ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ
Жеке кәсіпкерлік туралы
(2008.05.07. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)

Осы Заңға енгізілетін өзгерістерді қара:
2007.12.01. № 224-III ҚР Заңы (Осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап үш жыл алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі)

1-тарау. Жалпы ережелер
(1-5-баптар)

2-тарау. Жеке кәсіпкерлік субъектілері және олардың жұмыс iстеу жағдайлары
(6-13-баптар)

3-тарау. Мемлекеттік органдардың жеке кәсіпкерлікті дамыту мен қолдау саласындағы құзыретi
(14-17-баптар)

4-тарау. Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау
(18-23-баптар)

5-тарау. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктерінқұру және олардың нормативтік құқықтық актілерге сараптама жасауға қатысуы
(24-26-баптар)

6-тарау. Жеке кәсіпкерлік субъектілерін тіркеу және тарату
(27-28-баптар)

7-тарау. Мемлекеттік әкімшілік ету
(29-36-баптар)

8-тарау. Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік бақылау
(37-41-баптар)

9-тарау. Мемлекеттік бақылауды, лицензиялауды жәнеаккредиттеуді жүзеге асыру кезінде мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың жауаптылығы
(42-44-баптар)

10-тарау. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің жауаптылығы
(45-49-баптар)

11-тарау. Қорытынды ережелер
(50-51-баптар)

Түпнұсқада мазмұны жоқ

Осы Заң жеке және мемлекеттік емес заңды тұлғалардың жеке кәсіпкерлікті жүзеге асыруына байланысты туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді, Қазақстан Республикасындағы жеке кәсіпкерліктің еркіндігін қамтамасыз ететін негізгі құқықтық, экономикалық және әлеуметтік жағдайлар мен кепілдіктерді айқындайды.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) бизнес-инкубатор — шағын кәсіпкерлік субъектілерінің қалыптасуы кезеңінде өндірістік үй-жайлар, жабдық беру, ұйымдық, құқықтық, қаржылық, консалтингілік және ақпараттық қызметтер көрсету жолымен оларды қолдау үшін құрылатын заңды тұлға;
2) дара кәсіпкерлік — жеке тұлғалардың кіріс алуға бағытталған, жеке тұлғалардың өздерінің меншігіне негізделген және жеке тұлғалардың атынан олардың тәуекелімен және мүліктік жауапкершілігімен жүзеге асырылатын бастамашылық қызметі;
3) жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау — Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік бастаманы іске асыру үшін жеке кәсіпкерлікті дамытуды ынталандыру, қолайлы құқықтық, экономикалық және әлеуметтік жағдайлар жасау жөніндегі мемлекеттік шаралар кешені;
4) жеке кәсіпкерлік субъектілері — кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке және мемлекеттік емес заңды тұлғалар;
5) жеке кәсіпкерлік — жеке кәсіпкерлік субъектілерінің кіріс алуға бағытталған, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің өздерінің меншігіне негізделген және жеке кәсіпкерлік субъектілерінің атынан олардың тәуекелімен және мүліктік жауапкершілігімен жүзеге асырылатын бастамашылық қызметі;
6) индустриялық аймақ — коммуникациялармен қамтамасыз етілген, мемлекет жеке кәсіпкерлік субъектілеріне өнеркәсіп объектілерін орналастыру және пайдалану үшін Қазақстан Республикасының Жер кодексінде және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген тәртіппен беретін ауыл шаруашылығы мақсатындағы емес жер;
7) жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктерін аккредиттеу — кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сарапшылық кеңестерде жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін білдіруге белгіленген өлшемдерге жеке кәсіпкерлік субъектілері бірлестіктерінің сәйкестігін тиісті мемлекеттік органдардың тануы;
8) жеке кәсіпкерліктің инфрақұрылымы — өз ісін ұйымдастыруға жәрдемдесуді, құқық, маркетинг, инжиниринг және менеджмент саласындағы ақпаратпен қамтамасыз етуді, коммерциялық негізде материалдық-техникалық, қаржылық және басқа да ресурстармен қамтамасыз етуде қолдауды қоса алғанда, жеке кәсіпкерліктің жұмыс істеуі мен дамуының жалпы шарттарын қамтамасыз ететін, құрылатын немесе жұмыс істеп тұрған ұйымдар кешені;
9) келушілер мен тексерулерді есепке алу кітабы — мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының тексеру (бақылау) жүргізу фактісі туралы лауазымын, тегін және тексеру нысанасын көрсете отырып, міндетті түрде белгі қою үшін кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган белгілеген үлгідегі журнал;
10) коммерциялық құпия — жеке кәсіпкерлік субъектісі айқындайтын және қорғайтын, заңды негізде еркін қол жеткізуге адамдардың шектеулі тобы ие болатын, жариялануы, алынуы, пайдаланылуы оның мүдделеріне залал келтіруі мүмкін ақпарат;
11) жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестігі — жеке кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын, заңды мүдделерін қорғау үшін құрылатын коммерциялық емес ұйымның дербес ұйымдық-құқықтық нысаны;
12) кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі — уәкілетті орган) — жеке кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың жеке кәсіпкерлікті дамыту және қолдау жөніндегі жұмысын үйлестіру бойынша мемлекеттік саясатты жүргізуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
13) кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сарапшылық кеңес (бұдан әрі — сарапшылық кеңес) — жеке кәсіпкерлік мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілер жобаларына жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктерінен және мүдделі коммерциялық емес ұйымдардан сараптамалық қорытындылар алу жөніндегі жұмысты ұйымдастыру үшін орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар жанынан құрылатын консультативтік-кеңесші орган;
14) мемлекеттік бақылау — жеке кәсіпкерлік субъектілерінің Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауын мемлекеттік органдардың өздерінің құзыреті шегінде бақылауы жөніндегі қызметі;
15) шағын кәсіпкерлікті қолдау орталықтары — оқытуды, ақпараттық қамтамасыз етуді, консультациялық және маркетингтік қызметтер көрсетуді, шағын кәсіпкерлік субъектілерінің жобаларына құқықтық, экономикалық және технологиялық сараптама жасауды жүзеге асыратын заңды тұлғалар.

2-бап. Қазақстан Республикасының жеке кәсіпкерлік
туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының жеке кәсіпкерлік туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және Азаматтық кодекстен, осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгендерден өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
3. Жеке кәсіпкерліктің жекелеген түрлерін жүзеге асыру ерекшеліктері Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгіленеді.

3-бап. Жеке кәсіпкерлікті құқықтық реттеу шектерi
1. Жеке кәсіпкерлік Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгіленген негіздер бойынша ғана шектелуі мүмкін.
2. Жеке кәсіпкерлікті шектеу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекеттің айрықша құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша ғана орын алуы мүмкін.
3. Мемлекеттік органдардың жекелеген жеке кәсіпкерлік субъектілерінің артықшылық жағдайын белгілейтін нормативтік құқықтық актілер қабылдауына тыйым салынады.

4-бап. Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеудің негізгi
мақсаты мен принциптерi
1. Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеудің негізгі мақсаты жеке кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау және жеке кәсіпкерлікке әкімшілік етуді енгізу жолымен мемлекеттің мүдделері мен тұтынушылардың құқықтарын қорғау болып табылады.
2. Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеудің негізгі принциптері:
жеке кәсіпкерлік еркіндігінің кепілдігі және оны қорғау мен қолдауды қамтамасыз ету;
кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға барлық жеке кәсіпкерлік субъектілерінің теңдігі;
жеке меншікке (жеке кәсіпкерлік субъектілерінің меншігіне) қол сұғылмауы мен оны қорғаудың кепілдігі;
Қазақстан Республикасында шағын кәсіпкерлікті дамытудың басымдығы;
жеке кәсіпкерліктің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің жобаларына сараптама жасауға жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қатысуы болып табылады.

2006.01.07. бастап қолданысқа енгізіледі
5-бап. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін
қозғайтын нормативтік құқықтық актілердi
әзірлеудің және қабылдаудың ерекшеліктерi
1. Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің жобаларын сарапшылық кеңестер арқылы жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктеріне сараптамалық қорытынды алу үшін жібереді.
2. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актінің жобасына түсіндірме жазба нормативтік құқықтық актіні қолданысқа енгізуге байланысты жеке кәсіпкерлік субъектілері шығындарының азаюын және (немесе) көбеюін растайтын есептеу нәтижелерін міндетті түрде қамтуға тиіс.
3. Сараптамалық қорытындыларды мемлекеттік органдар белгілеген мерзімде мыналар:
республикалық деңгейде — жеке кәсіпкерлік субъектілері бірлестіктерінің одағы (қауымдастығы), шағын кәсіпкерлік жөніндегі республикалық бірлестік, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің республикалық салалық бірлестіктері;
облыстық деңгейде — жеке кәсіпкерлік субъектілерінің облыстық бірлестіктері, шағын кәсіпкерлік жөніндегі облыстық бірлестік;
қалалық, аудандық деңгейлерде — шағын кәсіпкерлік жөніндегі қалалық, аудандық бірлестіктер табыс етеді.
4. Сараптамалық қорытындылар жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктері мүшелерінің жинақталған пікірін білдіреді, ұсынымдық сипатта болады және оларды мемлекеттік орган қабылдағанға дейін нормативтік құқықтық актінің жобасына міндетті қосымшасы болып табылады.
5. Мемлекеттік орган сараптамалық қорытындымен келіскен кезде нормативтік құқықтық актінің жобасына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізеді.
Мемлекеттік орган сараптамалық қорытындымен келіспеген жағдайда жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестігіне сараптамалық қорытындымен келіспеу себептерінің негіздемесі бар жауап жібереді.
6. Жеке кәсіпкерліктің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актіні қолданысқа енгізу мерзімі жеке кәсіпкерлік субъектісіне қызметті Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленетін талаптарға байланысты жүзеге асыруға дайындалу үшін қажетті мерзімдер негізге алына отырып, белгіленуге тиіс.
Нормативтік құқықтық актілердің қолданысқа енгізілу тәртібі мен мерзімдері жеке кәсіпкерлік субъектілеріне залал келтірмеуге тиіс.
7. Осы бапта көзделген рәсімдер жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілерді қабылдаудың міндетті шарты болып табылады.
8. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің жобалары оларды тиісті органда немесе сарапшылық кеңестің отырысында қарағанға дейін бұқаралық ақпарат құралдарында, WEB-сайттарды қоса алғанда, жалпыға бірдей қолжетімді телекоммуникация желілерінде міндетті түрде жариялануға (таратылуға) тиіс.

2-тарау.
ЖЕКЕ КӘСІПКЕРЛІК СУБЪЕКТІЛЕРІ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ЖҰМЫС
IСТЕУ ЖАҒДАЙЛАРЫ

6-бап. Жеке кәсіпкерлік субъектілерi
1. Жеке кәсіпкерлік субъектісі болып табылатын заңды тұлға Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген ұйымдық-құқықтық нысанда ғана құрыла алады.
2. Жеке кәсіпкерлік субъектілері:
шағын кәсіпкерлік субъектілеріне;
орта кәсіпкерлік субъектілеріне;
ірі кәсіпкерлік субъектілеріне жатқызылуы мүмкін.
3. Заңды тұлға құрмаған, жұмыскерлерінің жылдық орташа саны елу адамнан аспайтын дара кәсіпкерлер және кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын, жұмыскерлерінің жылдық орташа саны елу адамнан аспайтын және жыл бойғы активтерінің орташа жылдық құны тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген алпыс мың еселенген айлық есептік көрсеткіштен аспайтын заңды тұлғалар шағын кәсіпкерлік субъектілері болып табылады.
4. Мыналарды:
есірткі заттарының, психотроптық заттардың және прекурсорлардың айналымымен байланысты қызметті;
акцизделетін өнімді өндіруді және (немесе) көтерме сатуды;
астық қабылдау пункттерінде астық сақтау жөніндегі қызметті;
лотереялар өткізуді;
ойын және шоу-бизнес саласындағы қызметті;
сертификаттау, метрология және сапаны басқару саласындағы қызметті;
мұнай, мұнай өнімдерін, газ, электр және жылу энергиясын өндіру, қайта өңдеу және сату жөніндегі қызметті;
радиоактивті материалдардың айналымымен байланысты қызметті;
банк қызметін (не банк операцияларының жекелеген түрлерін) және сақтандыру нарығындағы қызметті (сақтандыру агентінің қызметінен басқа);
аудиторлық қызметті;
бағалы қағаздар нарығындағы кәсіби қызметті жүзеге асыратын дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар шағын кәсіпкерлік субъектілері болып таныла алмайды.
5. Шағын кәсіпкерлік субъектілері жұмыскерлерінің жылдық орташа саны осы субъектінің филиалдарының, өкілдіктері мен басқа да оқшау бөлімшелерінің жұмыскерлерін қоса алғанда, барлық жұмыскерлері ескеріле отырып, айқындалады.
6. Осы баптың 3-тармағында белгіленген шарттардың бірі артық болып кеткен жағдайда, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне Қазақстан Республикасының заңнамасында шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін көзделген жеңілдіктер қолданылмайды.
7. Заңды тұлға құрмаған, жұмыскерлерінің жылдық орташа саны елу адамнан астам дара кәсіпкерлер және жеке кәсіпкерлікті жүзеге асыратын, жұмыскерлерінің жылдық орташа саны елуден астам, бірақ екі жүз елу адамнан аспайтын және жыл бойғы активтердің орташа жылдық құны тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген үш жүз жиырма бес мың еселенген айлық есептік көрсеткіштен аспайтын заңды тұлғалар орта кәсіпкерлік субъектілері болып табылады.
8. Жеке кәсіпкерлікті жүзеге асыратын, жұмыскерлерінің жылдық орташа саны екі жүз елу адамнан артық немесе жыл бойғы активтердің жалпы құны тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген үш жүз жиырма бес мың еселенген айлық есептік көрсеткіштен асатын заңды тұлғалар ірі кәсіпкерлік субъектілері болып табылады.

7-бап. Дара кәсіпкерлік
1. Дара кәсіпкерлік өзіндік немесе бірлескен кәсіпкерлік түрінде жүзеге асырылады.
2. Өзіндік кәсіпкерлікті бір жеке тұлға өзіне меншік құқығымен тиесілі мүлік негізінде, сондай-ақ мүлікті пайдалануға және (немесе) оған билік етуге жол беретін өзге де құқыққа орай дербес жүзеге асырады.
Некеде тұратын жеке тұлға жұбайын кәсіпкер ретінде көрсетпей өзіндік кәсіпкерлікті жүзеге асырған кезде ол жұбайдың кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға келісімі талап етілмейді.
Жеке тұлға өзіндік кәсіпкерлікті жүзеге асыру үшін ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін пайдаланған жағдайларда, егер заңдарда немесе неке шартында не ерлі-зайыптылардың арасындағы өзге келісімде өзгеше көзделмесе, мұндай пайдалануға жұбайының келісімі қажет.
3. Бірлескен кәсіпкерлікті жеке тұлғалар (дара кәсіпкерлер) тобы өздеріне ортақ меншік құқығымен тиесілі мүлік негізінде, сондай-ақ мүлікті бірлесіп пайдалануға және (немесе) оған билік етуге жол беретін өзге де құқыққа орай жүзеге асырады.
Бірлескен кәсіпкерлік кезінде жеке кәсіпкерлікпен байланысты барлық мәмілелер бірлескен кәсіпкерліктің барлық қатысушыларының атынан жасалады, ал құқықтар мен міндеттер олардың атынан алынады және жүзеге асырылады.
4. Бірлескен кәсіпкерліктің нысандары:
1) ерлі-зайыптылардың ортақ бірлескен меншігі негізінде жүзеге асырылатын ерлі-зайыптылардың кәсіпкерлігі;
2) шаруа (фермер) қожалығының ортақ бірлескен меншігі немесе жекешелендірілген тұрғын үйге ортақ бірлескен меншік негізінде жүзеге асырылатын отбасылық кәсіпкерлік;
3) жеке кәсіпкерлік ортақ үлестік меншік негізінде жүзеге асырылатын жай серіктестік болып табылады.
5. Ерлі-зайыптылардың кәсіпкерлігін жүзеге асырған кезде жұбайлардың бірі екінші жұбайдың келісімімен іскерлік айналымда ерлі-зайыптылардың атынан әрекет етеді, келісім дара кәсіпкерді тіркеу кезінде расталуы немесе дара кәсіпкердің қызметі мемлекеттік тіркеусіз жүзеге асырылған жағдайларда жазбаша түрде көрсетіліп, нотариалдық жолмен куәландырылуы мүмкін.
Ерлі-зайыптылардың біреуінің іскерлік айналымда ерлі-зайыптылар атынан әрекет етуіне екіншісінің келісімі болмаған кезде іскерлік айналымда әрекет ететін жұбай дара кәсіпкерлікті өзіндік кәсіпкерлік түрінде жүзеге асыратындығы көзделеді.
6. Жай серіктестік нысанын пайдаланатын дара кәсіпкерлік Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
7. Дара кәсіпкерлер өз міндеттемелері бойынша, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өндіріп алынбайтын мүлікті қоспағанда, өздерінің барлық мүлкімен жауапты болады.
8. Жеке тұлға өзіндік кәсіпкерлікті жүзеге асырған кезде өзіне меншік құқығымен тиесілі барлық мүлкімен, соның ішінде ерлі-зайыптылардың ортақ меншігіндегі үлесімен жауапты болады.
Жеке тұлға жеке кәсіпкерлікті жүзеге асыру үшін ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін пайдаланған жағдайларда, оның борыштары бойынша өндіріп алу ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкіне де қолданыла алады.
Жұбайлардың жеке кәсіпкер болып табылмайтын әрқайсысының мүлкі өзіндік кәсіпкерлікті жүзеге асыратын жұбайының біреуінің борыштары бойынша өндіріп алуды қолдану нысанасы бола алмайды.
9. Ерлі-зайыптылар кәсіпкерлігін жүзеге асырған кезде ерлі-зайыптылардың кәсіпкерлікті жүзеге асыруға байланысты борыштары бойынша өндіріп алу олардың қайсының іскерлік айналымда әрекет ететініне қарамастан, ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкіне қолданыла алады.
10. Дара кәсіпкер өз қызметін жүзеге асыру кезінде іскерлік құжаттаманың дербес бланкілерін, мөрді, мөртабандарды пайдалануға құқылы.

8-бап. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен
міндеттерi
1. Жеке кәсіпкерлік субъектілері:
1) егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, жеке кәсіпкерліктің кез келген түрін жүзеге асыруға;
2) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жалдамалы еңбекті пайдалана отырып, жеке кәсіпкерлікті жүзеге асыруға;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен филиалдар мен өкілдіктер құруға;
4) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, өндірілген тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) бағасын дербес белгілеуге;
5) жеке кәсіпкерлік субъектілеріне өтеулі негізде қаражат (қарыз) беруге;
6) өзінің құқықтық қабілеті шегінде сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асыруға;
7) жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктерін құруға;
8) жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктері арқылы сарапшылық кеңестердің жұмысына қатысуға;
9) бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыратын құқық қорғау органдарына және мемлекеттік органдарға жеке кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын бұзуға кінәлі тұлғаларды жауапқа тарту мәселелері бойынша жүгінуге;
10) өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін сот органдарына жүгінуге;
11) жеке кәсіпкерлікті қолдау және қорғау мәселелері жөніндегі нормативтік құқықтық актілердің орындалмауына немесе тиісінше орындалмауына септігін тигізетін себептер мен жағдайларды жою туралы ұсыныстарды мемлекеттік органдардың қарауына енгізуге құқылы.
2. Жеке кәсіпкерлік субъектілері:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасын, жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін сақтауға;
2) өндірілетін өнімнің (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкестігін қамтамасыз етуге;
3) Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңына сәйкес лицензиялануға жататын жеке кәсіпкерлік түрлерін жүзеге асыруға лицензиялар алуға;
4) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес азаматтық-құқықтық жауапкершілікті міндетті сақтандыруды жүзеге асыруға міндетті.

9-бап. Жосықсыз бәсекені жүзеге асыруға жол бермеу
Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген еркін бәсекелестікке басқа жеке кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын бұзу жолымен бәсекелестікті шектеуге немесе жоюға бағытталған іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) тыйым салынады.

10-бап. Ішкі нарықты қорғау
Ішкі нарықты қорғау Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тарифтік және тарифтік емес реттеу шараларымен жүзеге асырылады.

11-бап. Жеке кәсіпкерлік субъектісі туралы ақпаратты
қорғау
1. Коммерциялық құпияны қорғау коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты заңсыз алуға, таратуға не пайдалануға тыйым салудан тұрады.
2. Жеке кәсіпкерлік субъектісі коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратқа еркін қол жеткізу құқығы бар адамдар тобын айқындайды және оның құпиялылығын қорғауға шаралар қолданады.
3. Ақпаратты қолжетімділік санатына жатқызу тәртібін, коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты сақтау және пайдалану шарттарын жеке кәсіпкерлік субъектісі айқындайды.
4. Коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты заңсыз әдістермен алған, жария еткен немесе пайдаланған адамдар келтірілген залалды Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес өтеуге міндетті.
5. Жеке кәсіпкерлік субъектісі немесе ол уәкілеттік берген адам өз қызметкерлерінен коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты жария етпеу туралы қол қоюын талап етуге, ал оны тексеруді жүзеге асыратын адамдарға Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапкершілік туралы ескертуге құқылы.
6. Міндетті түрде жариялануға не акционерлердің, шаруашылық серіктестік қатысушыларының немесе өзге де белгілі бір адамдар тобының назарына міндетті түрде жеткізуге жататын ақпараттың тізбесі Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жеке кәсіпкерлік субъектісінің құрылтай құжаттарымен белгіленеді.
7. Жеке кәсіпкерлік субъектісі тіркеу, бақылау функцияларын орындау кезінде және басқа да іс-әрекеттер жасау кезінде мемлекеттік органдарға және лауазымды адамдарға Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген, оларға жүктелген функцияларды іске асыру үшін қажетті ақпараттан басқа, коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты бермеуге құқылы.
8. Мемлекеттік орган өзіне жүктелген функцияларды іске асыру барысында алған жеке кәсіпкерлік субъектісі туралы кез келген ақпарат, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес ақпаратты басқа мемлекеттік органға беру жағдайларын қоспағанда, жария етілуге және таратылуға жатпайды.
9. Құқық қорғау органдары прокурор санкциясы, тергеу органдарының қылмыстық іс қозғау туралы қаулысы негізінде не сот қаулысының негізінде жеке кәсіпкерлік субъектісінен де, мұндай ақпаратқа ие мемлекеттік органдардан да қажетті ақпаратты, соның ішінде коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты сұратуға және алуға құқылы.
10. Заңды күшіне енген сот шешімі бар ақпаратты қоспағанда, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпаратты жеке кәсіпкерлік субъектісінің келісімінсіз жария етуге болмайды.
11. Жеке кәсіпкерліктің нақты субъектісінің қызметі туралы мәліметті ашпайтын, жинақталған ақпарат жалпыға қолжетімді болып табылады.

12-бап. Статистикалық есептілік
Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің статистикалық есептілігі Қазақстан Республикасының мемлекеттік статистика саласындағы нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес беріледі.
Мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының мемлекеттік статистика саласындағы нормативтік құқықтық актілерінде көзделмеген мәліметтерді талап етуге құқылы емес.

13-бап. Шағын кәсіпкерлік субъектілерінің бухгалтерлік
есепке алуды жүргізу мен қаржылық есептілік
жасау тәртібi
1. Осы Заңның 27-бабына сәйкес міндетті мемлекеттік тіркеуге жатпайтын дара кәсіпкерлерді қоспағанда, шағын кәсіпкерлік субъектілерінің бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есептілік жасауы Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есептілік туралы заңнамасында айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.
2. Шағын кәсіпкерлік субъектілері Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есептілік туралы заңнамасы бойынша бухгалтерлік есепке алуды жүргізу мен қаржылық есептілік жасаудың оңайлатылған нысанын қолдануға құқылы.

3-тарау.
МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРДЫҢ ЖЕКЕ КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ
МЕН ҚОЛДАУ САЛАСЫНДАҒЫ ҚҰЗЫРЕТI

14-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыретi
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) жеке кәсіпкерлікті қолдау мен дамыту саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді;
2) жеке кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік жүйесін қалыптастырады;
3) Үкімет жанынан жеке кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі консультативтік-кеңесші органдар құрады және таратады;
4) орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар әзірлейтін, жеке кәсіпкерліктің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің жобаларын сарапшылық кеңестердің қарауын ұйымдастырады;
5) мемлекеттік мұқтаждар үшін шағын кәсіпкерлік субъектілерінен сатып алынатын тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) номенклатурасын және олардың көлемін (проценттік көріністегі) бекітеді;
6) шағын кәсіпкерліктің дамуын ынталандырады, мемлекет тарапынан шағын кәсіпкерлік субъектілеріне қаржылық қолдау көрсету үшін арнайы қор құрады;
7) өнеркәсіп өндірісін ұйымдастыру және халыққа қызметтер көрсету саласын дамыту үшін жалға немесе сенімгерлік басқаруға берілген объектілерді шағын кәсіпкерлік субъектілерінің меншігіне өтеусіз беру тәртібін айқындайды;
8) бәсекеге қабілетті салаларды құру мен жетілдіруді, жеке кәсіпкерлік субъектілерін дамытуды және олар шығаратын өнімнің сапасын арттыруды ынталандыратын мемлекеттік саясатты айқындайды және іске асырады;
9) бәсекелестіктің дамуына және инновацияларға, материалдық активтерге, сондай-ақ ұзақ мерзімді инвестицияларға инвестициялар салуды ынталандыруға септігін тигізетін нормативтік құқықтық актілер әзірлейді;
10) экономиканың жекелеген секторларында кластерлер құруды ынталандырады;
11) жеке кәсіпкерлік субъектілерінің дамуы үшін кедергілерді жою мақсатында экономика салаларының жұмыс істеуіне талдау жүргізеді;
2006.07.07. № 178-III ҚР Заңымен 12) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
12) Қазақстан Республикасының экономикасына инвестицияларды ұлғайту және инновациялар ендіруді жеделдету мақсатында ұлттық даму институттарын құрады;
13) жекелеген салаларда жеке кәсіпкерлік субъектілері арасындағы бәсекелестікті дамыту үшін жағдайлар жасай отырып, осы салаларды тарифтік және тарифтік емес әдістермен уақытша қорғауды жүзеге асырады;
14) ұлттық экспорттаушыларға қатысты басқа елдер орнатқан кедергілерді жоюға шаралар қабылдайды;
15) жеке кәсіпкерлік субъектілерін келісімді бірлескен экспорттық саясатты жүргізуге ынталандырады;
16) жеке кәсіпкерлік субъектілеріне ішкі және сыртқы нарықтардың жай-күйі туралы экономикалық ақпарат беруді ұйымдастырады;
17) сапа менеджментінің жүйесін ендіруді ынталандыру жолымен ұлттық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жағдайлар жасайды;
18) ұлттық экспорттаушылардың басқа елдердің аумағындағы мүдделерін қолдау жолымен сыртқы сұранысқа жағдай жасайды;
19) жеке кәсіпкерлік субъектілердің персоналын көтермелейді, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің және жұмыс берушілердің бірлестіктерімен өзара әрекет етеді;
20) бәсекеге қабілетті салалар құру мақсатында жекелеген салаларды қолдау бағдарламаларын бекітеді;
21) саланың немесе кластерлердің проблемаларын шешу үшін ғылыми-зерттеу ұйымдарын құрады, іргелі және қолданбалы ғылыми-зерттеулерді қаржыландырады;
22) республиканың экономикасы үшін білікті кадрлар даярлау жөнінде мемлекеттік бағдарламалар әзірлейді;
23) халықтың әлеуметтік қорғалмаған жігін жеке кәсіпкерлікке тарту жөнінде шаралар әзірлейді.

15-бап. Уәкілетті органның құзыретi
Уәкілетті орган:
1) жеке кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың мемлекеттік саясатын жүргізуді жүзеге асырады;
2) жеке кәсіпкерлікті дамытудың бағдарламаларын әзірлеп, іске асырады;
3) шағын кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың мемлекеттік шараларының орындалуын ұйымдастырады және үйлестіреді;
4) жеке кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыру және оларға кредит беру жөніндегі шараларды жетілдіру туралы ұсыныстар әзірлейді;
5) кәсіпкерлік ортаға, инвестициялық ахуалға және жеке кәсіпкерлікті дамытудың инфрақұрылымына талдау жүргізеді;
6) жеке кәсіпкерлік қызмет саласында зерттеулер жүргізуді ұйымдастырады;
7) жеке кәсіпкерлікті қолдауды және дамытуды қамтамасыз ететін нормативтік құқықтық актілерді әзірлеп, Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсынады;
8) республика өңірлерінде шағын кәсіпкерлік инфрақұрылымын қалыптастыру мен дамытуға септігін тигізеді;
9) шағын кәсіпкерлік саласында кадрлар даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру жүйесін қалыптастыру жөнінде ұсыныстар әзірлейді;
10) Қазақстан Республикасының жеке кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын қорғауға бағытталған заңнамасының сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
11) жеке кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарды ведомствоаралық үйлестіруді жүзеге асырады;
12) орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың жанындағы сарапшылық кеңестердің қызметін үйлестіреді;
13) шағын кәсіпкерліктің инновациялық, инвестициялық және индустриялық дамудың мемлекеттік бағдарламаларын іске асыруға қатысуы үшін жағдайлар жасайды;
14) инвесторлар, грант беруші халықаралық ұйымдар үшін жеке кәсіпкерлікті қолдау және дамыту мәселелерінде жағдайлар жасайды;
15) жеке кәсіпкерлік субъектілеріне әдіснамалық көмек ұйымдастырады;
16) жеке кәсіпкерлік субъектілерінің тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) халықаралық нарықтарына шығуы үшін жағдайлар жасайды;
17) жеке кәсіпкерлікті дамыту саласында халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
18) жеке кәсіпкерлікті дамыту мен қолдау жөніндегі мемлекеттік саясатты насихаттайды;
19) мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдары жол беретін жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қызметін регламенттейтін Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтар туралы Қазақстан Республикасының Президенті мен Yкіметін хабардар етеді.

16-бап. Жергілікті өкілетті органдардың құзыретi
Қазақстан Республикасының жергілікті өкілетті органдары:
1) шағын кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың өңірлік бағдарламаларын бекітеді;
2) жергілікті атқарушы органдар басшыларының Қазақстан Республикасындағы шағын кәсіпкерлікті қолдау мен дамыту мәселелері бойынша есептерін қарайды.

17-бап. Жергілікті атқарушы органдардың құзыретi
Қазақстан Республикасының жергілікті атқарушы органдары:
1) жеке кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың мемлекеттік саясатының іске асырылуын жүзеге асырады;
2) жеке кәсіпкерлікті дамыту үшін жағдайлар жасайды;
3) өңірлерде мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуы мен орындалуын қамтамасыз етеді және ол үшін жауапты болады;
4) шағын кәсіпкерлікті қолдаудың өңірлік бағдарламаларын әзірлеп, іске асырады;
5) өңірде шағын кәсіпкерлікті және инновациялық қызметті қолдау инфрақұрылымының объектілерін құру мен дамытуды қамтамасыз етеді;
6) жергілікті атқарушы органдардың жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктерімен және нарықтық инфрақұрылым объектілерімен өзара қарым-қатынастарын дамыту стратегиясын айқындайды;
7) сарапшылық кеңестердің қызметін ұйымдастырады;
8) шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін мамандар мен персоналды оқытуды, даярлауды, қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды ұйымдастырады.

4-тарау.
ЖЕКЕ КӘСІПКЕРЛІКТІ МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ

18-бап. Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың негізгi
бағыттары
1. Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау мынадай негізгі бағыттар бойынша жүзеге асырылады:
жеке кәсіпкерлікті реттеу мәселелері жөніндегі заңнаманы жетілдіру;
жеке кәсіпкерлікті қолдау орталықтарын, бизнес-инкубаторларды, технологиялық парктерді, индустриялық аймақтарды және жеке кәсіпкерлік инфрақұрылымының басқа да объектілерін құру және дамыту;
бюджет қаражаты есебінен жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қызметін оқу-әдіснамалық, ғылыми-әдістемелік және ақпараттық қамтамасыз ету.
2. Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау және дамыту:
мемлекеттік органдардың жанынан жеке кәсіпкерлік проблемаларын зерделеу және оны дамыту ұсыныстарын әзірлеу жөніндегі ғылыми-зерттеу институттарын құру;
орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың жанындағы сарапшылық кеңестердің қызметін ұйымдастыру;
жеке кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың қаржы институттарын құру;
бизнес-инкубаторлардың және индустриялық аймақтардың қызметін ұйымдастыру;
жер учаскелерін, ғимараттарды, үй-жайларды сату не тұрғын үй-жайларды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тұрғын емес үй-жайға ауыстыру жолымен жүзеге асырылады.
2006.07.07. № 178-III ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
3. Шағын кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау мыналарды:
шағын кәсіпкерлік субъектілерінің мемлекеттік қаржылық, статистикалық, материалдық-техникалық және ақпараттық ресурстарды, сондай-ақ ғылыми-техникалық әзірлемелер мен технологияларды пайдалануы үшін жағдайлар жасауды;
шағын кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік, салалық (секторальдық) және өңірлік бағдарламаларын әзірлеуді;
шағын кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік тіркеудің және таратудың оңайлатылған тәртібін белгілеуді;
оңтайлы салық салу режимін белгілеуді;
шағын кәсіпкерлікке кредит берудің бағдарламаларын қабылдауды;
шағын кәсіпкерлікті қолдау мен дамыту үшін инвестицияларды, оның ішінде шетелдік инвестицияларды тарту мен пайдалану жүйесін жасауды;
мемлекеттік мұқтаждар үшін тауарларды (жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді) сатып алудың кепілдендірілген көлемін қамтамасыз етуді;
жұмыс істеп тұрған оқу және зерттеу орталықтарын, консалтингтік ұйымдар мен шағын кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың ақпараттық жүйелерін дамыту және жаңаларын құру жолымен кадрлар даярлауды, қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды ұйымдастыруды;
ұлттық даму институттарын құруды қоса алғанда, осы баптың 1-тармағында көрсетілген бағыттар бойынша жүзеге асырылады.
4. 2006.07.07. № 178-III ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
5. Индустриялық аймақтар жеке кәсіпкерлікті дамыту үшін экономикалық және ұйымдық жағдайларды қамтамасыз ету мақсатында құрылады.
Индустриялық аймақтардың міндеттері:
1) өнеркәсіп саласындағы жеке кәсіпкерлікті жедел дамытуға жәрдемдесу;
2) жаңа өндірістер инфрақұрылымын құруға және дамытуға арналған шығындарды оңтайландыру;
3) өндіріс тиімділігін арттыру;
4) халықтың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету болып табылады.
6. Мемлекеттік органдар жеке кәсіпкерлік субъектілеріне жер учаскелерін, ғимараттарды, үй-жайларды сатады, не жер учаскесінің нысаналы мақсатын Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес өзгертеді, не Қазақстан Республикасының тұрғын үй қатынастары туралы заңнамасына сәйкес сатып алу-сату шартына не рұқсатқа қажетті инфрақұрылымға қосудың техникалық шарттарын міндетті түрде қоса отырып, тұрғын үйді тұрғын емес үй-жай етіп қайта жабдықтауға рұқсат береді. Жеке кәсіпкерлік субъектілерін одан әрі инфрақұрылымға қосу сатып алу-сату шартына не рұқсатқа сәйкес жүзеге асырылады.

19-бап. Шағын кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау мен
дамыту
1. Шағын кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың негізгі принциптері:
Қазақстан Республикасында шағын кәсіпкерлікті дамытудың басымдығы;
шағын кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың кешенділігі;
шағын кәсіпкерлікті қолдау инфрақұрылымының және жүзеге асырылатын шаралардың шағын кәсіпкерліктің барлық субъектілері үшін қолжетімділігі;
шағын кәсіпкерлікті қолдау мен дамыту саласындағы халықаралық ынтымақтастық болып табылады.
2. Шағын кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау мен дамыту:
1) қаржылық қолдау көрсету;
2) шағын кәсіпкерлікті қолдау орталықтарының желісін ұйымдастыру;
3) бизнес-инкубаторлардың қызметін ұйымдастыру;
4) бір жылдан астам пайдаланылмаған мемлекеттік меншік объектілерін шағын кәсіпкерлік субъектілеріне сенімгерлікпен басқаруға немесе жалға беру;
5) өнеркәсіп өндірісін ұйымдастыру және халыққа қызмет көрсету саласын дамыту үшін жалға немесе сенімгерлікпен басқаруға берілген объектілерді шағын кәсіпкерлік субъектілерінің меншігіне Қазақстан Республикасының Yкіметі белгілеген тәртіппен көзделген шарттарды олар орындаған жағдайда шарт жасасқан кезден бастап бір жыл өткен соң өтеусіз беру жолымен жүзеге асырылады.
Осы шарттар сауда-делдалдық қызметті жүзеге асыратын шағын кәсіпкерлік субъектілеріне қолданылмайды.
3. Шағын кәсіпкерлік субъектілерін қаржылық қолдау:
1) мемлекеттік мұқтаждар үшін тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) кепілдендірілген көлемін сатып алу.
Шағын кәсіпкерлік субъектілерінен сатып алынатын тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) номенклатурасын және олардың көлемін жыл сайын Қазақстан Республикасының Yкіметі айқындайды;
2) екінші деңгейдегі банктер арқылы кредит беруді ұйымдастыру;
3) экономика салаларында әлеуметтік маңызы бар жобаларды ұйымдастыру және іске асыру үшін мемлекеттік гранттар беру;
4) арнайы инвестициялық бағдарламаларды іске асыру;
5) бюджет қаражаты есебінен қарыздар беру жолымен жүзеге асырылады.
2006.07.07. № 178-III ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
4. Мемлекет тарапынан шағын кәсіпкерлікті қаржылық қолдауды негізгі мақсаты қаржылық ресурстарға қолжетімділікті қамтамасыз ету болып табылатын, Қазақстан Республикасы Yкіметінің шешімімен құрылатын, ұлттық басқарушы компания жалғыз акционері болып әрекет ететін арнайы қор жүзеге асырады.
Қордың негізгі міндеттері:
1) жобалық қаржыландыру;
2) жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қатысуымен микрокредиттік ұйымдар желісін дамыту;
3) шағын кәсіпкерлік субъектілеріне екінші деңгейдегі банктерден олар кредиттер алған кезде кепілдік беру жүйесін жасау;
4) қаржылық лизингті дамыту;
5) шағын кәсіпкерлік субъектілерін оқыту және консалтингілеу;
6) шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін сапа менеджменті жүйесін ендіру жөніндегі операцияларды қоса қаржыландырудың гранттық жүйесін дамыту болып табылады.
Шағын кәсіпкерлік субъектілеріне кредит беруді қор тартылған және өз қаражаты есебінен жүзеге асырады.
Ауыл шаруашылығы қызметін жүзеге асыратын шағын кәсіпкерлік субъектілеріне қарыздар бірінші кезектегі тәртіппен беріледі.
5. Шағын кәсіпкерлікті қолдау орталықтары халықты жеке кәсіпкерлікке тарту, жаңа шағын кәсіпкерлік субъектілерін құру мақсатында құрылады.
Шағын кәсіпкерлікті қолдау орталықтарының міндеттері:
1) кәсіпкерлік ахуалды, отандық және халықаралық нарықтарды, экономиканың салалары мен секторларын талдау;
2) маркетинг және менеджмент саласында қызметтер кешенін көрсету;
3) инвестициялық және бизнес-жобаларды әзірлеу жөніндегі қызметтерді, консультациялық және басқа да қызметтер көрсету;
4) шағын кәсіпкерлік субъектілерінің инновациялық белсенділігін арттыруға жәрдемдесу;
5) шағын кәсіпкерлік субъектілерінің кәсіби өсуіне жәрдемдесу;
6) ақпараттық және сараптамалық ресурстарға қолжетімділікті қамтамасыз ету;
7) семинарлар, тренингтер өткізу;
8) шағын кәсіпкерлік субъектілерінің деректер базасын қалыптастыру;
9) шағын кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ақпаратты және оны дамытудың проблемалық мәселелерін талдау мен қорыту болып табылады.
6. Бизнес-инкубаторлар шағын кәсіпкерлік субъектілерінің қалыптасуына және дамуына жәрдем көрсету үшін құрылады.
Бизнес-инкубатордың міндеттері:
1) бизнес-инкубаторға орналастыру үшін шағын кәсіпкерлік субъектілерін іріктеу;
2) шағын кәсіпкерлік субъектілеріне білім беру, маркетингтік, консалтингтік және басқа да ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметтер көрсету болып табылады.
Шағын кәсіпкерлікті қолдау орталықтарын, бизнес-инкубаторларды құрудың және олардың қызметінің тәртібін Қазақстан Республикасының Yкіметі айқындайды.
7. Сауда-делдалдық қызметті қоспағанда, өнеркәсіп өндірісін және қызмет көрсету саласын ұйымдастыру үшін шағын кәсіпкерлік субъектілеріне бір жылдан астам пайдаланылмаған мемлекеттік меншік объектілері сенімгерлікпен басқаруға немесе жалға берілуі мүмкін.
Шағын кәсіпкерлік субъектілерінің жалға алу немесе сенімгерлікпен басқару шарттарының талаптарын орындауын бақылауды республикалық және коммуналдық меншікке иелік етуге уәкілетті тиісті мемлекеттік органдар жүзеге асырады.
20-бап. Шағын кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың
мемлекеттік, салалық (секторальдық) және өңірлік
бағдарламалары
1. Шағын кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау мемлекеттік, салалық (секторальдық) және өңірлік бағдарламалар негізінде жүзеге асырылады және ол шағын кәсіпкерлікті дамыту мен қолдауға бағытталған шаралар кешенін білдіреді.
2. Шағын кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың мемлекеттік, салалық (секторальдық) және өңірлік бағдарламалары өндірісті бәсекеге қабілетті өніммен қамтамасыз ету, сондай-ақ инновациялық, білім беру қызметі, қаржылық және құқықтық консалтинг саласындағы шағын кәсіпкерлік субъектілеріне қаржылық, оқу-әдістемелік көмек көрсету үшін әзірленеді.
3. Шағын кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламаларын Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді және олар республиканың барлық аумағында мемлекеттік органдар мен жеке кәсіпкерлік субъектілерінің орындауы үшін міндетті болып табылады.
4. Қазақстан Республикасының Үкіметі шағын кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың мемлекеттік және салалық (секторальдық) бағдарламаларын іске асыру барысында алынған нәтижелер туралы Қазақстан Республикасы Президентінің алдында жыл қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен есеп береді.
5. Мемлекет экономикасын дамытудың басым бағыттарына және өңірдің экономикасын дамытудың ерекшелігіне сәйкес жергілікті атқарушы органдар өңірдің экономикалық даму бағдарламасының құрамдас бөлігі болып табылатын шағын кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың өңірлік бағдарламаларын әзірлейді.
6. Шағын кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың мемлекеттік, салалық (секторальдық) және өңірлік бағдарламаларына:
нормативтік құқықтық базаны жетілдіру жөніндегі ұсыныстар;
шағын кәсіпкерлік қызметінің басым түрлері;
шағын кәсіпкерлікті қолдау инфрақұрылымын қалыптастыру жөніндегі шаралар;
шағын кәсіпкерлікті кредиттік-қаржылық және мүліктік қолдау жөніндегі шаралар;
жеке кәсіпкерлікке халықтың әлеуметтік қорғалмаған жіктерін тартуға бағытталған шаралар;
ірі өнеркәсіп ұйымдарының бизнестің бір бөлігін шағын кәсіпкерлік субъектілеріне беруін ынталандыруға, сондай-ақ олардан салалық емес жанама қызметтер түрлерін сатып алуға бағытталған шаралар;
шағын кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі мемлекеттік саясатты насихаттау жөніндегі шаралар;
шағын кәсіпкерлікті қолдау, дамыту және қорғау жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асырумен байланысты басқа да шаралар кіреді.

21-бап. Шағын кәсіпкерлік субъектілерін оқу-әдіснамалық,
ғылыми-әдістемелік қолдау
1. Шағын кәсіпкерлік субъектілерін оқу-әдіснамалық, ғылыми-әдістемелік қолдау олардың бәсекеге қабілетті тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) шығаруға мүмкіндік беретін кәсіби деңгейін арттыру мақсатында жүзеге асырылады.
2. Шағын кәсіпкерлікті оқу-әдіснамалық, ғылыми-әдістемелік қолдау:
жеке кәсіпкерлікті жүргізу мәселелері бойынша оқу семинар-тренингтер және ғылыми-практикалық конференциялар ұйымдастыру;
жеке кәсіпкерлікті жүзеге асыру практикасы, жаңа технологиялар нарығы туралы әдістемелік құралдар, ақпараттық бюллетеньдер тарату;
өңірлерде ақпараттық, консалтингтік орталықтар желісін құру;
өңірлерде шағын кәсіпкерлік субъектілерін оқытуды ұйымдастыру үшін менеджерлер даярлау жолымен жүзеге асырылады.
3. Шағын кәсіпкерлік субъектілерін оқу-әдіснамалық, ғылыми-әдістемелік қолдау бюджет қаражаты және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен жүзеге асырылады.

22-бап. Ауыл шаруашылығы қызметін жүзеге асыратын жеке
кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік қолдау
1. Ауыл шаруашылығы қызметін жүзеге асыратын жеке кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік қолдау республикалық және өңірлік деңгейлерде жүргізіледі және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес реттеледі.
2. Ауыл шаруашылығы қызметін жүзеге асыратын жеке кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдау көрсетудің мерзімі, көлемі мен шаралары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгіленеді.

23-бап. Жеке кәсіпкерлікті ақпараттық қамтамасыз ету
Барлық деңгейдегі мемлекеттік органдар таратуға шек қойылмаған, оның ішінде осы Заңның 5-бабында көзделген ақпарат пен материалдарды тегін негізде тарату үшін көпшілікке қолжетімді телекоммуникациялық желілерде (Интернет және басқаларында) WЕВ-сайттар құруға және олардың жарнамасын қамтамасыз етуге міндетті.

5-тарау.
ЖЕКЕ КӘСІПКЕРЛІК СУБЪЕКТІЛЕРІНІҢ БІРЛЕСТІКТЕРІН
ҚҰРУ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ НОРМАТИВТІК ҚҰҚЫҚТЫҚ АКТІЛЕРГЕ
САРАПТАМА ЖАСАУҒА ҚАТЫСУЫ

24-бап. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктерi
1. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілер жобаларына сараптама жасау үшін аккредиттелуге үміткер жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктері:
республикалық деңгейде — жеке кәсіпкерлік субъектілері бірлестіктерінің одағы (қауымдастығы), шағын кәсіпкерлік жөніндегі республикалық бірлестік, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің республикалық салалық бірлестіктері;
облыстық деңгейде — жеке кәсіпкерлік субъектілерінің облыстық бірлестіктері, шағын кәсіпкерлік жөніндегі облыстық бірлестіктер;
қалалық, аудандық деңгейлерде — шағын кәсіпкерлік жөніндегі қалалық, аудандық бірлестіктер түрінде кәсіпкерлер бірлестіктерін құрады.
2. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктерін қаржыландыру жеке кәсіпкерлік субъектілерінің ерікті мүшелік жарналары және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қамтамасыз етіледі.

25-бап. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктерін
аккредиттеу
1. Жеке кәсіпкерлердің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілер жобаларына сараптама жасауға қатысуға үміткер жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктері орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарда аккредиттелуге жатады.
2. Аккредиттелуге:
республикалық деңгейде — жеке кәсіпкерлік субъектілері бірлестіктерінің одағы — (қауымдастығы), шағын кәсіпкерлік жөніндегі республикалық бірлестік, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің республикалық салалық бірлестіктері;
облыстық деңгейде — жеке кәсіпкерлік субъектілерінің облыстық бірлестіктері, шағын кәсіпкерлік жөніндегі облыстық бірлестік;
қалалық, аудандық деңгейлерде — шағын кәсіпкерлік жөніндегі қалалық, аудандық бірлестіктер жатады.
3. Егер аккредиттелуге бір өңірді, бір саланы білдіретін екі және одан да көп бірлестік үміткер болған жағдайда, онда осы бірлестіктің мүшесі болып табылатын ұйымдардағы (жеке кәсіпкерлік субъектілеріндегі) жұмыскерлердің жиынтығында неғұрлым көп санына ие болып отырған бірлестік аккредиттелуге жатады.
4. Егер аккредиттелуге бір әкімшілік-аумақтық бірлік, бір қызмет саласын білдіретін екі және одан да көп коммерциялық емес ұйым үміткер болған жағдайда, онда азаматтардың неғұрлым көп санын біріктірген коммерциялық емес ұйым аккредиттелуге жатады.
5. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктерін аккредиттеуді жүргізу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

26-бап. Сарапшылық кеңестер
1. Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың жанындағы сарапшылық кеңестерге жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктерінің, коммерциялық емес ұйымдардың, мемлекеттік органдардың өкілдері кіреді.
2. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктері мен коммерциялық емес ұйымдар орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың жанындағы сарапшылық кеңестің құрамына ұжымдық мүше ретінде кіреді және өкілеттігі сенімхатпен расталатын өз өкілі арқылы әрекет етеді.
Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың жанындағы сарапшылық кеңестердің құрамы мемлекеттік органдар басшыларының шешімдерімен бекітіледі.
3. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілерді әзірлейтін мемлекеттік орган, мемлекеттік құпияларды қамтитын нормативтік құқықтық актілерді қоспағанда, оны сарапшылық кеңестің қарауына енгізеді.
4. Сарапшылық кеңестер туралы үлгі ережені Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
5. Сарапшылық кеңестердің жұмысын талдау мен оның мониторингін уәкілетті органның жанынан құрылатын үйлестіру кеңесі жүзеге асырады.
Уәкілетті органның басшысы үйлестіру кеңесінің төрағасы болып табылады.
Үйлестіру кеңесінің құрамын уәкілетті органның басшысы қалыптастырады.

6-тарау.
ЖЕКЕ КӘСІПКЕРЛІК СУБЪЕКТІЛЕРІН ТІРКЕУ ЖӘНЕ ТАРАТУ

27-бап. Жеке кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік
тіркеу
1. Жеке кәсіпкерлік субъектілерін — заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Заңды тұлға құрмай жеке кәсіпкерлікті жүзеге асыратын жеке тұлғаларды мемлекеттік тіркеу келіп тіркелуі сипатында болады және оның тұрғылықты жері бойынша аумақтық салық органында (бұдан әрі — тіркеу органы) дара кәсіпкер ретінде есепке қою болып табылады.
2. Мына шарттардың біреуіне сай келетін:
1) тұрақты негізде жалдамалы жұмыскерлердің еңбегін пайдаланатын;
2) жеке кәсіпкерліктен Қазақстан Республикасының заңдарында жеке тұлғалар үшін белгіленген салық салынбайтын жылдық жиынтық табыстың мөлшерінен асатын мөлшерде Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес есептелген жылдық жиынтық табысы бар дара кәсіпкерлер міндетті мемлекеттік тіркеуге жатады.
Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік тіркеусіз аталған дара кәсіпкерлердің қызметіне тыйым салынады.
3. Егер өтініште өзге мерзім көзделмесе, дара кәсіпкерді мемлекеттік тіркеу туралы куәлік мерзімсіз беріледі.
Дара кәсіпкерді мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің нысанын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
4. Дара кәсіпкер мемлекеттік тіркеу үшін:
1) тіркеу органы белгілеген нысан бойынша өтінішін;
2) дара кәсіпкерлерді мемлекеттік тіркегені үшін алым сомасын бюджетке төлегенін растайтын құжатын тіркеу органына ұсынады.
Өзге құжаттарды талап етуге тыйым салынады.
Осы баптың 4-тармағында аталған құжаттар болған кезде тіркеу органы құжаттарды ұсынған күннен кейінгі келесі жұмыс күнінен кешіктірмей дара кәсіпкерді мемлекеттік тіркеуден өткізеді.
5. Жеке кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік тіркегені (қайта тіркегені) үшін алым төлеу тәртібі Қазақстан Республикасының салық заңнамасында айқындалады.
6. Мемлекеттік тіркеу туралы куәлік беруге өтініште көрсетілген деректер өзгерген кезде дара кәсіпкер өзгерістер туралы осы орган белгілеген нысан бойынша тіркеу органына хабарлауға міндетті. Мемлекеттік тіркеу туралы куәлікте көрсетілген деректер өзгерген кезде дара кәсіпкер қайта тіркеуді жүзеге асыруға және жаңа куәлік алуға міндетті.
7. Дара кәсіпкер мемлекеттік тіркеу туралы куәлікті жоғалтқан жағдайда, оның өтініші бойынша оған мемлекеттік тіркеуді куәландыратын құжаттың телнұсқасы беріледі.
Мемлекеттік тіркеуді куәландыратын құжаттың телнұсқасын беру үшін дара кәсіпкерден Қазақстан Республикасының салық заңнамасында айқындалған тәртіппен алым алынады.
8. Бірлескен дара кәсіпкерлікті тіркеу кезінде өтінішті үшінші тұлғалармен және мемлекеттік органдармен қатынастарда мүдделерін білдіретін уәкілетті тұлға береді.
Мемлекеттік тіркеу туралы куәлік уәкілетті тұлғаға жазылады. Куәлікке тіркеу органының басшысы куәландырған бірлескен дара кәсіпкер мүшелерінің тізімі қоса беріледі.
9. Тіркеуші орган статистика бойынша уәкілетті органға дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеу туралы хабарламаны тіркеу күнінен бастап он күн мерзімде жібереді.

28-бап. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің банкроттығы,
оларды қайта ұйымдастыру және тарату
1. Жеке кәсіпкерлік субъектісі борышқордың сотқа өтініші немесе кредитордың, ал Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда өзге адамдардың сотқа өтініші негізінде сот шешімімен банкрот деп жарияланады.
Дара кәсіпкердің банкроттық рәсімі Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген кредиторлардың талаптарын қанағаттандырудың кезектілігі бөлігіндегі ерекшеліктермен заңды тұлғалар үшін белгіленген ережелер бойынша жүзеге асырылады.
2. Заңды тұлға болып табылатын жеке кәсіпкерлік субъектісін қайта ұйымдастыру немесе тарату жеке кәсіпкерліктің нақты ұйымдық-құқықтық нысаны үшін белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
3. Дара кәсіпкердің қызметі ерікті немесе мәжбүрлеу тәртібімен, сондай-ақ осы Заңда көзделген мән-жайлар туындаған жағдайда тоқтатылуы мүмкін.
Дара кәсіпкердің қызметі өзіндік кәсіпкерлік кезінде — дара кәсіпкер өз бетімен, бірлескен кәсіпкерлік кезінде — барлық қатысушылар бірлесіп қабылдаған шешім негізінде кез келген уақытта ерікті түрде тоқтатылады.
Бірлескен кәсіпкерлікті тоқтату туралы шешім, егер ол үшін оған қатысушылардың жартысы дауыс берсе, егер олардың арасындағы келісімде өзгеше көзделмесе, қабылданды деп саналады.
4. Жеке кәсіпкердің қызметі мынадай жағдайларда:
1) ол банкрот деп танылған;
2) тіркеу кезінде жіберілген жойылмайтын сипаттағы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтарға байланысты дара кәсіпкерді тіркеу жарамсыз деп танылған;
3) қызметін күнтізбелік жыл ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасын бірнеше рет немесе өрескел бұза отырып жүзеге асырған жағдайларда соттың шешімі бойынша мәжбүрлеу тәртібімен тоқтатылады.
5. Осы бапта көзделген негіздемелерден басқа, дара кәсіпкердің қызметі мынадай жағдайларда:
1) өзіндік кәсіпкерлік — дара кәсіпкер әрекетке қабілетсіз деп танылған, қайтыс болды деп жарияланған немесе ол қайтыс болған жағдайда;
2) отбасылық кәсіпкерлік және жай серіктестік — егер осы тармақтың 1-тармақшасында аталған мән-жайлар болуы салдарынан бірлескен кәсіпкерлік қатысушысының біреуі қалған немесе бір де бірі қалмаған жағдайда, сондай-ақ некені бұзуға байланысты мүлікті бөлу кезінде тоқтатылады.
6. Дара кәсіпкердің қызметі оның (олардың) өтініші немесе соттың заңды күшіне енген шешімі негізінде Мемлекеттік тіркелімнен осындай кәсіпкерді (кәсіпкерлерді) алып тастаған кезден бастап тоқтатылды деп есептеледі.
Мемлекеттік тіркелімнен алып тастау дара кәсіпкерді мемлекеттік тіркеу туралы куәлікті тіркеу органына бергеннен кейін жүргізіледі.
7. Белгіленген жағдайларда тіркеусіз дара кәсіпкерлікті жүзеге асыру кезінде оны тоқтату ерікті сипатта болса — нақты тоқтатылған кезден бастап, мәжбүрлеп тоқтату кезінде тиісінше соттың шешімі заңды күшіне енген кезден бастап ол тоқтатылды деп есептеледі.
8. Орындалмаған міндеттемелері жоқ шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін Қазақстан Республикасының заңдарымен ерікті таратудың оңайлатылған тәртібі белгіленуі мүмкін.

7-тарау.
МЕМЛЕКЕТТІК ӘКІМШІЛІК ЕТУ

29-бап. Мемлекеттік әкімшілік етудің мақсаттары мен
түрлерi
1. Жеке кәсіпкерлікке мемлекеттік әкімшілік етудің мақсаттары жеке кәсіпкерлік субъектісі өндіретін және сататын өнімнің адамдар өмірі мен денсаулығына қауіпсіздігін, олардың мүлкін қорғауды, қоршаған ортаға қауіпсіздігін, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, алдау практикасының алдын алу, табиғи және энергетикалық ресурстарды үнемдеу, ұлттық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру болып табылады.
2. Мемлекеттік әкімшілік етудің түрлері:
1) Қазақстан Республикасының заңдарымен жеке кәсіпкерлік өнімдеріне, процестеріне талаптар белгілеу;
2) сәйкестікті, тексеру, калибрлеу және сынақ зертханаларын (орталықтарын) растау жөніндегі органдарды аккредиттеу;
3) өнімнің жекелеген түрлерінің Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкестігін міндетті растау;
4) жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік бақылау;
5) жеке кәсіпкерліктің жекелеген түрлерін лицензиялау;
6) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жеке кәсіпкерлік субъектілерінің азаматтық-құқықтық жауаптылығын міндетті сақтандыру;
7) Қазақстан Республикасының заңдарымен жеке кәсіпкерлік субъектілерінің, мемлекеттік органдардың және олардың лауазымды адамдарының жауаптылығын белгілеу.

30-бап. Қазақстан Республикасының заңдарымен жеке
кәсіпкерлік өнімдеріне, процестеріне талаптар
белгілеу
Мемлекет Қазақстан Республикасының заңдарымен өнімдерге, процестерге жеке кәсіпкерліктің барлық субъектілері үшін орындауға міндетті талаптар белгілейді.

31-бап. Сәйкестікті, тексеру, калибрлеу және сынақ
зертханаларын (орталықтарын) растау жөніндегi
органдарды аккредиттеу
Сәйкестікті, тексеру, калибрлеу және сынақ зертханаларын (орталықтарын) растау жөніндегі органдарды аккредиттеу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүргізіледі.

32-бап. Өнімдердің жекелеген түрлерінің, процестердің
сәйкестігін міндетті растау
Өнімдердің жекелеген түрлерінің, процестердің сәйкестігін міндетті растау, егер бұл Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасында белгіленген мақсаттарға қол жеткізу үшін қажетті болса, белгіленеді.

33-бап. Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік бақылау
Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік бақылау, өнімдерге, процестерге Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленген талаптардың және өнімдердің жекелеген түрлерінің, процестердің сәйкестігін растау жөніндегі талаптардың орындалуы мемлекеттік әкімшілік ету мақсаттарына қол жеткізу үшін жеткіліксіз болған жағдайларда белгіленеді.
Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік бақылау осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.

2007.12.01 № 222-III ҚР Заңымен 34-бап жаңа редакцияда (күшіне енетін мерзімін қара) (бұр.ред.қара)
34-бап. Жеке кәсіпкерліктің жекелеген түрлерін лицензиялау
Жеке кәсіпкерліктің жекелеген түрлерін лицензиялау Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

35-бап. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің
азаматтық-құқықтық жауаптылығын міндеттi
сақтандыру
Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің азаматтық-құқықтық жауаптылығын міндетті сақтандыру, егер осы Заңның 29-бабының 2-тармағында көрсетілген мемлекеттік әкімшілік ету түрлерін қолдану мемлекеттік әкімшілік ету мақсаттарына қол жеткізуді қамтамасыз етпейтін жағдайларда Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленеді.

36-бап. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің, мемлекеттік
органдар мен олардың лауазымды адамдарының
жауаптылығын белгілеу
Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің, мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдарының жауаптылығы Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленеді.

8-тарау.
ЖЕКЕ КӘСІПКЕРЛІКТІ МЕМЛЕКЕТТІК БАҚЫЛАУ

37-бап. Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік бақылаудың
негізгі принциптері мен міндеттерi
1. Қазақстан Республикасындағы жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік бақылау:
1) заңдылық;
2) жеке кәсіпкерлік субъектілерінің адалдық презумпциясы;
3) жариялылық;
4) бәрінің заң мен сот алдындағы теңдігі;
5) тексеру жүргізу кезеңінде жеке кәсіпкерлік субъектісі жұмыс режимінің бұзылуына жол бермеу;
6) мемлекеттік органдар лауазымды адамдарының кәсіби біліктілігі мен құзыреттілігі;
7) лауазымды міндеттерін орындамағаны не тиісінше орындамағаны және олардың өз өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны үшін мемлекеттік органдар лауазымды адамдарының жауаптылығы принциптеріне негізделеді.
2. Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік бақылаудың негізгі міндеті экономикалық қауіпсіздікті, алдау практикасының алдын алуды, табиғи және энергетика ресурстарын үнемдеуді, ұлттық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруды қоса алғанда, жеке кәсіпкерлік субъектісі өндіретін және сататын өнімдердің адамдар өмірі мен денсаулығына қауіпсіздігін, олардың мүлкін қорғауды, қоршаған ортаға қауіпсіздігін, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады.
3. Мемлекеттік органдар осы Заңның қосымшасына сәйкес өздеріне жүктелген бақылау және қадағалау функцияларына сәйкес жеке кәсіпкерлікті бақылауды жүзеге асырады.
4. Мемлекеттік органдарға жеке кәсіпкерлік субъектілеріне тексеру жүргізу тәртібі мәселелері бойынша заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілер қабылдауға тыйым салынады.

38-бап. Жеке кәсіпкерлік субъектілерін тексерудi
ұйымдастыру мен жүргізудің жалпы тәртібi
1. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қызметін тексеру осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Тексеру мемлекеттік органның тексеруді тағайындау туралы актісі негізінде жүргізіледі.
Тексеруді тағайындау туралы актіде:
1) актінің нөмірі мен күні;
2) мемлекеттік органның атауы;
3) тексеру жүргізуге уәкілетті адамның (адамдардың) тегі, аты, әкесінің аты және лауазымы;
4) тексерілетін жеке кәсіпкерлік субъектісінің атауы немесе тексеру жүргізу тағайындалған дара кәсіпкердің тегі, аты, әкесінің аты, оның орналасқан жері, салық төлеушінің тіркеу нөмірі;
5) тағайындалған тексерудің мәні;
6) тексерудің басталған және аяқталған күні;
7) тексеру жүргізудің құқықтық негіздері, оның ішінде міндетті талаптары тексеруге жататын нормативтік құқықтық актілер;
8) тексерілетін кезең;
9) актіге қол қоюға уәкілетті адамның қолы және мемлекеттік органның мөрі көрсетіледі.
3. Тексеруді тағайындау туралы акті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өз құзыреті шегінде құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы статистикалық қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органда (бұдан әрі — құқықтық статистика жөніндегі орган) міндетті түрде тіркеледі.
4. Объектіге тексеру үшін келген мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары:
1) құқықтық статистика жөніндегі органда тіркеу туралы белгі қойылған тексеруді тағайындау туралы актіні;
2) қызметтік куәлігін;
3) қажет болғанда режимді объектілерге баруға құзыретті органның рұқсатын;
4) мемлекеттің органның басшысы бекіткен тексеру жоспарын;
5) объектілерге бару үшін болуы қажет медициналық рұқсаттаманы көрсетуге міндетті.
5. Тексеруді тағайындау туралы актіні тексерілетін жеке кәсіпкерлік субъектісіне берген сәттен бастап тексеру жүргізу басталды деп есептеледі.
6. Тексеруді тағайындау туралы актіні қабылдаудан бас тартқан немесе тексеруді жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының тексеру жүргізуге қажетті материалдарға қол жеткізуіне кедергі келтірілген жағдайда хаттама жасалады. Хаттамаға тексеруді жүзеге асыратын мемлекеттік органның лауазымды адамы және тексерілетін жеке кәсіпкерлік субъектісінің уәкілетті адамы қол қояды.
Тексерілетін жеке кәсіпкерлік субъектісінің уәкілетті адамы бас тарту себебі туралы жазбаша түсініктеме беріп, хаттамаға қол қоюдан бас тартуға құқылы. Тексеруді тағайындау туралы актіні алудан бас тарту тексеру жүргізбеуге негіз болып табылмайды.
7. Тексеруді тағайындау туралы актіде көрсетілген лауазымды адам (адамдар) ғана тексеру жүргізе алады.
8. Аумақтық мемлекеттік органдар тексеру жүргізген жеке кәсіпкерлік субъектілері көрсетілген органдардың қызметін тексеру шеңберінде қайта тексерілуі мүмкін.
9. Тексерулерді ұйымдастыру мен жүргізу тәртібінің ерекшеліктері, тексеру түрлері, олардың мерзімділігі мен ұзақтығы жеке кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың қызметін реттейтін Қазақстан Республикасының заңдарымен айқындалады.
10. Тексеру жүргізу мерзімі отыз күнтізбелік күннен аспауға тиіс, ерекше жағдайларда арнайы зерттеулер, сынақтар, сараптамалар жүргізу қажет болғанда, сондай-ақ тексеру көлемінің ауқымды болуына байланысты мемлекеттік бақылау органының басшысы (не оны ауыстыратын адам) тексеру жүргізудің мерзімін ұзартуы мүмкін, бірақ ол отыз күнтізбелік күннен аспауға тиіс.
Тексеру мерзімі ұзартылған жағдайда мемлекеттік орган міндетті түрде құқықтық статистика органында тіркеу арқылы тексеруді ұзарту туралы қосымша актіні ресімдейді, онда тексеруді тағайындау туралы алдыңғы актінің нөмірі мен тіркелген күні және ұзартудың себебі көрсетіледі.
Тексеруді тағайындау туралы бір актінің негізінде бір ғана тексеру жүргізіледі.
11. Тексеруді тағайындау туралы акті тек бір ғана жеке кәсіпкерлік субъектісіне рәсімделеді.
12. Зерттеулер (сынақтар), сараптамалар жүргізу үшін өнімнің (сынамалардың) үлгілерін іріктеу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүргізіледі.
13. Тексерудің нәтижелері бойынша тексеруді жүзеге асыратын мемлекеттік органның лауазымды адамы екі данада тексеру нәтижелері туралы акті жасайды.
Тексеру нәтижелері туралы актіде:
1) актінің жасалған күні, уақыты және орны;
2) тексеруді жүргізген мемлекеттік органның атауы;
3) соның негізінде тексеру жүргізілген тексеруді тағайындау туралы актінің күні мен нөмірі;
4) тексеру жүргізген адамның (адамдардың) тегі, аты, әкесінің аты және лауазымы;
5) тексерілетін жеке кәсіпкерлік субъектісінің атауы немесе дара кәсіпкердің тегі, аты, әкесінің аты, тексеруді жүргізу кезінде қатысқан заңды тұлға өкілінің немесе дара кәсіпкер өкілінің тегі, аты, әкесінің аты, лауазымы;
6) тексерудің жүргізілген күні, орны және кезеңі;
7) тексерудің нәтижелері туралы, оның ішінде анықталған бұзушылықтар туралы, олардың сипаты туралы мәліметтер;
8) заңды тұлға немесе дара кәсіпкер өкілінің, сондай-ақ тексеруді жүргізу кезінде қатысқан адамның актімен танысуы туралы немесе танысудан бас тартуы туралы мәліметтер, олардың қолы немесе қол қоюдан бас тартуы туралы;
9) тексеруді жүргізген лауазымды адамның (адамдардың) қолы көрсетіледі.
Тексерудің нәтижелері туралы актіге олар болған жағдайда өнімнің үлгілерін (сынамаларын) іріктеу, қоршаған орта объектілерін зерттеу туралы актілер, жүргізілген зерттеулердің (сынақтардың) және сараптамалардың хаттамалары (қорытындылары) және тексеру нәтижелерімен байланысты басқа да құжаттар немесе олардың көшірмелері қоса беріледі.
14. Тексерудің нәтижелері бойынша ескертулер және (немесе) қарсылықтар болған жағдайда, жеке кәсіпкерлік субъектісінің басшысы немесе дара кәсіпкер немесе олардың өкілдері оларды жазбаша түрде белгілейді.
Ескертулер және (немесе) қарсылықтар тексеру жүргізудің нәтижелері туралы актіге қоса беріледі, ол туралы тиісті белгі жасалады.
15. Жеке кәсіпкерлік субъектісінде түпнұсқа ретінде болатын құжаттардың көшірмелерін қоспағанда, қосымшаларының көшірмелері бар тексерудің нәтижелері туралы актінің бір данасы танысу және анықталған бұзушылықтарды жою жөніндегі шараларды және басқа да іс-қимылдарды қабылдау үшін жеке кәсіпкерлік субъектісінің басшысына немесе дара кәсіпкерге немесе олардың өкілдеріне тапсырылады.
16. Тексеру нәтижесінде анықталған бұзушылықтар бойынша жеке кәсіпкерлік субъектісі үш күндік мерзімде қарсылықтар болмағанда тексеруді жүргізген мемлекеттік органның басшысымен келісілген мерзімдерді көрсете отырып, анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде қабылданатын шаралар туралы ақпарат беруге міндетті.
17. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің келушілер мен тексерулерді есепке алу кітабын жүргізуге құқығы бар. Мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары жеке кәсіпкерлік субъектілерінің келушілер мен тексерулерді есепке алу кітабында тегін, лауазымдарын және актіде баяндалған деректерді көрсете отырып, жүргізілген іс-қимылдар туралы жазба жасауға міндетті.
18. Осы баптың қолданысы тексерулер жүргізуге байланысты мынадай:
1) азаматтық-құқықтық қатынастардан туындайтын міндеттемелерді орындау жөніндегі;
2) жедел-іздестіру іс-шаралары, анықтау, алдын ала тергеу, прокурорлық қадағалау және атқарушылық іс жүргізу шеңберінде;
3) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өту кезіндегі;
4) жеке кәсіпкерлік субъектісінің бастамасы бойынша;
5) Қазақстан Республикасының салық, кеден және қаржы заңнамасын сақтау жөніндегі;
6) білім беру саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтау жөніндегі қатынастарға қолданылмайды.
19. Өнімнің адамдар өмірі мен денсаулығына қауіпсіздігі және мүлікті сақтау саласындағы бақылау Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тексеруді тағайындау туралы актісіз жүзеге асырылады.
Жеке кәсіпкерлік субъектісіне бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік органның қызметкерлерін бекіту жеке кәсіпкерлік субъектісіне бірінші барған кезде табыс етілетін жазбаша хабарламаның негізінде жүргізіледі.
20. Түпнұсқалық бухгалтерлік және өзге де құжаттарды алып қоюға және алуға Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларда жол беріледі.
21. Тексеру жүргізілген кезде Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылық болмаған жағдайда актіге тексеру нәтижелері жөнінде тиісті жазба жасалады.
22. Тексерілетін жеке кәсіпкерлік субъектісіне тексеруді тағайындау туралы актіде көрсетілген тексеруді аяқтау мерзімінен кешіктірілмей тексеру нәтижелері туралы актінің тапсырылған күні тексеру мерзімінің аяқталуы деп есептеледі.
23. Иесі бүркемеленген өтініштер жоспардан тыс тексеру жүргізуге негіз бола алмайды.
Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленбеген өзге тексеру түрлерін жүргізуге тыйым салынады.

39-бап. Жеке кәсіпкерлікті бақылауды жүзеге асыру
кезіндегі мемлекеттік органдардың лауазымды
адамдарының құқықтары мен міндеттерi
1. Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік бақылауды жүргізу кезінде мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының:
1) осы Заңның 38-бабының 4-тармағында көрсетілген құжаттарды көрсеткен кезде тексерілетін объектінің аумағына және үй-жайларына кедергісіз кіруге;
2) қағаз және электронды жеткізгіштердегі құжаттарды (мәліметтерді) не олардың көшірмелерін тексеру нәтижелері туралы актіге қосу үшін алуға, сондай-ақ тексерудің міндеттері мен мәніне сәйкес автоматтандырылған деректер қорына (ақпараттық жүйелерге) қол жеткізуге құқығы бар.
2. Тексеруді жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарына тексеру мәніне жатпайтын талаптар қоюға және өтініш жасауға тыйым салынады.
3. Мемлекеттік бақылауды жүргізу кезінде мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасын, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін сақтауға;
2) тексеруді осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген негізде және тәртіппен қатаң сәйкестікте жүргізуге;
3) тексеру жүргізу кезеңінде жеке кәсіпкерлік субъектісінің белгіленген жұмыс режиміне кедергі келтірмеуге;
4) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген талаптарды бұзушылықтың алдын алу, анықтау және жолын кесу бойынша Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес берілген өкілеттіктерді уақтылы және толық көлемде орындауға;
5) тексеру жүргізу кезінде жеке кәсіпкерлік субъектісінің қатысуына кедергі келтірмеуге, тексеру мәніне жатқызылған мәселелер бойынша түсініктер беруге;
6) тексеру жүргізу кезінде жеке кәсіпкерлік субъектісіне тексерудің мәніне қатысты қажетті ақпарат беруге;
7) тексеру аяқталған күні жеке кәсіпкерлік субъектісіне жүргізілген тексерудің нәтижелері туралы актіні беруге;
8) алынған құжаттардың және тексеру жүргізудің нәтижесінде алынған мәліметтердің сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.

40-бап. Мемлекеттік бақылауды жүргізу кезіндегі жеке
кәсіпкерлік субъектісінің құқықтары мен
міндеттерi
1. Жеке кәсіпкерлік субъектілері жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік бақылауды жүргізу кезінде:
1) егер:
осы Заңның 38-бабының 4-тармағында көрсетілген құжаттар табыс етілмеген;
лауазымды адамдар тексеруді тағайындау туралы актіде көрсетілмеген;
тексеруді бастау күні басталмаған немесе өтіп кеткен;
тексеруді тағайындау туралы акті осы Заңның 38-бабының 2-тармағына сәйкес ресімделмеген жағдайда объектіге тексеру жүргізу үшін келген мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарын тексеруге жібермеуге;
2) егер жүргізілетін тексерудің мәніне жатқызылмаған немесе актіде көрсетілген кезеңге жатқызылмаған болса, мәліметтер бермеуге;
3) тексеруді тағайындау туралы актіге және тексерудің нәтижелері туралы актіге және мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының іс-әрекетіне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасауға;
4) мемлекеттік органдардың немесе лауазымды адамдардың жеке кәсіпкерлікті шектейтін заңға негізделмеген тыйым салуларын орындамауға құқылы.
2. Мемлекеттік органдар мемлекеттік бақылауды жүргізген кезде жеке кәсіпкерлік субъектілері:
1) осы Заңның 38-бабы 4-тармағының талаптары сақталған кезде тексерілетін объектінің аумағына және үй-жайларына мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының кедергісіз өтуін қамтамасыз етуге;
2) осы Заңның 11-бабының талаптарын сақтай отырып, тексеруді жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарына қағаз және электронды жеткізгіштердегі құжаттарды (мәліметтерді) не олардың көшірмелерін тексерудің нәтижелері туралы актіге қосу үшін табыс етуге, сондай-ақ тексерудің міндеттері мен мәніне сәйкес автоматтандырылған деректер қорына (ақпараттық жүйелерге) қол жеткізуіне мүмкіндік беруге;
3) тексеруді тағайындау туралы актінің екінші данасында алғаны жөнінде туралы белгі жасауға міндетті.

41-бап. Мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын
мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды
адамдарының шешімдеріне, іс-әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымдану тәртібi
1. Мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру кезінде жеке кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайда жеке кәсіпкерлік субъектісі тиісті органның және (немесе) лауазымды адамның іс-әрекетіне (әрекетсіздігіне) жоғары тұрған мемлекеттік органға не Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сотқа шағымдануға құқылы.
2. Жеке кәсіпкерлік субъектісінің қылмыстық істі қозғаумен және тексеру жүргізумен байланысты мемлекеттік органдардың іс-әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымдануы Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

2008.05.07. № 62-IV ҚР Заңымен тақырыбы өзгертілді (бұр.ред.қара)
9-тарау.
МЕМЛЕКЕТТІК БАҚЫЛАУДЫ, ЛИЦЕНЗИЯЛАУДЫ
ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ КЕЗІНДЕ МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАР МЕН
ЛАУАЗЫМДЫ АДАМДАРДЫҢ ЖАУАПТЫЛЫҒЫ

42-бап. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары
мен заңды мүдделерін бұзғаны үшін жауаптылықтың
жалпы негіздері мен нысандары
2008.05.07. № 62-IV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдары осы Заңның 29-бабының 1-тармағында белгіленген мемлекеттік әкімшілік етудің мақсатына қол жеткізбеген мемлекеттік бақылауды, лицензиялауды жүзеге асыру кезінде өз қызметтік міндеттерін орындамаған немесе тиісінше орындамаған жағдайда, сондай-ақ өзге де құқыққа қайшы іс-әрекеттер (әрекетсіздік) жасағанда Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
2. Мемлекеттік органдар мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзуда кінәлі лауазымды адамдарына қатысты қабылданған шаралар туралы құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған жеке кәсіпкерлік субъектісіне бір ай ішінде жазбаша хабарлауға міндетті.
3. Мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдары жеке кәсіпкерлік субъектісі туралы ақпаратты таратқаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады, ал жеке кәсіпкерлік субъектісінің келісімінсіз ақпаратты тарату нәтижесінде оған келтірілген зиян өтелуге тиіс.

43-бап. Жеке кәсіпкерлікке кедергі келтіргені үшін
жауаптылық
1. Мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдарының жеке кәсіпкерлік қызметіне заңсыз кедергі жасайтын кез келген іс-әрекеті (әрекетсіздігі) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
2. Қызметін мәжбүрлеп тоқтата тұру немесе тыйым салу солардың қызметін реттейтін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылатын қаржылық ұйымдардың, кредиттік бюролардың кәсіпкерлік қызметін қоспағанда, жеке кәсіпкерлік субъектісінің қызметін мәжбүрлеп тоқтата тұруды немесе тыйым салуды бақылау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың өтініші бойынша сот жүргізеді.
3. Жеке кәсіпкерлік субъектісінің қызметін сот шешімінсіз үш күннен аспайтын мерзімге тоқтата тұруға немесе оған тыйым салуға, көрсетілген мерзімде талап-арызды сотқа табыс етуді міндеттей отырып, ерекше жағдайларда жол беріледі.
Бұл ретте бақылау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органның қызметті тоқтата тұру немесе оған тыйым салу туралы актісі соттың шешімі шыққанға дейін қолданыста болады.
4. Кәсіпкерлік қызметіне заңсыз кедергі келтіру салдарынан жеке кәсіпкерлік субъектісі көтерген барлық шығындар мен жеке кәсіпкерлік субъектісіне келтірілген өзге де зиян өтелуге жатады.

44-бап. Жеке кәсіпкерлікті тексерудің белгіленген
тәртібін бұзғаны үшін жауаптылық
1. Мемлекеттік орган немесе оның лауазымды адамы жеке кәсіпкерлік субъектісіне тексеру жүргізудің белгіленген тәртібін бұзған жағдайда (тексеруді негізсіз тағайындау, акті шығармай және оны құқықтық статистика органында тіркемей тексеру жүргізу, құжаттарды заңсыз алып қою, материалдық құндылықтарды заңсыз түгендеу, өндірісті тоқтата тұру, артық анықтамалар толтыру, негізсіз сұрау салуларды талап ету және өзге де жағдайларда) өтеулі талап етілетін шығындардың көлеміне тексеруге арналған материалдарды дайындағаны үшін жеке кәсіпкерлік субъекті қызметкерлеріне төленген сыйақы сомалары, өндірістің мәжбүрлі тоқтаған уақытына жалақы, өндірісті тоқтата тұру салдарынан шығарылмаған тиісті тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізу кезінде жеке кәсіпкерлік субъектісінің алуы ықтимал жіберіп алған пайда енгізілуі мүмкін.
2. Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен заңсыз деп танылған мемлекеттік бақылауды жүргізу кезінде мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының іс-әрекетімен (әрекетсіздігімен) жеке кәсіпкерлік субъектісіне келтірілген зиян Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес өтелуге жатады.
3. Мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының тексеру жүргізу кезіндегі заңсыз іс-әрекеттері Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.

10-тарау.
ЖЕКЕ КӘСІПКЕРЛІК СУБЪЕКТІЛЕРІНІҢ ЖАУАПТЫЛЫҒЫ

45-бап. Жеке кәсіпкерлік субъектілері жауаптылығының
жалпы жағдайлары
Жеке кәсіпкерлік субъектілері жеке және заңды тұлғалар мен мемлекеттің құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін сақтауға міндетті.
Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзуы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.

46-бап. Сәйкестікті тексеру, калибрлеу және сынақ
зертханаларын (орталықтарын) растау жөніндегi
органдардың жауаптылығы
Сәйкестікті тексеру, калибрлеу және сынақ зертханаларын (орталықтарын) растау жөніндегі органдар өз міндеттерін орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.

47-бап. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің Қазақстан
Республикасының жосықсыз бәсеке туралы
заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылығы
Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің Қазақстан Республикасының жосықсыз бәсеке туралы заңнамасын бұзуы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.

48-бап. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің Қазақстан
Республикасының демпингке қарсы шаралар туралы
заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылығы
Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің Қазақстан Республикасының демпингке қарсы шаралар туралы заңнамасын бұзуы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.

49-бап. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің Қазақстан
Республикасының тауарлар импорты кезінде ішкi
рынокты қорғау шаралары туралы заңнамасын
бұзғаны үшін жауаптылығы
Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің Қазақстан Республикасының тауарлар импорты кезінде ішкі рынокты қорғау шаралары туралы заңнамасын бұзуы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.

11-тарау.
ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

50-бап. Қазақстан Республикасының жеке кәсіпкерлік
туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылығы
Қазақстан Республикасының жеке кәсіпкерлік туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.

51-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібi
1. Осы Заң 2006 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін 5-бапты қоспағанда, жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
2. Осы Заңды қолданысқа енгізу кезінде қолданыста болатын Қазақстан Республикасының заңнамасы оған қайшы келмейтін бөлікте қолданылады және 2007 жылғы 1 қаңтарға дейін соған сәйкес келтірілуге тиіс.
3. Күші жойылды деп танылсын:
1) «Жеке кәсіпкерлікті қорғау және қолдау туралы» 1992 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1992 ж., № 16, 424-құжат; 1995 ж., № 20, 120, 121-құжаттар; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1996 ж., № 14, 274-құжат; 1997 ж., № 13-14, 195, 205-құжаттар; 1999 ж., № 23, 931-құжат; 2001 ж., № 8, 52-құжат, № 24, 338-құжат; 2003 ж., № 10, 51-құжат; № 19-20, 147-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат);
2) «Шағын кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау туралы» 1997 жылғы 19 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 12, 182-құжат; 1998 ж., № 17-18, 225-құжат; 1999 ж., № 21, 778-құжат; № 23, 931-құжат; 2001 ж., № 4, 23-құжат; № 8, 52-құжат; № 24, 338-құжат; 2002 ж., № 15, 150-құжат; 2003 ж., № 4, 26-құжат; № 19-20, 147-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат);
3) «Жеке кәсіпкерлік туралы» 1997 жылғы 19 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 12, 185-құжат; № 22, 333-құжат; 1999 ж., № 23, 931-құжат; 2001 ж., № 24, 338-құжат).

Қазақстан Республикасының
Президентi
Н. Назарбаев

Астана, Ақорда, 2006 жылғы қаңтардың 31-і.
№ 124-III ҚРЗ

«Жеке кәсіпкерлік туралы»
2006 жылғы 31 қаңтардағы № 124-III
Қазақстан Республикасының Заңына
қосымша

2008.05.07. № 62-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2008.05.07. № 60-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) қосымша өзгертілді

Мемлекеттік бақылау және қадағалау
ТҮРЛЕРI

1. Электр энергетикасы саласындағы, жер қойнауын пайдалану және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік орган:
1) электр энергетикасы саласындағы бақылау және қадағалау;
2) мониторинг және жер қойнауын пайдалану саласындағы келісім-шарттар талаптарының орындалуын бақылау;
3) жер қойнауын зерделеу және пайдалану саласындағы бақылау;
4) мұнайгаз кәсіпшілігі инфрақұрылымын бақылау;
5) халықтың радиациялық қауіпсіздігі саласындағы бақылау;
6) мұнай операцияларын жүргізу саласындағы бақылау;
7) мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерінің өндірілуін және оның айналымын бақылау.
2. Көлік саласындағы мемлекеттік орган:
1) Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану саласындағы бақылау;
2) азаматтық авиация қызметін бақылау;
3) халықаралық әуе тасымалдарын бақылау;
4) авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді бақылау;
5) автомобиль көлігі саласындағы бақылау;
6) темір жол көлігі саласындағы бақылау;
7) сауда мақсатында теңізде жүзу саласындағы бақылау;
8) ішкі су көлігі саласындағы бақылау;
9) автомобиль жолдарының жобалануы мен салынуын бақылау;
10) автомобиль жолдарын пайдалану ережелерінің сақталуын бақылау;
11) Мемлекеттік шекарадан өткізу пункттерінде көлік құралдарының иелері мен тасымалдаушылардың жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру саласындағы бақылау.
3. Экспорттық бақылау жөніндегі мемлекеттік орган:
экспорттық бақылауға жатқызылатын өнімді бақылау.
4. Техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік орган:
1) техникалық реттеу саласындағы бақылау.
2) Қазақстан Республикасының сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы заңнамасының сақталуын бақылау.
5. Метрология саласындағы мемлекеттік орган:
метрология саласындағы бақылау.
6. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік орган:
сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы бақылау.
7. Ауыл шаруашылығы өнеркәсібі кешенін дамыту саласындағы мемлекеттік орган:
1) ветеринария саласындағы бақылау;
2) асыл тұқымды мал шаруашылығы және ара шаруашылығы саласындағы бақылау;
3) жануарлар дүниесін қорғау, молайту және пайдалану саласындағы бақылау;
4) өсімдіктерді қорғау және оның карантині саласындағы бақылау;
5) тұқым шаруашылығы саласындағы бақылау;
6) астық нарығын реттеу саласындағы бақылау;
7) Қазақстан Республикасының орман заңнамасы саласындағы бақылау;
8) Қазақстан Республикасының су заңнамасы саласындағы бақылау;
9) өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыру саласындағы бақылау;
10) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы бақылау.
8. Жер ресурстарын басқару жөніндегі мемлекеттік орган:
1) жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау;
2) геодезиялық және картографиялық қызметті бақылау.
9. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік орган:
1) қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды молықтыру және пайдалану саласындағы бақылау;
2) шаруашылық қызметтің экологиялық қауіпті түрлерін бақылау;
3) қалдықтармен жұмысты бақылау;
4) міндетті экологиялық сақтандыру саласындағы бақылау.
10. Төтенше жағдайлар саласындағы мемлекеттік орган:
1) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы бақылау;
2) Азаматтық қорғаныс саласындағы бақылау;
3) қауіпті өнеркәсіптік объектілердегі өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы бақылау;
4) өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау;
5) қызметі үшінші тұлғаларға нұқсан келтіру қауіптілігіне байланысты объектілер иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру саласындағы бақылау.
11. Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік орган:
1) дәрілік заттардың қауіпсіздігін, тиімділігін және сапасын бақылау;
2) көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын бақылау.
12. Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік орган:
1) санитарлық-эпидемиологиялық бақылау;
2) халыққа жұқпалы ауруларға қарсы алдын ала егудің ұйымдастырылуын және өткізілуін бақылау;
3) жұқпалы аурулардың алдын алу жөніндегі іс-шаралардың ұйымдастырылуын және олардың өткізілуін бақылау.
13. Білім беру саласындағы мемлекеттік орган:
білім беру жүйесіндегі бақылау.
14. Әлеуметтік-мәдени қатынастар саласындағы мемлекеттік орган:
Ұлттық мұрағат қорының құрамына жатқызылған және жеке мұрағаттарда сақталатын құжаттардың сақталуын бақылау.
15. Еңбек саласындағы мемлекеттік орган:
1) еңбек және еңбек қауіпсіздігі мен оны қорғау туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуын бақылау;
2) жұмыс берушінің қызметкердің өмірі мен денсаулығына олардың еңбек (қызметтік) міндеттерін орындау кезінде нұқсан келтіргені үшін азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуын бақылау;
3) халықты еңбекпен қамту туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуын бақылау;
4) мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуын бақылау.
16. Бұқаралық ақпарат құралдары істері жөніндегі мемлекеттік орган:
бұқаралық ақпарат құралдары туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуын бақылау.
17. Ақпараттандыру және байланыс саласындағы мемлекеттік орган:
1) байланыс саласындағы бақылау;
2) ақпараттандыру саласындағы бақылау;
3) электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуын бақылау.
18. Мемлекет алдындағы салық міндеттемелерінің орындалуына салықтық бақылауды қамтамасыз ететін мемлекеттік орган:
1) салық және басқа да міндетті төлемдердің бюджетке түсуін, сондай-ақ жинақтаушы зейнетақы қорларына міндетті зейнетақы жарналарының және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдардың толық және уақтылы аударылуын салықтық бақылау;
2) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген құзыреті шегінде салықтық емес түсімдердің түсуін салықтық бақылау;
3) трансферттік бағаларды қолдану кезіндегі бақылау;
2006.11.12. № 201-III ҚР Заңымен 4) тармақша толықтырылды (2007.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
4) акцизделетін өнімдердің өндірілуін және айналымын бақылау.
19. Банкроттық саласындағы мемлекеттік орган:
сырттай байқау рәсімінің, оңалту рәсімінің, конкурстық іс жүргізудің өткізілуін бақылау.
20. Кеден ісі мәселелері жөніндегі мемлекеттік орган:
1) кеден ісі саласындағы бақылау;
2) Қазақстан Республикасы валюта заңнамасының сақталуын бақылау;
3) құзыреті шегінде салықтық бақылау;
4) мәдени құндылықтардың әкетілуіне бақылау.
21. Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі мемлекеттік орган:
1) қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын қадағалау мен бақылау;
2) кредиттік бюролар қызметін қадағалау мен бақылау;
3) инвестициялық қорлар қызметін қадағалау мен бақылау.
22. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі:
1) валюталық операцияларды жүзеге асыруға және валюталық құндылықтарды пайдалануға байланысты қызметті бақылау;
2) құзыреті шегінде қаржылық ұйымдардың қызметін бақылау;
3) төлемдер және ақша аударымдары, вексель айналымдары мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы заңнамасының және Қазақстан Республикасы валюта заңнамасының сақталуын бақылау;
4) төлем жүйелерінің жұмыс істеуін қадағалау.
23. Бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметті шектеу жөніндегі мемлекеттік орган — монополияға қарсы орган:
1) экономикалық шоғырлануды бақылау;
2) нарық субъектілерінің келісімдерін (келісілген іс-әрекеттерін) бақылау;
3) мемлекеттік органдардың бәсекелестікке қарсы іс-әрекеттерін бақылау;
4) нарық субъектілерінің үстем (монополиялық) жағдайын теріс пайдалануын болдырмауды бақылау.
24. Әділет органдары:
1) авторлық құқық және сабақтас құқық, өнеркәсіптік меншік, селекциялық жетістіктер, интегралдық микросхема топологиясы объектілерін пайдалануды бақылау;
2) нормативтік құқықтық актілердің ресми мәтінін кейіннен жариялау саласындағы бақылау.
25. Табиғи монополиялар саласындағы қызметті бақылау мен реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган:
табиғи монополиялар саласындағы бақылау.
26. Стратегиялық маңызы бар экономика салаларындағы жекешелендіру мен меншік мониторингі саласындағы мемлекеттік орган:
1) жекешелендіруден кейінгі бақылау;
2) мемлекеттің үлесі бар меншік объектілерін, сондай-ақ стратегиялық маңызы бар экономика салаларындағы басқару тиімділігінің мониторингі.
2007.21.07. № 304-III (2008 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) ҚР Заңымен 27 тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
27. Мемлекеттік қаржы бақылау органдары:
Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының сақталуын бақылау.
28. Қоғамдық тәртіпті сақтау мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік орган:
1) жол қозғалысы қауіпсіздігінің қамтамасыз етілуін бақылау;
2) азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарының, азаматтық пиротехникалық заттар мен оларды қолданып жасалған бұйымдардың айналымы саласында жұмыспен қамтылған жеке және заңды тұлғалардың қызметін бақылау;
3) түрлі-түсті бейнелі көбейткіш-көшіргіш техниканың, сондай-ақ штемпельді-гравюралық кәсіпорындардың қызметін бақылау;
4) жарылғыш және улы заттарды, радиоактивті материалдар мен заттарды қолдану мен олардың жұмыс істеуінің белгіленген ережелерінің сақталуын бақылау;
5) өз құзыреті шегінде шетелдік жұмыс күшін тарту ережелерінің сақталуын бақылау;
6) күзет қызметін, сондай-ақ күзет дабылы құралдарын монтаждауды, жолға қоюды және оларға техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асыратын субъектілердің қызметін бақылау;
7) есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымын бақылау;
8) көлік құралдарының иелері мен тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру саласындағы бақылау.
2008.05.07 № 59- ІV ҚР Заңымен 29-тармақпен толықтырылды
29. Туристік қызмет саласындағы мемлекеттік орган:
Қазақстан Республикасының туристік қызмет туралы заңнамасының сақталуын бақылау.