Қазақстан Республикасында ақпараттық қауіпсiздiкті қамтамасыз ету жөнiндегi кейбiр шаралар туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 14 қыркүйектегі N 965 қаулысы

Ақпараттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:
1. Мыналар:
1) мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтер мен таратылуы шектелген қызметтік ақпаратты өңдеу және сақтау халықаралық (жаһандық) деректер беру желiлерiне, Интернет желiсiне және/немесе халықаралық (жаһандық) деректер беру желiлерiне, Интернет желiсiне шығатын ақпараттық желiлерге, байланыс желiлерiне қосылмаған есептеу техникасы құралдарында жүзеге асырылады;
2) халықаралық (жаһандық) деректер беру желiлерiне, Интернет желiсiне және/немесе халықаралық (жаһандық) деректер беру желiлерiне, Интернет желiсіне шығатын ақпараттық желiлерге, байланыс желiлерiне қосылған техникалық құралдарды орналастыру олардың барысында мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтердi қамтитын мәселелер талқыланатын кеңестер (келiссөздер) өткiзуге бөлiнген үй-жайлардан тыс жерлерде орналастырылады деп белгiленсiн.
2. Қазақстан Республикасының орталық және жергiлiктi атқарушы, өзге де мемлекеттік органдары (келiсiм бойынша) үш ай мерзiмде таратылуы шектелген қызметтік ақпараттың ведомстволық тiзбелерiн әзiрлесiн және бекiтсiн.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының орталық және жергілікті атқарушы, өзге де мемлекеттік органдарының басшыларына (келiсiм бойынша) жүктелсін.
4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшiне енедi.

Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі Д. Ахметов