Қазақстан Республикасында таратылатын шетелдiк бұқаралық ақпарат құралдарын есепке алу ережесiн бекiту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 29 шілдедегі № 843 қаулысы

"Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 23 шiлдедегi Заңын орындау үшiн Қазақстан Республикасының Yкiметi қаулы етеді:
1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасында таратылатын шетелдiк бұқаралық ақпарат құралдарын есепке алу ережесi бекiтiлсiн.
2. Қазақстан Республикасының Мәдениет, ақпарат және спорт министрлiгi бекiтiлген Ережеге сәйкес Қазақстан Республикасы аумағында таратылатын барлық шетелдiк бұқаралық ақпарат құралын тиiсiнше есепке алуды қамтамасыз етсiн.
3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі И. Тасмағамбетов

Қазақстан Республикасы
Yкiметiнiң 2002 жылғы 29 шiлдедегi
№ 843 қаулысымен бекiтiлген
Қазақстан Республикасында таратылатын шетелдiк
бұқаралық ақпарат құралдарын есепке алу
ЕРЕЖЕСI

1. Жалпы ережелер
1. Осы Ереже "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрi — Заң) талаптарына сәйкес жасалды және Қазақстан Республикасының ақпараттық кеңiстiгi жай-күйiн дұрыс әрi уақтылы талдау мақсатында Қазақстан Республикасында таратылатын шетелдiк бұқаралық ақпарат құралдарын (бұдан әрi — шетелдiк БАҚ-тар) есепке алу тәртiбiн белгiлейдi.
2. Осы Ережеде мынадай түсiнiктер пайдаланылады:
1) бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкілетті орган — бұқаралық ақпарат құралдары саласында мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган (бұдан әрі — уәкілетті орган);
2) жергілікті атқарушы орган (әкімдік) — облыс (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) әкімі басқаратын, өз құзыреті шегінде тиісті аумақта жергілікті мемлекеттік басқаруды жүзеге асыратын алқалы атқарушы орган;
3) шетелдiк бұқаралық ақпарат құралы — тұрақты атауы және ағымдық нөмiрi бар шетелдiк мерзiмдi баспасөз басылымы (газет, журнал, альманах, бюллетень, оларға қосымшалар); шетелдiк теле-, радио-, бейне-, кинохроникалық бағдарлама (мерзiмдi аудиокөрiнiстiк хабарламалар және хабарлар жиынтығы);
4) таратушы — шетелдiк БАҚ меншiк иесiмен, шығарушысымен шарт бойынша немесе өзге де заңды негiздерде Қазақстан Республикасының аумағында олардың өнiмдерiн таратуды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға (филиал немесе өкiлдiк);
5) шетелдiк БАҚ-ты есепке алу туралы анықтама — таратушыға жергілікті атқарушы орган беретiн және таратушы анықтаған аумақта таратылатын шетелдiк БАҚ-тар атауларының тiзбесiн растайтын белгiленген нысандағы құжат.
3. Қазақстан Республикасының аумағында таратылатын шетелдiк БАҚ-тарды есепке алуды жергілікті атқарушы орган жүзеге асырады.
4. Уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының аумағында таратылатын шетелдiк БАҚ-тардың бiрыңғай тiзiлiмiн жүргiзедi.
5. Жергілікті атқарушы орган осы Ереже 6-тармағының 1) тармақшасында көрсетiлген мәлiметтердi Қазақстан Республикасының аумағында таратылатын шетелдiк БАҚ-тардың бiрыңғай тiзiлiмiне енгiзу үшiн тоқсан сайын уәкiлеттi органға жiберiп тұрады.
2. Шетелдiк БАҚ-тарды есепке алу шарттары мен тәртiбi
6. Қазақстан Республикасының аумағында таратылатын шетелдiк БАҚ-ты есепке алу үшiн таратушы жергілікті атқарушы органға мынадай құжаттар тапсырады:
1) шетелдiк БАҚ-ты есепке алу туралы өтiнiш, онда мыналар көрсетiлуi тиiс:
өтiнiш берiлетiн жергілікті атқарушы органның атауы;
таратушының мәртебесi (жеке кәсiпкер немесе заңды тұлға), оның ұйымдық-құқықтық нысаны, атауы (аты, әкесiнiң аты және тегi), орналасқан жерi (тұрғылықты жерi);
Қазақстан Республикасының аумағында таратылатын шетелдiк БАҚ-тардың толық атауы;
шетелдiк БАҚ-тың таралу аумағы;
таратылатын шетелдiк БАҚ-тың тiлi (тiлдерi);
таратылатын шетелдiк БАҚ-тың негiзгi тақырыптық бағыттығы;
шетелдiк БАҚ-тар мерзiмдi баспасөз басылымдарының таратылатын даналарының болжамды саны, хабарларын тарту көлемi;
2) таратушы жеке тұлға үшiн — кәсiпкерлiк қызметпен айналысуға құқығын растайтын құжаттың көшiрмесi;
3) таратушы заңды тұлға (филиал немесе өкiлдiк) үшiн — заңды тұлғаны (филиалды немесе өкiлдiктi) мемлекеттiк тiркеу (есепке aлy) туралы куәлiктiң көшiрмесi.
7. Өтiнiш және оған қоса берiлетiн құжаттар жергілікті атқарушы органда олар тiркелген күннен бастап 15 күнтiзбелiк күн iшiнде қаралады.
8. Өтiнiштi қараудың қорытындылары бойынша және ұсынылған құжаттар осы Ереженiң 6-тармағына сәйкес болған ретте тарату үшiн мәлiмделген шетелдiк БАҚ-тардың есепке алынғаны туралы анықтама таратушыға берiледi.
9. Анықтамада мынадай мәлiметтер көрсетiлуге тиiс:
1) таратушыға анықтаманы берген жергілікті атқарушы органның атауы;
2) анықтаманың нөмiрi және оның берiлген күнi;
3) таратушының ұйымдық-құқықтық нысаны мен атауы;
4) өтiнiште көрсетiлген аумақта таратылатын шетелдiк БАҚ-тар атауларының толық тiзбесi;
5) анықтаманың қолданылу мерзiмi;
6) анықтаманы берген лауазымды адамның аты мен әкесiнiң атының бас әрiптерi, тегi және қолы.
10. Шетелдiк БАҚ-ты есепке алу туралы анықтама қаржы жылы iшiнде жарамды. Шетелдiк БАҚ-ты есепке алу туралы анықтаманың қолданылу мерзiмi аяқталғаннан кейiн таратушы жаңа анықтама алу үшiн осы Ережеде белгiленген тәртiппен жергілікті атқарушы органға жүгiнуге тиiс.
Егер осы Ереже 6-тармағының 1) тармақшасында көрсетiлген таратушыға немесе таратылатын шетелдiк БАҚ-тарға қатысты мәлiметтер бұрын берiлген анықтаманың қолданылу уақытында өзгерсе, таратушы жаңа анықтама алу үшiн 10 күн мерзiмде осы Ережеде белгiленген тәртiппен жергілікті атқарушы органға жүгiнуге тиiс.
11. Таратушының шетелдiк БАҚ-ты есепке алу туралы анықтаманы басқа адамға беруiне тыйым салынады.
3. Шетелдiк БАҚ-ты eceпke алудан бас тарту,
анықтаманың қолданылуын тоқтата тұру
және ohы керi қайтарып алу

12. Жергілікті атқарушы орган таратушыға Қазақстан Республикасының аумағында таратылатын шетелдiк БАҚ-ты есепке алудан бас тартуға құқылы, егер:
1) осы Ереженiң 6-тармағында көзделген барлық қажеттi құжат ұсынылмаса;
2) осы Ереженiң 6-тармағында көзделген құжаттарда толық емес немесе дұрыс емес ақпарат көрсетiлсе;
3) шетелдiк БАҚ материалдары Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күшпен өзгертудi, тұтастығын бұзуды, мемлекеттiк қауiпсiздiгiн әлсiретудi, соғысты, әлеуметтiк, тектiк-таптық, дiни, нәсiлдiк, ұлттық және рулық артықшылықты, қатыгездiктi, зорлыққа табынуды және порнографияны насихаттауды немесе үгiттеудi қамтыса;
4) таратушыға қатысты оған қызметтiң осы түрiмен айналысуға тыйым салатын сот шешiмi болса;
5) шетелдiк БАҚ өнiмiне қатысты оны Қазақстан Республикасының аумағында таратуға тыйым салу туралы сот шешiмi болса.
13. Шетелдiк БАҚ-ты есепке алудан бас тартылған ретте таратушыға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жазбаша түрде дәлелдi жауап берiледi.
14. Таратушы Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңнамасын бұзған жағдайларда, жергілікті атқарушы органның шетелдiк БАҚ-ты есепке алу туралы анықтаманы сот тәртiбiмен тоқтата тұруға не керi қайтарып алуға құқығы бар.
15. Егер жергілікті атқарушы орган осы Ереженiң 7-тармағымен белгiленген мерзiмде Қазақстан Республикасының аумағында таратылатын шетелдiк БАҚ-ты есепке алу туралы өтiнiштi қарамаса немесе таратушыға негiзсiз бас тарту жауап ұсынса, не шетелдiк БАҚ-ты есепке алу туралы анықтаманы заңсыз тоқтата тұрса немесе кері қайтарып алса, онда таратушы бұл іс-әрекеттерге сот тәртібімен шағымдануға құқылы.
4. Жауапкершілік
16. Осы Ережені бұзғаны үшін таратушылар Қазақстан Республикасының заңнамалық кесімдерімен белгіленген жауапкершілікті көтереді.