Қазақстан Республикасының радиожиілiк спектрiн пайдаланудың кейбiр
мәселелерi туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2002 ж. 21 тамыздағы N 932 қаулысы

«Салық және бюджетке төленетiн басқа да міндеттi төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 12 маусымдағы Кодексiне (Салық кодексi) сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметі қаулы етеді:
1. Қоса берiліп отырған:
1) Теледидар және радио хабарларын тарату ұйымдарына радиожиiлiк спектрін пайдалануға рұқсат беру ережесi;
1-1) Радиожиiлiк спектрiн пайдалана отырып, байланыс саласындағы қызметтердi көрсету жөнiндегi кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асырғаны үшiн төленетiн бiр жолғы төлем мөлшерiн белгiлеу ережесi;
2) радиожиiлік спектрiн пайдаланғаны үшiн ақы төлеудің жылдық ставкалары;
3) теледидар және радио хабарларын тарату ұйымдарына радиожиілік спектрін пайдалануға рұқсат бергенi үшiн алынатын алым ставкалары;
4) радиоэлектрондық құралдарды және жоғары жиектi құрылғыларды мемлекеттiк тiркегенi үшiн алынатын алым ставкалары бекiтiлсiн.
2. «Қазақстан Республикасының радиожиілік ресурсын (спектрiн) пайдалану үшін республикалық бюджетке ақы төлеу ережесiн және ставкаларын бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Үкiметiнің 2001 жылғы 15 маусымдағы N 825 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2001 ж., N 23, 235-құжат) күшi жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi және жариялануға тиiс.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі И. Тасмағамбетов

Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2002 жылғы 21 тамыздағы N 932 қаулысымен
бекiтiлген
Теледидар және радио хабарларын тарату ұйымдарына радиожиiлiк
спектрiн пайдалануға рұқсат беру ережесi
1. Осы Ереже теледидар және радио хабарларын тарату ұйымдарына радиожиiлiк спектрiн пайдалануға рұқсаттар (рұқсаттар телнұсқаларын) беру тәртiбiн анықтайды.
2. Теледидар және радио хабарларын тарату ұйымдары радиожиiлiк спектрiн пайдалануға рұқсатты ресiмдеу үшiн байланыс саласындағы уәкiлеттi органның тиiстi аумақтық бөлiмшесiне радиожиiлiктi белгiлеуге арналған өтiнiмдi екi данада ұсынады.
3. Радиожиiліктi белгiлеуге арналған өтiнiмге мынадай құжаттар қоса берiлуi тиiс:
1) заңды тұлғаның мемлекеттiк тiркелуi туралы нотариалды куәландырылған куәлiктiң көшiрмесi;
2) заңды тұлғаның статистикалық карточкасының нотариалды куәландырылған көшiрмесi;
3) теледидар және (немесе) радио хабарларын таратуды ұйымдастыру жөнiндегi қызметке берiлген лицензияның көшiрмесi;
4) антенна бағытталуының нормаланған диаграммалары қоса берiлген белгiленген үлгідегi радиоэлектрондық құралға арналған сауалнама;
5) сұралатын жиiлiк белдеуiнiң негiздемесi келтiрiлетiн, жоспарланған радиоторабының (радиожелiсi) мақсаты мен сипаты, қолдануға жоспарланған радиоэлектрондық құралдардың ерекшелiктерi туралы мәлiметтер нақты жазылған түсiндiрме жазба, байланыс ұйымының схемасы;
6) теледидар (радио хабарларын тарату) станцияларын орнату орны көрсетiлген болжамды қызмет көрсету аумағының жергiлiктi жерi картасының көшiрмесi;
7) бұқаралық ақпарат құралын есепке қою туралы куәлiктiң көшiрмесi;
8) «Ғарыштық байланыс және радиоэлектронды құралдардың электр магниттiк үйлесiмдiлігі республикалық орталығы» акционерлік қоғамы беретiн радиоэлектронды құралдардың азаматтық мақсаттағы қолданыстағы және пайдалану үшiн жоспарланатын радиоэлектронды құралдармен электр магниттiк үйлесiмділігі сараптамасының қорытындысы.

4. Байланыс саласындағы уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшесi радиожиiлiктi белгiлеуге арналған өтiнiмнiң және оған қоса берiлген құжаттардың жинақталуын әрi дұрыс ресiмделуiн тексередi.
Радиожиiлiктi белгілеуге арналған өтiнiмдi қарау мерзiмi оның тiркелген күнiнен бастап 10 күннен аспауы тиiс.
Өтінiм толық жинақталмаса немесе дұрыс ресiмделмесе, ол қажеттi толықтырулар және/немесе түзетулер енгiзу үшiн теледидар немесе радио хабарларын тарату ұйымына қайтарылады.
Радиожиілiктi белгiлеуге арналған өтiнiм қайта берiлген жағдайда оны қарау мерзiмi жаңартылады.
Осы Ереженiң 3-тармағында көрсетiлген радиожиiлiктi белгiлеуге арналған өтiнiмнiң бiр данасы байланыс саласындағы уәкiлеттi органға жiберіледi, екiншi данасы байланыс саласындағы уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшесiнде қалады.
5. Байланыс саласындағы уәкiлетті орган осы Ереженiң 4-тармағының бесiншi абзацында көрсетілген құжаттарды алғаннан кейiн белгiленген тәртiппен жиiлiктер, радиожиіліктер (радиожиілік арналары) белдеулерiн беру рәсiмiн жүргiзедi және Халықаралық электр байланысы одағының Радиобайланыс регламентiне сәйкес радиожиіліктердi халықаралық үйлестіру және радиожиілік спектрін пайдалануға рұқсатты ресiмдеу жөнiндегi іс-шараларды орындайды.
Өтiнiм жасалған радиожиілік (радиожиiлiк арнасы) бос болған жағдайда, сондай-ақ радиожиіліктердi келiсудi және халықаралық үйлестiрудi жүргізуде қажеттiлiк болмаса, байланыс саласындағы уәкiлеттi орган белгіленген үлгiдегi өтінім түскен күннен бастап екі ай мерзiмнен кешіктірмей радиожиілік спектрін пайдалануға арналған тиiстi рұқсатты ресiмдейдi. Өзге жағдайда байланыс саласындағы уәкiлетті орган радиожиіліктерді радиожиiлiк органдарымен келiсу рәсiмiн және Халықаралық электр байланысы одағының Радиобайланыс регламентiне сәйкес радиожиіліктерді шекаралас мемлекеттермен (Қазақстан Республикасының шекара маңындағы аймақтарында) халықаралық үйлестірудi жүргiзедi, бұл ретте өтiнiмдi қарау мерзiмi тиiсiнше отыз күнге және төрт айға дейiн ұзартылуы мүмкін.
Байланыс саласындағы уәкiлеттi орган радиожиіліктердi шекаралас мемлекеттермен халықаралық үйлестiрудi жүргiзу кезiнде өтiнiм иесiне өтiнiштi қарау мерзiмiн ұзарту туралы алдын ала жазбаша нысанда хабарлама бередi. Радиожиілiктердi келiсу және халықаралық үйлестiру нәтижелерi бойынша радиожиілік спектрін пайдалануға тиiстi рұқсат ресімделеді не жазбаша дәлелдi бас тарту берiледi.
6. Радиожиілік спектрiн пайдалануға берiлген рұқсат міндетті түрде мынадай мәлiметтердi қамтуы тиiс:
1) жиілік, радиожиілік (радиожиілiк арнасы) белдеуi және қолданылу түрі;
2) техникалық құралдардың орналасқан жерi, оның iшiнде географиялық координаталарды көрсете отырып, антенна құрылғыларының орналасуы;
3) хабар беруші құралдың нақты қуаты.
7. Радиожиiлiк спектрiн пайдалануға рұқсат теледидар немесе радио хабарларын тарату ұйымына беру үшiн байланыс саласындағы уәкiлеттi органның тиiстi аумақтық бөлiмшесiне жiберiледi. Рұқсатты алғаннан кейiн аумақтық бөлiмше үш күн мерзiм iшiнде өтiнiш берушiге хабарлайды.
8. Теледидар және радио хабарларын тарату ұйымдарына радиожиiлiк спектрiн пайдалануға рұқсат теледидар және радио хабарларын тарату ұйымдарына радиожиiлiк спектрiн пайдалануға рұқсат бергенi үшiн алынатын алымды бюджетке енгізгенiн растайтын құжатты ұсынғаннан кейiн беріледi.
9. Радиожиiлiк спектрiн пайдалануға рұқсат жоғалған, бүлiнген немесе жойылған жағдайда, теледидар немесе радио хабарларын тарату ұйымдары байланыс саласындағы уәкілетті органға және оның тиiстi аумақтық бөлiмшесiне телнұсқасын алуға жазбаша өтiнiш бередi.
«Телнұсқа» деген белгiсi бар радиожиiлiк спектрiн пайдалануға рұқсаттың телнұсқасын төлеушi теледидар және радио хабарларын тарату ұйымдарына радиожиiлiк спектрiн пайдалануға рұқсаттың телнұсқасын бергенi үшiн алынатын алым ставкасына сәйкес теледидар және радио хабарларын тарату ұйымдарына радиожиілiк спектрiн пайдалануға рұқсат бергенi үшiн алынатын алымның бюджетке енгiзiлгенiн растайтын құжаттарды бергеннен кейiн байланыс саласындағы уәкiлеттi орган өтiнiштi алған күннен бастап 15 күннiң iшiнде бередi.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2002 жылғы 21 тамыздағы N 932 қаулысымен
бекiтiлген
Радиожиiлiк спектрiн пайдалана отырып, байланыс
саласындағы қызметтердi көрсету жөнiндегi кәсiпкерлiк қызметтi
жүзеге асырғаны үшiн төленетiн бір жолғы төлем мөлшерiн белгілеу ережесi
1. Радиожиілiк спектрiн пайдалана отырып, байланыс саласындағы қызметтердi көрсету жөнiндегi кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асырғаны үшiн бiр жолғы төлем (бұдан әрi — бiр жолғы төлем) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес байланыс саласындағы уәкілеттi орган өткiзетiн конкурс (аукцион) қорытындылары бойынша анықталады.
2. Радиожиілiк спектрiнiң номиналдары (белдеулерi, диапазондары) (бұдан әрi — радиожиілiк спектрiнiң номиналдары) үшін бастапқы бағаны конкурс (аукцион) өткiзу жөнiндегi комиссия анықтайды, бiрақ Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн радиобайланыстың тиiстi түрiнiң радиожиілiк спектрiн пайдаланғаны үшiн төленетін төлемнiң жылдық ставкасынан кем болмауы керек.
3. Конкурс өткiзiлетiн жағдайда бiр жолғы төлем бастапқы бағаны құрайды.
4. Аукцион өткiзiлген кезде бiр жолғы төлемнiң мөлшерi байланыс саласындағы уәкілеттi орган бөлген, радиожиiлiк спектрiнiң номиналдарына қатысушы ұсынған неғұрлым жоғары баға негiзiнде анықталады.
5. Бiр жолғы төлемдi конкурс (аукцион) жеңiмпазы қорытынды шешiм шығарылғаннан кейiн он күнтiзбелiк күннен кешiктiрмей салық төлеушiнiң тiркеу есебiнiң орны бойынша мемлекеттік бюджетке төлейдi.

Құжаттың толық нұсқасын төменнен қараңыз
Прикрепленные файлы:
некоторых вопросах использования радиочастотного спектра каз.doc