Осы Заң бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес олардың бостандығына мемлекеттік кепілдіктерді белгілейді.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) аккредиттеу — журналистi тағайындау рәсiмi және оның өкiлеттiгiн мемлекеттiк органның, қоғамдық бiрлестiктiң және ұйымның тануы;
2) бас редактор (редактор) – бұқаралық ақпарат құралының редакциясын басқаратын және оны шығару мен таратуға, эфирге шығаруға тиiсiнше өкiлеттiгi бар жеке тұлға;
3) бұқаралық ақпарат – тұлғалардың шектеусiз топтарына арналған баспа, дыбыс-бейне және өзге де хабарлары мен материалдары;
4) бұқаралық ақпарат құралы – мерзiмдi баспасөз басылымы, теле-, радиоарна, киноқұжаттама, дыбыс-бейне жазбасы және интернет-ресурстарды қоса алғанда, бұқаралық ақпаратты мерзiмдi немесе үздiксiз бұқаралық таратудың басқа да нысаны;
5) бұқаралық ақпарат құралының өнiмi – мерзiмдi баспасөз басылымының жеке нөмiрiнiң немесе дыбыс-бейне бағдарламасының таралымы немесе таралымының бiр бөлiгi, радио-, теле-, кинохроникалық бағдарламалардың жеке шығарылымы, интернет-ресурста орналастырылған ақпарат;
6) бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкiлеттi орган – бұқаралық ақпарат құралдары саласында мемлекеттiк реттеудi жүзеге асыратын мемлекеттiк орган (бұдан әрi — уәкiлеттi орган);
7) бұқаралық ақпарат құралының өнiмiн тарату – мерзiмдi баспасөз басылымдарын сату (жазылу, жеткiзу, үлестiру), радио-, телебағдарламаларды эфирге шығару, кинохроникалық бағдарламаларды көрсету және интернет-ресурстарда ақпаратты орналастыру;
8) бұқаралық ақпарат құралының редакциясы – бұқаралық ақпарат құралына материалдар жинауды, дайындауды және шығаруды жүзеге асыратын жеке тұлға не заңды тұлғаның құрылымдық бөлiмшесi болып табылатын шығармашылық ұжым;
9) журналист (бұқаралық ақпарат құралының өкiлi) – еңбек қатынастары немесе өзге де шарттық қатынастар негiзiнде бұқаралық ақпарат құралы үшiн хабарламалар мен материалдар жинау, оларды өңдеу және әзiрлеу жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын жеке тұлға;
10) кешен – бiр бiрiмен ортақ мақсаттарымен байланысты және бiрыңғай құрылым құрайтын ғимараттар жиынтығы;
11) мерзiмдi баспасөз басылымы – тұрақты атауы, ағымдағы нөмiрi бар және кемiнде үш айда бiр рет шығарылатын газет, журнал, альманах, бюллетень, олардың қосымшасы;
12) порнографиялық және арнайы жыныстық-эротикалық сипаттағы кино, бейнеөнім – моральдық құндылықтарға сәйкес келмейтін, адамның ар-ожданы мен қадір-қасиетін қорлайтын жыныстық қатынасты натуралды түрде, егжей-тегжейлі фиксациялау не жыныстық әуестіктің қозуына немесе жыныстық қажеттіліктерді қанағаттандыруға ықпал ететін жыныстық қатынас процесіндегі жалаңаш гениталийлерді көрсету;
13) ресми хабар — бұқаралық ақпарат құралдары арқылы одан әрi тарату мақсатымен мемлекеттiк органдар беретiн ақпарат;
13-1) стационарлық үй-жайлар — iргетасы бар, олардың тiреу конструкциясына нұқсан келтiрмей оларды орнынан ауыстыру мүмкiн болмайтын күрделi ғимараттар, құрылыстар немесе олардың бір бөлiгi;
14) суицидті насихаттайтын ақпарат – адамды өз өмірінен әдейілеп айырылуға итермелейтін ақпарат;
15) таратушы – меншiк иесiмен, баспагермен шарт бойынша немесе өзге де заңды негiздерде бұқаралық ақпарат құралының өнiмiн таратуды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
16) теле-, радиоарна – кейіннен трансляциялау және (немесе) ретрансляциялау үшін хабар тарату торына сәйкес қалыптастырылған теле-, радиобағдарламалар мен дыбыс-бейне туындыларының, сюжеттер мен материалдардың жиынтығын білдіретін бұқаралық ақпарат құралы;
17) теле-, радио, кинохроникалық бағдарлама – тиісті атауы, хабар тарату көлемі бар және теле-, радиоарнаның басқа бөліктеріне қарамастан пайдаланылуы мүмкін теле-, радиоарнаның мазмұнды аяқталған бөлігі;
18) цензура – бұқаралық ақпарат құралдарының хабарламаларын және материалдарын мемлекеттiк органдармен, лауазымды адамдармен және өзге де ұйымдармен олардың талап ету бойынша немесе өзге де негiздер бойынша хабарламалар мен материалдарды не олардың жекелеген бөлiктерiн таратуды шектеу немесе оларға тыйым салу мақсатымен алдын ала келiсу;
19) эфирге шығу – ұқсас және цифрлық электромагниттi жүйелердi пайдалана отырып, теле-, радиобағдарламаларды, дыбыс-бейне жазбаларды тарату;
20) эротикалық сипаттағы өнім – гениталийлерді қоспағанда, адамдардың жыныстық қатынастарын, адам денесінің ұятты тұстарын көрсететін және порнография элементтерін қамтымайтын баспасөз басылымы немесе теле-, радиобағдарлама.
Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда — ҚР 2012.01.18 № 546-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен, өзгеріс енгізілді — ҚР 2012.07.10 № 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
2-бап. Сөз, ақпаратты алу және тарату бостандығы
1. Сөз, шығармашылық бостандығына, өз көзқарастары мен сенiмдерiн баспа арқылы және өзге де нысанда бiлдiруге, ақпараттарды заңда тыйым салынбаған кез келген әдiспен алуға және таратуға Қазақстан Республикасының Конституциясында кепiлдiк берiледi.
Цензураға тыйым салынады.
2. Мемлекеттiк органдар, қоғамдық бiрлестiктер, лауазымды адамдар мен бұқаралық ақпарат құралдары әрбiр азаматты оның құқығы мен мүддесiне қатысты құжаттармен, шешiмдермен және ақпарат көздерiмен танысу мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге мiндеттi.
2-1. Бұқаралық ақпарат құралдары терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарға жәрдемдесуге міндетті.
РҚАО-ның ескертпесі!
3-тармаққа өзгеріс енгізу көзделген — ҚР 03.07.2014 № 227-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
3. Мемлекеттiк құпияны немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәлiметтердi жария eтуге, экстремизм немесе терроризмдi насихаттауға және ақтауға, терроризмге қарсы операцияларды жүргiзу кезеңінде олардың техникалық тәсiлдерi мен тактикасын ашатын ақпаратты таратуға, есiрткi құралдарын, психотроптық заттар мен прекурсорларды, сондай-ақ қатыгездікке, зорлық-зомбылыққа бас ұруды және порнографияны насихаттауға жол берiлмейдi.
РҚАО-ның ескертпесі!
4-тармаққа өзгеріс енгізу көзделген — ҚР 03.07.2014 № 227-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
4. Бұқаралық ақпарат құралын әкімшілік құқық бұзушылықтар не қылмыстық жазаланатын әрекеттер жасау мақсатында пайдалануға жол берілмейді.
Ескерту. 2-бапқа өзгеріс енгізілді — ҚР 2005.07.08 № 67-ІІІ Заңымен (Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.02.06 № 123-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.07.10 № 178-IV, 2013.01.08 № 63-V (алғашқы ресми жариялағанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
3-бап. Бұқаралық ақпарат құралдарының тілі
1. Бұқаралық ақпарат құралдары мемлекеттiк тiлде және басқа да тiлдерде таратылады.
2. Мемлекет Қазақстан Республикасының тiлдер туралы заңдарына сәйкес бұқаралық ақпаратты алу және оны тарату кезiнде әркiмнің ана тiлiн пайдалану құқығын қамтамасыз етедi.
3. Алып тасталды — ҚР 2012.01.18 № 546-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Ескерту. 3-бап жаңа редакцияда — ҚР 2005.07.08 № 67-ІІІ Заңымен(Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), өзгеріс енгізілді — 2009.02.06. № 123-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2012.01.18 № 546-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
4-бап. Қазақстан Республикасының бұқаралық
ақпарат құралдары туралы заңдары
1. Бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңдар Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының басқа да нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгіленсе, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
1-1-тарау. Бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы
мемлекеттік реттеу
Ескерту. 1-1-тараумен толықтырылды — ҚР 2006.01.10 № 116 (2006.01.01 бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
4-1-бап. Бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы
мемлекеттік реттеу
1. Бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттiк реттеу құқықтық қамтамасыз ету, Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы заңнамасының сақталуын бақылау арқылы жүзеге асырылады.
2. Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылауды уәкілетті орган мен басқа да мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өздерінің құзыреті шегінде жүзеге асырады.
Ескерту. 4-1-бапқа өзгеріс енгізілді — ҚР 2012.01.18 № 546-IV(алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
4-2-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің бұқаралық
ақпарат құралдары саласындағы құзыреті
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді және олардың іске асырылуын қамтамасыз етеді;
2) Қазақстан Республикасында таратылатын шетелдiк мерзімді баспасөз басылымдарын есепке алуды жүзеге асыру тәртiбiн айқындайды;
3) алып тасталды — ҚР 2012.01.18 № 546-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен;
4) өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясымен, заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
Ескерту. 4-2-бапқа өзгерістер енгізілді — ҚР 2011.07.05 № 452-IV(2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі); 2012.01.18 № 546-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
4-3-бап. Уәкілетті органның құзыреті
Уәкілетті орган:
1) бұқаралық ақпарат құралдары саласында мемлекеттік саясатты қалыптастыру мен іске асыруды қамтамасыз етеді;
2) мерзімді баспасөз басылымдарын және ақпарат агенттіктерін есепке қоюды жүзеге асырады;
3) — 6) алып тасталды — ҚР 2012.01.18 № 546-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен республикалық деңгейде мемлекеттік ақпарат саясатын жүргізу жөніндегі мемлекеттік тапсырысты қалыптастырады, орналастырады және оның жүзеге асырылуын бақылайды;
8) бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
9) Қазақстан Республикасының аумағында таратылатын шетелдiк мерзімді баспасөз басылымдарын есепке алудың бiрыңғай тiзiлiмiн жүргiзедi;
10) алып тасталды — ҚР 03.07.2013 № 124-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
11) тарихи және (немесе) мәдени құндылығы бар жазылымдарды сақтау тәртібін айқындайды;
12) журналистерді аккредиттеу ережесін бекітеді;
13) жергілікті атқарушы органдардың Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы заңнамасының сақталуын бақылауды жүзеге асыруы жөніндегі қызметін үйлестіреді;
14) орталық және жергілікті атқарушы органдардың бұқаралық ақпарат құралдары мәселелері жөніндегі қызметін үйлестіреді;
15) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Ескерту. 4-3-бапқа өзгерістер енгізілді — ҚР 2011.07.05 № 452-IV(2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі); 2012.01.18 № 546-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.07.10 № 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.07.2013 № 124-V(алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
4-4-бап. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың,
астананың) жергілікті атқарушы органдарының
құзыреті
Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары:
1) өңірлік бұқаралық ақпарат құралдары арқылы мемлекеттік ақпараттық саясатты іске асырады;
2) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумағында таратылатын шетелдік баспасөз басылымдарын есепке алуды жүзеге асырады;
3) алып тасталды — ҚР 2012.07.10 № 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өңірлік деңгейде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу жөніндегі мемлекеттік тапсырысты қалыптастырады, орналастырады және оның жүзеге асырылуын бақылайды;
5) тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте бұқаралық ақпарат құралдарының Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауын бақылауды жүзеге асырады;
6) уәкiлеттi органға шетелдік баспасөз басылымдарын есепке алу жөнiндегi ақпаратты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтау жөнiндегi мәлiметтердi табыс етедi.
7) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Ескерту. 4-4-бапқа өзгеріс енгізілді — ҚР 2010.03.19 № 258-IV, 2011.07.05 № 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі), 2012.01.18 № 546-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.07.10 № 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
4-5-бап. Мемлекеттiк бақылау
1. Мемлекеттiк бақылаудың мақсаты жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңнамасын сақтауын қамтамасыз ету болып табылады.
2. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары жүзеге асыратын бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттiк бақылау мыналарды:
1) осы Заңда көзделген талаптарды сақтау жөнiндегi бақылауды;
2) бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таратылатын жарнамаға қатысты бақылауды қамтиды.
3. Уәкiлеттi орган, облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары жүзеге асыратын бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттiк бақылау тексеру нысанында орындалады.
4. Тексеру «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады. Мемлекеттік бақылаудың өзге де нысандары осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
5. Алып тасталды — ҚР 2011.01.06 № 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Ескерту. 4-5-баппен толықтырылды — ҚР 2006.01.31. № 125 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен, өзгерту енгізілді — ҚР 2011.01.06 № 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
2-тарау. Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін
ұйымдастыру
5-бап. Бұқаралық ақпарат құралын құру құқығы
1. Бұқаралық ақпарат құралын құру құқығы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жеке және заңды тұлғаларға тиесілі.
Бұқаралық ақпарат құралы заңды тұлға нысанында да, заңды тұлғаның құрылымдық бөлiмшесi нысанында да құрылуы мүмкiн.
Бұқаралық ақпарат құралдарының өнiмiн шығаруды (эфирге шығаруды) жүзеге асыруға, ақпараттық сипаттағы хабарламалар мен материалдарды таратуға теле-, радиоарнасын, мерзiмдi баспасөз басылымын және (немесе) ақпарат агенттiгiн есепке қою туралы куәлiк негіздеме болып табылады.
Бұл талаптар интернет-ресурстарға қолданылмайды.
2. Заңды тұлғаның — Қазақстан Республикасындағы бұқаралық ақпарат құралы меншiк иесiнің немесе осы саладағы қызметті жүзеге асырушының акцияларының (үлесiнiң, пайының) 20 проценттен астамын шетелдiк жеке және заңды тұлғалардың, азаматтығы жоқ адамдардың тiкелей және (немесе) жанама иеленуiне, пайдалануына, билiк етуiне және (немесе) басқаруына тыйым салынады.
Ескерту. 5-бапқа өзгеріс енгізілді — ҚР 2001.05.03 № 181, 2009.02.06№ 123-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.07.10 № 178-IV, 2012.01.18 № 546-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
6-бап. Бұқаралық ақпарат құралының меншік иесі
1. Меншік иесі — бұқаралық ақпарат құралын иелену, пайдалану және оған билік ету құқығын жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға, не жеке және (немесе) заңды тұлғалардың бірлестігі.
2. Бұқаралық ақпарат құралының меншік иесі тиісті шарт негізінде өзінің меншікті, сондай-ақ басқа да бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты редакция, редактор, журналист, баспагер, таратушы ретінде іс-қимыл жасауға құқылы.
7-бап. Бұқаралық ақпарат құралының редакциясы
1. Редакция меншік иесінің тапсыруы бойынша бұқаралық ақпарат құралын әзірлеуді және шығаруды (эфирге шығаруды) жүзеге асырады.
2. Редакцияға бас редактор (редактор) басшылық етеді.
2-1. Мыналар:
1) сот іс-әрекетке қабілетсіз деп танылған азаматтар;
2) тағайындау кезінде заңда белгiленген тәртiппен соттылығы алынбаған немесе өтелмеген азаматтар;
3) шетелдiктер не азаматтығы жоқ адамдар;
4) өздерiнiң кiнәсiнен бұқаралық ақпарат құралының шығарылуы (эфирге шығуы) сот шешiмiмен тоқтатылған бұқаралық ақпарат құралының бас редакторлары (редакторлары) болған азаматтар соттың шешiмi заңды күшiне енген күннен бастап үш жыл iшiнде бас редактор (редактор) бола алмайды.
3. Меншік иесі мен редакция арасындағы қатынастар жарғымен және шартпен реттеледі.
Ескерту. 7-бапқа өзгеріс енгізілді — ҚР 2005.07.08 № 67-ІІІ Заңымен(Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2006.07.05. № 156 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.
8-бап. Ақпарат агенттігі
1. Ақпарат агенттігі — Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес тіркелген, қызметі ақпараттық сипаттағы хабарлар мен материалдарды жинауға, қайта өңдеуге және таратуға бағытталған заңды тұлға.
2. Ақпарат агенттігінің хабарлары мен материалдарында оның атауы мен шығарылған уақыты қоса берілуге тиіс.
3. Ақпарат агенттігінің хабарлары мен материалдарын бұқаралық ақпарат құралдары таратқан кезде ақпарат агенттігіне сілтеме жасауға міндетті.
4. Ақпарат агенттігіне осы Заңның 2, 10-баптарының күші қолданылады.
9-бап. Бұқаралық ақпарат құралының баспагері
1. Баспагер — бұқаралық ақпарат құралының өнімін өндіруді материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етуді жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға.
2. Егер меншік иесі бұқаралық ақпарат құралының әрі баспагері болмаса, меншік иесі мен баспагердің құқықтары, міндеттері мен жауапкершілігі жеке шартпен белгіленеді.
10-бап. Мерзімді баспасөз басылымын және ақпарат
агенттігін есепке қою, қайта есепке қою
1. Қазақстан Республикасының аумағында әрекет ететін мерзімді баспасөз басылымы мен ақпарат агенттігі уәкілетті органда міндетті түрде есепке қойылуға жатады.
2. Есепке қою, қайта есепке қою үшін мерзімді баспасөз басылымының және (немесе) ақпарат агенттігінің меншік иесі не оның уәкілеттік беруі бойынша әрекет ететін тұлға осы Заңның 11-бабының талаптарына сай келетін өтініш береді.
3. Мерзімді баспасөз басылымын және (немесе) ақпарат агенттігін есепке қойған кезде, сондай-ақ мерзімді баспасөз басылымының және (немесе) ақпарат агенттігінің есепке қойылғанын куәландыратын құжаттың телнұсқасын алған кезде Қазақстан Республикасының Салық кодексінде айқындалатын тәртіппен алым алынады.
4. Мерзiмдi баспасөз басылымын немесе ақпарат агенттiгiн есепке қою, қайта есепке қою туралы өтiнiш түскен күнiнен бастап он жұмыс күні iшiнде қаралуға тиiс. Өтiнiштi қараудың қорытындылары бойынша уәкiлеттi орган мерзiмдi баспасөз басылымының немесе ақпарат агенттiгiнiң меншiк иесiне есепке қою туралы куәлiк бередi не мынадай негiздер бойынша:
1) егер уәкiлеттi орган бұрын сол атаумен және сол аумаққа таралатын не оның аты бұрын құрылған мерзiмдi баспасөз басылымының немесе ақпарат агенттiгiнiң атымен айырғысыз дәрежеде ұқсас мерзiмдi баспасөз басылымын немесе ақпарат агенттiгiн есепке қойғаны туралы куәлiк берген болса;
2) егер өтiнiштiң мазмұны осы Заңның 11-бабының талаптарына сай келмейтiн болса;
3) егер мерзiмдi баспасөз басылымын немесе ақпарат агенттiгiн есепке қою үшiн алым төленбесе;
4) егер меншiк иесiнiң ауысуына орай мерзiмдi баспасөз басылымын немесе ақпарат агенттiгiн қайта есепке қою туралы өтiнiште мерзiмдi баспасөз басылымына немесе ақпарат агенттiгiне меншiк құқығын басқа тұлғаға берудi растайтын шарттың нөмірі мен жылы, айы, күні көрсетілмесе;
5) егер шығарылуын бұрын сот тоқтатқан аты (атының бiр бөлiгi) бiрдей және тақырыптық бағыты дәл сондай мерзiмдi баспасөз басылымы немесе ақпарат агенттiгi есепке қоюға мәлiмделген болса немесе аты мен тақырыптық бағытын қайталайтын мерзiмдi баспасөз басылымы немесе ақпарат агенттiгi мәлiмделген болса, сондай-ақ шығарылуы сот шешiмiмен тоқтатылған мерзiмдi баспасөз басылымының немесе ақпарат агенттiгiнiң меншiк иесi немесе бас редакторы (редакторы) соттың шешiмi заңды күшiне енген күннен бастап үш жыл iшiнде өтiнiш берген жағдайда есепке қоюдан бас тартады.
5. Мерзімді баспасөз басылымының меншік иесі есепке қою туралы куәлікті алған күннен бастап үш ай ішінде мерзімді баспасөз басылымының өнімін шығаруға кірісу құқығын сақтайды.
Ақпарат агенттігінің меншік иесі есепке қою туралы куәлікті алған күннен бастап алты ай ішінде ақпараттық сипаттағы хабарлар мен материалдарды таратуға кірісу құқығын сақтайды.
Мерзімді баспасөз басылымының және (немесе) ақпарат агенттігінің шығарылуын сот тоқтата тұрған жағдайларды қоспағанда, мерзімді баспасөз басылымының және (немесе) ақпарат агенттігінің өнімін шығару мерзімін өткізіп алған, сондай-ақ мерзімді баспасөз басылымының және (немесе) ақпарат агенттігінің өнімін шығару үш ай бойы тоқтап қалған жағдайда, уәкілетті органның шешімімен мерзімді баспасөз басылымын және (немесе) ақпарат агенттігін есепке қою туралы куәліктің күші жойылды деп танылады.
6. Мерзімді баспасөз басылымы және (немесе) ақпарат агенттігі меншік иесі ауысқан не ұйымдық-құқықтық нысаны, атауы, сондай-ақ мерзімді баспасөз басылымының және (немесе) ақпарат агенттігінің аты, басылымның не материалдар мен хабарлардың тілі, таралу аумағы, негізгі тақырыптық бағыты және шығарылу мерзімділігі өзгерген жағдайларда қайта есепке алынуға жатады.
Ескерту. 10-бап жаңа редакцияда — ҚР 2009.02.06 № 123-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен, өзгеріс енгізілді — ҚР 2012.07.10 № 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
РҚАО-ның ескертпесі!
11-бапқа өзгеріс енгізу көзделген — ҚР 16.05.2014 № 203-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі).
11-бап. Мерзімді баспасөз басылымын және (немесе) ақпарат
агенттігін есепке қою туралы өтініш
1. Мерзiмдi баспасөз басылымын немесе ақпарат агенттiгiн есепке қоютуралы өтiнiште:
1) мерзiмдi баспасөз басылымы немесе ақпарат агенттiгi меншiк иесiнiң – жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде), жеке сәйкестендіру нөмірі, тұрғылықты жерi немесе мерзiмдi баспасөз басылымы немесе ақпарат агенттiгi меншiк иесiнiң – заңды тұлғаның атауы, бизнес-сәйкестендіру нөмірі, орналасқан жерi, ұйымдық-құқықтық нысаны;
2) мерзiмдi баспасөз басылымының, ақпарат агенттiгi материалдары мен хабарларының тiлi (тiлдерi);
3) шығарылымның болжамды мерзiмдiлiгi;
4) негiзгi тақырыптық бағыты;
5) таралу аумағы;
6) бас редактордың (редактордың) тегi, аты, әкесiнiң аты (ол болған кезде);
7) редакцияның мекенжайы көрсетiлуге тиiс.
2. Мерзімді баспасөз басылымын және (немесе) ақпарат агенттігін есепке қою кезiнде өзге талаптарды алға тартуға тыйым салынады.
Ескерту. 11-бапқа өзгеріс енгізілді — ҚР 2006.07.05 № 156 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.02.06 № 123-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2012.07.10 № 36-V (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.
12-бап. Бұқаралық ақпарат құралын есепке
қоюдан босату
Таралымы:
— жүз данаға жетпейтін мерзімді баспасөз басылымдарын;
— ресми, нормативтік және өзге де актілерді;
— сот практикасының бюллетеньдерін.
Ескерту. 12-бапқа өзгерістер енгізілді — ҚР 2001.05.03 № 181, 2012.01.18 № 546-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
13-бап. Бұқаралық ақпарат құралын шығаруды не бұқаралық
ақпарат құралының өнімін таратуды тоқтата тұру
және тоқтату
1. Бұқаралық ақпарат құралын шығару не бұқаралық ақпарат құралының өнімін тарату меншік иесінің немесе соттың шешімі бойынша тоқтатыла тұруы не тоқтатылуы мүмкін.
2. Тоқтата тұру деп басылымдардың бiр немесе бiрнеше нөмiрiнiң шығарылуын, теле-, радиобағдарламалардың, теле-, радиоарналардың эфирге шығуын, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралының өнiмiн таратуды уақытша тоқтату түсiнiледi. Бұқаралық ақпарат құралын шығаруды не бұқаралық ақпарат құралының өнiмiн таратуды тоқтата тұруға үш айдан аспайтын мерзiмге жол берiледi.
РҚАО-ның ескертпесі!
3-тармаққа өзгеріс енгізу көзделген — ҚР 03.07.2014 № 227-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
3. Мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтердi немесе заңменқорғалатын өзге де құпияны жария ету, суицидті насихаттайтын, терроризмге қарсы операцияларды жүргiзу кезеңiнде олардың техникалық тәсiлдерi мен тактикасын ашатын ақпаратты тарату, есiрткi құралдарын, психотроптық заттар мен прекурсорларды насихаттау, қатыгездiк пен зорлық-зомбылықты, әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық басымдықты насихаттау немесе үгiттеу, порнографиялық және арнайы жыныстық-эротикалық сипаттағы теле-, радиобағдарламаларды, теле-, радиоарналарды тарату, сондай-ақ кино және бейнеөнімдерді көрсету, бұқаралық ақпарат құралын сайлау алдындағы үгiт жүргiзу, шетелдiктердiң, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдiк заңды тұлғалардың және халықаралық ұйымдардың кандидаттарды, партиялық тiзiмiн ұсынған саяси партияларды ұсынуға және сайлауға, сайлауда белгiлi бiр нәтижеге қол жеткiзуге кедергi болатын және (немесе) ықпал ететiн қызметтi жүзеге асыру шарттарын бұзу, үгiтке тыйым салынған кезеңде оны жүргiзу, ереуiлге қатысуға немесе қатысудан бас тартуға мәжбүрлеу, Қазақстан Республикасының бейбiт жиналыстарды, митингiлердi, шерулердi, тосқауылдар мен демонстрацияларды ұйымдастыру және өткiзу тәртiбi туралы, интернет желісіндегі авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңнамасын бұзу мақсатында пайдалану, сондай-ақ осы Заңның 3-бабында, 10-бабының 6-тармағында көзделген талаптарды бұзу, сондай-ақ 15және 16-баптарының талаптарын бiр жыл iшiнде қайталап бұзу заңда белгiленген тәртiппен бұқаралық ақпарат құралының шығарылуын не бұқаралық ақпарат құралы өнiмiнiң таратылуын тоқтата тұруға негiз болып табылады.
4. Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертуді, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді, соғысты насихаттау және үгіттеу, экстремизмді немесе терроризмді насихаттау, ұлтаралық және конфессияаралық өшпенділікті өршітуге бағытталған материалдарды жариялау және ақпаратты тарату, сондай-ақ белгіленген мерзімде бұқаралық ақпарат құралын шығаруды не бұқаралық ақпарат құралының өнімін таратуды тоқтата тұру себептерін жоймау бұқаралық ақпарат құралының шығарылуын не бұқаралық ақпарат құралы өнімінің таратылуын тоқтатуға негіз болып табылады.
5. Меншік иесінің не соттың шешімі бойынша бұқаралық ақпарат құралының шығуын не бұқаралық ақпарат құралы өнімінің таратылуын тоқтата тұрған не тоқтатқан жағдайда, уәкілетті органға хабарлама жіберіледі.
Бұқаралық ақпарат құралын шығаруды не бұқаралық ақпарат құралының өнімін таратуды тоқтату оны есепке қою туралы куәліктің күшін жоюға әкеп соғады .
Ескерту. 13-бап жаңа редакцияда — ҚР 2009.07.10 № 178-IV Заңымен, өзгеріс енгізілді — ҚР 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi), 2012.01.18 № 546-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
3-тарау. Бұқаралық ақпарат құралдарының өнімін тарату
Ескерту. 3-тараудың тақырыбына өзгеріс енгізілді — ҚР 2009.02.06 № 123-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
14-бап. Бұқаралық ақпарат құралдарын тарату
1. Бұқаралық ақпарат құралдарының өнімін таратуды меншік иесінің шешімі бойынша оның өзі не шарт негізінде немесе өзге де заңды негіздерде редакция, баспагер, сондай-ақ ұйымдар мен азаматтар жүзеге асырады.
2. Эротикалық сипаттағы материалдарды жариялайтын мерзімді баспасөз басылымдарын:
1) стационарлық емес үй-жайларда;
2) мөлдiр ораммен буып-түйiлмеген күйiнде;
3) білім беру ұйымдарының, балалар мекемелерінің, ғибадат үйлерінің (ғимараттарының) үй-жайларында және аумақтарында;
4) жасы он сегізге толмаған адамдарға бөлшек саудада сатуға тыйым салынады.
2-1. Субъектілер, эротикалық сипаттағы материалдар жариялайтын мерзiмдi баспасөз басылымдарын тарату жөніндегі қызметті жүзеге асыруды бастағанға дейін «Әкімшілік рәсімдер туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен қызметін жүзеге асыратын жердегі облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органына бұл туралы хабарлама жасауға міндетті.
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары эротикалық сипаттағы материалдар жариялайтын мерзiмдi баспасөз басылымдарын таратуды бастағаны туралы хабарлама жасаған субъектілердің тізілімін жүргізеді.
3. Алкоголь өнімдерін жарнамалауға 2004 жылғы 1 қаңтардан бастап тыйым салынады.
Темекі және темекі бұйымдарын жарнамалауға тыйым салынады.
3-1. Алып тасталды — ҚР 2012.01.18 № 546-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
3-2. Жұмысқа қабылдау үшін бос жұмыс орындары туралы еңбек саласындағы кемсітушілік сипаттағы талаптарды қамтитын ақпаратты орналастыруға тыйым салынады.
3-3. Қаржылық (инвестициялық) пирамиданың қызметін жарнамалауға тыйым салынады.
4. Заңды негіздерде жүзеге асырылатын бұқаралық ақпарат құралдарының өнімін таратуға жеке немесе заңды тұлғалар, сол сияқты мемлекеттiк органдарды лауазымды адамдары тарапынан кедергі жасауға, заңсыз тәркілеуге, сондай-ақ таралымын немесе оның бiр бөлiгiн жоюға заңды күшіне енген шешімi негiзiнде болмаса жол берiлмейдi.
Ескерту. 14-бапқа өзгерістер енгізілді — ҚР 2001.05.03 № 181, 2003.12.19 № 509, 2007.06.19 № 264, 2009.02.06 № 123-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2010.11.23 № 354-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.01.18 № 546-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.07.10 № 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 21.06.2013 № 106-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 17.01.2014 N 166-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
15-бап. Шығарылым деректерi
1. Мерзiмдi басылымның әрбiр шығарылымында мынадай мәлiметтер болуға тиiс:
1) бұқаралық ақпарат құралының атауы;
2) бұқаралық ақпарат құралының меншiк иесi;
3) бас редактордың (редактордың) тегi және аты-жөнi;
4) есепке қою туралы куәлiктiң нөмiрi мен берiлген күнi және оны берген органның атауы;
5) басылымның мерзiмдiлiгi;
6) бұқаралық ақпарат құралының рет нөмiрi мен жарық көрген күні;
7) таралымы;
8) баспахананың атауы, оның мекен-жайы және редакцияның мекен-жайы.
2. Бұқаралық ақпарат құралы эфирге әрбiр шыққан сайын, ал үздiксiз хабар таратқан жағдайда тәулiгiне кемiнде төрт рет өзiнiң атауын жариялап отыруға мiндеттi.
Ескерту. 15-бапқа өзгеріс енгізілді — ҚР 2001.05.03 № 181 Заңымен.
16-бап. Мерзiмдi басылымдардың мiндеттi даналары мен
телерадиобағдарламалардың материалдарын сақтау
1. Мерзiмдi басылымдардың мiндеттi тегiн даналарын, соның iшiнде осы Заңның 12-бабына орай есепке қоюдан босатылғандарын олар әзiрленген күнi бұқаралық ақпарат құралының меншiк иесi немесе оның тапсыруы бойынша үшiншi тұлға Ұлттық мемлекеттiк кiтап палатасына, Ұлттық кiтапханаға, Қазақстан Республикасы Парламентiнiң кiтапханасына, уәкiлеттi органға жiбередi.
2. Бұқаралық ақпарат құралдарының (теле-, радиоарналардың) редакциялары өздерінің эфирге шығарылған теле-, радиобағдарламаларының жазбаларын бiр ай бойы сақтауға, сондай-ақ оларды өздерiнiң эфирлiк жұмысының тiркеу журналында көрсетуге және оны осы журналда соңғы жазба жасалған кезден бастап кемiнде бiр жыл сақтауға мiндеттi. Тарихи немесе мәдени жағынан құнды жазбалар уәкiлеттi орган айқындайтын тәртiппен сақталады.
Ескерту. 16-бап жаңа редакцияда — ҚР 2012.01.18 № 546-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
4-тарау. Бұқаралық ақпарат құралдарының
азаматтармен және ұйымдармен қатынасы
17-бап. Авторлық туындылар мен хаттар
1. Редакция, интернет-ресурстың меншік иесі пайдаланылатын зияткерлік меншік құқығының объектілеріне құқықтарды, оның iшiнде зияткерлік меншiкке авторлық, сабақтас және өзге де құқықтарды сақтауға мiндеттi.
2. Оқырмандар хаттарын жариялау кезінде олардың мәтінін қысқартуға және оның мазмұнының мағынасын бұрмаламай редакциялауға жол беріледі.
3. Егер заңда өзгеше көзделмесе, бұқаралық ақпарат құралы редакциясын ол қабылдамай тастаған материалды жариялауға ешкімнің де міндеттеуге құқығы жоқ.
Ескерту. 17-бапқа өзгеріс енгізілді — ҚР 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
18-бап. Ресми хабарлар
1. Мемлекеттік органдардың ресми хабарлары бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес орналастырылады.
2. Мемлекеттік органдар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне, олардың меншік нысанына және кімге қарайтынына қарамастан, өтініш жасаған кезде, Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиясы болып табылатынынан басқа ақпаратты тең шарттарда беруге міндетті.
2-1. Мемлекеттiк органдар мен өзге де ұйымдар сұратылып отырған ақпаратты өтiнiш түскен күннен бастап үш күннен кешiктiрмей беруге не беру мерзiмiн немесе беруден бас тарту себебiн көрсете отырып жауабын беруге мiндеттi.
Қосымша зерделеудi және тексерудi қажет ететiн өтiнiшке жауап ол келiп түскен күннен бастап бiр ай мерзiмнен кешiктiрiлмей берiлуге тиiс.
Бұқаралық ақпарат құралынан қойылған мәселелердi шешу құзыретiне кiрмейтiн мемлекеттiк органдарға немесе өзге де ұйымдарға өтiнiш келiп түскен жағдайда, осы өтiнiш бес күн мерзiмнен кешiктiрiлмей тиiстi органдарға жiберiлiп, бұл туралы бұқаралық ақпарат құралына хабарлануға тиiс.
3. Сұралып отырған мәліметтерді беруден бас тартылуға бұқаралық ақпарат құралының өкілі мемлекеттік басқару органдары мен лауазымды адамдардың азаматтар құқығына қысым жасайтын заңсыз әрекеттеріне шағым жасауға арналған заңда көзделген тәртіппен жоғары тұрған органға немесе лауазымды адамға, не сотқа шағым жасауы мүмкін.
Ескерту. 18-бапқа өзгеріс енгізілді — ҚР 2001.05.03 № 181, 2009.02.06. № 123-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.
19-бап. Теріске шығару құқығы
1. Азамат немесе заңды тұлға өзінің ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді сот тәртібімен теріске шығаруды талап етуге құқылы.
2. Егер азаматтың немесе заңды тұлғаның ар-намысына, қадір-қасиетiне немесе iскерлiк беделiне нұқсан келтiретiн мәлiметтер бұқаралық ақпарат құралдарында таратылса, олар сол бұқаралық ақпарат құралдарында тегiн терiске шығарылуға тиiс.
Егер аталған мәлiметтер ұйымнан шыққан құжатта болған жағдайда, мұндай құжат алмастырылып немесе қайтарылып алынып, бұл құжаттағы мәлiметтердiң шындыққа сәйкес келмейтiндiгi туралы адресатқа мiндеттi түрде хабарлануға тиiс.
Өзге реттерде терiске шығару тәртiбiн сот белгілейдi.
3. Азаматтың немесе заңды тұлғаның бұқаралық ақпарат құралында терiске шығаруды не жауапты жариялау туралы талабы, егер бұқаралық ақпарат органы мұндай жарияланымнан бас тартса не бiр айдың iшiнде жарияланым жасамаса, сондай-ақ ол таратылған жағдайда, сотта қаралады.
4. Азаматқа немесе заңды тұлғаға қатысты олардың ар-намысына, қадiр-қасиетiне немесе iскерлiк беделіне нұқсан келтiретiн мәлiметтер таратылған болса, олар мұндай мәлiметтердi терiске шығарумен қоса олардың таратылуынан өздерiне келтiрiлген залалдың немесе моральдық зиянның орнын толтыруды талап етуге құқылы.
Ескерту. 19-бапқа өзгеріс енгізілді — ҚР 2009.02.06 № 123-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
5-тарау. Журналистің құқықтары мен міндеттері
20-бап. Журналистiң құқықтары
Журналистiң:
1) ақпаратты iздестiрудi жүзеге асыруға, сұратуға, алуға және таратуға;
2) мемлекеттiк органдарға, барлық меншiк нысандарындағы ұйымдарға баруына және өзiнiң қызмет бабындағы мiндеттерiн жүзеге асыруға байланысты олардың лауазымды адамдарының қабылдауында болуға, жабық шара өткiзу туралы шешiм қабылданғаннан басқа жағдайда өзiн тiркеген орган өткiзетiн барлық шараларға қатысуға;
3) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде тыйым салынған жағдайларды қоспағанда, жазбалар, соның iшiнде оларды дыбыс-бейне техникасын, кино-фото түсiру құралдарын пайдалана отырып жасауға;
4) журналистiң куәлiгiн көрсету арқылы дүлей апаттар болған аудандарда, митингiлер мен демонстрацияларда, сондай-ақ қоғамдық, топтық және жеке мүдделер мен наразылықтарды өзге де бiлдiру нысандарына қатысуға;
5) құжаттар мен материалдардың мемлекеттік құпиялар болып табылатын мәлiметтерi бар үзiндiлерiн қоспағанда, олармен танысуға рұқсат алуға;
6) алынатын ақпараттың дұрыстығын тексеруге;
7) алынған ақпараттық материалдарды тексеру кезiнде мамандарға жүгiнуге;
8) өзi дайындаған хабарлар мен материалдарға қолын қойып, шартты атын (бүркеншiк атын) көрсетiп таратуға;
9) материалдың мазмұны редакциялық түзетуден кейін журналистің жеке сеніміне қайшы келсе, оған өз қолы қойылып жариялануынан бас тартуға;
10) авторлық және ақпарат көздерiнiң құпиясы соттың талап етуiмен жарияланған жағдайларды қоспағанда, бұл құпияларды сақтауға құқығы бар.
21-бап. Журналистiң мiндеттерi
Журналист:
1) Қазақстан Республикасының заңдарын басшылыққа ала отырып, өзi шарттық қатынастарда тұрған бұқаралық ақпарат құралының қызмет бағдарламасын жүзеге асыруға;
2) шындыққа сәйкес келмейтiн ақпаратты таратпауға;
3) ақпарат ұсынған адамдардың авторлығын көрсету туралы олар жасаған өтiнiштердi қанағаттандыруға;
4) жеке және заңды тұлғалардың заңды құқықтары мен мүдделерiн құрметтеуге;
4-1) алып тасталды — ҚР 2009.02.06 № 123-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен;
5) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзiне жүктелген өзге де мiндеттердi орындауға мiндеттi.
Ескерту. 21-бапқа өзгеріс енгізілді — ҚР 2001.05.03 № 181, 2009.02.06. № 123-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.
6-тарау. Журналистерді аккредиттеу
Ескерту. 6-тараудың тақырыбына өзгеріс енгізілді — ҚР 2009.02.06 № 123-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
22-бап. Журналистердi аккредиттеу
1. Бұқаралық ақпарат құралдары мемлекеттiк органдардың, қоғамдық бiрлестiктер мен ұйымдардың келiсiмi бойынша олардың жанында өз журналистерiн аккредиттей алады.
2. Журналист аккредиттелген мемлекеттiк органдар, қоғамдық бiрлестiктер мен ұйымдар оны өткiзiлетiн отырыстар, кеңестер және өзге де шаралар жөнiнде оған алдын ала хабарлауға, стенограммалармен, хаттамалармен және өзге де құжаттармен қамтамасыз етуге мiндеттi.
3. Жабық шара өткiзу туралы шешiм қабылданған жағдайларды қоспағанда, аккредиттелген журналистiң өзiн аккредиттеген мемлекеттiк органдар, қоғамдық бiрлестiктер мен ұйымдар өткiзетiн отырыстарға, кеңестерге және басқа да шараларға қатысуға құқығы бар.
4. Егер журналист аккредиттеу ережелерiн бұзса не өзiн аккредиттеген мемлекеттiк органдардың, қоғамдық бiрлестiктер мен ұйымдардың ар-намысы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн, шындыққа сәйкес келмейтiн мәлiметтердi таратса, оның аккредиттелуі күшiн жоюы мүмкiн.
5. Алып тасталды — ҚР 2006.01.10 № 116 Заңымен.
Ескерту. 22-бапқа өзгеріс енгізілді — ҚР 2006.01.10 № 116 (2006.01.01 бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
23-бап. Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат
құралдарын шет елдерде аккредиттеу
Егер халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралы иесiнің Қазақстан Республикасының және өздерi болған елдердiң заңдарында көзделген тәртiппен басқа елдерде тiлшiлер қосынын ашуға, журналистердi аккредиттеуге құқығы бар.
24-бап. Қазақстан Республикасындағы шетел бұқаралық
ақпарат құралдары өкiлдерiнiң қызметi
1. Шетел бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлдiктерiн және олардың журналистерiн аккредиттеуді Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгi жүргiзедi.
2. Қазақстан Республикасында аккредиттелген шетел журналистерiнің және басқа да шетел бұқаралық ақпарат құралдары өкiлдерiнiң құқықтық жағдайы мен кәсiптiк қызметi Қазақстан Республикасының заңдарымен және Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттармен реттеледi.
3. Қазақстан Республикасының Конституциясын және осы Заңның нормаларын бұзатын шетелдiк бұқаралық ақпарат құралдарының өнiмiн таратуға сот тәртiбiмен тыйым салынады, ал интернет-ресурстар болып табылатын шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары үшін – Қазақстан Республикасының аумағында көрсетілген интернет-ресурстарға қол жеткізуді тоқтата тұру көзделеді.
Ескерту. 24-бапқа өзгеріс енгізілді — ҚР 2001.05.03 № 181, 2012.01.12№ 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
7-тарау. Бұқаралық ақпарат құралдары туралы
заңдарды бұзу үшін жауапкершілік
25-бап. Бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңдарды
бұзу үшiн жауапкершiлiк негiздерi
1. Азаматтардың немесе ұйымдардың (мемлекеттiк органның, азаматтардың қоғамдық, шығармашылық, ғылыми, дiни не өзге де бiрлестiгiнiң және заңды тұлғалардың) ар-намысы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн, шындыққа сәйкес келмейтiн мәлiметтердi тарату, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сотқа ықпал жасау Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.
2. Бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңдарды бұзу үшiн мемлекеттiк органдардың және өзге де ұйымдардың оған кiнәлi лауазымды адамдары, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралының иесi, таратушысы, бас редакторы (редакторы), таратылған хабарлар мен материалдардың авторлары жауапты болады.
2-1. Бұқаралық ақпарат құралының меншiк иесi, бас редакторы (редакторы) Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертудi, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауiпсiздiгiне нұқсан келтiрудi, соғысты, әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық, дiни, тектiк-таптық және рулық артықшылықты, қатыгездікті, зорлық пен порнографияны насихаттап, үгіттейтін хабарлар мен материалдарды таратқаны үшін, олардың алынған көздеріне қарамастан, Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгіленген жауаптылықта болады.
3. Журналистiң заңды кәсiптiк қызметiне кедергi жасау Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.
Ескерту. 25-бапқа өзгеріс енгізілді — ҚР 2001.05.03 № 181, 2012.01.18№ 546-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі)Заңдарымен.
26-бап. Шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді тарату
үшін жауапкершіліктен босатылатын реттер
Бұқаралық ақпарат құралында шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратқаны үшін:
1) егер бұл мәліметтер ресми хабарлар мен құжаттарда айтылған болса;
2) егер олар жарнама және ақпарат агенттіктерінен немесе мемлекеттік органдардың баспасөз қызметінен алынса;
3) егер олар өкілді органдар депутаттарының, мемлекеттік органдардың, ұйымдардың лауазымды адамдарының және азаматтардың ресми сөйлеген сөздерінің сөзбе-сөз қайталанып берілуі болса;
4) егер олар алдын ала жазылып алынбай эфирге шығарылатын авторлық сөздерде не осы Заңға сәйкес редакциялауға жатпайтын мәтіндерде айтылса;
5) егер бұл мәліметтер осы Заңның 18-бабына сәйкес міндетті хабарларда айтылса, бас редактор (редактор), сондай-ақ журналист жауапты болмайды.
Ескерту. 26-бапқа өзгеріс енгізілді — ҚР 2001.05.03 № 181 Заңымен.
Қазақстан Республикасының
Президенті