк пен олардың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге қабiлеттi экономиканың жылу-энергетикалық, мұнай-газ және атом-энергетикалық кешендерiнiң нақты және әлеуеттi қауiптерден қорғалу жай-күйiн көздейтiн энергетикалық қауiпсiздiктi;
мемлекет автомобиль, темiр жол, әуе, теңiз және өзен көлiгi түрлерiмен тасымалдарда және олармен байланысты қызметтерде экономика мен тұрғындардың қажеттiлiктерiн қанағаттандыру үшiн жағдай жасауды, көлiк инфрақұрылымын қалыптастыруды және дамытуды қамтамасыз етуге қабiлеттi, сондай-ақ көлiк инфрақұрылымын тұрақты дамыту мен бәсекеге қабiлеттiлiгiн қамтамасыз етудi нақты және әлеуеттi қатерлерден экономиканың көлiк саласы қорғалуының жай-күйiн көздейтiн көлiк қауiпсiздiгiн қамтиды.
2. Экономикалық қауiпсiздiк мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың, лауазымды тұлғалар мен азаматтардың:
1) ұлттық экономиканың, оның iшiнде оның индустриялық-инновациялық құрамдас бөлiктерiнiң тұрақтылығы мен орнықты дамуын қамтамасыз етуге;
2) Қазақстанның қаржылық, энергетикалық, азық-түлiк және көлiктiк тәуелсiздiгiн қамтамасыз етуге;
3) Қазақстанның дүниежүзiлiк экономикалық жүйеден экономикалық оқшаулануына жол бермеуге;
4) экономикалық шешiмдердi қабылдауда, соның iшiнде экономикалық кiрiгудiң ұлттық органдардан жоғары тұратын органдар шеңберiнде шешiмдер қабылдауда Қазақстан Республикасының тәуелсiздiгiн сақтауға;
5) экономиканы әрi қарай әртараптандыру, ел экономикасының ресурстық-энергетикалық негiзiн сақтау мен нығайтуға;
6) Қазақстанның геосаяси айналасында туындайтын терiс факторлардың әсерiнен мемлекет экономикасының осал деңгейiн барынша азайтуға;
7) отандық және халықаралық қаржы институттарымен өзара тиiмдi ынтымақтастықты қамтамасыз етуге, отандық экономиканы қалпына келтiру мен дамытуға арналған iшкi, сыртқы кредиттiк ресурстар мен инвестициялық мүмкiндiктер бағытының басымдығына;
8) мемлекеттiк бюджет тапшылығының шектi рұқсат етiлетiн деңгейiнен асып кетпеуiне және оның кiрiс бөлiгiн нығайтуға;
9) бюджет қаражаты мен мемлекеттiк ресурстардың мақсатсыз пайдаланылмауына жол бермеуге, көлеңкелi экономика көлемiн қысқартуға;
10) сыртқы қарыздың «Республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгiленген мөлшерге қарағанда ұлғайып кетуiне жол бермеуге;
11) Қазақстан өңiрлерiнiң әлеуметтiк-экономикалық дамуындағы қатерлi теңдессiздiкке жол бермеуге;
12) бәсекенi көтермелеу және монополизмдi шектеу жағдайында ел экономикасында отандық тауарларды өндiру мен қызмет көрсету үлесiн арттыруға;
13) Қазақстан Республикасында өндiрiлетiн, әкелiнетiн және өткiзiлетiн тауарлардың және қызметтер көрсетудiң физикалық және экономикалық қолжетiмдiлiгiн, олардың сапасы мен қауiпсiздiгi деңгейiне қойылатын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген талаптарға сәйкестiгiн қамтамасыз етуге;
14) отандық тауарлар мен қызметтер көрсетудiң бәсекелестiкке қабiлеттiлiгiн арттыруға;
15) iшкi және сыртқы қолайсыз факторлардың әсерiне қарамастан азық-түлiк тауарларының мемлекеттiк ресурстарында басымдық қалыптастыруды, жаңартуды және толықтыруды қамтамасыз етуге;
16) экономикалық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мәселелерiнде қоғамдық бiрлестiктердiң, кәсiпкерлер қауымдастықтарының (одақтарының) рөлiн арттыруға;
17) экономиканың жай-күйi және шет мемлекеттермен тауарлы-экономикалық қатынастар туралы ақпараттың қол жетiмдiлiгi мен ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған шешiмдермен және iс-қимылдармен қамтамасыз етiледi.
3. Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерiн қорғау, оның iшiнде өнеркәсiптiк әлеуеттi сақтау мен нығайту мақсатында мемлекет шетелдiк инвесторларға берiлетiн кепiлдiктердi сақтай отырып, Қазақстан экономикасының шетелдiк ұйымдар мен шетелдiктер қатысатын ұйымдардың басқаруындағы немесе меншiгiндегi объектiлердiң жай-күйi мен пайдаланылуын бақылауды жүзеге асырады.
4. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi талаптар Қазақстан Республикасының стратегиялық ресурстарын пайдалану жөнiндегi келiсiм-шарттар жасалған (өзгертiлген), осы келiсiм-шарттарды орындаған және олардың орындалуын бақылаған кезде, сондай-ақ мемлекеттiк орган жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауын пайдалану құқығын басқа тұлғаға iшiнара немесе толық беруiне рұқсат беруi немесе рұқсат беруден бас тартуы туралы шешiм қабылдаған кезде және жер қойнауын пайдалану құқығына ие заңды тұлғадағы қатысу үлесiн (акциялар пакетiн) иелiктен айыруға рұқсат беру немесе рұқсат беруден бас тарту кезiнде мiндеттi түрде ескерiледi.
Бұл ретте мемлекеттiк орган өтiнiм берушiге осы тармақта көзделген мәмiлелердi жасауға рұқсат беруден, егер бұл бiр елден шыққан бiр тұлғада немесе тұлғалар тобында операциялар жүргiзу құқықтарының шоғырлануына әкеп соғатын болса, бас тартуға құқылы.
Үлестес тұлғалармен мәмiлелерге қатысты да осы шарттың сақталуы мiндеттi.
5. Мыналарға:
1) оның шегiнде еңбек, қаржы және өзге де ресурстардың еркiн орын ауыстыруы жүзеге асырылатын Қазақстан Республикасының нарықтық кеңiстiгiнiң
2) Қазақстан Республикасының қаржылық жүйесiнiң, оның iшiнде елдiң бүкiл аумағында ұлттық валюта - теңге айналысының
3) Қазақстан Республикасының бiртұтас және дербес коммуникациялық және энергетикалық жүйелерiнiң қалыптасуы мен үздiксiз жұмыс iстеуi мүдделерiне қайшы келетiн қабылдауға және iс-қимыл жасауға жол берiлмейдi.
6. Мыналарға:
1) Қазақстанның индустриялық-инновациялық дамуына және экономикасына инвестициялардың ағынына кедергi жасайтын;
2) капиталдың және тауарлардың елден сыртқа бақылаусыз әкетiлуiне ықпал ететiн;
3) тауарлар мен қызметтерге бағалардың негiзсiз өсуiне ұрындыратын;
4) халықтың денсаулығы мен өмiрiне қауiптi тауарлар мен қызметтердiң iшкi нарыққа әкелiнуiне ықпал ететiн;
5) ұлттық мүдделерге залал келтiре отырып, пайдалы қазбалардың кен орындарын және экономика объектiлерiн шаруашылық жүргiзушi субъектiлерге беруге ықпал ететiн шешiмдер қабылдауға және iс-әрекетке тыйым салынады және жауаптылыққа әкеп соғады.
7. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi Қазақстан Республикасының стратегиялық ресурстарына (объектiлерiне) меншiк құқығының ауысуына және туындауына шектеу қояды.
8. Қазақстан Республикасының Үкiметi экономикалық қауiпсiздiк жай-күйi нашарлаған кезде тауарлардың экспорты мен импортына уақытша тыйым салуды және шектеу қоюды енгiзуге құқылы.
23-бап. Ақпараттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету
1. Ақпараттық қауiпсiздiк мемлекеттiк органдардың, лауазымды адамдар мен азаматтардың:
1) Қазақстанның ақпараттық тәуелдiлiгiне жол бермеуге;
2) басқа мемлекеттердiң, ұйымдар мен жекелеген адамдардың тарапынан ақпараттық экспансия жасау мен қоршауға алудың алдын алуға;
3) Қазақстан Республикасының Президентiн, Парламентiн, Үкiметiн және ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз етушi күштердi ақпараттық жағынан оқшаулауға жол бермеуге;
4) Қазақстан Республикасының қауiпсiздiгiн сақтау мақсатында, оның iшiнде ерекше кезеңде әрi табиғи, техногендiк және антропогендiк сипаттағы төтенше жағдайлар, карантиндер, өзге де төтенше жағдайлар туындаған кезде байланыс желiлерiнiң үздiксiз және тұрақты пайдаланылуын қамтамасыз етуге;
5) мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтердiң және өзге де заңмен қорғалатын құпияның таралуы мен жоғалуын айқындауға, алдын алуға және жолын кесуге;
6) қоғамдық және жеке санаға терiс ақпараттық ықпал етуге жол бермеуге, оның салдарын азайтуға және оның алдын алуға;
7) мемлекеттiк шешiмдер әзiрлеу мен қабылдау үдерiсiне жасырын терiс ақпараттық ықпал ету тетiктерiн табуға және бұзуға;
8) ақпараттық ресурстарды, ақпараттық жүйелердi және мемлекеттiк, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәлiметтер айналыста болатын байланыс инфрақұрылымын қорғаудың тиiмдi жүйесiн қолдауға және дамытуға бағытталған шешiмдерi мен iс-әрекеттерi арқылы қамтамасыз етiледi.
2. Қазақстан Республикасында ақпаратты, оның iшiнде мемлекеттiк ақпараттық ресурстарды қорғаудың ұлттық жүйесi құрылып, нығайтылады.
3. Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерiн қорғау және ақпараттық оқшаулануын болдырмау мақсатында мемлекеттiк уәкiлеттi органдар инвесторларға берiлетiн кепiлдiктердi сақтай отырып, магистралдық байланыс желiлерiн басқару мен пайдалануды жүзеге асыратын ұйымдардың қызметiне, сондай-ақ шетел қатысатын ұйымдардың басқаруындағы немесе меншiгiндегi байланыс желiлерiне заңнамада айқындалған тәртiппен бақылау жасауды жүзеге асырады.
4. Жеке және заңды тұлғалар байланыс желiлерiн салу, пайдалану және дамыту мәселелерi жөнiнде шешiм қабылдау кезiнде байланыс саласындағы уәкiлеттi орган белгiлейтiн Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiн сақтау талаптарын басшылыққа алуға тиiс.
Терроризмге қарсы операциялар жүргiзген және жаппай тәртiпсiздiктiң жолын кескен кезде жедел штаб басшысының шешiмi бойынша байланыс желiлерiнiң иелерi мен операторларына жеке және (немесе) заңды тұлғаларға байланыс қызметтерiн көрсетудi тоқтата тұру және (немесе) байланыс желiлерi мен құралдарын пайдалануды шектеу, сондай-ақ байланыс желiлерi мен құралдарының жұмыс режимiн өзгерту туралы орындалуға мiндеттi нұсқау берiлуi мүмкiн.
5. Мыналарға:
1) Қазақстан Республикасының ақпараттық кеңiстiгiн қалыптастыру және оның үздiксiз жұмыс iстеуi;
2) Қазақстанның әлемдiк байланыс және ақпараттандыру жүйесiне кiруi;
3) Қазақстан Республикасының ақпараттық ресурстарын, ақпараттық жүйелерiн және байланыс инфрақұрылымын қорғауды қамтамасыз ету және оның деңгейiн арттыру ұлттық мүдделерiн қайшы келетiн шешiмдер қабылдауға және iс-әрекет жасауға жол берiлмейдi.
6. Мыналарға:
1) мазмұны ұлттық қауiпсiздiкке нұқсан келтiретiн шетелдiк бұқаралық ақпарат құралдарының баспа өнiмдерi мен өнiмiн Қазақстан Республикасының аумағында таратуға;
2) мемлекеттiк құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны жариялауға;
3) шетелдiк жеке және заңды тұлға, сондай-ақ азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасындағы заңды тұлғаның бұқаралық ақпарат құралдары өкiлiнiң немесе осы салада қызметiн жүзеге асыратын акциялар пакетiнiң (үлесiнiң, пайлардың) 20 пайызынан астамын тiкелей және (немесе) жанама түрде иеленуiне, пайдалануына, билiк етуiне және (немесе) басқаруына;
4) шетелдiктердiң, азаматтығы жоқ адамдар мен шетелдiк заңды тұлғалардың магистралдық байланыс желiлерiн басқаруына және пайдалануына;
5) басқару орталығы Қазақстан Республикасының шегiнен тысқары жерде орналасқан байланыс желiлерiн оның аумағында құруға және пайдалануға;
6) қалааралық және (немесе) халықаралық байланыс операторы ретiнде байланыс жолын иеленушi және (немесе) оларды басқару немесе пайдалану жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын ұйымның дауыс беретiн акцияларының, сондай-ақ үлестерiнiң, пайларының 10 пайызынан астамын байланыс және ақпарат саласындағы уәкiлеттi органның келiсiмiнсiз жеке және заңды тұлғалардың дербес немесе топ құрамында сатып алуына немесе өзгеше меншiкке алуына;
7) қалааралық және (немесе) халықаралық байланыс операторы ретiнде телекоммуникация саласындағы қызметтi жүзеге асыратын, жер бетiндегi (кәбiлдiк, оның iшiнде талшықты-оптикалық, радиорелелiк) байланыс желiлерiн иеленетiн заңды тұлғаның дауыс беретiн акцияларының, сондай-ақ үлестерiнiң, пайларының жиынтығында 49 пайыздан астамын шетелдiктердiң, азаматтығы жоқ адамдар мен шетелдiк заңды тұлғалардың тiкелей және (немесе) жанама иеленуiне, пайдалануына, билiк етуiне және (немесе) басқаруына;
8) жедел iздестiру iс-шараларын қамтамасыз ету жөнiндегi нормативтiк құқықтық актiлердiң талаптарына сай келмейтiн байланыс желiлерiн пайдалануға беруге тыйым салынады.
7. Байланыс саласында ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын ұйымдардың акцияларын (үлестерiн, пайларын) иелену немесе олардың қызметiне қатысу бөлiгiндегi өзге де шектеулер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленедi.
24-бап. Экологиялық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету
1. Экологиялық қауiпсiздiк мемлекеттiк органдардың, ұйымдар мен лауазымды тұлғалардың:
1) табиғи ресурстарды сақтауға, ұтымды пайдалануға және қалпына келтiруге;
2) қоршаған орта мен ел халқы үшiн антропогендiк факторлардың қауiптiлiк деңгейiн азайтуға;
3) өндiрiстiк күштердi дамыту мен орналастырудың экологиялық-экономикалық теңгерiмдiлiгiн қамтамасыз етуге;
4) қоршаған орта мен Қазақстан халқы үшiн экологиялық апат аймағының терiс салдарын жоюға;
5) экономиканы, заңнаманы және қоғамды экологияландыруға мемлекеттiң тұрақты дамуы үшiн барлық қоғамдық қатынастарды реттеуге экожүйелiк көзқарас орнатуға;
6) қоғамдық санаға экологиялық мәдениеттi қалыптастыруға экологиялық тәрбиелеу мен бiлiм беру жүйесiн жақсартуға;
7) халықтың экологиялық ақпаратқа қол жеткiзуiн және оның экологиялық проблемаларды шешуге қатысуын қамтамасыз етуге;
8) төтенше жағдайлардан туындайтын қауiптердi азайтуға және төтенше жағдайлардың зардаптарын жеңiлдетуге;
9) халықаралық ынтымақтастықта әрiптестiк қатынастар орнату және халықаралық құқық нормаларын сақтауға бағытталған шешiмдерiмен және iс-қимылдарымен қамтамасыз етiледi.
2. Уәкiлеттi мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың, лауазымды тұлғалардың мiндетi:
1) қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және қорғау;
2) Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасы талаптары мен нормаларын мүлтiксiз сақтау;
3) ел аумағының радиоактивтi, химиялық ластануына, бактериологиялық зарарлануына жол бермеу;
4) экологиялық қауiптi және жетiлдiрiлмеген технологиялардың қолданылу ауқымын қысқарту;
5) шаруашылық және өзге де қызметтiң келеңсiз экологиялық зардаптарын жою;
6) қоршаған ортаға және адамның денсаулығына келтiрiлген залалға өтемақы төлеу;
7) басқару органдары мен күштерiн төтенше жағдайлардың зардаптарының алдын алу мен оларды жою жөнiндегi, зақымдаудың қазiргi заманғы құралдарының дамуын ескере отырып, азаматтық қорғаныс жөнiндегi iс-қимылдарға мiндеттi түрде даярлау, төтенше жағдайлар қаупi туындаған жағдайда тұрғындарды iс-қимыл жасауға үйрету;
8) болжанған және туындаған төтенше жағдайлар, олардың алдын алу мен оларды жою жөнiнде қабылданған шаралар туралы тұрғындар мен ұйымдарға жария ету және ақпарат беру;
9) төтенше жағдайларға және авариялық-құтқару мен басқа да кейiнге қалдыруға болмайтын жұмыстарға жедел ден қоюға азаматтық қорғаныс күштерi мен құралдарының тұрақты түрде даярлығын қамтамасыз ету болып табылады.
25-бап. Қазақстан Республикасының халықаралық
қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге қатысуы
1. Қазақстан Республикасы ұлттық қауiпсiздiктiң халықаралық кепiлдiктерiн алу мақсатында Қазақстанның ұлттық қауiпсiздiгiнiң құрамдас бөлiгi болып табылатын халықаралық (жаһандық, өңiрлiк) қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге қатысады.
2. Қазақстан Республикасының халықаралық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi қызметi:
1) ғаламдық бейбiтшiлiк тәртiбiн қалыптастыру мәселелерiнде Қазақстанның рөлiн нығайтуды;
2) Қазақстанның геосаяси айналасында ұжымдық қауiпсiздiктiң тиiмдi жүйесiн қалыптастыру мен нығайтуды;
3) Қазақстан Республикасы ұлттық қауiпсiздiгiнiң мүдделерiне сай қызмет iстейтiн халықаралық ұйымдар мен форумдарға қатысуды;
4) елден тыс жерлерде Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге бағытталған iс-шараларға қатысуды;
5) қажет болған жағдайларда шектес мемлекеттермен бiрлесiп, ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге қатысты мәселелердi шешудi;
6) Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгi мүдделерiне сай келетiн халықаралық шарттарды жасасуды көздейдi.
26-бап. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi
iс-шараларды қаржыландыру
Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi қызмет бюджет қаражаты есебiнен қаржыландырылады.
5-тарау. Қорытынды ережелер
27-бап. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi заңдар мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң қолданылуын қадағалау
Осы Заңның және ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң дәл және бiркелкi қолданылуына жоғары дәрежелi қадағалауды Қазақстан Республикасының Прокуратурасы жүзеге асырады.
28-бап. Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiк
саласындағы заңнамасын бұзғаны үшiн жауаптылық
Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiк саласындағы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.
29-бап. Осы Заңның өзге де нормативтiк құқықтық
актiлермен арақатынасы
Осы Заңның нормалары ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз етудiң жекелеген бағыттары мен әдiстерiн регламенттейтiн заңнамалық және өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеу және қабылдау үшiн негiз болып табылады.
30-бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзу тәртiбi
1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.
2. «Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгi туралы» Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 26 маусымдағы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1998 ж., № 11-12, 173-құжат; 2000 ж., № 5, 115-құжат; 2004 ж., № 14, 82-құжат; № 23, 142-құжат; 2005 ж., № 16, 70-құжат; 2007 ж., № 1, 4-құжат; № 20, 153-құжат; 2009 ж., № 15-16, 74-құжат) күшi жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президентi