ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ

Лицензиялау туралы (2007.27.07. берілген өзгерістермен)

1-тарау. Жалпы ережелер (1 — 4 баптар)

2-тарау. Мемлекеттік лицензиялау жүйесі (5 — 11 баптар)

3-тарау. Қызмет түрлері (12 — 37 баптар)

4-тарау. Тауарлардың экспорты мен импорты саласындағы лицензиялау (38 — 41 баптар)

5-тарау. Лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны берудің шарттары мен тәртібі (42 — 46 баптар)

6-тарау. Лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны қайта ресімдеу, оның төлнұсқаларын беру, қолданылуын тоқтату және тоқтата тұру (47 — 49 баптар)

7-тарау. Қорытынды ережелер (50 — 52 баптар)

Түпнұсқада мазмұны жоқ

1-тарау. Жалпы ережелер

1-бап. Осы Заңда реттелетін қатынастар
1. Осы Заңда қызметтің жекелеген түрлерін лицензиялауға байланысты қатынастар реттеледі.
2. Осы Заңда жеке және (немесе) заңды тұлғалар арасында жасалған лицензиялық шарт шеңберінде лицензиялар беруге байланысты қатынастар реттелмейді.

2-бап. Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.

3-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) біліктілік талаптары — өтініш берушінің жекелеген лицензияланатын қызмет түрімен және (немесе) лицензияланатын қызмет түрінің кіші түрімен айналысу қабілетін сипаттайтын сандық және сапалық нормативтер мен көрсеткіштердің жиынтығы;
2) бірыңғай технологиялық процесс — лицензияланатын бір қызмет түрінің шеңберінде өндіріс процесінде орындалатын технологиялық өзара байланысты және дәйекті іс-қимылдар (жұмыстар) жиынтығы;
3) жекелеген тауарлардың импортын автоматты түрде лицензиялау — лицензия беру мониторингтеу мақсатында белгіленген шара;
4) лицензиар — осы Заңға сәйкес лицензиялауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
5) лицензиат — лицензиясы бар жеке немесе заңды тұлға;
6) лицензия — тиісті лицензиардың жеке немесе заңды тұлғаға қызметтің жекелеген түрімен айналысуға беретін рұқсаты;
7) лицензияланатын қызмет түрі (бұдан әрі — қызмет түрі) — айналысу үшін осы Заңға сәйкес лицензия алу талап етілетін қызмет түрі (белгілі бір іс-әрекет (операция, сақтандыру сыныптары);
8) лицензияланатын қызмет түрінің кіші түрі (бұдан әрі — қызметтің кіші түрі) — тиісті қызмет түрін бір лицензия шеңберінде нақтылау;
9) лицензиялар тізілімі — берілген, қайта ресімделген, тоқтата тұрған, жаңғыртылған және қолданылуы тоқтатылған лицензиялар туралы мәліметтерді қамтитын дерекқор;
10) лицензиялау — лицензияларды беруге және қайта ресімдеуге, лицензиаттардың тиісті талаптарды сақтауын лицензиарлардың бақылауды жүзеге асыруына, лицензиялардың қолданылуын тоқтата тұруға және қайта бастауға, лицензиялардан айыруға байланысты іс-шаралар кешені;
11) лицензиялық бақылау — лицензиардың Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасын лицензиаттардың сақтауын қамтамасыз етуге бағытталған қызметі;
12) өтініш беруші — лицензия және (немесе) лицензияға қосымша беру туралы тиісті лицензиарға өтініш жасаған жеке немесе заңды тұлға;
13) уәкілетті орган — мемлекеттік саясатты әзірлеу мен жүргізуді жүзеге асыратын және лицензиялау саласындағы басқа да мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіретін мемлекеттік орган.

4-бап. Лицензиялаудың негізгі принциптері
1. Лицензиялар беру белгілі бір қызмет түрі үшін белгіленген талаптарға сай барлық тұлғалар үшін тең негіздерде және тең жағдайларда жүзеге асырылады.
2. Қызметтің жекелеген түрлері бойынша лицензиялық тәртіп енгізу ұлттық қауіпсіздік, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, қоршаған ортаны, азаматтардың меншігін, өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында белгіленеді.
3. Осы Заңда қызмет түрлерінің және қызметтің кіші түрлерінің егжей-тегжейлі тізбесі белгіленеді.
4. Осы Заңға жаңа қызмет түрлері және (немесе) қызметтің кіші түрлері енгізілген кезде оларды лицензиялау біліктілік талаптары мен қызмет түрлерін лицензиялау ережелері белгіленетін тиісті нормативтік құқықтық актілер қабылданғаннан кейін жүзеге асырылады.
Біліктілік талаптарын, қызмет түрлерін лицензиялау ережелерін және экспорты мен импорты лицензиялануға тиіс жекелеген тауарлар тізбесін бекітетін нормативтік құқықтық актілер осы актілер ресми жарияланғаннан кейін жиырма бір күндік мерзім өткенге дейін қолданысқа енгізіле алмайды.
5. Қызметтің жекелеген түрлерін лицензиялау Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өнімге қойылатын талаптар, жекелеген өнім түрлерінің, процестердің сәйкестігін міндетті түрде растау жөніндегі талаптар мемлекеттік әкімшілік ету мақсаттарына жету үшін жеткіліксіз болған жағдайларда белгіленеді.
6. Лицензия иеліктен шығарылмайды және оны лицензиат басқа жеке немесе заңды тұлғаға бере алмайды.
7. Лицензияның күші, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының барлық аумағында қолданылады.
8. Бірыңғай технологиялық процеске кіретін және (немесе) қызмет түрін жүзеге асырудың қажетті элементі болып табылатын қызмет түрлері лицензиялануға тиіс емес.
9. Мемлекеттік органдар, сондай-ақ Қазақстанның Даму Банкі Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өкілеттіктер шегінде жүзеге асыратын қызметті қоспағанда, лицензиялау талап етілетін қызметтің жекелеген түрлерін жүзеге асыруға немесе белгілі бір іс-әрекеттер (операциялар) жасауға лицензия болған жағдайда ғана жол беріледі.
Кредиттік серіктестіктер, өзара сақтандыру қоғамдары, сондай-ақ Ұлттық почта операторы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өкілеттіктер шегінде жүргізетін қызметті қоспағанда, қаржы саласындағы қызметтің жекелеген түрлерін және қаржы ресурстарын шоғырландыруға байланысты қызметті жүзеге асыруға лицензия болған жағдайда ғана жол беріледі.

2-тарау. Мемлекеттік лицензиялау жүйесі

5-бап. Мемлекеттік лицензиялау жүйесінің құрылымы
Мемлекеттік лицензиялау жүйесі:
1) Қазақстан Республикасының Үкіметінен;
2) уәкілетті органнан;
3) лицензиарлардан тұрады.

6-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті
Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыретіне:
1) лицензиялау саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын, оны жүзеге асыру жөніндегі стратегиялық және тактикалық шараларды әзірлеу;
2) лицензиарлар тізбесін айқындау;
3) қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес бекітетін біліктілік талаптарын, сондай-ақ ойын бизнесі саласындағы қызмет түрлеріне біліктілік талаптарын қоспағанда, біліктілік талаптарын бекіту;
4) қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес бекітетін қызмет түрлерін лицензиялау ережелерін қоспағанда, қызмет түрлерін лицензиялау ережелерін бекіту;
5) қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес бекітетін өтініш нысанын қоспағанда, лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны алуға арналған өтініш нысанын бекіту;
6) өндірілуі, өңделуі, тасымалдануы, сатып алынуы, сақталуы, сатылуы, пайдаланылуы және жойылуы лицензиялануға тиіс улардың тізбесін бекіту;
7) өтініш берушінің қоршаған ортаны қорғау, ядролық, радиациялық, санитариялық-эпидемиологиялық, өнеркәсіп, өрт қауіпсіздігі және мемлекеттік энергетикалық қадағалау саласында қойылатын біліктілік талаптарына сәйкестігі туралы қорытындының бірыңғай нысанын бекіту;
8) қоршаған ортаны қорғау, ядролық, радиациялық, өнеркәсіп, өрт қауіпсіздігі және мемлекеттік энергетикалық қадағалау, санитариялық-эпидемиологиялық қызмет саласындағы органдардың қорытындысы қажет қызмет түрлерінің және қызметтің кіші түрлерінің тізбесін бекіту жатады.

7-бап. Уәкілетті органның құзыреті
Уәкілетті органның құзыретіне:
1) лицензиялау саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру;
2) лицензиарлар уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен беретін ақпаратты жинау, талдау, өңдеу жатады.

8-бап. Мемлекеттік органдардың құзыреті
Лицензиарлар:
1) біліктілік талаптарының және қызмет түрлерін лицензиялау ережелерінің жобаларын әзірлеуді жүзеге асырады.
Біліктілік талаптарының және қызмет түрлерін лицензиялау ережелерінің жобаларын әзірлеуді, егер облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органы лицензиар болып табылса, орталық мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде жүзеге асырады;
2) лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны беру кезінде өтініш берушінің біліктілік талаптарына сәйкестігін белгілеуді;
3) лицензиялауды;
4) лицензиялық бақылауды;
5) лицензиялар тізілімін жүргізуді жүзеге асырады.
Лицензиялар тізілімінде мынадай мәліметтер:
лицензиардың атауы;
лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның берілген күні және нөмірі;
дара кәсіпкер үшін жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты, тұрғылықты жері, жеке басын куәландыратын құжатының деректері, сондай-ақ жеке тұлға дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркелген жағдайда куәліктің нөмірі және оның берілген күні;
заңды тұлға үшін — атауы және ұйымдық-құқықтық нысаны, орналасқан жері;
қызмет түрі және (немесе) қызметтің кіші түрлері;
лицензияның қолданылу мерзімі;
салық төлеушінің тіркеу нөмірі;
төлем тапсырмасының нөмірі және лицензиялық алым төленген күн;
лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны қайта ресімдеу негіздері және күні;
лицензияның қолданылуын тоқтата тұру, қайта бастау негіздері және күні;
лицензияның қолданылуын тоқтату негіздері және күні көрсетілуге тиіс;
6) өтініш берушінің біліктілік талаптарына сәйкестігін сұрап қоршаған ортаны қорғау, ядролық, радиациялық, өнеркәсіп, өрт қауіпсіздігі және мемлекеттік энергетикалық қадағалау, санитариялық-эпидемиологиялық қызмет саласындағы органдарға сауал жіберуді;
7) Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасына сәйкес ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып электрондық қызмет көрсетуді жүзеге асырады.

9-бап. Лицензиялардың түрлері мен қолданылуы
Лицензиялар мынадай белгілері бойынша бөлінеді:
1. Субъектілер бойынша:
1) Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларына берілетін;
2) шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік заңды тұлғаларға және халықаралық ұйымдарға берілетін лицензиялар.
2. Қызмет көлемі бойынша:
1) бас қызмет — қолданылу мерзіміне шек қойылмай қызметтің жекелеген түрлерімен айналысуға берілетін;
2) біржолғы — рұқсат етілген мерзім, көлем, салмақ немесе мөлшер шегінде белгілі бір шаруашылық операциясымен айналысуға (заттай не ақшалай түрде), сондай-ақ Қазақстан Республикасының ойын бизнесі туралы заңында белгіленген мерзім шегінде ойын бизнесі саласындағы қызмет түрлерімен айналысуға берілетін;
3) операциялық — банк қызметінде жекелеген операциялармен, сақтандыру қызметінде сыныптарға жіктеумен (сақтандыру сыныптарымен) айналысуға берілетін лицензиялар.

10-бап. Лицензияның және лицензияға қосымшалардың нысаны
Лицензияның және оның қосымшаларының нысанын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
Қызметтің кіші түрлері көрсетілетін лицензияға қосымша лицензияның ажырамас бөлігі болып табылады.
Осы Заңның 32 және 37-баптарында көзделген қаржы ресурстарын шоғырландыруға және валюталық құндылықтарды пайдалануға байланысты қызметті жүзеге асыруға арналған лицензиялардың нысандарын қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган және (немесе) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілейді.

11-бап. Лицензиялау салалары
Мынадай:
1) өнеркәсіп;
2) атом энергиясын пайдалану;
3) улы заттар айналымы;
4) техникалық қауіпсіздік;
5) көлік;
6) есірткі, психотроптық заттар, прекурсорлар айналымы;
7) ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету;
8) жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу үшін арнайы техникалық құралдар;
9) қару-жарақ, әскери техника және жекелеген қару түрлерінің, жарылғыш заттар және олар қолданыла отырып жасалған бұйымдар айналымы;
10) ғарыш кеңістігін пайдалану;
11) ақпараттандыру және байланыс;
12) білім беру;
13) бұқаралық ақпарат құралдары;
14) ауыл және орман шаруашылықтары, жерге орналастыру, геодезия және картография;
15) денсаулық сақтау;
16) жеке және заңды тұлғаларға қызмет көрсету;
17) ойын бизнесі;
18) ветеринария;
19) сот-сараптама;
20) мәдениет;
21) қаржы саласы және қаржы ресурстарын шоғырландыруға байланысты қызмет;
22) сәулет, қала құрылысы және құрылыс;
23) Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандарын дайындау;
24) кеден ісі;
25) этил спирті мен алкоголь өнімдерін, темекі өнімдерін өндіру және олардың айналымы;
26) валюталық құндылықтарды пайдалануға байланысты қызмет;
27) тауарлар экспорты мен импорты салаларындағы қызметтің жекелеген түрлері лицензиялануға тиіс.

3-тарау. Қызмет түрлері

12-бап. Өнеркәсіп саласындағы қызметті лицензиялау
Қызметтің мына түрлерімен айналысу үшін лицензияның болуы талап етіледі:
1) электр және жылу энергиясын өндіру, беру және тарату, электр станцияларын, электр желілері мен кіші электр станцияларын жобалау және пайдалану.
Қызметтің бұл түрі мынадай кіші қызмет түрлерін қамтиды:
кернеуі 35 кВ (киловольт) және одан жоғары электр энергиясы көздерінен электр энергиясын өндіру;
тұтынушыға дейін электр энергиясын беру және тарату;
электр станцияларын, электр желілерін және коммуналдық-тұрмыстық мақсаттағы энергиямен жабдықтау объектілері мен бірыңғай технологиялық процесте пайдаланылатын электр жабдықтау объектілерін қоспағанда, қауіпті өндірістік объектілерде қолданылатын кіші станциялардың барлық түрлерін (трансформаторлық кіші станцияларды, бөлу құрылғыларын, релелік қорғауды және автоматиканы) пайдалану;
өз қажеттілігі үшін жылу энергиясын өндіруді қоспағанда, елді мекендерді, өндірістік үй-жайлар мен объектілерді жылумен жабдықтау үшін жылу энергиясын өндіру;
елді мекендерді, өндірістік үй-жайлар мен объектілерді жылумен жабдықтау үшін жылу энергиясын беру және тарату жөнінде қызметтер көрсету;
2) тау-кен, мұнай-химия, химия, мұнай-газ өңдеу өндірістерін жобалау және пайдалану, газ, мұнай мен мұнай өнімдерін сақтау объектілерін, магистральдық газ құбырларын, мұнай құбырларын, мұнай өнімдері құбырларын пайдалану.
Қызметтің бұл түрі мынадай кіші қызмет түрлерін қамтиды:
тау-кен өндірістерін жобалау (технологиялық) және (немесе) пайдалану:
қатты пайдалы қазбаларды (кең таралған пайдалы қазбаларды қоспағанда), мұнайды, газды, мұнай-газ конденсатын өндіруді жобалау;
қатты пайдалы қазбалардың кен орындарын, мұнай-газ кен орындарын әзірлеу жобаларын және технологиялық регламенттерін жасау;
қатты пайдалы қазбалардың кен орындарын, мұнай-газ кен орындарын әзірлеу жобаларының техникалық-экономикалық негіздемесін жасау;
қатты пайдалы қазбаларды (кең таралған пайдалы қазбаларды қоспағанда), мұнай, газ, мұнай-газ конденсатын өндіру;
ашық және жер асты тәсілдерімен қатты пайдалы қазбалардың кен орындарын ашу және әзірлеу;
мұнай, газ, мұнай-газ конденсатын өндіру;
пайдалы қазбаларды өндіру үшін жарылыс жұмыстарын жүргізу;
кеніштер мен шахталарды жабу жөніндегі тарату жұмыстары;
кен орындарында технологиялық жұмыстар жүргізу;
мұнай, газ ұңғымаларындағы каротаж жұмыстары;
мұнай, газ ұңғымаларындағы атқылау-жару жұмыстары;
мұнай, газ және су ұңғымаларын, соның ішінде теңізде және ішкі су айдындарында бұрғылау;
ұңғымаларды жер астында және күрделі жөндеу; жабдықтар мен агрегаттарды бөлшектеу; ұңғымалар көтергішін орнату;
ұңғымаларды жөндеуден кейін сынау;
ұңғымаларды жуу, цементтеу, сынап көру және игеру;
мұнай қабаттарының мұнай беруін арттыру және ұңғымалардың өнімділігін ұлғайту;
құрлықта және теңізде мұнайдың төгілуін, ұңғымалардың өздігінен атқылауын, мұнай және газ шығарындыларын (бұрқаққа қарсы жұмыстарды қоспағанда) болғызбау және жою жөніндегі жұмыстар; ұңғымаларды консервациялау;
мұнай-химия, химия, мұнай-газ өңдеу өндірістерін:
органикалық және органикалық емес химия, каучук, шина, резеңке-техника өнеркәсібінің, техникалық көміртегін, химиялық талшықтарды, полимерлік материалдарды және пластмассаларды;
мұнайды бастапқы және терең өңдеу өнімдерін;
октандық санды арттыру мақсатымен компаундирлеу, тауарлық бензиндерге телімдер, қоспалар және компоненттер енгізу бойынша;
белгіленген сипаттағы бензин алу мақсатында компаундирлеу, кондициялық емес мұнай өнімдеріне телімдер, қоспалар мен компоненттер енгізу бойынша;
дизель отынына, мазутқа телімдер мен қоспалар енгізу бойынша;
мұнай майларына телімдер енгізу бойынша;
құрамында мұнай бар қалдықтарды қайта өңдеу бойынша жобалау (технологиялық) және (немесе) пайдалану;
басқа мемлекеттердің аумағында орындалған және Қазақстан Республикасында енгізілетін жер қойнауын пайдалану, мұнай-газ өңдеу, мұнай-химиялық, химиялық өндіріс саласындағы жобалау және жобалау-сметалық құжаттаманың сараптамасы;
көмірсутек газы бар газ, мұнай және мұнай өнімдерін сақтау объектілерін (мұнай-, газ сақтау, мұнай-, газ-, ағызу-құю эстакадаларын, мұнай базаларын, авто жанар-май құю станцияларын, газ толтыру станциялары мен пункттерін, автоцистерналарды, автогаз құю станцияларын, автогаз толтыру станцияларын, баллон жинау аралық пункттерін пайдалану:
тез тұтанатын және жанғыш сұйықтарды, сұйытылған және жанғыш газдарды (бірыңғай технологиялық процесті қамтамасыз ететін объектілерді қоспағанда) қабылдау, ағызу, құю, сақтау, босату;
магистральдық газ құбырларын, мұнай құбырларын, мұнай өнімдері құбырларын пайдалану;
сорғы-сығымдаушы станциялардың жабдықтарын, қондырғыларын, магистральдық газ-, мұнай өнімдері құбырларының резервуарлық парктері мен желілік бөліктерін, сондай-ақ жер асты газ қоймаларының технологиялық жабдықтары мен ұңғымаларын пайдалану;
магистральдық құбырларға, негізгі және қосалқы жабдыққа техникалық қызмет көрсету, оларды жөндеу (дәнекерленген жіктердің, қосылыстар мен бекітпелердің профилактикасы, оларды тексеру, техникалық жай-күйін бақылау, жай-күйінің диагностикасы);
сорғы-сығымдаушы станциялар жабдықтарының және магистральдық құбырлардың желілік бөліктерінің, оның ішінде су асты өткелдерінің диагностикасы;
коррозиядан электр-химиялық қорғау құралдарына техникалық қызмет көрсету;
3) минералдық шикізатты қайта өңдеу (кеңінен таралған пайдалы қазбаларды қайта өңдеуді қоспағанда).
Қызметтің бұл түрі мынадай кіші қызмет түрлерін қамтиды:
пайдалы қазбаларды бөлудің физикалық тәсілі;
пайдалы қазбаларды бөлудің физика-химиялық тәсілі;
пайдалы қазбаларды бөлудің химиялық тәсілі;
пайдалы қазбаларды бөлудің металлургиялық (пирометаллургия, күйдіру, гидрометаллургия, қыздыру) тәсілі;
құрамында пайдалы қазба бар тау-кен, байыту, металлургиялық және басқа да өнеркәсіптік өндірістердің қалдықтарын өңдеу;
4) тұрғын үй және коммуналдық-тұрмыс объектілерін газдандыру жүйесін пайдалану.
Қызметтің бұл түрі мынадай кіші қызмет түрлерін қамтиды:
газбен жабдықтаудың сыртқы жүйелерін пайдалану, оған техникалық қызмет көрсету және ұстау (газ тарату пункттері, газ тарату қондырғылары, жоғары, орташа және төмен қысымды газ тарату желілері):
үй ішіндегі газ желілері мен газ аспаптарын және жабдықты пайдалану, оған техникалық қызмет көрсету және ұстау;
5) химиялық, бұрғылау, мұнай-газ кәсіпшілігі, геологиялық барлау, кен-шахта, металлургиялық, энергетикалық жабдықтарды, жарылыстан қорғалған электр техникалық жабдықтарды, көтергіш құрылыстарды, сондай-ақ жұмыс істеу қысымы 0,7 кг/см2 және жылу жеткізу температурасы 1150С қазандықтарды, 0,7 кг/см2 жоғары қысыммен жұмыс істейтін сауыттар мен құбырларды жобалау, дайындау, монтаждау, жөндеу (бірыңғай технологиялық процесте пайдаланылатын жабдықтарды жобалауды, дайындауды, монтаждауды, жабдықтарды жөндеуді қоспағанда).
Қызметтің бұл түрі мынадай кіші қызмет түрлерін қамтиды:
жобалау (жабдық әзірлеу үшін қажетті техникалық-экономикалық негіздемені, есептерді, сызбаларды, макеттерді, сметаларды, түсіндірме жазбаларды қамтитын кешенді техникалық, конструкторлық-технологиялық құжаттаманы әзірлеу);
жасау (тұтас жабдықты, жекелеген элементтерді, түйіндерді, бөлшектерді, бөліктерді, блоктарды, қосалқы құрылғыларды);
монтаждау (құрылыстарды, конструкцияларды, технологиялық жабдықтарды, агрегаттарды, машиналарды, аппараттарды, аспаптар мен дайын бөлшектерден, түйіндерден, элементтерден жасалған басқа құрылғыларды өндірісті, объектіні пайдалану кезеңінде жинау, жөндеу және орнату);
жөндеу (техникалық құрылғының жай-күйінің диагностикасы, оның дайындығын немесе жұмыс қабілетін қалпына келтіру, элементтерді ауыстыру, бұзылған жерлерді жөндеу, жою);
6) электр энергиясын қайта сату мақсатында сатып алу;
7) өлшеу құралдарын өндіру және жөндеу;
8) заңды тұлғалардың түсті және қара металл сынықтары мен қалдықтарын жинауы (дайындауы), сақтауы, өңдеуі және өткізуі.

13-бап. Атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметті лицензиялау
Қызметтің мына түрлерімен айналысу үшін лицензияның болуы талап етіледі:
1) атом энергиясын пайдалану объектілерінің өмірлік циклінің кезеңдеріне байланысты жұмыстарды орындау.
Қызметтің бұл түрі мынадай кіші қызмет түрлерін қамтиды:
атом энергиясын пайдалану объектілерін орналастыру;
атом энергиясын пайдалану объектілерін жобалау (атом энергиясын пайдалану объектілерін, олардың бөліктерін, блоктарын, жүйелерін, конструкцияларын салу үшін қажетті техникалық-экономикалық негіздемені, есептерді, сызбаларды, макеттерді, сметаларды, түсіндірме жазбаларды қамтитын кешенді техникалық, конструкторлық және технологиялық құжаттаманы әзірлеу);
атом энергиясын пайдалану объектілерін (бүкіл кешенді, жекелеген ғимараттарды, бөліктерді, блоктарды, жүйелерді, конструкцияларды, қосалқы үй-жайларды, жабдықтарды) салу;
атом энергиясын пайдалану объектілерін (бүкіл кешенді, жекелеген ғимараттарды, бөліктерді, блоктарды, жүйелерді, конструкцияларды, қосалқы үй-жайларды, жабдықтарды) пайдалануға қосу;
атом энергиясын пайдалану объектілерін (бүкіл кешенді, жекелеген ғимараттарды, бөліктерді, блоктарды, жүйелерді, конструкцияларды, қосалқы үй-жайларды, жабдықтарды) пайдалану;
атом энергиясын пайдалану объектілерін (бүкіл кешенді, жекелеген ғимараттарды, бөліктерді, блоктарды, жүйелерді, конструкцияларды, қосалқы үй-жайларды, жабдықтарды) пайдаланудан шығару;
атом энергиясын пайдалану объектілерін басқару;
2) ядролық материалдармен, иондаушы сәуле шығару көздерімен (медициналық мақсаттағы рентген-диагностикалық қондырғылардан басқа) және радиоактивті заттармен жұмыс істеу.
Қызметтің бұл түрі мынадай кіші қызмет түрлерін қамтиды:
ядролық материалдар мен радиоактивті заттарды дайындау, өндіру, сақтау және қайта өңдеу;
ядролық материалдарды, радиоактивті заттарды, иондаушы сәуле шығару көздерін, оның ішінде құрамында осындай көздер бар немесе иондаушы сәуле шығаруды генерациялайтын аспаптар мен қондырғыларды пайдалану және орналастыру;
иондаушы сәуле шығару көздерін, оның ішінде құрамында осындай көздер бар немесе иондаушы сәуле шығаруды генерациялайтын аспаптар мен қондырғыларды құрастыру, дайындау, өндіру;
ядролық материалдарды, иондаушы сәуле шығару көздерін және радиоактивті заттарды өткізу;
3) медициналық рентгенологиялық жабдықтарды пайдалануды қоспағанда, рентгендік жабдықты әзірлеу, өндіру, өткізу және пайдалану;
4) атом энергиясын пайдалану саласында қызметтер көрсету.
Қызметтің бұл түрі мынадай кіші қызмет түрлерін қамтиды:
құрамында иондаушы сәуле шығарудың радиоизотоптық көздері бар немесе иондаушы сәуле шығаруды генерациялайтын аспаптар мен қондырғыларға, медициналықты қоса алғанда, техникалық қызмет көрсету, оларды монтаждау, бөлшектеу, зарядтау, қайта зарядтау, жөндеу;
иондаушы сәуле шығару көздерінің, сондай-ақ құрамында осындай көздер бар немесе иондаушы сәуле шығаруды генерациялайтын аспаптардың, жабдықтың, қондырғылардың жұмыс сапасын бақылау;
радиациялық немесе ядролық қауіпсіздікті негіздеу үшін жобаларды, технологияларды, ғылыми-техникалық құжаттаманы әзірлеу, радиациялық немесе ядролық қауіпсіздікке сараптама, талдау және бағалау жүргізу;
аумақтарды, үй-жайларды, жұмыс орындарын, тауарларды, материалдарды, металл сынықтарын, көлік құралдарын радиациялық бақылау;
азық-түліктерде, материалдарда, қоршаған орта объектілерінде радионуклидтердің бар-жоғын айқындау, радонның және басқа да радиоактивті газдардың концентрациясын өлшеу;
аумақтарды гаммалық суретке түсіру және басқа да радиометрикалық зерттеулер;
персоналды, халықты дозиметрлік жеке-жеке бақылау;
аумақтар мен объектілерді радиациялық оңалту және өңдеп қалпына келтіру;
5) ядролық материалдарға, иондаушы сәуле шығару көздеріне, радиоактивті материалдар мен радиоактивті қалдықтарға арналған көліктік контейнерлердің, орау жиынтықтары мен материалдарының, құралдардың, контейнерлердің техникалық құжаттамасын әзірлеу, оларды құрастыру, дайындау, өндіру;
6) радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу.
Қызметтің бұл түрі мынадай кіші қызмет түрлерін қамтиды:
радиоактивті қалдықтарды жинау және сұрыптау;
үй-жайларды, жабдық пен материалдарды залалсыздандыру (радиоактивті ластанудан тазарту);
радиоактивті қалдықтарды тасымалдау; радиоактивті қалдықтарды қайта өңдеу;
радиоактивті қалдықтарды сақтау және көму;
7) ядролық материалдарды, радиоактивті заттарды, иондаушы сәуле шығарудың радиоизотоптық көздерін, радиоактивті қалдықтарды транзиттік тасымалдауды қоса алғанда, Қазақстан Республикасы аумағының шегінде тасымалдау;
8) бұрынғы ядролық сынақ полигондары аумақтарында жүргізілген ядролық жарылыстардың салдарынан ластанған және басқа да аумақтардағы қызмет;
9) ядролық қондырғылар мен ядролық материалдарды физикалық қорғау.
Қызметтің бұл түрі мынадай кіші қызмет түрлерін қамтиды:
атом энергиясын пайдалану объектілерін физикалық қорғау жүйелерін жобалау, монтаждау, пайдалануға қосу, пайдалану, оларға қызмет көрсету, жөндеу және ретке келтіру;
атом энергиясын пайдалану объектілері үшін жобалық қауіпті әзірлеу жөнінде қызметтер көрсету;
ядролық қондырғыларды және ядролық немесе басқа радиоактивті материалдары бар объектілер мен көлік құралдарын қоса алғанда, атом энергиясын пайдалану объектілерінің физикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
ядролық және басқа радиоактивті материалдарды Қазақстан Республикасының аумағы бойынша тасымалдаған кезде физикалық қорғауды қамтамасыз ету;
10) атом энергиясын пайдалануға байланысты қызметке мамандар мен персоналды арнайы даярлау.

14-бап. Улы заттар айналымы саласындағы қызметті
лицензиялау
Қызметтің мына түрлерімен айналысу үшін лицензияның болуы талап етіледі:
1) уларды өндіру, өңдеу, сатып алу, сақтау, өткізу, пайдалану, жою;
2) тіркеу, өндірістік сынақтар мен ғылыми зерттеулерге арналған тәжірибелік үлгілерді қоспағанда, пестицидтерді (улы химикаттарды) өндіру (формуляция), өткізу, қолдану, сондай-ақ пестицидтерді (улы химикаттарды) және оларды өндіруге арналған бастапқы құрамдас заттарды әкелу жөніндегі қызмет.

15-бап. Техникалық қауіпсіздік саласындағы қызметті
лицензиялау
Құрылыс-монтаж жұмыстарын орындау кезіндегі қызметті қоспағанда, күзет дабылы құралдарын монтаждау, ретке келтіру және оларға техникалық қызмет көрсету жөніндегі қызметпен айналысу үшін лицензияның болуы талап етіледі.

16-бап. Көлік саласындағы қызметті лицензиялау
Қызметтің мына түрлерімен айналысу үшін лицензияның болуы талап етіледі:
1) жолаушылар тасымалдау.
Қызметтің бұл түрі мынадай кіші қызмет түрлерін қамтиды:
жолаушыларды темір жол көлігімен тасымалдау;
жолаушыларды теңіз көлігімен тасымалдау;
жолаушыларды өзен көлігімен тасымалдау;
2) қауіпті жүктерді тасымалдау.
Қызметтің бұл түрі мынадай кіші қызмет түрлерін қамтиды:
қауіпті жүктерді темір жол көлігімен тасымалдау;
қауіпті жүктерді теңіз көлігімен тасымалдау;
қауіпті жүктерді өзен көлігімен тасымалдау;
қауіпті жүктерді автомобиль көлігімен тасымалдау.

17-бап. Есірткі, психотроптық заттардың, прекурсорлардың
айналымы саласындағы қызметті лицензиялау
Есірткі, психотроптық заттардың және прекурсорлардың айналымы саласындағы қызметпен айналысу үшін лицензияның болуы талап етіледі.
Қызметтің бұл түрі мынадай кіші қызмет түрлерін қамтиды:
есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорларды әзірлеу, өндіру, өңдеу, тасымалдау, жөнелту, сатып алу, сақтау, тарату, өткізу, пайдалану, жою;
құрамында есірткі және психотроптық заттар бар өсімдіктер мен шөптерді өсіру, жинау, дайындау;
денсаулық сақтау жүйесінде есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорларды өндіру, тасымалдау, сатып алу, сақтау, тарату, өткізу, пайдалану, жою.

18-бап. Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету
саласындағы қызметті лицензиялау
Қызметтің мына түрлерімен айналысу үшін лицензияның болуы талап етіледі:
1) мемлекеттік құпияларды техникалық қорғау бойынша.
Қызметтің бұл түрі мынадай кіші қызмет түрлерін қамтиды:
мемлекеттік құпияларды қорғаудың техникалық құралдарын әзірлеу, өндіру, жөндеу және оларға сервистік қызмет көрсету;
мемлекеттік құпияларды қорғаудың техникалық құралдарын монтаждау, орнату, оларға қызмет көрсету;
2) ақпаратты криптографиялық қорғау құралдарын әзірлеу және өткізу (оның ішінде өзге де беру).

19-бап. Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу үшін
арнайы техникалық құралдар саласындағы қызметті
лицензиялау
Қызметтің мына түрлерімен айналысу үшін лицензияның болуы талап етіледі:
1) жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу үшін арнайы техникалық құралдарды әзірлеу, өндіру;
2) жедел-іздестіру шараларын жүргізу үшін арнайы техникалық құралдарды жөндеу және өткізу, ақпараттың таралып кетуін болдырмаудың техникалық арналарын іздеу.
Қызмет түрлерін лицензиялаудың осы баптың 1) және 2) тармақшаларында белгіленген ережелерінде лицензия берудің арнайы шарттары, тәртібі, мерзімдері және лицензиялық бақылау көзделуі мүмкін.

20-бап. Қару-жарақ, әскери техника мен жекелеген қару
түрлері, жарылғыш заттар мен олар қолдана отырып
жасалған бұйымдар айналымы саласындағы қызметті
лицензиялау
Қызметтің мына түрлерімен айналысу үшін лицензияның болуы талап етіледі:
1) монтаждауды, реттеуді, пайдалануды, сақтауды, жөндеуді және сервистік қызмет көрсетуді қоса алғанда, оқ дәрілерді, қару-жарақ пен әскери техниканы, олардың қосалқы бөлшектерін, жиынтықтаушы бұйымдары мен аспаптарын, сондай-ақ оларды өндіруге арналған арнайы материалдар мен жабдықтарды әзірлеу, өндіру, жөндеу, алу және өткізу.
Қызметтің бұл түрі мынадай кіші қызмет түрлерін қамтиды:
1) монтаждауды, реттеуді, пайдалануды, сақтауды, жөндеуді және сервистік қызмет көрсетуді қоса алғанда, оқ-дәрілерді, қару-жарақ пен әскери техниканы, олардың қосалқы бөлшектерін, жиынтықтаушы бұйымдары мен аспаптарын, арнайы материалдарды, оларды өндіруге арналған жабдықтарды әзірлеу, өндіру;
монтаждауды, реттеуді, пайдалануды, сақтауды, жөндеуді және сервистік қызмет көрсетуді қоса алғанда, оқ-дәрілерді, қару-жарақ пен әскери техниканы, олардың қосалқы бөлшектерін, жиынтықтаушы бұйымдары мен аспаптарын, арнайы материалдарды, оларды өндіруге арналған жабдықтарды жөндеу;
монтаждауды, реттеуді, пайдалануды, сақтауды, жөндеуді және сервистік қызмет көрсетуді қоса алғанда, оқ-дәрілерді, қару-жарақ пен әскери техниканы, олардың қосалқы бөлшектерін, жиынтықтаушы бұйымдары мен аспаптарын, арнайы материалдарды, оларды өндіруге арналған жабдықтарды сатып алу және өткізу;
2) жарылғыш және пиротехникалық заттар мен олар қолданылып жасалған бұйымдарды әзірлеу, өндіру, сатып алу және өткізу.
Қызметтің бұл түрі мынадай кіші қызмет түрлерін қамтиды:
жарылғыш және пиротехникалық заттар мен олар қолданылып жасалған бұйымдарды әзірлеу;
жарылғыш және пиротехникалық заттар мен олар қолданылып жасалған бұйымдарды өндіру;
жарылғыш және пиротехникалық заттар мен олар қолданылып жасалған бұйымдарды сатып алу және өткізу;
3) босатылған оқ-дәріні, қару-жарақты, әскери техниканы, арнайы құралдарды жою (құрту, кәдеге жарату, көму) және өңдеу.
Қызметтің бұл түрі мынадай кіші қызмет түрлерін қамтиды:
босатылған оқ-дәріні жою (құрту, кәдеге жарату, көму) және өңдеу;
босатылған қару-жарақты, әскери техниканы, арнайы құралдарды жою (құрту, кәдеге жарату, көму) және өңдеу;
4) қолға ұстайтын жауынгерлік атыс қаруы мен оның патрондарын әзірлеу, өндіру, жөндеу, сату, сатып алу.
Қызметтің бұл түрі мынадай кіші қызмет түрлерін қамтиды:
қолға ұстайтын жауынгерлік атыс қаруы мен оның патрондарын әзірлеу;
қолға ұстайтын жауынгерлік атыс қаруы мен оның патрондарын өндіру;
қолға ұстайтын жауынгерлік атыс қаруы мен оның патрондарын жөндеу;
қолға ұстайтын жауынгерлік атыс қаруы мен оның патрондарын сатып алу, оларды сату;
5) азаматтық және қызметтік атыс қаруы мен оның патрондарын, суық қаруды, сондай-ақ газ қаруы мен оның патрондарын әзірлеу, өндіру, жөндеу, сату, сатып алу, коллекциялау, экспонаттау;
6) азаматтық, пиротехникалық заттар мен олар қолданылып жасалған бұйымдарды әзірлеу, өндіру, өткізу, сатып алу.

21-бап. Ғарыш кеңістігін пайдалану саласындағы қызметті
лицензиялау
Зымыран-ғарыш техникасын жасауды, өндіруді, пайдалануды, жөндеуді және жаңғыртуды, оның жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін жер үсті инфрақұрылымдарын (полигонды, командалық-өлшеу кешенін, стендтік базаны және басқаларын) пайдалануды қоса алғанда, ғарыш кеңістігін пайдалануға байланысты барлық қызмет түрлерімен айналысу үшін лицензияның болуы талап етіледі.

22-бап. Ақпараттандыру және байланыс саласындағы
қызметті лицензиялау
1. Қызметтің мына түрлерімен айналысу үшін лицензияның болуы талап етіледі:
1) электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кілтінің электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кілтіне сәйкестігін куәландыру жөніндегі, сондай-ақ тіркеу куәлігінің дұрыстығын растау жөніндегі қызмет;
2) байланыс саласында қызмет ұсыну.
Қызметтің бұл түріне мынадай кіші қызмет түрлерін қамтиды:
жергілікті телефон байланысы;
қалааралық телефон байланысы;
халықаралық телефон байланысы;
ІР-телефония (Интернет-телефония);
деректерді беру (оның ішінде Интернет пен телеграфтық байланыс қызметтері);
бөлінген байланыс желісі бойынша телекоммуникациялар;
спутниктік жылжымалы байланыс;
ұялы байланыс (стандарт атауын көрсете отырып);
ұтқыр телекоммуникациялық байланыс (оның ішінде жылжымалы радио (радиотелефондық), транкингтік және пейджингтік байланыс қызметтері);
байланыс арналарын ұсыну;
почта байланысы.
Радиожиіліктер спектрі мен нөмірлеу ресурсы пайдаланылатын байланыс саласындағы қызметке лицензиялар конкурстық негізде берілуі мүмкін.
Байланыс саласындағы қызметпен айналысуға лицензия берудің, оның ішінде конкурстық негізде берудің шарттары мен тәртібі Қазақстан Республикасының Заңдарында айқындалады.
2. Мынадай қызметті жүзеге асыру үшін лицензия алу талап етілмейді:
1) меншікті не жалға алынған желілік немесе коммутациялық жабдығы жоқ және пайдаланушыларға тиісті лицензиялар негізінде әрекет ететін басқа байланыс операторларының қызметтерін ұсынатын жеке және заңды тұлғалардың қызметі.
Мұндай тұлғалар мен байланыс операторының арасындағы қатынастар жасалған шарттармен реттеледі, олардың құрылымы лицензиармен келісілуге тиіс. Делдалдар қызметтерді шарт жасасқан байланыс операторының сауда маркасымен ұсынуға міндетті. Бұл ретте, тұтынушыларға ұсынылатын қызметтердің сапасына және лицензияның қолданылу шарттарының орындалуына байланыс операторы жауап береді;
2) өндірісішілік қызметті және технологиялық процестерді, оның ішінде үшінші тұлғаларға байланыс қызметтерін ұсынбай радиожиілік спектрін пайдалана отырып, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында Қазақстан Республикасының резиденті емес байланыс операторлары ұсынатын байланыс қызметтерін пайдаланбай, басқаруға арналған желілерді құру және пайдалану жөніндегі қызмет;
3) байланыс саласындағы қызметпен байланысты емес, ортақ пайдаланудағы телекоммуникация желісіне қосылмаған және негізгі қызмет түрін жүзеге асыруға арналған ұтқыр телекоммуникациялық байланыс желілерін құру және пайдалану (оның ішінде жылжымалы радио (радиотелефондық), транкингтік және пейджингтік байланыс) жөніндегі қызмет.
Осы тармақтың 2), 3) тармақшаларында көзделген жағдайларда жиілік, радиожиілік жолақтарын (радиожиілік арналарын) пайдалану үшін байланыс саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасының байланыс саласындағы заңнамасына сәйкес радиожиілік спектрін пайдалануға рұқсат береді.

2007.27.07. № 320-III ҚР Заңымен 23-бап өзгертілді (2007.09.08. бастап қолданысқа енгізіледі) (бұр.ред.қара)
23-бап. Білім беру саласындағы қызметті лицензиялау
Лицензияның болуы білім беру қызметінің мынадай кіші түрлерімен айналысу үшін талап етіледі:
мектепке дейінгі және мектептен тыс ұйымдардың білім беру қызметі;
мамандандырылған және арнайы білім беру бағдарламаларын іске асыратын заңды тұлғалардың білім беру қызметі;
бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік білім берудің, оның ішінде кәсіптер бойынша, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің, оның ішінде маман¬дықтар бойынша негізгі білім беру бағдарламаларын іске асыра¬тын заңды тұлғалардың білім беру қызметі;»
діни білім беру бағдарламаларын іске асыратын заңды тұлғалардың білім беру қызметі;
халықаралық және шетелдік заңды тұлғалардың білім беру қызметі.

24-бап. Бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы қызметті
лицензиялау
Телевизиялық және (немесе) радио хабарларын таратуды ұйымдастыру жөніндегі қызметпен айналысу үшін лицензияның болуы талап етіледі.

25-бап. Ауыл және орман шаруашылығы, жерге орналастыру,
геодезия және картография саласындағы қызметті
лицензиялау
Қызметтің мына түрлерімен айналысу үшін лицензияның болуы талап етіледі:
1) мемлекеттік орман қорының учаскелерінде орман пайдаланушылар жүзеге асыратын сүрек дайындау;
2) «Астық туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес астықты қабылдау, өлшеу, кептіру, тазалау, сақтау және тиеп жөнелту;
3) «Астық туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес астықты экспортқа өткізу жөніндегі қызмет;
4) шитті мақтаны талшықты мақтаға бастапқы өңдеу;
5) жерге орналастыру, топография-геодезиялық және картографиялық жұмыстар жүргізу.
Қызметтің бұл түрі мынадай кіші қызмет түрлерін қамтиды:
жерге орналастыру жұмыстарын жүргізу;
топография-геодезиялық жұмыстар жүргізу;
картографиялық жұмыстар жүргізу.

26-бап. Денсаулық сақтау саласындағы қызметті
лицензиялау
Қызметтің мына түрлерімен айналысу үшін лицензияның болуы талап етіледі:
1) медициналық, дәрігерлік қызмет.
Қызметтің бұл түрі мынадай кіші қызмет түрлерін қамтиды:
бастапқы медициналық-санитариялық көмек: дәрігерге дейінгі;
білікті;
жедел медициналық көмек;
диагностика:
дерттану анатомиясы;
радиологиялық диагностика;
рентгенологиялық диагностика;
ультрадыбыстық диагностика;
функционалдық диагностика;
эндоскопиялық диагностика;
зертханалық диагностика: бактериологиялық зерттеулер, биохимиялық зерттеулер, иммунологиялық зерттеулер, адамның қорғаныш тапшылығы вирусын зертханалық диагностикалау (АҚВ-диагностика), жалпы клиникалық зерттеулер, серологиялық зерттеулер, цитологиялық зерттеулер;
ересектерге және (немесе) балаларға мына мамандықтар бойынша консультациялық-диагностикалық және (немесе) стационарлық медициналық көмек:
акушерлік және гинекология (ұрпақты болудың қосалқы технологияларын қоса алғанда);
аллергология және иммунология;
анестезиология және реаниматология;
андрология;
валеология;
гематология;
гипербариялық оксигендік терапия;
дерматовенерология;
дерматокосметология;
емдәмтану;
инфекциялық аурулар;
массаж;
наркология;
невропатология;
неонатология;
жалпы дәрігерлік практика, отбасылық дәрігер;
онкология, маммология;
оториноларингология;
офтальмология;
педиатрия;
психиатрия;
психотерапия, медициналық психология;
радиология;
сексопатология;
спорттық медицина және емдік дене шынықтыру;
стоматология: терапиялық, хирургиялық, ортопедиялық, ортодонттық;
терапия: жалпы, гастроэнтерология, кардиология, нефрология, профпатология, пульмонология, ревматология;
травматология, ортопедия және камбустиология;
токсикология;
трансплантология;
урология;
физиотерапия;
фтизиатрия;
хирургия: абдоминальды, ангиохирургия, кардиохирургия, микрохирургия, нейрохирургия, жалпы хирургия, пластикалық, торакальды, эндоскопиялық;
эндокринология;
сараптамалық медициналық қызмет:
уақытша еңбекке жарамсыздық пен кәсіптік жарамдылық сараптамасы (профилактикалық және мерзімді медициналық тексеру);
психиатриялық, оның ішінде сот-психиатриялық, наркологиялық және сот-наркологиялық сараптама;
дәстүрлі емес медициналық қызмет: гомеопатия, гирудотерапия, мануальдық емдеу, рефлекс арқылы емдеу, фитотерапия және табиғи текті құралдармен емдеу;
халықтық медицина (емшілік);
санаториялық емдеу: бальнеотерапия, гидротерапия, парафиноозокериттік балшықпен емдеу;
қан мен оның компоненттерін дайындау, консервациялау, өңдеу және сақтау;
санитариялық-гигиеналық және эпидемияға қарсы медициналық қызмет: халықты гигиеналық оқытып-үйрету, санитариялық-эпидемиологиялық сараптама;
санитариялық-гигиеналық және зертханалық зерттеулер: бактериологиялық; вирусологиялық; шуды, дірілді, электромагниттік өрістерді және басқа да физикалық факторларды өлшеу; паразитологиялық; радиометрия және дозиметрия; санитариялық-химиялық; токсикологиялық зерттеулер;
2) фармацевтикалық қызмет: дәрілік заттарды өндіру, дайындау, көтерме және бөлшектеп өткізу.

27-бап. Жеке және заңды тұлғаларға қызмет көрсету
саласындағы қызметті лицензиялау
Қызметтің мына түрлерімен айналысу үшін лицензияның болуы талап етіледі:
1) мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерде және мемлекеттік емес медициналық-әлеуметтік ұйымдарда әлеуметтік қызмет көрсетуді ұсыну.
Қызметтің бұл түрі мынадай кіші қызмет түрлерін қамтиды:
қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгідегі медициналық-әлеуметтік мекемелерде (ұйымдарда) әлеуметтік қызмет көрсету;
психикалық неврологиялық медициналық-әлеуметтік мекемелерде әлеуметтік қызмет көрсету;
жүріп-тұру мүшелерінің функциялары бұзылған мүгедек балаларға медициналық-әлеуметтік мекемелерде (ұйымдарда) әлеуметтік қызмет көрсету;
балалар психикалық неврологиялық медициналық-әлеуметтік мекемелерінде әлеуметтік қызмет көрсету;
2) адвокаттық қызмет;
3) нотариат қызметі;
4) мүлікті бағалау (зияткерлік меншік объектілерін, материалдық емес активтер құнын қоспағанда);
5) зияткерлік меншікті, материалдық емес активтер құнын бағалау;
6) банкроттық рәсімдерде төлем қабілеті жоқ борышкерлердің мүлкі мен істерін басқару;
7) аудиторлық қызмет;
8) қоршаған ортаны қорғау саласындағы жұмыстарды орындау және қызмет көрсету.
Қызметтің бұл түрі мынадай кіші қызмет түрлерін қамтиды:
табиғат қорғауға қатысты жобалау, нормалау;
экологиялық сараптама саласындағы жұмыстар;
экологиялық аудит;
9) лотерея ұйымдастыру және өткізу (мемлекеттік (ұлттық) лотереядан басқа);
10) жеке және заңды тұлғалардың күзет қызметін жүзеге асыруы;
11) көлік құралдары жүргізушілерін даярлау, қайта даярлау;
12) білім беру ұйымдарындағы қызметті қоспағанда, дене шынықтыру-сауықтыру, спорттық қызметтер көрсету;
13) Қазақстан Республикасынан шетелге жұмыс күшін әкету;
14) туроператорлық, турагенттік қызмет, туризм нұсқаушысы көрсететін қызметтер.

28-бап. Ойын бизнесі саласындағы қызметті лицензиялау
Қызметтің мына түрлерімен айналысу үшін лицензияның болуы талап етіледі:
1) казино қызметі;
2) ойын автоматтары залының қызметі;
3) букмекерлік кеңсе қызметі;
4) тотализатор қызметі.

29-бап. Ветеринария саласындағы қызметті лицензиялау
Ветеринария саласындағы қызметпен айналысу үшін лицензияның болуы талап етіледі.
Қызметтің бұл түрі мынадай кіші қызмет түрлерін қамтиды:
ветеринариялық мақсаттағы препараттарды өндіру және өткізу;
ветеринариялық мақсаттарға арналған дәрілік заттарды, биологиялық препараттарды өткізу;
жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатқа ветеринариялық-санитарлық сараптама жүргізу;
ветеринариялық емдеу-профилактикалық қызмет.

30-бап. Сот-сараптама саласындағы қызметті лицензиялау
Сот-сараптама қызметімен айналысу үшін лицензияның болуы талап етіледі.

31-бап. Мәдениет саласындағы қызметті лицензиялау
Тарих пен мәдениет ескерткіштерінде археологиялық және (немесе) ғылыми-реставрациялық жұмыстарды жүзеге асыру үшін лицензияның болуы талап етіледі.

32-бап. Қаржы саласындағы қызметті және қаржы
ресурстарын шоғырландыруға байланысты қызметті
лицензиялау
Қызметтің мына түрлерімен айналысу үшін лицензияның болуы талап етіледі:
1) банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар жүргізетін банк операциялары:
заңды тұлғалардың депозиттерін қабылдау, банк шоттарын ашу және жүргізу;
жеке тұлғалардың депозиттерін қабылдау, банк шоттарын ашу және жүргізу;
банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың корреспонденттік шоттарын ашу және жүргізу;
жеке және заңды тұлғалардың металл шоттарын ашу және жүргізу, оларда осы тұлғаға тиесілі тазартылған қымбат бағалы металдар мен қымбат металдардан жасалған монеталарының физикалық мөлшері көрсетіледі;
кассалық операциялар: осы тармақшаның екінші, үшінші, жетінші-тоғызыншы, он бірінші және он екінші абзацтарында көзделген банк операцияларының бірін жүзеге асыру кезінде қолма-қол ақшаны қабылдау және беру, соған қоса оны ұсақтау, айырбастау, қайта есептеу, сұрыптау, орау және сақтау;
аударым операциялары: жеке және заңды тұлғалардың төлемдер ақша аударымдары жөніндегі тапсырмаларын орындау;
есепке алу операциялары: жеке және заңды тұлғалардың вексельдерін және өзге де борыштық міндеттемелерін есепке алу (дисконт);
банктік қарыз операциялары: номиналдық ұстаушы ретінде клиенттердің шотын жүргізу құқығы бар банктің, ипотекалық ұйымның, брокердің және (немесе) дилер мен жалғыз акционері (қатысушысы) мемлекет болып табылатын заңды тұлғаның төлем жасалу, мерзімдік және қайтарымдылық шарттарында ақшалай нысанда кредиттер беруі;
шетел валютасымен айырбас операцияларын ұйымдастыру;
банкноттарды, монеталар мен құндылықтарды инкассациялау;
төлем құжаттарын (вексельдерден басқа) инкассоға қабылдау;
аккредитив ашу (шығару) мен оны растау және ол бойынша міндеттемелерді орындау;
ақшалай нысанда орындау көзделетін банк кепілдіктерін беру;
үшінші тұлғалар үшін ақшалай нысанда орындау көзделетін банктік тапсырмалар мен өзге де міндеттемелерді беру;
2) банктер жүзеге асыратын өзге де операциялар:
тазартылған қымбат бағалы құйма металдарды (алтын, күміс, платина, платина тобының металдары), қымбат бағалы металдардан жасалған монеталарды сатып алу, кепілге қабылдау, есепке алу, сақтау және өткізу;
құрамында қымбат бағалы металдар мен қымбат бағалы тастар бар зергерлік бұйымдарды сатып алу, кепілге қабылдау, есепке алу, сақтау және өткізу;
вексельдермен жасалатын операциялар: вексельдерді инкассоға қабылдау, төлеушінің вексельдерге ақы төлеуі жөнінде қызметтер көрсету, сондай-ақ домицильдендірілген вексельдерге ақы төлеу, делдалдық тәртіппен вексельдердің акцепті;
лизингтік қызметті жүзеге асыру;
меншікті бағалы қағаздарды (акциялардан басқа) шығару;
факторингтік операциялар: төлем жасамау тәуекелін қабылдай отырып, сатып алушыдан тауарларға (жұмыстарға, қызметтерге) ақы төлеуді талап ету құқығын иелену;
форфейтингтік операциялар (форфейтер): сатушыға айналымсыз жолмен вексель сатып алу арқылы тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) сатып алушының борыштық міндеттемесіне ақы төлеу;
сенімгерлік операциялар: сенімгердің мүддесіне орай және тапсырмасы бойынша ақшаларды ипотекалық қарыздар және тазартылған қымбат бағалы металдар бойынша талап ету құқықтарын басқару;
сейфтік операциялар: сейф жәшіктерін, шкафтар мен үй-жайларды жалға беруді қоса алғанда, клиенттердің құжаттамалық нысанда шығарылған бағалы қағаздарын, құжаттары мен құндылықтарын сақтау жөніндегі қызметтер;
3) «өмірді сақтандыру саласы бойынша мынадай сақтандыру сыныптары шегінде:
өмірді сақтандыру; аннуитеттік сақтандыру;
өмірде белгілі бір оқиғаның басталуына орай сақтандыру;
өмірді сақтандырушының инвестициялық кірісіне сақтанушының қатысуы арқылы сақтандыру;
4) «жалпы сақтандыру саласы бойынша мынадай сақтандыру сыныптары шегінде:
жазатайым оқиғалардан сақтандыру;
ауру жағдайына арналған сақтандыру;
автомобиль көлігін сақтандыру;
темір жол көлігін сақтандыру;
әуе көлігін сақтандыру;
су көлігін сақтандыру;
жүктерді сақтандыру;
осы тармақшаның төртінші-сегізінші абзацтарында көрсетілген сыныптарды қоспағанда, мүлікті залалдан сақтандыру;
автомобиль көлігі иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру;
әуе көлігі иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру;
су көлігі иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру;
осы тармақшаның оныншы және он бірінші абзацтарында
көрсетілген сыныптарды қоспағанда, азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру;
қарыздарды сақтандыру;
ипотекалық сақтандыру;
кепілдіктер мен кепілдемелерді сақтандыру;
өзге де қаржы шығындарынан сақтандыру;
сот шығыстарын сақтандыру;
5) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген және сақтандырудың жекелеген сыныптары болып табылатын міндетті сақтандыру түрлері:
көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру;
тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру;
жеке нотариустардың азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру;
аудиторлық ұйымдардың азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру;
туроператор мен турагенттің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру;
өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыру;
қызметі үшінші тұлғаларға зиян келтіру қаупімен байланысты объектілер иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру;
қызметкер еңбек (қызмет) міндеттерін атқарған кезде оның өмірі мен денсаулығына зиян келтіргені үшін жұмыс берушінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру;
міндетті экологиялық сақтандыру жөніндегі қызмет;
6) қайта сақтандыру жөніндегі қызмет.
«Жалпы сақтандыру» саласы бойынша лицензиясы бар сақтандыру ұйымының тек «жалпы сақтандыру» саласында ғана сақтандырудың барлық сыныптары бойынша қайта сақтандыру жөнінде лицензия алуға және қызметті жүзеге асыруға құқығы бар.
«Өмірді сақтандыру» саласы бойынша лицензиясы бар сақтандыру ұйымының тек «өмірді сақтандыру» саласында ғана сақтандырудың барлық сыныптары бойынша қайта сақтандыру жөнінде лицензия алуға және қызметті жүзеге асыруға құқығы бар.
Қайта сақтандыру жөніндегі лицензия негізінде қызметтің ерекше түрі ретінде қайта сақтандыруды жүзеге асыратын қайта сақтандыру ұйымы «өмірді сақтандыру» және «жалпы сақтандыру» салаларындағы сақтандырудың барлық сыныптары бойынша қайта сақтандыруды жүзеге асыруға құқылы;
7) сақтандыру брокерінің қызметі;
8) сақтандыру нарығындағы актуарийлік қызмет;
9) брокерлік қызмет;
10) дилерлік қызмет;
11) бағалы қағаздарды ұстаушылардың тізілімі жүйесін жүргізу жөніндегі қызмет;
12) инвестициялық портфелді басқару жөніндегі қызмет;
13) зейнетақы активтерін инвестициялық басқару жөніндегі қызмет;
14) кастодиан қызметі;
15) трансфер-агенттік қызмет;
16) бағалы қағаздармен және өзге де қаржы құралдарымен жасалатын сауданы ұйымдастыру жөніндегі қызмет;
17) зейнетақы жарналарын тарту және зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру жөніндегі қызмет;
18) кредиттік бюроның қызметі.

33-бап. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы
қызметті лицензиялау
Лицензияның болуы мынадай қызмет түрлерімен айналысу үшін талап етіледі:
1) жобалау-іздестіру қызметі.
Қызметтің бұл түрі мынадай кіші қызмет түрлерін қамтиды:
инженерлік-геодезиялық жұмыстар, оның ішінде:
геодезиялық орталықтарды салу және қалау;
жоспарлы-биіктік түсіру желілерін құру;
жобалау мен салуға арналған топографиялық жұмыстар (1:10000-1:200 масштабтағы түсірулер, сондай-ақ жер асты коммуникациялары мен құрылыстарын түсіру, жердегі желілік құрылыстар мен олардың элементтерінің трассаларын жасау және түсіру);
инженерлік-геологиялық әзірлемелерді, геофизикалық және басқа да іздестіру нүктелерін бекіту арқылы заттай көрініске ауыстырумен байланысты геодезиялық жұмыстар;
инженерлік-геологиялық және инженерлік-гидрогеологиялық жұмыстар, оның ішінде:
геофизикалық зерттеулер, шолып байқау және түсіру;
жер қабаттарын далалық зерттеулер, гидрогеологиялық зерттеулер;
жер қабаттарын, жер асты суларын, негіздер мен іргетастардың жай-күйін зертханалық зерттеулер;
қала құрылысын (табиғат және мәдениет ескерткіштерін қалпына келтіруді қоспағанда, тарихи құрылыс аудандарының қала құрылысын қалпына келтіру үшін жобалау құқығымен) жобалау және жоспарлау, оның ішінде:
жоспарлау құжаттамасын (аумақтардың қала құрылысын жоспарлаудың кешенді схемаларын — аудандық жоспарлау жобаларын, елді мекендердің бас жоспарларын, аудандарды, шағын аудандарды, кварталдарды, жекелеген учаскелерді егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары мен салу жобаларын);
елді мекендердің (елді мекендер шекарасының шегінде орналасқан көше-жол желілері мен қалаішілік және сыртқы көлік объектілерінің) және қонысаралық аумақтардың (елді мекендердің көше-жол желісінен тыс орналасқан сыртқы көлік объектілері мен коммуникацияларының) көлік инфрақұрылымын дамыту схемаларын;
құрылыс салу жүйесінде жылу энергиясын өндіру және тасымалдау жөніндегі объектілерді орналастыра отырып, елді мекендерді жылумен жабдықтау, сондай-ақ қонысаралық аумақтарда орналасқан өндірістік кешендерді жылумен жабдықтау схемаларын;
ауыз су және (немесе) техникалық су көздерін орналастыра отырып және су ағызу трассаларын жасай отырып, елді мекендерді сумен жабдықтау схемаларын, сондай-ақ қонысаралық аумақтарда орналасқан өндірістік кешендерді сумен жабдықтау схемаларын;
тұрмыстық, өндірістік және жауын-шашынның қалдық суларын жинау мен ағызудың орталықтандырылған жүйесін, бас тазартқыш құрылыстарды, буландыру және қалдық суларды қайта генерациялау жөніндегі объектілерді орналастыруды қоса алғанда, елді мекендер мен өндірістік кешендердің кәріз схемаларын;
қонысаралық аумақтарда орналасқан елді мекендер мен өндірістік кешендерді газбен жабдықтау схемаларын;
құрылыс салу жүйесінде электр энергиясын өндіру және тасымалдау жөніндегі объектілерді орналастыра отырып, елді мекендерді электрмен жабдықтау, сондай-ақ қонысаралық аумақтарда орналасқан өндірістік кешендерді электрмен жабдықтау схемаларын;
инфрақұрылым объектілері мен ақпарат көздерін орналастыра отырып, елді мекендер үшін телекоммуникация және байланыс схемаларын әзірлеу;
күрделілігі бірінші немесе екінші және үшінші деңгейдегі ғимараттар мен құрылыстарды сәулеттік жобалау (тарих және мәдениет ескерткіштерін қалпына келтіруді қоспағанда, сәулеттік-қалпына келтіру жұмыстары үшін жобалау құқығымен), оның ішінде:
объектілердің бас жоспарларын, аумақтың инженерлік дайындығын, жер бедерін көркейту және ұйымдастыруды;
өндірістік (өндірістік-шаруашылық) мақсаттағы ғимараттарды, құрылыстар мен коммуникацияларды;
тұрғын үй-азаматтық ғимараттар мен құрылыстарды;
монументалды немесе қолданбалы-сәндік мақсаттағы құрылыстарды, шағын сәулет нысандары мен ландшафттық сәулет объектілерін сәулеттік жобалау;
құрылыстық жобалау (ғимараттар мен құрылыстарды күрделі жөндеу және (немесе) реконструкциялау үшін жобалау, сондай-ақ төменде аталған жұмыстардың әрқайсысы үшін конструкцияларды нығайту құқығымен) және конструкциялау, оның ішінде:
негіздер мен іргетастарды;
бетон және темір-бетон, тас және темір-тас конструкцияларды;
металл (болат, алюминий және қорытпа) конструкцияларды;
ағаш конструкцияларды құрылыстық жобалау және конструкциялау;
инженерлік жүйелер мен желілерді, оның ішінде:
жылудың ішкі жүйелерін (электрмен жылытуды қоса алғанда), желдетуді, кондиционер орнатуды, салқын ауамен жабдықтауды, газдандыруды (төмен қысымды газбен жабдықтауды), сондай-ақ олардың қосалқы объектілері бар сыртқы желілерін;
су құбыры (ыстық және суық су) мен кәріздің ішкі жүйелерін, сондай-ақ олардың қосалқы объектілері бар сыртқы желілерін;
тогы әлсіз құрылғылардың (радиофикациялаудың, электрочасификациялаудың, телефондандырудың, ішкі және домофон байланысының, кабельдік теледидар мен күзеттік бейне бақылаудың, өрттен қорғау және күзетті қоса алғанда, электросигнализацияның) ішкі жүйелерін, сондай-ақ олардың сыртқы желілерін;
бақылау-өлшеу, есептік және реттеуші құрылғыларды қоса
алғанда, технологиялық процестерді автоматтандыруды;
ішкі және сыртқы электрмен жарықтандыру жүйелерін, 0,4 кВ-ға дейін және 10 кВ-ға дейін электрмен жабдықтауды;
35 кВ-ға дейін, 110 кВ-ға дейін және одан жоғары электрмен жабдықтауды;
магистральдық мұнай құбырларын, мұнай өнімдері құбырларын, газ құбырларын (орта және жоғары қысымды газбен жабдықтауды) жобалау;
мыналар:
еңбекті қорғау;
коррозияға қарсы қорғау құрылғысы;
найзағайдан қорғау құрылғысы;
ғимараттар мен құрылыстарды жаңадан салу, күрделі жөндеу, реконструкциялау немесе қайта жабдықтау үшін жобалау кезеңінде автоматика, өрттен қорғау сигнализациясын, өрт сөндіру және өрттен қорғау жүйесін орнату;
сметалық құжаттама жасау;
құрылысты ұйымдастыру жобалары мен жұмыс өндірісінің жобаларын құру бойынша жобалардың арнайы бөлімдерін әзірлеу;
тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы, оның ішінде:
мектепке дейінгі білім беруге, жалпы және арнаулы білім беруге, интернаттарға, кадрлар даярлайтын орындарға, ғылыми-зерттеу, мәдени-ағарту және ойын-сауық мекемелеріне, сауда (дәріханаларды қоса алғанда), денсаулық сақтау (емдеу және аурулардың алдын алу, оңалту және санаториялық емдеу), қоғамдық тамақтану мен тұрмыстық қызмет көрсету кәсіпорындарына, дене шынықтыру-сауықтыру және спорттық жаттығуларға, демалыс пен туризмге арналған, сондай-ақ түрлі қоғамдық мақсаттағы үй-жайлары бар өзге де көп функциялы ғимараттар мен кешендерге арналған;
көлік инфрақұрылымына (тікелей халыққа қызмет көрсету үшін көзделген) және коммуналдық шаруашылыққа арналған (көлік құралдарына қызмет көрсетуге арналған, сондай-ақ өзге де өндірістік шаруашылық мақсатындағы ғимараттар мен құрылыстардан басқа) ғимараттар мен құрылыстарды технологиялық жобалау (құрылыс жобаларының технологиялық бөлігін әзірлеу);
өндірістік мақсаттағы, оның ішінде:
энергетика өнеркәсібіне арналған;
жеңіл және тамақ өнеркәсібін қоса алғанда, қайта өңдеу өнеркәсібіне арналған;
ауыр машина жасауға арналған;
медицина, микробиология және фармацевтика өнеркәсібіне арналған;
бөгеттер, дамбалар, басқа да гидротехникалық құрылыстарға арналған;
мұнара және діңгек үлгісіндегі конструкцияларға арналған;
көтеруші-көліктік құрылғылар мен лифтілерге арналған объектілерді технологиялық жобалау (құрылыс жобаларының технологиялық бөлігін әзірлеу);
көлік инфрақұрылымы, байланыс және коммуникация, оның ішінде:
автомобиль, электрлі, темір жол және өзге де рельсті, әуе, су көлігі түрлерін қоса алғанда, қалаішілік және сыртқы көлікке;
жергілікті байланыс, радио-, телекоммуникация желілеріне;
байланыс (спутниктікті байланысты қоса алғанда) және өзге де телекоммуникация түрлерінің жалпыреспубликалық және халықаралық желілеріне қызмет көрсету жөніндегі объектілерді технологиялық жобалау (құрылыс жобаларының технологиялық бөлігін әзірлеу);
мыналарды:
темір жол көлігі қатынастарын;
барлық санаттағы автомобиль жолдарын;
қалалық электрлі көліктің көше-жол желісін;
көпірлер мен көпір өткелдерін, оның ішінде көлік эстакадалары мен көп деңгейлі жол айрықтарын қамтитын технологиялық жобалау (көлік құрылысы жобаларының технологиялық бөлігін әзірлеу);
қайта өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарын қоспағанда, ауыл шаруашылығы объектілерінің құрылысын технологиялық жобалау (жобалардың технологиялық бөлігін әзірлеу);
2) құрылыс-монтаж жұмыстары.
Қызметтің бұл түрі мынадай кіші қызмет түрлерін қамтиды:
жалпы сипаттағы жер жұмыстары;
мыналарды:
металл конструкцияларды монтаждауды, арматуралар орнатуды;
қысыммен жұмыс істейтін не жарылу-өрт қаупі бар немесе өзге де қауіпті (зиянды) сұйық және газ тектес заттарды сақтауға арналған болат резервуарларды (сыйымдылықтарды) монтаждауды;
мұнара және діңгек үлгісіндегі құрылыс конструкцияларын, түтін мұржаларын монтаждауды;
көпірлер мен көпір өткелдерінің тіреуіш конструкцияларын монтаждауды;
көтеруші құрылғылардың (лифтілердің, эскалаторлардың, шахта тоқпақтары мен көтергіштерінің, аспалы жолдардың және басқалардың) құрылыс конструкцияларын монтаждауды;
металлургия, мұнай-химия, тау-кен рудасы, энергетика және басқа да өнеркәсіп салалары агрегаттарының, аппараттары мен басқа да технологиялық ғимараттарының құрылыс конструкцияларын монтаждауды;
іргетасты орналастыру мен қада қағу жұмыстарын;
монолитті конструкцияларды орналастыру, сондай-ақ құрама-бетон және темір-бетон конструкцияларын монтаждауды, қабырға тасын қалау мен далдаларды орналастыруды және ойықтарды толтыруды;
шатырлау жұмыстарын қамтитын күрделілігі І немесе II және III деңгейдегі ғимараттар мен құрылыстардың тіреуіш және қоршау конструкцияларын тұрғызу;
мыналарды:
мұнай құбырларының, газ құбырларының кәсіпшілік және магистральдық желілерін, сондай-ақ мұнай өнімдері құбырларының магистральдық желілерін;
ұңғымаларды жайластыруды (мұнай және газ ұңғымаларын жайластыруды қоспағанда);
кернеуі 35 кВ дейінгі және 110 кВ дейінгі және одан жоғары электр беру магистральдық желілерін;
тұрғын үй және коммуналдық-тұрмыстық объектілерді газдандыруды;
гидротехникалық және селден қорғау құрылыстарын, бөгеттерді, дамбаларды;
түтін шығатын мұржаларды, күш түсетін тіректерді, градирняларды, шахта үстіндегі тоқпақтарды;
отқа төзімді материалдарды қалауды;
жарылу-өрт қаупі бар жабдықтарды монтаждауды;
түсті металдардан, полимерлік материалдар мен шыныдан жасалған технологиялық құбырларды монтаждауды;
байланыс пен телекоммуникацияның жалпы республикалық және халықаралық желілерін;
мұнай, мұнай өнімдері мен сұйытылған газ қоймаларын;
жер қабатындағы бұрғылау және бұрғылау-жару жұмыстарын;
су асты-техникалық жұмыстар мен теңіз шельфіндегі жұмыстарды;
мелиоративтік және су шаруашылығы құрылысындағы жер жұмыстарын;
жер қабатындағы гидромеханикаландырылған жұмыстарды;
тау-кен ұңғылау және тоннель жұмыстарын, сүзілуге қарсы қалқаларды орналастыруды қамтитын арнайы құрылыс және монтаждау жұмыстары өндірісі (оның ішінде жер қабатындағы арнайы жұмыстарды жүргізу);
сыртқы инженерлік желілер мен құрылыстарды және ішкі инженерлік жүйелерді, оның ішінде:
темір жол қатынасы жолдарын электрмен жабдықтау желілерін, әуе көлігі кәсіпорындарын электрмен жабдықтау және электрмен жарықтандыру желілерін;
магистральдық жылу желілері мен орта және жоғары қысымды газбен жабдықтау желілерін қоса алғанда, қысыммен жұмыс істейтін құбырларды;
газбен жабдықтаудың төмен қысымды тұрмыстық және өндірістік желілерін, газ шаруашылығының ішкі жүйелері мен тұрмыстық құрылғыларды;
суық және ыстық сумен жабдықтау желілерін, тұрмыстық, өндірістік және жауын-шашынның қалдық суларының орталықтандырылған кәрізін, су құбыры мен кәріздің ішкі жүйелерінің құрылғысын;
электрмен жабдықтау желілерін, сыртқы электрмен жарықтандыру құрылғысын, электрмен жарықтандыру және электрмен жылытудың ішкі желілерін;
байланыс, радио-, телекоммуникация және теледидар желілері мен ішкі жүйелерін;
ішкі орталықтандырылған жылу жүйелерін;
желдетуді, ауаны салқындатуды, пневматикалық көлікті және аспирацияны орналастыру жөніндегі арнайы жұмыстар;
мыналарды:
құрылыс конструкцияларын су өтпейтіндей етіп қымтауды;
құбырларды, құрылыс конструкциялары мен жабдықтарын жылу шығармайтындай етіп қымтауды;
қаптау және шегендеу жұмыстарын;
құрылыс конструкциялары мен жабдықтарын, құбырларды, оның ішінде тасқын су әсері кезіндегі химиялық қорғаныш жабындыны коррозиядан сақтауды;
құбырларды, конструкциялар мен жабдықтарды электрлі химиялық қорғауды;
найзағайдан қорғауды қамтитын конструкциялар мен жабдықтарды қорғау жөніндегі арнайы жұмыстар;
күрделілігі І және II деңгейдегі ғимараттар мен құрылыстарды салу, реконструкциялау, күрделі жөндеу кезіндегі әрлеу жұмыстары (сылақ және сырлау жұмыстарын қоспағанда);
мыналарды:
темір жолға арналған негіздерді;
темір жолдың беткі құрылыстарын;
І және II техникалық санатындағы автомобиль жолдарының, сондай-ақ жүрдек және реттелмелі қозғалыстың қалаішілік магистральдық жолдарының, үздіксіз және реттелмелі қозғалыстың жалпықалалық маңызы бар магистральдық көшелерінің көлік жүретін бөлігінің негіздері мен жабындыларын, қорғаныш құрылыстарын және оларды жайластыруды;
III, IV және V техникалық санатындағы автомобиль жолдарының, сондай-ақ магистральдық болып табылмайтын елді мекендер көшелерінің көлік жүретін бөлігінің негіздері мен жабындыларын, қорғаныш құрылыстарын және оларды жайластыруды;
аэродромдардың ұшу-қону жолақтары мен тікұшақ алаңдарының негіздері мен жабындыларын қамтитын жол құрылысы жөніндегі жұмыстар;
мынадай:
лифт шаруашылығы және өзге де көтеруші-көліктік құрылғылармен;
металлургиямен, кен байытумен;
металл өңдеумен;
ағаш өңдеумен;
геологиялық барлау, мұнай және газ кәсіпшілігімен;
тау-кен-шахта өндірісімен, метрополитендер және тоннельдермен;
гидротехникалық және мелиоративтік құрылыстармен;
астықты сақтаумен және ұқсатумен, өзге де тамақ өнімдерін өндірумен және сақтаумен;
көмір, химия және мұнай өңдеуші өндіріспен;
құрылыс материалдары, бұйымдар мен конструкциялар өндірісімен;
жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің өндірісімен;
дәрі-дәрмек препараттарының өндірісімен, денсаулық сақтаумен, оңалтумен және аурудың алдын алумен;
театр ойын-сауыққа, білім беруге, спорт және көңіл көтеру-демалуға арналған объектілермен;
жарылыстан қорғалған электрлі техникалық жабдықты қоса алғанда, электр пештермен, өзге де электр техникалық құрылғылармен;
компрессор машиналарымен, сорғылармен және желдеткіштермен;
байланыспен, аварияға қарсы қорғаумен, бақылау және сигнализация жүйесімен, көлікте, электр энергетикасы және сумен жабықтау объектілерінде, тұрмыс-тіршілікті қамтамасыз ететін өзге де объектілерде оқшаулаумен, сондай-ақ өндірістік және тұрмыстық мақсаттағы бақылау мен есепке алу аспаптарымен байланысты технологиялық жабдықтарды монтаждау (оның ішінде іске қосу-жөндеу жұмыстары);
объектілерді күрделі жөндеу және реконструкциялау (табиғат және мәдениет ескерткіштерін қалпына келтіруді қоспағанда), оның ішінде мыналардың:
газбен жабдықтау, лифтілер және өзге де көтергіш-көлік құрылғыларынан басқа, ішкі инженерлік жүйелер мен сыртқы желілерді қоса алғанда, күрделілігі бірінші деңгейдегі тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы ғимараттар мен құрылыстардың;
газбен жабдықтау, лифтілер және өзге де көтергіш-көлік құрылғыларынан басқа, ішкі инженерлік жүйелер мен сыртқы желілерді қоса алғанда, күрделілігі бірінші деңгейдегі өндірістік мақсаттағы ғимараттар мен құрылыстардың;
газбен жабдықтау, лифтілер және өзге де көтергіш-көлік құрылғыларынан басқа, ішкі инженерлік жүйелер мен сыртқы желілерді қоса алғанда, күрделілігі екінші және үшінші деңгейлердегі тұрғын үй-азаматтық және өндірістік мақсаттағы ғимараттар мен құрылыстардың;
көпірлердің (көпір өткелдерінің, көлік эстакадалары мен көп деңгейлі жол айрықтардың) тоннельдер мен өзге де жер асты көлік құрылыстарының;
барлық техникалық санаттағы автомобиль жолдары мен шаруашылықішілік (өндірістік) жолдардың, елді мекендердің көше-жол желілерінің;
темір жолдардың;
гидротехникалық және гидромелиоративтік құрылыстардың;
газбен жабдықтаудың төмен қысымды желілері мен ішкі жүйелерінің және құрылғыларының;
бу құбырларының, ауа құбырларының, мұнай құбырларының, мұнай өнімдері құбырларының, газ құбырларының (газбен жабдықтаудың орта және жоғары қысымды желілерінің) және басқа да заттар мен материалдарды тасымалдайтын стационарлық құрылғылардың элементтері мен желілерінің;
конструкциялар мен жабдықтардың қорғау жабындыларының (қаптау, шегендеу, оқшаулау, коррозияға қарсы және химиялық жабындыларының) тіреуіш конструкцияларын күшейту;
3) құрылыс материалдарын, бұйымдары мен конструкцияларын (сертификатталатын өнімдерін қоспағанда) өндіру (шығару).
Қызметтің бұл түрі мынадай кіші қызмет түрлерін қамтиды:
өнеркәсіп өндірісі:
желдетуші, санитариялық-техникалық, электр-монтаж жабдықтарын;
өндіріс қалдықтары негізінде, металдардан, полимерлік және композиттік материалдардан жасалған бұйымдарды;
мұнара-діңгек үлгісіндегі элементтерді, түтін шығару мұржаларын;
көпірлер мен көпір өткелдерінің элементтерін, көлік эстакадалары мен жол айрықтарын;
қысыммен жұмыс істейтін не жарылу-өрт қаупі бар немесе өзге де қауіпті (зиянды) заттарды сақтауға арналған резервуарлар мен сыйымдылықтарды;
мыналарды:
тіреуіш және қоршау конструкцияларына арналған элементтерді;
технологиялық металл конструкциялары мен олардың бөлшектерін шығаруды (өнеркәсіптік дайындауды) қамтиды;
4) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы сараптамалық жұмыстар және инжинирингтік қызметтер көрсету.
Қызметтің бұл түрі мынадай кіші қызмет түрлерін қамтиды:
аумақтар мен елді мекендердің қала құрылысын жоспарлау үшін және (немесе) ғимараттар, құрылыстар және олардың кешендерін, коммуникацияларын салу (кеңейту, жаңғырту, техникалық қайта жабдықтау, реконструкциялау, қалпына келтіру, күрделі жөндеу) үшін жобалардың (жобалау алдындағы және жобалау-сметалық құжаттамалардың) мемлекеттік сараптамасы;
мемлекеттік сараптаманың айрықша құзыретіне жатпайтын сараптамалық жұмыстар рыногының субъектілері болып табылатын жеке және (немесе) заңды тұлғалар орындайтын құрылысқа арналған жобалардың (жобалау құжаттамаларының) сараптамасы. Бұл ретте, өзінің жобалары немесе осы лицензиаттың қандай да бір қатысуымен орындалған жобалар бойынша сараптамалық бағалау жүргізуге жол берілмейді;
ғимараттар мен құрылыстар салу (күрделі жөндеу, реконструкциялау) кезінде тапсырыс берушінің (техникалық қадағалау, инженерлік қызмет, құрылысты техникалық сүйемелдеу) және жобалау ұйымының (авторлық қадағалау) жеке бақылауын жүргізу жөніндегі қызметтері;
пайдаланылатын ғимараттардың, құрылыстардың, инженерлік жүйелер мен коммуникациялардың және олардың элементтерінің (бөліктерінің) олардың сенімді әрі тұрақты жұмыс істеуін белгілеу мақсатында физикалық (техникалық) жай-күйін техникалық тексеру;
5) тұрғын үй ғимараттарының құрылысын үлескерлердің ақшасын тарту есебін ұйымдастыру жөніндегі қызмет.

34-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандарын
дайындау саласындағы қызметті лицензиялау
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы мен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасын, сондай-ақ олар бейнеленген материалдық объектілерді дайындау үшін лицензияның болуы талап етіледі.

35-бап. Кеден ісі саласындағы қызметті лицензиялау
Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес жекелеген кедендік режимдер шеңберінде жүзеге асырылатын қызметпен және кедендік қызметтер көрсету жөніндегі қызметпен айналысу үшін лицензияның болуы талап етіледі.
Қызметтің бұл түрі мынадай кіші қызмет түрлерін қамтиды:
кедендік қойманың кедендік режимі шеңберіндегі қызмет;
кедендік тасымалдаушының қызметі;
тауарлар мен көлік құралдарын уақытша сақтау қоймасының қызметі;
кеден делдалының қызметі.

36-бап. Этил спиртінің және алкоголь өнімінің өндірісі
мен айналымы, темекі өнімдерінің өндірісі
саласындағы қызметті лицензиялау
Қызметтің мына түрлерімен айналысу үшін лицензияның болуы талап етіледі:
1) этил спиртінің өндірісі;
2) алкоголь өнімінің өндірісі.
Қызметтің бұл түрі мынадай кіші қызмет түрлерін қамтиды:
арақтар мен айрықша арақтардың өндірісі;
ликер-арақ өнімдерінің өндірісі;
шарап материалының өндірісі;
шарап өндірісі;
коньяк өндірісі;
бренди өндірісі;
сыра өндірісі;
3) алкоголь өнімдерін өндіру аумағында оларды сақтауды, көтерме және (немесе) бөлшек саудада сатуды қоспағанда, алкоголь өнімін сақтау, көтерме және (немесе) бөлшек саудада сату;
4) этил спирті мен алкоголь өнімінің импорты;
5) темекі өнімдерінің өндірісі.

37-бап. Валюталық құндылықтарды пайдалануға байланысты
қызметті лицензиялау
Бөлшек сауданы жүзеге асыру және қолма-қол шетел валютасына қызмет көрсету үшін лицензияның болуы талап етіледі.

4-тарау. Тауарлардың экспорты мен импорты саласындағы
лицензиялау

38-бап. Жалпы ережелер
1. Экспорты мен импорты лицензиялануға тиіс тауарлардың тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
Жекелеген тауарлардың экспортын немесе импортын лицензиялау осы шектеулер енгізілген мақсаттарға қарағанда, тауарлардың экспортына немесе импортына мейлінше шектейтін немесе бұрмалайтын әсері болмауға тиіс.
2. Лицензия өтініш берушіге әрбір жекелеген мәміле бойынша жекелеген тауарлардың экспортын немесе импортын жүзеге асыру үшін күнтізбелік бір жыл кезеңіне беріледі.
Тауардың келісім-шартқа енгізілген атауларының санына қарамастан, лицензия олардың бір түріне беріледі.
Қызметтің жекелеген түрлерін бас лицензия бойынша жүзеге асыратын тұлғалар үшін қызметтің осы түрінде тұрақты пайдаланылатын жекелеген тауарлардың экспортына немесе импортына лицензия қолданылу мерзіміне (келісім-шарт санына қарамастан жыл сайынғы экспорт (импорт) көлеміне) шек қойылмай беріледі.
3. Өтінім берушінің дәлелді өтініші бойынша біржолғы лицензияның қолданылу мерзімі күнтізбелік бір жылдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін.
Біржолғы лицензиялар жекелеген тауарлардың экспортына немесе импортына оларда көрсетілген мерзімге берілген рұқсат болып табылады және өнімді кедендік ресімдеу үшін негіз болады.

39-бап. Жекелеген тауарлардың экспортын лицензиялау
1. Егер:
1) ішкі нарықта сатылуы (өткізілуі) немесе пайдаланылуы лицензия негізінде жүзеге асырылатын тауарлар экспорт нысаны болып табылса;
2) аталған тауарды өндіру және өткізу Қазақстан Республикасының заңдарымен мемлекеттік монополияға жатқызылған болса, жекелеген тауарлар экспорты лицензиялануы мүмкін.
2. Тауарлар экспортына лицензиялық тәртіпті өзге негіздер бойынша, оның ішінде тұтынушылардың мүддесінде ішкі тауар және азық-түлік нарығын қорғау және осыған байланысты тапшы тауарларды шетелге шығаруды шектеу себептері бойынша енгізуді Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
3. Тауарлар лицензияда көрсетілген мемлекеттерге ғана шығарылады.

40-бап. Жекелеген тауарлардың импортын лицензиялау
Жекелеген тауарлардың импортын лицензиялауды мемлекеттің, азаматтардың өмірінің немесе денсаулығының, қоршаған ортаның қауіпсіздігі тұрғысынан және сандық шектеулерді қолданбай отандық тауар өндірушілер мен Қазақстан Республикасының экономикалық қауіпсіздігін қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі жүзеге асырады.

41-бап. Жекелеген тауарлардың импортын автоматты түрде
лицензиялау
Жекелеген тауарлардың импортын автоматты түрде лицензиялау кезінде өтініш барлық жағдайда мақұлданады. Бұл ретте, импорт операцияларын жүзеге асыру үшін импорттаушы мүшенің заңды талаптарын орындайтын кез келген тұлға импортқа лицензия алуға өтініш жасау және оны алу құқығын тең жағдайларда иеленеді. Лицензия алуға өтінішті тауарлар кедендік тазартылғанға дейін кез келген жұмыс күнінде беруге болады. Лицензия алуға өтініш пен қажетті құжаттар тиісті әрі толық нысанда ұсынылған жағдайда лицензия он жұмыс күні ішінде беріледі.
Импортты автоматты түрде лицензиялауға жататын тауарлардың тізбесін, сондай-ақ лицензияны беру мен ресімдеу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.

5-тарау. Лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны
берудің шарттары мен тәртібі

42-бап. Лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны
беру шарттары
1. Лицензия және (немесе) лицензияға қосымша, егер облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органы немесе орталық мемлекеттік органның аумақтық органдары лицензиар болып табылса, жеке немесе заңды тұлғаны тіркеу орны бойынша беріледі.
2. Лицензияны және лицензияға қосымшаны (лицензияланатын қызметтің кіші түрлері болған жағдайда) алу үшін мынадай құжаттар қажет:
1) өтініш;
2) заңды тұлға үшін — Жарғының (экспорт және импорт операцияларын қоспағанда) және өтініш берушінің заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелгені туралы куәліктің нотариалды куәландырылған көшірмелері;
3) жеке тұлға үшін — жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
4) дара кәсіпкер үшін — өтініш берушінің дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркелуі туралы куәліктің нотариалды куәландырылған көшірмесі;
5) өтініш берушінің салық органында есепке тұрғаны туралы куәліктің нотариалды куәландырылған көшірмесі;
6) қызметтің жекелеген түрлерімен айналысу құқығы үшін бюджетке лицензиялық алымның төленгенін растайтын құжат;
7) біліктілік талаптарына сәйкес мәліметтер мен құжаттар.
Қаржы саласындағы қызметпен және қаржы ресурстарын шоғырландыруға байланысты қызметпен айналысу құқығына лицензия берген кезде құжаттар тізбесіне қойылатын қосымша талаптарды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі уәкілетті орган да белгілей алады.
3. Лицензиясы бар қызмет түрі шеңберінде лицензияға қосымшаны алу үшін мынадай құжаттар қажет:
1) өтініш;
2) лицензияның нотариалды куәландырылған көшірмесі;
3) біліктілік талаптарына (қызметтің кіші түріне) сәйкес мәліметтер мен құжаттар.
4. Қоршаған ортаны қорғау, ядролық, радиациялық, санитариялық-эпидемиологиялық, өнеркәсіптік, өрт қауіпсіздігі және мемлекеттік энергетикалық қадағалау саласындағы органдардың қорытындыларын алу үшін лицензиар лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны алуға өтініш берушінің құжаттары тіркелген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде, ал шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін бір жұмыс күні ішінде өтініш берушінің мемлекеттік тіркелген жері бойынша қоршаған ортаны қорғау, ядролық, радиациялық, санитариялық-эпидемиологиялық, өнеркәсіптік, өрт қауіпсіздігі және мемлекеттік энергетикалық қадағалау саласындағы органдарға өтініш берушінің қоршаған ортаны қорғау, ядролық, радиациялық, санитариялық-эпидемиологиялық, өнеркәсіптік, өрт қауіпсіздігі және мемлекеттік энергетикалық қадағалау саласында қойылатын талаптарға сәйкестігі туралы қорытынды ұсыну жөнінде сауал жібереді.
Қоршаған ортаны қорғау, ядролық, радиациялық, санитариялық-эпидемиологиялық, өнеркәсіптік, өрт қауіпсіздігі және мемлекеттік энергетикалық қадағалау саласындағы органдар лицензиардың сауалының негізінде жиырма бес жұмыс күні ішінде, ал шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін жеті жұмыс күні ішінде өтініш берушінің қоршаған ортаны қорғау, ядролық, радиациялық, санитариялық-эпидемиологиялық, өнеркәсіптік, өрт қауіпсіздігі және мемлекеттік энергетикалық қадағалау саласында қойылатын талаптарға сәйкестігін белгілейді және тиісті лицензиарға өтініш берушінің қойылатын талаптарға сәйкестігі туралы қорытынды жібереді.
5. Қаржы саласындағы қызметпен және қаржы ресурстарын шоғырландыруға байланысты қызметпен айналысу құқығына лицензиялар берудің, беруден бас тартудың, оның қолданылуын тоқтата тұрудың, тоқтатудың тәртібі мен шарттарын Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі уәкілетті орган белгілейді.
Валюталық құндылықтарды пайдалануға байланысты қызметпен айналысуға лицензиялар берудің, беруден бас тартудың, оның қолданылуын тоқтатудың тәртібі мен шарттарын Қазақстан Республикасының валюталық реттеу және валюталық бақылау саласындағы заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілейді.
Ойын бизнесі саласындағы қызметке лицензиялар берудің шарттары мен тәртібі Қазақстан Республикасының ойын бизнесі туралы заңымен айқындалады.
6. Лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны беру үшін тиісті лицензиарға ұсынылған барлық құжаттар тізімдеме бойынша қабылданады, оның көшірмесі аталған органның құжаттарды қабылдаған күні туралы белгі соғылып, өтініш берушіге жіберіледі (табыс етіледі).

43-бап. Лицензия және (немесе) лицензияға қосымша беру
туралы өтініштерді қарау мерзімдері
1. Лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны лицензиар осы Заңда белгіленген тиісті құжаттармен қоса өтініш берілген күннен бастап — отыз жұмыс күнінен кешіктірмей, ал шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін (осы Заңның 19-бабы екінші бөлігінде көзделген жағдайды қоспағанда) он жұмыс күнінен кешіктірмей береді.
Лицензиар осы бапта белгіленген мерзім ішінде лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны беруге не лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны беруден бас тартудың себептері туралы жазбаша түрде дәлелді жауап қайтаруға міндетті.
2. Егер лицензиар осы Заңда белгіленген мерзімде өтініш берушіге лицензияны (немесе) лицензияға қосымшаны бермеген немесе өтініш берушіні лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны беруден бас тарту себептері туралы жазбаша түрде хабардар етпеген жағдайда, осы Заңда лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны беру үшін белгіленген мерзімдер өткен күннен бастап бес жұмыс күні өткен соң өтініш беруші тиісті лицензиарды қызметтің өзі өтініш берген түрін және (немесе) кіші түрін жүзеге асыра бастағаны туралы жазбаша түрде хабардар етеді.
Лицензиар өтініш берушінің жазбаша хабарламасын алған кезден бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей өтініш беруші жазбаша хабарламада көрсеткен күннен бастап лицензия және (немесе) лицензияға қосымша беруге міндетті.

44-бап. Қызметтің жекелеген түрлерімен айналысу құқығы
үшін төленетін лицензиялық алым
Қызметтің жекелеген түрлерімен айналысу құқығы үшін төленетін лицензиялық алым Қазақстан Республикасының Салық кодексіне сәйкес лицензиялар (лицензиялардың телнұсқасы) берілген кезде алынады.
Ойын бизнесі саласындағы қызметті жүзеге асыруға лицензиялық алым ставкаларын қоспағанда, қызметтің жекелеген түрлерімен айналысу құқығы үшін лицензиялық алым ставкаларын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
Лицензияға қосымшаларды (лицензияға қосымшалардың телнұсқаларын) берген кезде лицензиялық алым алынбайды.

45-бап. Лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны
беруден бас тарту
1. Егер:
1) Қазақстан Республикасының заңдарында субъектілердің осы санаты үшін қызметтің жекелеген түрімен айналысуға тыйым салынған;
2) осы Заңға сәйкес талап етілетін барлық құжаттар табыс етілмеген жағдайда лицензия беруден бас тартылуы мүмкін. Өтініш беруші көрсетілген кедергілерді жойған жағдайда өтініш жалпы негіздер бойынша қаралады;
3) қызмет түріне лицензия беруге өтініш берілген жағдайда қызметтің жекелеген түрлерімен айналысу құқығы үшін лицензиялық алым енгізілмеген;
4) өтініш беруші біліктілік талаптарына сай келмеген;
5) өтініш берушіге қатысты оған қызметтің жекелеген түрімен айналысуға тыйым салатын заңды күшіне енген сот үкімі болған жағдайларда, лицензия және (немесе) лицензияға қосымша беруден бас тартылуы мүмкін.
Қаржы саласындағы қызметпен және қаржы ресурстарын шоғырландыруға байланысты, сондай-ақ валюталық құндылықтарды пайдалануға байланысты қызметпен айналысуға лицензиялар беруден бас тарту үшін қосымша талаптарды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі және қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі уәкілетті орган белгілей алады.
2. Лицензия беруден бас тартқан жағдайда лицензиар лицензия және (немесе) лицензияға қосымша беру үшін белгіленген мерзімдерде өтініш берушіге жазбаша түрде дәлелді жауап қайтарады.

46-бап. Лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны
беруден бас тартуға шағымдану
Егер лицензия және (немесе) лицензияға қосымша осы Заңда белгіленген мерзімде берілмесе немесе лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны беруден бас тарту өтініш берушіге дәлелсіз болып көрінсе, ол Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бұл іс-әрекеттерге шағымдануға құқылы.

6-тарау. Лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны қайта
ресімдеу, оның телнұсқаларын беру, қолданылуын тоқтату және
тоқтата тұру

47-бап. Лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның
телнұсқаларын қайта ресімдеу және беру
1. Лицензиясы және (немесе) лицензияға қосымшасы жоғалған, бүлінген жағдайда лицензиат лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның телнұсқаларын алуға құқылы.
Лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның жоғалған, бүлінген бланкілері лицензиат лицензиарға жазбаша өтініш (лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның жоғалған, бүлінген фактісін растайтын құжаттармен қоса) берген күннен бастап жарамсыз деп есептеледі.
Лицензиар өтініш берілген күннен бастап он жұмыс күні ішінде жаңа нөмір бере отырып және жоғарғы оң жақ бұрышында «Телнұсқа» деген жазуы бар лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның телнұсқаларын береді.
2. Жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты өзгерген жағдайда, бірігу, біріктіру, бөліну немесе қайта құру нысанында заңды тұлға қайта ұйымдастырылған, заңды тұлғаның атауы өзгерген, сондай-ақ қызмет түрінің және (немесе) қызметтің кіші түрінің атауы өзгерген кезде, егер мұндай өзгеріс қызмет түрі және (немесе) қызметтің кіші түрі шеңберінде орындалатын операциялардың мәнінің өзгеруіне әкеп соқпаса, ол күнтізбелік отыз күн ішінде аталған мәліметтерді растайтын тиісті құжаттармен қоса, лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны қайта ресімдеу туралы өтініш беруге міндетті.
Лицензиат тиісті жазбаша өтініш берген күннен бастап он жұмыс күні ішінде лицензиар лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны қайта ресімдейді.

48-бап. Лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның
қолданылуын тоқтату
1. Лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның қолданылуы мынадай жағдайларда:
1) лицензияның берілген мерзімі аяқталғанда;
2) жүзеге асырылуына лицензия берілген іс-әрекеттер (операциялар) толық көлемде жасалғанда;
3) лицензия алып қойылғанда;
4) жеке тұлғаның қызметі тоқтатылғанда, заңды тұлға таратылғанда, бірігу, біріктіру, бөліну, немесе қайта құрылу нысанындағы қайта ұйымдастырылуды қоспағанда, заңды тұлға қайта ұйымдастырылғанда;
5) лицензия және (немесе) лицензияға қосымша лицензиарға ерікті түрде қайтарылғанда;
6) лицензияланатындардың тізбесінен қызметтің жекелеген түрі және (немесе) кіші түрі алып тасталса тоқтатылады.
2. Лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның қолданылуы тоқтатылған кезде лицензиат он жұмыс күні ішінде лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны лицензиарға қайтаруға міндетті.

49-бап. Лицензияның қолданылуын тоқтата тұру, одан айыру
Лицензияның қолданылуын тоқтата тұру, одан айыру Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.

7-тарау. Қорытынды ережелер

50-бап. Залалдарды өтеу
Лицензия беруден негізсіз бас тартудан немесе лицензиаттың құқығын бұзудан туындайтын залалдарды өтеу Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

51-бап. Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы
заңнамасын бұзу
Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.

52-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі.
2. «Лицензиялау туралы» 1995 жылғы 17 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1995 ж., № 3-4, 37-құжат; № 12, 88-құжат; № 14, 93-құжат; № 15-16, 109-құжат; № 24, 162-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1996 ж., № 8-9, 236-құжат; 1997 ж., № 1-2, 8-құжат; № 7, 80-құжат; № 11, 144, 149-құжаттар; № 12, 184-құжат; № 13-14, 195, 205-құжаттар; № 22, 333-құжат; 1998 ж., № 14, 201-құжат; № 16, 219-құжат; № 17-18, 222, 224, 225-құжаттар; № 23, 416-құжат; № 24, 452-құжат; 1999 ж., № 20, 721, 727-құжаттар; № 21, 787-құжат; № 22, 791-құжат; № 23, 931-құжат; № 24, 1066-құжат; 2000 ж., № 10, 248-құжат; № 22, 408-құжат; 2001 ж., № 1, 7-құжат; № 8, 52, 54-құжаттар; № 13-14, 173, 176-құжаттар; № 23, 321-құжат; № 24, 338-құжат; 2002 ж., № 2, 17-құжат; № 15, 151-құжат; № 19-20, 165-құжат; 2003 ж., № 1-2, 2-құжат; № 4, 25-құжат; № 6, 34-құжат; № 10, 50, 51-құжаттар; № 11, 69-құжат; № 14, 107-құжат; № 15, 124, 128, 139-құжаттар; 2004 ж., № 2, 9-құжат; № 5, 27-құжат; № 10, 54-құжат; № 14, 82-құжат; № 15, 86-құжат; № 16, 91-құжат; № 17, 98-құжат; 2005 ж., № 7-8, 23-құжат; № 11, 37-құжат; № 14, 55, 58-құжаттар; № 23, 104-құжат; 2006 ж., № 8, 45-құжат; № 13, 85-құжат; № 15, 92-құжат; № 16, 97, 102-құжаттар) күші жойылды деп танылсын.

Қазақстан Республикасының
Президенті Н. Назарбаев

Астана, Ақорда, 2007 жылғы қаңтардың 11-сі.
№ 214-III ҚРЗ