Қазақстан Республикасының Заңы
Азаматтардың денсаулығын сақтау туралы
(2007.11.01. берілген толықтыруларымен)

29-бап. Дәрігерлік құпия
1. Медициналық көмекке жүгіну фактісі, азаматтың денсаулығының жай-күйі, оның ауруының диагнозы туралы ақпарат пен оны тексеру және (немесе) емдеу кезінде алынған өзге де мәліметтер дәрігерлік құпияны құрайды.
2. Осы баптың 3 және 4-тармақтарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, оқыту, кәсіптік, қызметтік және өзге де міндеттерді орындау кезінде дәрігерлік құпияны құрайтын мәліметтер белгілі болған адамдардың оларды жария етуіне жол берілмейді.
3. Пациентті тексеру мен емдеу мүддесіне орай, ғылыми зерттеулер жүргізу, осы мәліметтерді оқыту процесінде және өзге де мақсаттарға пайдалану үшін дәрігерлік құпияны құрайтын мәліметтерді азаматтың немесе оның заңды өкілінің келісімімен басқа азаматтарға беруге рұқсат етіледі.
4. Азаматтың немесе оның заңды өкілінің келісімінсіз дәрігерлік құпияны құрайтын мәліметтерді беруге мынадай жағдайларда:
1) өзінің жай-күйіне байланысты өз еркін білдіруге қабілетсіз азаматты тексеру және емдеу мақсатында;
2) айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулар таралу қатері болған кезде;
3) тергеу немесе сот талқылауын жүргізуге байланысты анықтау және алдын ала тергеу органдарының, прокурордың және (немесе) соттың сұрау салуы бойынша;
4) кәмелетке толмаған немесе әрекетке қабілетсіз адамға медициналық көмек көрсету кезінде оның заңды өкілдерін хабардар ету үшін;
5) азаматтың денсаулығына зақым құқыққа қарсы әрекеттер салдарынан келтірілді деп есептеуге негіздер бар болған кезде жол беріледі.

Прикрепленные файлы:
об охране здоровья граждан_каз.doc