Аса құрметті, Нұрсұлтан Әбішұлы!

Сізді елімізде болып өткен Мемлекет басшысын сайлауындағы таза жеңісіңізбен туыс-тамырларымның, отбасымның атынан шын жүректен құттықтаймын. Осы таңдауымен халқымыз Сізге және Сіздің кемеңгер саясатыңызға мол сенімін дәлел етті. Еліміздің жан-жақты дамып, абыройы бүкіл әлемге асқақтауы – адамзатқа нағыз керекті мәселелерді тереңінен көтеріп, елімізді өркениетті елдер қатарына қосу мақсатына бағытталған еңбектеріңіздің жемісі деп білеміз.
Сізге ақ пейілімізбен зор денсаулық, Тәңірден ұзақ ғұмыр тілейміз, құрметпен Өмірзақовтар әулеті.
Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы,
Сіздің бар күш-жігеріңізді салып өткізіп отырған саясатыңызға кір келтіріп, мемлекетіміздің шынайы құқықтық екендігіне және еліміздің азаматтары әлеуметтік қорғалатынына өз іс-әрекеттерімен күмән тудырушы лауазымды ағаларымыздың бар екендігі шындық. Сондай ағаларымыздың бірі Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің ректоры, Алматы қ. Маслихатының депутаты Тлектес Исабайұлы Есполовтың нағыз сорақы заңға қайшы іс-әрекеттерінің мен де құрбаны болудамын. Істің мән-жайын толығымен баяндауыма рұқсат етуіңізді сұраймын.
Мен аталған оқу орнының 2000ж. түлегі, сол жылдан бастап университет қабырғасында деканат хатшысы болып, одан әрі қарай еңбек жолымды бір мінсіз атқарып келдім. 2007-2008, 2008-2009 оқу жылдары кафедра оқытушысы лауазымында жұмыс атқардым. Осы екі оқу жыл аралығында Т.И.Есполовтың туысы “Орман, жер және су ресурстары” факультетінің деканы Қ.Абаева заң бұзушылық істерді мен сияқты жас мұғалімдер мен студенттерге бұйыратын. Атап айтқанда, 15-20 бетін көрмеген студенттердің сынақ кітапшаларына емтихан бағаларын қоюды бұйырып (бұл ректордың тапсырысы деп); өзінің сатып жүрген “Zepter” фирмасының ыдыс-аяқтарын сатып аласың деп; университет жатақханаларына өз туыстарын орналастырып, жұмысшыларды шығарып; жыл бойы сабаққа келмеген күндізгі оқу бөлімінің студенттерін емтиханға кіргізіп, ал тұрмысқа шығып, аяғы ауыр, ауруханадан анықтамасы бар студент қыздарды емтиханға жібермей, университеттен мүлдем шығарып жіберіп; студентті грантқа ауыстыру үшін – 500 доллар, ал әскери дайындық кафедрасына өткізу үшін – 700 доллар талап ететіні, басқа да көптеген ойға сыймайтын заңбұзушылықтарын “депутат, ректор” ағамыз қолдап отыр.
Жоғарыда айтып кеткен “15-20 сабаққа келмеген студенттерге емтихан бағаларын қоя алмаймын” – деп, ректордың туысы Қ.Абаеваның коррупциялық бұйрықтарын орындамағаным үшін мені жұмысымнан 2009 жылы қысқартып жіберді. Содан, туысы Қ.Абаеваның мұндай істерінен хабарсыз болар деген ойымен мен Т.Есполовқа жұмысымнан заңсыз қысқартуға түстім деген арызыммен кірдім. Т.Есполов бұл мәселемді шешу үшін университет ішіндегі “комиссияға” тапсырған болды. “Комиссиямыз” өзімнің үстімнен көптеген жалған (фальсификация) құжаттар жасап, мені қысқартқан бұйрықты заңды деп шешті.
Білім және ғылым министрлігі, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі, Мемлекеттік қызмет жұмыстарын бақылау агенттігі, қалалық прокуратура, ХДП “Нұр Отан” басқа да бармаған жерім, баспаған тауым қалмады. Барлық инстанциядан: “еңбек қорғау құқығыңыз сот негізінде қарастырылады” деген жауапты алдым. Мен Медеу аудандық сотына арыздандым. Сот прокурордың қатысуымен өтіп — әділетті, яғни мені жұмысыма қайта орналастыруды және амалсыздан бос жүрген уақытыма компенсациямды өндіріп беруді шешті. Бірақ, Т.Есполов шынайы шешімді қанағат тұтпай дос-жаран, таныс-тамыры арқылы қалалық сотта шешімді керісінше жасатты. Олай дейтінім, аппеляциялық сот мәжілісі менің қатысуымсыз өтті, ал кассациялық сот мәжілісі менің дәлел-айғақтарымды тыңдамай-ақ, университет юристімен оңаша қалып, өздеріне ыңғайлы, яғни Медеу аудандық сот шешімін бұзып, мені қайта орналастырмауды шешіп шығарды.
2010 жылы сәуір айында университетке келген Мемлекеттік аттестациялық комиссия төрағасына мені қысқартудың заңсыз екендігіне дәлел ретінде өткізген ашық сабақтарымның хаттамаларын, квалификация жоғарылату сертификаттарымды, “мониторинг деятельности преподавателя” атты тексеріс нәтижесін, марапаттау қағазымды көрсетіп шағынған болатынмын. Осы дәлелдер негізінде Мемл. аттестат. комиссия төрағасы тексеріс қорытындысында: “Н.Өмірзақова ассистент лауазымына қайта қабылдансын” деп берген болатын, өкінішке орай, ректор Тлектес Исабайұлы, комиссияның қорытындысына да назар аудармады.
2010 ж. қараша айында университеттің 80-жылдық мерейтойына Өзіңіздің Президент мырза, келуіңіздің алдында Т.Есполов мені шақыртып былай деген болатын: -“Айналайын, сенің екі бала тәрбиелеп отырған жалғыз басты ана екендігіңді мен білмедім, сені қысқартудың заңсыз екендігін өзім де мойындаймын, сондықтан проректор Ы.Нәбиді жұмыстан төмендеттім. Сен барлық инстанцияға шағымданып, өз құқығыңды қорғағың келіп жүр, мен көптеген бастықтармен араласамын, олар маған звондап бір қоңыраумен айтып отыр. Менің абыройымды аяқасты етпеші, мына 80-жылдық мерекемізді аман-есен өткізіп алайық, сосын өзіңді жұмысыңа қайта орналастырамын.” деп өтінген болатын. Өзіңіз келіп, мереке ойдағыдай өткен соң мені Т.Есполов қабылдамай, өзінің уәдесін орындамақ түгіл, мені университетке қауіпсіздік қызметкерлері кіргізбей қойған.
Енді осы жылдың 19 тамызында өтетін ҚР Парламент Сенатына сайлау алдында Т.Есполов мені тағы да шақыртып, мысық –құйрық ойнап отыр.
Осындай сөзі мен ісі тіркеспейтін, заң бұзушылықты қолдап-қолпаштап отыратын лауазымды ағаларымыздың арқасында қарапайым халықтың арасында үкіметке деген сенім жоғалып, сотқа арызданушы халық, шиеленіскен жағдайлар көбейіп бара жатқанымен қоймай, халықтың әлеуметтік жағдайы төмендеп, күнін көріп бала-шағасын асырау үшін не бір ұрлық-зомбылыққа итермелейтін негізгі фактордың бірі екені анық. Қолдан келгенше, тек бүгінгі күнді ойлайтын, әртүрлі көз бояушы әрекеттермен ниетіне жететін “бастық” ағаларымызды жетекшілік лауазымдардан алшақ ұстасақ екен деген тілегімді білдіремін.
Мені жұмысымнан қысқарту барысында 2009ж. басталған әлемдік кризиске қарсы елімізде жүргізілген антикризистік бағдарламаның барлық күрес жолдарына «депутат» Т.Есполов қарсы шапты. Сонда бұл саясат кім үшін, не үшін жүргізіліп жатыр, іске асыру үшін ба әлде сырт көзге ғана көрініс жасау үшін ба деген әсер қалдырды.
Қазақ Ұлттық аграрлық университеттің қабырғасында Есполов Т. ректор болғалы заңсыздықтан жапа шеккен мен жалғыз емеспін. Мұғалім түгіл студенттердің құқықтары бұзылуда. Бірақ бәрі де “Есполовтың поддержкасы мықты” деп үнсіз, көніп жүр. Сіз мұндай опасыздыққа жол бермейді деген сеніммен осы хатымды жолдап отырмын.
Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы,
мен, Өмірзақова Нұрсұлу Өзіңіздің жүргізіп отырған саясатыңыздың ниеттес-жақтасымын. Коррупциялық істерге бармаймын деген ниетім үшін бала-шағамды асырап отырған нанымнан айрылдым десем, артық айтқаным емес. Әлеуметтік жағдайым төмендеді, жалған айыптан айығамын деп денсаулығым нашарлады, мемлекеттік бағдарлама арқылы алатын тиесілі бұрышымнан да айрылдым. Екі бала тәрбиелеп отырған жалғыз басты ана екендігімді ешкімге міндет етпеймін, бірақ өз құқығымды қорғау үшін бір Өзіңізге «тәуекел» деп бел будым. Жоғарыда жазылғанның бәріне дәлелім бар. Мүмкіндік болса, Өзіңіздің қабылауыңызды өтінемін.
Арызданушы п/п бар ӨмірзаковаН.З.
30.11.2011г.
ҚұрметтіТастемирДаутұлы, қызымның осы хатын Президенімізге жеткізіб берсеңіз,әлде Әль-Фараби университетіндегідей комиссия дұзіп шешіп берсеңіз деген өтінішпен пенсионер
Омирзаков Зинатдин.