Қылмыстық істер бойынша сот ісін жүргізу жариялылығы принципін соттардың сақтауы туралы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының
2002 ж. 6 желтоқсандағы N 25 нормативтік қаулысы

Сот ісін жүргізудің жариялылығы принципінің сақталуы жөніндегі сот практикасын зерделеу республика соттарының қылмыстық істердің басым көпшілігін ашық сот отырыстарында қарайтынын, ал жабық сот отырыстарын өткізу кезінде заңмен белгіленген талаптарды басшылыққа алатынын көрсетті. Сонымен бірге сот ісін қараудың жариялылығын заңсыз шектеу жағдайлары да орын алуда.
Сот төрелігін іске асыру кезінде заңдылықты сақтау мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің (әрі қарай — ҚІЖК) 29-бабында бекітілген сот ісін жүргізудің жариялылығы принципі басқа да принциптер жиынтығымен бірге, қылмыс жасаған адамдарды анықтауға және жауаптылыққа тартуға, сот ісін әділетті жүргізуге, қылмыстық заңды дұрыс қолдануға бағытталған қылмыстық процесс міндеттерінің орындалуын қамтамасыз етеді. Осыған орай, соттар бұл принципті кеңінен іске асырып, барлық мүдделі адамдардың, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сот отырысы залына еркін кіруін қамтамасыз етулері қажет.
2. Соттар барлық сот сатыларында қылмыстық іс жүргізу заңының істердің ашық қаралуы туралы талаптарын қатаң сақтауға және сот ісін жүргізудің жариялылығы принципінің бұзылу, азаматтарды сот отырысына негізсіз қатыстырмау фактілеріне жол бермеуге міндетті.
Жариялылықты заңсыз шектеу (іс материалдарын негізсіз құпиялау, заңда көзделмеген негіздер бойынша жабық отырыстар өткізу және т.б.) процеске қатысушылардың процессуалдық құқықтарын кемсітуге және нұқсан келтіруге әкеп соғуы мүмкін.
Осы бұзушылықтардың сипаты мен мәніне байланысты іс жүргізу өндірісі жарамсыз деп танылып, шығарылған шешім бұзылуы не жиналған материалдар дәлелдемелік күші жоқ деп танылуы мүмкін.
3. Сот ісін жүргізудің жариялылығы деп тек ашық сот талқылауын жүргізуді ғана емес, сонымен бірге оған тараптардың, сондай-ақ қылмыстық іске қатысы жоқ өзге де адамдардың қатысу мүмкіндігін түсіну қажет. Жариялылық принципі процеске қатысушылардың істің барлық материалдарымен, соның ішінде жедел-іздестіру шараларының барысында алынған деректермен және алдын ала тергеу барысында берілген прокурор нұсқауларымен (заңда көзделген шектеуден басқа) танысуды көздейдi. Сонымен қатар бұл принцип сот шешімінің көпшілікке жария етілуін, тараптардың процеске қатысушы басқа адамдардан түскен шағымдар туралы құлағдар болуын және танысу мүмкіндігін, кез келген сот сатысында істі қараудың уақыты мен орны туралы хабардар болуды, заңды күшіне енген сот үкімдері мен қаулыларының бірыңғай деректер базасын құруды және олармен, сот актілерінің орындалуы жөніндегі ақпаратпен еркін танысуды қамтиды.
4. Іс жүргізу өндірісінің сотқа дейінгі сатыларындағы жариялылығының шегін ҚІЖК-нің 205-бабына сәйкес қылмыстық процесті жүргізуші орган, ал сот отырысында — сот белгілейді.
Сот, басты сот талқылауын тағайындау кезінде, тараптардың өтініші немесе өз бастамасы бойынша, қаулыда тиісті негіздеме келтіре отырып, істі ашық немесе жабық қарау туралы мәселені шешеді.
5. Процеске қатысушылар сот ісін қарау кезінде жариялылықты шектеу туралы өтініштерді басты сот талқылауын тағайындау (істі алдын ала тыңдау) кезінде, сондай-ақ басты сот талқылауының барысында мәлімдей алады.
Өзге адамдардың, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің істі ашық немесе жабық сот отырыстарында қарау туралы өтініш білдіруге құқығы жоқ.
6. Жариялылықты шектеу туралы өтініштер мемлекеттік құпияларды қорғау, іске қатысушы адамдардың өмірінің жасырын тұстары туралы мәліметтердің жариялануына жол бермеу, жәбірленушілердің, куәлардың және басқа да адамдардың, олардың отбасы мүшелері мен жақын туыстарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, кәмелетке толмаған сотталушылардың мүддесін қорғау мақсатында ҚІЖК 29-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген мән-жайлар болған кезде ғана қанағаттандыруға жататынын соттардың ескергені жөн. ҚІЖК-нің 109-бабына сәйкес, жабық сот отырысында прокурордың алдын ала тергеу және анықтау органдарының іс-әрекеттері мен шешімдеріне жасалған шағымдар бойынша қабылдаған шешімдеріне жасалған шағымдар қаралады.
7. Сот талқылауының жариялылығын шектеу — сот отырысының барлық кезеңіне немесе оның ҚІЖК 29-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген мән-жайлардың зерттелетін бөлігіне қолданылуы мүмкін. Бұл туралы қаулыда көрсетілуге тиіс.
Егер мемлекеттік құпияларды қорғауға байланысты кейбір сотталғандар жөніндегі жабық сот отырысын өткізуге негіз болса, ал осы мән-жайлар басқа сотталғандарға қатысты болмаса, сот жабық сот отырысында қаралуға жататын қылмыстық істі басқа қылмыстық істен бөліп алып, жеке өндіріске шығаруға құқылы.
Егер істі бөліп алу зерттеудің жан-жақтылығы мен толықтығына және істің шешілуіне әсер ететін болса, онда ҚІЖК-нің 49-бабының 4-бөлігіне сәйкес, мұндай процессуалдық әрекетке жол берілмейді. Мұндайда сот іс бойынша жабық сот отырысын өткізу туралы мәселені тұтастай ҚІЖК-нің 29-бабының 1-бөлігіне сәйкес шешеді.
8. Төрағалық етуші басты сот талқылауын бастар кезде істің ашық немесе жабық сот отырысында қаралатынын жариялайды. Сот отырысының хаттамасына тиісті жазу енгізіледі.
Басты сот талқылауына істі жабық сот отырысында қарау туралы өтініш келіп түскен жағдайда, сот өтінішті білдірген адамнан сот ісін қарау кезінде жариялылықты шектеу туралы мәселенің заңда көзделген қандай негіздер бойынша қойылып отырғанын анықтауға және процеске қатысушы басқа да адамдардың пікірлерін білуге міндетті. Егер сот мәлімделген өтініш бойынша шешімді сол жерде отырып шығарса, онда ол сот отырысының хаттамасына енгізіледі, егер өтініш кеңесу бөлмесінде қаралса, онда сот жеке процессуалдық құжат түрінде қаулы шығарады.
9. Соттың сот отырысы залында бейне-жазу құралдарын қолдануы сот отырысында болған жайдың бәрін қаз-қалпында бекітудің анағұрлым қолайлы және ең дұрыс тәсілі болып табылады әрі іс бойынша анықталған фактілерді бұрмалап жариялауға жол бермейді.
Сот қолданған бейне-жазу құралдары тиісінше мөрленіп, іспен бірге сақталады.
10. Басты сот талқылауы барысында фотоға түсіруге, бейне-жазу қолдануға процеске қатысушылардың келісімімен және іс бойынша төрағалық етушінің рұқсатымен жол беріледі. Бұл әрекеттер сот ісін қарау барысына кедергі келтірмеуге тиіс.
Төрағалық етуші бейне-жазуды сот талқылауының белгілі бір бөлігінде немесе кейбір процеске қатысушылар мен өзге адамдарға қатысты рұқсат ете алады және бұған соңғылардың келісімі болуы шарт. Ол сот талқылауының кез келген бөлігінде бейне-жазуға тыйым салуға құқылы.
11. Төрағалық етушінің сот отырысы залында бейне-жазуды қолдану мәселелері бойынша барлық өкімдері сот отырысы хаттамасында көрсетіледі.
Төрағалық етушінің өкімдерінің процестегі барлық қатысушылар мен сот залында отырған өзге адамдар үшін міндеттілігі туралы ҚІЖК-нің 61-бабына сәйкес, оның бейне-жазуды қолдануға тыйым салу немесе тоқтату туралы өкімдері орындалуға тиіс.
Төрағалық етушінің өкімдеріне бағынбау ҚІЖК-нің 327-бабында көзделген шараларды қолдануға негіз болады, ал адамның жеке өміріне, жеке және отбасылық құпияларына қол сұғылмайтыны туралы конституциялық құқықтар бұзылған жағдайларда кінәлі адамдар заңмен белгіленген жауаптылыққа тартылуы мүмкін.
12. ҚІЖК-нің 403-бабына сәйкес, сот талқылауының жариялылығы мәселесі бойынша сот отырысының барысында қабылданған сот қаулыларына бөлек шағым беруге және наразылық келтіруге жатпайды, оларға қарсы келтірілген келіспеушіліктерді істің мәнісі бойынша шығарылған үкімге (қаулыға) берілген апелляциялық шағымдарда, наразылықтарда айтуға болады. 13. Істерді қарау кезінде апелляциялық және қадағалау сатылары төменгі соттардың сот талқылауының жариялылығы туралы заң талаптарын орындауына назар аударып, заң бұзушылықтың әрбір фактісі бойынша шара қолдануы қажет.
14. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес, осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына енгізіледі, сондай-ақ жалпыға бірдей міндетті болып табылады әрі ол ресми жарияланған күнінен бастап күшіне енеді.

Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының Төрағасы Қ.Мәми
Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының судьясы,
жалпы отырыстың хатшысы Ж.Бәйішев